Қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айсұлу Қадырбаева халқына кеңінен танымал болған ақын.
Ол «Перне», «Қарлығаш», «Ақ мама», «Парыз», «Барып қайт, балам, ауылға», “Иманға жүгін, ей, пенде!”, «Шың–Құз», «Бабалар рухына тағзым» кітаптарының және “Нарғала”, “Беліңді бу, бекем бол, балам”, “Шыңғыс”, “Бабыр”, «Өсиетнама» секілді көптеген дастандар мен толғаулардың авторы. Бүгін халқына АЙСҰЛУ ХАНЫМ атанған Айсұлу Қадырбаеваның жуырда ғана жарық көрген кітабынан үзінді бергелі отырмыз. Қабыл алыңыздар!
АРМАН-АЙ!
(Халық батыры Бауыржан
Момышұлын жоқтау)
1986 жыл! Мемлекет билігі жат қолында екендігін дәлелдеп, бүкіл дүние жүзі алдында “Қазақстан – Ресей империясының отары” деген саяси шындықты ашық жария еткен “Қанды желтоқсанның” қаралы күндері!!!
Қолдарында – ұран, - Орталық Комитеттен еліміздің еркіндігі мен егемендігін талап етіп, бейбіт шеруге шыққан қазақтың жауқазын жастарын ауызынан от шашқан аждаһа ажал – Брежнев алаңы, жалмап жатыр!!! Алға шығып, ақыл, - араша түсіп, басу айтар Ақсақалдарымыз бен Қарасақалдарымыздың үні өшкен!!! Шырақтарын сөндіріп, көз алдарындағы қан сасыған қызыл ала қырғанды көрдей қараңғы бөлмелердің үңірейген үрейлі терезелерінің арғы жағынан үнсіз ғана бақылап тұрған қат-қабат Зәулім үйлер – олардың да тілі байлаулы!!!
Жағалай шеп құрып, алаңды айнала қоршауға алған қарулы қолдың құрсауында, дауылды күнгі теңіздей, ерсілі-қарсылы толқыған халық, қалай қарай ылықсыса да, жалпақ дүниені табанының астына салып, таптап келе жатқан бронді техника мен арсылдаған қабаған иттерін алдына оздыра, лек-легімен, екпіндей ұмтылған арнаулы жаяу әскердің күрекшелеріне ұрынып, баудай жапырылуда!!!
Ия! Құдайым!!! “Елім!”, “Жерім!” – деп, шырылдап, шыбындай жанын шүберекке түйіп, тұтқыйылдан құлдилай құйылған қарақшы-құзғындарға арыстандай айбармен қарсы атылып, айбат көрсеткен жанкешті жас буынға батыр бабаларымыздың рухын бере гөр!!! Алаһу акбар!!! Аллаһу акбар!!! Аллаһу акбар!!!
О! Бәуке!!!!
Қарағайсыз
ну бола ма?!
Жел соқпай,
дауыл соқпай,
шу бола ма?!
Атой сап,
ұран тастап,
қол бастамай,
бүктүсіп
нағып жатсың
қу молада?!
Бәукем-оу!!!
Бәукем-оу!!!
Бәукем-оу!!!
Қар жауып қара аспанның қабағынан,
Қанша гүл сынып түсті сабағынан!!!
Колбиндей көктөбеті “Желтоқсанның”…
О! Баба!
Көрмеймісің,
қазағыңның
арсылдап алып жатыр тамағынан?!!
Сырқырар сай сүйегің, зарлағанда!
Қанды жас екі көзден парлағанда!!!
Тұншығып, тұңғиыққа ел батып барад,
қолына тал да ілікпей қармағанда!!!
Дабылы қасіреттің қағылып тұр!
Халқыңа ұлтшыл айып тағылып тұр!!! –
Өзіңе осынау жәйттен хабар салмай,
мелшиіп, меңіреу дүнием нағылып тұр!!!
Балаған көздің ақ пен қарасына
ұрпағың қалды дұшпан жаласына!
Дірілдеп тілерсегім, әзер жеттім
сен жатқан Алатаудың саласына!!!
Иман жоқ!
Ар-ұят жоқ
жауызыңда!!! –
Таптады
ұл-қызыңды
қауызында!!!
Елім деп еңіреген ерлеріңнің
домалап басы кетті ауызында!!!
Күркіреп, таудан төмен аспаймысың?! –
Дұшпанның көкірегін баспаймысың!!!
Қаптаған қалың жұртың қазағыңды
қаулаған өрт ішіне тастаймысың?!!
О! Бәуке!!!
Қарағайсыз
ну бола ма?!
Жел соқпай,
дауыл ұрмай,
шу бола ма?!
Арызым тасқа барып жаңғырығад! –
Шыныңмен, айналдың ба
қу молаға?!
О! Бәуке!
О! Бәуке!!
О! Бәуке!!!
1986 жыл