МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

МҰНАЙШЫ ЖАЗБАЛАРЫ

Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы.  Б.Бисенғалиев  Ардагер геолог-барлаушы     «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілері сияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік  жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың  Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды.  Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген.   Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы.   Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.

26239764_130334624436503_1758102012464962738_n

 

Бұрғылаудағы ащы сабақтар

Шыңдалу мектебі

  Бұрғылау шебері қылып Шотаев Мәлік екеумізді бірге тағайындады, бір бұйрықпен. 1974 жылы КазПТИ-ді бұрғылау мамандығы бойынша тәмәмдап, КЭ «МНГР» мекемесіне жолдамамен, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, біршама көп бала келгенбіз. Олардың барлығының аты-жөндерін тізбектеп алдыңғы жазбамда көрсеткен едім. Тағайындаларға дейін бұрғышылық жұмыстың қыр-сырына қаныға түсуді, қасымдағы бұрыннан бері жұмыс жасап келе жатқан кәнігі, тәжірибелі жұмысшылардан үйрене түсуді алдыма мақсат қылып қойып алып, бар ынта-жігерімді салып жұмыс жасап жүргенмін. Содан 1976 жылдың қақаған қысында, желтоқсан айында Қарақұдық-20 деген ұңғыны қазып жатырған Бозбаев Ғалымжанның бригадасына бұрғылау шебері қылып тағайындады. Мен келгенше осы бригадада бұрғылау шебері болып жұмыс жасап жүрген Халидуллин Лесбай деген ағамызды мен бұрғышы болып жұмыс жасап келген Бегеш-2 деген бұрғылау қондырғысына қондырғы бастығы қылып жоғарылатып ауыстырып жіберді.

   1976 жылдың қараша айында Бегеш-2 қондырғысында Сидоров деген бұрғышы көмекшісін УМК деп аталатын ауыр бұрғылау кілті соғып мерт қылды да, сол қондырғының басшысы В.Т. Ильясов пен бұрғылау шебері Мұқанбет Өрбісіновты орындарынан түсірген болатын. Жазатайым, техника қауіпсіздігін сақтамағандықтан болған оқиға ғой. Бір жазбамда жазғанмын, Сидоров марқұм мерт болған ауысымның құрамында мен де жұмыс жасап жатқанмын. Мен күндізгі вахтада болып, Сидоров түнгі вахтаға шыққан. Түнгі вахтаның бұрғышысы Серік Атшыбаев деген, жақында ғана біздің мекемеге Шевченко қаласындағы МУРБ мекемесінен ауысып келген жас жігіт. Менің туыс ағайыным, менен 2-3 жас үлкендігі бар ағам. УМК деген ауыр кілт, бұрғышы роторды қатты айналдырып қалғанда кілттің айналу радиусында тұрған Сидоровтың белінен соққан. Қондырғыдан келген суық хабарды ести сала, күндізгі вахтаның демалып жатқан жігіттерінің барлығы түгелдей қондырғы басына жиналдық. В.Т.Ильясов демалыста болғандықтан, оның көмекшісі бұрғылау шебері Мұқанбет Өрбісінов жұмыста болатын. Бұрғылау қондырғысына келсек Мұқанбет сол жерде екен, қатты қобалжулы. Оқиға болған жерге ешкімді жолатпай, Ералиевтегі РИТС-1 басшыларына рация арқылы хабарлапты. Сидоровтың мерт болғаны анықталғаннан кейін, басшылардың рұқсатымен оның денесін таза брезентке салып алып культбудканың(мастер жататын вагон, бір жағы культбудка) бір жағына орналастырдық. Біреумізде де ұйқы болмады, түнімен күзетте болдық. Мен көбінесе Мұқанбеттің жанына, қолдау көрсетіп, жиналған қазақ жігіттердің арасында болдым. Осы оқиғаға себепші болған Серік ағамды қолдап, көмегімді беріп, жанашырлық танытып жүргенім онсыз да белгілі ғой. Содан кейінгі оқиғалар өз реттерімен, біріне бірі жалғасып кете берді. Сол түні суық хабар жеткен бойда, РИТС-1 мекемесінің басшысы Қуан Қаиевтың өндіріс жөніндегі орынбасары(технологияға, техника қауіпсіздігіне жауапты) Тұқымов Кенжеғұл ағамыз Газ-66 жүрдек көлігімен асығыс жолға шыққан. Суыт жүріп таң қылаң бере ол да жетті қондырғы басына. Осындайда жасалатын тексеру амалдары толықтай аяқталғаннан соң, Кенжеғұл ағамыз мініп келген көлікке Сидоровтың денесін тиеп Ералиевке жөнелттік.  Біраздан соң Лесбай ағамызды В.Т. Ильясовтың орнына тағайындады да, М.Өрбісіновтың орнына РИТС-2 мекемесінде бұрғышы болып жүрген, бәріміз бірге оқу бітіріп келген Мәлік Шотаевты бұрғылау шебері қылып тағайындады. Институтта да ГН-69-4 группасында бірге оқығанбыз М.Шотаевпен, екеумізді бірге тағайындаған осы кезден бастап жұбымыз жазылмастан әлі бірге келе жатырмыз. Бір жазбамда атап көрсеткенімдей, М.Шотаев ұзақ жылдар комсомол жастар бригадасын басқарып, өңірлік, республикалық, салалық жарыстардың жеңімпазы атанды. Көптеген жылдар бойы екеуміз тізе қоса жұмыс жасап, иық тіресе еңбек етіп Мұнайгазбарлау экспедициясына да басшылық жасадық.

  Негізгі тақырыбыма ойысайын, 1977 жылдың күзіне қарай біздің бригада Қарақұдық-20 ұңғысын қазып бітіріп, Бейнеу кентінен 60 шақырымдай қашықтықта орналасқан Ащытайпақ деген жаңа алаңдағы №2 ұңғыны қазуға көшіп келдік. Қондырғы басшысы Ғалымжан ағамыз екеуміз бір-бір вахтаның жігіттерін қасымызға алып екіге бөлініп жұмысты ұйымдастырдық. Ғалекең бір вахтамен жаңа алаңдағы қондырғыны іске қосуға дайындау үшін Ащытайпақ алаңына кетті де, мен ескі алаңдағы(Қарақұдық-20) қондырғы құралдарын, тұрғын вагон-поселокті, бұрғылау құбырларын жүк көліктерімен көшіруге қалдым. Көштің ең соңғы көлігімен жаңа алаңға мен де келдім. Қарақұдық алаңынан көп қашықтықта жатқан Ащытайпақ деген алаңға аяқ бастым. Тап осы алаңда, осы ұңғыны қазу барысында бұрғылау саласы мамандығына қажетті, алдағы өміріме пайдалы талай ащы сабақ алатын шыңдалу мектебіне келгенімді ол кезде сезбедім де. Жұмыстың аты жұмыс, көшіп-қонған жаңа бұрғылау қондырғысын іске қосу қашанда оңай шаруа емес. Таңның атысы, күннің батысы тыным көрместен шабасың да жүресің. Осылайша жүргенімде Ғалекең аяқ астынан сырқаттанып қалды да шұғыл түрде ауылға ұшып кетті. Дұрысында менің демалысқа(отгулға) шығатын кезегім болатын, бірақ амалсыздан бұрғылау басында қалуыма тура келді. Ол кезде жаспыз ғой, шаршау дегенді білмейміз, сәл тынығып алсаң болғаны шауып жүре бересің. Артынан ойлап қарасам, осы ұңғыны қазу барысындағы барлық келеңсіздіктердің, сәтсіздіктердің басы осыдан басталған сияқты болады да тұрады. Ол заманда қазіргідей қан шығарып, бір мал садақа беріп жіберуді, білгенімізше аруахтарға арнап дұға оқытуды да білмейміз, нағыз коммунистік, атеистік эпоха. Мен ол кезде партия қатарына өте қойған жоқпын, әрі ондай ескілікті ырым-жырымға(сол кезде тап осылай ойладық қой) көңіл аудара қоймайтын жаспын да, бірақ заман солай болды ғой, менен үлкендер де ол кезде садақа беру дегеннің не екеніне көп көңіл аудара қоймайтын еді. Санамызға кірмейтін дүние еді. 20 шақты күндей Қарақұдық алаңындағы қазып бітірген ұңғымызды аяқтаумен, соңғы жағынан көші-қонмен жүріп келіп, енді мына жаңа қондырғыдағы қарбалас шаруаға да шапқылауым керек болды. Жаңа қондырғыда қондырғыны құралдау жұмыстары әлі аяқтала қоймаған, құрастырушы монтажшылармен бұрғышылар қатар жұмыс жасаудамыз. Бірақ әні-міне дегенше бұрғылауды бастау керектігін жоғары жақтағы басшылар рациямен байланысқа шыққан сайын дігерлеп қақсауда. Метр проходка жетпейтін заман ғой, оның үстіне жаңа қосылған қондырғыдан метр қомақты мөлшерде алынатыны тағы бар.

     Ойпырмай, мысал үшін айтып кетейін, сол заманда үштен бірі құралданып болмаған қондырғыдан, айдың аяғындағы 4-5 күнде кем дегенде 500-800  метр проходка(кейде 1000-1500 м) алынатындығына талай куә болғанбыз, өзіміз де солай жасағанбыз. Әккі болғанымыз соншалық, 50 метр тереңдікке, сазға отырғызатын кондуктор дегенді цементін айдап болып, үстінен ұрып «башмагын» сазға тығып жіберіп, ОЗЦ(ожидание затвердения цемента) дегенді күтпестен ары қарай қаза беретінбіз. Бұл да өзінше сол заманның ноухауы. Қысылтаяң кезде, монтажшыларға айтып, қадағалап отырып таль.блок көтеретін, бірінші насосты іске қоса алатын жағдай жасап алып қазып бастай беретінбіз, қалған дүниелер «по ходу» жасала жатады деп. Жан беріп, жан алып жанталасатын небір «қызық» заман өтті ғой.

  Ащытайпағыма қайтып оралайын. Құралдау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, бұрғышылар да тыңғылықты орналасып алып өз істерімізді бастап кеттік. Қырсық ә дегеннен, күтпеген жерден орын алды. Тапа тал түсте, құралдаушылардың тракторы бір механизмді сүйретіп келе жатып, тракторшысы байқамай оттегі толтырылған оншақты баллонның үстіне шығып кетті. Ол баллондарды Ералиевтен самолетпен алып келіп, жаңа ғана осы жерге түсіріп қойған болатын. Барлық баллондарда жоғары қысыммен(120-150 атм.) толтырылған оттегі газы. Бұны көрген жұмыс жасап жатқан сол маңайдағы монтажшылар да, бұрғышылар да бастарын қолдарымен қорғалап жерге екпеттерінен, тұмсықтарын шаңға тығып жата-жата қалысты. Қимылсыз қалдық. Жатқандардың біреуі өзіммін. Толған тракторлармен тапталған борпылдақ құмға бетімізді тығып үнсіз жатырмыз. Құдай сақтағанда жарылыс болмады. Қайда, қандай қауіпті нәрсенің үстіне мініп кеткенін алтыншы түйсігімен сезген тракторшы біртіндеп тракторын кері жүргізіп, мысықтабандап біраз жерге шығарып барып тракторынан түсті. Оттегі баллондарының үстін таптап шыққанын көргенде тракторшы әзербайжан байғұста тіпті ес қалмады. Байқасақ, баллондар жұмсақ құмдауыт жерге батып кеткен екен де, барлығының да вентильдерінде мықтап жабылған қақпақтары болыпты. Нағыз қате болайын десе аяқ астында ғой, трактор шынжыр табанымен, бар салмағымен бір баллонның қақпағы жабылған вентилін басып қалса не болар еді, вентилі қақпағымен қоса мынандай күшке, салмаққа шыдамай сынады, оттегі далаға шығады, жарылыс болады ... . Арғы жағын өзің ойлай бер. Қалай дегенде де өте қауіпті сәтті басымыздан өткізгеніміз шындық. Бір қызығы, сол әзербайжан арамыздағы намаз оқитын жалғыз адам болатын. Қаншама жерден жұмыс қызу жүріп жатса да әлгі әзербайжан, біздер оны молла дейтінбіз, намаз уақыты келгенде тракторын тоқтатып, дәретін алып, шөпті жерге барып намазын оқып алатын еді. Монтажшылардың прорабы мен бригадирі оның бұндай қылығына әбден үйренген, ештеңе демейтін, ұрыспайтын. Басшылары оған әбден мойынсұнған болып шыққан тәрізді. Қалған жұрт соның намаз оқитынына күлетін. Сол бойда оған ешкім мән бермеді ғой, аман қалғанымызға мәз болыппыз. Ал дұрысында, біздердің барлығымызды аман сақтап қалған сол тракторшы әзербайжанның Құдайға жасаған құлшылығы екен-ау!!! Қазір ғой соны түсініп отырғаным. Оттегі толтырылған әлгі оншақты баллон жарылғанда тракторшыдан да, монтаждалып жатқан бұрғылау қондырғысынан да, айналадағы жұмыс жасап жатқан жұмысшылардан да түк қалмайтын еді. Құдай бар екен, бізді сақтады ғой!!! Ал сол бойда байғұс тракторшыға айтпағанымыз жоқ, жұмыстан қуып жіберуге трактор жетіспейтіндігі себеп болып аман қалды. Тракторшы әзербайжанның аты-жөні - Әлиакбаров Аллахберді. Мүмкін оның аты мен фамилиясын ауыстырып отырған да болармын, бірақ осындай тектері есімде қалыпты. Есімде қалатын себебі, қондырғыны құралдап болғаннан кейін, монтажшылар біздің бригадаға осы тракторды, тракторшысымен бірге оперативный трактор қылып тастап кеткен болатын. Бірнеше ай бойы екеуміз жұмыстас болдық, жасаған жұмыстары үшін айдың аяғында «справкасына»(путевкасына)жасаған сағаттарын көрсетіп қол қоятын едім. Негізінде жақсы, ақкөңіл, ниеті таза адам, бірақ алаңғасарлау. Жастайынан діндар әкесі Аллахбердіні дінге бағыттаған, құран оқуды, намазға жығылуды үйреткен. Бұл әзербайжан аз уақыт бірге жұмыстас болғанның өзінде бізді талай күлкілі жағдайға қарқ қылған. Сөйлеген сөздері қызық-ақ, акценті масқара, орысшаны белден емес кеудесінен басып емес, жаншып сөйлегенде бір сөзіне де түсінбей қаласың. Бала тәрізді сенгіш адам.

  Осы жерде тақырыбымнан сәл ауытқып, осы әзербайжан тракторшымен болған бір қызықты жағдайды жазайын. Қондырғы жақынарада ғана іске қосылған, қазу  жұмыстары бірқалыпты жүріп жатыр. Қондырғы басына әлдебір шаруалармен РИТС-1 мекемесінің бас механигі Тастаев Жалғас келе қалды. Қандай шаруамен келгенін ұмытыппын. Бір күні кешке қарай 6-7 шақырым қашықтықта орналасқан Ащытайпақ-1 ұңғысын қазып жатқан Базарбай Қосмағанбетов басқаратын бұрғылау бригадасының бұрғылау шебері Демесінов Тәңірбергеннен рация арқылы трактормен көмектесуді сұраған хабар келді. Тәңірберген екеуміз институтта бірге оқып, бірге бітіріп осы мекемеге жұмысқа тұрғанбыз. Жаймашуақ күз мезгілі,ол уақытта кеш ұзаққа созылады ғой, күн әлі жарық болғасын әзербайжан тракторшыға Жалғас екеуміз қалай баратынын, қай жолмен баратынын тәптіштеп(тракторшының жаңғалақ екенін білеміз ғой) түсіндіріп тұрып тапсырмасын бердік. Жолға салып жібердік. Біздің қондырғыдан бір қыр асқанда келесі қондырғының төбесі көрініп тұрады, адасып кетуді ойлау да ұят. Жазық дала ғой, орман-тоғай емес, көз алдыңда биік мұнара қол бұлғап тұрады, екі қондырғының арасында күнде қатынап тұрған машина жол да сайрап жатыр. Трактор кетті деп Тәңірбергенге хабарлап, қуантып қойдық. Кеш болғасын, бұның енді қажеті бола қоймас деп рацияны өшіріп тастадық. Бірер сағаттан соң қараңғылық түсті. Жіберген тракторымыз жеткен болар деген оймен ол жайын ұмытып та үлгергенбіз. Біраз уақыттан соң вагонда отырған біздерге тырылдаған дауыс еміс-еміс естілген сияқты болады да, сәлден соң жоғалып кетеді. Осы жағдай әлденеше рет қайталанды. Бірде жоғалып кетеді, енді біраздан соң қайталанады. Бұл не болды екен деп далаға шығып айналаны мұқият сүзіп қарадық та. Көзге ештеңе шалына қоймады. Осылайша түннің бір уағы болғасын қондырғы басын бір шолып келіп демалуға жатпақшы болып жинала бергенімде, есікті ашып әзербайжан тракторшым келді. Жалғас екеуміздің ойымызда түк жоқ, мынау көрші қондырғының басындағы жұмысты бітіріп тастап қайтып келген екен деп ойлап үлгергенімізше болған жоқ, тракторшы: «Здрасьте, ви миня визивали, вот и я приехали. Шту надо сдилать?»,-деді. Мынау не деп тұр деп Жалғас маған қарайды(сірә, мынаны сен түсінесің ғой дегені шығар), мен түк түсінбей Жалғасқа бір, тракторшыға бір қараймын. Бақсам бақа екен деген болды, бұл жаңғалақ бізді танымай, біз түгіл өзі бірнеше айдан бері тұратын, жұмыс жасайтын қондырғыны, поселокті танымай, өзін Ащытайпақ-1-ге келдім деп тұр екен ғой. Не қылған Қожанасыр адам десеңші?!!! Манадан бері бірде естіліп, бірде жоғалып кететін тырылдаған дауыс осының тракторының дауысы екен. Біздің қондырғыны шыр айналып, бірде алыстап, бірде жақындап жүре берген ғой. Жарық барында, миына тәптіштеп тұрып «құйып», тіке жолға салып жібергеннің өзінде шырқ айналып бізге қайта келуін көргенде, онда да күнде көріп жүрген Жалғас екеумізді танымай «здрасьте» деп бар білетін орысшасын шығындап амандасуына күлмегенде қайда күлуге болады?!!! Күнде бізді ол жұмыс киіммен көріп, енді вагонның ішінде таза, жеңіл киіммен отырғандықтан танымай қалған болар деп мен ол байғұсты түсінуге тырыстым. Молла тракторшының даланы шыр айналып жүріп, көрші буровойдың орнына өзіміздің буровойға тап болғаны бригада жігіттеріне біраз уақыт ақкөңіл әзербайжан байғұсты келекелеп  күлуге себеп болды. Жігіттердің бір де біреуі тракторшының қалайша адасқан жұмбағын шеше алмады. Тек бір, қондырғымызға жақын орналасқан көрші, үлкендеу қазақ малшы былай деп шындыққа жақын жорамал айтты: «Мен сол кеште малды өрістен жайлап айдап үйге келе жатқанмын. Түн болып қалған шақ. Екі қондырғының дәл ортасында сендердің тракторларыңның тұрғанын шамалап байқадым. Арамыз онша қашық емес болатын. Трактордың осы тұрысы маған ұнамады, трактордың тұмсығы екі қондырғыға да емес, басқа жаққа қарап тұр екен. Трактордың жанында,сәл  қашықтау жерде бір адам еңкейіп-тоңқайып бірдеме жасап жатқандай көрінді. Мен көмекке барайын ба деп ойлағанымша болған жоқ, ол адам тракторына мініп алды да сендер жаққа қарай жүріп кетті. Малшының жобалауынша,  әзербайжан жолға шыққанда күн кешкіріп бара жатты, тракторы шамалы болғандықтан жай жүреді де, орта жолға жете бергенде түн түседі. Намаздың мезгілі келеді. Намазын қаза қылмайтын молла әзербайжан, тракторын жүріп келе жатырған бағытынан бұрып құбылаға қаратып тоқтайды, түсіп намазын оқиды. Намазын бітіргесін қараса екі жақта да буровойлардың оттары жарқырап көрінеді. Жаңғалақ байғұс қай жақтан қай жаққа келе жатырғанын шатастырады да, өзіне дұрыс көрінген бағытты бетке алып тартып кетеді. Кең жазық қазақтың ұшы қиыры жоқ даласында ешқандай көз тірейтін ориентир де жоқ қой. Бағыты дұрыс емес екенін байқамайды да, тракторының қай бағыттан келген ізіне де қарамайды ғой аңқау, жаңғалақ байғұс. Осылайша ол өзі шыққан буровойға қайтып келеді. Қазіргі кезде мен де осы вариант дұрыс-ау деп ойлап қоямын.   

Осындай Қожанасыр адамдармен де жұмыстас болғанбыз.

   Бірнеше айдан соң ол трактордың орнына ДТ-75 «Алтаец» деген жаңа, кішірек трактор келді, тракторисі Харченко Федор деген хохол, біздің бригаданың  асханасының аспазының күйеуі. Сонымен бұл оқиға сол алаңда орын алған, маған ащы сабақ болған қырсықтықтың тек басы еді. Сөйтіп жүргенде айдың аяғы жақындап қалғандықтан(августің аяғы болса керек), монтаж аяқталмастан бұрғылауды бастап кеттік. Монтажшылармен қатар жұмыс жасап жатырмыз. Бұрғылау қондырғысын іске қосуға басшылық жасап жүрген РИТС-1-дің басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Кенжеғұл Тұқымов ағамыз. Бұрғылау басталып, кондуктор түсірілгесін ол кісі басқа алаңдардағы қауырт шаруаларға жетекшілік жасауға кетіп қалды да мен жалғыз қалдым. Вахта ауысатын күні Ералиевтен самолетпен ұшып келген екі вахта адамдардың нобайы ішкен, мас күйінде екен. Әдетім бойынша вахтаны самолеттен күтіп алуға ұшу алаңына барсам, вахтаның ішінде сауы шамалы екен, сол бойда оларды түгелімен Ералиевке кері қайтарып жібердім. Шаршап жүргендіктен де болар, өзімді ұстай алмай қалған сияқтымын. Қызықтың көкесі енді басталды, самолет келген вахтаны алып кері ұшып кеткеннен соң, бұрғылау басында жұмыста жүрген, түнгі вахтадан шығып ұйықтап жатқан екі вахтаның адамдары түгелдей жуынып-шайынып, буынып-түйініп ауылға кетуге жиналып отырғандар ғой. Шаршап жүргендер, демалысты күтіп. Менің келіп тұрған вахтаны түгелімен кері қайтарғанымды көргендер жұмысқа шықпаймыз, шаршадық, келген вахтаны қайтармауың керек еді деп ылаң салды. Инструмент забойда, қазып жатырмыз, вахта шықпаса бұрғылау тоқтайды, жоспар орындалмайды, ең жаманы забойдағы инструмент «ұсталып» қалады. Бұрғышылар маған бойкот жариялап тұр. Қызбалық жасағанымды түсініп-ақ тұрмын, бірақ мыналардың айтқандарына көнгім де келмейді. Басындырмауым керек. Ертеңгі самолет келетін уақытқа дейін бірдеңе қылып қалайда шыдауым керек, басшылар вахтаны дұрыстап жіберетіні сөзсіз, тек ауа райы бұзылып кетпесе болғаны деп іштей бекініп тұрмын. Әртүрлі ұлттан құралғандар ғой ол кездегі бригадамыз. Арасынан өзім іштартатын бірнеше адамдарды жинап алдым(арасында орыс та, қазақ та, лезгин де ... бар)да қазуды жалғастыра бердім. Қалған, маған қыр көрсетіп тұрған қырсықтарға жалынбадым. Күндізгі вахтада тормозға өзім тұрамын да, түнгі вахтаға жақсы бір көмекші бұрғышыны тормозға қоюды ойластырдым. Себебі, күндіз мен үшін шаруа өте көп, ең болмағанда қондырғыға жүк әкелген әртүрлі көліктердің құжаттарына қол қоятын да өзіммін ғой, оның үстіне монтажшыларды да қадағалауым керек дегендей. Бірақ ол ойым іске аспады да, сол күні түнгі вахтада тағы да өзім бұрғышы болуыма тура келді. Долото тозған тәрізді сыңай танытып бұрғылау нашарлай бастады да, түнге қарай инструментті көтеру керек болды. Тамақтарын ішіп алып шалжайып поселкеде жатқан бригаданың адамдарымен сөйлесіп көріп едім, арасынан бірер адам ғана жұмысқа шығуға келісті. Қалғандарына жалынбадым. Мені өздерінше «сындырып» алмақ болды, олардың ойынша мен «молодой борзыймын»(кейбіреулерінің осылай дегендерін құлағым шалған). Көрерміз кімнің борзый екенін, уақыт көрсете жатар! Бар адаммен тормозға өзім тұрып көтеруді бастап кеттік. Тереңдік көп емес, тездетіп көтеріп, долотоны ауыстырып, түсіруді бастай берген кезде электростанция сөнді де қалды. Жарық жоқ. Монтажшылар екінші станцияны әлі құралдап іске қоспаған болатын. Әупірімдеп жүріп факельдің жарығымен инструментті түсіріп, забойға жеттік, қазуды бастадық. Сол түні түні бойы тормозда тұрдым, жарықсыз буровойды көмекші бұрғышыға сеніп тастап кетуге жүрегім дауаламады. Таңертең рациямен байланысқа шықсам бастығымның дауысы жер жарып жатыр екен, менің айтқан уәждеріме құлақ асар емес. Айқай болғанда сұрама, самолеттің ары-бері ұшқан шығынын менен ұстайтын сияқты. Әрі-бері айтып ақталып көрдім де, болмағасын рацияны сөндіріп тастап сол жерде ұйқыға жаттым. Тамақ та ішкен жоқпын, шешінген де жоқпын. Түске таман вахта келді ұшып, басқа адам болмағандықтан Станислав Григорьевич Любинский деген бастықтың шаруашылық жөніндегі орынбасары вахтамен бірге ұшып келіп жиналыс өткізді. Менің мәселемді «майшаммен» қарауды бастық өзіне қалдырыпты. Сонымен жұмыс ырғағы бір қалыпқа түскендей болды. Қазу жақсы жүріп жатты, ауа райы да жақсы, жаймашуақ күз ғой. Біраздан соң күн ерте суыта бастады, жаңбыр шелектеп құйды. Қиындықтар басталды. Ауылға бармағаныма, демалысқа шықпай бұрғылау басында шапқылап, күндіз-түні тыным көрмей жүргеніме қырық күннен асты. «Жыламаған балаға емшек бермейді» дегендей бірнеше рет демалыс жөнінде сұрастырғаныма ешкім назар аудармаған. Басшылардың мынаған обал болды-ау, демалыс берейік дейтін түрлері көрінбейді. Әбден шаршағасын, бір күні «бүгін буровойды тастап демалысқа кетемін, қабылдап алатын адамдарыңды шұғыл жіберіңдер» деп рациямен радиограмма жібердім басшыларға. Жаңбыр құйып тұр, айнала езілген балшық, қондырғының маңы ми батпақ. Буровойда көлік жоқ, мен кетемін дегенмен ешқайда шыға да алмаймын ғой. Кешке қарай Бейнеудегі базадан превентор тиеген жүрдек машина келе қалды буровойыма. Превенторды привышечный 8КПБ-3 деген кранмен түсіріп алыңдар деп бұрғышыға тапсырма беріп, өзім жолға жиналуға вагоныма келдім. Мені ауыстыратын бір инженер бүгін поезға мінеді деген хабарды алдында естігенмін. Сондықтан ол инженердің келгенін күтпестен осы жүрдек машинамен Бейнеуге жетіп алуды ойластырдым. Жиналып жатқанымда буровой жақтан қатты гүрсілдеген жағымсыз дауыс келді құлағыма. Буровой алаңында жүрген әр бұрғылау шеберінің барлық түйсігі, сезімі, құлағы қашанда буровой жақта болатыны белгілі, ол ұйықтап жатсын, ояу жүрсін, бәрібір. Вагонның буровой жаққа қарап тұрған терезесінен көз салсам, селдетіп қатты жауып тұрған жаңбырдан анық көре алмасам да, привышечный кранның стреласын байқай алмадым, көзіме түспеді. Жанұшыра атып далаға шықтым, буровойға жандәрменкүн шауып келсем, кранның стреласы да, оған ілінген превентор да қондырғының алдында жатыр екен. Стрела бұратылып майысқан. Превенторды кранның басқару тетігінде тұрып түсіріп жатырған бұрғышының бірінші көмекшісі, тәжірибелі маман, көздері жәутеңдеп кранның төрт аяғының астынан шығып келе жатты. Қатты жаңбырдан кранның басқару тетігіне су кеткен, қысқа тұйықталу орын алған, кран басқаруға бағынбай, көтеріп тұрған превентор желдің ұйытқытуымен екпін алып стреланың ұшына қарай зымырап барып тосқауылға соққан, бұндай жойқын инерцияға шыдамай стрела опырылып, тұғырына бекітілген жуан болттарды сымша қиып барып құлаған. Ең бастысы, адам аман! Машинаның астауына мініп превенторды троспен кранның ілмешегіне ілген адам құйып тұрған жаңбырдан қашып жерге түсіп кеткен де, пультте тұрған адам кранның төрт аяғының астына жасырынып үлгеріпті. Адам аман болғасын болды деп, буровойға келген превентор осындай жолмен болса да түсірілді ғой деп мен жолымнан қалмауға бекіндім де машинаға отырып Бейнеу қайдасың деп тартып кеттім. Ойымша, басшылардан осы жолы алатын «сыйым» жеткілікті тәрізді, қанша күнәм бар екенін басшылар өзі біледі, сондықтан біреуі аз болар, біреуі көп болар, барлығына бір жауап берермін деп шештім. Әрі кеткенде бұрғышылыққа түсіріп тастар, оны да көріп алдым деген шешіммен жолға шықтым. Жұмысқа шыжыған жазда келген едім, үстімде таза бір шолақ жең көйлектен басқа жылы киім де жоқ, тек жұмысқа киетін буровойдағы спецовкалардан басқа. Осы күз қатты салқынымен ерте келді, сәл алға кетіп айтсам, бір айдан соң буровойыма келгенде осындай қатты, суық жаңбырдан совхоздың малының отарлап қырылғанын көріп едім, оларды бір жазбамда бөлек көрсеткенмін. Жүрдек машина дегенмен мидай езілген жолда көресімді көріп, әлденеше рет машинаның астын қазып, балшық-балшық күйіммен шопырдың үйіне таң ата әзер жеттік. Шопырдың аты-жөнін ұмытыппын, жақсы таныс адам болатын. Жуынып-шайынып, сәл тынығып, тамақтанып әл жинап алғасын поезға отырып Мақаттың қасындағы Сағыз деген туған ауылыма тартып кеттім.

  Міне, бұл жазғаным да осы буровойдағы тағы бір кесапат еді. Әлде де қаншасы мені күтіп тұрғаны сол кезде белгісіз болғанымен, қазір соларды тізбектеп тұрып жазатын жағдайдамын. Көпшілігі әлі күнге дейін есімде, көз алдымда, санама өшпестей болып сіңіп қалыпты ол кесапаттар. Тіпті әр оқиғаның кейіпкерлеріне дейін білемін.

  Ауылға барып тынығып, шаршағаным басылғасын Ералиевке келдім. Басшылар басымнан сипаған жоқ, түсініктеме жазудан рекорд жасадым. Қырық күннің үстінде далада, үй көрмей жұмыс жасаған еңбегім босқа кетті, сыйақылардың барлығын кесіп тастапты, қатаң сөгіс жариялапты, бірақ орнымнан алмапты. Ол кезде мен үшін ақшаның құны жоқ еді, қай кезде де ақшақұмар, атаққұмар, лауазымқұмар болған емеспін, жас кезімде тіпті де. Ренішімді тудырғаны, басшылардың қырық күннен аса, күн-түн деместен, шаршағаныма қарамастан жасаған еңбегіме алғыс айтпаса да, бір ауыз жылы сөз айтуға жарамағандары еді. Бір қызығы, мен басшыларға қанша жерден еңбегімді бағаламады деп өкпелесем де, үйреніп қалған ұжымымды тастап кетейін деген ойым болмапты. Осы ұжымда бар болғаны 2-3 жылдай ғана жасасам да әбден бауыр басып қалыппын, өзімнің үйімдей, адамдарын туғандарымдай көріп кетіппін. Қазір ғой, өзім де сол ұжымға басшы болып жасағаннан кейін, басшыларымның сол кездегі қылықтарын түсініп отырғаным. Олар менің сол жасаған еңбегімді естерінде ұстап, менің қоржыныма «актив» қылып салып қойған екен ғой. Ұжымда еңбек етіп жүрген жастардың «көздерінде жылты барларын» байқап, көз қырларын салып жүру басшы атақтың барлығында бар қасиет. Ойлап отырсам, олар да мені сондай «көздерінің жылты барларға» қосып қойған сияқты. Ал жазалағандары ширатып алайын, қателерін түсінсін дегені деп ойлап отырмын.

...

  Қырсық айналдырған Ащытайпағыма қайтып келдім.

Су-өмір. Сулы жер-нулы жер. Айналаға қарасаңыз суы мол жерлердің гүлдеп, құлпырып тұрғанын байқайсыз, ал суы тапшы жерлердің қуарып жатқанын да көресіз. Жерге де, адамға да су мол болғаны жақсы. Ал бұрғылау үшін де судың алатын орны ерекше. Суы мол бұрғылау қондырғысының бұрғылау ертіндісі сапалы да, көлемі, технологиялық ережеге сай қазылып жатқан ұңғының көлемінен үш есеге артық болады. Қалай болғанда да, техникалық судың мол болғанына ештеңе жетпейді. Ал Ащытайпақтағы біз қазған ұңғы дәл осы жағынан қатты ақсаған болатын.  Бұрғылау қондырғысын техникалық сумен қамтамасыз ету үшін ГПП(геологопоисковая партия) қазып берген су алатын ұңғы болды. Гумаров Кемал деген өте тәуір ағамыз қазып су шығарып берген болатын. Өте тайыз ұңғы, суы тұщы, өнімі шамалы. Фонтан емес, суы сәл ғана жылымшылап ұңғыдан сыртқа шығады, сондықтан качалкамен, ШГН(штанговоглубинный насос) деген ұңғыға түсірілетін насоспен өндіреміз. Ұңғы құмығып қала береді, су бермей қалатын кезі жиі болғасын, кейде күн сайын су ұңғысын жөндейміз. Су ұңғының басына мосы сияқты қылып бұрғылау құбырларынан «тренога» жасап қондырдық та, трактормен НКТ құбырларын, штангаларды, ШГН насосты көтеріп түсіреміз де жатамыз. ШГН насостың бірнешеуі бар, біреуі ұңғыда жұмыс жасап тұрғанда қалғандарының клапандарын құмынан, балшығынан тазартып, дұрыс жұмыс жасайтындай қылып «регулировка» жасап дайындап қоямыз. Бұндай қосалқы жұмыстарға қарастырылған вахтада басы артық адам болмағандықтан, көбіне бұл жұмыстарды мен жасаймын, қасыма тракторшыны, көмекші моторшыны, кейде жөндеушіні, қолы бостау жүрген кез келген адамды(тіпті оперативті машинаның шопырын да жегемін) аламын. Штангаларды, НКТ құбырларды көтеріп түсіреміз, насосын ауыстырамыз. Кейде ұңғының өзін де долото түсіріп, құлап қалған, құмыққан тұстарын «шаблонировать» етіп, жуып, тазалап, кеңейтіп дегендей қосалқы шаруалар атқаратынымыз тағы бар. Тракторшы демалысқа кеткенде орнына өзім отырамын. ДТ-75 «Алтаец» деген Барнаулдан шыққан қызыл, кішкене ғана әдемі, жаңа трактор болды. Ауыр жұмыс жасауға күші шамалы, жүрісі де қызық, шоқырақтай ма, секіре ме, біртүрлі, басқа тракторлардан бөлекше жаратылған техника(шынжыр табандарының арасы тарлау). Су ұңғысының қасына, шананың үстіне орнатылған 5 кубтық қазанды сүйреп әкеліп, ұңғыдан өндірілетін суға жалғап қоямыз. Қазанға су толған бойда оны сүйретіп бұрғылау қондырғысына алып келіп, суын чандарға құйып, босаған қазанды қайтадан су ұңғысына апарып қоямыз. Бұрғылау қондырғысын осылайша техникалық сумен қамтамасыз ету дегеннің әлегі ұшан теңіз. Арнайы адам күшін, техника қажет ететін, уақыт алатын, біздің «бағымызға» тап болған бөлекше шаруа болды. Жаздың кезінде де қиындығы бастан асады, ал қарлы, боранды қыста, жаңбырлы, желді күзде тіпті әлек боламыз. Ұңғының өнімі жақсы болып, суы минералды болып(аязда қатпайтын) тұрса бұларға көнер едің, ал мынаның суы тұщы, сәл аязға қата бастайды, әрі өнімі өте аз. Бұрғылау қондырғысына қарағанда менің біраз уақытым осы ұңғының шаруасына кететін болды. Міне бұл да болса Ащытпайпақтың бір кесепат ерекшелігі еді. Осы тұщы судың кесірінен қондырғымыз қыста екі рет өртенген де. Мен қыс мезгілінде демалысқа кеткенде(бұл буровойдың ерекшелігін білмейтін инженерлер мені ауыстырғанда) бұрғылау ертіндісі қатып қалып(приемный чандар, насостардың всастары, манифольд, гряз.шланг ...), оны жібітеміз деп әр жерлерге от жаққанда байқамай қалып қондырғының біраз бөлігін өрт шалған болатын. Минералды ащы су болса бұлай болмас еді ғой. Бұрғылау ертіндісіне қосатын хим.реагенттерді дайындайтын, ертіндіні сұйылтатын техникалық суымыз мардымсыз болғандықтан, бұрғылау ертіндісінің сапасы да айта қаларлықтай болмады, шламы көп, көлемі де жеткіліксіз ... . Бұрғылау ертіндісі дегеніңіз бұрғылау үшін маңызы өте жоғары дүние ғой, адамның бойындағы қан іспеттес. Бұрғылау ертіндісі нашар деген сөз, ұңғының сапасы болмайды, аяқ астынан авария орын алуы мүмкін дегенмен бірдей. Талай рет авария да болды, ертіндіге қатысы бары да, басқалай себепті де, олардың кейбіреулерін кейінірек жазармын. Бұл жазғаным біздің «бағымызға» қарай тап болған техникалық суға қатысты кесапат болатын.

...

  Қазу жұмыстары тым тәуір жүріп жатты, техникалық колонна түсіретін тереңдікке де жақындап келе жатырмыз. Техникалық колонна ауыр колонна ғой, ал біздің оснастка 4*5 болатын. Бір күні жұмыстың ретіне байланысты оснасткамызды 5*6-ға ауыстырып алуды қолға алдық. Вахтадағы бұрғышы Шахарбаев Қазақбай деген тәжірибелі, көпті көрген, бұрындары бұрғылау шебері болып та біраз жыл жұмыс жасаған әккі тарлан болатын. Бір қарағанда көп қиындығы жоқ, тек қана бір тін қанатты тальблок пен кронблоктан схема бойынша өткізе салу сияқты көрінеді сырт көзге. Кірісіп кеттік. Жіңішке, 12,5 мм.троспен өткізетін бір тінімізді кронблок пен тальблок арқылы өткізіп алдық, енді осы жіңішке тростың ұшына 32 мм.талевый қанатты жалғап, сабақты ине сияқты жүргізе қоюы ғана қалды. Мен ротордың үстінде жұмыс барысын бақылап тұрмын. Бәрі ойдағыдай жүруде. Бұрғышы да, мен де, өте тәжірибелі бұрғышының бірінші көмекшісі де жіңішке трос пен жуан талевый қанаттың бір біріне мықты, өте сапалы жалғанғанын көрдік, қолымызбен ұстап көргенбіз. Лебедкамен жайлап айналдыра бастадық. Екі тростың жалғанған жері жоғары жаққа барды, ол жерде де бір адам кронблоктың роликтерінен жалғанған жердің кідіріссіз өтуін қадағалап, бізге белгі беріп, өз участогіне жауап беріп қадағалауда. Бір сәтте түкке түсінбестей оқиға орын алды. Ротордың үстіне, дәл менің етігімнің тұмсығын тіреп жуан талевый қанат жыланша ирелеңдеп жата қалды. Жоғарыдан қалайша суылдап түскенін сезбей де қалдық. Жұртта зәре жоқ. Мен де қалшиып қалыппын. Қыбыр етуге болмай қалды. Бұрғышы Қазекең менен де жаман қорыққан, боп-боз болып, қолдары қарысып тормоздан айырылмай қалған. Трос болсын, жуан талевый қанат болсын оларды неше түрлі әдістермен өруді, әдемілеп байластыруды бәріміз де жақсы білеміз, басқа жерден ши шықса да тап осы жерде біз ешкімге есемізді жібермейтініміз анық болатын. Өзімізге мықты сенімді едік. Болмады. «Мақтаған қыз тойда бүлдіреді» дегеннің нақ өзі болды да шықты. Қалай екені белгісіз, жалғаған жеріміздегі ұштарын байластырған пеньковый қанаттарымыз тарқатылып үзіліп, трос пен қанаттың түйіндеген жерлері жазылып кетіпті. Мистика!!! Басқа ештеңе деуге келмейді. Біздер бұдан да ауыр күштерге төтеп бере алатын байламдар жасап жүрген жандармыз ғой. Өз басым осы қанат, трос байлауда ешкімге есе жібере қоймаспын деп толық айта аламын, талай жерде, неше түрлі байламдар жасап жүрген жанмын. Бұл да болса осы Ащытайпақтың және бір кесапаты сияқты. Осылайша бір өлімнен қалғанмын. Жоғарыдан зуылдап құлаған ауыр, жуан қанаттың сәл бір ұшы ғана ұрып өтсе болғаны, сол бойда жанды тапсырамын ғой иесіне. Сәл демалып, оқсатып темекімізді тартып алып оснасткамызды орнына келтірдік. Еш қиындықсыз, тап алдыңғы реттегідей жалғастырдық, жаңадан ештеңе ойлап тапқан жоқпыз. Қызық, таңдануға болмайды, содан соң жұмысымыз өз ретімен жүріп кете берді, яғни қазуды жалғастыра бердік. Сол кезде де, қазір де мен сол түйіннің қалайша тарқатылып кеткенін айта алмаймын, мен үшін шешілмеген жұмбақ болып қала береді. Ащытайпақтың жұмбағы.

...

  Сол жылы қыста қар қалың болды, аяз да қытымыр болып біраз қиғылық салды. Тұщы судың азабын көрудей-ақ көрдік, тартудай-ақ тарттық. Дизельді буровойларда жұмыс жасаған бұрғышылар біледі, моторшылар өз вахтасы аяқталар мезгіл тақағанда, келесі вахтаның жұмыс жасауына қажетті дизтопливоны ГСМ(горючесмазочный материал) қазандары орналасқан, қондырғыдан алшақтау жердегі, жоғарыдағы «расходной» қазанға толғанынша айдап кетеді, солай вахтасын тапсырады. Бұл бізге дейін қалыптасқан дәстүр. Жоғары қысымды ауа жіберу арқылы жоғарыға айдалады, оны түсіндіріп жазудың қажеті шамалы, осындай қондырғыда жұмыс жасаған адам біледі қалай жасалатынын. Әңгіме басқада, бұларды тек кіріспе ретінде, мәселенің түп-төркіні түсінікті болуы үшін жазып отырмын. Біздің мекемеде қалыптасқан жылдағы әдет бойынша, осы қысты да біздің буровойлар жаздық дизтопливомен қарсы алды және жұмыс жасап жатырмыз. Жаздық дизтопливо сәл аяз болса болғаны қоюлана қалады, ақпайды, дизельдердің фильтрлері парафин тәрізді қоюланған дизтопливомен бітеледі ... . Әрине, бұрғышылар осындай жағдайда қазандардан қондырғыға дейін тартылған дизтопливо келетін құбырлардың бойына бірнеше жерден ұдайы от алаулар(костерлер)жағып, жылытылған дизтопливомен дизельдерді қамтамасыз етеді. Бұл өте қауіпті, бірақ жұмыс жасағың келсе солай жасауыңа тура келеді. Амалсыздан осындай әдіске жүгінеміз. Басқадай жолы жоқ. Аяз қатты қысқан кездері бұндай от алаулар күні-түні жағылады. Жанып жатқан ол от алауларды да бақылайтын, отын тамызып тұратын бір адам керек. Бертін келе қысқы дизтопливо болмаған жағдайда(заводтарға берген сұранысың дер кезінде орындала қоймаған жылдары), басшылық жазғы дизтопливоға шамалап керосин қосу(керосинді дизтопливоның көлемінің 10-15% қосу арқылы) арқылы қату температурасын бәсеңдетуді енгізген болатын. Бірақ осы қыста ондай әдіс өмірге келе қоймаған еді де, біздер өз білгенімізше қиындықты жеңіп жүргенбіз. Қыс бойы бұрғышылардың қолынан факель түспейтініне бәрінің еті де, көзі де үйреніп кеткелі не заман. Ащытайпақта біраз күннен бері қатты аяз, айнала аппақ қар, аяқ бассаң сықырлап қоя береді. Тым жақсы қазып жатырмыз, долото жаңа, бұрғының жүрісі де жақсы, механизмдер де бір қалыпты жұмыс жасап тұр. Ұңғының тереңдігі 3500 метрден әлдеқашан асып кеткен. Осындай бір ырғақты жұмысқа көңіліміз толып, барлығымыз да көңілдіміз. Күндізгі вахтаның моторшысы Зейнепқали Хасанов түнгі вахтаға сменін тапсыруға дайындалып жоғары қазанға дизтопливо айдап келді. Түнгі вахтаның моторшысы Забиров Ислам(біздер Славик дейміз), тәжірибелі, көзін ашқалы буровойда келе жатқан жігіт, балалар үйінің түлегі. Вахталар ауысты, қазу жалғасуда. Қыста қараңғылық ерте түседі ғой. Мен де тамағымды ішіп алып, вагоныма жайғасып, жеңілденіп, жұмыс киімдерімді шешіп, қолыма кітабымды енді ала бергенімде жарық өшті де қалды. Терезеден қондырғыға қарасам онда да жарық жоқ, айнала меңіреу, өлі тыныштық. Қазу кезінде жұмыс жасап тұрғанда естілетін, құлаққа жағымды,  дизельдердің, механизмдердің бірқалыпты гуілі тоқтаған, естілмейді. Қондырғының ішінде де, айналада да қолында факель ұстап шауып жүрген бұрғышылар көзіме түседі. Тездетіп киініп алып қондырғыға келдім. Ешкім ештеңе түсінбей дал, барлық дизель бір сәтте өшкен. Түнгі вахтаның бұрғышысы Бозбаев Ғалымжан. Бұрғылауда болған бір авариядан кейін оны бұрғышылыққа төмендеткен болатын. Ғалекеңнің орнына қондырғы басшысы болып, Қарақұдық алаңында көрші буровойдағы Салманов Сүйегеннің бұрғылау шебері Евгений Васильевич Герасименко тағайындалды. Мен енді осы Е.В.Герасименкомен жұмыстаспын, ол жақында демалысқа шыққасын, мен қондырғы басында жұмыстамын. Мына жағдай кенеттен, аяқ астынан болғаннан соң Ғалекең тіпті инструментті сәл де болса забойдан көтеріп те үлгермеген, долотоға қанша нагрузка беріп қазып тұрса, инструмент тап сол күйінде қалған. Бұлайша қондырғының барлық дизельдері бірінен соң бірі сөніп қалуының себебін іздестіре бастадық. Дизтопливо құбыр бойында қондырғыға жетпей қатып қалуы мүмкін емес, қазандар мен қондырғы арасындағы дизтопливо жүретін құбырды бойлай екі жерде үлкен аумақты алып жатырған от алау сол күйінде жанып тұр, ал күндізгі вахтаның моторшысы(Зейнепқалиды жатқан жерінен тұрғызып алып келгенбіз) жоғарғы қазанды толтырып дизтопливо айдап қойғанын ант-су ішкендей болып дәлелдеуде. Қондырғының механигі Отарбаев Бағытжан деген білікті, білімді жігіт еді. Гурьевтегі мұнай техникумын бітірген, Доссордың тумасы. Бағытжанды біздер буровойда да, ауылда да Борис Данилыч дейтінбіз. Бір кемшілігі, ішімдікке әуес, осы осалдығы ақыры түбіне жетті. Үйленбестен кетті. Жас шамасы Ғалекең құралпылас. Орысша, қазақша ағып тұр, сөздері өте сауатты. Негізінде әкесі тәуір адам, елінде үлкен беделге ие болған, жоғары лауазымды қызметтер атқарған адам деп еститінмін. Борис Данилыч бастап моторшылар барлық дизельдердің топливный насостарын(ТНВД) тексеріп қарағанда олардың барлығы да ауа сорған болып шықты. Демек дизельдер дизтопливо жетпегендіктен өшкен. Шелекке жылытылған, сұйық дизтопливо құйып алып, дизельдің дәл үстіне іліп қойып, топливный насосқа бірден шелектен дизтопливо беріп қыздырып қарайық деп талаптанып едік, бола қоймады. Алғашқы талаптанғанымыз енді ғана сөнген қуаты 200 квт.болатын польшалық WOLA-H дизельді эл.станция болды. Аккумуляторлардың оған әлі келмегесін, не де болса тездетіп жоғарғы бір дизельді қыздырып, забойда қимылсыз қалған инструментті көтеру еді. Жоғарыдағылар отандық В2-450 деген дизельдер болатын. Ойымызша, отандық дизель польшалыққа қарағанда оңай қызуы керек еді. Бұл да бола қоймады. Осылайша жүргенімізде ескі аккумуляторлар әбден «отырып» қалды. Электростанцияны да, жоғарғы блоктан бір дизельді де қыздыра алмай қалдық. Қондырғымызда жеңілдеу, отандық У1-Д6 деген дизельмен, 100 квт.қуаты бар екінші эл.станциямыз да бар, бірақ оны мынандай қыс кезінде көп жұмысқа қоспаймыз. Қыс кезінде польшалық дизельді эл.станцияны профилактикалық күтімге(майларын, фильтрлерін ауыстырып ...) қойғанда ғана отандық эл.станциямызды аз уақытқа қосатынымыз бар. Дәл қазір У1-Д6-тің «головкасын» ауыстыру үшін бөлшектеп тастаған болатын. Аккумуляторлардан қайран кеткесін басымыз салбырап қалды. Иен далада жалғыз буровой, айнала аппақ қалың қар жамылған меңіреу, ұшы-қиыры көрінбейтін дала. Аяз болса мынау, нағыз шұнақ аяз. Сағат сайын күшеюде. Бір жақсысы жел жоқ, ауа тымық. Аспан кереметтей таза, жұлдыздар самсап, ай жарқырап тұр. Күндізгі вахта да, түнгі вахта да түгелге жуық қондырғы басында. Топырламай поселокке, вагондарыңа барыңдар дегенге құлақ аспауда. Бәрі де қолдарынан келгенше көмек бергісі келеді, барлығы жабылып мына тығырықтан шығудың амалын табудың қамында. Расыменде, егер алда-жалда бір амалы табылмаса жағдайымыз өте мүшкіл. Рацияға шығып орталыққа хабарлай да алмайсың, тоқ жоқ, аккумулятор «отырған». Ертең самолет бұл жаққа келе ме, келмей ме белгісіз. Қызықтың көкесі алда. Аспазшы, техничка, лаборантка қыздар да бар поселок басында, олар қалай шыдайды мына аязға? О баста ортамыздан бірер адамды поселокке жұмсап, жылыту батареяларындағы сулардың қатып қалмауын қадағалауды, оларды қолда бар матрас, көрпе, қалың киімдермен орап, бойындағы бар жылуын мейлінше ұзақ сақтап тұруға тапсырма бердік. Вахтаның жұмыс киімдерін кептіретін, адамдардың жуынып-шайынатын вагон-сушилькадағы батареяларды қондырғы басындағы «пожарный щиттерде» тұрған «кошмалармен» орауды тапсырдық. Мына жұмыс қаншаға созылатынын кім білген, мүмкін оңынан орала қалса батареялардағы суларымыздан айырылып қалмайық деген ой ғой. Ал тіпті ұзаққа созылып, батареялардағы сулар кілегейлене бастаса, онда амалсыздан суларды ағызып, батареяларды мұз жарып кетуден сақтаудан басқа амал қалмайды. Бірақ бізден рұхсатсыз су жіберілмейді деп қатаң ескерттік. Ғалекең, Борис Данилыч үшеуміз, қасымызға Забиров Исламды алып, аккумуляторлардан пайда болмағасын, ендігі жерде мына тығырықтан шығудың жолын ойластырдық. Кейде, инструмент жоғарыда болғанда, воздухосборникте ауа болғанда, трансмиссиядағы ШПМ-дарды қосып, инструментті ұңғыға үлкен жылдамдықпен түсіріп, дизельді осындай әдіспен «сүйретіп» қыздыруға да болатын. Ондай әдісті қолдануға қазір болмай қалды, инструмент забойда «под нагрузкой» тұр.  Бір мезгілде Борис Данилыч, отандық дизельді қатты қысыммен сығымдалған ауа жіберіп қыздырып қарау мүмкіншілігі қалғанын айтты. Оны Славик те қолдады. Славик негізінде көп сөйлемейді, сөйлесе де үні шықпайды, мұрнының астынан міңгір-сіңгір ете салады. Қандай маңызды мәселе жайында да өз пікірін осылайша естілер-естілмес қылып жеткізеді. Оның аузынан шыққан жартымсыз сөздерді тап қасында тұрған адамның да ести қоюы екіталай. Бірақ механизмді терең білетін маман. Екі білгірдің айтқандарына қосылмауға амал қайсы? Шегінетін басқа жер қалмай тұр емес пе. Буровойда бұрғылау насостарының компенсаторларына үлкен қысыммен ауа айдалады. Ондай үлкен қысымды ауаны оттегінің баллоны тәрізді, бірақ қара түске боялған баллонға кішкене ғана АК-2-150 деген компрессор айдайды. Осы мәселе қондырғының жөндеушісінің құзырындағы жұмыс болып есептеледі. Жақсы жөндеушінің компрессоры да кез келген уақытта жұмысқа дайын, баллоны да толтырулы болады. Біздің қондырғының жөндеушісі Исхаков Найл деген татар жігіт болатын, Жетібайда тұрады, әйелі сондағы АТП-да диспетчер. Найлдың әйелінің АТП-да диспетчер екенін білетін себебім, экспедиция басшылығына келгеннен соң осы мекемеден машиналар жалдап, жұмыс бабымен жиі қатынасып едім, сонда кездесіп, қызметтес болғанбыз. Найл өз ісіне мығым. Айтқандай-ақ баллон 150 атм.қысымдағы ауамен дайын тұр екен. Польшалық эл.станцияның дизелі бұндай қыздыруға арналмағандықтан, ал жеңіл У1-Д6 дизелі әлі жиналу үстінде, дайын болмағандықтан, не де болса жоғарыдағы №1 В2-450 дизелін қыздырып, забойда қаншама уақыттан бері қозғалыссыз тұрған инструментті қозғап қарауды жөн деп шештік. Бұрғылау кенеттен тоқтағаннан соң, бар қолымыздан келетінін жасап, ара-арасында инструментті төмен қарай сәл-пәл түсіріп(разгрузка жасап) тұрғанбыз, инструмент  ұңғының стволына жабысып қалғандай болса, аздап та болса орнын ауыстырсын деген ниетпен. Дизель қызғанмен, трансмиссияны сығымдалған ауа толтыру арқылы дизельдің қозғалыс күшін басқа механизмдерге(лебедкаға, компрессорға, насостарға ...) беретін ШПМ(шиннопневматическая муфта) дегенге қажетті 8 атм.қысымы бар, үлкен көлемдегі сығымдалған ауа воздухосборникте жоқ болып шықты. Ұзақ уақыттан бері компрессор толтырып тұрмағандықтан, кезінде воздухосборникке жинақталған ауа ұшып кеткен. Ендігі амал, дизельді трансмиссиямен қосатын ШПМ-500 деген муфтамен, трансмиссияны КСМ-5 деген компрессормен қосатын ШПМ-300 деген муфтаны троспен мықтап байлап, еріксіз, дизельдің жетегіне еріп, дизельмен бірге айналатын қылу ғана қалды. Солай жасадық. Параллельно жігіттер дизельді қыздыруға дайындап, бойын жылыту үшін радиаторына қайнаған ыссы су құйып, картердегі майын жылыту үшін астына астаушаға салып от қойып, фильтрлерін факельмен жылытып, дизельдің үстіне жылытылған, сұйық дизтопливоны шелекке толтырып іліп, оны топливный насосқа шлангімен жалғап ... бәрін дайын қылып қойды. Мына жақтан 150 атм.қысымы бар баллонды Борис Данилычпен Славик екеуі керек жеріне жоғары қысымға шыдамды трубкамен жалғап та үлгерді. Енді шешуші сәт те келіп жетті. Жұрт тып-тыныш бола қалды, тек факельдердің шытырлап жанған дауысы ғана естілетін тыныштық орнады. Баллонның вентилін ашар алдында Борис Данилыч бізге қарап ақсиып күлді, бет-аузының барлығы күйе-күйе, май-май, тек тістері ғана ақсияды. Біз де ыржиған кейіп таныттық. Біздің де сықпытымыздың келісіп тұрмағаны белгілі. Борис Данилыч сол иығынан асыра бір түкіріп жіберіп вентильді ашты, дизель біртіндеп айнала бастады, бірақ Борис Данилыч топливный насостағы жиналып қалған ауаны түгел шығарып болғанша вентильді түгел аша қоймады. Ауа шығаратын тетіктен толықтай дизтопливо шығатын болған кезде ғана ол тетікті бітеп тастап, баллонның вентилін толық ашып жіберді. Дизель компрессормен қоса айнала бастады да, бір мезгілде күркілдей жөнелді, қара түтінді әр жерінен атқытып барып, бірер қақалып алып қыза жөнелмесі бар ма. Мәссаған, қуаныштың көкесі осы екен ғой!!! Өліп жатқан тылсым дүниеге жан біткендей болды. Барлығымыз қуанып жатырмыз, көптен бері үнсіз, дымдарын шығармай, іштерінен тынып, не болып кетер екен деп тұрғандар бір бірімізден темекі сұрап, құнжыңдасып, қауқылдасып керемет болдық та қалдық. Өмірде бұндай да қуаныштың түрі болады екен-ау!!!Бұл дизель бір шама жұмыс жасап, жетегіне троспен байланған компрессор қажетті ауаны воздухосборниике айдап болғасын, Ғалекең лебедканы қосып, бірінші жыдамдықпен асықпай, біртіндеп инструменттің ұңғыдағы өз салмағын алуға кірісті. Бәріміздің көзіміз инструменттің салмағын көрсететін ГИВ-6(гидравлический индикатор веса) деген приборда. Инструмент біртіндеп көтеріліп келеді, өз салмағын алды. Енді ары қарай көтеріле ме, әлде «затяжка» бастала ма, мәселе осында. Әзірге, өз салмағын алғанша моторға күш түспеген еді, сонысынан да үміттеніп тұрған жайымыз бар. Ғалекең абайлап жоғары көтеруді бастады. Мәссаған, қызықтың барлығы осында болып шыққанын көрмейсің бе. Инструмент біз күткендей «ұсталмаған» екен, аздаған іліп қалып тұратын «затяжкалар» болды, ротормен қағып-қағып қалып, әлсін-әлі «расхаживать» етіп ондай жеңіл-желпі «затяжкаларды» жойған болдық. Бірақ көп көтермеуге тырыстық та, циркуляция шығарып, аздап жуудың қамын жасадық. Насостың қалған клапандарын алып тастап, бір клапанмен жайлап қана(давление қатты көтерілмесін деп) жуып қарадық. Әрине қиыншылықпен, бірақ біз күткендей қиыншылық емес, циркуляция да көрінді. Көрінгесін болды ғой, қалғаны «дело техники» дегендей. Біршама ұңғыны жуып болғасын, инструментті біраз жерге дейін көтеріп, қайта түсіріп қарадық, «затяжка да, посадка да» жоқ. Міне қызық!!! Борис Данилычтың ақылымен инструментті жоғарырақ көтеріп қойып, жоғарыдағы қалған дизельдерді қыздыруды қолға алдық. Әрі, трансмиссияға байланған компрессорды да босату керек. Біз мына жақта жүргенде моторшылар екінші дизельді де қыздыруға дайын қылған екен. Ендігі жерде екінші дизельді муфтаға ауа айдап қосу арқылы жетекпен(буксирмен) қыздырдық. Екінші жасап тұрғанда біріншісін өшіріп, трансмиссияны, компрессорды байлаған тростарды шештік. Үшіншісін де тап осы жолмен қыздырып алдық. Компрессор жасап тұр, керекті қысымдағы ауа воздухосборникте жеткілікті, жоғарғы блок түгелдей жұмысқа дайын. Бірақ бұлардың барлығы да әзірге дизельдің төбесіне ілінген шелектегі дизтопливомен қыздырылып, біреуінен басқасы тоқтатылып қойылған болатын. Ғалекең екеуміз ақылдасып, не де болса барлық дизельдер іске қосылған бойда оншақты свеча көтеріп алып, скважинаны насостар іске қосылғасын жақсылап жуып, әбден бір ыңғайланғасын төмен қарай асықпай түсіріп, керек жерінде стволды «проработка» жасап, артынан ары қарай қазуды жалғастыратын болып шештік. Техникалық судың тапшылығынан бұрғылау ертіндісінің сапасы көңіл көншітпей, мынандай жағдайда забойда қалған инструментіміз «прихват» болған болар, сапасы шамалы ертінді қазылған тау жыныстарын(шламды) қайдан ұстап тұрсын, долото, УБТ дегендердің үстіне шлам отырып, циркуляция шығара алмайтын болармыз, ауыр авариялық жағдай орын алатын болар деп іштей уайымдап жүргеніміз бекер болып шықты.  Сонымен ұңғының жағдайы қуантатындай болғасын, біздерге қанат біткендей болды. Қуанышта шек жоқ. Енді басқа жұмыстарға ерекше құлшыныспен кірісіп кеттік. Мына жақта Славик бастаған, Найл қостаған моторшылар У1-Д6 дизелін жинастырып болып, май-суын құйып, бойын жылытып, дизтопливо толы шелегін іліп қыздыруға дайын қылып болып жатыр екен. Борис Данилычтан баллондағы ауа қысымы қанша қалды, жоғарғы дизельді қыздыруға көп шығындалды ма деп сұрағанымда, ол «саспа, әлі де біраз бар» деген. Инструмент бос болып, «ұсталып» қалды ма деген қорқыныштан арылғасын, енді эл.станцияның тілеуін тілейтін болдық. Бұл құрымағырың дұрыс жиналды ма екен, зажигание ауысып кетпеді ме екен, дұрыс қойылды ма екен, ... екен, ... екен ... деген сұрақтар көп көкейде. «Головка» дұрыс жиналмаса, баллондағы өзі аз қалған жоғары қысымды ауаны босқа құртамыз-ау деген уайым жеп барады. Қазіргідей қақаған қыста біз үшін ең бірінші қажеттісі электростанцияның қызып кетуі екені түсінікті ғой. Осындай тағдыршешті сәтті барлығымыз тағатсыздана күтудеміз.  Қызық болғанда, Борис Данилыч бұл жерде тағы бір «өнер» шығарды. У1-Д6-ті қыздыруға баллон жалғамай, «отырып» қалған аккумуляторларды жалғап жатыр. Бәрі дайын болған бойда дизельдің стартерін басып қалып «гүрр» еткізді. Түк болмағандай дизель қызып ала жөнелді. Мәссаған, бұған қалай қуанбассың?!!! Сәлден соң жарық та жанды, поселекке де жарық берілді. Польшалық қуатты эл.станция мен үлкен В2-450 дизеліне күші жетпеген аккумуляторларды о баста Борис Данилыч аяп, зорламаған, қуатын артына сақтап қалған екен. Қондырғыдағы әр механизмге өзінің жауап беретінін толық сезінетін, қарамағындағы дүниелерінің қандай жағдайда, қандай қауқары барын болжап, алдағы жұмыстарды ойластырып отыратын маманның ісі ғой. Артынан, оңашада, аздап екеуара «ащылап» отырғанда өзінен осы жағын сұрағанымда, ол: «Ең соңғы мүмкіндіктің У1-Д6 дизелінде болатынын о баста сездім, іштей соған дайындалдым, Славикті бірден сол дизельді тездетіп жинастыруға қойдым, аккумуляторлардың да шамасын байқағасын, оларды ең соңғы «соғысқа» сақтауға тырыстым»,- деп еді. Бұндай маманнан айналмассың ба.

 Воздухосборникке ауа жеткілікті көлемде жиналысымен бірер жігітті жоғарғы қазанға дизтопливо айдауға жібергенбіз. Біршама уақыттан соң жоғарғы қазаннан қондырғыдағы дизельдерге құбыр арқылы дизтопливо да жетті. Дизтопливо жинақталған қазандар маңында жұмыстанып жатқан жігіттерге буровойдағы қарбаластардың арасында барып, қондырғыға дизтопливо неліктен келмей қалғанын тексеріп те едім. Байқасам бақа екен деген ғой, барлық гәп Зейнепқали ағамыздың жауапсыздығында екен. Сұрастырсам, дизтопливо жиналған жоғарыдағы қазанды тексеріп қарауға бір жігіт өрмелеп биікке шығады. Өте жоғары, баспалдағы жоқ қазанға мынандай аязда өрмелеп шығу дегенің де үлкен ерлікті, ептілікті, қарайған күшті қажет ететін қауіпті іс. Бір жақсысы лүп еткен жел жоқ, тымық ауа, сықырлаған аяз. Жоғарыға шыққан жігіт қазанның бос екенін, қазанның ортасынан келетін қатып тұрған көбіктен басқа ештеңе көрінбейтінін байқап, қолындағы багормен көбікті тесіп жібергенде темір багордың қазанның түбіне тақылдап тигенін естігесін, багорды суырып алғанда багорға дизтопливо жұққан еш белгі болмайды. Демек, күндізгі моторшы қазанның ортасына қатқан көбікке тиіп шашыраған дизтопливоның шашырандысын көріп қазанды толтырдым деп ойлаған. Бұл қазан әдеттегіден неге тез тола қалды деген сезік болмаған. Не деуге болады бұндай жауапсыздыққа. Бағытжан Отарбаев(Борис Данилыч), Забиров Ислам(Славик), Найл сияқты өз ісіне мығым, білікті де білгір мамандар болмағанда дизельдер қызбай, халық қақаған аязда үсіп, ұңғыдағы инструмент «ұсталып» ... әй, несін айтасың ... . Бір адамның шалалығы қандай қасіретке әкелетінін, екінші жағынан жаздық дизтопливо да өз үлесін қосқанын көрмейсің бе.

  Сол күні мен буровойдан шыққанда күн тас төбеде жарқырап тұр екен. Қанша уақыт арпалысқанымызды байқамаппыз да ғой, қызу, қарбалас жұмыс үстінде уақыт зымырап өтіпті. Қатты шаршағанымды енді сездім. Аспаздар барын салып, аз уақытта қолдарынан келгенін, дайындаған «праздничный завтрак па, обед пе» ыстық тамағымды ішіп алып, вагоныма келіп құладым. Вагон әлі жыли қоймағандықтан киімімді шешпестен жата кетіп ұйқыға кірістім. Қондырғыдан шыққан бойда поселокті аралап шыққанмын, бәрі де орнында, ештеңе бүлінбеген, жарылмаған, тек әлі жылына қоймаған. Шүкіршілік дедім. Бұл күні орталықпен байланысқа шыққан жоқпын, аманшылық болса, ертеңгі байланыста эл.станция бұзылып қалды деп сылтау айтармын деп ойладым көзім ұйқыға кетіп бара жатып. Бұлай шаршауымның жөні де бар, мен тек жұмысты ойлап емес, жұмыстан бөлек, санаңды жегідей жеген қарамағыңдағы жолдастарыңа, жұмысшыларға деген жауапкершілік те бар ғой. Бұл да Ащытайпақ дегеннің бір кесапаты еді. Бір жағынан қорқытты, екінші жағынан қолдады, айдан анық болатын авария(прихват) болмай қалды. Әшейінде инструментті сәл уақытқа қимылсыз қалдырғандай болсаң болғаны, «прихват» дегенің, «потеря циркуляции» дегенің көп күткізбестен жабыса қалатын еді-ау. Ал мына жолы олардың бірі де болмады, ең бастысы бұрғылау ертіндісінің сапасы нашар бола тұра. Түсінемін, забойда «под нагрузкой» қалғанның да пайдасы тиген болар, бірақ ... . Жұмбақ па? Әрине жұмбақ. Бұл тағы да Ащытайпақтың тылсым жұмбағы болды мен үшін.

  Таңертең вахтасын күндізгі бұрғышыға тапсырып болғасын, вахталық журналға өз вахтасында жасалған жұмысты(әртүрлі ойдан шығарылған жұмыстар ғой, шындықты көрсетпей) жазып отырып, Ғалекең маған кешегі тәулік бойы жазылған ГИВ-6 приборының диаграммасын берді де «Бисаха, мына диаграмманы жоғалтпа, өзіңде ұста, суточный рапортқа тіркеме, ешкімге көрсетпе. Мынандай ғажап түннен ескерткіш болсын»,-деген. Ғалекеңнің айтқанындай қылдым, әлі күнге өзімнің үйдегі жеке архивімде сақтаулы. Анда-санда сол диаграмманы қолыма алып қарасам, сол күнгі жасалған жұмыстардың барлығы көз алдыма елестей қояды. Адамның жүрегін кардиограммаға түсіргендегі синусойдалар сияқты сызылған қисық сызықтар қанша уақыт қазғанымызды, қанша уақыт қозғалыссыз, «под нагрузкой» тұрғанымызды дәл жазып қойған. Оның сыртқы бетінде менің өзім үшін қолмен жазған түсініктемем(қалайша дизельдермен арпалысқанымыз, сол түні не болғаны) де бар. Ғалекең айтқандай, басымыздан талай ғажап түндер өтті ғой, бұл түн де солардың қатарына өз ерекшелігімен осылайша қосылды. Сол күнгі суточный рапортқа басқа жұмыстарды жазып көрсеткенім түсінікті болар. Қаздық, ертінді дайындадық, баптадық, жөндеу жұмыстарымен айналыстық деген тәрізді «өтіріктерді» жазғаным есімде. Суточный рапорттың қасында ГИВ-6 приборының диаграмассы болмағасын не жазсаң да өз еркіңде.  

Бір қызығы, осы арпалыста, қатты шұнақ аязда жұмыс жасаған жандардың бір де біреуі салқын тиіп ауырмақ түгіл, түшкірген де жоқ қой.

  Өздерің байқаған боларсыңдар, жоғарыда мен екі татар жігіт жайында жаздым, ал бұл бригадада олардан басқа тағы бірнеше татарлар жұмыс жасайтын. Бұрғышы Хисамутдинов Бадреддин(көбіне орысша Боря дейді, лақап аты Чушма), машинист Халидуллин Ғарифолла(Гриша дейміз), бұрғышы көмекшісі Галиуллин Ильдар дегендер осы бригаданың басқа ауысымында жұмыс жасайды.

...

  Осы қыста, мына оқиғадан сәл кейінірек, осы қазу барысында тағы бір келеңсіздік орын алды. Қыс әлі жалғасуда, қар қалың, аяз сәл бәсеңсігенімен, әлі де күшінен қайта қоймаған. Бірақ ауа жақсы, шыңылтыр аяз, жел жоқ, айнала көз жетер жерге дейін аппақ болып көз қарықтырады. Бір күннен асты ұңғыда каротаж жұмыстары жүріп жатыр. БКЗ. Ақырғы емес, аралық БКЗ. Каротаж приборлары забойға дейін кідіріссіз барып, геофизиктердің жұмысы бірқалыпты жүруде. Каротаж отрядының құрамында Қошқарда  мектепте бірге оқыған(бір класс төмен) Сәтқали Құлжығаров деген жерлесім де бар екен, олардың жұмысының жағдайын білу үшін(приборлардың жүрісі қалай, қандай приборды жазды, ұңғының жағдайы қалай ...) каротаж лебедкасына жиі барып тұрамын. Геофизик инженер Сәтқалимен де әңгімелесемін. Білімді, өз жұмысын тым-тәуір меңгерген геофизик екені сөздерінен көрініп тұр. Мектепте жүргенде де жақсы оқыған, Қошқардағы кітапты көп оқитын оқушылардың бірі болатын. Ал біздің РИТС-1 мекемесінің атынан осы геологиялық(геофизикалық та ғой)жұмысты бақылауға басшымыздың геология саласы бойынша орынбасары Сыдих Диханов ағамыз арнайы келген. Түнге қарай геофизиктер өз жұмыстарын толықтай аяқтап, приборларын жинастырып ауылдарына шығып кетті. Мен түнгі вахтаға, каротаж жасалатын мезгілге әдейі сәйкестендіріп жоспарланған, механизмдерге жасалатын әртүрлі профилактикалық, күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтаған бойда, инструментті қазуға түсіруге тапсырма беріп вагоныма келдім. Сәкең екеуміз шай ішіп алып, жайланып отырып каротаж материалдарын талдауға, зерделеуге, оқуға кірістік. Сәкең ағамыз бұл жөнінен өте мұқият адам, қолына әртүрлі түсті карандаштарын алып алып графиктерге шұқшияды дейсің. Өз ісінің білгірі еді біздің Сәкең. Оның қолында геофизиктердің приборлары жазған графиктер сайрап, сөйлеп қоя беретін. Ұңғының забойындағы температура қандай, ствол түзу қазылып бара жатыр ма, қисық кеткен жері қанша градусқа қисық, қандай тереңдіктерде қандай тау жыныстары орналасқан, қай тереңдікте ұңғы қанша мм-ге тарылған, немесе кеңіген, қай тереңдікте апан үңгірлер бар, алдыңғы түсірілген колоннаның «башмағы» орнында тұр ма ... , ой несін айтасың, Сәкең соларды қызық, шым-шытырық оқиғалы роман оқығандай қылып талдайтын. Оның қасында жүріп біз де ондай графиктерді біршама оқи алатын болып қалғанбыз. Осылайша отырғанда, түннің бір уағы болғанын сезбей де қалыппыз. Ұйықтар алдында қондырғыны бір шолып шығатын әдетім бойынша енді киінейін деп жинала бергенімде, вагонға көмекші бұрғышы жүгіріп келе «қондырғыда өрт» деп айқайлады да кері шауып ала жөнелді. Тездетіп қолыма ілінген киімді кие салып, Сәкеңе: «Тездетіп поселокке бар, күндізгі вахтаны оятып буровойға алып кел»,-дей сала буровойға қарай жанталаса шаптым. Көріп келе жатырмын, насосный сарайдың выхлоп жақ қапталын оттың сумаңдаған жалындары жалмап жатыр. Сарай биік, әрі осы қапталы ұзын болатын. Сарайды қаптаған «прорезиненное бурукрытие»(қазақтар брезент дейді) қалың болатын, енді солар отқа лапылдап жанып жатыр. Сарайдың каркасы НКТ құбырларынан тұрғызылғанымен, олардың арасын жиі-жиі жалпақ қайың тақтайлармен обрешетка жасап, оларға брезентті жіңішке рейкалармен қаққан ғой. Осы материалдардың барлығы да тез жанатын дүниелер, оның үстіне бұларға ұңғы қазыла бастағаннан бері майлар да шашыраған, сіңген, факельдердің, әртүрлі себеппен жағылған оттардың күйелері де қалың жұққан, қысқаша айтқанда өртенуге әбден дайын тұрғандар. Түнгі вахтаның бұрғышысы Титов Александр деген тәжірибелі, жақсы маман еді, моторшысы Ильясов Сәбит деген білікті маман, бұрғышының бірінші көмекшісі Харченко Инокентий(барлығымыз Кеша дейміз) деген пысық, алғыр, тығыншықтай шағын денелі спортшы жігіт. Вахтаның адамдарының біреулері шелектеп су шашуда, кейбіреулері қолдары жеткен жерлердің брезенттерін, ағаштарын багорлармен, балталармен, сүйменмен, пышақтарымен жыртып, жұлып, кесіп алып тастауда. Бұрғылау насосы арқылы техникалық су шашып(тіпті бұрғылау ертіндісін болса да шашып) өртпен күресуге болмай тұр. Дизельдері қызып, дайын тұрған №1 насостың втулкаларын, клапандарын, поршень-штоктарын ауыстырып бастап, әлі толықтай жинастырылып бола қоймаған, ал №2 насостың дизельдері әлі қызбаған. Бұрғышылар №1 насосты жинастырып болып, инструментті түсіріп жатқанда №2 насостың дизелін қыздырамын деген жоспармен моторшы Сәбит жұмыстанып жатқан ғой. Өрттің шығу себебі де осында жатқанын артынан Сәбиттен, №1 насосты жинастырып жатқан жігіттерден, тексеру барысында естігенмін. Осылайша насостардан қайыр жоқ болғасын, тілсіз жаумен тек қана адам күшімен күресу ғана қалғаны белгілі болды. Әзірге, өрттің жағдайына қайта оралайын. Сарайға жеткенше жүгірген күйімде, басымда әлденеше варианттар қайнап, пісіп, бұл өртке қай жағынан тиісерімді ойлап келген болатынмын. Өртке жеткен бойда жолыма жақын тұрған Кеша мен тағы бір жігітке менімен бірге сарайдың төбесіне шығуды айқайлап жеткізіп, өзім бірден сарайдың чандар тұрған жағындағы аласалау жерден жоғарыға өрмелей жөнелдім. Сәбитке тез электр тоғын рубильниктен айыруды, электростанцияны әзірге өшірмеуді тапсырдым, әйтпесе сарайдың қабырғасының жоғарғы жағымен жүріп жатқан кабельдер өртенуде, оларға су шашып жүрген, кабельдерді ұстап алған адамдар тоққа түсуі мүмкін ғой. Ойым, жоғары қарай лаулап шапшыған оттың жолындағы, төбеге жабылған брезенттер мен ағаштарды жоғалту, өрттің кеңге жайылып кетпеуіне, жолындағы жанатын материалдарды жою арқылы тосқауыл қою, сонда от тек қабырғаны ғана жалмай алады. Әйтпесе сарайдың төбесіне от жетсе болғаны, жанған брезент пен ағаштар сарайдағы дизельдерге, насостарға, олардың ременьдеріне ... , барлығына түседі де өрт үлкен аумақты жалмай бастайды. Сарайдың арғы жағында, іргесіне тиіп тұрған бірнеше мұнай, әртүрлі сұйық химреагенттер жинастырылған 50 кубтық қазандар да жатыр, олардың сараймен екі ортасында задвижкаларынан аққан мұнай араласқан сулар, ертінділер де бар, бұл маңға от жеткендей болса болғаны, лаулай жөнелуге дайын. Сарайдың еденінің асты да мұнай, дизельдерден аққан май араласқан суларға кілкіп жататын жаз кезінде, қазір олар қатып жатқан болар. Оларға от тигендей болса, ештеңені құтқарып үлгере алмаймыз. Қазіргі басты қауіп төбеде, бетін аулақ қылсын, егер төбеге от шығатындай болса құрығанымыз деген ой миымды тесіп бара жатты. Сонда бүкіл қондырғыдан айырыламыз деген сөз. Осындай жаман ой денемді де, санамды да қалтыратып жіберді. Қарап тұрып өлуге болмайды, күресіп, жанталасып өлу керек. Жанұшырып, маймылша өрмелеп төбеге де шықтық, менің қолымда үлкен, өткір селебе пышағым бар, буровойда болғанда үнемі жанымнан тастамаймын, жұмыс шалбарымның белдігінде, қынында жүреді. Жігіттер балта ала шығыпты. Біз шыққанша оттың тілі де жалмаңдап төбені жалай бастады, төбені жапқан ағаштардың кейбіреулері сытырлап жануда, көпшілік брезенттер ысып, буланып қыза бастаған. Төменнен, қабырғаны жалмап келе жатқан оттың жалыны жоғарыда жүрген біздерді жақындатар емес, бет қаратпайды. Барынша лаулап жанған отқа жақындауға тырысып, жалма-жан жыртуға, айыруға, кесуге, балталауға кірісіп кеттік. «От тілсіз жау» деген өте дәл айтылған теңеу екенін сонда ғана анық сездім. Үнсіз жалмап жеп жатыр, жоғары өрмелеп ұмтылуда. Лаулаған оттан шегіне, шегіне біз сарайдың орта тұсына да жақындап қалғандай болып көрінді маған. Бірақ ештеңеге мән беріп қарауға, мойын бұруға уақыт жоқ еді. Қанша алысқанымызды білмеймін, төменге, сарайдың ішіндегі механизмдерге түскен жанған тақтайлар мен брезенттерді, біздің лақтырып жатқан шала жанғандарымен қоса төмендегі күндізгі вахтаның жігіттері сүйреп алып кетіп жатырды. Төбеде жүрген біздердің аяғымыз басып жүрген тақтайлар шала күйген, кез келген уақытта сынып кетуге әзір еді де, біздер солармен бірге төмен құлауымыз әбден мүмкін еді. Қабырғадағы тақтайлар мен брезенттердің нобайы өртеніп кетті, жігіттердің жыртып, жұлып алып үлгергендері шамалы. Сарайдың төбесінің үштен біріндегі тақтайлар мен брезенттер жұлынған, өрт шалған, жартылай күйген ... . Осылайша тілсіз жауды тоқтатқан болдық. Әупірімдеп жерге түстік. Сарайға қарау қорқынышты. Ал сарайдың төбесіне, біз жүрген жерлерге қарау одан да қорқынышты. Қалай ғана сол төбеде жүргенбіз, жай жүрмей, арпалысып отпен алысып, күшке салып қалың брезенттерді жыртып, жұлып, ағаштарды сындырып ... жұмыс жасадық-ау. Аяғымыздың астында, төменде самсаған темірлер, механизмдер(дизельдер, компрессор, насостар, жұмыстарын тастай сала өрт сөндіруге кірісіп кеткен бұрғышылардың әртүрлі шашылып жатқан саймандары). Аяғымыз басып жүрген шала жанған ағаштар сынып кеткендей болса біздер төмен қарай ұшамыз ғой. Төмендегі жайраған темірлердің үстіне осындай биіктен құлап түссең аман қалмасың белгілі, оның жолы әрмен, ия өлесің, ия қатты мертігіп мүгедек болатының айдан анық. Солығымызды басып, өртті тоқтаттық па, жоқ па деп, көзімізге сене алмай, темекіні сорғылап, тыныс алып тұрмыз. Қасымда тұрған Кешадан: «Как мы не провалились с такой высоты?»,-десем, ол: «Я тоже об этом думаю, сейчась только мне страшно смотреть на крышу сарая»,-деп жауап берді. Күндізгі, түнгі вахта түгел осында. Тіпті әйелдер де асханадағы бар ыдыстарды(кастрөлдер, шелектер, тіпті үлкен ожаулар) алып келіп шелектеп, кастрөлдеп жігіттерге су тасып көмектесіпті. Жігіттер су шашып, кейбіреулері қар аралас топырақ шашып, әйтеуір барлығы жандарын салып арпалысыпты тілсіз жаумен. Айнала соғыстан кейінгі алаң сияқты, шашылған шала күйген ағаштар, өрт шалған, түгел өртенген брезенттердің қалдықтары. Құдай қарасқанда, лүп еткен жел болмады ғой. Қалайша, осындай баға жетпес қолдау көрсеткен Құдайға шүкіршілік айтпассың!!! Сәлден соң жігіттермен бірге айналаны жинастырдық, бірнеше жерде үлкен-үлкен өрттен шыққан үйінділер пайда болды. Осылайша арпалыспен жүргенде қысқы таң да ағараңдай бастапты. Айналадағы аппақ қардың көпшілігін күйе басыпты. Ендігі мәселе, сарайдың өртенген жеріне ағаш, брезент қайдан табамыз, өртеніп кеткен кабельдердің, светильниктердің орнын қалай жетістіреміз? Мынандай ашық күйінде дизельдерді қыздыруға, жұмыс жасатуға болмайды. Дизельдердің жұмыс жасайтын температурасын көтере алмаймыз, күн аяз, қазір жел жоқ болғанымен, ертең не болатыны белгісіз. Үстірттің азынаған ызғырық желі аяқ астынан жын сияқты көтеріле қалмасына кім кепіл. Ашық, ызғырық жерде жұмыс жасау жігіттерге де қиын,  салқын күйінде күш түсіріп жұмыс жасатып дизельдерді де істен шығаруымыз мүмкін. Сондықтан қалайда сарайдың ашық қалған жерін жабуымыз керек, қазуды тоқтатпауымыз керек. «Отан бізден метр проходка сұрап жатыр, мұнай табуымыз керек» деген жалған, пафосты сөздер айтпағанмен, жұмыс жасауымыз керектігі айқын. Біреу бізге қашан сарайымызды бүтіндеп, жұмыс жасайтын жағдай жасап береді деп күтуді ойламасақ та болады. Оған уақыт та жоқ, бұлайша соза берсек, чандардағы ертінділер де қата бастайды, ал бұл дегеніңіз өте ауыр жағдайға әкелері сөзсіз. Өзіміз бүлдірген екенбіз, енді өзіміз осы жағдайды қалпына келтіруіміз керек. Мүмкіндігінше орталық сезбейтіндей қылып, жымын білдірмей жіберуге тырысуымыз керек. Қондырғы басында басы артық ағаш та, брезент те, керек десең, шеге де жоқ қой. Ойластырып отырып, қондырғыны айналып шығып тапқаным, химреагент жинайтын сарайдан біраз материал алуға болады екен, мұнараның 25 м биіктікте тұрған, екінші верховой жұмыс жасайтын люлька орналасқан палатадан да біраз материал түсіруге болатыны көрінді. Қондырғы басына келетін цемент, бентонит сазы сияқтыларды жауып қоямыз деп пайдаланып жүрген біршама брезенттеріміз де бар, осыларды дұрыстап жинастырсақ сарай жабылып та қалатындай. Таң әлдеқашан атқан еді, күндізге жұмысқа шығатын вахтаны жуынып-шайынып, ыстық тамақ ішіп, сәл де болса демалып алып, вахтаға асықпай, түске таман шығарсыңдар деп поселокке жібердім. Олар түні бойы көз ілместен өртпен арпалысты, әрі өткен күні вахтада болып, тәулік бойы демалмаған болатын. Диханов Сыдиық ағама: «Сіз орталықпен байланысқа шығыңыз, таңғы берілетін ақпаратты беріңіз. Каротаж жұмыстары созылып жатыр, геофизиктердің бірер приборлары істен шығып, оңдап, қайтадан жазуда. Ұңғының жағдайы жақсы, приборлар забойға дейін жақсы барып тұр дерсіз. Мені қондырғыда шаруаларымен жүр дей салыңыз. Ал мен сарайды тездетіп қалпына келтіру жұмыстарына басшылық жасайын, жігіттерге көмектесейін. Кешке дейін инструментті ұңғыға түсіруге жағдай жасауымыз керек»,-деп культбудкаға жібердім. Кірісіп кеттік. Оңай болған жоқ, бірақ екпінді еңбектенгеннің, жігіттердің жұмыла қимылдағанының арқасында кешкі вахтамен инструментті түсіруді бастап та кеттік. Сарай жабылды. Қалған жұмыстар өз реттерімен жүре береді ғой. Шаршағанымыз, тоңғанымыз өзімізге олжа. Төменгі верховой палатасын көп жалаңаштамауға тырыстық, тек керегін ғана алдық. Көпшілік жерлерді, әсіресе химреагент сарайын бөшкелердің қаңылтырларымен де жаптық. Ол кезде қондырғыға польшалық дизельдерге құюға арналған арнайы М10Г; М8Г деген жағар майларды көк, әдемі импортный бөшкелермен әкелетін еді. Майдан босаған бөшкелерін кері тапсыруымыз керек қой, бірақ дәл есебін есептеп отырған жан болмағандықтан босаған бөшкелер қондырғы басында, тапсырылмай жиналып қалатын. Бірер күннен соң автогенмен сол бөшкелерді жарып, қаңылтырларын балғамен төске салып тегістеп жіберіп тым жақсы химреагент сарайын жасап алдық. Әртүрлі текстропный ременьдерді рейка ретінде пайдаланып брезенттерді сарайдың қабырғасына, төбесіне жаптық. Қолда бар осындай материалдарды пайдаланып аяқ астынан орын алған қиындықтан шыққанбыз.

  Енді осы өрт қалай шыққанын тексеру барысында анықталған жайды жазайын. Бұрғышылар №1 насосты жинастырып жатырғанда, моторшы Сәбит №2 насостың дизельдерін қыздыруға дайындауға кіріседі. Сарайдың қабырғасына жақын тұрған шеткі дизельдің картеріндегі майды қыздыру үшін астына факель(неге әдеттегідей астауша қоймады?) қояды да, радиаторға ыстық су құю үшін екі шелегін алып даладағы водомаслогрейкаға жүгіріп кетеді. Ол асығып жүріп, бұрыла бергенде аяғымен факельді қағып қалып, ол факельдің сарайдың қабырғасына қарай құлап кеткенін көрмейді де, сезбейді де. Май сіңіп, өртенуге дайын тұрған брезент пен ағаштар сол бойда гулей жөнеледі. Ал Сәбит болса шелектерін водомаслогрейканың қасына тастай салып, ГСМ қазандары мен қондырғы арасындағы дизтопливо жүретін құбырлардың бойына екі жерде үлкен қылып жағылған от алаулардың біреуінің сөнуге қалғанын көреді де, соларға отын тамызуға жүгіреді. От алауларға отын тамызып жүргенінде сарайдың қабырғасындағы алаулаған өртті көріп кері жүгіреді. Насосты оңдап жатырған жігіттер де өртті Сәбитпен бір мезгілде байқайды. Бұл кезде өрт әбден күшіне енген болатын. Қалғаны белгілі ғой, жоғарыда жазғанымдай әрекеттің арқасында аман қалдық. Осы жерде айта кетуім керек, мен осы өрт үшін Сәбитті ешқашан жазғырған емеспін. Сәбит Астраханьдағы мореходный училищені судовой моторист мамандығы бойынша жақсы бағамен аяқтаған, біраз жыл Волгада жүзетін шағын кемелерде моторист болып жұмыс жасаған. Өте сауатты, білікті, көзі ашық жігіт. Қателік кімде болмайды, бәріміз де бірдейміз ғой. Бұл жерде де кінәнің бір ұшы жазғы дизтопливомен қақаған қыста жұмыс жасауға мәжбүр қылған орталық басшылықта да сияқты.

  Осы жерде келесі жазда  Сәбит осы қондырғының басында польшалық дизельдің вентиляторына бір қолын алақанымен бірге туратып алды. Мүгедек болып қалды. Сәбит сол күні күндізгі вахтада жұмыста болатын, мен де сол кезде буровойды аралап, қазу жұмысын қадағалап жүргенмін. Сәбит польшалық дизельге профилактикалық күтім жасап жатқан еді. Жоғарыда жазғанымдай, Сәбит білікті маман. Қалай екенін қайдан білейін, жазым болайын десе аяқ астынан ғой, сол сәтте оның біліктілігі пайдаға аспады. Польшалық дизельердің бір ерекшелігі, олардың вентиляторлары ауаны дизель беттен(ішкі беттен), радиаторға қарай(сыртқа қарай) айдайды. Қысты күндері жұмыс жасап тұрған польшалық дизельдің радиаторының алдына тұра қалсаң әжептәуір жылынып алуға болады, дизельден шыққан ыссы ауаны, радиатордың ыстығымен қосып алдына қарай айдап, радиатордың алдын ыссы қылып қояды. Қысты күндері тоңған жігіттер осылай қарай жүгіретіні бар. Ал отандық дизельдерде керісінше, вентиляторлары сырттан ішке қарай айдайды. Бұларды әккі, тәжірибелі моторшы Сәбит түгіл, қондырғыда аз уақыт та болса жұмыс жасаған моторшының көмекшісі де біледі. Тағы бір анықтап көрсете кететін польшалық дизельдің ерекшелігі, оның қуатында, польшалық дизельдерде 700 аттың күші бар, ал отандық дизельдерде 450-500 аттың күші болады. Демек, польшалық дизельдің вентиляторы да қаттырақ айналады, соған сәйкесінше ауаны сору күші де қуаттырақ болады деген сөз ғой. Сәбит польшалық дизельдің вентиляторының қорғаныс торын алып тастап, сол маңға жақын жердегі әлдебір тетіктерін(сірә, май жүретін шләнгісін) ауыстырған. Қорғаныс торы жұмыс жасауға кедергі болған. Қорғаныс торды салмай тұрып, әлгіде ауыстырған тетігін жұмыс кезінде қарап көру үшін(май жібере ме, жібермей ме деп) дизельді қысқа уақытқа ғана жұмысқа қосады. Қырсыққанда әлгі тетік май жібере бастайды. Дизельді тоқтатуға ерінген Сәбит(шайтан түртіп тұр ғой), дизель жұмыс жасап тұрған кезде әлгі тетікті қатайтайын деп сол маңға қолын сұғады, қолына ұстаған кілті де бар. Вентилятордың қорғаныш торы жоқ.  Ал бұл дизельдің вентиляторы болса өте қатты күшпен ауаны сыртқа қарай айдайды ғой, Сәбиттің әлгі тетікке қарай ыңғайлап соза берген кілт ұстаған қолын қатты жылдамдықпен айналып тұрған вентилятор орасан күшпен сорып ала жөнеледі де, вентилятормен турап тастайды. Қолына ұстаған кілті радиаторды бүлдіреді. Сәбиттің шыңғырған даусына сол маңда жүрген біршама адам жиналдық. Мен де бармын солардың арасында. Сол жерде не көргенімді жазбаймын. Аға моторшы Ильясов Сәбит өз ісінің шебері, әрі таза жұмыс жасайтын маман болатын. Бұлай болады деп кім ойлаған. Техника қауіпсіздігін сәл сәтке болса да естен шығарудың қандай қайғылы жағдайға алып келетінін көрдің бе? Тағдыры ғой.      

  Бірақ, бұл өрттің жағдайы орталыққа жетпей қалған жоқ. Өрттен кейін барлығы өз орындарына келгеннен соң, КЭ «МНГР»-дің бір инженері әлдебір шаруалармен біздің қондырғы басына келген, қондырғыны аралап жүріп химреагент сарайының басқаша түрге айналғанын(көк қаңылтырлармен қапталғанын), шлам амбарларының ішіне жасырылған өртенген ағаштар мен брезенттердің қиқымдарын көреді, насос сарайының да төбелерінің, сарайдағы механизмдердің от шарпыған, күйелеш-күйелеш болған, ыстан баттасып(қанша жусақ та жуық арада кетпеген) тұрғанын байқайды, жұмысшылармен әңгімелесе жүріп бірдеңелерді біледі. Ауылға келгесін РИТС-1 басшылығына бәрін хабарлайды. Бұл да маған плюс емес еді. Қондырғыны өрттен құтқарып қалдың деп ешкім басымнан сипай қоймағанын, ағаштан жасалған болса да ордень бере қоймағанын сезіп отырған боларсыңдар.        

...

  Техникалық колонды түсіріп, цементтеп, превенторды орнатып алып, ары қарай қазу жұмыстарын жалғастырып жатырған кезіміз. Жаздың жаймашуақ әдемі кезі. Қондырғы бірқалыпты ырғақпен жұмыс жасауда, күндізгі вахтаның бұрғышысы Строев деген өте сақ, тәжірибелі маман. Техникалық орта білімі бар, бір кездерде техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер де болып қызмет жасаған адам. Жөнсіз қателіктер жібере қоймайтын, қандайма істе болмасын әр қадамын сақтықпен жасайтын адам. Түс мезгілі. Бұрғылау жүріп жатыр, қолайсыз жағдай бола қалатындай еш белгі жоқ. Вахтаның жігіттері кезектесіп тамақтанып болғасын, қондырғыны тағы да бір айналып шығып мен де тамақтануға келдім. Тамақтанып отырғанымда буровойдан көңіліме қона қоймайтын дыбыстар келе бастады. Әдетте, буровойда жасалып жатқан әр процесстің өзіне тән дыбыстары болады. Қалыпты жағдайдағы қазып жатқандағы дыбыстар, инструментті көтеріп-түсіріп жатқандағы дыбыстардың өз ерекшеліктері болады, олар бұрғылаудан хабары бар маманның санасына әбден сіңген, құлағына жағымды болып қалған. Ал осындай бір қалыпты процесстер жүріп жатқан мезгілде құлағыңа сәл басқашалау дыбыс келе қалса болғаны, санаң міндетті түрде дабыл қаға жөнеледі, құлағыңды елең еткізеді. Өзіңнің еркіңнен тыс сана сезімің, құлағың сол жағымсыз дыбысты бақылауға алады. Менің де құлағыма буровойдан қалыпты жағдайда бола қоймайтын, әлсін-әлі ШПМ-дарды қосып-айырып, қатты қысымды ауа шығарып«пыш-пыштаған»дыбыстар келе бастады. Бұндай дыбыс жақсылықтың белгісі емес. Тамағымды іше отырып бұл қаншаға созылар екен деп тыңдаймын келіп. Қоятын түрі көрінбегесін ішіп отырған тамағымды тастап далаға шықтым, буровойға көз салдым. Құлағым да, санам да алдамаған екен. Тездетіп буровойға жеттім. Бұрғышы қазып жатырған құбырдың ұзындығын аяқтағаннан соң, квадратты көтеріп, оны АКБ-3М(автоматический ключ буровой) деген кілттің көмегімен ашады, квадратты шурфқа салады да, келесі құбырды АКБ-3М кілтінің көмегімен жалғайды, жалғанған құбырды ұңғыға түсіреді де ПКР-560(пневматические клинья ротора) дегенге отырғызады. Бұрғылау құбырлары отандық, материалы осал(«Д» маркалы металл), әрі көптен бері жұмыс жасап келе жатырғандықтан ПКР-ге отыратын тұстары тозған, клиндерге дұрыс отыра қоймайды. Бұрғышы өзіне қажетті биіктікке құбырдың муфтасын отырғызу үшін клиндерді әртүрлі жағдайға келтіріп роторды сәл бұрады, құбырды сәл көтеріп алып отырғызып қарайды. Осылайша әлектеніп жатырғанында құбыр жоғары да көтерілмей, төмен де түспей, бір орында қақайып тұрып қалады. «Прихват» болғандағы сияқты, ешқандай әрекетке көнбейді. «Прихват» болуы мүмкін де емес, қазір ғана инструмент қозғалып тұрды, әрі қазып болғанына да көп уақыт бола қойған жоқ қой. Менің естігенім бұрғышының осылайша әлектеніп, аяқ астынан не болып қала қойғанын түсіне алмай «пыш-пыштатып» жатқаны екен. Мен қондырғыға кіре бұрғышының ұңғыдағы инструментпен жасаған барлық қимыл қозғалыстарын қалт жібермей жазып тұрған ГИВ-6 приборының диаграммасына үңілдім. Диаграммада бұрғышы тарапынан ешқандай оғаштық көрсетілмеген. Бұрғышы мен бұрғышының бірінші көмекшісінен сұрасам олар да мардымды түсінік бере алмады. Бұрғышы сәлден соң, маған көрсетейін деген оймен,  инструментті сәл «разгрузка» жасап отырғызды да, енді сәл-пәл көтеріп, инструменттің өз салмағын алуға тырыса бергенінде күтпеген жағдай орын алмасы бар ма. Клиньдерді толық ашып та үлгерместен, құбырдың ұңғыдан шығып тұрған жоғарғы жағы, муфтасымен бірге(ұзындығы шамамен 70-80 см.) орасан күшпен үзіліп кетті де, элеватордан ұшып шығып, крюкоблоктың шүйдесіне соғып, подсвечниктің үстінде, бұрғышының қасында ГИВ-6 приборына қарап тұрған менің дәл бетімнің алдынан зуылдап өтіп(атиллерияның снаряды сияқты), менің артқы жағымдағы еденге барып соғылды. Тіпті ол «снарядтың» лебі бетімді шарпып өткендей де сияқты. Ойпырмай, ә!!! Қондырғының едені 7 мм.қалыңдығы бар меттал листерден төселген ғой. Сол жерде тұрған барлығымыз қимылсыз, тұрған жерімізде қаттық та қалдық. Үн шығарып үлгере алмадық. Не болғанын түсіне алмай абдырадық. Сәлден соң ес жинадық, бір-бірімізге қарадық. Бұрғышы Строев өлген адам сияқты құп-қу болып кеткен. Менің де келісіп тұрғаным шамалы болар сырт қараған адамға. Бір қызығы, мен қорқып та үлгере алмаған тәріздімін. Құбырдың қалың металл еденге соғылған жерінде жаңа туған ай сияқты ойық жырық пайда болыпты. Қалың металлды айшық тәрізді формада тесіп, құбыр муфтасы еденге қиялай соғылып, өткір жағымен жыртып жіберген. Есімізді жинағасын ұңғыдан шығып тұрған құбырды көре алмадық. Ойымыз, инструмент ұңғының ішіне, төмен қарай «ұшқан» екен деген еді. Дұрысында солай болуы да керек қой. Роторға жақындап төмен қарасақ, муфтасы үзілген құбыр сол күйінде ротордың орта деңгейінде, одан төмен де емес күйінде шошайып тұр екен. Ұзақ «жыр» болып кететін болғандықтан бұл жағдайдан(аварийный жағдайдан)қалайша шыққанымызды жазбаймын. Оншақты сағаттай әуреленіп, инструментті қозғай алатындай жағдайға жеттік. Қызықтың бәрі осында, осыншама уақыт қимылсыз тұрған инструмент «прихват» болып қалмапты, аздаған «затяжкалар» болды, бірер сағат «расхаживать» еткесін, жақсылап «жуғасын» босап шыға келді. Бұл жағдайдың да барлық сәттері әлі күнге санамнан өшпеген, көз алдымда.

    Біз жұмыс жасап жатқан бұрғылау құбырлары өте ескі, отандық заводтардан шыққан, материалы нашар құбырлар еді. Көп «нагрузка» беріп «расхаживание» жасауға, үлкен күшпен жоғары тартуға болмайтын еді, бұрғышыларға талай ескерткенмін. Строев та бұны жақсы білетін. Осы жолы ол лебедканы дер кезінде тоқтата алмай, тормозға ие бола алмай қалып, қалайша инструментті қаттырақ тартып алғанын сезбеген. Өзі әбден абдырап қалды. «Бес попутал, бес попутал» дей береді. Енді бұл қауіпті жағдай қалай орын алғанына көшейік. Квадратты ашқанда, келесі құбырды жалғағанда АКБ-3М кілтінің әртүрлі размерлі құбырлардың замоктарына арналған челюстерін ауыстыру керек. Құбырдың муфтасы мен квадраттың муфтасы әр өлшемде. Челюстерін ауыстырған сайын бұрғышының бірінші көмекшісі оларды кілтке арнайы бұрандалы  штифтпен бекітуі керек. Кейбір жағдайларда асығыстық жасап челюстерді бекітпейді. Мына жерде де тап осы жағдай орын алған. Бекітілмеген челюсть әлдебір себептермен ұңғыға құлап кеткен. Роторға, ПКР-ге, оның астындағы разъемная воронкаға, превенторға тоқтамастан, превентордың астындағы ішкі диаметрі тарлау посадочный флянецке барып тірелген. Инструментті жоғары көтергенде ол  жоғары қохғалып, инструменттің жоғары жүруіне кедергі болмаған. Ал инструмент төмен түскен кезде ол посадочный флянецке сыналап кірген, инструмент төмен отырған сайын ол әбден сына сияқты қалыпты алған. Болды. Енді осындай күшпен сыналанып отырған челюсть инструментті ешқайда жібермей «мертвый хваткамен» ұстап қалған. Артынан ол челюсті мықтап қадалған жерінен автогенмен көсек-көсек қылып, жіңішкелеп турап(еттің майын қиялап турағандай) шығарғанбыз.

   Құбырдың жұлынып, орасан күшпен ұшып шыққан бөлшегі сәл(5-6 см) траекториясын өзгерткенде менің басым жұлынып түсетіні сөзсіз еді. Құдай сақтады, мықтап сақтады!!! Әйтпесе, мен мына естелікті жазып отырмас едім қазір. Едендегі ойықты мен сол ұңғыны қазып біткенше күніне бірнеше мәрте көріп жүрдім, сол ойық әлі көз алдымда.

  Мен қалай аман қалдым, инструмент қалай осыншама уақыт қимылсыз қалғанда «ұсталып» қалмады ... , бұлар да Ащытайпақ жұмбағы болып қалды мен үшін.

    Осы жерде, Ащытайпаққа қатысы жоқ, бірақ осыған ұқсас тағы бір «өлімнен қалғанымды» жазып жіберейін. Ащытайпақтан соң біраз жылдар өткесін, мен РИТС-1 мекемесінде инженер-технолог болып жұмыс жасап жүргенде болған оқиға еді. Николаевская-4 ұңғысын қазу үшін заводтан шыққан су жаңа Уралмаш-3Д қондырғысының тек мұнарасын ғана құралдап қойған болатын. Бір жағы Өлі-Қолтық, екінші жағы Николаевскаяның жалпақ соры. Өлі-Қолтықта біздің бірнеше бригадамыз қазып жатыр, Николаевскаяда да екі бригада жұмыс жасап тұр. Өлі-Қолтықтың жері өте нашар, қысы-жазы бір құрғамайды, қатпайды, жаңа туған сәбидің еңбегіндей былқылдайды да жатады. Ал Николаевскаяның жалпақ соры бұдан да жаман. Өлі-Қолтықтағы бригадаларға машинамен, трактормен бірдеңе қылып баруға, жүк апаруға болатын болса, Николаевскаядағы С.Салманов пен В.Т.Ильясовтың бригадаларына вахтаны, тамақты, әртүрлі жүктерді МИ-8 вертолетімен тасимыз. Ауыз су мен жанар-жағар майларды, ұзын құбырларды, химреагенттерді вертолеттің астына іліп алып жеткізетініміз тағы бар. Тампонаж техникаларын, каротаж отрядтарын ... тағы сол сияқтыларды бірнеше тракторлармен ондаған шақырымға сүйреп алып баратынымыз шындық. Осындай сорда бауырымен балшыққа кіріп сүйретіліп барған техникаларға қараудың өзі аянышты. Әр жерлері жұлынған, жыртылған ... жұлма-жұлма болып құр сүлдерлері ғана жететін қондырғы басына. Бұл жаққа аяғын басып осылайша азаппен бір келген көліктердің иелері әртүрлі сылтаулармен келесіде бұл сорға жоламауға тырысатын. Сондай жалпақ сордың жиегінде , Өлі-Қолтық жақта Николаевская-4 ұңғысын қазатын болдық. Қыстың қатқақ кезін пайдаланып қондырғының жабдықтарын жеткізіп тастауға болатын да еді, бірақ оларды әркім бір ұрлап кететін болғандықтан, әзірге кімнің бригадасы қазатыны белгісіздеу болғандықтан, жаппай тасымалдау тоқтап қалған. Әзірге тек қалқайған мұнара ғана тұр. Қыстың кезі, кейде жаңбыр жауып, кейде қар жауып, арасында аяз соғып, табиғат ойына келгенін жасап тұрды осы қыста. Ертеде айтатын нағыз жұт, жердің беті жылтыраған мұз. Осындай қыста ғой тамағын теуіп жейтін жылқы малының аяқтары мұзға қиылып қалатыны. Қолтық жақта жүрген маған орталықтан, жөндеу бригадасының адамдарын алып Николаевская-4 мұнарасына баруым керектігі хабарланды. Жұмыстың реті, құралдап қойған жаңа мұнараға талевый блокты алып бару керек және жіңішке троспен оснастка(оснастка талевой системы) жасауым керек екен. Николаевская жаққа жақын тұрған Қолтықтағы бір бригаданың поселкесіне орналасып, бірер күн екі ортаға қатынап жұмыс жасайтын болып шештік. Жөндеу бригадасының құрамында, бригадирі Есқалиев Мұратәлі, жөндеушілер Леонид Пчелинцев(біздер Леха дейміз), Жалханов Өтеп ағамыз, автогенщик-сварщик В.Саенко бар. Бейнеудегі базадан жаңа қондырғыға тиесілі жаңа талевый блокты және оснастка жасайтын 12,5мм.тростың бір бухтасын, шамамен ұзындығы 1000 метрдей, алдырдық. Жаңадан жасалатын оснастканы әуелі осындай жіңішке қанатпен жасап алады да, дұрыс-бұрыстығын тексеріп алғасын, жуан талевый қанатқа(жуандығы 28 мм., немесе 32 мм.)ауыстырады. Талевый блокты, жіңішке қанатты алып, жүк машинасы мен автокранға бөлініп отырып алып мұнара тұрған Николаевская-4-ке келдік. Келсек, айнала көк мұз, мұнараның ротор тұратын 5-6 метр биіктегі алаңына шығатын баспа да қалың көк мұзбен қапталған, жоғарыдағы кронблокқа шығатын баспалар(маршевая лестница) да солай екен. Темір атаулының бәрі көк мұзбен қалың қылып қапталған, барлығының сыртына қалың мұз қатқан. Жоғарыдан түскен тапсырманы орындауымыз керек, мынаның барлығы мұз  екен деп үйге қайтып кете алмаймыз ғой. Мынандай көк мұзда жұмыс жасау, оның үстіне көк мұз қатқан баспалдақтармен кронблокқа(53 м.биіктікке)шығу қиын, әрі қауіпті. Қарамағымдағы адамдарға инструктаж жасап, жұмыстың ретін түсіндіріп алып кірісіп кеттік. Көк мұз құрсанған баспалдақпен өрмелеп бурплощадкаға(ротор болатын жерге) әупірімдеп шықтық. Бұл жердегі аяғымыздың астындағы, металл едендегі мұздарды қолымыздағы темірлермен ұрып-ұрып тазалаған болдық. Машинадағы тальблокты автокранмен көтеріп осы алаңға өзімізге жұмыс жасауға ыңғайлы қылып орналастырдық. Қолымда өзім қатты картоннан жасап алған оснастка жасаудың екі макеті бар еді, соның біреуін жоғарыға, кронблокқа шығатын жігіттерге бердім, тросты қай кезде қай роликтен өткізу керектігін түсіндірдім. Жоғарыға шығатын жігіттерді төменгі палата тұрған 25 м.биіктікке дейін барлығымыз бірге баспадағы мұздарды ұрып  тазалап жеткізіп салдық. Ары қарай өздері кетті. Қазір айтуға оңай, ал сол көк мұз қатқан баспалармен еңбектеп отырып жоғарыға көтерілу қиынның қиыны болды. Әр баспалдақ қалың көк мұзбен қапталған, қолың да таяды, аяғың да тайғанайды, тіпті баспалдақтардың екі жағындағы қолмен ұстап жүретін перилаларға дейін көк мұзбен қапталған. Темірмен ұрғанда мұз әрең шытынайды. Жігіттер жоғарыға жетті, біз төменде дайындық жұмыстарын аяқтадық. Жөндеу бригадасының барлық жігіттерін ең басты жерлерге, жоғарыдағы палатаға, кронблокқа жібердім де, өзімнің қасыма екі машинаның шопырларын алып қалдым, бұл жерде үшеумізден қалатын жұмыс жоқ деп. Жоғарыға бұрғылау қондырғысымен таныс жұмысшыларды, өздерінің бригадирлерімен бірге жұмсадым. Жоғарыдағы жігіттер өздерімен бірге алып кеткен жіңішке пеньковый қанатты(жіңішке арқан ғой) төмен саумалап түсірді. Біздер оған жіңішке тростың ұшын жалғадық та олар соны көтере бастады. Ортадағы палатада бір жігіт те оларға саумалауға көмектесіп тұр. Осылайша бірер роликтерден өткіздік, жұмыс жайлап-жайлап жүріп жатқан тәрізді. Жоғарыға қарап, тростардың жүргені дұрыс па екен деп қолымдағы макетпен салыстырып шалқайып тұр едім, бір мезгілде кронблокта(53м биікте) тұрған бір жігіттің қолындағы жуан арматурадан жасалған, ұзындығы 70-80 см. крючогы зуылдап ұшып келіп металл еденге сарт ете түсті де, шоршып аспанға бір атылып барып жерге құлады. Крючок дәл менің қасыма түскен болатын, желмен етегі делдиіп тұрған геологиялық, жел өткізбейтін сары брезент плащымның бір қапталын жұлып түсті. Мен де, басқалар да тұрған жерімізде қаттық та қалдық. Қыбыр етуге шама жоқ. Жоғарыдағы адам қолындағы крючогін жуан жіппен байлап қойған ғой. Байлап қойған жібі үзіліпті, қалай үзілгені белгісіз. Сәл тоқтап, қорқынышымызды басып алып, өзімізге өзіміз келгесін жұмысты жалғастырдық. Кеш ерте түсетін болғандықтан, қас қарая жұмысты тоқтаттық, Қолтыққа демалатын орнымызға қайттық. Ертеңіне оснастканы толықтай аяқтадық.

  Осы жерде айта кетейін, осы Николаевская-4 қондырғысына көктем шыға Қолтықтағы қазып жатырған ұңғысын аяқтағасын Евгений Васильевич Герасименко басқаратын(баяғыдағы Ащытайпақ-2-дегі өзімнің бригадам) бригада келді. Николаевская-4 жалпақ сордың жиегінде тұрғандықтан Николаевская сорының ортасында жұмыс жасап жатқан екі бригадаға келетін барлық жүктерді қабылдап алып, тракторларға сүйреткен жалпақ табанды шаналарға тиеп жіберетін «перевалочный пункт» болды да шықты. Әртүрлі құбырлар, химреагенттер, жағар-жанар майлар, цементтер ... осы жерге түсірілетін де, шаналарға тиелетін. Бұл да болса бұл бригада үшін қосалқы жұмыс болғаны шындық. Бұндай қосалқы жұмыс үшін басы артық жұмысшы, арнайы техника(мысалға, автокран, погрузчик) қарастырылмағандықтан жүктерді осы қондырғының привышечный краны 8КПБ-3-дің жанына үйіп қоятын. Бригаданың өзінің дүниелері де жетіп артылады ғой, оның үстіне мынандай екі бригаданың жүктері жиналғасын не болсын. Бірақ бригада басшылығы да, жұмысшылар да қыңқ деместен осынау қосалқы шаруаны атқара берді.

...

  Міне осылайша кесапаты мол Ащытайпақ-2 ұңғысы менің геолог-барлаушылық өмірімнің бастауында тұрған «ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІМ» болған. Өздерің оқып байқағандарыңдай, қаншама рет өміріме қауіп төндірді, қаншама рет абыройсыздыққа ұшырата жаздады, бірақ солардың барлығының арты сәтті аяқталып та жатқан болатын. Бір тылсым күштің қолдап, қорғап тұрғаны сөзсіз. Бұған не деуге болады ... . Арада қырық жылдай уақыт өткен естелігімнің бір жерін әсірелеп, өтірік қосып, бояуын қоюлатып, өзімді жақсы жағымнан көрсетейін деп ойлаған да, жазған да емеспін. Таза шындықты жаздым, өзім үшін жаздым. Осы Ащытайпақ мені біраз нәрсеге үйретті, шыңдады, нағыз қорқыныштың қандай болатынын көзіме көрсетті. Шыңдалдым, қиындыққа суарылдым. Әрине, шашыма да біраз тал ақ қосылды.

Біраз жылдар өткесін, өзімнің әзілдесіп жүретін бір ағама: «Осы сіздің шашыңыз үнемі қап-қара күйінде тұрады да қояды, сірә көп ештеңені уайымдамайсыз-ау, жұмыстың жағдайына да басыңыз ауыра қоймайтын тәрізді. Әйтпесе, ана жігіттің басын қара, мына жігіттің шашын қара, барлығы ағарған, тіпті өндірісті уайымдап қатты ойлағандықтан кейбіреулерінің шаштары түскен»,-деп әзілдеп едім. Ағам маған: «Жизнь нас бьет, слабаки седеют, а мы мужаем»,-демесі бар ма. Ағамыз КЭ «МНГР»-дің басшыларының бірі болатын. Әңгімешіл, әзілге түсінетін, көңілді жан еді.

  Ащытайпақ менің өндірістік жолымның бастауында тұрды ғой. Осы ұңғыны қазу барысында жоғарыда жазғандарымнан да басқа көптеген авариялар болды. Прихват, құбыр сыну, долотоның шарошкасы қалу, құбырлардың замоктары ашылып, ұңғыда қалуы, забойға әртүрлі темірлер түсіп кетуі ... сияқты апаттық жағдайлар өткен басымыздан. Осындай орын алған апаттардан шығу үшін жасалатын мұнай ваннасын құю, цементный мост қою, орын алған жағдайға қарай әртүрлі аварийный инструменттерді таңдай білу(резьбовой, гладкий колоколдар, метчиктер, магниттер, фрездер, печатьтар, қисық переводниктер, ерштар ...), олармен жұмыс жасай білу сияқты кәнігі, көпті көрген инженерлер, аварийный мастерлер ғана білетін «білімдердің» көпшілігін мен осы ұңғыны қазу кезінде өттім. Үйрендім. Авария болған жақсы емес, бірақ әртүрлі аварияларды көре-көре, білікті инженерлердің қасында болып, аварийный мастерлермен бірге авариядан құтылу амалдарын өз қолыңмен жасау барысында біліктілігің артатыны сөзсіз. Ащытайпақ-2 ұңғысы осындай әртүрлі келеңсіздіктердің әсерінен жобаланған уақытынан ұзақ қазылды. Менің өндірістік жолымда осындай қиын қазылған ұңғы болғанына ризамын. Көп жағдайларды басымнан өткіздім, үйрендім. Тағы бір институт оқып шыққандай болдым. Тек бұл «институттың» сабақтарының жоғарғы оқу орындарындағы сабақтардан  ерекшелігі, бұндай «өмір сабақтарын» маңдайыңа ұрып тұрып үйрететіндігінде. Кейбір жастардың жұмысы жүріп тұрған бригадаларда бірер жыл бұрғылау шебері болып уақыт өткізіп барып, көп ештеңе көрместен инженерлік сатыға көтерілгендеріндерімен салыстырғанда, мен Ащытайпақтан олардың үш ұйықтаса түстеріне кірмейтін тәжірибе жинақтаған едім. Әрине, сол қауіпті жағдайлардың біразы менің жастығымнан, тәжірибесіздігімнен, шалалығымнан да орын алған болар-ау. Қателіктерім болғанын сеземін, мойындаймын, қашпаймын. 

  Қазір ойласам, Ащытайпақ мені сынау үшін болған өмір кезеңі сияқты көрінеді. Қиындыққа шыдар ма екен, әлде беті қайтып жеңілдеу қызметке ауысып кетер ме екен деп сынаған да тәрізді.

   Болған кесапаттардың барлығының орын алу себебі, мүмкін сол маңда әлдебір, біз білмейтін қасиетті әулиелер де жатқанында ма екен, өзіміздің жұмысымызбен  аруахтардың тыныштығын бұзғанымыздан да ма екен ... ?!! Тағы да қайталап айтамын, сол кезде қан шығарып, бір мал садақа таратып, құрбандық шалып, аруахтарға арнап құран бағыштап жібергенімізде әбден дұрыс болар еді-ау. Қондырғыны алғаш құралдау кезінде орын алған, бес уақыт намазын қаза жібермейтін әзербайжан тракторшының (молданың) өрескел жіберген қателігі де бізге сабақ болмай тұр ғой. Бұл да болса бізге ескерту жасаған алғашқы белгі екен-ау деп те ойланбай тұрмыз ғой. Ойпырмай, көрмес түйені де көрмес деген екен-ау. Біздей мұрыны иіс алмас шіркіндерге не деуге болады?! Әйтпесе, қондырғымыздың айналасы толған мал ауыл ғой, әрі құран оқи білетін Аллахберді молдамыз да қасымызда дегендей.

Осындай өмір мектебінен, шыңдалу мектебінен өттім, басы қатты болса, арты ... .

 

Бәкөн әл-Сағыз.

 

 

          

 

 

 

 

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника