МИНИСТР ҚҰТТЫҚТАҒАН МҰНАЙШЫ

МИНИСТР ҚҰТТЫҚТАҒАН МҰНАЙШЫ

           Деңгелбаев Орах Ерғалиұлы  1943 жылы 3 желтоқсанда Мақат кәсіпшілігінде мұнайшының отбасында туған. Еңбек жолын 1960 жылы Мақат кәсіпшілігінің ұңғымаларды зерттеу бригадасында бастаған. 1967 жылдың қараша  айында жас коммунист О.Деңгелбаев Мақат мұнай кәсіпшілігі бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайланған. 1970 жылы бұрынғы төрт мұнай кәсіпшілігінің  негізінде құрылған «Мақатмұнай» басқармасы комсомол комитетінің хатшысы (босатылған) болып сайланды. 1974 ж ақпан айында аудандық партия комитеті Мақат локомотив депосына жібереді. Депоның кадр бөлімінде инженер болып үш жылға жуық жасады. 1976 ж. желтоқсанынан 1981 жылдың ақпанына дейін 99-құрылыс басқармасының №137-ші құрылыс- құрастыру поезы жұмысшыларды жабдықтау бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 1981 жылдың ақпанында халық депутаттары Мақат аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі лауазымына бекітіліп, осы қызметті 1988 ж. тамыз айына дейін атқарды. Осы уақытта Мақат ауданы таратылып, көптеген қызметкерлер басқа жұмыстарға ауыстырылған болатын. 1988 жылдың тамыз айының 13-де х/д Мақат поселкелік Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы лауазымына сайланды.    Мақат ауданы 1989 ж. қазан айында қайта құрылуына байланысты ауаткомның ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі лауазымына  қайта бекіткен. 1994 жылы 18 наурызда 1-ші шақырылған Мақат аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. 2000 ж.қаңтар-2007 ж.наурыз аралығында  «Мақатмұнайгаз» басқармасында инженер,басқа да жауапты қызметтерде болды.

           47 жыл еңбек еткен ардагер 2007 жылдан құрметті демалыста.1981- 1994 ж.ж.халық депутаттары Мақат аудандық Кеңесінің,1994-2003 ж.ж. Мақат аудандық мәслихатының депутаты,1971-1974 ж.ж. Мақат аудандық комсомол комитетінің Пленум және бюро мүшесі,»Мақатмұнайгаз» басқармасы парткомының мүшесі болды. Бүгіндері  ауданның, мұнай басқармасы ұжымының  қоғамдық өміріне белсене  араласып жүрген қарттарымыздың бірі. 

            Соңғы он жыл бойы шығармашылық қызметпен айналысуда. Аудан кәсіпшіліктерінің тарихын, атақты мұнайшылардың еңбек жолдарын, Ұлы Отан соғысына қатысқандардың, майданда қаза болғандардың жорық жолдарын зерттеген материалдары аудандық «Мұнайшы»,  «Мақат тынысы» газеттерінде жарияланды.Осындай зерттеулер барысында ұрыс даласында қаза болған екі жауынгердің жерленген жері анықталып, ұрпақтары әкелері басына барып тәу етіп келді. Хабарсыз кетті делініп келген доссорлық жауынгер Дүтбаев Базарбайдың қаза болғаны және жерленген жері анықталып ұлы Серго Базарбайұлы хабардар етілді. Ардагердің іздестіру жұмыстарының нәтижесінен мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

         Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында жазылған «Сөнбейді Жеңіс алауы», Доссор мұнайының 100 жылдығына орай жарық көрген «Атамұнай»,  «Тасымалда жарты ғасыр» (Мақат локомотив депосы туралы) кітаптары авторларының бірі, «Ғибратты ғұмыр» (2014 ж. Ауданымыздың біртуар азаматы Мұхамедиар Сатқанов туралы деректі повесть) кітабының авторы.

         Мұнай, соғыс тақырыбына зерттеулерін жалғастыруда. Мақат ауданы денсаулық сақтау (алғашқы бөлім меңгерушісі Телжан Барсаев туралы), қаржы (бөлім меңгерушісі Әбіт Мәженов туралы), транспорт (Доссор автокөлік кәсіпорны туралы) қызметтерінің тарихын зерттеулерінің алғашқы нәтижелері газет бетінде жарияланды.

IMG-20190508-WA0006

Мұнайлы Мақат ауданының бастауында болып, қажырлы еңбегімен, мұнай өндірудегі ерен істерімен есімдері мұнай тарихына алтын әріппен жазылған атақты мұнайшыларымыздың қатарынан көрінгендердің бірі Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Бижанов Адамбай еді.

         Тайсойған өңіріндегі17-ші ауылда 1899 жылы туған Оралбай немересі Бижанұлы Адамбай 7 қазан төңкерісі болған кезге дейін әкесі мен бірге Ойыл, Жарыпшыққан өзендерінен балық аулап, кәсіп қылған.

         1921-1923 жылдарғы қуаңшылық, елдегі қиыншылық жергілікті халықты күн кқріс үшін Гурьевтен Доссор мен Мақаттан жұмыс іздеуге мәжбүр етеді.

         Осылардың легінде Бижанның үш ұлы да бар болатын. Ағасы Ілиас пен інісі Түсіп Доссор кәсіпшілігіне қара жұмысқа қабылданады. Ал, Адамбай Доссор-Гурьев тар табанды теміржол құрылысына келіп, құрылыс жұмысшысы болып қабылданады.

         Осы құрылыста жүріп сауатын ашады, ауыр еңбекке шыңдалады.

         Ұзақ тоқталыстан кейін қалыптастыру шаралары қарқынды жүргізіліп жатқан Мақат кәсіпшілігіне Доссордан жұмыскерлерді жіберіп жатқан 1926 жылы Адамбайдың мұнайда еңбек етіп жүрген екі бауыры көпшілікпен бірге Мақатқа ауыстырылады. Көп кешікпей, Адамбай да, осында келіп құрылыс бөліміне жұмысқа тұрады.

         Тұрғын үйлер, мектеп, кеңсе, дүкен, наубайхана, асхана, монша, амбулатория және тағы басқа ғимараттардың құрылысында жұмыс істейді.

          1927 жылдың желтоқсан айында мұнай өндіру бөліміне ауыстырылады. Бұрғылаудан пайдалануға тапсырылған ұңғымаларды реттеуде экондеуші болып еңбек етеді.

         1930 ж мамыр айында ұңғымалардың жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасына кілтші етіп ауыстырылады.

         1936 жылдың желтоқсан айында «Ембімұнай» тресінің бұйрығына сәйкес 1934 жылы ғана пайдалануға тапсырылған Калинин (кейіннен Ескене аталған-О.Д) мұнай кәсіпшілігіне жіберіледі. Осы кәсіпшілікте ұңғымалардың жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасында кілтші, шебер болып еңбек етеді. 1939-дың тамызында Мақат кәсіпшілігіне қайта оралған А. Бижанов ұңғымаларды күрделі жөндеу кеңсесінде бұрғышы болып жасайды.

Тәжірибелі, зерек, талапшыл маман ретінде танылады. 1940 жылдың желтоқсанында ұңғымаларды күрделі жөндеу шебері лауазымына тағайындалады. Соғыс басталған жылы күзде Гурьевтегі мұнайшы шеберлердің үш айлық курсында оқып, білімін де, біліктілігін де жетілдіреді.

         1936 жылдан стахановшылар қозғалысына белсене араласып, еңбекте жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, стахановшы атағына ие болады. Өндірістегі ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. 1941 жылы КСРО Мұнай өнеркәсібі Халық Комиссарының Мақтау қағазымен және бағалы сыйлықпен марапатталады.

         Мұнайшылар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен күні-түні дамылсыз мұнай өндіріп, соғыс жылдары ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Солардың қатарында Мақат кәсіпшілігінің А.Бижанов басқарған №3  мұнай өндіру учаскесінің ұжымы да аянбай еңбек етіп, үнемі мұнай өндіру жоспарын, социалистік міндеттемелерін артығымен орындап отырған. Осындай қажырлы еңбектерімен жеңісті жақындатуға мол үлес қосқан.

         Мұнай өндіру шебері коммунист А.Бижановқа 1945 жылы 1-ші класты мұнай өндіру шебері атағы берілді. Бұл жөнінде сол жылы облыстық газеттер жазыпты.

Бірінші класты мұнай өндіру шебері

Доссор(Біздің корр) Мақат кәсіпшілігінің стахановтық мұнай өндіру учаскесініңбасшысы Адамбай Бижановқа Мұнай өнеркәсібі Халық комиссарының орынбасары Ж.Евсеенкодан телеграмма алды. Ол атақты шеберді жоғарғы атағымен құттықтап, бригадаға алдағы уақытта еңбек өнімділігін арттыруда табыстарға жетуге тілек білдірген.

                                      (Прикаспийский коммуна, 1945 ж. 28 қараша)

         Айта кетуіміз керек, А.Бижанов «Қарағандыкөмір» комбинатының шахтері Ержумановтың Социалистік жарысқа шақырған үндеуін қабыл алып, Ембі мқнайшыларын жарысқа шақырған. Бұл жөнінде облыстық газеттер жазды. Мұнай өндіру шебері А.Бижанов сөзінде тұрып, ол басқарған ұжым 1945 жылдың 10 айында жоспардан тыс 248 тонна қара алтын өндірген.

WhatsApp Image 2019-05-08 at 16.47.49

         Адамбай Бижанов кейінгі жылдар да еңбек қарқынын төмендетпейді. 1947 жылдың мұнай өндіру жоспарының 8 желтоқсанда орындалуын қамтамасыз еткен. Жоғарғы көрсеткіштерге жетіп жүрген коммунист, 1 класты мұнай өндіру шебері аудандық Кеңестің депутаты болып сайланады.

         Міне, адал еңбек өз бағасын алды. Ол 1948 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.

                 А. Бижанов өндірісте талапшылдығымен, тапсырылған іске жауапкершілігімен, бастамашылдығымен танылған коммунист, бригада жетекшісі болғанын «Прикаспийская Коммуна» газетінің сол жылдарда жазғанынан да көрдік: «... На участке 58 скважин. Почти всегда все они исправны. Гонят нефть. Бижанов не терпит простаивающих скважин... Долгое время бездейотвющую скважину 165, по инициативе Бижанова отремонтировали силами бригады участка и возвратили в строй. Сейчас скважина дает нефть...»

         Аудан көлемінде ғана емес, бүкіл Ембі өңірінде алдыңғылар қатарынан көрінген А. Бижанов басқарған № 3 мұнай өндіру учаскесінің, оның ұжымының тәжірибесінен көптеген мысалдар келтіруге болады.

         Коммунист Бижановты 1950 жылдың қараша айында Сағыз мұнай кәсіпшілігіне ауыстырады. Бұл өндірісте де мұнай өндіру шебері болып зейнеткерлікке қалған 1954 жылға дейін еңбек етеді. 1951 жылы Сағыздың  көптеген мұнайшылары мұнай өндірудегі жоғары көрсеткіштері үшін КСРО-ның орден-медальдарымен марапатталғанда, солардың бірі Ленин орденін омырауына таққан ардагер мұнайшы Адамбай Бижанов еді.

          Ол Мақат,Ескене,Сағыз кәсіпшіліктеріндегі отыз жыл еңбек жолында  Н.Бермағамбетов,Ә.Ілиасов,Р.Сағындықов,Ә.Сүлейменов,С.Зорбаев,Р.Есқариев,Ә.Секербаев,Б.Төлекбаев,М.Жұмабаев,Қ.Құрманқұлов,А.Аустниязов, С.Жүсіпов,З.Айдынәлиев,Е.Аманбердиев,Т.Мұңалбаев, Ә.Қырманов,Қ.Құлжанов,Қ.Ізімбергенов,Ы.Шәудіров,Б.Берниязов,Р.Есениязов,тағы да басқа майталман мұнайшылармен бірге мұнай кәсіпшіліктерінің,өркендеуіне зор үлес қосқандардың бірі де бірегейі.. Адамбай қарт зайыбы Зиба екеуі төрт ұл,төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан тараған ұрпақтар өмірден өз орындарын тапқан. Олар Мақатта, Жаңа өзен, Атырау қалаларында, Индерде тұрып жатыр. 

         Қазақстан мұнайының құрдасы Ембінің ардагері Адамбай Бижановтың ғибратты өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге болсын деген ниетімізден туындаған шағын баянымыз осындай еді. 

                                         

                                                                 Деңгелбаев О.   ардагер, Мақат     

                                                           Мақат ауданының Құрметті азаматы.

 

                                                                  2018 жыл.                                   

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника