Мұстафа қазақтың маңдайына біткен Шоқ жұлдызы болды!

Мұстафа қазақтың маңдайына біткен Шоқ жұлдызы болды!

Мұстафа Өзтүріктің досы болған Кеңес Одағының Батыры, ҚР Халық Қаһарманы, ҚР ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Тоқтар Әубәкіровпен болған сұқбат.

- Тоқтар , Мұстафа Өзтүрікпен қалай танысқаныңыз туралы айтып берсеңіз?

- Мұстафамен мені 1991 жылы Иманғали Тасмағамбетов таныстырған болатын. Ол кезде өзім де Отаныма оралған шақ болатынмын. Өте ақжарқын адам болып шықты. Мені үйіне қонаққа шақырды. Келесі жылы жолым түсіп Түркияға бардым. Үйінде қонақ болдым. Анасы Рәзия апаймен таныстым. Түркияда тұратын басқа да қандас бауырларымызбен бірге қонақ болдық. Шет жақтан қайтқан қандас бауырластарымыздың ішінде алғаш болып Қазақстан азаматтығын алған кезде мен құттықтап оған телефон шалған болатынмын. Қатты қуанып қалды. Қатарынан екі елдің, Түркия мен Қазақстанның азаматы болды ғой. Жылы ілтипатпен бір-бірімізге жақсы тілектер айттық. Алматыда мектеп ашқанын, өзі жаттықтырып жүргенін естіп жүрдім.

Тоқтар Әубәкіров 1

- Таеквондо спортына деген көзқарасыңыз қандай?

- Сол 1992 жылы болуы керек, Түркия елі егемен Қазақстан таеквондодан құрама тобын жарысқа шақырған екен. Бұл елімізідің құрама тобының алғаш рет халықаралық жарысқа қатысуы еді. Күндіз маған Мұстафа телефон шалды. Аман-сау алысып болған соң Қазақстан құрама командасының алғаш рет халықаралық жарысқа қатысайын деп отырғанын айтып: -Сіз қазақ халқының батыр ұлысыз, өзіңіздің артыңызға ерген інілеріңізді рухтандырып бата берсеңіз еді!- деп менен бата беруімді сұрады. Мен кешке таман барып жол жүргелі тұрған спортшыларға бата бердім. Жарысқа қатысып жеңіп қайтыпты. Таеквондо дегенде менің есіме Мұстафа түседі. Сол кезден бастап таеквондо спортына өзімді жақын адамдай сезіндім. Басқа спортқа қарағанда іш тартып тұрамын.

- Мұстафа ұстаз қандай кісі болды?

- Мұстафа маған ешуақытта «Сен» деп сөйлемеген кісі еді. Өнебойы маған «Сіз» деп сөйлейтін. «Түркия елі дамыған ал ел. НАТО-ның мүшесі. Бірақ елінде бірде-бір космосқа ұшқан адам жоқ. Сіз Қазақстан елін әлемге танытқан адамсыз!»-деп отыратын. Ауруханаға түскен кезде халін сұрап барғанмын. Тағдырға не дерсің, ажалы келген соң амалың не. Арамызда ақжарқын, ойнап-күліп жүрген Мұстафа көзімізден бір-ақ сәтте жоқ болды. Айтқан сөздері күні бүгінге дейін есіме түседі. Бейнесі әлі өз алдымда тұр. Ғұмыры қысқа болса да артына өшпес із қалдырып кеткен адам ол. Аспанда жұлдыздар көп қой. Мұстафа соның ішінде ең жарық жұлдыз болды десем артық айтпаған болар едім. Ол қазақтың маңдайына біткен Шоқ жұлдызы болды!

                                                                               Сұхбаттасқан Қабибек Мұхитов