"ДОСМҰҚАСАН". АВТОМАТИКА

"ДОСМҰҚАСАН". АВТОМАТИКА

Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы.  Б.Бисенғалиев  Ардагер геолог-барлаушы     «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілері сияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік  жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың  Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды.  Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген.   Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы.   Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.

Биыл «Досмұқасанның» елге ұнаған әйгілі «Той жыры» әніне 50 жыл толады деп әлеуметтік желілерде әртүрлі естеліктер жарық көруде. Мен де осы датаға орай бір әңгіме жариялайын деп отырмын. Оқып қарарсыздар.

Досмукасан 1

Бір курстарда бізге «Өндірісті автоматтандыру» (жобасы осылай деп ойлаймын) деген сабақ жүрді. Бүкіл потокқа(бір курстың барлық мамандықтарының студенттеріне)лекция оқитын «Досмұқасан» ансамблінің жетекшісі Досым Сүлеев болды да, семинар сабақтарын әр группаға жүргізетін Мұрат Құсайынов болды. Ол кезде «Досмұқасан» вокально- инструментальный ансамблі (ВИА) біздің институттың атынан шығып, атағы дүрілдеп тұрған кезі. Досым да, Мұрат та күні кешегі автоматика факультетінің студенттері. Енді олар аспирантураға түсіп біздерге сабақ беріп, өздері ғылым жолына аяқ басып жатты. Олардың концерттеріне билет табу оңай шаруа емес. Ал сондай керемет адамдар біздерге сабақ беретін болып шыға келгенде студент  атаулының қуанышында шек болмады. Әсіресе, потоктың қыздарының құдайы берді. Жалпы әртүрлі пәндердің лекцияларында ең түпке қарай, аудиторияның алыс парталарына қарай отыруға тырысып, мүмкіншілік болса аздап партаға басыңды қойып, алдыңғы партадағы баланың тасасына жасырынып мызғып алуға тырысатынбыз. Лекцияға қатысу керек, тыңдау керек, конспект жасау керек, ең бастысы «перекличка» жасағанда орныңнан тұрып профессорға өзіңді көрсетіп журналға белгі қойғызуың керек. Ертеңгі күні емтихан кезінде лекцияға қатысқаның көп рөль атқаратын болады. Көбіне мызғып алуға кейбір лекциялар таптырмайтын мезгіл, мұғалім монотонно түрде бірдеңелерді айтып сені әлдилеп ұйықтатып та жатады. Ал мына автоматика сабағының лекциясы болатын күні потоктың қыз атаулысын танымай қаласың, күнде көріп жүрген қыздарың кино актрисаларындай болып өзгеріп, құлпырып шыға келеді. «Әдемі, сұлу емес қыз болмайды, хош иісі болмайтын гүл болмайды» дегеннің дұрыс айтылған сөз екенін сол күні білгендей боласың. Қыздардың барлығы түгелдей сәнденіп киінеді (барын киіп, балтасын қыстырып дегендей), әдеміленіп боянады, шаштарына керемет прическалар жасайды, сол кезде мини деген мода болды, юбкаларының, көйлектерінің етектері тым қатты қысқарып кетеді және қыз атаулының барлығы ең алдыңғы парталарға ертерек келіп отырып алады. Қалайда лектордың назарына ілініп қалу ғой қыз құрымағырлардың көкейлерін тесіп бара жатырғаны. Бір қыз автоматиканың (Досымның деуіміз керек) лекциясына бармай қалды дегенді мен естімедім, түгел қатысады ғой. Аудитория керемет духилардың хош иісімен толады, алдыңғы парталар гүл сататын павильондағыдай құлпырып (әдемі киінген қыздар гүлге ұқсас қой) кетеді. Лекцияны жаза ма, жазбай ма, оны білмедім, негізінен көздерімен Досымның әр қимылын, құлақтарымен әр сөздерін бағып естері кетеді. Кейбір батылдары (қаланың орыс қыздары) сұрақ та қойып, лекцияның кейбір тұсын өтірік түсінбеген болып жатады. Жас лектор, кешегі өзіміз сияқты студент Досым барын салып түсіндіріп бағады. Ер балалар Досымның лекцияларына көп бармаймыз (конспектіні қыздардан көшіріп алуға да болады), барсақ та «камчаткада» отырып алып мызғимыз.

dosmukasan_2.jpg

Осылайша жүргенімізде семестр аяқталып, автоматикадан зачет алатын кез де келді. Зачет алмасаң емтиханға жіберілмейсің, емтиханға жіберілмесең стипендия алмайсың деген мәселе ғой. Досымның лекциясына да, Мұраттың семинарына да (ол семинар Ленин проспектісінің бойындағы ескі корпустың подвалындағы бөлмелерде болатын, баруға алыс, троллейбусқа мінетін ақша да жоқ) барып жарытпаппыз. Енді не істеу керек? Сол кездерде бөлмеміздегі Қуекең (Бисенқұлов Қуаныш) институттың домбыра оркестріне қатысып Ташкентте өтетін студенттердің фестиваліне бармақшы болып репетицияларға қатысып жүрген. Ол фестивальге «Досмұқасан» да барады. Қуекеңе оркестрде отырғанда киетін ұлттық шапан, қалпақ, көйлек берген болатын. Бөлмемізде ілулі тұратын. Студенттен қулық қалған ба, бір күні кешке қарай барлығымыз кезек-кезек сол ұлттық киімді киіп, қолымызға Қуекеңнің домбырасын ұстап отырып суретке түстік. Фотограф мен. Менің «Смена» деген шамалылау фотоаппаратым болатын, студент шақтағы көпшілік суреттер соның көмегімен түсірілген. Содан Мұрат Құсайыновқа зачет алуға келдік. Ол өнер адамы, біздерді қулық жасайды деген ойы жоқ. Зачетканың арасына манағы ұлттық киіммен домбыра тартып отырған кішкене ғана суретті әдейі салып қойдық. «Сабаққа қатыспапсын ғой, не себеп болды?» деген сұрақ міндетті түрде қойылады ғой. Сонда зачетканың арасынан «случайно» шошаң етіп шыға келген сурет те көріне қалады, біз де: «Ағай, фестивальге дайындалып қолым тимеді» дейміз. Бітті. Қатып кетті. Мұратекең «құлап қалады», өнер ол үшін бірінші орында. Сол сөзді естуі мұң екен үндеместен зачеткаға қол созып, шықитып тұрып зачетыңды қойып береді. Сәлімгерей өнерлі ғой, ал мен, Қомша, Бақытжан дегендерің өнерден де, домбырадан да «қақпаймыз». Бірдеңе деп (қандай күйлерді дайындап жатырсыңдар деген сияқты) сұрай қалса біткен жеріміз еді, құдай бергенде Мұратекең ештеңе сұрамады. Сол суретім үйде әлі бар, кейде балаларыма: «Мынау менің домбыра оркестрінде студент кезімде ойнағаным, қазір домбыра тартуды ұмытып қалдым» деп әзілдеймін.

IMG-20201116-WA0000

2004 жылы сентябрь айының басында Алматыдағы «Алатау» санаториясының алаңында Дариға Назарбаева ұйымдастырып жүрген «Алматы моя первая любовь» деген концерт болды. Жыл сайын сол жерде өтеді екен. Жұбайым  Ермек екеуміз сол кезде (алдында «Совминнің» клиникасында ем қабылдап) сол шипажайда демалып жатырғанбыз. Концертке дайындық кезінен бастап, концерт аяқталғанға дейін қазақстанның атақты эстрада әншілерін, атақты адамдардың біразын көрдік. Сол концертте «Досмұқасан» да өнер көрсетті. Концерт аяқталғасын Ермек екеуіміз «Досмұқасанның» жігіттерімен, оның ішінде Досым мен Мұрат та бар, кездестік. Біраз әңгімелесіп отырдық, суретке түстік.

IMG-20201116-WA0001
Мен Досым мен Мұратқа жоғарыда жазған әңгімемді айтып бердім. Мәз болып бір күліп алдық. Досым Сүлеев ол кезде Қ. Сәтпаев атындағы Қазақтың Ұлттық Техникалық Университетінің (баяғы біз оқыған КазПТИ) ректоры еді. Тәкаппарлық, менмендік деген атымен жоқ, екеуі де қарапайым ұстайды екен өздерін. Оларға тағы бір төмендегідей әңгіме айтып бердім. Бірінші курста біздерге бір концертке кураторымыз әшейін билет таратып, міндетті түрде концертке қатысуымызды тексеретінін айтты. Мен ол кезде квартирада тұратын едім. Группамның балаларынан адасып қалып өзім білетін Мұхтар Әуезов атындағы, теміржол вокзалының жолындағы, академиялық драма театрына жеттім. Театрдың алды құжынаған адам. Артық билет іздегендер де жетеді. Танитын бір адамды кездестірсемші, группаластарым да жер жұтқандай жоқ болып шықты. Ауылдан келген мен «далбай» (Алматыда театрдан көп нәрсе жоқ екенін қайдан білейін, біздің ауылдағы кино да, спектакль де, жиналыс та, сайлау да өтетін бір ғана клубтай көріп жүрген шығармын)қолымдағы билетке де қарау жоқ қой. Театрға билет тексеріп кіргізіп жатырған кірер есікке қарай жандәрменкүн ұмтылдым дейсің. Есікке жету мүмкін емес, халық ауылдағы дүкендегі үнді шайының очередіне тұрғандай жанталасуда. Мен де болмадым (басымдағы бар ойым: группаластарымды куратор бастап ішке кіріп кеткен екен, ертең маған ұрсатын болды деген ой), шынтақтарыммен итергілеп, барымды салып өлермендікпен ұмтылудамын. Есікке де жеттім, қолымдағы уыстап ұстап алған билетімнен айырылып қалмау үшін шетін ғана шығарып алыстан тексеріп тұрған адамға көрсеткендей болдым. Өлдім-талдым дегенде билетімді жыртқызбастан, артымдағылардың күшпен итеруімен театрдың фойесінен бір-ақ шықтым. Айналама, қолымдағы билетімде көрсетілген қатарға, орынға қарап жіберіп концерт болатын залға да кірдім. Бұл менің өмірімдегі алғашқы рет театр деген ғимаратқа кіруім еді. Зал лық толы көрермен, бәрі де керемет киінген. Театр дегеннің өте әдемі болатынын көрдім, ішіндегі көрермендер де әдемі екен. Әдемі әйелдер желпуіштерімен өздерін желпіп салқындатып отыр. Көрермендер әлі де болса толық орналасып болмаған, мен сияқты орындарын іздеп жүргендер де баршылық. Билетімде көрсетілген қатарымды, орынымды көзіммен барлап таптым, бірақ қатардың барлық орындарында да адамдар отыр. Группаластарымның бір де біреуін көре алсамшы. Таң қалдым. Бір шикілік болғанын сездім, билетіме абайлап, дұрыстап қарасам мендегі билет Абай атындағы опера және балет театрындағы камерный оркестрдің концертіне екен. Алматыда ол кезде бұл екі театрдан басқа Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театры (сол кездегі ТЮЗ), Ю. Лермонтов атындағы орыс театры, Қуыршақ театры, Кәріс театры ... сияқты бірнеше театрлар болды, артынан білдік қой. Бұл аталған театрлардың көпшілігіне қыздармен бірге талай мәрте қойылымдарға барғанбыз, рөльдерде ойнайтын актерлердің көпшілігін сыртынан танитынбыз. Бірақ бұлардың барлығы да артынан болды, ал қазір мен ең алғашқы рет театр деген ғажайып ғимаратқа тұңғыш қадам басып тұрмын. Сөйткенше болған жоқ, көрермендер дүркіретіп қол соғып сахна ашыла бастады. Бұл «Досмұқасанның» концерті болып шықты. Елдің қолы жетпей жатырған бұл концерттен қалай кетіп қалуға болады, не де болса аяғына дейін қарап шығуды жөн көрдім. «Проходта» тікемнен тұрып (мен сияқты тұрғандар да болды)тамаша концертті көріп шықтым. Концерт екі бөлімнен тұрды, арасында үзіліс болып халық буфетке барып тамақтанып жатты. Тамақ алуға менде қайдан ақша болсын, әрі орысша да «қақпаймын», сондықтан бір шетке шығып алып, айналама аузымның суы құрып, мынандай сәні мен салтанаты келіскен тамашаға қызықтап қарап тұрдым да қойдым. Ол жерге жиналған халықтың киген сәнді киімдерін көріп таң қалдым, астанамыздың өнер сүйер қауымының, жалпы астана халқының киім кию мәдениеті ерекше екен. Қаланың мәдениеті ерекше, соның ішінде киіну мәдениеті. Жыл өткен сайын біртіндеп біздер де «ауылбайлықтарымыздан» арылып, үлкен қала мәдениетін бойымызға сіңіре бастадық. Көрдік, үйрендік, ұмтылдық.Сонымен концерт өте тамаша болды. Концерт біткесін жататын үйіме бармай, бірден жатақханаға тарттым. Онда мен өзімнің ауылдастарым тұратын 61-ші бөлмеге баратынмын. Олардың көргендері адам тыңдамайтын камерный бірдеңе, барлығы ария тыңдап келіп шаршап отыр екен. Бұл концертке адам жиналмайтын болғасын осылайша институттарға билет сатып, студенттермен залды толтыратын әдіс бар болып шықты. Біздікілер соған тап болған екен. Бір жақсысы ешкім тексермепті, куратор бармаған. Менің әңгімемді естіп ауылдастарым ауыздарын ашып қалды. Бұл бірінші курстың бас жағы болатын. Менің нағыз «ауылбай» кезім. Міне, осылайша мен «Досмұқасанның» концертін алғаш рет құдай айдап (өзімнің «қожанасырлығымның» арқасында) көріп шыққанмын және ең алғаш рет театрда болдым. Қасиетті өнер ордасы болып саналатын театр әлемін «Досмұқасанмен» аштым десем де болады. Театр әлеміне жасаған алғашқы қадамымды Қазақстандағы ең ұлы театр болып саналатын (халық арасында «Әкем театр» деген құрметті лауазымға ие болған) театрдан бастап тұрғанымды қарасайшы. Бұл эпизодты да мен Досым мен Мұратқа сол кеште айтып бердім.

Бәкөн әл-Сағызи.
(«Студенттік естелік әңгімелер» деген кітабымнан үзінді)

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника