ҒАЛЫМНЫҢ БИІК ТҰЛҒАСЫ

ҒАЛЫМНЫҢ БИІК ТҰЛҒАСЫ

Қазақстан тарих ғылымына және  жоғары мектебіне кәсіби тарихшы ғалымдарды даярлауда өлшеусіз еңбек сіңірген абзал азамат,ардақты аға Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың (1938-2016) туғанына да жақын күндері 80 жыл толмақ. «Қамшының сабындай» зулаған өмір ағысында, артында өшпестей мол мұра қалдырған ғалым-ұстазымыздың отан тарихына қосқан еңбегі ерекше. Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келіп, 1965 жылы Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін «тарих және шетел тілі» мамандығы бойынша аяқтаған К. Есмағамбетов 1970 жылдары дипломатиялық жұмысты ғылыми-педагогикалық қызметке алмастырып, қатпары көп тарих ғылымының философиялық діңгегі «тарихнама, деректану және тарих методологиясы» саласына бет бұрды. Бұл тұрғыда оның шетел тілдерін,әсіресе ағылшын, неміс, француз т. б., жетік білуі кәсіби тарихшы ретінде қалыптасуында шешуші жағдай болды.

496E8C7D-9C1A-45DA-9A7B-3748B22A8B1A_w1080_h608-1000x700

Аз уақытта ғалымның «Біздер туралы Батыста не жазылған», «Қазақтар шет ел әдебиетінде» атты қомақты монографиялары жарияланды. Қазақстан туралы шетелде жарияланған зерттеулер  мен деректерді ғылыми саралау негізінде 1990 жылы Мәскеудегі «КСРО тарихы» институтында баяндама негізінде қорғалған «Қазақстанның революцияға дейінгі кезеңін Англия және АҚШ-та тарихи-этнографиялық зерттеу» тақырыбындағы кандидаттық, кейін ғасырлар тоғысында Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих-этнология институында «Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы (ерте заманнан 1990 жылдарға дейін)» тақырыбындағы докторлық диссертацияларын қорғады. 2000 жылдары тарихтың методологиясы сияқты күрделі де ауқымды сала бойынша зерттеулер саусақпен санарлықай еді. Қазақстан тарихын зерделеуде, тарихи ой-пікірдің дамуында тарихнаманың құрамдас бөлігі және теориялық негізі болып табылатын методологиялық ізденістердің орнын атау керек. 1980-жылдардың аяғында 1990 жылдардың бас кезінде бұл салада Ж. Қасымбаевтың, Н.Е. Бекмаханованың, А.К. Бисембаевтің мақалалары жарияланды. Бұл авторлардың ізденістері кеңірек түрде З. Алдамжаровтың  «Тарих:пайым мен тағылым» деген 2003 жылы жарық көрген түрлі мақалалар жинағында жалғасын тапты. Ондағы тарихтың методологиялық мәселелеріне арналған бөліміне К.Л. Есмағамбетов пікір білдірді. Ол жөнінде баспасөз бетінде де рецензия жарияланды және кейінгі зертеулерінде орын тапты. Қалыптасқан ірі зертеуші ретінде Көшім Лекерұлының 2003 жылы «Азат рухтың күрескері» атты өмірнамалық зерттеуі жарияланды. Бұл еңбектің терең мәні төмендегі бағытта өрбитін. Себебі, еңбек Махамбет Өтемісұлының тарихи тұлғасы мен соны зертеулерді тарихнамалық талдауға арналған еді. Отан тарихында еш уақытта өзектілігін жоймайтын тақырыптардың бірі–ұлт-азаттық және әлеуметтік теңдік үшін қозғалыстар тарихы.1836-1838 жылдары болып өткен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс ұлт тағдырына тікелей қатысы бар осы екі бірдей, яғни ұлт-азаттық және әлеуметтік теңдік тоғыстырған қозғалыс болды. Бұл қазақ халқының XIX ғасырдағы қоғамдық өміріндегі жаңа құбылыс болатын. Сондай-ақ,оның түп тамыры осы тарихи мезгілдегі Бөкей ордасының қайталанбас, нақты саяси экономикалық және әлеуметтік өмірінен туындап жатты. Яғни, біріншіден Ресей әкімшілік орындарының Бөкей ордасына тереңдеп еніп, оның ішкі өміріне араласа бастауы және соның салдарынан бұл аймақтағы елдің шаруашылық және қоғамдық өміріндегі әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісіп кетуі өзара қарсы тұрған күштер арасындағы қарулы қақтығысқа алып келді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына арналған мерекелі жиында: «Қазақ халқының өзінің жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел ретінде сақталып қалғаны оның еркіндік сүйгіш ерік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Осы жолда арғы-бергі замандарда орын алған бас көтерулердің, қозғалыс,көтерілістердің арқасы. Елі мен жері үшін жанын пида еткен боздақтардың арқасы. Исатай мен Махамбет басқарған халық қозғалысы солардың бірі емес, бірегейі», деген болатын. 2003 жылы 1836-1838 жылдардағы көтеріліс идеологы Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына байланысты ЮНЕСКО-ның шешімімен мерекелік шаралардың жүзеге асырылуы да біздер атап өткен құндылықтардың әлемдік сипатын ескеруден туындаған, сонымен бірге көтеріліс тарихнамасын кешенді түрде, жаңа методологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігін дәлелдеді. Белгілі қоғам қайраткері Ә. Кекілбаев 1836-1838 жылдардағы азаттық қозғалыс көсемдерінің бірі Махамбет Өтемісұлы туралы,жауынгер ақынның 200 жылдығына орай тарихи-ғұмырнамалық «Шандоз» атты зерттеу еңбегін жариялады. Зерттеуде Махамбеттің ақын-ауқымымен шектелмей, XIX ғ. Отарлық дәуірмен, өзі қатысқан азаттық қозғалыс оқиғалары шеңберінде,ел бірлігі мен тәуелсіздік баяндылығы қырынан да суреттейді. «Махамбет-ұлттық тарихымыздың ең күрделі жылдарында ерекше көзге түскен ерен тұлға»-деген баға береді.З. Қабдолов, Н. Әбуталиев, А. Егеубай сияқты ақын өмірін зерттеген жазушы,филологтар Махамбет өмірін 1836-1838 жылдардағы азаттық қозғалысынан бөліп алуға болмайды деген пікірлер білдіреді. 1990 жылдардың соңында және жаңа XXI ғасыр басында жарияланған еңбектерде тәуелсіз еліміздің жүріп өткен 10 жылдығын саралау бағытында Қазақстанның әскери тарихы, Еуразия идеясы бірлігіндегі қазақ хандарының бейнелері зерттеліне бастады. Зерттеушілер Бөкей Ордасының 200 жылдық мерекесіне орай, Орда тарихындағы Жәңгір хан рөлін көтеру бағытында еңбектер жаза бастады. Бұл еңбектерде Жәңгір ханның Ордадағы мектеп ашу, жәрмеңке ұйымдастыру, сауда-саттықты жандандыру,отырықшылдыққа бастама салу сияқты қызметтерін «ханның білімділігі», «қазан университетінің профессоры» ретінде жүзеге асырды деп қорытады. Жәңгір ханды ұлттық,әлемдік тұлға ретінде көрсетуге талпынған зерттеушілер 1836-1838 жылдардағы халық қозғалысына күмән келтіріп, Исатай мен Махамбет ордада болып жатқан оң реформаларды түсінбеді деген тарих ғылымына керағар пікірлерді ұсынды. Пікір білдірушілердің негізінен тарихи деректерден жұрдай мәліметерді бір-бірінен асыра білдіруі Исатай мен Махамбет көтерілісіне деген заңды,ақиқат пікірлерге жағылған  «күйе»  сияқты боды. Бұл тарихшылардан,әсіресе Исатай мен Махамбет көтерілісінен хабары бар ғалымдардан ашық   ой-пікірді талап етті. ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығын мерекелеу кезінде Ш. Уәлиханов атындағы тарих-этнология институтының директоры,тарих ғылымдарының докторы М. Қойгелдиев «Жәңгір хан Ресей патшасының экспансиялық саясатын қазақ қоғамы арасына жүргізуші,әрі өткізуші тұлға», «Исатайдың тұлғасын бүкіл қазақ,орыс қоғамы мойындады,соны ұмытпайық» деген пікір білдірді. Махамбеттің 200 жылдығына арналған, тарихи деректердің мол қоры негізінде жазылған монография авторы, тарихшы-ғалым Көшім Есмағамбетов Жәңгір ханға орыс тарихнамасында екі түрлі баға берілгендігін саралай келіп «Патша өкіметіне Жәңгір-өз халқының мұң-мұқтажына жаны жақын адам емес, «баррикаданың» өз жағындағы «хан» аталған өкілі,қазақ даласының «тәжірибе алаңы» етіп алған бір бөлігіндегі басқарушы сияқтысы ретінде ғана керек болды»,-деп ой қорытты. Зерттеушінің «Жәңгір қайталанбас тұлға ретінде емес,еуропалық тұрмыс-салтқа көшу жөніндегі бастамалармен белгілі күрделі тұлға ретінде тарихта қалатындығында шүбә жоқ»-деген пікірі тарихи таластарға нүкте қойды .

Менің, ғалым-ұстазбен етене араласуым  2002 жылдардан басталды. 1999 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекетік университеті жанындағы диссертациялық кеңесте «1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған халық-азаттық күресі тарихының мәселелері» тақырыбындағы қорғалған кандидаттық диссертация жұмысым бекітілмей, жұмысты өңдеп,ғылым академиясындағы үйлестіру кеңесінде бекіту кезінде жерлес ғалым Қабибек Мұхитов жұмыс туралы Көшім Лекерұлымен кеңесуімді сұрады. Көшім ағамыз ол кезде Қазақстан орталық мемлекеттік мұрағатында бас ғылыми қызметкер ретінде жұмыс жасайтын еді. Мұрағатта,кейін ағамыздың үйінде кездесіп біршама істің түйінін ащқандай болдым. 2003 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғылыми кеңесі шешімімен диссертациямды қайта қорғау үшін Алматыға Рамазан Сүлейменов аындағы Шығыстану институтына жолдама алдым. «1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған қазақ халқының азаттық қозғалысы тарихының деректік негізі мен тарихнамасы» тақырыбындағы 07.00.09 «тарихнама, деректану жәнетарихи зерттеу әдістері» мамандығы бойынша кандидаттық диссерациямды сәтті қорғадым. Қорғау да,бекітілуі де оңай болған жоқ. Көп таласпен,ақыры Жоғары аттестациялық кеңестің төралқасында бекітілді. 2004 жылы жанұя жағдайыммен Қызылорда қаласына қоныс аударып,экономика ғылымдарының докторы,профессор ҚР ҰҒА академигі Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов жеекшілік ететін «Болашақ» университетіне «тарих және педагогика» кафедрасына меңгеруші болып жұмысқа тұрдым. 2005 жылы Сыр жеріне бойым үйреніп,ғылыми-зиялы қауыммен етене жақындасқан соң Алматыға арнайы барып Көшім Лекерұлын Қызылордаға шақырдым,кафедрама қосымша штат негізінде тіркеп алдым. 2006 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Көшім Лекерұлы Қызылордамен ғылыми-шығармашылық байланыста болып, «Сұлу Сырды  өзі өмірге келген Ақ Жайық арасын жүрегімен жалғады» десем артық болмас. Көшім ағаның келуі менің докторлық ізденісімді (2005 жылы Қазақстан ҰҒА академигі Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев жетекшілігімен «Қазақстан мұнай-газ өндірісіндегі жұмысшы, инженер-техникалық мамандарының қалыптасуы және өсуі» деген тақырыпты бекіттіріп алғанмын) жаңа белеске көтеріп, кафедрамның және бірнеше Қызылордалық азаматтардың Дастан Сәтпай, Өтеубай Қожақұлы докторлық, Еңсепов Асқар, Есіркепова Жанар, Төкенов Марат т.б., кандидаттық диссертацияларының жазылып, қорғалуына негіз болды. 2007-2010 жылдары Көшім Лекерұлы «Болашақ» университетінде «тарих» мамандығында мемлекеттік аттестациялық комиссия төрағасы болды. 2006-2007 жылдары халқымыздың біртуар ұлы Мұстафа Шоқай туралы зертеулерін пысықтау және көзі тірі Мұстафа Шоқай ұрпақтарымен кездесу үшін Қызылорда облысы Шиелі ауданы жеріндегі ауылдарға, Мұстафа  дүниеге келіп,тәрбиеленген Шоқай қыстауына бірнеше рет бірге бардық,тіпті Шоқай әулетінің ұрпақтарын жинап, әңгімелесудің реті келді. Ол туралы Көшім ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіне «Біз Мұстафа Шоқайды қалай зерттеп жүрміз» атты көлемді мақаласын шығарды. Көшім Лекерұлының ғалым ретіндегі еңбегін асқақтатқан,ол сөз жоқ «Әлем таныған тұлға» атты Мұстафа Шоқай туралы монографиясы еді.

МҰСТАФА ШОҚАЙ

Ғалым ағамыздың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан бұл монографияны бүкіл қазақстандық тарихшылар қауымы бірауыздан жоғары оқу орындарының оқу жоспарына кіргізіп «арнайы курс» өткізуге және монография авторына мемлекеттік сыйлық беру үшін ұсыныс жасауға ҚР БҒМ хаттар жолдады. 2009 жылы ҚР тәуелсіздігі күні қарсаңында 14 желтоқсанда БҒМ ғимаратында министр Ж.Түймебаев «2-ші дәрежелі Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықты» Көшім Есмағамбетовке салтанатты түрде табыстады.Мен салтанатты шараға бірге қатысып ағамыздық қуанышын алғаш болып бөлісіп,құттықтадым. Осы күні Астанада жазушы Әнес Сараймен арнайы кездесіп Отан тарихы және Исатай-Махамбет көтерілісі тарихы туралы пікірлесті. 2010 жылы 27 ақпанда Орал қаласында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы диссертациялық кеңесте докторлық диссертациямды сәтті қорғадым. Диссертация жұмысының бірінші оппоненті Көшім Лекерұлы болды.Оралға арнайы келген ағамыз,жерлестері мен әріптес ғалымдарды: Хисмет Табылдиев, Алдар Сарсенов, Үркінбай Қыдыралин, Нұртаза Абдоллаевтармен әңгімелесіп, бір жасап қалды. Диссертациям 14 айдан соң 2011 жылы 11 сәуірде бекіп, 2011 жылы 08-10 мамырда Қызылорда «Болашақ» университетінде арнайы аймақтық конференция ұйымдастырдық. Конференцияға Көшім Лекерұлы және Астанадан Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Тілеген Садықов арнайы келді. Аймақтық іс-шара туралы Қызылордадан шығатын «Әлім Сақ» журналы арнайы материал әзірледі. 2011 жылы 15 тамызда мен Атырауға қайта қоныс аудардым. Атырау жеріне келгесін де ұстазымызбен қатынасымыз үзілген жоқ. 2014 жылы 06-07 наурызда Көшім ағамыз Атырауға арнайы келіп, Индердегі ағайындарын аралады. Ғалым ұстазымыздың бөлесі Алдар Сарсенов, шәкірті Көпжасар Болатұлы Меңдігереев бірге болды. Осы жолы, менің жұбайым Райгүл Есқуатқызынан бірнеше мәліметтерді алып 2014 жылы 18-ші мамырда «Ана Тілі» газетіне менің 50 жылдығыма арнап «Мерейлі Белес» атты мақала жазды. 2015 жылы қазан айында Алматыда Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұйымдастыруымен Мұстафа Шоқайға арналған халықаралық конференция өтті. Конференцияның негізгі арқауы да,мақсаты да Көшім Лекерұлы жетекшілігімен шыққан Мұстафа Шоқай шығармаларының 12 томдығының тұсаукесері болды. Әлемдік деңгейде түркі елдерінің көрнекті ғалымдары бас қосқан алқалы жиын К.Л. Есмағамбетов еңбегінің ерекше маңызын,ұлттық рухтың салтанатын көрсетті. Осы жылы қарашада Индер ауданы №3  «Бөдене» ауылында тұратын ағасы қайтыс болып, марқұмның 40 күндік қадесіне ағамыз арнайы келді. Индер қалашығындағы зираттағы әке-анасы мен аталарының басына барып құран оқыды. Ғалым тарихшы Алдар Сарсенов, шәкірті Көпжасар Меңдігереев бірге болды. Атырау қаласында Индер ауданы әкімі Серік Арыстановпен кездесіп, аудан жағдайымен танысты. Жерлесіміз, ғалым Ерсайын Уәлитханұлы Ихсанов  жетекшілік ететін Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ұжымымен кездесіп, Мұстафа Шоқай өмірінің кейбір қырлары туралы, өлке тарихының зерттелу мәселелері туралы ой бөлісті. Институт проректоры Көшім Лекерұлының шәкірті, профессор Киікбай Мыңбайұлы Жаулин ағамызға институт ғылыми кеңесі шешімімен «Құрметті профессор» атағының берілуімен құттықтап, диплом табыс етті.

DSC03546

Міне, Көшім ағамыздың туған жер топырағына табан тіреуінің соңы осы болды. 2016 жылы қарашада ағамыз бұл дүниемен біржола қоштасты. Қайғырып, жоқтаушылар өте көп болды. Қазақы салтпен қаделері берілді, шәкірттері бәрінің басы-қасында болды. Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың Атырау өңірінде тарих ғылымының дамуына, кәсіби шыңдалған тарихшы мамандарды дайындауға қосқан үлесі шексіз. Атыраудан шыққан ғалымдар, тарихшы, ғалымдар баршылық. Дей тұрғанмен,дәл Көшім Лекерұлындай тарих мектебін қалыптастырып,өлке тарихының шын білгірлері болып отырған Алдар Сарсенов, Әбілсейіт Мұқтар, Аққали Ахмет, Ұлжан Ахметова, Көпжасар Меңдігереев, Болат Нығыметов сында шәкірттері өмірлік ұстаздарын әрқашан құрметтеп өтетініне,өз шәкірттеріне жыр қылып айтарлары анық.

 

Лесқали Базарғалиұлы Бердіғожин, 

Х. Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университеті

профессоры,тарих ғылымдарының докторы