Дата публикации: 18.02.2019 16:04
Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың жазбаларының жалғасы
Маңғыстау қалалары жөніндегі кейбір ойларым.
Мен әр кездері осы Маңғыстау түбегіндегі, тек теңіз жағасында орналасқан елді мекендер жайлы, олардың орналасу тәртібі, қала салу мәдениеті, транспорттық қатынастары және де тағы басқа мәселелер жөнінде біраз өзімнің ойларымды қойын дәптерлеріме жазып отырғанмын. Артынан сол ойларымды соңғы кездердегі ойларыммен қосып бір арнаға түйістіріп төмендегідей жайларды жазып қойғанмын сол дәптеріме. Кейбір өзім көріп, көңіл аударған қоғамдағы әр қилы мәселелер жөнінде өз ойларымды дәптерлеріме жазып, түртіп қоятын «жаман әдетім» баяғыдан бар, енді солардың кейбіреулерін қайта қарап, ой қорытып, ештеңесін түзетпей, тек толықтырып жазбақшымын.
Ертеректе, 1974 – ші жылдардан бастап кеңес үкіметі құлағанға дейін мен Маңғыстауда, әуелі Жаңа Өзенде, артынан Ералиевте, одан кейін Шевченкода тұрған кезімде қалааралық автобус қатынасы өте нашар болатын. Ол кездері жеке автокөлік өте сирек, такси дегенді ойламауыңа да болады (әрі қымбат, әрі жоқ), автобустардан басқа басқадай қатынау құралы жоқ десе де болады. Ол автобустарға өзіңе ыңғайлы уақытқа дәлдеп билет алу дегенің қиямет-қайымның нағыз өзі, аяқ астынан шаруаң шыға қалса тіпті қиын. Бастапқы әзірде Жаңа Өзенде тұрғанмен мен жұмысты Жетібайда, Ералиевте жасадым, бас конторымыз Шевченкода болды да, мен көбіне осы елді мекендердің ортасында жол азабын тартып жүретін едім, әрі ол кездерде көпшілік жерлерге асфальт жол салынбаған еді. Нағыз азаптың өзі еді жол жүру дегенің. Автостанцияларда автобустардың жүргізушілерінің ыңғайына қарап, билет жыртып кіргізетін контролерлердің көзін аңдып, діңкең құритын кез ғой ол заман. Автостанцияларда жаз кезінде шөлден кенезең кеуіп өлуге шақ қаласын, еш жерден бір тамшы сусын таба алмайсың. Міне сол кездерде мен көлеңкеде отырып алып қиялға берілетін едім. Ойлайтын ойларым: «Қалай осы Маңғыстауда қалааралық жол қатынасын жақсартуға болады, ол үшін не істеу керек?» дегенге саяды, соны шешудің жолдарын іздестіремін. Сол кездердегі менің ойлап тапқандарымның кейбіреулері қазіргі кезде де өзінің маңызын жоғалтпаған сияқты, тіпті керек болса, оларды жүзеге асырса тіпті тамаша болатын да сияқты ма, қалай. Олай дейтін себебім, қазіргі кезде автомашина өте көбейіп кетті, асфальт жол ондай көп көлікке есептелмеген, әрі өте жылдам көліктер, өте қуатты көліктер, көлік иелері жас жігіттер, немесе тәжірибесі жоқ жүргізушілер. Сондай жүргізушілер және қалааралық адам тасымалымен айналысып, семьясын асырап, нәпақасын табамын деп жүріп авария жасап қарайған елдің обалына қалуда.
Енді сол ойларымды жазып қарайын:
- Мен сол кездерде ойлайтын едім: «Өзен қаласын неге дәл сол жерге, өндірістің ортасына салған екен, басқа жерге де салуға әбден болатын еді ғой?». Өзенде тұрған кезімде осы қалада жазда демалатын ауа жоқ болатын, күн шыжыған ыстық, ерсілі – қарсылы жосылған өндіріске әртүрлі жүктер таситын үлкен машиналар, арнаулы техникалар (ЦА,бульдозер, трактор, крандар...), әрі олардың жүргізушілерінің барлығы да машиналарын үйлерінің тап түбіне дейін айдап алып келетін. Асфальт жол жоқ, қара жолдың шаңын аспанға шығарып бұрқырататын, жел тұрса машиналардың табанымен әбден ұнтақталып ұлпаға айналған шаң - топырақ ауаға ұшып дым көрсетпей кетеді, демалудың өзі проблемаға айналады. Оның үстіне мұнайдан бөлінген ілеспе газды жаққан факелдер де ауадағы өзі аз оттегіні құртып жататын. Әрі сол қаланы салған жердің топырағы да саз балшық болатын, сәл жаңбыр сіркіресе болды аяқ алып жүре алмайтын ми батпаққа ілезде айнала қоятын еді, жарықтық. Міне тап сондай тозақтың ортасына қала салған тек қазақтар ғана болатын, басқа ешбір халық ондай жерге өздері тұратын қаланы салмайтын болар. Және де, тап қаланың іргесінде (сол заманның есебі бойынша онша көп қашықтық бола қоймас, түйе арбамен қатынайтын кез емес, космосқа адам ұшып жатырған заман ғой) қоңыр салқын самалы соққан, жағасы демалуға өте жайлы Каспий теңізі болса, ондай тозақтың отына қандай халық қала салады, әрине, тек қазақтар ғана. «Қазақ – жүрген жерің азап» деп бекер айтпаған ғой. Әйтпесе, тым алысқа, қалай қала салу керектігіне мысал іздеп сабылмай – ақ, тап іргесінде тұрған тамаша көрнекі мысал – Шевченко қаласы тұр емес пе. Өзенді де сол принциппен салуға, тым ұқсас қылмағанмен кейбір керекті нәрселерді алуға болатын еді ғой. Менің ойымша, мен сол кездерде тап осылай қиялдайтынмын, Өзен қаласын теңіз жағасында болған(Фетисовтың, Кендірлінің маңында) баяғы біздің экспедицияның Ақсу поселкесінің орнына салса, содан жұмысшыларды қазыргі Өзен кенорнына вахталық әдіспен 15 күннен тасып тұрса(қазыргі кездегі Қаламқас кенорнына тасыған сияқты), және де жұмысшыларды автобуспен тасымай, теміржол салып кенорнына дейін поезбен тасыса деп қиялдайтынмын. Сол кезде өте тамаша қала болар еді – ау Өзенің, баға жетпес еді ғой. Ал сол кездердегі Өзенде салынған үйлердің жобаларын қайдан тауып алғандарын білмеймін, өте ыңғайсыз, бізге қажеті жоқ жобалар.
- Жетібай поселкесі де тап осы Өзен қаласының кебін киген еді, ешқандай айырмасы жоқ. Менің қиялымда осы Жетібайды да Ералиев поселкесіне түгелдей көшіріп, оның жұмысшыларын да кенорнына темір жолмен тасып тұрса, вахтамен жасайтын қылып деп ойлайтынмын. Сол кезде Маңғыстаудың негізгі қалаларының барлығы да (Форт – Шевченко, Шевченко, Ералиев, Өзен) Каспий теңізінің керемет жағалауында орналасатын болады да, халқы қалада тек курортта тұрғандай болып тұрады, өндірістің қалаға еш қатысы болмайды. Және Маңғыстауда тағы бір теңіз жағасындағы өте тамаша, әсем қала пайда болатын еді. Ал қазырге дейін екі жерде тұрған екі поселоктың да келісіп тұрғандары шамалы. Тек жай қазақ ауылдар ғана. Менің ойымша, осы өңірге берген АЛЛАНЫҢ сыйын, Каспий теңізін, халық игілігіне толығымен жаратып, пайдасын молынан көру үшін, басқа өңірлерден ерекшелігін айқындап көрсетіп тұру үшін де елді мекендерді барынша жағалауға жақындатып орналастыру керек, сонда ғана барлық жағынан мейлінше ұтатын боламыз.
- Енді осы теңіз жағасында орналасқан Маңғыстаудың бірнеше қаласының арасына теңіз арқылы жүретін теплоход жүргізіп қойса, автобус сияқты бірнеше рейс жасайтын бірнешеуі , тіпті тамаша болмас па еді. Жолаушы халық өз өміріне еш қауіптенбес еді, әрі саяхаттап теңіздің ауасымен демалып, әрі теңіздің үстінен жағалаудағы тамаша көріністерге көз тойдырып рахат сезіммен қалаған қаласына барып шаруасын тындыра алар еді ғой. Әрине, теңізбен жүруге сәл көп уақыт кетеді, теплоходтардың жылдамдығы автомобильге қарағанда аздау болады, ондай кезде асыққан адамдардың машинамен де жүруіне де болады ғой. Тағы бір ойлағаным, теңіз арқылы ғана жүрмей, автокөлікпен де жүрмей, осы қатынас құралдарына қосымша осы қалалардың барлығының арасын темір жолмен қосып, араларына пригородный кішкене ғана, 3 – 4 вагоны бар поезд (электричка) жүргізіп қойса болмай ма. Маңғыстаудың жері тастақ, қатты болғандықтан, әрі ол жолмен жүк поезы жүрмейтін болса, тек қана жеңіл жолаушы поезы(электричка) ғана жүретін болса, онда ондай темір жолды салып, тек қалааралық қатынас үшін, пайдаға асыруға көп шығын шықпайтын болар. Жеріміз қатты ғой. Міне сонда ғана қазыргідей жол апатынан жылына көп адам мертікпейтін болады, асфальт жолдағы машиналардың да саны едәуір азаятын болады. Кезінде Шевченко қаласындағы атағы жер жарған ПГМК мекемесі өзінің жұмыскерлерін өндіріс орынына дейін қаланың ішінен осындай жеңіл, шағын поездармен тасымалдаған жоқ па, содан неге үлгі алмасқа.
- Ендігі айтпағым, қала салу мәдениеті жайлы болмақ. 1996 жылы Ақтауға көшіп келгеннен кейін көп уақытымды қаланы зерттеуге арнадым. Сол кездері мен алғаш рет Жигули – 06, «Шоха» жеңіл көлігін жаңала алғанмын. Өзімнің қала тану біліктілігіме қатысты бірнеше «шаруаның» басын қосып, әрі қаламен жіті танысайын, оның тек шағынаудандарының қалай орналасқанын емес, басқадай да жақтарына көп көңіл бөліп аралап, әрі машина айдаудың қала ішіндегі ерекшеліктеріне байыппен қарап қаланың айналасын, ішін көп араладым. Әрине, менің бұрыннан да байқауымша біздің қаланы салғандар өте көп жаңалықтар әкелген ғой қала салу мәдениетіне. Қазақстандағы ғана емес, оны артынан басқа жерлерді аралағанда байқаған едім, кеңестер одағындағы әдемі қалалардың бірі екен біздің қаламыз. Барлық жағдайлар егжей – тегжей ойластырылған екен, яғни барлығы адам үшін, адамдардың барлық жағдайы ойластырылып жасалған екен. Бұл қаланы салған ОРЫСТАР еді, олар және бұның барлығын біз үшін емес (жергілікті ұлт өкілдері үшін емес), өздерінің жағдайын ойлап салған ғой. ПГМК – да тек сол ұлт өкілдері жұмыс жасағанын барлығымыз жақсы білеміз. Өздерін мәңгі осы жердің қожайыны боламыз деп ойлаған ғой. Қала бірнеше үлкен – үлкен бөлшектерден (секторлардан) тұрады екен. Біріншісі, тек қана тұрғындар тұру үшін тұрғызылған, теңіз жағасының ерекшеліктерін әдемі пайдаланып орналастырылған қаланың өзі. Екіншісі, қаланың сыртында, қалаға ешқандай мазасыздық әкелмейтіндей қашықтықта орналасқан өндіріс орындары, әртүрлі заводтар, фабрикалар... Жұмысшылардың барлығын өндіріс орындарына дейін жеңіл поездармен, ешқандай шу шығармай, тап – таза күйінде тасымалдайды.Қалаға ешқандай өндірістің ауыр техникалары жоламайды (қазақтардың салған қалаларындағыдай емес, тракторлары мен малы, адамдары мидай араласып, көк шаңы шығып, көк түтіні бұрқырап ызы – қиқы, у да шу болып жататын). Үшіншісі, қаланың теңіз жағы жағалауында орналасқан әртүрлі мекемелердің жаға – жайлары, демалыс орындары, балаларының пионер лагерлері, тамаша ойластырылған керемет әдемі жерлер, ондаған шақырымдарға созылып жатырған көптеген тамаша демалыс орындары. Асфальт жол салынған барлығына дейін, газ тартылған, электр линиясы бар. Әрбір демалыс жайының ішкі жағы әбден ойластырылған, жеңіл үйшіктер, фонтандар, тротуарлар ... Әрбір мекеменің өзінің жұмысшыларын демалыс орындарына дейін тасымалдайтын автобустары жүйелі түрде, бекітілген графикпен қатынап тұр. Ешқандай артық ауыс келеңсіздіктер, түбіне дейін ойластырылмаған еш нәрсе жоқ. Барлығы ӨЗДЕРІ үшін егжей – тегжейлі, тыңғылықты етіп ойластырылған. Қазақтардың шала – шарпы жартылай ойластырған шаруасындай емес. Төртіншісі, қаланың шеткі жағында әр жұмысшының, қаланың әр тұрғынының жеңіл автокөлігі үшін салынған гараждар қоғамдастығы. Ол қоғамдар да әбден ойластырылып тұрғызылған «қалашықтар» екен, ішінде барлығы рет – ретімен, тәртіппен орналасқан. Типовой проектпен салынған. Керемет. Бесіншісі, қаланың сыртқы жағында орналасқан бірнеше саяжайлар (дачалар). Олар да қала сияқты барлық мәселелері тыңғылықты түрде ойластырылып салынған. Жолы, суы, үйшіктері, электр линиясы, көше – көше болып, ауыл – ауыл болып, әрқайсысының өзінің атауы бар, орналасқан. Осы жерде тағы да бір мәселеге тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын, ол менің «Біріншісі» деп көрсеткен қаланың теңіз жағасының өзіндік ерекшеліктерін мейлінше әдемі пайдаланып салынғаны еді, ендігі кезде ОРЫСТАР қала билігінен кетіп, қаламыздың билігі өз қолымызға тигеннен бастап біздің ҚАЗЕКЕҢ орыстардың жасап кеткен барлық жақсылықтарын барынша бүлдіре бастады, теңіздің жағалауын әртүрлі коммерциялық ғимараттармен, байшікештердің жеке үйлерімен жауып, қарапайым халықтан бөліп тастады. Қаланың шағын аудандарының барлығын да орыстар жақсылап ойластырып, электр энергиясының қуатын, су, жылу, газ, тұрмыста қолданылған лас сулар жүйесін (кәріздер, канализация) ... барлығының есеп – қисабын жасап салынған қала еді, қазекем өздеріне билік тигесін ешқандай есепке қарамастан (таза қазақша «метрбай жобамен») қаланың шағын аудандарының ішіндегі сәл ашық жер тапса сол жердің тал – теректерін (орыстар өсірген) қопарып тастап орнына зәулім – зәулім ғимараттар тұрғыза бастады (ешқандай есеп жасауға басын ауыртпастан). Соның кесірінен түбінде қаланың электр энергиясымен, газбен, әртүрлі сулармен, канализация жүйесі біртіндеп істен шыға бастады, шектен тыс салмақ салынғанын әртүрлі жүйелер көтере алмады, қаланың бұрынғы үйлері осылардан тапшылық көре бастады. Солай, барлық жүйелерді құртып тындық, енді ғана оны түсініп жатырған сияқты қазекем, әбден болары болып, бояуы сіңгеннен кейін сан соғатын қашанғы әдетіміз емес пе. Барды ұқсата алмай, білігіміз жетпей, өзімізше бүлдіріп тындық. Қала салмақ түгіл, қала салу мәдениетін үйренбек түгіл, біреудің жасап кеткен дүниесін ұқсатып пайдалана алмадық. Ал осындай сорақылыққа не деуге болады?
- Міне, осылардың барлығын байқап қарап шыққаннан кейін, өзіміздің қалаларымыздың қалай орналасқандарымен салыстырып қарап көңілім қатты құлазыды, өзіміздің сауатсыздығыма қатты қарным ашты. Неге біз осындаймыз? Неге біз шала ойлаймыз? Неге біз көп көпіріп мақтануға құмармыз? Біздер негізінде «Бәрі адам үшін жасалуы керек» дегеннің орынына, «Бәрі ең алдымен өндіріс үшін, адамның тағдыры содан кейін» деген кеңестік дәуірдегі әдеттен, соларша ойлау қабілетінен қашан арыламыз? Сол кеңестік дәуірдің өзінде де ПГМК – ның ОРЫСТАРЫ осы қаланы ӨЗДЕРІНІҢ жағдайларына ыңғайластырып салған жоқ па? Өзенді, Жетібайды, Ералиевті ... салған кезде біздердің алдымыздағы басшыларымыз осыларды ойлауға қабілеті жетпеді ме, Шевченконы бір аралап шығып, қала салу мәдениеті жөнінде дұрыс ой түюге оларға не кедергі болды екен? Қалай болғанда да, көздеріне көрініп тұрған мәдениетті көрмегендеріне қарағанда қазақтардың айтатын: «Көрмес түйені де көрмес» дегені дұрыс шығар. ОРЫСТАРДЫҢ салған қаласымен өзіміздің ҚАЗЕКЕМІЗДІҢ салған «қалаларын» салыстырып қарасаң жылағың келеді, мен ҚАЗАҚПЫН деп кеудеңді керіп айтуға, осындайларды көре тұра ұяласың да. Мысал іздеп алысқа шабудың қажеті шамалы, байқайтын көзі бар жанға қазіргі кезде Ақтау қаласының айналасындағы елдімекендердің қалай салынып жатқанынан да біраз нәрсені көруге болады. Бұларды тәптіштеп тұрып жазғаныма қарап «мынауың қазақта өші бар адам ғой, мынандай сөз саптасына қарағанда» деп ойлап қалуға болар. Бірақ мен нағыз қазақпын, өз қазағымның патриотымын, әйтпесе мен бұлардың бәрін жазбас едім ғой, басқалар сияқты көзімді жұмып «бізге осы да жарай береді» деп жүре берер едім ғой.
- Бұлардың барлығы да кездейсоқтық, ондай – ондайлар анда – санда кездеседі деп ойлап қалуға да болар ма еді, қайтер еді, бірақ тап осындай сорақылық тағы да алдымнан шықпағанда. Шевченко қаласын салған атақты жартылай әскери министрлік қой, біздерге олармен теңесу қайда деуге де болар, бірақ тап сондай болмағанмен ұқсап бағып, өнеге алуға кім кедергі болады? Ешкім де, тек өзіміздің сылтау іздегіштігіміз, ақталып шығуға дайындығымыз ғана. 1980 – нші жылдардың аяғында, 90 – ншы жылдардың басында әлемге әйгілі Теңіз мұнай кеніші ашылғаннан бастап, сол кеніштің әкімшілік орталығы болып саналатын Құлсары қаласы «дами» бастады. Ол тарихты жазбай – ақ қояйын, елдің бәріне белгілі тарих қой. Тек айтайын дегенім, мен сол кезеңдерде жұмыс бабымен Құлсары қаласындағы (ол кезде әлі қала деген атақ ала қойған жоқ) әртүрлі шетелдік компаниялардың мекемелеріне, отандық мұнай іздейтін мекемелерге жиі барып тұрдым. Сонда байқағаным, Құлсары қаласын дамытуға көп күш жұмсалып жатты, қарайған қаражат құйылып, поселоктен қала болуға ыңғайлана бастады. Сорақылықтың түрі мынандай: әртүрлі қазақстандық құрылыс трестері Құлсарының ішінен көп қабатты үйлер тұрғыза бастады. Құлсарының өзінің тұрған жері батпақты, сазды жер, тұзды сордың маңайы, ылғи ми батпағы езіліп жататын жер. Және де қазақ ауылдардың барлығы да мал қоралармен араласып жатырған еді. Міне, тап осы ми батпақтың үстіне, мал қоралармен аралас қылып жаңа үйлер тұрғызыла бастады. Көп қабатты үйлерді тұрғызу үшін фундаменттің астына жерге бірнеше метр тереңдікке қазылып қадаулар (свайлар) орнатылды, солардың үстіне үй тұрғызылды. Ұйма балшық, тұзды сордың үстіне. Үйлердің проектілері де өте нашар, жарамсыз, Өзен қаласындағы сияқты ешқандай әдемілігі жоқ, қазақ халқына арналмаған дүниелер. Менің таң қалмасқа амалым қалмады, нағыз көр соқыр адам болмаса, байқау қиын емес қой «қаншама қаражат желге ұшып жатыр, немесе ұйма сорға көміліп жатыр, қазақтардың мал қораларының арасында қалып жатыр». Ешқандай әдемілік, ешқандай эстетика, ешқандай қала салу мәдениеті жоқ. Нағыз «типичный» қазақша ойлау, қаражатты сорға, малдың боғының арасына көму. Неге мен сол боқтың ортасына қала салуым керек, егер сол жерге міндетті түрде қала салу керек болса, неге дұрыс жерді таңдап алмасқа. Жем өзенінің бойынан жақсы құрғақ жерді таңдап алып, таза жерге көп қабатты қылмай – ақ, 3 – 4 қабатты, немесе 1 – 2 қабатты әдемі, қазақтардың менталитетіне ыңғайлап, кең бөлмелі қылып, түзу көшелері жарқыраған жаңа қалашық салып, адамдардың өмір сүруіне ыңғайлап барлық жағдайларды (Шевченко қаласын салғанда орыстар өздеріне қандайма жақсылықтарды ойластырғанын тағы бір қарап шық) жасап, асықпай – аптықпай, рапорттауға, мақтау естуге ұмтылмай жақсы Жаңа Құлсары деген әдемі қала салып шығуға, ортасымен Жем өзені сылдырап ағып жататын, болмай ма. Болады ғой, бірақ біз қазақпыз ғой, сондықтан да айналамызға қарап алаңдамай – ақ басшылар айтса болды деп бас шұлғып, тезірек бөлінген қаражатты игергенін рапорттауымыз керек қой. Артынан талай рет көрдім, сол сордың үстіне свайға отырғызылған үйлердің отырып кеткенін, жарының сылақтары, қаптаған қаптамаларының құлап жатырғанын, пәтерлерінің сыздан көктейтінін, фундаменттің астынан су шығатынын ... Қайран халықтың қаражаты, қор болған қазекемнің қаласы десейші. Міне, біздің өзімізге салғандағы көретін күніміз осындай. Жаңа Құлсары деген қала басқа жерден салынып, әдемілігімен, адам өмір сүруге ыңғайлылығымен халықты қуантып(Ақтау қаласы сияқты – ОРЫСТАР салған деп айтпауыма болмай тұр), қазақстанның картасына енсе керемет болмай ма. Ал қазыргі Құлсарың баяғы таз кепешін киген күйінде тұр, қиюы кеткен дүниені қаншама жерден әдемілеп боясаң да болмайды ғой. Дұрыс ойлап, халыққа болсын деген адам марқұм Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев мұрындық болып тұрғызған Жаңа Қаратон сияқты қалашық салар еді-ау ... .
Ескерту: Мен бұл жазбамды ертеректе жазғанмын, өз кезегін күтіп компьютерімде ұзақ жылдар тұрды. Қазіргі кезде Жаңа Өзен қаласы біраз бой түзеді, бір заманда Ералиев поселкесі деп аталған елдімекен Құрық селосы болып аталып, ол да біршама көркейді, аумағы үлкейді. Маңғыстау жерінде Кендірліден жаңа қала салынбақшы, Ақтау қаласы да көркейіп дамуда, қалалааралық жолдар да кереметтей жақсарды ... Бірақ менің ертеректе, осылардың бірі де болмаған жағдайда жазған қиялымды мұқият оқыған адамдар, сол жазғандарымның ішінде, айтқан ойларымның арасында әлі де болса өзектілігін жоғалтпаған «дәндер» бар екенін көруіне болар еді. Жаңа Өзен мен Жетібайдың тұрғындары үшін экологиялық мәселе әлде де өзекті екені түсінікті шығар.
Бәкөн әл-Сағыз.
P.S. Осы жазғандарым «Президент және халық» деген газеттің 2014 жылғы бір санында мақала болып жарияланды. Мақала жарық көргесін оқырмандардан үйге, эл.почтама біраз хаттар алдым. Өзен қаласы жөнінде жазғандарымды құптағандар да, ұрсып сөккендер де болды.