Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ
(Жазушы, академик, ұстаз Зейнолла Қабдолов қайтыс болған кезде жазылған сөз)
Қош, қымбатты Дос, аяулы Азамат, ардақты Адам, ғұлама Ғалым, ұмытылмас Ұстаз!
Бүгiн Сенiң өмiрден өткенiңе байланысты жақындарың жылайды, шәкiрттерiң көзiне жас алады, достарың күрсiнiп, iштей күңiренедi, «қалың елiң қазағың» (Абай) қайғырады. Мен де сондай күйдемiн, бауырым.
1945 жылдың аяғында мен соғыстан келiп, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университеті филология факультетiнiң екінші курсына оқуға түстiм. (Соғысқа Семей пединститутының бірінші курсын бiтiрiп кеткен болатынмын). Сен менен бiр ай бұрын ғана бұл факультеттiң бірінші курсына қабылданған екенсiң. Ол университеттi мен 1949 жылы, Сен 1950 жылы бiтiрдiң. Ол кезде бiз университет қабырғасында бiрiмiздi-бiрiмiз көрсек көрген болармыз. Бiрақ, жақын бiлiс емес едiк. Екеумiздi бiр-бiрiмiзге таныстырып және сенiң басқа дос-жолдастарыңа бiлiс еткен ол кездегi ағамыз, ардақтымыз, тiптi, пiрiмiз десем де артық емес, Мұқан Иманжанов болатын. Мұқан 1954 жылы Алматыдан Павлодарға жолаушы келiп, сол кезде Павлодар облыстық газетiнiң редакторы болып жүрген менiмен танысып қайтты. Қайтарда ол жазған шығармаларымды өзiне жiберiп тұруды өтiндi. Алматыдағы газет-журналдарға бастырамын дедi.
Мен «Алыстағы ауданда» деген Баянауыл ауданынан жазған ең үлкен очеркiмдi Мұқанға жiбердiм. Ол кезде Сен «Әдебиет және искусство» журналының (қазiргi «Жұлдыз») бас редакторы едiң. Мұқанның ұсынуымен ол очерктi журналдың 1955 жылғы екi нөмiрiне басып шығардың.
Екеумiздiң таныстығымыз да, достығымыз да осы очерктен басталды.
Ол кездегi жас жазушылар, жазушылықтан үмiткер мен сияқтылар Мұқан Иманжановтың айналасына топтасқан едiк. Одан адамгершiлiк, азаматтық, қаламгерлiк тәрбие алдық. Осы күнгi атақты үлкен жазушыларымыздың бәрi Мұқанға қарыздар.
Сол ортақ ұстазымызды ақырғы сапарға аттандырып салғанымыз әлi күнге дейiн есiмде. Ол 1958 жылдың көктемi болатын. Сен қабір басында тебiрене сөз сөйледiң. Сенiң шешендiк қуатыңды мен алғаш рет сонда таныдым. Сенен кейiн Тұманбай «Жүрегiме жерледiм» деген ғажап өлеңiн оқыды. Екеуiңнiң сөзiңе босамаған жүйке, жыламаған жан болмады. Содан кейiн жерлеу комиссиясының төрағасы Сәбит Мұқанов ағамыз бастаған бәрiмiз Мұқанның Восточная, 92-дегi үйiне қаралы асқа жиналдық...
Одан кейiн Мұқанның жетiсiн өткердiк. Ас аяқталып, жұрт тарай бастаған кезде Сен менiң қасыма келiп:
– Әзаға, апам Сiздi үйге ертiп кел деп тапсырып едi. Бiздiң үйге барайық, – дедiң.
Сенiң анаң – Жақу шешемiз кемеңгер кiсi едi ғой, Зеке. Сол кiсiнiң екеумiздi екi жағына отырғызып, былай дегенi әлi күнге дейiн есiмде:
– Қарағым, Мұқан ағаларың аса аяулы жан едi ғой. Айрылып қалдыңдар. Амал жоқ. Арпа iшiнде бiр бидай дегендей, бәрiңнiң басыңды қосып, жақсылыққа қарай жетелеп отырушы едi сендердi. Ендi Мұқансыз қалдыңдар. Бiрақ, Мұқан айтқан бiрлiктерiңдi бұзбаңдар. Зейнолла қалқам, Мұқанның бауырында көп адам болды ғой. Солардың iшiнде, бiр жақтыкi екендерiңнен шығар, үшеу-төртеуiң өзгеше татусыңдар. Бiрiңе-бiрiң сүйеусiңдер. Ал, алыста, айдаладағы Павлодарда жалғыз жүрген Әзiлханға қиын. Сендер оны жалғызсыратпаңдар.
Ардақты Жақу анамыз осылай деген болатын.
Кейiн Мұқан бауырында болған сол төртеудiң және басқа кейбiреулерiнiң iшiнен Сен екеумiздiң ғана достығымызды тот басқан жоқ. Бәлкiм, бұл қасиеттi ана өсиетiнiң күшiнен шығар. Досқа адалдық Ана сүтiмен өз бойыңа сiңген қасиет болар. Сондықтан да Сен үлкен-үлкен қызметте жүргенде де, атағың өсiп, академик болғанда да, менi ылғи жаныңа жақын тартып жүрдiң. Қуана көрiсiп, ыстық сәлемдесетiн едiк. Тiптi, көрген жерде құшақтасып, сүйiсiп те қалатынбыз. Сен жалғыз менiмен ғана емес, барлық достарыңмен солай қауышатынсың.
Ой, заман-ай, десеңшi. Ендi ол күн қайда? Жоқ қой, жоқ! Келмеске кеттi ғой қиыстап. Сағынамыз ғой Сенi достарым. Сағынады ғой елiң.
Сол сарғайтар сағынышқа жалғыз ғана дауа – Сенiң артыңда қалған өлмес еңбектерiң, өшпес өнегең, өмiршең үлгiң.
Бiз бәрiмiз университетте оқып жүрген кезiмiзде ұлы Мұхтар Әуезовтен дәрiс алдық. Жалғыз бiз ғана емес, Мұқанның шәкiртi болғандар, сырттан келiп дәрiс тыңдағандар, ол кiсiнi көргендер, ол кiсiге елiктегендер Мұхаңдай жазушы, Мұхаңдай ұстаз, Мұхаңдай ғалым болған жоқ. Тек Сен ғана Мұхаңдай ұстаз, Мұхаңдай ғалым бола алдың. Мұхаңның үлгiсiмен қызыл тiлдiң майын тамызып, тамаша шығармалар жаздың. Әр кiтабыңды ғана емес, әр мақалаңды тамсанып оқушы едiк. Бiтiп қалғанына өкiнушi едiк. Сонда ұлы Мұхаң ерiксiз еске түсушi едi. Бiрақ, ешкiм Сенi Мұхаңмен салыстырмайтын едi. Бiреу қызғанған болар, бiреудiң ұлымен ұлыны салыстыруға парасаты жетпеген болар. Осы ұқсастықты ең алдымен тауып, тайсалмай айтқан Тұманбай бауырың болатын. Ана жылдары Сенiмен бiрге Атырау жаққа сапар шегiп қайтқанда ол сен туралы тамаша өлең жазды. Онда ол: «Қазiргi Мұхаң – Зейнолла!» деді. Дұрыс айтты, әдiл айтты. Ол сөз бiреуге ұнады, бiреуге ұнамады. Бiрақ, шыны сол едi!
Тұмаш бауырымыз айтқыш, аңғарғыш қой. Соның алдында ол маған: «Қазiргi Мұқанымыз!» деп баға берген едi, Менi өзiмiз бауырында өскен бұрынғы ұстазымыз Мұқан Иманжановқа теңеген едi. Мен Мұқаңдай бола алдым ба, болмадым ба, бiлмеймiн. Ал сенiң Мұхаңдай – Мұхтар Әуезовтей ұстаз, ғалым болғаның рас едi. Романдарыңды да ұқсатып жаздың. Адамгершiлiгiң де, парасатың да биiк едi. Сен ешкiмдi жек көрген жоқсың. Басқаларымыз туралы жақсылы-жаманды сөздер айтылып жататын болар. Ал Сен туралы бiр де пенде қылдай қыңыр сөз айтпағаны аян. Айтпас та! Айтпайды да!
Қазақ әдебиетiнiң бұрынғы қабырғалы кейiпкерлерi малшы, егiншi, көмiршi, балықшы, мақташы болып келушi едi. Сен қазақ әдебиетiне мұнайшы деген жаңа кейiпкер кiргiздiң. («Ұшқын», «Жалын» романдары). Сол жаңа кейiпкерлерiң арқылы елдiң ендiгi экономикалық негiзi мұнай екенiн паш еттiң. Сенiң жазушылық, ғалымдық осы көрегендiгiң Қазақстан тәуелсiз мемлекет болған тұста ерекше айқын танылып отыр. Сенiң сол жаңа кейiпкерлерiң халқымызды байытып жатыр.
1958 жылдың жазында сен Алматыдан Павлодарға келдiң, Зеке. Ол кезде Орталық Комитетте қызмет iстейтiн едiң. Алда өтетiн республикалық малшылар жиналысында жасалатын баяндамаға қажеттi материалдар әзiрлемек екенсiң.
Бұрын бiз тек Алматыда ғана кездесушi едiк. Ендi Алматыдан алыс Павлодарда табыстық. Халима жеңгеңмен таныстың. Бiздiң балаларға сыйлықтар әкеп бердiң. Бәрiмiз мәре-сәре болып, шұрқырасып қалдық.
Ертеңiнде екеумiз жұрт «кукурузник» деп атайтын, шегiртке сияқты «У-2» самолетiмен шайқалақтап, Павлодардан Баянауылға қарай ұштық. Сонда шопандар тойы өткелi жатыр едi. Соған барып қатыстық. Мен Сенi бұрын өзi редактор болып отырғанда «Әдебиет және искусство» журналының екi нөмiрiнде басқан «Алыстағы ауданда» деген очеркiмнiң кейiпкерлерiмен таныстырдым. Сен риза болдың. Өзiңе керектi материалдарды алып болғаннан кейiн бiз Павлодарға қайтып келдiк. Келсек, Алматыдан Павлодар қаласының халқымен кездесуге келе жатқан атақты жазушы Әуезовтi қарсы алуға әзiрленiп жатыр екен. Ести сала екеумiз де аэропортқа қарай жөнелдiк. Мұхаңды қарсы алуға аэропорт басына жиналған халықтың көптiгiнде қисап жоқ едi. Кейiн мен ол кездесу туралы «Екi естелiк» деген кiтабымды жаздым.
Бұл жерде айтайын дегенiм, Зеке, Мұхаңның Павлодар қаласындағы кездесуде айтқан Өзiң туралы бiр ауыз сөзi ғана:
– Мен жаңа қазақ әдебиетiнде талантты жас жазушылардың үлкен шоғыры өсiп, жетiлiп келедi дедiм. Сол шоғырдың алдыңғы легiнде келе жатқан аса дарынды жасымыздың бiрi – «Өмiр ұшқыны» атты тамаша романның авторы, бүгiн осы кездесу президиумы үстелiнiң басында отырған менiң шәкiртiм Зейнолла Қабдолов жолдас, – дегенiн өз құлағыммен естiгенiм жайында.
Мұхаң бұл сөздi қатты тебiренiп, зор ризашылықпен айтты. Сен де қатты тебiрендiң. Бiрақ, бiлдiрмедiң.
Мiне, осыдан отыз тоғыз жыл кейiн Сен «Менiң Әуезовiм» деген роман жарияладың. Бұл сенiң 70 жасқа толу қарсаңың едi. Жетпiс жылдығыңды Сен осындай ұлы адам жайындағы ұлы еңбекпен қарсы алдың. Мұхаң Сенi «Менiң шәкiртiм» деп мақтаса, Сен: «Менiң Әуезовiм» деп шаттандың. Мақтану да, шаттану да өте орынды едi.
Ол романыңды оқығаннан кейiн мен Өзiңе қысқа ғана хат жазып, Халимадан берiп жiбердiм. Пiкiрiмдi айттым. Сен разы болдың. Сол күндерде газеттерде Сенiң 70 жылдығың туралы материалдар iшiне, ортасынан ойып, көрнектi етiп, Шыңғыс Айтматов екеумiздiң хатымызды бергiздiң. Мен пiкiрiмнiң Өзiңе ұнағанына, оның үстiне ұлы Шыңғыстың хатымен қатарластыра бергiзгенiңе қатты қуандым.
Той өткеннен кейiн бiр күнi менiң сүйiктi келiнiм Сәуле екеуiң ойда жоқта бiздiң үйге кiрiп келдiңдер. Менiң иығыма тамаша шапан жауып, қолыма «Менiң Әуезовiм» кiтабының бiр данасын ұстаттыңдар. Оған Өзiңнiң маржандай жазуыңмен мынадай сөздер жазылған екен: «Ардақты Әзагаң мен сүйiктi Халима апайға! Шын жүректен, ақ тiлекпен – Зейнолла Қабдолов. 30.01.1998 Айт күнi...».
Өзiңнiң атақты академик басыңмен, асқар таудай атақ-даңқыңмен бiздiң үйге қалай келгенiңе, келiп, хандар киетiн қамқа шапан сыйлағаныңа таң қалдым, Зеке. Менiң кiшкентай пiкiрiме соншама үлкен ризалық бiлдiргенiңе тәнтi болдым. Кiшiпейiлдiк дегеннiң үлгiсi осындай-ақ болар деп ойладым.
Сәуле екеуiң үйге келгенде Халима ауруханада жатыр едi. Мен үйде жалғыз болатынмын. Екеуiңе әдейi келгенде арнаулы қонақасы бере алмағаныма қатты өкiндiм, Зеке.
Сол қасиеттi кiтабың маған автограф жазып, жұрт сыйлаған 1200 кiтаптың iшiнде тұр, ардақты Зеке. Қамқа тоның төрiмде iлулi тұр, аяулы бауырым.
Сен екеумiз ең соңғы рет осы жылғы 17 шiлде күнi дидарластық-ау, Зеке. Содан үш күн бұрын мен «Алатау» санаторийiнен ауырып келiп, орталық аурухананың реанимация бөлiмiне түскенмiн. Онда жатпағаныма көп болған едi. Бұрыңғы таныс дәрiгер, медбикелердiң көбi ауысып, ұжым жаңарып кетiптi. Олардан көршi палаталарда кiмдер жатыр деп сұрасам, ешқайсысы айтпайды.
Бiр күнi ауысып, Мәншүк деген бұрынғы медбикелердiң бiреуi келдi. Менi танып, хал-жағдайымды сұрап, асты-үстiме түсiп жатыр.
– Менi қайдан бiлесiң, қалқам? – дедiм.
– Неге бiлмейiн? – дедi ол күлiп. – Халима апай ауырғанда Сiз бiзге талай рет келгенсiз. Бiздi апайдың қасына тұрғызып суретке түсiргенсiз. Ол сурет осы күнге дейiн бiздiң үйде сақтаулы тұр. Ал, апай нашарлап, үйге алғаныңызда, мұндағы бастықтар менi қасына қосып, күтуге жiберген. Апайды зембiлмен көтерiп, пәтерiңiздiң есiгiне апарғанда, тiлi байланып қалған ол кiсi менен: «Үйге келдiм бе?», – деп сұраған. Апай түнiмен қиналып жатып, таңертең қайтыс болды ғой. Сонда Сiздiң балалармен қосыла мен де жылағанмын. Сiздi сондықтан бiлемiн, аға.
Ескi таныс болғаннан кейiн Мәншүктен:
– Жазушылардан, ғалымдардан, журналистерден ешкiм бар ма? – деп сұрадым.
– Аға, бiзге палаталарда кiм жатқанын айтуға болмайды. Бiрақ, Сiз сұраған соң айтайын. Онда да менен естiдiм деп ешкiмге айтпаңыз. Мұнда Сiз бiлетiндерден жалғыз Зейнолла Қабдолов ағамыз ғана жатыр.
– Қай палатада?
– 8-шi палатада.
– Менiң палатам нешiншi?
5-шi, аға.
– Менiң барып, сәлемдесуiме бола ма?
– Жоқ, болмайды. Рұқсат етсе, дәрiгер өзi ғана ертiп апарады.
Төртiншi күнi мен ауруханадан шығып, «Алатау» санаторийiне қайтатын болдым. Шығар алдында өзiмнiң Роза деген емшi дәрiгерiме өтiнiш айттым.
– Роза, айналайын, осында қазақтың кемеңгер азаматы Зейнолла Қабдолов деген ағаларың жатыр екен. Менiң досым едi. Сол кiсiмен жүздесiп, бiр ауыз тiлдесiп кетуiме рұқсат етсеңiз екен, – деп қиылдым.
Роза жаны жiбектей тамаша кiсi екен. Ойланып, сәл тұрды да:
– Жүрiңiз, ендеше, – дедi.
Дәрiгер Роза, медбике Мәншүк үшеумiз 8-шi палатаға бардық.
Сен төсектiң бас жағын биiктетiп қойып, шалқая отырып, система қабылдауда екенсiң. Шалқая отырғаныңмен, мойның салбырап кетiптi. Ұйықтап кеткенге ұқсайсың. Система қабылдап жатып, бәрiмiз де ұйықтап кететiнбiз. Сөйтiп жатып, системаның таусылғанын да бiлмей қалатынбыз. Сен де сондай күйде шығар деп ойладым. Ойладым да:
– Зеке, – дедiм ақырын дауыстап.
Бiрақ, Сен жауап бермедiң. Дәрiгер жайлап қана Сенiң бетiңнен сипады. Сонда ғана Сен көзiңдi ашып, жан-жағыңа қарадың.
– Зеке, мен Әзiлханмын ғой, – дедiм содан кейiн қасыңа жақындап.
Сен көзiңдi кеңiрек ашып, ежiрейе қарадың. Бұрын кездескен кезiмiзде алдымен бiр-бiрiмiзге ежiрейе қарайтын әдетiмiз болатын. Онымыз: «Оу, сенбiсiң? Өзiң екенсiң ғой!» дегенiмiз тәрiздi едi. Зекең сол әдетiн iстеп жатқан болар деп ойладым. Расында солай екен. Сен системадан бос қолыңды созып, маған құшағыңды жайдың. Мен еңкейiп, екi бетiңнен кезек, содан соң маңдайыңнан сүйдiм. Сен менi арқамнан үш рет қағып, төртiншiде өзiне қарай еңкейттiң де, бұрынғы әдетiмiзше ернiмнен сүйiп:
– Әзағаң!.. – дедiң.
Дәрiгер палатаға кiрерде маған:
– Сiз ол кiсiнi коп сөйлетпеңiз, шаршап қалады. Өзiңiз ғана сойлеңiз, 6-7 минуттан аспаңыз, – деген едi.
Мен жылдамдатып, өзiмнiң «Алатау» санаторийiнде жатқанымды, онда бiрсыпыра жазушылар, ғалымдар бар екенiн айттым. Сен басыңды изедiң де:
– Кiмдер? – дедiң.
Мен Әбiштi, Тұманбайды, Ақселеудi, Төлендi, Дулатты, Қойшығараны, Қоғабайды, Шотаны, Тұрсынбектi атадым.
– Тұрсынбек? – деп көзiңдi маған бажырайта қарадың да, басыңды изедiң.
Мен композиторлардан Еркеғали, Iлия, Әзидолла, әртiстерден Асанәлi, Сәбит Оразбаев бар екенiн айттым. Сен оларға да бас изеп жаттың.
Содан кейiн мен Өзiңе бәрiмiз ертең қайтатынымызды айттым.
Сен:
– Иманғали ғой..,– деп үш рет өз-өзiңнен басыңды изедiң.
Сонда барып мен Сенiң бұл жайдан хабардар екенiңдi бiлдiм де, бәрiмiздiң басымызды қосып, демалдырып жатқан Иманғали бауырымыз Тасмағамбетов екенiн айтып:
– Сол асыл азаматтың қамқорлығымен бәрiмiз мәре-сәре болып жатырмыз, – деп сөзiмдi аяқтадым.
Сен менiң сөзiмдi бiтiргенiмдi бiлдiң де:
– Бәрiне... сәлем!.. – дедiң.
Содан кейiн системадан бос қолыңды жоғары көтерiп:
– Аман... болыңдар, – дедiң де, алақаныңмен кеудеңдi бастың. Бұл сенiң «Ол достардың бәрiне бас идiм»деген ишараң едi.
Мен тағы да еңкейiп, Сенi бетiңнен қайта сүйдiм.
Осы кезде дәрiгер алақанымен менiң арқамнан қақты. Мен бұрылып, палатаның есiгiне қарай аяңдадым. Дәрiгерлер Сенiң қасыңда қалып қойды.
Мен «Алатау» санаторийiне түскi тамақ басталар алдында қайтып келдiм. Жұрт тегiс асханаға жиналғанда орнымнан тұрып:
– Достар! Сiздердiң бәрiңiзге бәрлерiңiз жақсы көретiн, Сiздер ғана емес, бүкiл қазақ халқы жақсы көретiн ұлы азамат сәлем айтты, – дедiм.
– Кiм? Кiм? – десiп қалды әркiмдер.
– Зейнолла Қабдолов бауырларың, – дедiм мен.
Олар менiң Сенiмен кездескенiме қуанып, дабырласып қалды, Зеке.
– Өңi қалай екен? – деп сұрады отырғандардың бiрi.
– Зекең екi жыл бойы ажалмен алысып жатқан алып қой. Жүдеп қалған сияқты, – дедiм мен.
Жұрт бастарын шайқасты.
Ол менiң Өзiңдi ақырғы рет көргенiм екен ғой, қайран Зеке!
Мен Сен туралы қысқаша қоштасу сөз жазармын деп ойлаған едiм. Бiрақ, кейбiр естелiктер кимелеп кеттi. Онда да ойдағымды қағазға толық түсiре алмадым. Өйткенi, Сенiң асыл қасиеттерiң көп қой, Зеке. Көп қана емес-ау, ұшан-теңiз. Оның бәрiн мен қалай айтып тауысайын? Оны айтып тауысу, жариялап, жұртқа жеткiзу бiр адамға ғана емес, бiр ғасырға жүк қой. Барлық қадiр-қасиетiңдi заман айтып жеткiзер жұртқа, халыққа, ұрпақтан-ұрпаққа. Сен туралы естелiктер, эсселер, повестер, тiптi, «Ұстаз» деген ұлағатты роман да жазылар. Сен өз ұстазың Мұхаңды жазғаның сияқты, сансыз шәкiрттерiңнiң бiрi жазар ондай романды. Жазады, әрине. Дүниедегi ең бай, ең бақытты адам – шәкiртi көп ұстаз ғой. Сондай бақыт Әуезовтен кейiн саған тиген.
Қош, халықтың ар-ожданы, ұяты мен намысы! Қош, ғасырдың кемеңгер тұлғасы, көркем сөздiң Гомерi, шешендiктiң Цицероны, ақылдың Платоны! Қош!
Сен ендi көзге көрiнбейтiн ғайыпқа бет бұрдың. Қайта келместiң космостық кемесiне мiндiң. Космос қана емес, галактиканың кеңiстiгiне көтерiлдiң. Ендi саған жерден қараған көз жетпейдi, көре алмайды. Тек көкейде, көңiлде ғана қалдың. Оқырмандарың мен шәкiрттерiңнiң, достарың мен туыстарыңның жүректерiнiң терең түкпiрiнен орын алдың. Көргендер ұмытпас, көрмегендер өкiнетiн күйге көштiң.
Қош, қайран дос!
Мен Сенен 5 жас үлкен едiм ғой, Зеке. Жол менiкi едi. Бiрақ, Ажал деген пәле жол мен жөнге қарай ма? Жақсыны алып, жаманды қалдырып кеттi. Амалым не? Сенi алға жiберiп, өзiмнiң кейiн қалғаныма кешiрiм ет, бауырым!
Сен ұстазыңды «Менiң Әуезовiм!» деп мақтаныш етiп едiң. Сенi елiң: «Бiздiң Зейнолламыз!» деп мақтаныш ететiн болады.
Қош, халықтың Қабдоловы!
25-28.08.2006 жыл,
Алматы.
Жалғасы осында