МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы.  Б.Бисенғалиев  Ардагер геолог-барлаушы     «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілері сияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік  жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың  Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды.  Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген.   Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы.   Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.

26239925_1591159477588339_2778668957311287349_n

Бұрғылау әдістері

     Бұл замандағы бұрғылау жұмыстарын жазғанда КЭ «МНГР» бригадаларында бұрғылаудың қандай әдіспен жүргізілгенін жазбай  кету мүмкін емес. Біз еңбек еткен кезеңнің нағыз «қызығы мен шыжығы» осы жерде. Негізінде оқулықтарда бұрғылаудың классикалық үш түрі белгілі, бұлар - ротормен, турбобурмен және соққылап айналдырып(ударновращательное) қазу. Соңғы әдіспен қатты кенорындарын(рудаларды) іздейтін, тайыз тереңдікке қазатындар қазбаса, мен көрмеген, білмейтін тәсіл. Ал мен осы мекемеге жұмысқа тұрғанда көргенім бұрғылау бригадаларында турбобурмен қазу әдісі кеңінен қолданылатыны еді. Тіпті, роторлық әдіспен қазуға тиым салынған да тәрізді. Ал турбобурмен қазу әдісі бұл мекемеде қай жылдардан бері қолға алынғанын шамалай алмадым, бірақ осы бұрғылау әдісі сол заманның ең озық техникалық басымдыққа ие бағыты болатын. Бұл КЭ «МНГР»-дің күнделікті тыныс-тіршілігінен көрініп-ақ тұратын. КЭ «МНГР»-дің БПО(база производственнго обслуживания) бөлімшесінің құрамында арнайы құрылған, жақсы жабдықталған турбобур жөндейтін цех жұмыс жасап  тұрды. Мен өзім жұмыс жасаған кезеңді жазып отырғандықтан, сол кездегі КЭ «МНГР» мекемесінің құрамындағы терең бұрғылаумен шұғылданатын РИТС-1 мен РИТС-2 бөлімшелерінде шамамен 16-17 бұрғылау бригадасы болды. Бұл екі бөлімше біздің кешенді экспедицияның негізгі құрамдары болып есептеледі. Осы бұрғылау бригадаларының әрқайсысында, қондырғы басындағы стеллажда, кемінде 2-3 комплект әртүрлі турбобурлар жататын. Бір комплект турбобурмен жұмыс жасап жатқанда, стеллажда кемінде екі комплект турбобур өз кезегін күтіп «запаста» тұратын. Ал Ералиевтегі турбобур жөндейтін цехта қаншасы жөндеуге кезек күтіп, немесе, жөнделіп шығып қай бригада сұраныс берсе соған кетуге дайын тұрады десеңші! Бригадаларға жақын орналасқан Бейнеудегі базада да жөндеуден өткен бірнеше комплект әртүрлі турбобурлар қондырғыға кетуге дайын тұратын. Оның бер жағында, Ералиев стансасы басындағы базада қаншама заводтан келген жаңа турбобурлар да, оларды жөндеуге қажетті әртүрлі қосалқы бөлшектері де бар. Демек, КЭ «МНГР» турбобурмен жұмыс жасауға тыңғылықты дайындалған, турбобур паркі жеткілікті. Турбобур жөндейтін цехта жұмыс барысында көп мәрте болдым, жөндеушілердің қалай жұмыс жасап жатқандарын көрдім, таныстым. Турбобурлардың құрылысын жөндеушілермен бірге жүріп әбден біліп алдым. Турбобур жөндейтін цехқа көп келгенімнің де өзіндік себебі бар. Ол туралы сәл кейінірек ... . Менің дипломдық жұмысым да осы турбобурға байланысты болғандықтан, мен теориялық негізде турбобурмен өндіріске келмей тұрып та жақсы таныс болатынмын. Турбобурлардың бір секциялық Т12М, үш секциялық шпиндельді  3ТСШ деген, өзіміз қазатын ұңғының диаметріне қарай 6 5/8 дюмді, 9 дюмді түрлері болады. Бұлардан басқа да диаметрлері бар ғой, бұл жерде мен тек өзіміз жұмыс жасаған размерлерін жазып отырмын. Соңғы жағынан, техникалық жағынан жетілдірілген А6 5/8Ш, А9Ш деген «шаровой опорлармен» жасалған турбобурлармен де жұмыс жасадық. Турбобур дегенің «забойный высокооборотный гидравлический двигатель», оның валының айналу жылдамдығы өте жоғары(600-800 об/минут) болады. Бұрғылау ертіндісінің қатты қысыммен ұрған ағынын турбобур долотоны айналдыруға, сол арқылы тау жынысын қазуға жұмсайды. Бұл - тек турбобур жөнінде берген жалпылама түсінік. Турбобурлардың өмірімізге енгені соншалық, кейде турбобурмен керн де алатынбыз. Турбобурмен керн алуға БПО-дағы цехтан арнайы жасалған қысқа ғана(ұзындығы 2 метрден аспайды) аспап болатын. Сол «коротышканы»(біздің қойған атымыз) турбобурдың валына(долото жалғайтын жерге) жалғап қазатын едік. Осындай тәсілмен қазғанымызда керннің шығымы да аз болатын, турбобур жұмыс жасауы үшін бұрғылау ертіндісінің қатты қысымы қажет болатындықтан, ондай жойқын қысым қазылып жатқан кернді де «жуып» кететін еді. Екінші жағынан, турбобурдың валына жалғастырылған керн алатын «коротышка» қатты жылдамдықпен айналатындықтан, былғаңдап турбобурды да тез істен шығарады. Дұрысында кернді аз жылдамдықпен, мейлінше төмен қысымды ертіндімен жуып қазып алған ғой, арнайы сол үшін шығарылған снаряд «Недра» деген құрылғының көмегімен, роторлық тәсілмен қазып.

  Бізге дейін қай жылдардан турбобурмен қазу басталғанын шамалай алмаймын, шалдардың айтқан әңгімелеріне қарағанда, әрі турбобур паркінің көлеміне қарағанда, оларды жөндейтін арнайы құрылған цехтың жұмыстарының бір қалыпқа түскен жұмыс үрдісіне қарағанда өте ертеден басталған тәрізді. Жасы үлкен бұрғышылармен әңгімелескенде, олар ертеректе турбобурлар жаңа ғана өндіріске ене бастаған тұста, қондырғы басына жұмыс жасау үшін алып келген жаңа турбобурларды шағыл құмның арасына сүйреп апарып тығып тастайтын едік, бірақ орталыққа турбобурмен жұмыс жасап жатырмыз деп жалған ақпар беретінбіз дейтін. Қандайма болсын жаңалыққа үрке қарап, үйреншікті болған таптаурын жолдан шыға алмай жүретін ескілікті әдет қой. Тіпті, заводтан шыққан су жаңа АКБ-3М автоматты кілтін де шағыл құмға көміп тастап, құбырларды қолмен бұрап(троспен, кендір арқанмен орап, УМК-мен қатайтып) түсіріп-көтеру автомат кілтке қарағанда жеңіл, оңай көрінетін еді деп өздерінің сол кездегі «надандықтарына» күлетін. Ал біздер КЭ «МНГР» мекемесінің турбобурмен жұмыс жасаған соңғы буыны болғанымыз анық. Турбобурмен жұмыс жасауымыздың соңы жобамен 1980 жылдардың аяқ жағы, Кеңес Одағының қожыраған, ыдыраған сәті сияқты. Әрине, бір мезгілде барлық қондырғылар турбобурмен жұмыс жасауды тоқтатты, роторлық тәсілге көше қалды демеймін. Біртіндеп көшкеніміз анық. Сол кездері біздер өте терең, геологиялық тұрғыдан күрделі ұңғыларды қаза бастағанбыз. Ал осындай күрделі ұңғыларды турбобурмен қазу қиындық тудыратыны анық, кейбір жағдайларда мүмкін де емес болатын. Яғни, роторлық қазу әдісі заман талабы болды. Соған сәйкес бұрғылау қондырғыларына сапасы өте жоғары шетелдік құбырлар, УБТ-лар, квадраттар келе бастады, жаңа модификациялы қондырғылармен де жабдықталдық дегендей. Тіпті, түгелдей румыниялық қондырғымыз да болған, мұнарадан бастап, барлық механизмдері, ертінді ұстайтын чандарына, талевый системаға арналған қанатына дейін румындар шығарған. Қарапайым бұрғылау құбырларының өзі жапондар жасаған, қарауға көз керек, өте мықты, сапасы керемет, ұзындықтары қолмен қиғандай бірдей болса, УБТ-лар(ауырлатылған бұрғылау құбырлары) да шетелдік, сыртқы жағы спиральді бұранда тәрізді болып жасалған тамаша дүниелер еді, ал квадрат(жетекші құбыр) дегендерің франциялық заводтарда жасалған әдемі болатын.

  Тақырыбыма сәйкес, турбобурмен жұмыс жасаған заманға оралайын. Заман солай болғандықтан болар, ол кезде тек қана отандық заводтардан шыққан өнімдерді пайдаланатынбыз. Қондырғы құралдары(дизельдер, насостар, компрессорлар), бұрғылау құбырлары(жай құбырлар, УБТ-лар, квадраттар), долотолар(ұңғыны қазатын қашаулар), бұрғылау ертіндісін баптайтын химреагенттер(КССБ, КМЦ, әртүрлі крахмалдар) ... барлығы да отандық өнімдер болатын. Біз өзіміз қолданып жүрген техника мен технологиядан басқаны білмедік. Салыстырып қарайтын ешқандай басқа елдің техникасы мен технологиясын көрмегендіктен санамыз да, көзіміз де тек осылай болуы керек екен дегенге үйреніп кеткен болатын. Ал өзіміздің күнделікті жұмыс жасап жүрген долотоларымыз, құбырларымыз, химреагенттеріміз ... сапасы жағынан нашар болатын. Сондай нашар дүниелермен жұмыс жасауға үйреніп кеткендіктен, бұрғылаудың басқаша түрі болады екен-ау деп ойламайтынбыз да. Бұрғылаудағы барлық процесстер өте үлкен күш жұмсау арқылы, кейбір жағдайларда қолдан жасалған қиындықтарды жеңу арқылы жүретін. Долотолар да, құбырлар да әлсіз, сапасы нашар болатын. Турбобурмен қазу үшін қондырғының барлық механизмдері өте жоғары деңгейде жұмысқа қабілетті болулары керек. Санамалап барлығын бірдей жазбайын, тек бұрғылау ертіндісін забойдағы турбобурға 120-150 атм.қысым беріп айдайтын насостар мен оларды жұмысқа қосатын дизельдердің өзін айтсам да жеткілікті болар. Терең забойдағы турбобур жұмыс жасау үшін бұрғылау құбырлары арқылы оған ертіндіні үнемі бірқалыпты 120-150 атм.қысыммен беріп отыру керек. Бұндай қысымды ұзақ уақыт бойы ұстап тұру оңай емес. Насостар бірінен соң бірі істен шығып, үлкен қысыммен айдалған ыссы ертінді насостардың клапандарын, поршеньдарын, втулкаларын «жуып» кетіп жатады, дизельдер де жоғары жылдамдықта жұмыс жасағандықтан радиаторлары қайнап, кейбір бөлшектері істен шығып жатады. Турбобурмен жұмыс жасаудың қиыншылықтарын бір адамдай басымнан өткізгенмін. Сол замандағы отандық долотолардың ресурстары турбобурмен қазғанда бар болғаны үздіксіз 7-8 сағат жұмыс жасауға жететін. Онда да жақсы долото болса, оптималды режимін тауып қазғанда ғана осынша уақытқа шыдайтын. Оптималды режим дегенің қазып жатырған тау жынысының қаттылығына байланысты долотоға сәйкесінше нагрузка беріп, бұрғылау ертіндісінің барлық параметрлерін жақсы ұстап(әсіресе сұйықтығын), насостардың турбобур бірқалыпты жұмыс жасайтын қысымын(120-150 атм.) үздіксіз беруін қадағалау ... . Сол кездегі отандық долотолардың сапасы да сын көтермейтін еді, шарошкаларды ұстап тұратын тұғырлары(опоралары) өте әлсіз, шарошкалардың өздері де шамалы болатын. Дұрыс, оптималды режимді ұстап қаза алмасаң, долотоның шарошкалары тез тозып, тіпті забойға түсіп те қалатын, көбінесе шарошкалардың тұғырды айналып тұруын қамтамасыз ететін, екеуінің арасында орналасқан шариктері-роликтері шашылып забойда қалатыны тағы бар, ал бұл авариялық жағдай болып есептеледі. Осындай қатты қысыммен ұзақ уақыт жұмыс жасауға жарамай, отандық бұрғылау құбырларының осал жерлері(резьба замоктары, ПКР-ге отырғызатын тұстары) «жуылып» кететіні тағы бар, бұл да авариялық жағдайға алып келетін факторлар. Бұлар ұңғының ішіндегі, жердің астындағы көзге көрінбейтін жағдайлар болса, жердің бетіндегі насостың элементтері «жуылып» кететіні сияқты, ұңғыдағы құбырларды, турбобурды насоспен жалғастырып тұрған қондырғының басты құрылымдарының бірі болып саналатын манифольд деген нысанның да кейбір тұстары қатты қысымға шыдамай «жуылып» кетіп әуреге салады. Бұлардың барлығын сақадай сай қылып турбобурмен қазуға әр уақытта дайын ұстап тұру оңай шаруа емес, оның үстіне сапасы сын көтермейтін отандық өнімдердің өздері ұзақ жылдар бойы осындай жағдайда жұмыс жасап ескірген болса тіпті қиын екенін сезетін боларсыңдар. Мен өзімнің жазбаларымда үнемі отандық әріптестерімді(бірге жұмыс жасаған жұмыстастарымды) мақтаудан, олардың кәсіби біліктілігін дәріптеуден жалыққан емеспін. Олар жайлы қалай айтсаң да, қалай мақтасаң да жарасады. Сапасы сын көтермейтін осал механизмдермен, құрылғылармен жұмыс жасай жүріп олардың санасында бір кереметтей сезімталдық қалыптасқанын байқайтынмын. Сондай осал долотоның бойындағы барлық ресурсын «сығып» алғандай қылып пайдаланып, шарошкалары тұғырына әрең-әрең ілініп, сәл болмағанда забойға түсіп қалатындай жағдайға жеткенше жұмыс жасатып, бір де бір шаригін түсірместен жоғарыға алып шығу кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін шеберлік. Ал отандық осал бұрғылау құбырларының замоктарының, немесе басқадай бір жерінің «жуылып» басталғанын дер кезінде сезе қойып, авариялық жағдайды болдырмай инструментті өте сақтықпен көтеріп алу да асқан шеберлікті қажет ететіні сөзсіз. Ал, 3000 метрдің арғы жағындағы тереңдіктегі турбобурдың жұмыс жасап тұрғанын, тұрмағанын квадратты алақанымен ұстап, немесе квадратқа құлағын тосып(адамның жүрегін тыңдағандай) біле қоятын шеберлік қалай мақтауға да лайық емес пе, а?! Бұлар туабітті БҰРҒЫШЫЛАР ғой, өз мамандығының жілігін шағып майын ішкендер!!! Жердің бетіндегі жұмыс жасап тұрған насостың қай элементі «жуыла» бастағанын дауысынан айыра алатын, грязевой шлангтің дірілінен, стоякта тұрған қысым көрсететін манометрдің тілінің сәл қимылынан сезетін көмекші бұрғышы, жөндеуші жөнінде не деуге болады?! Ешқандай арнайы білімі жоқ, бірақ барлық процессті жүрегімен, санасымен, түйсігімен сезетін осындай қарапайым жұмысшыларды мақтамағанда, кімді мақтарсың?! Қолындағы саз аспабының құлақ күйі келмей тұрғанын бірден сезетін құдды бір музыканттар сияқты!  Дизельдің қалай жұмыс жасап тұрғанын шыққан түтінінен, гүрілінен, «түшкіргенінен» біле қоятын, бірнеше дизельдің бірқалыпты ырғақпен(унисон) жұмыс жасауын дауыс ырғағына қарай жолға қоятын әккі моторшыларды кімге теңестірерсің?!!! Мен бұл жерде арнаулы жоғары білімі бар көпті көрген тәжірибелі инженерлер, механиктер, геологтар жайын жазып отырған жоқпын, олардың кәсіби біліктілігі жөнінде біраз жаздым ғой, қазіргі жазып отырғаным қарапайым жұмысшылар жайы.

  Алғаш жұмысқа орналасқан кезде, турбобурмен қазудың қызып тұрған шағы болатын. Қиындығы мол, азабы жеткілікті қазу әдісі ғой. Ол кезде мен 4 дәрежелі бұрғышының көмекшісімін, «верховоймын». Турбобурмен қазатындықтан инструментті көтеріп-түсіру(СПО, спускоподъемные операции) жиі болады. Вахтада болғанда қазақтар айтатындай «көтенің жер иіскемейді». Қазып болғасын долотоны көтеріп алып, жаңа долотоны турбобурдың валына орап болып, турбобурды жоғарыдан «қыздырып» қарап  болғасын барып инструментті қазуға түсіреміз. Кейде, осыншама тереңдікке азаптанып түсірген турбобурың забойға барғанда жасамай қырсығатыны болады. Бірер сағат әртүрлі, бұрғышылардың өздеріне ғана белгілі, тәсілдермен забойдағы турбобурды «қыздырып» әуреленеді. Забойдағы «қызбай» тұрған турбобурды бұрғышылар ротормен инструментті айналдырып та, сәл-пәл нагрузка беріп отырғызып та, насостың қысымын көтеріп-түсіріп те ... біраз әурелейді. Осылайша әртүрлі тәсілдермен турбобурды  «қыздыра» алмағасын, амалсыздан, турбобурдың неліктен жасамағанын тексеру үшін, керек болса басқасына ауыстыру үшін, осыншама тереңдікке қысқы боранда, күзгі жауында, қатты желде, өртеніп тұрған ыстықта өліп-талып түсірген инструментті, бір метр де жер қазбастан қайтадан көтеруге тура келеді. Забойдағы турбобур «қызбай» қалған мезгілде вахта мүшелерінде тыным болмайды, насостарды тексересің, бір насосты тоқтатып, екіншісін қосып, кейде екеуін де қосарлап жұмысқа қосып дегендей әуре сарсаңға түсесің, сөйтіп жүргеніңде әртүрлі басқа да шаруалар көбейіп кетеді. Үлкен күш жұмсап көтересің инструментті ... . Қалғанын тәптіштеп жазбай-ақ қояйын, бір метр болса да жер қазылмағасын бұлардың барлығы желге ұшқан бос еңбек екенін, қарайған шығын шыққанын, қаншама қажыр-қайрат шығындалатыны түсінікті ғой. Ал турбобур забойға барғанда жақсы жұмыс жасап кеткендей болғанда да, вахтадағы біз байғұстарда тыным болмайды. Бұрғылау ертіндісін әртүрлі химреагенттер дайындап(глиномешалкаға езіп) баптауың керек, терең забойдан қазылып шыққан шламдардың вибросито(ертеректе қолмен айналдыратын ситоконвеер болды)арқылы ертіндіден айырылып тазалануын қадағалауың керек, насостарды бақылау, керек болса жөндеу де вахтаның мойнында. Күндізгі вахтада болғанда, машиналармен, самолеттермен, вертолеттермен қондырғыға келген әртүрлі жүктерді(құбырлар, колонналар, цементтер, химреагенттер, әртүрлі майлар ..., тамақтар) түсіру де вахтаның міндеті. Тек түсіріп қоймайсың, ретімен жинастыруың, сұрыптауың керек, келген көлікті бос қайтармай, оларға орталыққа жөндеуге кететін жүктерді тиеуің де керек. Осылайша шапқылап тыным таппастан жұмыстанып жүргеніңде долото өзінің ресурсын тауысып, қазу жұмысы аяқталып, енді инструментті көтеру де басталатыны тағы бар. Ал соның арасында насос бұзылып, немесе манифольдқа «бірдеңе» ... бола қалғандай болса, қолға алған басқа шаруалардың барлығын ысырып тастап шұғыл түрде соларға ұмтыласың, қазу тоқтамас үшін. Шіркін, керемет қарбалас өмір еді сол кездегі жұмысымыз. Тағы бір «қызықты», сол замандағы бұрғышылардың өмірінің бір қыры туралы айта кетейін. Басқа жазбаларымда қыста болатын кейбір қиыншылықтарды жазғанмын, соларды оқыған адамдарда бұрғышылардың жаздағы өмірі қалай болады екен деген сұрақ тууы орынды. Екінші жағынан, бұрғышылар жазға қарай көп қинала қоймайтын болар, қысқы боран жоқ, жаймашуақ жаз, керемет мезгіл, нағыз жұмыс жасайтын шақ қой деп ойлап қаларсыңдар бәлкім? Алдыңғы жазғандарым мен осы жазғанымды оқып, мына адам тек қиыншылықтарды үйіп-төгіп жаза берудің шебері екен, соларды әдейі теріп алатын сияқты деп ойлап қала көрмеңдер. Болған істі, сол кездегі басымнан өткендерді, менің жұмыстастарымның барлығы да осындай өмірден өткені айдан анық, көрсетіп жазбасам бұрғышылардың сол кездегі қондырғы басындағы тұрмыс-тіршілігін, қалай жұмыс жасағандарын көзге елестету мүмкін емес. Сонымен, жаз мезгілінде бұрғылау қалай жүретін еді біздің жас шағымызда? Бұрғылау турбобурлық әдіспен жүргізіледі, көпшілік қондырғылардың механизмдері ескірген, әсіресе дизельдер жағы. Жаз мезгілінде өздерің сезіп отырғандай дизельдердің радиатор деген бөлігі жақсы жұмыс жасамаса қиын. Қырық күнге созылатын шырқыраған шілдеде жақсы радиатордың өзі дизельдерді салқындатып үлгере алмайтындай ыстық болады. Забойдағы турбобурға қажетті жоғары қысымды(120-150атм.) беру үшін насостарды бойындағы бар қуатымен айналдырып, жоғарғы «оборотта» әлденеше сағат бойы жұмыс жасап тұратын 450-500 аттың күші бар, бір бірінен жарты метрдей ғана қашықтықта орналасқан, дизельдер осындай қапырық ауада қызбақ түгіл қайнап кететін. Осындай шырқыраған шілдеде қай вахтада болсаң да бәрібір, түнгі вахтада болсын, күндізгі вахтада болсын, қиындық жетіп артылады. Күндізгі вахтада болып, турбобурмен қазу жұмысы басталған кезде, насосқа және ертіндіге жауапты екі адамнан басқа бүкіл вахтаның адамдары моторшыларға көмектесіп қайнап жатқан дизельдерді салқындату үшін, радиаторға қажетті су тасумен әлек болады. Қондырғыда қайбір дені түзу, таза радиатор болсын, құятын суы да таза емес, бораған шаң-топырақ та «сердцевиналарын» ішінен де, сыртынан да бітеп тастайды, осындай қапырық ыстықта мынандай жарым-жарты радиаторлар қайнамағанда ... . Көбінесе жұмыс жоғарғы блоктың 3 дизелімен жасалады, ол дизельдер әрі инструменттерді көтеру-түсіру(СПО) үшін де, №1 насосты айналдыру үшін де тынымсыз еңбектенетін соры арылмаған «пақырлар». Жоғарғы блокта орналасқан бұл 3 дизель жерден 5-6 метр биіктікте орналасқан. Осындай биіктікте орналасқан дизельдерге тіке орналасқан ені тар баспалдақтармен бір қырындап, екі қолыңда су толы екі шелекпен жердегі қазаннан суды қауғалап алып тасу оңай ма? Тілерсегің майысып әрең дегенде жеткізген суыңды дизельдердің алдында қызара бөртіп, өзі де дизельдермен бірге «қайнап» тұрған моторшы әп сәтте радиаторларға шашып-шашып жібереді де, қолыңа босап қалған екі шелегіңді ұстата қояды. Кейде радиаторларға төгіп-шашып құя салады. Бар қуатымен күшеніп жұмыс жасап тұрған дизельдердің радиаторларына салқын су шашып сәл де болса қайнағанын бәсеңсітеді. Осылайша су тасудың шеті-шегі болмайды, өліп-талып жеткізген суың радиатор байғұстың қызуын түсіруге де жетпейді. Инструментті қазу үшін түсіру кезінде ауыр бұрғылау құбырларымен арпалысып бола бергенде, демалып үлгерместен, қазу кезінде енді мынандай қара жұмысқа жегілесің. Осылайша түнгі вахта келгенше жалғасатын метр қазу үшін болатын күн сайынғы жойқын арпалыс жүріп жатады. Ә деп жұмысты бастағанда «верховой» болдым дедім емес пе, осындай шырқыраған шілдеде мұнараның 37 метр биіктігіндегі жоғарғы палатада жұмыс жасаған жақсы, самал жел желпіп, палатаның көлеңкесінде тұрып, төменде, ыстық жерде(айналаның бәрі күнге қызған темір ғой, әрі дизельдердің, лебедканың ыстығы)  жанталасып жұмыс жасап жатырғандарға биіктен, тальблок келесі құбырды алуға көтерілгенше, қарап тұру онша жаман емес. Сондай кезде осындай биіктен айналадағы сап-сары болып, шеті де, шегі де көрінбейтін маң далаға қарап таң қалатынмын. Күн әбден қызғанда жөңкіліп көшетін сағымдарға қарап қиялдаудың өзі қызық. Мұнартқан сары далада көз тоқтататын ештеңе жоқ, тек сағымдар ғана көз ұшында шалқыған теңіз сияқты болып қиялыңды қозғайды, кейбіреулері көшіп бара жатырған түйелі керуендер тәрізді елестейді. Айнала толған боз даланың бетін айғыз-айғыз етіп шимайлап тастаған қиыр-шиыр жолдар, қайсысы қайда баратыны белгісіз. Соларға қарап кейде қорқатын да едім, осындай ыстықта, мынандай елсіз маң далада мынандай көп жолдардың біреуіне байқамай түсіп кетіп, машинаң бұзыла қалса ... , ары қарай ойлаудың өзі қорқынышты. Ал таң енді ғана сібірлеп атып келе жатқанда осынау биікте тұрып таңды қарсы алу да бір керемет. Жаздың осындай тамаша таңын қаншама рет жоғарыдан қарсы алдым десеңші! Ең бірінші аспанда жарқырап шолпан жұлдыз туады, бұл жұлдыздың әдемілігінде сөз жоқ, өте ірі, жерге жақын, жарқырап шыға келеді. Содан соң ғана біртіндеп аспан бозара бастайды. Сәлден соң ыстық та басталады. Бір жақсысы, Үстірттің үстінде түнгі ауа біршама салқындау, күн бата аздап самал жел соғатыны бар. Асханадан салқын квас ішіп, жалаңаш денеңді қырдың салқын самалына тосып бір рахат күйге түсесің, күндізгі шаршағаның сәл де болса ұмытылады. Түннің біраз мезгіліне дейін беседкада шай ішіп, әңгіме айтып, нарды ойнап отырғанның өзінде жақсы тынығып қаласың, күндізгі ыстықтан салқындап үлгермеген қаңылтырмен қапталған вагонға жатпастан, төсегіңді далаға шығарып жата кетесің. Таңертең баяғы арпалыс қайта басталады, күнделікті жұмыста сәл өзгерістер болуы мүмкін, бірақ жалпы жобасы онша көп өзгере қоймайды. Күндізгі вахтаға шығып шілденің ыстығында жұмыс жасағандағы қиыншылықты жазған болдым, енді түнгі вахтада жұмыс жасағанның айырмасына келейік. Түнгі вахтаның жұмысы біршама жеңілдеу сияқты, түнде дизельдер күндізгі аптапта қайнағандай қыза қоймайды, суды да аз тасисың. Түнде әртүрлі көліктермен келетін жүктер де көп бола қоймайды, кейде күндізгі вахтаның адамдары түсіріп үлгермеген, кейде қауырт жұмыстардан қолдары тимей, қалған жүктер болмаса, негізінен тыныш өтеді. Әрине, қазу, көтеріп-түсіру, жөндеу, ертіндіні баптау ... сияқты негізгі жұмыстар өз реттерімен жүріп жататыны түсінікті, ондай жұмыстарға етіміз әбден үйреніп кеткен. Сондықтан оларды қиындыққа жатқызбаймыз. Бір жеңілдіктің бір қиындығы болатыны белгілі ғой, түнгі вахтаның жұмысы жеңілдеу болғанымен, күндізгі шыжғырған ыстықта демалу қиынның қиыны. Ол заманда қазіргідей кондиционер деген болмады. Даладағы ауа өртеніп тұр, ал қаңылтырмен қапталған вагонның іші одан да жаман. Қаншама жеңіл болғанымен түнімен тыным көрмей жұмыс жасап келген адамға демалыс керек қой. Нағыз қиналыс осы кезде болады. Жуынып-шайынып, тамақ ішіп болғанша күн де көтеріледі, ыстық та басталады. Басыңды қайда тығарға білмейсің, көлеңке іздейсің, сәл де болса жел соғатын орын іздейсің. Простыняңды суға малып алып, сықпастан үстіңе жамылып алғаныңда, көлеңкеде ол құрымағырың сәлден соң-ақ құп-құрғақ болып кеуіп кетеді. Осылайша вагондардың қысқа ғана көлеңкесін сағалап жүргеніңде күн тас төбеге шығады, көлеңке жоғалады. Вагонның барлық терезелерін ашып тастап, еденіне су шашып қойып, тіпті тамбурға да жатып демалған боласың. Басқа барар жерің болмағандықтан амалсыздан да, шаршағандықтан да, сол вагонның ішінде ұйқыға кетесің. Жатқан жерің терге малшынып, өзіңнің де быршып терлеп, қапырық вагонда ауа жетпей аунақшып жатқаныңда оянып кетесің де, сәл де болса ауа жұту үшін далаға шығасың. Дала өртеніп тұр.  Кейбір кездерде салдыр-гүлдір жұмыс жасап тұрған қондырғының астына тығылып, көлеңкесіндегі аздаған желге мәз болып жан сауғалайсың. Кейбір қатты қиналғандар кронблокқа дейін шығып кететін. Осылайша көлеңке қуып, шала ұйқылы болып жүргенде түнгі вахтаға шығатын да уақыт келеді. Ащы қара шайды ішіп алып, қанбаған ұйқыңнан сергіп түнгі вахтаға шығасың. Бұрғышының көзін ала беріп, жұмыстың ретіне қарай тасалау жерге жата кетіп мызғып та алатынымыз шындық. Міне, жаздағы, дұрысында қырық күн шілдедегі, күндізгі-түнгі вахтаның бір күнін жазып көрсеттім. Вахтаның жеті күнін осылайша өткізіп, ауылға демалысқа қуана-қуана қайтатын едік. Ералиевте жып-жылы теңіздің мақпалдай жұмсақ суы күтіп тұрады. Вахтадағы қиналғаның көрген түстей ұмытылады. Жастық дегенің осы екен-ау!!!

  Енді жоғарыда берген уәде бойынша, турбобур жөндейтін цехқа неліктен көп барғанымды жазайын. Бұның да өзіндік сыры бар. Турбобур дегенің кірпияз механизм. Тазалықты, баптағанды жақсы көреді. БПО-дағы турбобур жөндейтін цехта ылғи өз ісінің шеберлері жұмыс жасайтын. Цехтағы шебер Дүйсенов Кенжеғали, жөндеушілер Қадыралиев Елеуғали және тағы бір үлкендеу адам мен жас жігіт болды(өкінішке орай есімдері есімде жоқ). БПО басшысының орынбасары Жәку Әлиев(көпшілігі Жәку Әлиевич деп атайды) деген механик ағамыз. Ертеректе трест «МНГР»-дің құрамындағы бір экспедицияның бас механигі болған, осы өңірдің мұнай байлығын алғаш ашушылардың бірі, еңбегі сіңген білікті маман. БПО-ның басшылары ауысқанмен, Жәкең ауыспайды, жоғары да көтерілмейді, төмен де түспейді, қысқасын айтқанда, БПО Жәкең кетсе «құлап» қалатын сияқты. Өз ісінің шебері, шағын завод сияқты осы мекеменің білікті басшысы.

  БПО-да жөнделіп шыққан турбобурлар бұрғылау қондырғысына келгеннен соң кемінде ұңғыда 70-80 сағат жасауы керек, бұл турбобур жөндеушілердің өз жұмысына деген жауаптылығын көрсететін көрсеткіш іспетті. Алда-жалда бұл көрсеткіш орындалмай, жұмыс жасаған сағаттары аз болып шықса, немесе тіпті де жұмыс жасамаса шатақтың көкесі басталады. Әрбір турбобурдың сыртында сваркамен жазылған нөмерлері бар, күн сайын қондырғы басынан орталыққа берілетін тәуліктік ақпарда әр қондырғыдағы  турбобурдың өткен тәулікте забойда жұмыс жасаған сағаттары көрсетіледі де, осы ұңғыға келгелі бері жасаған сағаттарының қосындысы шығып тұрады. Жәку Әлиевич күн сайын бұрғылау қондырғысынан келетін ақпармен танысып, соның ішінде турбобурлардың жағдайына көңіл аударып, жіті бақылап отырады. Нағыз ұңғы қазатын инструмент турбобур ғой, әрі ол жасамай қалса сөз бірден БПО-ға тиетіндіктен, Жәкең осы жағына өте сақтықпен қарайтын. Ал алда-жалда бір қондырғыдан дұрыс жұмыс жасамаған(белгіленген уақытын өтемеген) турбобур қайтып келе қалғандай болса, сол нөмерлі турбобурды цехта бөлшектеуге, жұмыс жасамаған себебін анықтауға кіріседі. Кінә кімнен, неден екенін іздейді. Жөндеушілерден бе, әлде бұрғылау бригадасынан ба? Міне, осындай себептермен мен бұрғылау шебері болып жүргенде де, артынан инженер болып жүргенде де турбобур жөндейтін цехқа жиірек баратынмын. Бұрғылау шебері болып жүргенде өзімнің бригадама келген турбобурларға жауап беру үшін барсам, инженер болып жүргенде біздің РИТС-1-дің құрамындағы бригадалардың жасамай келген турбобурларын тексерген кезде себебін өз көзіммен көру үшін баратынмын. Ал ол себептер әртүрлі болатын. Ал негізінен, жөндеуден шыққаннан соң өздеріне тиесілі сағаттарын жасамай, тез істен шығып қалған турбобурлардың себептері бригадаға байланысты екені сөзсіз. Қаншама рет менің қатысуыммен бөлшектеніп, ішкі құрылыстарын ашқан кезде көретінім, турбобурлардың жоғарғы жағына әртүрлі қоқыстардың жиналып қалатыны болатын. Турбобурдың жоғарғы жағына, кейде ортаңғы жағына дейін өтіп кететін қоқыстар неше түрлі болады, ағаш жаңқалары, текстропты ременьнін үзінді-қиындылары, қазылған тау жынысының қатты, уатылмай қалған көсектері, КМЦ, крахмал сияқты химреагенттердің дұрыс езілмей, забойдағы жоғары температурада жентектеліп қалған ірі түйіршіктері ... . Бұлар әрине, бұрғылау бригадасының инструментті көтеру-түсіру кезінде свечалардың замоктарын дұрыс тазаламайтынын, ертіндінің де сапасы жақсы емес екенін, дұрыс тазаланбайтынын, квадраттың ішкі жағына орнатылатын арнайы фильтрдің тесіктерінің кеңіп кеткендігіне мән бермейтіндігін, басқа да жайттарды көрсетеді. Осы қоқыстардың барлығының қайдан пайда болатынын тәптіштеп жазбаймын. Бұл қоқыстар турбобурлардың турбинкаларын(ротор, статорларын) бітеп тастайды, еркін айналып жұмыс жасауына кедергі келтіреді, кейде насостың қысымының көтерілуіне де алып келеді. Әрине, кейбір кездерде жөндеуден келген, енді ғана қондырғы басында жиналған турбобурлардың «устьеде опробовать» еткен кезде жұмыс жасамай қалатын кездері де, сирек те болса, кездесіп қалады. Ондай кезде турбобур жөндеу цехының шебері Дүйсенов Кенжеғали ағамыз өз өніміне, өз жұмысына жауап беру үшін, неліктен жұмыс жасамайтындығын өз көзімен көру үшін, қолынан келгенінше бригада мүшелерімен бірге жұмыстанып, өз біліктілігімен көмектесіп көру үшін қондырғы басына ұшып та келетіні болатын. БПО-дағы цехта жөндеуден өткен турбобурды толықтай жинақтап болғасын арнайы стендке қойып, насоспен қатты қысыммен су айдап жұмыс жасатып қарайды.  Жұмыс жасайтын қабілетіне толық көз жеткізгесін барып дайын өнімдердің стеллажына жібереді. Әр турбобурдың өз нөмері, өз паспорты болады. Ол паспорт турбобурмен бірге қондырғы басына барады, бұрғылау шебері сол паспортқа, турбобур қондырғы басында өз жұмысын жасап болғасын, қайтадан жөндеуге жіберерде қанша сағат жасағанын көрсетеді, қолын қойып, бригаданың мөрін басады. Әр турбобурдың қондырғы басына барып жұмыс жасамай қалғаны, өзіне тиесілі сағатын орындамастан істен шыққан жағдайлары айдың аяғындағы жұмыс қортындысын талқылайтын жиналыста міндетті түрде талқыланады, бұған үлкен мән беріледі. Әр турбобурдың жасамай қалған фактісі бригада басшысы үшін жақсы емес, терлеп-тепшіп жауап береуге тура келеді. Ондай айлық жиналысқа БПО-ның да басшылары(көбіне Жәкең) қатысады, оларды алдай алмайсың. Осыған қарап та біздің өндірістік өмірімізде турбобурмен жұмыс жасаудың қандай жолға қойылғанын көруге болады.

  Мен осыларды көре жүріп үйрендім, кейбір әккі бұрғылау шеберлерінің «қулықтарын» байқадым, көрдім. Бұндай «қулықтар» турбобурларға да байланысты екенін білдім. Кейбір бригадаларда турбобур жөнінен ешқандай шатақ шықпайтын, шыға қалса да өте сирек болатын. Бұл бригадаларға тап болған турбобурлардың «бағы бес елі» екен. Әрбір турбобур өзіне тиесілі 70-80 сағатын қиналмастан жасайды, тіпті кейбіреулері артығымен де жұмыс жасап шығады жөндеуге. Соңынан, инженер болып жұмысқа тұрғаннан соң көрдім ғой ол қу басшылардың қалайша жиналыста терлеп-тепшіп жауап бермеуге тырысатынын. Жұмыс негізінен бұл бригадаларда да турбобурмен жүреді, бірақ кезекті турбобур жұмыс жасамай қалғандай болса, олар біз(жастар) сияқты шу шығарып елді басына көтермейді, инструментті ротормен қазуға түсіріп жұмысын жалғастыра береді, жұмыс жасамай қалған турбобурдың сағатын «жасап тұр» деп көрсете береді. Соның арасында Бейнеудегі базадан, база басшысымен келісіп, жөндеуден келіп тұрған турбобурдың біреуін алдыра қояды. Сонымен, қасқыр да тоқ, қой да аман дегендей, барлығы да өз реттерімен жүре береді. Сол кездегі Бейнеу базасының басшысы Сапаров Иден ағамыз, жағдайды жақсы түсінетін, бригада басшыларымен тіл табысқан адам еді. Бейнеу базасының маңында орналасқан қондырғы басшыларын талай қиындықтардан, басшыларға сездірмей, алып шыққанын, көмектескенін білеміз. Турбобурдың жоғарғы секциясы әртүрлі қоқыстармен бітеліп қалатын деп едім ғой. Солардың арасында КМЦ, крахмал деген химреагенттер суға дұрыс езілмей, түйіршіктері забойдағы жоғары температурада бір біріне қайнап жабысып қалатын да, айналып келгенде турбобурға келіп тірелетін. Отандық өнімдердің сапасы сын көтермейтінінің бір мысалы ретінде осы КМЦ мен крахмалды да көрсетуге болады. КМЦ-400 деген химреагенттің сапасы өте төмен болды, ірмектелген бірдеме, тура мақта тәрізді, суға да ери қоймайды, глиномешалкаға салатын бірнеше қапшықты барлығын қолмен езіп отыру мүмкін де емес.  Соңғы жағынан КМЦ модифицированный деген сапасы жоғары, тез еритін түрі келіп көзіміз ашылған. Ал крахмал дегеннің де екі түрі болды сол заманда, бірі кукурузный крахмал, екіншісі экструзионный крахмал. Бұлардың да жыры көп химреагенттер еді. Кукурузный крахмал нағыз малдың жемі еді де, оны бұрғылауға пайдаланғаннан гөрі қолында уақ жандығы бар ауылдағы(Ералиевтегі) ағайындар қызығын көретін. Қондырғы басшыларымен тіл табысып, крахмал тиелген жүк көлігін үйлеріне бұрып, кейде барлығын, кейде жартысын алып қалатын. Экструзионный деген түріне кислота қосылған деген сыбыс шыққанмен, оны да малға жем ретінде пайдаланудың ретін келтірді біздің қазекең. Крахмал дегенің де көп езіле қоймайтын химреагент еді, тағы бір ерекшелігі крахмал қосып бабталған бұрғылау ертіндісі ұңғының жоғары температурасымен бірге жаздағы күннің ыстығы қосылғасын шіритін еді. Приемный чандардағы ертінділер кәдімгі ашытқы қосылған қамыр сияқты күмпиіп, беті быршып, шіріген газ түйіршектеніп бетіне шығып жарылып жататын. Иісі де жаман, шіриген иіс қайдан жағымды болсын. Шіруді ертіндіге көп мөлшерде тұз қосып тоқтататын едік. Әлдебір сыбыстар құлағына жеткен аудандық партия комитетінің құрамындағы халықтық бақылау комитеті кейбір қондырғы басшыларын, бұрғылау шеберлерін «крахмал ісі» бойынша жауапқа тартқан кездері болған.

  Және сол заманда, бұрғылау бригадаларына еңбек ақы есептеу нормалары жетілдірілмеген әдіспен жүргізілетін. Жеті күнге қондырғы басына бірге ұшып келген күндізгі-түнгі екі вахтаның әр қайсысы өз вахтасында атқарған еңбегін ғана алатын. Қазумен айналысқан вахта тиісінше еңбекақысын көбірек алады да, инструментті көтеріп-түсіріп, қазуға дайындап берген вахтаның еңбекақысы қазумен айналысқан вахтадан төмен болады. Кейбір қулығы басымдау бұрғышылар әлдебір сылтаулармен, түрлі ойдан шығарылған себептермен қазу жұмыстарын созып, мехнаты көп, ақысы аз көтеру-түсіру жұмыстарын келесі вахтаға тап қылуға есеп жасайтын еді. Ал үнемі тап болатын көтеру-түсіру жұмыстарынан ығыр болған вахта, қондырғының механизмдерінің сынған-бұзылғанына қарамай зорлап, барын сығып алып, тездетіп СПО-ны аяқтап, өздері бастап қазып, келесі вахта ең болмағанда СПО-ның жартысын жасайтындай қылып, мынандай мехнатты циклді барынша өзгертуге, бұзуға тырысатын.

Осы ретте ертеректе естіген мына әңгімені жаза кетейін. Осы тақырыпқа дәл келіп тұрған болған оқиға. Экспедицияда Бармақов Шектібай деген қулау бұрғылау шебері болыпты, өзім көрмедім, бірақ осы адам жайындағы әңгімелерді көп естідім. Ол заманда бұрғылау бригадасындағы вахталар әртүрлі ұлттардан тұрады, Шектібай ағамыздың бригадасындағы бір вахта түгелімен кавказдықтар екен де, екіншісі ылғи жергілікті қазақтардан құралыпты. Сонда Шектібай ағамыз әр вахтаны жұмысқа шығарып салып тұрып, олардың әрқайсысының ұлттарына байланысты былайша тапсырма береді екен. Кавказдықтарға тапсырма бергенде: «Әй, сендер ана қазақтарға қарамаңдар, олардың үйлерінде түйелері, қой-ешкілері көп, барлығы бай, оларға ақша көп керек емес, сондықтан да олар жалқаулау, асықпайды. Ал сендер елдеріңді тастап осында ақша табу үшін келдіңдер, сендер тапап жұмыс жасауларың керек, әрі қондырғының шашылып қалмай ұзақ жұмыс жасауы сендерге де пайдалы»,-деп қайрап жіберсе, екінші қазақтардың вахтасын жұмысқа шығарып салғанда: «Әй, сендер ана кавказдықтарға қарамаңдар, оларға бәрібір, оларға тездетіп көбірек ақша тапса болғаны, олардың елі басқа, жері басқа. Ал мына жер де, ел де өзіміздікі, қазақтардыкі, мына қондырғы да біздікі, қондырғыны ақша табамыз деп кавказдықтар шашып тастаса отанымыз сұрап отырған мұнайды қалай табамыз, сондықтан қожайын болып жұмыс жасау керек, механизмдер бізге керек. Ертең осы қондырғыда сендердің балаларың, інілерің жұмыс жасайды, отбасын асырайды»,-дейтін көрінеді. Осылайша Шектібай ағамыз екі қоянды бір оқпен атып, әр вахтаның ерекшеліктерін ескеріп, тілін тауып бригаданың жұмысын ұйымдастыратын көрінеді».

  Енді осы тақылеттес, адамдармен тіл табысып жұмыс жасаудың шеберлері жайында тағы бір әңгіме жазып жіберейін деп отырмын.

  «Ертеректе КЭ «МНГР»-дің құрамындағы КВиСР(контора вышкостроения и строительных работ) деген бөлімінде(директоры Рахметов Орынбасар ағамыз) директордың орынбасары Сейтімбетов Назар деген ағамыз жұмыс жасады. Көргені көп(тіпті әлдебір себептермен итжеккенде де біраз уақыт болып келген), тілі майда, қуақы тілді, жай мінезді, адаммен тіл табысудың хас шебері еді ағамыз. Жұмыстас болдым, аз да болса далалықта қасында жүргенім бар. Бірде Нәкең бұрғылау қондырғысын жаңа ұңғының басына көшіру үшін қондырғыны сүйрейтін жолды бағамдап, қасына монтажшылардың прорабы, механизаторлардың колонна бастығы, топограф, геологты алып даланы аралап келе жатады екен. Ел жайлауға шыққан жаздың жаймашуақ кезі болса керек. Жолшыбай кездескен бір малшының ағаш үйіне шай ішуге тоқтайды. Бұлар жаңа ғана көшіп келіп жатқан, әлі жүктерін де түгелдей жинап болмаған үй екен де, үй иесі малын өріске шығарып кетіпті. Бала-шаға, қатын-қалаш әлі де болса үйін жинастырып бола қоймаған. Олардың осылайша қобырап жатқанының үстіне Нәкең бастаған біраз адам, танымайтын құдайы қонақтар келе қалмасы бар ма. Бәйбіше бұларды онша жақтыра қоймай, қабағын аша қоймайды, жай ғана шалап сусын беріп жөнелткісі келетін сыңай танытады. Оған көне қоятын Нәкең бе, бәйбішенің қыржиған қабағына қарамастан құрулы тұрған үйдің қақ төріне барып жайғасып алады. Есіктің алдында әлденелерді салдырлатып күйбеңдеп жүрген бәйбішеге естіртіп, қасындағы прорабқа дауысын шығарыңқырап: «Әй, Бәленшежан, өзіңе көрші болатын мына шопанның үйінің жағдайын көріп тұрсың ба, шаңырағы, керегелері, уықтары сыры ұшқан, көптен сырланбай азып кеткен, ал сенің бригадаңа ғой күні кеше екі жәшік қызыл сыр бергіздім, соның бір жәшігін неге осыларға бермейсің, біреуі де саған жетеді ғой, жетпесе тағы бергіземін. Жаңа көшіп келіп жатқан малшыларға құдықтарын, астауларын жөндеу үшін цемент керек екенін білесің, оншақты қап цементті де сырмен бірге әкеліп тастау керек кешке таман, құдықтан су соратын Л-100 насосына май, жарық беретін АБ-1 моторына аздаған бензин әкеліп беруді де ұмытпа. Қазақ халқы қоңсысымен арала-құралас болып, тату тұрған халық, көрші күні көршімен деген, мына адамдардың мұқтажына көмек беріп тұрсаң одан біз кедейленіп қалмаспыз. Есіктің алдына көлеңке қылып қоятын қалқа жасайтын бірер палатка(бурукрытие) мен оншақты тақтайды да шегелерімен қосып жеткізіп тастауды ұмытпа. Арасында водовозбен су құйып та тұрарсың»,-дегенді далада жүрген бәйбіше естіген бойда етегіне сүрініп ішке жүгіреді дейсің. Манағы қыржиған қабағы жазылған, езуіне күлкі үйірілген, көйлегі көлбеңдеп, былқылдап, аяқтарын билей, майыса басып қонақтардың астына әдемі көрпелер төсеп, иіліп төсек, жайылып жастық болып әлек. Қасында жүрген бір баласын тайға мінгізіп қырдың астында қойда жүрген үй иесіне шапқызған. Бала малды қарауға қалып, малшы бір тоқтысын алдына өңгеріп үйге шабады. Нәкеңнің аузынан шыққан манағы сиқырлы сөздер барлық жағдайды күрт өзгертіп жібереді. Бауырсақ та пісіріледі, қуырдақ та дайын болады, жаңа сойылған малдың еті де қазанда бүлкілдеп  қайнап жатады, қызыл күрең шай да дастарханға жетеді. Бәйбішенің «тықпасы»(коньяк, ақмағанбет дегендер) да дастарханның төрінен орын алады. Дүние шіркін кімнің есін алмаған десейші, әсіресе әйел жарықтықтарға жақынырақ болатыны шындық демей гөр осыдан соң. Міне, адаммен тіл табыса білу дегеннің, әр мәселенің «қышыған жерін» тап баса білудің осындай сыйқырлы күші бар.            

Бертін келе бұл кемшілік жойылды, экспедиция бойынша кешенді нормамен еңбекақы есептеу енгізілді.Осы енгізілген кешенді норма дұрыс болды, қазылған әр метрдің ішінде соны қазуға жұмсалатын барлық процесстердің мезгілдері, ақылары тереңдік бойынша, этаппен көрсетіліп қойылған еді. Ендігі жерде әр вахта өзі үшін емес, бригада болып норманы орындауға жұмыстанатын болды. Әр вахта көрпені өзіне қарай тартып, механизмдерді аяусыз бүлдірмей, ортақ мүдде үшін жұмыс жасайтын болды.

Негізгі тақырыбым турбобурмен байланысты болғандықтан тағы бір жай есіме түсіп отыр. 1986 жылдың қаңтар айында мен КЭ «МНГР» мекемесінен Тюмень қаласына біліктілігімді жетілдіру курсына бардым. Жаңа жылдық демалыстан соң бұрғылау алаңдарына ұшайын деп Ералиевтегі жұмысшы аэропортына барып тұрғанымда кадр бөлімінің инспекторы Қанат Мұқанбетов келіп, сен Тюменьге оқуға кетуің керек, тездетіп конторға бар, командировка құжаттарыңды, жол қаражатыңды ал демесі бар ма. Алыс жаққа жалғыз барғым келмей, бір жағынан жаңа жылды қарсы алып тойлаудан шаршағаным да бар, кежегем кейін тартып бастыққа келдім. КЭ «МНГР»-дің сол кездегі басшысы(әлде бас инженер ме) Ғали Бағытжанұлы Хайров мені көрген бойда тез жиналып, ертеңнен қалмай жолға шығуым керектігін тапсырды. Билет жоқ заман,ертеңіне әрең дегенде Москваға дейін бір билет тауып ұшып кеттім. Москвадан да қиыншылықпен жүріп, Свердловск арқылы Тюменьге жетсем, барған институтым мені қабылдағысы келмейді. Айтатындары, сен бекер келдің, осы курсқа тек қана Шығыс Сібір, Батыс Сібір және полярный кругтың арғы жағындағы геолог-барлаушы мекемелердің бас инженерлерін қабылдаймыз. Алдында Орта Азия мен Қазақстанға жіберілген шақыртуларымыздың соңынан түзету жібергенбіз деді. Мен осы жерге дейін әрең жеткенімді, мүмкін болса, осы курсқа жиналғандармен бірге оқып кетуімді өтіндім. Біраз әурешіліктен соң мен оқуға қалдым. Ылғи ығай мен сығай, кілең нән орыстар, белорусьтар, украиндар, арасында бірер армян да бар топпен оқуды бастап кеттік. Аяқтарында унты, бастарында дәу қасқыр терісінен құлақшын, үстерінде де қасқыр ма әлде аю терісінен бе тігілген қалың тон ... , барлығы «вечная мерзлотадан», суық Сібірдің ортасынан, Солтүстік мұзды мұхиттың жағалауынан, қазақ айтқан ит жеккеннен келгендер. Киімдерінен адам шошитындай, менің жұп-жұқа киімдерім жазғы киімдей болып қалды. Жарты жыл түн, жарты жыл күн болатын жерден жиналғандар. Ауылда қалған семьяларымен кез келген уақытта хабарласа алмайды, байланыс болатын шектеулі уақыттарын күтіп барып сөйлесе алады.  Жазда қазатын жоспарланған ұңғыларына қыстың кезінде қондырғыларды қатқақпен апарып, құралдап, керек-жарақтарын жеткізіп тастайды екен де, вахталарын вертолетпен тасып қазады екен. Үлкен вертолеттерді(Ми-8-нен де үлкен) трактор орнына(подвескамен тасуға) қолданады.  Қатты аяз қысқанда жұмыс тоқтатылады дейді, қалың темір құралдардың өзі сондай аязда шөлмек сияқты шытырлап сынады екен. Ой, олар да өзіміз сияқты буровиктер екен, сәлден соң үйренісіп кеттім. Олар мақтанып бөссе, мен де көпіріп бөстім, олардан қаламын ба. Бір жағынан аязға тоңбас үшін «алып қоятын ащыларымыздың» да қызуы бар дегендей. «Аталарынан қалған асты» олар да сілтеудей-ақ сілтейді екен, шіркіндер. Мен де қалыспауға тырысып бақтым, қазақтың бұрғышылары да олардан осал еместігіне көздерін жеткізіп. Қатты аяздан ба, әлде ауаның шыңылтыр тазалығынан ба, «ащы» құрымағырың онша қатты әсер ете қоймады сол кезде, мүмкін жастығымыздан да болар. Олардың бізден бөлек ерекше көзге түскені, ақшаның «мөріне» қарамай шашатындығы еді. Телефон соғып сұратса болғаны, ауылдарынан 1000-3000 рубльден перевод келеді де тұрады. Өздерінің айтуынша, олар жұмыс жасайтын жақта ақша жұмсайтын жер жоқ екен, сондықтан ақшалары жиналып қалатын көрінеді. Осындай бір орталық қалаларға шыға қалғандай жағдайда еркінше «шашып» қалатын көрінеді. «В Сибирь за длинным рублем» дегеннің мағынасын осыларды көргенде түсінгендей болдым. Сол оқуда жүргенімізде біздерді Свердловск қаласындағы УЗТМ заводына экскурсияға алып барды. УЗТМ –Уральский завод тяжелого машностроения. Өмірімде бұндай айлапат заводты көрмеппін. Ұшы-қиыры жоқ территорияны алып жатқан керемет екен. Бізге тек бұрғылау қондырғыларының жабдықтарын жасайтын заводтың цехтарын ғана аралатты. Соны көргенде де аузымды ашып қалғанмын. Ал негізінде УЗТМ дегенің тек қана бұрғылау қондырғыларын жасайтын завод емес, ол еліміздегі бүкіл тау-кен өндірісіне қажетті техникаларды, механизмдерді, жабдықтарды шығаратын нағыз алыптың өзі ғой. Бұндай алыпты көзіңе елестетудің өзі күшке түседі. Экскурсияның жалғасы ретінде  «Кунгурская ледяная пещера» деген керемет жерге бардық.

пещера 1

пещера 2 пещера 32

 

Кунгу́рская ледяна́я пеще́ра — одна из самых популярных достопримечательностей Сибири и Урала. Вместе с Ледяной горой образует историко-природный комплекс регионального значения[1] (в СССР — заповедник союзного значения). Пещера находится в Пермском крае, на правом берегу реки Сылвы на окраине города Кунгур в селе Филипповка, в 100 км от Перми. Уникальный геологический памятник — одна из крупнейших карстовых пещер в Европейской части России, седьмая в мире гипсовая пещера по протяжённости. Протяжённость пещеры составляет около 5700 м, из них 1500 м оборудовано для посещений туристами. Температура воздуха в центре пещеры от +5 °C до -2 °C, относительная влажность в центре пещеры — 100 %. Кунгурская пещера содержит 58 гротов, 70 озёр, 146 т. н. «органных труб» (самая высокая — в гроте Эфирный, 22 м) — высоких шахт, доходящих почти до поверхности. Ей более 10-12 тысяч лет.

Бұл Свердловск қаласынан алыстағы, Пермь облысының жері екен. Бұл да керемет болды. Осы сапарымда көрген кереметтің не екенін аздап жазайын. Орыстың орман-тоғайларын көріп жүргенмін, ал мынау Сібірдің тайгасы дегенің тіпті бөлек әлем екен ғой. Тюменьнен Свердловскіге, одан ары қарай Свердловскіден Кунгурға дейін поезбен жүргенде темір жолдың екі жағындағы қалың, биік шыршалар мен самырсындар қоршаған тайганы көргенде аузымды ашып қалғанмын. Бұған дейін осыншама биік ағаштар болатынын көрмеппін де, болады-ау деп ойламаппын да. Ағаштардың ұшар басын көру мүмкін емес, кем дегенде 20-30 метрдей(одан да биік деп айтады жолдастарым) биіктіктері бар. Қалыңдығын да ауызбен айтып жеткізу қиын, ит тұмсығы өтпейді дегеннің нағыз өзі. Сібірдің тайгасына кіріп кетсең аспанды, күнді көруің мүмкін емес екен ғой деп ойлап қойдым. Тюменьге оқуға жіберген басшылыққа мың алғыс айтумен болдым. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Тақырыбымызға ойсайын. Бұл жерге баруымыздың бір себебі, Кунгур қаласының маңындағы бір заводта «Винтовой забойный двигатель» (Д-172, бұл маркада өзім жұмыс жасаған двигателімнің размері көрсетілген) жасалады екен. Бұл заводты да көрдік, жасап жатқан двигательдерімен жақынырақ таныстық. Забойный винтовой двигательді бізге көрсетуінің басты себебі, сол кезде Кеңестер Одағы бойынша турбобурмен қазу нашарлап, көрсеткіштері көңіл көншітпей қалған заман болатын. Турбобурмен қазуға арналған «высокооборотный долоталар» шыға қоймаған, «рейсовая скорость бурения» тіпті төмен болып, бұл тығырықтан шығатын жолдың бірі осы, айналымы турбобурға қарағанда әлдеқайда төмен, винтовой двигатель болып есептеледі деп түсіндірген бізге сол курста дәріс бергенде, оқытқанда. Айналу жылдамдығы қатты(600-800 об/мин) турбобурдан бас тартып, төменгі жылдамдықпен айналатын долотоларды пайдаланып, роторлы бұрғылауға бірден көшіп кетуге бұрғылау құбырларының сапасы келіспей тұрған кез еді ғой. Винтовой двигательдің «көмегімен» әлемге әйгілі «Кунгурская ледяная пещераны» да көріп қалдық. Айтуға сөз жоқ тамаша жер. Бару керек, көру керек!

  Біздің мекемеге де винтовой двигательдер келді, керек кезінде өзім бірер жерде қондырғы басына алдырып аздап пайдаланып көрдім. Көңіл толтыратындай нәтиже көре қоймағасын ұмыттық.  Жалпылама қазуға пайдалана қоймадық. Дұрысы әлемдік үрдіске ілесіп роторлық бұрғылау әдісіне көшкен екенін түсіндік, шетелдік құбырлар, долотолар ...  алдырып біртіндеп әлемдік көшке ілесіп кеттік қой.

  Осы жазбамда өзім жұмыс жасаған замандағы, бұрындары жазбаған, кейбір өндірістегі, далалық тұрмыстағы жағдайларды суреттеп көрсеткен болдым.

 

Бәкөн әл-Сағыз.

 

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника