БАЛА БҰРҒЫШЫ

БАЛА БҰРҒЫШЫ

Ардагер геолог-барлаушы «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев (Бәкөн әл-Сағыз) ағамыздың естеліктер жалғасы.  Б.Бисенғалиев  Ардагер геолог-барлаушы     «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бес жылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі, «Қазақстан мұнайына 100 жыл»,«Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» төсбелгілері сияқты отан наградаларымен, ақшалай-заттай сыйлықтармен, аудандық әкімшіліктің алғыс хаттарымен марапатталды. Басшылық қызметке тағайындалғанға дейін ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыс ретінде ұжымдық кәсіподақ ұйымына жетекшілік  жасады. Қоғамдық жұмысты да абыройлы атқарғанының дәлеліндей сол кездегі Кеңес Одағының Орталық Кәсіподақ комитетінің(ВЦСПС)бірнеше дүркін, республикамыздың, облысымыздың  Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына, сыйлықтарына ие болды.  Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» деген кітапқа енген.   Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естеліктер» кітабының авторы.   Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйіп отырған абыройлы ардагер.

26239764_130334624436503_1758102012464962738_n


Мен әулет дәстүрін қалай жалғастырдым...

  Біздің әулет - мұнайшылар әулеті. Мен мұны әрдайы мақтан етемін. Бұл туралы осыған дейінгі жазбаларымда біршама жаздым да. Ендігі кезекті өзімнің алғаш рет осы бір қасиетті де киелі мамандыққа басқан алғашқы қадамым жайлы жазсам деймін. Бұл мамандықты қасиетті, киелі деуімнің себебін айту артық та болар, бәлкім? Мұнайдың адам игілігіне жарауының өзі оңайлықпен жүзеге аспайды, бұл салада әлжуаздар мен қорқақтарға әсте орын жоқ. Сондықтан да, мұнай жайлы, мұнайшылар жайлы әңгіме бола қалса, мен ең алдымен, Бисенғали атам айтатын: «Мұнайдың иесі мен киесі туралы» айтып өтуді жөн көремін. Ескіше де, жаңаша да сауатты атам мұнайды киелі дейтін және жаратқан Иеміздің мұнайды кез-келген жерге жасырмағанын, оны табу мен игерудің оңай болмайтынын, мұнайдың иесі болатынын, сондықтан кен орындарында түрлі, кейде тіпті адам сенгісіз оқиғалар болатынын жиі айтатын. Атамның ұрпақтарының мұнай саласында еңбек еткендері көп, бүгінгі күні кейінгі толқыны еңбек етеді. Солардың бірі - менің Анам. Анамның ақылымен, сол 1967 жылы мен де осы бір кәсіпке ең алғаш қадам басып едім.

бисенбай аға мамасымен

Сол жылдың жазғы үш ай каникулында, 8 кластан соң, мен ауылдағы мұнай кәсіпшілігіне үйренуші оператор болып жұмысқа тұрдым. Ауылда бос салпақтағанша жұмыс жасағаным жақсы болды, біраз нәрсені үйрендім. «Адамның кішісі болғанша, иттің күшігі бол» дегеннің де мәнісін сол жазда жақсылап ұқтым. Учаске бастығы Нұрсейітов Амантай ағамыз(жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай), көрші тұрамыз. Біздің ауылдың оқыған жастарының бас жағында тұрған, өсіп келе жатырған жастар өздеріне үлгі қылып, сондай болсам дейтін ағамыз. Учаскеміз Қошқар ауылы бағытында, ауылдан 5-6 шақырымдай жерде, көптеген сорлардан өтіп барамыз. Ауылдан күнде таңертең сағат 8-де және түсқайта сағат 4-те, түнгі 12-де учаскелерге вахта ауыстыру үшін арнайы машина жүреді. Мен жасымның кәмелетке толмағандығына, жай ғана үйренуші болуыма байланысты тек күндізгі вахтада, әрі 4 сағат қана жасайтын болдым. 4 сағат жұмыстан соң ауылға кетіп қалатын көлік болмағандықтан, мені күн аралатып (бір күн толық жасап, екінші күні демалыс алып) жұмысқа шығатын қылды. Бас жағында осындай тәртіппен жасап жүрдім де, үйрене келе күнде жұмысқа шығатын болып алдым. Еңбекақымды қалай төлеп жатыр, табельді қалай қойып жүргенімен шаруам жоқ, үлкен адамдармен бірге өндіріске жұмысқа шыққаныма мәзбін. Мен үшін кереметтей дәреже еді! Дәреже болмағанда, күнде елең-алаңнан ұйқыдан қуана тұрып, таңғы асыңды асығыс-үсігіс іше салып, ауылдың мал шығарған үлкендерімен бірге жұмыс киіміңмен, бір иығыңа жұмыс бешпетіңді асыра тастап, оны ілмешегінен сол қолыңның сұқ саусағымен іле ұстап(үлкендерден көргенім бойынша), екінші қолыңда тамақ салған дорбаң бар, ел қатарлы орталық көшемен талтаң-талтаң етіп ЖҰМЫСҚА бара жату да мен үшін үлкен мақтаныш еді. Кешке қарай жұмысшылар таситын машинаның астауынан да секіріп түсіп, үйге қарай секіре басып жетіп, аулаға маңғаздана кіріп келгенде анаңның сені тау қопарып келген БАТЫРДАЙ қарсы алуына жететін ештеңе жоқ қой, жоқ. Кешкі аста үйдегілер дастархан басына түгел жиналғанда анаң сенен бүгін қандай жұмыс жасағаныңды сұрайды, сен де маңғазданып не жасағаныңды тәптіштеп тұрып, өзің білетін, тек мұнайшыларға ғана таныс терминдерді, качалканың бөлшектерінің атауларын жиірек айтып әңгімелейсің келіп... Анаң да өзі білетін жұмыс болғасын әңгімеге қызу араласады. Бұл дегенің мен үшін мақтаныш қой!!! 
  Маған тәлімгер қылып үлкендеу операторды тағайындаған сияқты, сол кісі мені қасына ертіп алып жүреді, учаскедегі мұнай өндіруге қатысты барлық жұмыстарды тәптіштеп түсіндіреді, жұмсайды. Алып кел, барып келге лыпып тұрған жас баламын, шаршауды білмеймін. Тәлімгерімнің тәптіштеп түсіндіруінің арқасында біраз нәрсені үйреніп қалдым. Станок качалка дегеннің қандай бөлшектерден тұратынын, олардың қандай жұмыс атқаратынын, маңызы барын ... үйретудей үйретті. Качалка, контргруз, кривошип-шатун, редуктор, балансир, головка, ручной тормоз, полированный шток, квадрат, электромотор, самовар, подвеска, сальник, ремень, подшипник ... деген сияқты атауларды жаттап алдым, ненің қай жерде тұратынын, қандай жұмыс атқаратынын, обходта қай жерлерге баса назар аудару керектігін біршама білетін болдым.

Жақсы үйренген нәрсемнің бірі «шай қою» болды, сол вахтаның «келіні» сияқтымын. Таңертең жұмысқа келе мастер тапсырмаларын бергеннен соң өз шаруаларымен, басқа учаскелерге, техника алуға, әлдебір қажетті қосалқы бөлшектер алуға қойма жаққа, ауылдағы конторға жиынға... кетіп қалады. Біздер өз учаскеміздегі мұнай айдап тұрған станок качалкаларды бір аралап шығамыз, әртүрлі жеңіл-желпі ақауларын жөндеп, байқап қарап алып учаскенің «конторына» ораламыз. Өз арамызда будка деген атауы бар жатаған ғана екі бөлмелі шағын, ақпен әктелген үй, бір бөлмесі құлыптаулы, онда мастер отырады, екінші бөлмесі жұмысшылар үшін жабдықталған. Жазғы ыстықта, қысқы боранда, жауын-шашында бас сауғалау үшін, жылыну үшін, түскі ас ішу үшін, әлдебір жиналыс(ілездеме) өткізу үшін керекті бөлме. Ортада ағаштан жасалған ұзынша стол, екі жағында ұзынша скамейкалар бар. Кіреберіс шағын ауызүйдің жарына қағылған үлкен шегелерге ілінген әртүрлі құрал-жабдықтар тұрады: качалкаға керекті ременьдер, сальниктер, кендір жіптер, әртүрлі диаметрлі бума сымдар, әртүрлі размерлі гайка кілттері, әрине, бір бұрышта жарға сүйелген үлкенді-кішілі куәлдер, ломдар, күректер. Носилькалар, тәшкелер үйдің іргесінде сыртта тұрады, немесе, үйге жақын жерде жатқан цемент езетін екі астаушаның(бірі кішілеу, екіншісі жалпақ, үлкен) бірінің ішінде жинаулы жатады. Бұл астаушаларды тек цемент езуге емес, кейде әртүрлі қоқыстарды, ауыр бөлшектерді салып алып бір жерден екінші жерге тасымалдау үшін(салазка ретінде) де пайдаланатынбыз. Осы үйдің жанында кабинасы жоқ Т-100 деген ескі шынжыр табан үлкен трактор да тұрады. Тракторшысы жоқ, «дежурный» трактор ретінде пайдаланатын сияқты, тракторшысы басқа учаскелерде жүре ме, әлде мүлдем жоқ па, білмедім, кей кездерде біреулер келіп мастердің тапсырмасымен қыздырып алып жұмыс жасап кететінін байқап жүрдім. Жоғарыда осы учаскенің шай қоятын «келіні» болдым деп едім ғой, сол айтқандай шалдар қауырт жұмыстың арасында: «Әй, Бисекеңнің баласы, шай қойып жібермесең болмас»,-деп айқайлайды. Бисенғали атамды ауылдың бәрі сыйлайды, мені барлығы «Бисекеңнің баласы» деп атайтын. Айқайды ести сала мен май-май қолымды сумен шылап алып, жердегі топырақпен араластырып балшықтап, әбден ысқылап майын кетіремін де, таза сумен шайып аламын, сонда қолыңа жұққан қандай май болмасын бірден тап-таза болып шыға келеді. Қолды майдан осылайша оңай тазалап алудың тәсілін осы шалдардан үйрендім. Бірден будкаға(үйге) қарай шабамын, келе қара шәйнекті суға толтырып ошаққа қоямын, астына ағаш жаңқаларын жинастырып, қағазға от тигізіп, ол қағазды жаңқалардың астына тығып ошаққа от қоямын, тамызық лаулай бастағанда үстіне малдың кепкен тезегін, ағаш кесінділерін, қураған шөптерді(қаңбақ, бұны марқұм Меткіл мамам жалпылдақ дейтін) біртіндеп сала бастаймын. Шәй қоюды, ошақтың астына осылайша от жағуды мен бірнеше жыл бойы жазғы каникулда Тоқсанбайдың жазығында шөп шабуға барғанымда үйренгенмін. Шәйнек ызылдай бастағанда шалдар да жұмыстарын тастап, қолдарын жуып будкаға қарай беттейді. Неге екенін білмеймін, шайды тоқ плиткаға қойып, немесе шәйнекке кипятильник салып қайнатпайды, міндетті түрде дәу, бүйірі шыққан қара шәйнекті ошақтағы отқа қойып қайнатады. Сірә, осылай қайнаған шәйдің дәмі басқалау болатын сияқты, түтіннің исі сіңген шәй керек шалдарға. 
  Менен бұрын мен сияқты бала үйренушілер бұл учаскеде болды ма, болмады ма, білмеймін, болған да шығар-ау, талай жастарды үйретіп шығарған әккі шалдар ғой бұлар. Мен сияқты бесіктен белі шықпаған баланы емес, талай жоғары оқу орындарын(техникум, институт) бітіргендердің өзін тәрбиелеп, мамандықтың оқу орнында оқытпайтын қыр-сырына қанықтырып, өмірге бейімдеп ұшырған керемет жұмысшы мамандар ғой. Әрбір жас жанның қыбын білетін, кімді қалай жұмсау керектігін, қандай сөзбен ойын жеткізу керектігін жетік меңгерген, кейбір адамдарды қалай жұмсау керектігін білетін, адам психологиясының шеберлері, әккілер ғой. Мені де «үйренгенің өзіңе жақсы, жасағаның бізге жақсы» деп жұмсайтын. Олар айтпаса да лыпып тұрған, қолды аяқтай баламын, жұмсаса болды шаба жөнелемін. Үйренсем деген талабым таудай. Качалка дегенді түгелдей біліп болғандаймын, майлайтын, сайлайтын, қатайтатын, таңертең вахта қабылдап алғанда учаскедегі жұмыс жасап тұрған качалкаларды «обход» жасаған кезде қай жерлеріне көбірек мән беріп қарау керектігін біліп алдым. Тауат маймен(солидол ғой) қай жердегі подшипниктерін қалай, қашан майлау керек дегендерді жақсы меңгеріп алдым. Үлкен адам болғандықтан кейбір операторлар качалканың жоғарғы жағындағы подшипниктерді майлай алмайды да, жоғарыға мені жұмсайды. Кейбір подшипниктерді масленкамен емес, қақпағын ашып, ішіне май толтырып қайта жабамын. Қақпақтарын бекіткен болттары, гайкалары тат басып, маған дейін өмірі ашылмағандай болып тұратындары да бар. Качалкалар әртүрлі, біреулері тереңнен соратын, ауыр салмақты көтере алатын үлкен болса, біреулері баланың ойыншығы сияқты тым кішкентай, жеңіл салмақты көтеретін шағын болады. Қайсысының болса да төбесіне өрмелеп шыға беремін, майлаймын, қатайтамын...тапсырған жұмыстарын тыңғылықты қылып жасауға тырысамын. Жұмысқа тұрарда да, күнделікті кешкі шайдан соң да анам Балжан «ұятқа қалмау жағын, үйрену жағын, тіл алғыш болу жағын, бір жасаған жұмысты шала бітіріп екінші рет келіп жасамау жағын ...» құлағыма құюдай-ақ құятын, сондай инструкциялардан соң менің де жаман болуға хақым жоқ қой. Біздің учаскеге қарасты скважиналарды жөндейтін, «жер асты жабдықтарын жөндейтін» бригада(подземный ремонт) келіп жұмыс жасағанда да олардың жұмыстарын сырттай бақылап жүрдім. Жұмыс жасап тұрған скважинадағы качалкалардың ремендерін ауыстыру, босап кеткендерін тарту, сальниктер «ұру», жасамай қалған моторларын(тым ауырларына әлім келмейді) ауыстыру ...  деген сияқты жұмыстарды өзім де атқара беретіндей дәрежеге жеттім. Шалдар будканың көлеңкесінде шай ішіп отырып, қолдарымен көздерін көлегейлеп қарап, алыстағы бір качалканың ремені «ұшып» кеткенін, босап тұрғанын, сальниктен май атқылап тұрғанын(осы сияқты әртүрлі келеңсіздіктерді, өздеріне мәлім ішкі түйсікпен) алыстан шамалап-ақ байқап: «Әй, Бисекеңнің баласы, ана жаққа барып келші, сальник «ұр», ременін тарт(ауыстыр) ...» деген сияқты тапсырма берсе болғаны, шаба жөнелемін. Шілденің шырқыраған ыстығы күйдіріп тұрады, айнала толған тұзды сорлар, ыстықтан сағым да жөңкіліп, теңіздегі толқындардай болып көлбеңдеп тұрады. Оған қарайтын мен жоқ, қолыма қажетті құрал-саймандарымды(гайка кілтін, куәлшік, кілтті тартқанда күш алу үшін пайдаланатын қысқалау труба, жаңа сальниктер болса соларды, болмаса сальниктің орнына «ұратын»  ременнің көсегін, ауыстыратын жаңа ремень ...) алып шаба жөнелемін. Әлім келетін жұмысты өзімше «мұз» қылып келемін, бас жағында шалдарым мені «шалалық-балалық» жасайды деп артымнан тексеріп жүретін, артынан маған сенетін болды. Әр жұмыстың да қыр-сыры, өзіне тән тәсілдері болатынын шалдарым үйретудей-ақ үйретті. Шырқыраған шілденің осындай бір аптап күнінде басымнан күн өтіп, мұрным қанап ауырып қалғаным да бар. Бір күні қызық болды, түскі шайдың үстінде бір ағамыз: «Мына трактордың тракторшысын шақырып, астаушаны тіркеп алып айналадағы шашылып жатқан қоқыстарды, темір-терсектерді жинастырмасақ болмас, учаскеміз ыбырсып кетті, ұят болып жүр»,-демесі бар ма. Мына әңгіме құлағыма тиген бойда тездетіп шәйымды ішіп алып, далаға атып шықтым. Түскі шәйды будканың ішінде ішетінбіз, күн тас төбеде тұрады да, ешқандай көлеңке жоқ болатын кез ғой. Жүгіріп отырып жақын маңда тұрған тракторға келдім. Алдыңғы кездерде, тракторшы тракторын қыздырып, жұмыс жасап жүрген кездерінде талай рет қасында болғанмын, көмектескенмін. Әрі, осының алдындағы екі жыл бойғы жаз мезгілінде гаражға барып, шопырларға, тракторшыларға көмектесіп жүргенде біраз нәрсені үйренгенмін, талай машинаны, тракторларды өзім қыздырып, айдап көргенмін. Енді міне, сол үйренгендерімді шалдарға көрсетіп, пайдамды тигізгім келді. Ол заманда тракторлардың барлығы да «пускач» дегенмен қызады. Пускач дегенің өзім айдап жүрген мотоциклдің моторының бір түрі, тек оны маховигіне оралған кішкене, есілген арқан жіппен тартып қалып қыздыруың керек. Бірақ сол арқан жіпті қатты, жұлқып тартып қалып пускачты қыздыруға күш те, жылдамдық та керек, соған шамам жетсе болғаны. Тракторшының пускачтың жібін қайда қоятынын білемін, бензині бар, жоғын қарап жүргенмін. Жіпті пускачтың маховигіне орап қойып, карбюраторына бензинін «кашайлап» жіберіп, «иә, біссміллә» деп арқан жіпті бар күшіммен екі қолдап тартып қалдым. Күн де жанып тұр, шақырайған күннің астында тұрған темір трактордан да ыссы леп соғады, әрі өзімнің де абыржып, сасқалақтағаным да бар, қазір ішкен бір кружка ыссы шәй да бар дегендей, қара терге түскенім-ай!! Мәссаған, пускачым бір тартқаннан тақылдап ала жөнелді дейсің, енді трактордың дизелін пускачқа қосып соны қыздыруым керек. Жалма-жан оң қол жағымда, төменіректе тұрған екі рычагты бар күшіммен бір біріне қарай жылжытып қосып едім, трактордың дизелі де қақалып, шашалып, көк түтінін атқылап барып күркілдей жөнелді. «Өй, жарайсың, Бисенғалиев»,- деп өзімді өзім бір мақтап алып, пускачты сөндіріп, трактордың кабинасына отырдым. Айналаның барлығы өртеніп, күйіп тұр, тракторшының отыратын жеріне отыру мүмкін емес. Іште жатқан май-май фуфайканы астыма салып алдым да тракторымды жайлап қозғап шалдар отырған будкаға қарай бұрдым, жақындаттым. Мен жақындай бергенде будкадан шалдар да шыға бастады. Тракторды мен айдап келеді деген ой оларда болмаған секілді, көрші учаскеден біреулер келген екен деген оймен шыққан ғой. Өзіміздің тракторды айдап келе жатырған «үйренуші Бисекең қарттың қара баласы» екенін көріп ауыздарын ашып қалды. Боқтаған да, ұрысқан да жоқ. Бұл шалдардың барлығы да менің техникаға әуестігімді білетін, тракторшының қасына үйірсектеп жүретінімді  көріп те жүрген еді. Сол күнгі жұмысым трактормен учаскені қоқыстан тазарту болды. Учаске басшысы Амантай ағамыз да көп назар аудармады, тек сақ болу, ауыр техникаға көп үйір болмау жөнінде ауызша ескертумен шектелді. Айтса айтқандай болды, бір күні учаскенің қиыр шетіндегі қоқыстар жиналған жерге ортада ұзыннан ұзын шұбатылып жатқан жуан темір арқанды(металл трос) сүйретіп апарып, жинап қоюға жұмсады. Трактормен барып, ұшын іліп алып сүйретіп көрсетілген жерге жеткіздім, бір жерге орап жинадым, кейін қарай темір тұлпарымның бар жылдамдығымен «зуылдап» келе жаттым. Будкамызға жақындап қалғанда қандай шайтан түрткенін кім білген, өзімше шалдарға қыр көрсеткім келді ме, білмеймін, қатты жылдамдықпен бұрқыратып келе жатқан тракторымды соғыс кинолардан көрген танктер сияқты қылып шыр көбелек айналдырғым келді, солай жасап айнала бастағанымда тракторымның шынжыр табанына әлдебір жатқан темір арқан оратылды дейсің, оны мен білмедім. Сәлден соң тракторымның жылдамдығы баяулап, бірер айналғаннан соң кілт тұрып қалды. Айналаны көкала шаң қылдым, шаң басылғасын қарасам трактордың гусеницалары маталып қалған екен. Мастер де, шалдар да маған қарап тұр екен. Ұялғаннан(мақтаған қыз тойда «бүлдіреді» дегендей) мұрным пысылдап, басым салбырап, ащы терім шығып... дегендей, кіріп кетуге жердің тесігі болмай мен тұрмын. Амантай ағамыз бұл жолы да ұрысқан жоқ, шалдарға, маған трактордың катоктарына оратылған жуан тросты қиып алып тастауды тапсырды. Тракторды біраз уақыт өткесін «тұсауынан» босатып алдым, күнделікті тұратын орнына апарып қойдым. Каникулдың аяқталуына, менің алғашқы жұмысымның соңына да аз күндер қалған болатын. Содан соң ол тракторға жоламастан кеттім. Балалық, шалалық, желөкпелік ...дегеннің аяғы осындай болды. 

бқ
  Тағы бірде, таңертең вахта жиналатын жерге(орталық контордың алды) келсем вахта таситын машина учаскелерге кетіп бара жатыр екен. Сәл кешігіппін, шаңын ғана көріп қалдым. Сол түні балалармен қыдырып, әңгіме соғып ұйқыға жай жатқанмын, қара басып ұйықтап қалыппын. Үйге қарай құстай ұшып, қорадан мотоциклімді шығарып алып, учаскеге қарай ұшырттым ғой. Сордың жолы асфальт сияқты(ол заманда біздер асфальт болатынын білмейміз де) теп-тегіс, ұшыртып келе жатырмын. Біздің ауылда осындай тұзды сордың теп-тегіс жолын «сипама» дейді, неге олай атайтынын білмедім. Сол сипамен мотоциклімнің барын «сығып» алып келемін. Көзімнен аққан жас құлағыма құйылып, көйлегімнің етегі арт жағымда қайықтың желкені сияқты делеңдеп, құйғытқаннан құйғытып отырып, астауында адам толы вахта машинасын басып оздым. Учаскеме вахтадан бұрын жетіп, мотоциклімді будканың көлеңке жақ жарына сүйеп қойып енді бұрыла бергенімде вахтам да жетті. Машинаның кабинасынан мастеріміз Амантай ағамыз да түсті. Адамдар жапырлап машинаның астауынан түсіп жатты. Амантай ағам екінші рет учаскеге мотоциклмен келмеуімді ескертті. Дұрысында, мекеме бекіткен, бөлген көлікпен ғана жұмыс орнына қатынауымыз керек, техника қауіпсіздігі, еңбек тәртібі соны талап етеді екен. 
  Вахтаға түскі асқа алып келетініміз, жалпақ қылып кескен екі тілім нан(көбіне қара нан, біздің ауылда ол нанды «размоный» дейді, не сөз екенін әлі күнге түсінбеймін). Нанға май жағып, арасына төрт шақпақ секер салып, екі тілім нанды бір біріне жапсырып, сыртынан газетпен жақсылап орап, дорбамызға салып  аламыз. Ол заманда колбаса, печенье, тәтті нан(булочка), сгущенка сияқты дәмді тағамдар қат болатын. Әрине, жаз болғасын, дорбама бірер помидор, оғұршық, аздаған тұз, кейде піскен жұмыртқа, бір орам көк жуа, түннен қалған еттің көсегі, бір қайнатым грузин шайын да саламын. Бұлардың барлығын анам Балжан мұқият дайындап, дорбама салып береді. Түскі шайда ортадағы дастарханға барлығымыз дорбаларымыздағы дәмдерді саламыз. Сол замандағы барлығымыздың да тұрмыс-тіршілігіміз бір келкі ғой, асып бара жатқан ештеңе жоқ дегендей. Шалдардың дорбаларында бір шөлмек сүт, айран, шұбат, шалап, қара көже, түннен қалған сүрленген, сап-сары құйрық май, өркеш май(шалдар шайына салатын) ... сияқтылар да болады. Негізгі тамақ қара нан еді ғой. Арасында, жиі емес, таба нан, бауырсақ, шелпек, ішінде балы бар кәмпит те болып тұрады дастарханымызда. Шәйдың үстінде шалдар біраз көр-жер әңгіме «көйітеді», малдың жайын, шөптің шығымын, ауылдың жаңалығын, клубта қандай кино болатынын(болғанын), ауыл спортшыларының көрші кәсіпшіліктің футболшыларымен, волейболшыларымен ойнаған ойындарын, кімнің қалай ойнағанын талқылайды, кейде кімнің тойында кімдердің төбелескенін(біздің ауылдың «спортының» бір түрі) де әңгімеге арқау болатыны да бар... Бір қызығы, біздің ауылда футбол жанкүйерлері өте көп, барлығы да радиодан берілетін футбол матчтарын жібермей тыңдайды. Кеңес Одағы республикаларының футболшыларын, футбол комментаторларын жатқа біледі. Радиодан берілетін репортаждарды көпшілік жанкүйерлер ауылдың ортасындағы бағанның басына орнатылған радиодан(біздің ауылда оны формасына қарап «ақ шелек» дейді), жиналып алып тыңдайды. Сол жерде талқылайды, керілдесіп қызу пікірталас болып бәс тігіседі. Ойын алаңындағы ойыншылардың қайсысы қай жерде жүргенін, кімнің кімге қалай пас бергенін, допты қалай тепкенін(әуелетіп пе, әлде жермен бе), қақпашының қалай ұстағанын, допты қайтарғанын ... бәрін, бәрін, кәдімгі теледидардан(ол заманда теледидар дегенді білмейміз де ғой, ондай дүние болатыны түсімізге де кірмеген заман) көріп отырғандай сайрайтындар баршылық еді. Сондай бір футбол матчынан соң ауылымыздың бір жұмаға дейін әңгімесі сол жөнінде болатын. Ойпырмай, ә... Мен сол ағаларымды шал деп жүрсем, олардың жастары бар болғаны қырықтың о жақ, бұ жағындағы, әрі кеткенде елуге жете қоймаған жас жігіттер екен-ау. Қазіргі өлшеммен қарағанда «бала» екен ғой. Бірақ түрлері де, айтқан әңгімелері де үлкен адамдар сияқты байсалды болатын. Мүмкін, менің бала көзіме солай көрінген де болар, кім білген.

бұрғылар
  Міне, осылайша мен Бисенғалиевтар әулетінің мұнайға ертерек, 16 жаста,  келу дәстүрін сақтадым, жалғастырдым. Анам Балжан 1939 жылы 16 жасына жетпей мұнай өндірісіне келсе, оның жолын Құлымғара ақкөкем жалғастырып 1944 жылы 16 жасында мұнайшылықты кәсіп еткен. Енді мен де 16 жасыма жетер-жетпесте мұнай өндірудің қыр-сырын үйренуге талпыныс жасадым. Әрине, мен тек 3 ай ғана, жаздың жайма шуақ күндерінде ойнап жүріп жасадым бұл жұмысты. Менің бұл жұмысымды соғыс кезіндегі анам мен ақкөкемнің азапты жұмыстарымен салыстыруға келмес, бірақ өз әлімше мен де алдыңғылардың салып кеткен дәстүрлі жолымен жүруге тырыстым. Осылайша өз еңбегіммен мұнайшы болудың бастапқы баспалдағына қадам бастым. Еліміздің мұнай байлығын арттыруға бір тамшы болса да мен де өз үлесімді осылайша қосқан едім. Үш ай жазда қанша ақша тапқанымды білмеймін, бірақ 17 рубльдің ұшы сүйір, қара түсті, үлкен жігіттер киетін сияқты туфлиін алып бергені есімде қалыпты. Бұл менің алғаш рет жігітшік болып туфли кигенім еді. Күзде интернатқа қыры қылыштай жаңа лавсан шалбар киіп, тұмсығы сүйір жаңа туфлимен барғаным әлі есімде. Маңдай теріммен(күн тиіп мұрын қаныммен) тапқасын ба, әлде басқадай да себептері бар ма, кім білген, әйтеуір сол туфлиімді күтіп, ұзағырақ кидім. 
  Үш ай жұмыс жасағанда мұнайдың қандай болатынын, иісін, мұнайшы болудың оңай шаруа емес екенін білдім, сездім. Алақандарымдағы күлдіреп ойылып қалған «мозольдардың» орындарымен бірталайға дейін есіме алып жүрдім. 
  Осылайша мен үлкен өмірге, мұнайшылар өміріне алғашқы қадамымды жасадым. 

PS.  Оқырмандарыма түсінікті болуы үшін Сағыз мұнай кенорны жөнінде қысқаша ғана мәліметтер бере кетейін:

Сағыз кенорны

Сағыз алаңында алғашқы геологиялық зерттеулер 1925 жылы картаға түсіру үшін бұрғылаудан басталды. Терең бұрғылау да картаға түсірумен қатар жүргізіліп, бірнеше кезеңге созылды.
Бірінші кезең 1925-1935 жылдар аралығын қамтиды. 1931-32 жылдар         аралығында Солтүстік Сағыздағы № 10, № 14 ұңғымаларынан орта юра    түзілімдерінен тәулігіне 6-9 тонна болатын өндірістік мұнай алынды. Басқа ұңғымалар мұнай бермегендіктен Сағыз барлау учаскесі ұзақ мерзімді тоқталысқа қойылды.
1937 жылы батыс қанатта К-7 құрылымдық-іздестіру ұңғымасында пермотриас қабатындағы түзілім анықталды.
1938-45 жылдар аралығында терең бұрғылаудың екінші кезеңінде Орталық Сағыздың шығыс қанатындағы бор және юра түзілімдері анықталды.
Терең бұрғылаудың 1950-58 жылдар аралығын қамтитын үшінші кезеңінде Орталық Сағыздағы шығыс қанаттың шеткі жиегінде тұздың екінші құлдилау беткейінен өнікті пермотриас қабаты табылды. Сағыз кенорны 1939 жылдан бастап пайдаланылып келді.
01.01.2001 жылы пайдалану қорында 66 ұңғыма бар. 01.01.2004 жылға дейін экономикалық тиімсіздігіне байланысты тоқталыста болды. Кенорны «Ембімұнайгаз» ААҚ филиалы «Доссормұнайгаз» басқармасына қарайды.
Өнімі ең мол жыл – 1944 ж. 72 ұңғымадан 77,7 мың т. мұнай өндірілді.
Сағыз мұнай кәсіпшілігі Қазақстанның өндірістік картасында 1937-1987 жылдары, 50 жыл ғана тұрды. Өндірісті оңтайластыру(оптимизация) деген желеумен Сағыз ауылы 1987 жылы жабылды, тұрғындары Мақат ауылына көшірілді. Мұнай вахталық әдіспен 2015 жылға дейін өндірілді.

 
Бәкөн әл-Сағыз. 

 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника