ДАРЫНДЫЛЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ

ДАРЫНДЫЛЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ

Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз –  ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында

Зәки АХМЕТОВ

 

Заки Ахметов

Зейнолла Қабдолов – көркемсөздің ел таныған майталман шебері, аса көрнекті ғалым-академик, ұлағатты ұстаз, еліміздің біртуар ардақты азаматы. Бүгінде жетпіске толып отырған жазушы, ғалым, ұстаз өзінің ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай атқарып келе жатқан ерен еңбегімен халқының қадірлісі, еліміздің бетке ұстар ғұламасы, республикамыздан шет жерлерде де аты әйгілі өнер иесі, белгілі қоғам қайраткері болып отыр. Қазіргі қазақ сөз өнерінің, әдебиеттану ғылымының ең беделді, ең білгір көшбасшылары туралы сөз қозғалса, жазушы, ғалым, ұстаз Зейнолла Қабдолов есімі жиі аталатыны тегін емес. Өйткені, ол – халық жазушысы, қазақ көркем сөзін дамытудағы еңбегін ел таныған қарымды қаламгер. Ол – әдебиеттану ғылымына, оның ең бір қиын да күрделі, әлі жете зерттелмеген саласы – әдебиет теориясына зор үлес қосқан ғалым-академик. Және осыларға қоса ол – жүздеген шәкірттеріне жоғары мамандық беруге аянбай ат салысып келе жатқан, шәкірттерінің көбі ғылым кандидаты, алды ғылым докторы, профессор дәрежесiне кѳтерiлген ѳнегелi ұстаз. Және бұл жерде ұстаз дегендi алдымен Зейнолла Қабдолов республикамыздың ең үлкен, айрықша беделдi ғылым-бiлiм ордасының – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiнiң бiлiктi профессоры болып, ондаған жылдар бойы ѳнiмдi еңбек етiп жүргенiне орай айтсаң, сонымен қатар, аузы дуалы, iсi ѳнегелi академик-жазушының бүгiнде ѳзiнен кейiнгi талай әдебиетшiлер, жазушы, сыншы, журналистерге де тәлiмi мол ұстаз екенiн сүйсiне айтамыз.

Осындай бiрнеше салада жарты ғасырға жуық ѳнiмдi, жемiстi еңбек ету және үнемi қатардан қалмай, ѳнер, ғылым жарысында оза шауып, ылғи да алдыңғы сапта жүру  оңай емес екенi айтпаса да түсiнiктi. Сѳз ѳнерi дертпен тең деп жайдан жай айтыла салмаған. Ал бiлiм үйрену, ғылымның шыңына ѳрлеу инемен құдық қазғандай деген де мағыналы сѳз. Ѳнер мен ғылымның қай саласында болсын, ѳнiмдi еңбек етiп, үлкен iс тындыру үшiн талант пен табандылық керек. Ѳнер жарысы – белгiлi бiр уақытта баса шауып, озып шығатын жарыс емес, талай асулардан ассаң да таусылмайтын, ғұмыр бойы бiтпейтiн ұзақ марафон жарысы. Қанша қудым, жеттiм десең де, әлi атқарылмаған iстер алдағы аспаған асудай бой кѳрсетiп тұрады. Осындай ұзақ жолда шаршап-шалдықпай еңбек ету үшiн жазушыға, ғалымға сарқылмас күш-қуат, жiгер-қайратқа қоса, дарқан дарын, зор шабытқа қоса үлкен адамгершiлiк, парасаттылық та қажет. Олай дейтiнiмiз, сѳз ѳнерiнiң ауырлығы да, ардақтылығы да ұлттық сезiм, ұлттық сана-сѳзде, тiлде, ән-күйде әсiресе айқын, толық кѳрiнiс табатынында. Сондықтан халықтың рухын кѳтеру, намысын жоқтау қажеттiлiгi арта түскен бүгiнгiдей кез туғанда әдебиетшiнiң, жазушының ел алдындағы қарызы мен парызы да кѳпшiлiк назарынан тыс қалмай, атқарар мiндетi салмақтырақ болатыны анық.

Биыл ұлы классик жазушымыз, ғұлама ғалым-академик Мұхтар Әуезовтiң туғанына 100 жыл толуына орай ѳткiзiлген бүкiлхалықтық мереке-той қарсаңында жазушы-академик Зейнолла Қабдолов «Менiң Әуезовiм» атты роман-эссе жазып, жариялап, зор табыспен келсе, бұдан оның әлi де қаламы мұқалмай, шабыты ортаймай келе жатқанын да және ел алдындағы азаматтық мiндетiн терең сезiнетiнiн де анық аңғарамыз. Роман-эссе түрiндегі бұл кѳркем туындыда автордың студент кезiндегi сезiм-әсерлерi, ѳзi кѳзiмен кѳрiп, кѳңiлiне түйген, санасына сiңiрген жайлар есте сақтала жүрiп, оның ой елегiнен талай ѳтiп, екшелiп барып, бүгiнгi бай ѳмiрлiк тәжiрибесiмен, ой-толғаныстарымен ұштаса кѳрiнетiнi шығармаға ерекше сипат берген. Осы роман-эсседе кемел ойшылдық та бар, терең сезiмталдық та бар, сонымен қатар ойнақы әзiл-әжуаға да орын берген. Мәселе, солардың қайсысы қандай мѳлшерде кездесетiнiнде емес, барлық қасиет-сипаттар бiр арнаға құйылып, ѳмiрдiң мол шындығын танытатынында болса керек. Шығармамен таныса келе, оның мазмұнына бойлай келе, оқырман Зейнолла Қабдоловтың «Менiң Әуезовiм» деп толғануға толық хақы бар екен деген қорытындыға келерi сѳзсiз. «Менiң Әуезовiм» деген сѳздi ұлы жазушының тұлғасын әркiм ѳз дүниетанымына, ѳз ой-ѳрiсiне, ѳзiнiң ѳмiрдi сезiнуiне сәйкес ѳзiнше түсiнiп қабылдайды. Әуезовтiң ақыл-ой дариясынан сусындау, әсемдiк әлемiнен нәр алу әркiмнiң ѳз қабiлетiне, талап-талғамына байланысты деген пiкiрдi кѳңiлге ұялатады. Сонымен бiрге автордың жас кезiнде дәрiс алған, ұлылығын жүрегiмен, бар болмысымен сезiнген ұлы ұстазға деген кѳңiл толқынысы да оқырманға айқын елес берiп отырады. Әрине, Мұхтар Әуезовтiң даналық дәрiсi талай жастардың жүрегiне нұр болып құйылды, бұлақтың кѳзiн ашқандай шәкiрттердiң бойындағы таланттың жарқырап кѳрiнуiне ықпал жасады. Ал кiмнiң қай жолмен жүрiп, қанша асу-белдерден асатыны ѳз тағдырына, қажыр-қайратына, танымы мен талғамына байланысты екенi анық.

зейнолла

Зейнолла Қабдоловтың жазушылық ѳнерге бар ықыласымен ден қойып, ѳлең жазудан бастап, үлкен прозалық туындылар жазуға ойысқаны, сонымен қатар әдебиеттi зерттеуге, күрделi теориялық мәселелердiң шешiмiн табуға аянбай күш жұмсауы, бұларға қоса университеттi бiтiрген кезiнен берi қарай жастарға дәрiс берiп, бiлiм-ғылым үйретуден жалықпай келе жатқаны – әдебиет саласындағы еңбегiнiң осы қырлылығы Мұхтар Әуезовтiң алып, әмбебап тұлғасын жан-жағынан қамтып, тұтас бейнелеп кѳрсетуiне мүмкiндiк бердi.

Қазiр Зейнолла Қабдолов туралы академик-жазушы немесе жазушы-академик деп айтылып жатады. Осы сѳз қолданыстың мағынасын байыптап, дәлiрек түсiну қажет. Зекең кѳркем әдебиеттiң дамуына қосқан үлкен үлесi үшiн, кѳркем шығармалар жазудағы табысы үшiн еңбегiне сай халық жазушысы атанды. Жазушы ретiнде, сѳз ѳнерiне қосқан үлесi үшiн академик болу бар, ол ѳз алдына. Зейнолла Қабдолов болса, әдебиеттану саласында да ұзақ жылдар бойы ѳнiмдi еңбек етiп, алдымен ғылым кандидаты, онан кейiн ғылым докторы ғылыми дәрежесiн алу үшiн арнайы диссертациялық еңбек жазып, қорғап барып, әсiресе, әдебиет теориясы саласындағы жазған, жарияланған еңбектерi жоғары бағаланып, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесi, онан соң толық мүшесi – академигi болып сайланды.

Зейнолла Қабдоловтың кандидаттық диссертациясы қазақ әдебиетiндегi әңгiме жанрының сыр-сипатын, қалыптасу, даму жолдарын, осы жанрды биiк суреткерлiк деңгейге кѳтерген классик жазушылардың шеберлiгiн терең ашып кѳрсеткен ғылыми-теориялық мәнi үлкен зерттеу еңбек болды. Одан кейiнiрек жазылып, жарық кѳрген әдебиет теориясы бойынша жоғарғы мектепке арналған оқулығы дер кезiнде студент жастардың қолына тиген қымбат қазына болды. Бұл кiтап қазақ әдебиеттану ғылымында, әсiресе әдебиет теориясы сала­сында үлкен жетiстiк деп бағаланған, ғылыми жаңалығы мол қомақты, iргелi зерттеу болатын. Оның айрықша құндылығы кѳркем әдебиеттiң табиғатын, оның ѳмiрмен жалғастығын, қазақ сѳз ѳнерiнiң ұлттық сипат-ерекшелiгiн ғылыми тұрғыдан терең ашып беруiнде және теориялық қағидаларды, кѳркем шығармаларды үлкен талғампаздықпен танып, нақтылы талдаулар жасай бiлу шеберлiгiнде болатын. Тарихи-әдеби процестiң заңдылықтарын ашып кѳрсету үшiн жеке жазушының суреткерлiк тұлға-бiтiмiндей ѳзгеше сипат-қасиеттердi тап басып, дәл аңғару үшiн жүйеге жүйрiктiк, ғылыми-зерттеу әдiстерiн меңгеру қандай қажет болса, эстетикалық сезiм, сыншылдық сондай қажет. Зейнолла Қабдоловтың «Сѳз ѳнерi» атты кiтабынан зерттеушiнiң осындай қасиеттерi – зерделiлiгi, бiлгiрлiгi, сезiмталдығы анық байқалып отырады, Әдеби шығарманы талдағандағы дәйектiлiк, әр пiкiрдiң дәлелдiлiгi, айтылған ойлардың кѳңiлге қона кететiнi және баяндаудың тартымдылығы, келелi ойдың келiстi сѳзбен жеткiзiлетiнi – Зейнолла Қабдоловтың зерттеу стилiне, айту мәнерiне ѳзiндiк сипат, жақсы ажар берiп тұратын қасиеттер.

Қазақ сѳз ѳнерiне әдебиетiне қатысты айтылған пiкiрлер берi айтқанның ѳзiнде Шоқан Уәлиханов еңбектерiндегі ой-түйiндерден басталады. Оның қазақтың ауыз әдебиетi, жыршылық ѳнер, жыр, ѳлең, қара ѳлең туралы алғаш айтқан ғылыми тұжырымдары әлi құнын жойған жоқ, кейiнгi зерттеушiлерге тiрек. Әсiресе, Ах­мет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» кiтабының поэтика, стилистика, ѳлең құрылысы саласындағы келелi түйiндi ойлары ѳзiнiң жүйелiлiгiмен, жаңашылдығымен, поэзиясының табиғатын, қыр-сырларын айқын анықтап беруiмен аса бағалы. Кѳптеген осы күнге дейiн қолданып жүрген әдеби терминдердi алғаш қалыптастырған, ғылыми айналымға кiргiзген де – Ахмет Байтұрсынов. Одан кейiнгi зерттеушiлерден түйiндi қорытындылар, теориялық құнды пайымдаулар жасау жағынан Мұхтар Әуезов еңбегiнiң шоқтығы биiк, ғылыми деңгейi ѳте жоғары. Әдебиет тарихы, фольклор, эпостық жырлар, 20-ғасырдың басынан бастап, 60-жылдарына дейiнгi кѳп салалы, кѳп жанрлы әдебиеттiң түйiндi мәселелерi, әдеби байланыстар, кѳркем аударма проблемасы, әсiресе ұлы Абайдың творчестволық мұрасы, осының бәрi жайында концептуалдық, ғылыми дамуға тiрек боларлық пiкiрлердi Мұхаңның еңбектерiнен табамыз. Басқа ғалымдарды тiзбектемей-ақ, жалпы түрде айтсақ, қазақ әдебиеттану ғылымында әдебиет теориясы саласындағы жетiстiктер аз болған жоқ.

Алайда Зейнолла Қабдоловтың еңбектерi ѳзiнiң мол жаңалығымен, әсiресе кеңес дәуiрiндегi әдебиеттi, соның iшiнде кѳркем прозаның таңдаулы туындыларын кеңiнен қамтитын толымдылығымен, талдаулары ғана емес, басты, ѳзектi ой-пiкiрлерiнiң жүйелiлiгiмен қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа белеске кѳтерiлуiне ықпал жасады.

Жоғарыда аталған теориялық iргелi еңбектердiң сыртында қаншама зерттеулер, жеке жазушыларға, шығармаларға арналған мақалалар, кѳркем аудармалар және бар. Сол еңбектердiң бәрiнен байқалатын, Зейнолла Қабдоловтың үлкен суреткер-жазушы болып тұрып, ғалым-зерттеушi де болуынан туындайтын бiр қасиет бар. Ол қасиет – мынада. Суреткерлiгi ғылыми зерттеулерiн ажарландырып тұрса, зерттеушiлiк зерделiлiгi кѳркем шығармаларына әсер бередi. Яғни, жазушы Қабдоловтың кѳркем шығармаларынан ғылыми дәйектiлiктi, әр нәрсенiң байыбына барып, мәнiсiне анық түсiнiп айтатын танымдық бiлiктiлiктi жақсы аңғарсаң, оның терең ойлы зерттеу еңбектерiнен кѳркем шығарманың, сѳз ѳнерiнiң табиғатын, эстетикалық әсерiн терең сезiне алатын сезiмталдықты және сыншылдық талғампаздықты, интуиция қуаттылығын кѳрiп, тәнтi боламыз. Жазушының есiмiн одаққа әйгiлеген «Ѳмiр ұшқыны», «Жалын» романдары адам тағдыры жайлы толғанысының жаңаша сипатымен, ѳндiрiс адамының мақсат-мұратын, мiнез ерекшелiктерiн бейнелеудегi соны кѳркемдiк шешiм табуымен, сондай-ақ ѳмiр шындығын, қайшылық-қақтығыстарын суреттеуде анық байқалған суреткер талантының жоғарыда атап кѳрсетiлген артықша сипаттарымен кѳпшiлiктiң назарын аудара алды. Осы романдардың негiзгi идеялық нысанасы, ѳзектi пафосы – еңбек адамының, бiлiктi маманның тартыс-қақтығысқа толы ѳмiрдiң ортасында жүрiп, ѳндiрiстiң мыс қазанында қайнап шыңдалу, шынығу қажет екенiн уағыздау болатын. Онсыз ғылым саласындағы iзденiстер де толық мәнiнде жемiстi болмайтынын кѳркем шығармаларда алғашқылардың бiрi болып нанымды бейнелеп кѳрсеткенi үлкен творчестволық табыс едi.

Әдебиет пен ѳнер қайраткерi, жазушы мен әдебиеттi зерттеушi де халық мүддесiн, қоғамдық ѳмiрдегi кѳкейтестi, аса зәру мәселелердi дер кезiнде қоя бiлiп, сол жайындағы ойлап-түйгенiн әсерлi етiп айта алса ғана кѳптiң кѳңiлiнен шыға алады. Ол үшiн үнемi iзденiс үстiнде жүру, уақыт талабын түсiне бiлу қажет, ел сѳзiн сѳйлей алатын кемелдiк керек. Осындай қасиет жазушы, ғалым-академик Зейнолла Қабдоловтың бойынан айқын танылады. Ол қоғамдық мүдде туралы келелi кеңес болғанда, түйiндi пiкiр айту қажет кездерде ел алдында әрқашан биiк тұрғыдан кѳрiнiп келедi.

Зейнолла Қабдоловтың тағы бiр қасиетi, ол елмен кѳп араласады, адамның бойындағы жақсы сипатты, дарындылықты, адамгершiлiктi тани бiледi. Айтар ойын, сѳзiн жұртқа жеткiзiп айта алады. Ѳйткенi ол кең толғап, кѳсiлiп сѳйлегенде, әдебиеттегi, мәдени ѳмiрдегi ең зәру мәселеге жұрттың ықыласын аудара алады. Мұхтар Әуезов творчествосы туралы, «Абай жолы» роман-эпопеясы    туралы аса құнды, құнарлы ойлары мол еңбектерiн былай қойғанда, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Хамит Ерғалиев, Қадыр Мырзалиев, тағы басқа ақын-жазушылар туралы баяндамалары мен сѳздерi, Шыңғыс Айтматов және басқа қырғыз әдебиетiнiң ѳкiлдерi туралы ой-толғамдары да дүйiм жұртты тамсандырғанын кѳзiмiзбен кѳрдiк. Зекеңнiң әр сѳзiнен оның ѳзiнiң ойлау, сѳйлеу ѳзгешелiгi, ѳз стилi тайға таңба басқандай анық байқалады. Кѳп жыл университетте докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалатын кеңестiң тѳрағасы болып келе жатқан Зейнолла Қабдолов әдебиет тарихы, теориясы бүгiнгi дәуiрдегi творчестволық iзденiстер жайында екiұдай талас пiкiрлер айтылғанда құнды, дәлелдi пайымдауларды шекенiң қызуымен айтылған артық сѳзден аршып алып, кереғар пiкiрлердiң жанасымды тұстарын тауып, орнықты ортақ пiкiр қорыта алатыны да бiлгiрлiкке қоса, байсалдылықтың да үлгiсi болғандай.

Бүгiнде кѳркем әдебиет, әдебиеттану ғылымы, әдеби сын секiлдi рухани ѳмiрiмiздiң аса мол саласында күрделi мәселе қозғалса, тиянақты ой түйiндеу қажет болса, Зейнолла Қабдоловтың пiкiрiмен санаспайтын, оған құлақ аспайтын адам кемде-кем.

Шағын мақалада академик, жазушының сан-қырлы еңбектері, ұстаздық өнегесі туралы толық айтып шығу, әрине, мүмкін емес. Еңбектерінің нәтижесін, үлкен танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін толық ашып беру үшін арнайы тереңдеп зерттеулер жазылуы тиіс. Бұл – әдебиеттанудың кезек күттірмейтін алдағы міндетінің бірі, білгені мен түйгені көп, еңбегі ұшан-теңіз жазушы-ғалымның өрелі ойларын жұртшылықтың, жас ұрпақтың кәдесіне асыру үшін қажет.

Жалғасы бар, осында 

Теги зейноллақабдолов зейнуллакабдулов