ӘБІЛХАЙЫР ЖАҚСЫМБЕТОВ

ӘБІЛХАЙЫР ЖАҚСЫМБЕТОВ

 

 

БАЛА ӘБІЛХАЙЫР

 

Қазыналы Маңғыстаудың байлығын халық игілігіне жаратқан байырғы мұнайшылардың бірі, «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, белгілі бұрғышы Әбілхайыр Жақсымбетов Атырау облысының Тайсойған құмында 1914 жылы дүниеге келген. Құжаттарда «1915 жылы туған» деп жазылғанмен, Әбекең, ұлы Ибрагимнің айтуынша, 1914 жылы дүниеге келген. Неге екені белгісіз, Әбекеңнің әскери билетінде «Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданының 17-ауылында туған» деп жазылған. Бұл да сол кездегі құжаттарда кеткен құнтсыздықтың салдары болса керек. Шындығында, Әбекеңнің туған жері – қазақтың небір қасқа мен жайсаңдары дүниеге келген қасиетті Тайсойған топырағы.

Әбілхайыр – жастайынан жетімдіктің зардабын тартып, ерте жетіліп, ертерек ер қайратына мінген азамат. 1919 жылы 5 жасында шешесінен, 1920 жылы 6 жасында әкесінен айырылған. Кішкене күнінен ата-ана мейірімін сезінбей, тағдыр тәлкегіне түскен Әбілхайырды ағасы Есқали қамқорлығына алып, адам қатарына жеткізеді. «Жетім қозы – тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей, құйттайынан қатыгез өмірдің қатал сынағына түскен Әбілхайыр ер қайратын ерте шыңдап, тірмізік тіршіліктің қаптай соққан қандай дауылына да болса шыдас беретін қажырлы өрен болып қалыптасты.

foto (8)

Бұл – жаңадан құрылып жатқан жас мемлекеттің әлі де болса аяғын әлтек-тәлтек басып, жан-жағындағы анталаған жаулардың интервенциясына толық тойтарыс бере алмай, ел іші дүрбелеңге түсіп, қара бұқара қай көшке ілесерін, қалай күнелтерін білмей, талайлардың басы даң болып, қараға іліне алмай, қаңғырып қалған қым-қуыт кезең еді. Осындай аласапыран уақытта өзіңнің өмірлік бағдарыңды адаспай тауып, айқын соқпаққа түсіп кету де оңай емес еді. Байшонастағы мектептен төрт кластық қана білім алған бала Әбілхайыр ағасы Есқалидың ақылымен небәрі 14 жасында мұнай кәсіпшілігіне қара жұмысшы болып жұмысқа тұрды.

Ол кез – Ембі мұнайының енді-енді ғана өндіріске пайдаланылып жатқан уақыты. Ақгвардияшылардан тартып алынған Атырау мұнайы кеңес үкіметінің мемлекеттік меншігіне өтіп, пролетариат көсемі В.И.Лениннің «Мұнайға мұқтаждық сұмдық... Ембі мұнайы енді біздің қолымызда...» деп мәлімдейтіні де – осы тұс. Жергілікті қазақтар кәсіпшіліктің қара жұмысына ағылып келіп жатты. Қара жұмысқа жалданып келетіндер күн көрісі шамалы жарлы-жақыбайлар екені екібастан белгілі емес пе?! Ауқатты қазақтар үсті-басы май-май болып жүретін жұмысшыларды онша менсіне бермейтін.

Он төрт жасқа енді толайын деп тұрған, қазақша айтқанда «шыбыққа ілінген», бірақ әлі қабырғасы қата қоймаған Әбілхайыр бала сөйтіп, еңбекке ерте араласты. Бойы ап-аласа, талдырмаш баланың ауыр темірлерді мықшыңдап көтере алмай жатқанын көрген ересек адамдар жандары ашып, көмектесетін. «Қайтесің, жетімдердің көретін күні осы ғой... Әлі-ақ  қиындықты жеңіп, бәрін ұмытып кетесің, адам деген жылқы мінезді», - деп өздерінің  жағдайлары келісіп тұрмаса да, мұның көңілін демеп қоятын. Асханадан тамақ ішуге келгенде биік сөреге бойы әзер жетіп, алғашқы уақытта тамақ құйған ыдысын талай төгіп алғаны да бар.

Дегенмен, қимылы ширақ, қай жаққа жұмсаса да, қолды-аяққа тұрмай, зыр қағып жүретін қағілез бала кім-кімнің де көңілінен шығып, жұмысшылар ортасына бірден сіңісіп, үйренісіп кетті.

bqkLTMrty4o

«БӘРІ ДЕ – МАЙДАН ҮШІН!»

 

Әбілхайыр  Жақсымбетовтің еңбек кітапшасында 1942 жылдың 9 қаңтарында соғысқа жіберіліп, сол жылдың 13 қаңтарында қайтадан жұмысқа алынғандығы жөнінде жазу бар. Осы арасы мұның мән-жайын білмейтін көп адамға түсініксіз. Ол оқиға былай болған еді. 

Ұлы Отан соғысының уақыты. Әбілхайырдың (жұмыстастары оны «Әбіл» деп атайтын) 28 жасқа шыққан, тепсе темір үзетін шағы. Өндірістің қыр-сырын ұққан білікті оператор болып алған. Мақаттағы мұнай өндірісінің бұрғылау бөлімінде жасап жүрген кезі. Ол кезде мұнайшыларды соғысқа алмай, броньмен қалдырған болатын. Тәртіп қатал, күндіз де, түнде де жұмыс. Отан қорғайтын соғыс техникасының «тамағы» - мұнайдан шығатын жанар-жағармай ғой. Бірде кәсіпшілікке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құлқайыр Оспанов келіп, мұнайшыларды жинап, жиналыс өткізді. Сонда ауданның бірінші басшысы сөзін ақын Асқар Тоқмағанбетовтің «Мұнайшылар, мұнай бер, соны сізден сұрайды ел!» деген өлеңімен бастап, сол өлеңмен аяқтаған. Өлеңнің мұнайшылардың жан-дүниесіне әсер еткені соншалық, олар соғыстың бар тағдыры өздерінің қолдарында тұрғандай сезінген. Жиналыс «Бізге тұтқиылдан шабуыл жасап, дүниедегі жұмысшылар мен шаруалардың мүддесін бірінші орынға қоятын, жарқын бақытты болашақ сыйлайтын Кеңес үкіметін құлатпақ болған опасыз неміс фашистеріне – өлім! Біздің өндірген мұнайымыздың әр тамшысы оларға қорғасын оқ болып атылсын, танк болып таптасын!» деген ұранмен аяқталған. Сол күні өзге әріптестерімен бірге Әбілхайыр да Коммунистік партия қатарына өткен. Әріптестерімен бірге «Қанша мұнай керек болса, сонша мұнай өндіреміз!» деп уәделескен. «Мұнайшылар, мұнай бер, соны сізден сұрайды ел!» деген өлең жолдары ұранға айналып, әр цехта ілулі тұрды. «Тіпті сол кезде ол әр мұнайшының оқитын дұғасына айналды» десе де, болғандай еді...

Ол уақытта фонтан беріп тұрған ұңғылардың мұнайын жер науаға толтырып, одан тасымал бөшкеге құятын орынға дейін арықпен ағызып апаратын да, одан әрі арбамен, темір жол бекетіне тасып әкететін. Қарапайым ғана әдіс.

Бұлардың үстінен қарайтын бригадир соғыстан бір аяғын беріп оралған ақсақ кісі болды. Өзі өте қатал, өлгеніңе қарамай жұмсайтын. Ол кезде қайбір өркендеп тұрған өндіріс бар?! Қыл аяғы скважинадағы мұнай шығып жатқан жерге су да жетіспейді. Суды сордың бетіне жиналған судан арық қаздырып, алдыратын көрінеді. Әлгі бригадир бір километр қашықтықтағы сордан бері қарай сондай канал қазу жұмысын бригададағы 5 адамның әрқайсысына 200 метрден келетін етіп, таңертеңгі сағат 9-дарда «Сағат  12-ге дейін қазып бітіріңдер», - деп тапсырады. Яғни, операторлардың әрқайсысы ұзындығы екі жүз метрлік жерден бөліп алып, ұңғының өндірген мұнайын жөнелту орнына ағызып кетуге тиіс. Өйткені, майданға мұнай керек, тапсырма солай. Ол кездегі тәртіп темірдей қатал. Бригадир таңертеңгі сағат 9-да тапсырма беріп кетеді. Сағат он екі-бірлерге дейін орындалмаса – бітті, «Анау жоқ, мынау жоқ, шаршадық, үлгермедік» деген сылтауларға құлақ аспайды, сол бойда қатаң жазаға тартады. Қара жердің қабатын қақ айырып, арық қазу оңай ма, қанша жерден жан терге түсіп жасаса да, бұлар белгіленген мерзімде әрқайсысы 200 метр жерді қазып үлгермейді. Қолдары күлбіреп, аяқтары бастырмай, денелері ауырлап, шаршайды. Ақсақ бригадир сағат он екі жарымда келсе, арық әлі қазылып бітпеген. Дереу қаһарына мінген ол: «Бәріңді де майданға жібертемін. Тылда еңбек ете алмадыңдар. Енді кінәларыңды соғыстың алғы шебінде жуасыңдар», - деп, әскери комиссариаттан барып, шақырту қағазын алып келеді де, сол жерде аттың үстінде тұрып, бесеуінің де қолдарына әскерге шақыру қағазын ұстатады. Басшы айтты – бітті, заң. Соғыстың түтеп тұрған кезі. Ертеңіне қалай жетсең, олай жет, Мақаттан Атырауға жетуің керек. Содан бұлар ауылға барып, «Қош болыңдар! Біз майданға кеттік», - деп, жылап-еңіреп қоштасып, заттарын алып, аттанып кетеді. Әскери комиссариаттың кеңсесі алдынан сол кездегі Гурьевке, ал Гурьев вокзалынан жүк пойызына тиеліп, Сталинград майданына кете барады. Бірақ, Құдай сақтағанда, ойламаған жерден оқыс оқиға болады. Бұлар әуелі Гурьевке барады. Гурьевтен бұларды жасақтаймыз деп жүргенде 3-4 күн уақыт өтеді. Қолдарына бір-бір винтовка беріп, алдымен Астраханьға, әрі қарай майданға аттандыру үшін пойызға мінгізейін деп жатады. Бұл кезде өндірістегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Бір бригада түгел соғысқа кетіп қалған. Скважина болса, тоқтап қалды. Бригада күніне 14-15 сағат жұмыс істейді. Күн сайын жоғарыға есеп береді. «Күнде бөшкемен тасып жүрген майдың көлемі неге түсіп кетті?» деп, партия комитеті Мақаттан сұрайды. Мақат бригадирден сұрайды. Бригадир «Солай да-солай» деп, бар жағдайды айтады. Райкомдағылар дереу шұғыл Атырауға соғады. Содан пойыз қозғалып кетіп бара жатқанда бұларды тоқтатып, екі-үш әскери киімді адам жерге бәрін түсіріп, түгендейді де, кешегі бригадир майданға аттандырған мұнайшылардың фамилияларын атап: «Алға шығыңдар!» - дейді. Саптың алдына шыққан бұларды алып қалады да, өзгелерін вагондарына қайта отырғызады. «Қате кетіпті, сендер – броньмен қалдырылған мұнайшыларсыңдар. Елге қайтыңдар. Тез Мақатқа жұмысқа жетіңдер де, жұмыстарыңды жалғастыра беріңдер», - деп, кері қайтарып жібереді. Содан бұлар май тасыған көлікпен ауылға қайтып келсе, ақсақ бригадирді соғыс жағдайында майданға май жеткізіп тұрған өндірісті тоқтатып қойғаны үшін «қылмыскер» деп тауып, 5 жылға соттап жіберіпті. Оның да жазығы жоқ еді, соғыс кезіндегі темірдей қатал тәртіптің құрбаны болды да кетті.

 «Сөйтіп, бір ажалдан аман қалдық. Егер сол кезде аудан басшылары Гурьевке телефон соғып үлгермегенде, қазіргі күні сендер жарық дүниеде жоқ болатын едіңдер», - дейтін әкем. Қарап отырсаң, еңбек кітапшасында тек «Повестка» деп жазылады, басқа бұйрық нөмірі, ештеңе жоқ. Кейін біз «Мынау не жазу, папа? Сен кезінде соғысқа қатысыпсың ғой», - деп сұраймыз ғой. Сонда: «Жоқ, оның мәнісі осылай болған еді», - деп күлетін. Бас-аяғы 4-ақ күн. Бұйрық шығарып, киім беріп, мылтық беріп, пойызға тиеп, жылап-еңіреп елмен қоштасып, соғысқа аттандырғанша осынша уақыт өткен. Ол кезде майданға адам, зат тиеген эшелондар жолай фашистердің әуеден тастаған бомбасына түсіп, күлі көкке ұшып, адамдар да көптеп қырылып жатырған көрінеді. Кейін әкеміз осы оқиғаны «Гурьевтеміз. Вагон толы соғысқа аттанып бара жатқан адам. Пойызға мініп, енді қозғала бергенде, тоқтатты. «Не болып қалды екен? Бомба түсейін деп жатыр ма екен?» деп ойлағанымызша болған жоқ, «Бәленшеев, Түгеншеев, түсіңдер!» деп, бесеуміздің фамилиямызды айтып, пойыздан түсіріп алды да, мылтығымызды, киімдерімізді қайтып алып, кері қайтарып жіберді. Келсек, ана бригадир бейшара жоқ, «үндеместер» ұстап әкетіп, үш күннің ішінде соттап жіберіпті», - деп еске алады. Сөйтіп, папамның соғысқа кетіп қалып, қайтып келген оқиғасы қызық болыпты», - дейді үлкен ұлы Сұлтан.

 

1

 

БАРЛАУШЫ ӘБІЛХАЙЫР

 

Соғыс жеңіспен аяқталып, ел мәре-сәре, қуаныштан шалқып, тойлады. Әбілхайыр енді бұрғылау бригадасына шықты. Құлсарыға қоныс аударды. Құлсары бұрғылау конторы 1943-1958 жылдары Қаратон, Тереңөзек, Көшкімбет, Қарсақ, Тәжіғали, Төңірекшың, Боранқұл, Қараарна, Алтыкөл, Жаңасу, Құмтөбе, Оңтүстік Сарықамыс, Төлес алаңдарында іздестіру, барлау, бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстар нәтижесінде 1953 жылы Көшкімбет, 1955 жылы Тәжіғали, 1957 жылы Алтыкөл,  1958 жылы Қарсақ, Қараарна кен орындары ашылды. 1947-1958 жылдары бұрғылау конторына Дүйсен Үсенов жетекшілік еткен еді. Осы жылдары Әбілхайыр Жақсымбетов Дүйсекең басқарған мекеме құрамында жоғарыда аталған жаңа кен орындарындағы мұнай-газ көздерінің ашылуына әуелі бұрғышының көмекшісі, кейін бұрғышы бола жүріп, елеулі үлес қосты.

1947 жылы  Сәбиламен отау құрады. Артынан Атырау топырағында екеуінің Серік, Сұлтан-Уәйіс, Ибрагим, Мұхамбет атты төрт ұлы дүниеге келіп, үбірлі-шүбірлі отбасы атанып жатқан мезгілде Маңғыстаудың мол мұнайына «шабуыл» басталды. Әбден есейіп, еңбекте шыңдалып, ел қатарлы отау құрған Әбілхайыр Алланың бергеніне шүкірлік ететін, біреудің ала жібін аттап көрмеген жан болатын. Қасындағы әріптестерімен бірге Маңғыстау майданын игеруге аттанды.

 

 

МАҢҒЫСТАУДА ТРЕСТ ҚҰРЫЛДЫ

 

«Ембі мұнайының атасы» атанған Доссор, қазақтың «қара алтыны» алғаш табылған атақты өңірлер – Мақат, Қосшағыл, Құлсары, Қаратон тәрізді ірі кен орындары ашылып, байлықтары ел игілігіне пайдаланылып, халық қызығын көре  бастағаннан кейін ембілік барлаушыларды енді есте жоқ ескі замандарда теңіз түбінен босаған тауының тасын аңызақ желі армансыз айғыздаған 362 әулиелі, маңғаз Маңғыстау күтіп тұрған. 1957 жылдың 8 сәуірінде «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы Сафи Өтебаевтың бұйрығымен, кеңсесі Форт-Шевченко қаласында орналасқан «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресi құрылды. Оның құрамында сол кезде Маңғыстауда жұмыс істеп жатқан Структуралық-іздестіру партиясы геологиялық іздестіру кеңсесі (В.Козмодемьянский) болып қайта құрылған екі участок болды. Сондай-ақ, Кортировкалық партия (П.Корсун), Құрылымдық партия (С.Пикалев) және Топографиялық партия (А.Егоров,     В.Солодов), Автокөлік кеңсесі (С.Өтепов, Л.Донков), Құрылыс құрастыру (П.Сим, П.Цепов), Жұмысшыларды жабдықтау бөлімдері (Б.К.Бисенов) енді.

Трестке бастық болып Орынбай Адайұлы Бердіғожин, бас инженерлікке Бағытжан Есенғалиев, бас геологтікке Валентин Токарев, бас бухгалтерлікке Бақтыгерей Қосмағанбетов, бас механиктікке В.Суборов, жоспарлау-экономика бөлімінің бастығына Дәулет Бисенов, кадрлар және еңбекақы бөлімі бастығына Саудабай Қаналиев тағайындалды.

Орынбай Бердіғожин – Есентемір Бөкен бидің ұрпағы. Бос сөзден гөрі темірдей тәртіпті қалайтын, Ұлы Отан соғысында Ленинград майданында командир болған ол турашыл, кішіпейіл, адал адам болатын. Соғыстан оралған соң Байшонас кәсіпшілігінің директоры болып тұрғанда ол мұнай есебінен кеткен сәл қателік үшін бас инженері Байұзақ Махамбетов, цех бастығы Аққуан Кемелов және мастер Рашид (фамилиясы еске түспеді) төртеуі сотталып кетіп, кейін Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Сафи Өтебаевтың, Мәскеудегі жас мұнайшылар слетіне қатысқан құлсарылық, кейін маңғыстаулық болған Қамысбай Мырзағалиевтің, өзге де мұнайшылардың олардың жазықсыздығын дәлелдеген арыздарымен босанған соң Маңғыстау мұнайын барлауға жіберілген еді. О.Бердіғожин Маңғыстау мұнайын барлау мен өндіруге өзінің сүбелі үлесін қосты. Оның қайырымдылығы көптеген мұнайшылардың жүрегінде қалды.

1957 жылы Маңғыстауға барлаушы, инженер-геологтардың үлкен көші басталды. Жаңа мұнай майданына баруды қуана құптап, бөріктерін аспанға атқан жасампаздармен қатар, қым-қуыт қиындығынан қашып, барғысы келмегендер де болды. Ондай аз топты «Партбилетті стол үстіне қойыңыз да, жүре беріңіз, еркіңіз өзіңізде» деген сұсты сөз ғана тоқтатып: «Партия қайда жұмсаса – сонда барамын» деуге мәжбүр еткендей. Себебі, Маңғыстау мұнайын табу, сосын оны игеру – бүкілхалықтық майдан болатын. Одан бас тарту – Отанға опасыздық жасаумен бірдей еді. Әбілхайыр да, оның әріптестері де  бұдан аса қорқып, қаша қойған жоқ-ты. Өйткені, олар жайлы төсек, тәтті тағамға үйренбеген, қаршадайынан қара жұмыста шыңдалған, Ембі мұнайы есімін иеленген Атырау өлкесінің нағыз революциялық рухта тәрбеленген пролетариат барлаушылары еді. 

 

 

БАРЛАУШЫЛАРДЫҢ ҰЛЫ КӨШІ

 

Маңғыстауға Жылыойдан келген мұнай барлаушылардың алдыңғы легі теңіз арқылы кемемен келсе, оған жалғас топ қырдың үстімен Маната асуы арқылы жеткені белгілі. Қызан алаңына келген бірінші барлаушылар қатарында мыналарды атауға болады (сол топпен келген бұрғышы Ж.Тоқжановтың мәліметі бойынша):

Дүйсен Үсенов – разведка бастығы.

Хасан Тәжиев – аға инженер.

Базар Есмұрзин – геолог.

Бағытжан Бисенғалиев – геолог.

Салық Рысқалиев – бұрғылау шебері.

Әбілхайыр Жақсымбетов – бұрғышы.

Төлеген Құрманов – бұрғылау шебері.

П.Т.Шамрай – бұрғылау шебері.

М.Кузнецов – бұрғышы.

Қадыр Қожахметов – бұрғышы.

Жолдас Тоқжанов – бұрғышы.

Бідан Қалиев – бұрғышы.

Бисенғали Бәжіков – бұрғышы.

Николай Михайлович Петров – бұрғышының көмекшісі, кейін бұрғышы.

Т.Александров – бұрғышы.

Тынышбай Опиев – бұрғышы.

Қосыбай Жүсіпов – бұрғышы.

Кемалхан Берікбосынов – бұрғышы.

Ислаш Молдағалиев – бұрғышы.

К.Шульц – механик.

Төреғали Қадыров – бұрғышының көмекшісі.

Мұхтар Ерғалиев – бұрғышының көмекшісі.

Әділ Жанғалиев – бұрғышының көмекшісі.

Әбу Байболов – бұрғышының көмекшісі.

Оңғар Қабжанов – бұрғышының көмекшісі.

Қалабай Қыстаубаев – бұрғышының көмекшісі.

Жігер Мұхатов– бұрғышының көмекшісі.

Сағын Әбдірахманов – бұрғышының көмекшісі.

 Кесікбай Науанов – бұрғышының көмекшісі.

Алпан Өтешев – моторист.

Қожахмет Қалдыбаев – моторист.

Қабдол Тоқсанбаев – моторист.

Қойтанбай Ұзақбаев – моторист.

Назар Сейтімбетов – моторист.

Атыраубай Аяғанов – моторист.

Дәрі Тоқжанова – мотористің көмекшісі.

Айша Опиева – мотористің көмекшісі.

Қапиза – мотористің көмекшісі.

Жақау Алиев – машинист.

Айдарбек Төлегенов – ағаш шебері.

Төриев – слесарь.

Шақырбай Мұрабеков – жүргізуші, т.б.  

Ішінде Әбілхайыр Жақсымбетов те бар, құлсарылық майталман барлаушылар енді түрен түспеген Маңғыстау қазынасының кілтін ашуға жол тартты. Олардың ендігі өмірі сол өлкемен байланысты болатынын, өздері ашатын мұнай мен газ көзі Маңғыстауды әлемге танытып, Бүкілодақтық құрылыс алаңына айналдыратынын бұл кезде олар әлі білген жоқ еді...

жалғасы осында