ТАЕКВОНДО РУХАНИ ТӘРБИЕГЕ КӨҢІЛ БӨЛЕДІ

ТАЕКВОНДО РУХАНИ ТӘРБИЕГЕ КӨҢІЛ БӨЛЕДІ

ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші, композитор Нұрлан Әлімжанов: «Таеквондо алдымен осы рухани тәрбиеге көп көңіл бөледі»

-Нұрлан бауырым, Сізді бұрын таеквондомен шұғылданды деп естимін, сол жөнінде айтып берсеңіз еді.

ӘЛІМЖАНОВ нҰРЖАН 2

- Менің балалық шағым Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Кеңащы деген ауылында  өтті. Жастайымнан шығыс жекпе-жегін жақсы меңгерген әртістерге қатты қызығатынмын. Әсіресе Брюс Ли, Джеки Чан, Жан Клод Ванн Дамды ерекше жақсы көруші едім. Сол әртістер сияқты менде шпагатқа да отыруға тырысатынмын. Тоқсаныншы жылдары шығыс жекпе-жегінің небір түрлері ашыла бастады ғой. Олардың жарыстарын, қойылымдарын теледидардан көріп жүрдім. Бірінші сыныпта оқып жүрген кезімде біздің ауылда таеквондодан спорттық үйірме ашылған болатын. Бәріміз сол үйірмеге қатыстық. Бапкеріміз бізге шпагатқа отыруды үйретті. Ауылдық деңгейде өткен таеквондо сайыстарының бәріне де қатыстым. Тоқсаныншы жылдар- бір ауыр кез болды ғой. Көптеген мамандар кәсібін тастап, күнкөріс қамымен ел аралап кетті. Сол кезде біздің ауылда ашылған үйірмеміз жабылып қалды. Тоғызыншы сыныпты Көкшетауда оқыдым. Сол жылдары бокспен шұғылдандым. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына келіп оқуға түстім. Сол жылдан бастап «Байділдә Жұмабековтың мектебіне» барып қайтадан таеквондоға жазылдым. Сөйтіп, қайтадан таеквондомен айналыса бердім. Бұл спорт менің әртіс болып қалыптасуыма көп пайдасын тигізді.

-Өзіңіздің еліктейтін үлгі тұтар тұлғаңыз болды ма осы спортта?

-Мұстафа Өзтүріктің өнеріне қатты қызықтым. Таэквондодан қара белдіктің 6-шы дан иегері, өзі әрі 6 фильмде ойнаған әртіс. Осындай биік дәрежеге мұсылмандар арасынан тұңғыш шыққан адам болды. Менде барлық қазақ балалары сияқты сол ұстазға еліктеп өстім. Есейіп қатысқандықтан шығар, көп жарыстарға шыға алмадым. Егер де ауылда ашылған сол таеквондо үйірмесі жабылып қалмағанда, бүгін, мүмкін, үлкен спортқа шығып жүрген спортшы болар ма едім. Бірақ бәрі де бұйырмысқа байланысты ғой...

ӘЛІМЖАНОВ нҰРЖАН

-Әртістік қызметіңізде таеквондоның көп көмегі тиді дедіңіз...

-Иә, таеквондо маған көп көмегін тигізді. Осы спортпен шұғылданғандықтан болар, өзімді әркез жауынгерлік келбетінде көбірек сезінемін. Сонымен қоса әртістік қызметімде де әсіресе түрлі сайыстық сценаларды қою барысында, атқа қарғып міну немесе «қарсыласыңмен» қылыштасу кезінде де осы таеквондодан үйренген ептілігімнің пайдасы көп тиді. Қазір жастардың қызығып қарайтын «боевик» фильміндегі төбелес сценаларын ойнай аламын.

-Сіз таеквондоның тағы да қандай қырларын білесіз?

-Таеквондо тек қана қимыл әрекеттің жиынтығы емес, ол алдымен үлкен тәрбиелік мәні бар спорт қой. Бүгінгі күні рухани даму мәселесі материалдық құндылықтың тасасында қалып қойып жатыр. Осының салдарынан қоғамымызда небір келеңсіз жағдайлар белең алып барады. Адамның қалыптасуы алдымен рухани тәрбиеден басталатынын ұмытпағанымыз жөн. Таеквондо алдымен осы рухани тәрбиеге көп көңіл бөледі. Сондықтан спортқа алдымен тәрбие құралы деп қарауымыз керек деп ойлаймын.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Қабибек Мұхитов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі