ҰСТАЗ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

ҰСТАЗ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

Назарларыңызға ардагер-мұнайшы Төлеген Байзақовтың естелігін ұсынамыз. Төлеген Байзақов  1944 жылы Гурьев облысы Талқайран ауылында балықшы отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін екі жыл бойы Байшонас НПУ қарсақ кен орнында мұнай және бұрғылау жабдықтарын жөндеу бойынша слесарь болып жұмыс істеді. 1962 жылы Грозный мұнай институтына түсіп, 1971 жылы бітірді. Оқу арасында Германияда Кеңес әскерлері тобында қызмет етті. 1971-1987 жылдар аралығында бұрғылау шеберінен Балықшы барлау бұрғылау басқармасының бастығына дейін жол жүріп өтті. 1987 жылдан 1997 жылға дейін БУРБ және Ембімұнай өндірістік бөлімінің бастығы, УПНПиКРС бастығы, Ембімұнай бойынша бұрғылау жөніндегі Вице-президент. 1997-2008 жылдары "Матин" бірлескен кәсіпорнының бас директоры.

Т Байзаков

Ұстаз Асабай Хисметұлы туралы естелік

Балықшы барлау бұрғылау басқармасының (ББББ) Қарт Ембінің жер қойнауының байлығын игерудегі бірден-бір басты мекеме болуына үлкен үлес қосқан Асабай Хисметұлы осы өндіріс ошағын үзбестен 1973 жылдан 1985 жылға дейін басқарған. Балықшы барлау бұрғылау басқармасы - 1972 жылы Прорва бұрғылау конторының (ПБК) негізінде құрылып, кеңсесі Сарқамыстан, қазіргі Атырау, сол кездегі  Гурьев қаласына көшірілді.

Мекеменің бірінші бастығы Маташев Мүтиғолла (бұрынғы Прорва бұрғылау конторының директоры), екіншісі Шилимов Евгений Лаврентьевич (Ембімұнай бірлестігінің бұрғылау өндіріс бөлімінің бастығы), үшіншісі Хисметов Асабай. Асакең Балықшы барлау бұрғылау басқармасына тағайындалмастан бұрын Ембімұнай (ЕМГ) бірлестігінің бас директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Оған дейін Маңғыстау мұнай және газ барлау экспедициясында (ММГЭ) бас инженер болған. Ол кезеңде Маңғыстау мұнай және газ экспедициясы Қазақстанның геология министрлігіне, ал Ембімұнайгаз Советтер Одағының мұнай министрлігіне қарады. Мамандарды, лауазымды адамдарды республика деңгейіндегі мекемеден, одақтық мекемеге аудару, тек қана жергілікті коммунистер партиясының келісімімен және шешімімен болатын. Яғни, Асакеңнің Маңғыстаудан Ембіге келуі оның осал болмағандығының куәсі ғой деймін. Әрине, Асакең өздігінен Ембіге жұмысқа сұранбаған болар. Мәселені сол кездегі ЕМГ бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиұлының барлау-бұрғылау жұмыстарын кеңінен жүргізілуіне бағыттаған жоспарын жүзеге асыратын басшы мамандарды таңдауы шешкен болар. Егерде 1970 жылдардың басында Прорва бұрғылау конторы жылына барлығы 30 мың метрдей пайдалану және бұрғылау ұңғыларын бұрғыласа, кейін уақыт көрсеткендей бұрғылау деңгейі бірнеше рет көтерілді. (таблица 1).

Мен 1971 жылы институт бітіріп келгеннен кейін Прорва бұрғылау конторына бұрғышының, сосын шебердің көмекшісі, ал 1972 жылы ББББ құрылғанда, бұрғышы шебері, өндірістік-техникалық бөлімде аға инженер болып қызмет атқардым. Яғни, Асакеңнің алдында болған екі басшының да алдын көрдім. Асакеңнің басқару жүйесі мүлде басқа көрінді. Тәртіп күшейді. Орталық инженерлік-технологиялық қызметінде күндіз-түні рациямен Гурьев облысының оңтүстігінде Прорва, батыста Камышитовой, шығыста Кенкияқ кенорындарымен байланыстар үзілмейді. Бұл тек пайдалану ұңғыларын бұрғылап жатқан кенорындар ғана. Олардан басқа Доссор, Сағыз, Пустынный, Тәжіғали т.б. алаңдарда барлау жұмыстары жүріп жатыр.

Басқарманың орналасқан жері қала сыртындағы телемұнараның жанында қоймаларға арналып салынған ұзына-шұбақ бір қатарлы құрылыс (строение). Елдің аузындағы аты «Колбаса». Оған сыймағандар вагондарда отырады. Қыста салқын, жазда ыстық. Кондиционер деген атымен жоқ, тек желдеткіш, ол да біреуде бар, біреуде жоқ. Бір бөлмеде бірнеше бөлімдер сиысып отырып, қызмет жасай береді. Бұл жағдай басқарма  отырған жерде, ал барлау алаңдарындағы әлеуметтік жағдай ауызға алып айтарлықтай емес еді. Сол уақытта тұз астына іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында, Волгоградтан бірнеше бұрғылау бригадалары шақырылып, бұрғылау ауқымы күрт өсті және сонымен бірге алаңдардағы бұрғышыларға арналған әлеуметтік жағдайлар жақсарды. Яғни, жататын, демалатын, ас ішетін орындар салынды.

WhatsApp Image 2019-05-29 at 08.00.11 (1)

Өндіріс басқару жүйелеріне бұрынғы Прорва бұрғылау конторы мамандарынан басқа, Маңғыстаудан Асакеңнің шақыруымен бір топ азаматтар келді.  Прорва бұрғылау конторының бұрынғы бас инженері Қуантыров Хамза орталық инженерлік-технология қызметін басқарды. Бұрынғы өндірістік-техника бөлімінің бастығы Махамбетов Екібай Жәрдемұлы басқарманың бас инженерлігіне тағайындалды. Бас геолог  болып Биікжал барлау экспедициясынан келген Балғымбаев Мақаш, өндірістік-техника бөлімінің бастығы болып Биікжалдан келген Ильясов Мұрат тағайындалды. Технологиялық бөлімнің бастығы, өндірісті қамтамасыз ету базасының бастығы болып Аженов Сағидолла мен Кенжеғалиев Серік, Асакеңнің Маңғыстаудан шақырған мамандары қойылды. Және олармен қатар Асакең оқу бітіріп келген жастарды жеке-жеке шақырып, сөйлесіп бір-бір учаскені басқаруға жіберді. Соның бірі мен болдым. 1973 жылы мамырдың 5 жұлдызында кабинетіне шақырып алып маған айтқаны әлі есімде: «Төлен оқуың бар, денсаулығың бар, стол құшақтап шалбарыңды жылтырататын уақыт алдыңда, ана Камышитовой кеналаңында пайдалану ұңғылары тезірек қазылу керек, соған барасың»,- деді. Ия, жақсы деп шығып кеттім. Сол кезде жаңадан үйленген кезім, әйелімнің күні жақындап қалған, оған қарайтын жағдай жоқ. Сол күні түс қайта бас инженер Екібай Жәрдемұлы машинасына отырғызып, Камышитовой кеналаңына келіп өзімнің ұстазым, Доссорда ол бұрғышы шебері болғанда, оған көмекші болғам, ал Камышитовой учаскесіне бастық болып кеткенде, мен сол кісінің орнын басқан едім. Енді тағы да ұстазымның орнына отыруға тура келді.

Ол адам ұлағатты азамат, жұмысына шексіз берілген, бүкіл бұрғышы әлеміне танымал Тухватуллин Идеят еді. Сол кезеңнен бастап, менің өндірістегі өмірім Асакеңмен, ол кісі бұл фәни дүниеден озғанша тығыз байланыста болды.

Мен Камышитовойға барған уақытта жұмысшылар 7 күн сайын ауысып тұрады да, ал басшылары, инженерлер мен шеберлердің жұмыс кестесі аптасына бес күн 8 сағаттан қызметте және екі күн демалыста болу керек еді. Ал шын мәнісінде соңғы аталғандар апталап, айлап өндірісте болатын. Менде солардың күнін кештім. Бірінші сапарымда 25 күннен кейін үйге келдім. Одан кейін де вахталық әдіс енгенше 7-10 күнде қалаға келіп семьяны көріп, ертеңіне басқармаға барып, өндірістің шаруасын шаруалап кеште үйде бір түнеп таңда өндіріс басына кететінбіз. Бүгінде тап сондай жұмыс кестесі ақылға сыймайтын жәйт. Бұл Асакеңнің жанынан шығарған әдісі емес, сол уақыттағы бұрғылау жұмыстарының ұйымдастыру жүйесінен қалыптасқан мұнайшылардың да, геологтардың да басынан өткен жағдайлар. Оның себебі, ертеде геологтар іздеу-барлау алаңдарына бұрғы саларда әуелі жертөле қазып жұмыстарын бастаған. Егерде жұмыстары жалғасатын болса, сол маңнан кішігірім уақытша үйлер тұрғызып семьяларын қастарына алып, іздеу-барлау қызметтерін бітіргенше кеналаңдардың жанында тұрғын қалашықтар пайда болатын.  

1960 жылдардың аяғында 1970 жылдардың басында іздеу-барлау қызметтерін, тек қана Қазақстанның гелогия министрлігі емес, бүкілодақтың мұнай министрлігінің бірлестіктері де жүргізе бастады. Сол кезден бастап Ембі өңіріне де вахталық әдіс кеңінен енгізіліп, кішігірім тұрғын қалашықтардың орнына Гурьев қаласының жоғарғы жағы Жайықтың бойынан Ақжар поселкасы бой көтерді. Халық аузындағы аты «Бурпоселок». Бұрғышылардың жұмыс орындарында вахтовый поселоктар салынып, өндірістегі қызметкерлер мен жұмысшылар мерзімді бір уақыт далада жасап демалыс күндерін семьяларының қасына өткізетін күндерге жетті.

Менің алғашқы өндірістегі ұйымдастыру жүйесінің қыр-сырын Асекең мектебінен өттім.

1977 жылы ББББ-ғы бұрғылау бригадаларының саны 17-18-ге жетсе, адам саны 1700-1800-ге жетті. Іздеу-барлау алаңдары жылдан-жылға көбейіп, жалғыз ББББ-на игертпей жатты. Сол уақытта Ембімұнай бірлестігінің тәртібімен бір басқарманың орнына төрт мекеме құрылды. Олар Прикаспийское управление буровых работ (ПУБР), Прикаспий бұрғылау басқармасы (ПУБ), мұнара монтаждау конторы, тампонажная контора. ББББ-да жасап жүрген мамандармен қатар, Волгоградтан келген мамандар осы құрылған мекемелерге басшы қызметтерге тағайындалды. ПББ-на бастық болып Махамбетов Екібай Жәрдемұлы, бас инженерге Волгоградтық Самоилов, бас геологқа Рахметов М., орталық-инженер-технологиялық қызметіне Қуантыров Х.Қ., өндірістік-техникалық бөліміне Ильясов Мұрат, технологиялық бөліміне Урекешев Серік, бас механикке Кенжиев, техникалық-қауіпсіздік бөліміне Айтжанов Қуаныш тағайындалды. Бастықтың шаруашылық жөніндегі орынбасары Салихов Халел.

Мұнара монтаждау конторының директорлығына Волгоградтық Барыльник А.А., бас инженерлігіне Сұлтанов тағайындалса, тампонажный конторының директоры Нұржанов Сағидолла, бас инженерлігіне Биғалиев Ермекқали тағайындалды.

Бұл мамандар түгел дерлік, Нұржанов Сағидолла ағамыздан басқасы, ББББ-ның бас мамандары. Сол уақытта жаңа мекемелер құрылып жатқанда, Асакең Екібай Жәрдемұлына айтыпты: «Екібай, сен қалаған адамдарыңды өзіңе алам десең, өз еркің»- деп. Екібай Жәрдемұлы жоғарыда жазылғандай ересек және тәжірибелі мамандарды өзімен бірге алып кетеді. Ал, Асекең жас мамандармен қалады. Бір ББББ-ның орнына төрт мекеме құрылғаны жастардың дамып келе жатқан өндіріске және оны басқаруға араласуына үлкен жағдай туғызды.  Сол күндегі Асекеңнің қасында қалған бас мамандар мыналар еді: бас инженер Тардонов Борис Константинович, геологиялық бөлімде Қожабаев Алмаз, технологиялық бөлімде Аженов Сағидолла, бас механик Жұмағалиев Жақсекен, бас энергетик Тұхпатов, техникалық қауіпсіздік бөлімде Балжанов Құспан, орталық инженерлік-технология қызметіне Жұмалиев Жолдас Абитович, өндірістік-техникалық бөлімде осы жолдардың авторы.

Бұрғылау алаңдарында бұрғышы шеберлер, райондық инженерлік-технология қызметтерінде жоғарғы оқу орындарын бітіріп келген жас түлектер мен тәжірибесі мол мамандар араласып жасап жатты.  Сол жылдары өндіріске келген жас мамандар ББББ-де бұрғылау сырының егжей-тегжейіне қанығып, 3-4 жылдың ішінде бұрғылау шеберлері райондық инженерлік–технология қызметтерден басты қызметкерлерге көтерілді. Осы күнде олардың бірі жоғарғы лауазымдардың иесі ал, екіншісі үлкен-кіші өндіріс орындарын басқарып жүр. Қазіргі Барлау-өндіру АҚ-ның бас директоры Балжанов Аскар, НК Казмұнайгаздың вице-президенті Ибрашев Кенжебай, Казмұнайгаз-Бурение ЖШС-нің бас директоры Жамауов Жұмабек, УПНП и КРС бас инженері Қадралиев Қазихан, ОТОпром фирмасының директоры Тілегенов Аман, DASK Дриллинг ЖШС бас директоры Нұржанов Асқар, Жолумбаев Марат т.б. Ал, енді осыншама мамандардың қалайша жоғары лауазымдарға ие болғаны деген сұрақ қойсақ, оған жауап біреу. Қазақтың мақалында бар ғой: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген, Асакеңнің ұстаған қатаң тәртібі, талабы, іскер ұйымдастырушылығын бойларына сіңірген жас қырандар бүгін орталарының бел алды болып жүр. Бұрғышылардың сынағынан өткен мамандар басқару жүйесінің қыр сырына қанығып шығады. Оған себеп ұңғы бұрғылауды ұйымдастыруда басқару жүйесінің басты-басты принциптерін пайдалану және ұдайы тексеріп отыру қажет. Тереңге 4000-5000 метрге бұрғылайтын бұрғылау бригадасын басқарып білетін шеберлердің құрамында 1000-нан асатын адамдары бар басқарманы басқаруға тағайындалғанның куәсі болдық.

Асакеңнің жұмыс жасау тәсілінің өзіндей бір ерекшелігі бар болатын. Бұрғылау жұмыстары үздіксіз процесс болғандықтан орталық инженерлік-технология қызметі төрт сағат сайын әрбір бригадасы хабардар болып отырады. Таңертеңгі басқармадағы қызмет бастықтың кабинетінде өтетін тәуліктің нәтижесін талқылаумен басталады. Ол жиынға барлық бас мамандар қатысып, бастықтан кейде ескерту, кейде шұғыл тапсырма алып шығатын. 10-15 бұрғылау бригадаларының не істеп не қойып жатқанын, неге мұқтаж болып жатқанын сол жерде еститінбіз.

Хамза Қуантыров сияқты тіс қаққандар жағдайды тізбелеп айтып жатқанда, Асакеңнің тек қана бір сұрағы болатын. Ол сұрақ: «Неге?». Бір «неге?» деген сұраққа жауап алса, одан кейін бірнеше «неге?» болады. Сүйтіп шегіне, анық қанығына жеткенше ол сұрақ қайталана береді, қайталана береді. Егерде кімде-кім барлық «неге?» деген сұраққа қанағаттанарлық жауап берсе, бастық оны қабылдаса, демін ішіне тартып отырғандар бір «уф» деп демалатын. Біз артынан білгеніміздей, таңертеңгі басқармадағы мамандармен жиналыс сол күнгі екінші жиын екен. Біріншісі, Асекеңнің таңғы сағат 6-7 шамаларындағы алыс-жақын орналасқан қондырғылардың шоғырланған орталықтарымен хабарласып талай «неге?» деген сұрақтарға жауап алғаны.  Асакеңмен үзеңгілес бірлестік бастықтарының «Асакең үйден шықпай, барлық буровойларда не болып жатқанын біліп отырады» - деп айтқандарын талай естіген едік.

Адам болған соң, пенде болған соң әркімнің өзіне тән қылықтары болады. Асакеңнің кей уақытта ешкімге айтпай демалысқа кетіп қалатын кездері болатын. Ол жағдай апта, кейде апта жарымға созылып кететін. Басқарманың қызметі бұрынғыдай жүріп жатады, бірақ бәріміз Асакеңнің «негесіне» үйреніп қалғандықтан ба, әйтеуір, бір нәрсе жетпей тұрғандай болады. Әр жерде олқылықтар орын алады. Оларға көп мән бермейміз. Ал бірлестіктегі басшылар оны біліп отырады. Кейде жиындарда сұрайды, «бастықтарың қайда?»-деп. Біз білмегенсіп отырамыз. Әңгіме сонымен доғарылады. Бір күні Асакең жұмысқа шығады. Мен бас инженермін. Шақырады. Қағаздарымды құшақтап, мен барам. Доклад жасаймын. Барымша тәппіштеп мәлімдеймін. Бір қызығы, «неге?» деген сұрақ жоқ. Тек ия-ия, а-аа, ңңң... сияқты дыбыстар. Мен кетем, менен кейін орталық инженерлік-технология қызметінің бастығы кіреді. Ал түстен кейін қарбалас басталады. Бас мамандар тапсырма алып, вертолетке кетіп жатса, жабдықтаушылар жүректерін қолдарына алып машиналарға шауып бара жатады. Ұйымдастыру жүйесі қайта қалпына келіп жатқанның белгісі бұл.

Сол кезеңде «Асакең шашырап жатқан шаруашылығын жинауға кірісіп кетті» деген сөздер айтылып жүрді. Яғни, біз бәріміз қаншама талаптансақ та, барымызды салып жұмыстансақ та, Асакең келіп араласқанда, жұмыс өзгеше ұйымдастырылатын еді. Тағы да бір Асакең енгізген ерекшелік. Бас мамандар болсын, қатардағы мамандар болсын іс-сапарға шыққанда төрт-бес күнге деп жолдама алып кетеді, ал қайтып оралуы жолдамадағы көрсетілген мерзімге емес, барған жұмысыңды тындыруыңа байланысты. Бір аптаға кеткен мамандар 15-20 күн жүріп келетін уақыттар талай болды. Бір қызығы ешкім сені неге жүрсің, жол сапарың біткен жоқ па,-деп сұрамайды да. Гурьевтегі басқармадағылар да сен жұмысыңды бітірсең келмейсің бе,-деп айтпайды. Бәрін шешетін біткен іс тындырылған қызмет. Егер барған шаруаңды тастай қылып бітірсең, бірақ, жол сапарыңның мерзімі бітпесе де, тік ұшаққа мініп Гурьевке келесің. Асекеңнің алдына алшаңдай басып барасың.   

Болған оқиға  

Жаңадан  үйленген механик жігітті Пустынный барлау алаңына іс-сапарға жібереді. Барған шаруасы бір апта өтеді, бітпейді. Екінші апта өтеді, бітпейді, кетейін десе, кете алмайды. Үшінші апта бітер-бітпестен, жігітіміз «мен болдым, енді шыдайтын түрім жоқ»-деп тік ұшаққа мініп кетеді. Бұл менімен құрдас Амангелді Ерғалиев еді.

Бұрғылаудың көлемі 1976 жылы 90500 айдау метрге жетіп, 1972 жылғы көрсеткіштен үш есеге, 1977 жылдың қортындысы бойынша төрт есеге көбейді. Әрине, мұндай көрсеткіштер Ембі өңірінің аймағында ондаған жаңа мұнай кенорындарын ашуға және пайдалануға мүмкіндік берді. Ембімұнайгаз бірлестігінің ББББ-на еншісіне берген «Прорвинская группа структур» деп аталатын аймақ тиді. Құрамында шығыс, орталық, батыс Прорва алаңдары, Досмухамбетовская, солтүстік Қолтық т.б. іздеу-барлау және пайдалану ұңғылары бар. Яғни өндірістің шоғырланған жері Прорва кеналаңы болғандықтан, орталық инженерлік-технология қызметі Прорвадағы базаға орналасты. Ал басқарманың аппараты Атырауда (бұрынғы Гурьев) болды.

Қазіргі әлемге әйгілі Теңіз кеналаңына сол 1976 жылдан бастап, іздестіру қызметі басталып жатқан уақыт (№1 ұңғының жобалық тереңдігі 5000метр). Ондай тереңдікті бұрғылайтын Ембімұнайгаз бірлестігінің тәжірибесі жоқ болғандықтан, Одақтың мұнай министрлігінің шешімімен ВолгоградМұнайгаз бірлестігіне қарайтын Волгоград бұрғылау басқармасының бұрғышылары өздерінің қондырғыларын, мамандарымен бірге «Прикаспий» жер ойпатына алып келіп Қаратон, Тәжіғали алаңдарында тұз асты  қабаттарына іздеу-барлау жүргізіп жатқан жерлерінен осы Теңіз алаңына аударған еді. Тапсырыс беруші Ембімұнайгаз бірлестігі, орындаушы мердігер ВолгоградМұнай бірлестігі.

1974-1975 жылдары Ембімұнайгаздың бұрғылаушылары да тұз асты қабаттарына Пустынный барлау алаңында 5000 метрлік ұңғыларды Теңізден бұрын қазып мұнай өнімдерінің бар екеніне көздерін жеткізген еді. Бірақ өнімдерінің аса қауіпті екеніне мән  бермеген. Себебі, тұз асты қабаттары мұнайының құрамында бұрын-соңды кездеспеген күкірт газы көп болып шықты. Волгоградтықтар қазған Тәжіғали барлау ұңғысынан тұз қабаттарының  ішінен құрамында күкірт газы бар тұзды су (рапа) атқылады. Абырой болғанда, адамдардың күкірт газымен уланган кездері болған жоқ. 

Кейін белгілі болғанындай Советтер Одағында тұз асты қабатынан шыққан өнімді игеруге ешқандай мүмкіндік болмаған. Бірінші күкірт газына төтеп беретін бұрғылау және шегендеу тұрбалары, цемент ал, тіпті өнімді шығарған кезде де оны жинайтын, өңдейтін қондырғылар атымен жоқ. Техника қауіпсіздігі ешқандай жоғары көлемдегі күкірт газына сәйкестірілмеген.

1978 жылы Волгоградтықтар №1 Теңіздегі ұңғыны қазып болып сынақтан өткізгісі келгенде, бүкіл Одақтағы мамандар, институттың небір ғұламалары, Министрліктегілер қолдарын көтерді. Содан кейін екі-үш жыл әзір тұрған ұңғыны сынақтан өткізу үшін бүкіл Совет Одағы болып шетелден әдейі қондырғылар алдырып әзірлік жүргізіп барып, 1982 жылы сынақ жүргізіп тұз асты қабатының мол мұнайы бар екеніне көз жеткізгеннен кейін Теңіз мұнай алаңында барлау қызметтері кеңінен жүргізіле бастады. Ол жұмысқа Волгоградтан қосымша Арчеда бұрғылау басқармасы, Ембіден Балықшы барлау-бұрғылау басқармасы жұмылдырылды.

1979 жылы маусым айында Асакең мені шақырып алып, «Төлен, сені бас инженерлікке ұсынайын деп отырмын. Оған қалай қарайсың?»- деді. Мен «егерде ұсынып жатсаңыз мен қарсы бола қоймайтын болармын» дедім. Асакең маған орысша «Төлен, я хочу предложить твою кандидатуру на должность главного инженера» дегенде менің жауабым мынандай болды: «если вы предлагаете, я бы не отказался». Осы айтқанымды естігенде Асекең маған бір сын көзімен қараған сияқты болды. Мүмкін екі жылдай өндірістік-техникалық бөлімді басқарған жылдарымда ойынан шыққан болуым керек. Содан төрт жыл бас инженер болған кезімде Асакеңнің жан сырын, өмірге деген көзқарасын, жалпы ұжымды басқару, жетелеу сияқты қырларына қанық болдым деп айта алмаймын. Ол кісінің өз қатарларымен қалай сөйлесетінін де, қалай пікір таластыратынын да хабарым жоқ. Тіпті Асакеңнің басқа адамдар құсап, Атырауға кең жайылған ала қағазын ойнағанын да, ойнамағанын да білмеймін. Өйткені, жас арамыздың қашықтығы бір жағынан, екінші жағынан Асакеңнің қатарларының Маңғыстау түбегінде болғаны себеп болса керек.

WhatsApp Image 2019-05-29 at 08.00.11 (2)

Ұзақ жылдар тығыз-таяң қызметтес болғанымның ішінде, тек қана үш рет бір ашылып сөйлегенінің куәсі болдым. Бірде өндірісте жүргенде демалатын жерде бірге отырғанда балалар жөнінде айтқаны есімде. Балаға айт-айтпа, санасына бермесе, қаншама итермелесеңде, ол өз дегенін жасайды деген сөзін, өзіміздің ұл-қыздарымыз өскеннен кейін түсіндім. Тағы бірде өз кабинетінде отырғанда маған: «Төлен, адам қорықпаса қызмет жасамайды» дегені бар. Мен жауап қайтармадым, бірақ іштей ол тұжырымға келіспедім. Себебі, ол кезеңде жұмысшы саусағын жаралап алса, бас инженер кінәлі, арақ ішіп қойса, семьясында бүлік шығарса, бастық кінәлі тағы с.с. әйтеуір, барлығына кінәлі басшылар, ал жұмысшылардың жауапкершілігі толығымен басшыларға жүктелген еді.

Бүгінгі нарық заманының талабы Асакең айтып кеткендей, жұмысшыларды да, қызметкерлерді де қорқытып-үркітіп ұстауға бейімделген. Себебі, әркім өзі үшін қызмет жасайды (бұрын Отан үшін деген патриоттық сезім болатын). Талапқа сай болмасаң, орныңмен қоштасасың. Ал, үшіншісі, әйгілі Атышулы Теңіздегі №37 ұңғы өртеніп жатқанда (оны кейінірек келтірермін). 

 Жоғарыда айтып кеткендей, 1979 жылы Теңіз іздеу-барлау алаңында мол мұнайдың көзі бар екені анық болып, Теңіздің кенорны болып аталып бастаған уақыт. Волгоградтық бұрғышылар №1 ұңғының сынағына әзірлік жүргізіп жатқанда, тағы да тұз астын қабатына 3-4 ұңғыны қатар қаза бастаған еді. Ембімұнайгаз бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев, Бөкең, 1981 жылы КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А.Н. Косыгиннің қабылдауында болып соның қорытындысы бойынша КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Кеңесінің, Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту және мұнай-газ өндірісін өркендету жөніндегі №522 қаулысы шықты.

Сол кезеңнен бастап Теңіз кенорнына барлау қызметтерін кеңінен жүргізіле бастады. 1981 жылы ББББ-ның да бір бригадасы №23 Теңіз ұңғысын бұрғылап бастады. 1982 жылы – 7, 1983 жылы -11, бұрғылау бригадасы Теңізде бұрғылау жұмысын жүргізіп жатты. Ол күндегі 10-нан астам бұрғылау бригадасының бір уақытта 5000 метр жобалық тереңдігі бар ұңғыларды жабдықтау, басқару, жұмысшыларға қалыпты әлеуметтік жағдай туғызуды ұйымдастыру қызметінің өте жоғарғы деңгейде болуын талап етті. Теңіздегі ұңғыларды бұрғылауда кездесетін геологиялық технологиялық қиындықтардан өту үшін Кеңес Одағының бұрғылау саласындағы ғылыми зерттеу институттарымен біздің жас мамандарымыз тығыз байланыста болды. Аз мерзімнің  ішінде басқарманың бас мамандары мен инженерлердің әлемдегі озық техника мен технологияны меңгеруге мүмкіндік алды. Сөйтіп, Асакең басқарған ББББ-ның қызметі Волгоградтық әріптестеріміздің деңгейіне қай жағынан болса да жетіп жығылды. Бірақ, асып кетті деп айта алмаймын. Техникалық жабдықтау жағынан, әлеуметтік жағдай туғызу жағынан Ресейден келген бұрғышылар бізден бір-екі саты жоғарылау тұрды. Дәлел ретінде төменде бір-екі мысал. 

Волгоградтық бұрғышылар Теңізге шықпастан  бұрын, сол кездегі стандартқа сай вахтовый комплекс салды, экспедицияның бастықтары, инженерлік-техникалық қызметкерлердің барлығы вахтовый әдіспен жасады. Өндіріс мәдениеті, әртүрлі техникалармен қамтамасыз ету жағынан әйтеуір, бір артықшылықтары көрініп тұратын. Әрине, бұған себеп олар бізге қарағанда, бұрыннан өте терең ұңғыларды қазып тәжірибе жинақтаған, мамандардың бір қатары шетелде қызмет жасаған үлкен тәжірибе иелері еді.  Сосын қанша дегенмен де Волгоградтықтар бір табан болса да, Москваға жақын тұрды ғой. Төмендегі беріліп отырған хаттың жобасының ішіндегі (обоснование объема поисково-разведочного бурения на XII пятилетку) көрсеткіштер ББББ-ның бұрғышыларының 1981-1983 жылдар аралығында қатардан қалмағандығының белгісі ретінде беріп отырмын.

1983 жылдың екінші жартысында мен Ембімұнай бірлестігіне өндірістік бұрғылау бөліміне ауысып кеттім. Асекеңе бас инженер болып Волгоградтан келген №2 аудандық инженерлік технология қызметінің бастығы Черкасов Эдуард Федорович тағайындалды. Бұрғылар тереңдеп, 12 бұрғылау бригадасы Теңіз кеналаңында болса, бір бригада батыс Прорвада. №1 Теңіздің сынағы ойдағыдай болды, тұз асты қабатында мұнайдың мол көзі бар екені дәлелденді. Енді мұнайдың қорын анықтау басты міндет. 1983 жылы Теңіз кенішін игеруге арналған тағы бір қаулы шықты.

Теңіздің тұз асты қабатынан мұнай алу оп-оңай емес екендігіне бәріміздің де көзіміз жетті. Жұмыстың тиянақты және ұңғыларды сапалы тұрғызу жөнінде ондаған нұсқаулар, ескертпелер жазылып, бекітіліп жұмыс ережесі өндіріске енгізілді. Дегенмен де, әттеген-айсыз болмады. 1985 жылдың 24 мамырында №37 Теңіз ұңғысын бұрғылау кезінде 4300 метр тереңдіктен ашық мұнай-газ атқылауға жол берілді. Газының күкірті көп, онымен уланған адам әп-сәтте өмірден қол үзетінін бәрі біледі. Ал осындай апатты әлгі бас инженер Черкасов Эдуард Федоровичтің қолымен жасағандығы жүрекке батады. Сол уақыттағы солақай саясаттан шыға алмай мекемелердегі екінші бастық орыстар болу керек деген нұсқауды орындау ғасыр апатына әкеліп соқтырды. Черкасов Э.Ф. өзімен қоймай, бүкіл Ембімұнайгаз бірлестігінің қазақстандық бұрғышыларға қара күйе жақтырды. Асакеңнің де фәни дүниеден бақилық ерте кетуінің басты себебі осы аварияға байланысты болды ғой деп ойлаймын.

Аварияның бастапқы күндерінде Каспий жағалауындағы бір еріктен 37-нің басына Теңіздің суын айдауға әзірлік жүріп жатқанда, Асакеңнің аузынан «Төлен, мен шаршадым, демалайын»,- деп айтқанда, мен ол кісінің қандай дағдарыста  болғанын байқадым. Бұл үшінші рет Асекеңнің ашылып сөйлегені. Өмірде ешнәрсе із қалдырмай өтпейтінін, 1987 жылы ----- марқұмды жерлеуге арналған қаралы жиында есімізге алдық.

Асакеңнің Теңіз кенорнына жұмсаған еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасы лауреаты атағын алуға, өзінің тәрбиелеген мамандары ат салысқанын айта кеткенді жөн көрдім.

1994 жылы көкек айының соңында Ембімұнай бірлестігінде Теңіз мұнай кенорнын ашушыларға Қазақстан Республикасының лауреаты атағына ұсынуға арналған техникалық совет болды. Бірлестіктің бастығы Қамалов Наиф Гатуфович техникалық советті басқарды. Лауреаттыққа ұсынылғандар: Досмұхамбетов Ж. – бұрынғы Ембімұнай бірлестігінің бас геологы, №1ұңғыны қазуға арналған Актіге қол қойған, Авров -----  ИГИР (институт геологоразведки) – Теңіз алаңына бірінші көңіл аударған соған шығуға ұйытқы болған, Сағынғалиев Бөлекбай – Ембімұнай бірлестігінің бас директоры, ең басты фигура, Балғымбаев Мақаш – Ембімұнай бірлестігінің бас геологы, бүкіл Теңіздегі барлау қызметіне тапсырыс берушісі, Есқазиев Орынғазы – Ембімұнай бірлестігінің геология бөлімінің бастығы («оқымаған кандидат»-Бөкеңнің қойған аты), негізгі жұмыс атқарушы, Елеманов Болат Далдайұлы -  Қазмұнайгаз Холдинг компаниясының бастығы, бұрынғы Теңізді сынақтан өткізуге арналған группаның жетекшісі, Балжанов Құмар Қайырбайұлы, Ембімұнай бірлестігінің бұрынғы бас инженері. Оқып отырсаңыздар кандидаттардың ішінде бірде-бір бұрғышы жоқ. Сол уақытта Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бастығы Тілегенов Аманмен, Прикаспий бұрғылау басқармасының бастығы Жолымбаев Марат шығып сөйлеп, кандидаттар құрамында бірде-бір бұрғышының жоқтығына наразылық білдіріп, ББББ-ның бұрынғы бастығы Хисметов Асабайды, бұрынғы бас инженері Байзақов Төлегенді кіргізу жөнінде ұсыныс енгізді.

Менің қарсылығыма қарамастан, менің Теңіз кенорнын ашуға қатысым жоқ екенін, оны бірінші болып ашқан Волгоградтық әріптестеріміз екенін айтқанымды техникалық совет қабыл алмай, тізімге екі айтылған бұрғышыны енгізді. Жабық дауыс беріліп қорытындысы жарияланды. Екі бұрғышы кандидаттыққа өтіп кетті.  Бұл бесінші жұма күні болатын. Сенбі күні кандидаттарды Бөкең жинап, керек қағаздарды даярлауды тапсырды. Маған өзімдікімен бірге Асекеңнің керекті құжаттарын әзірлеуім керек болды. (Сол уақытта жасалған ББББ-ның кәсіподақ комитеті Протоколының көшірмесі, 2 бет).

Бірінші күні тағы да техсовет өтеді екен, соған жинап жатыр деген хабар тарады. Кешке таман техсовет жиналды. Бұрынғыға қарағанда, техсоветтің мүшелері көбейген орындықтар жетпей жатыр, бірақ кешегі Тілегенов пен Жолымбаевтар көрінбейді. Шұғыл түрде Алматыға іс-сапарға жүріп кеткен. Қайта жабық дауыс беру, қорытындысында әйтеуір, Асакең тізімде қалған болып шықты. Бұрғышылар да мен де соған риза болдық. 

 

Т.Б. Байзақов

1.10.2007 ж. 

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника