АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ, ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ, ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ

   Қым – қуат тірлікте түрлі адамдармен жолың түйіседі. Саған қарап өзіңнен кішілер үлгі алса, сен алдыңғы толқын ағаларға қарап бой түзейсің. Солардың ішінде өзіңмен қатар дүние есігін бір жылда ашып, мектепте, институт қабырғасында тұстас оқыған азаматтардың орны ерекше болады екен. Мына фәни жалғанда маған таныс-біліс болуға, бірге жүруге, жастықтың жалынды жылдарын басымыздан қатар өткізуге тағдыр жазған студенттік кездердегі достардың арасында  Мейрам Қалиоллаұлы Өмірғалиевтің ойып тұрып алар өз орны бар. Әлі есімде, біріміз мектепті жаңа бітірген бозбала мен бойжеткен, екіншіміз еңбек майданында шынығып үлгерген жұмысшы, үшіншіміз әскер қатарынан жаңа оралған қылшылдаған сарбаз болып Гурьев педагогикалық институтының (қазіргі Атырау мемлекеттік университеті) қабылдау сынақтарынан сүрінбей өтіп, басымыздың бір аудиторияда жиналғаны күні кешегідей көз алдымызда. 1978 жылдың 1 қыркүйегі күні бір-бірімізге тосырқай қарап отырғанымызда аласа бойлы, қоңырқай өңді жап-жас жігіт Амангелді Шамғонұлы ұстазымыздың ортамызға келіп «мен сендердің кураторларың боламын, куратор деген сынып жетекшісі, бірақ одан айырмашылығы маған ол үшін жалақы төленбейді» дегені ойымызда қалыпты. Оқуымыз басталар-басталмастан 2 қыркүйек күні ауыл шаруашылығы жұмысына Индер ауданының «Амангелді» кеңшарының «Аққала» ауылына таяу жердегі Бағырлай өзенінің жағасындағы шопан үйіне  7 жігіт пен 7 қызда саман тас басуға қалдырып, қалғанымызды қой шағылыстыруға  (күйек алу науқаны) алып кетті.

DSC_0022 2

   Өзеннің жағасындағы балшықты шынжыр табанды трактормен езгілеп, лай дайындап бергеннен кейін, оған шөп араластырып тас басамыз. Жұмыс әрине біздер үшін қиындау. Бірақ жаспыз-ғой, мойыған жоқпыз. Осы жерде бір–бірімізді тереңірек тани бастадық. Жұмыстан қол босаған уақытта сырласамыз, әркім өз ауылы, оқыған мектебі, ата-аналары отбасы туралы айтады. Ортамызда әскер мен даярлық курсын артқа тастаған  Сағиткерей Баймағанбетовтің 4-5 жас үлкендігі бізге көп көмегін тигізді. Басшылармен сөйлесу, бізді ұйымдастыру, Аққалаға кешкі биге алып барып, демалысымызға жағдай жасау, ешкім жүктемесе де Сәкеңнің арқасында жүріп жатты. «Жолдасты жолаушы болғанда таны» деген ғой халқымыз. Бір ай бірге болғанның арқасында Тарастың парасаттылығы, Қабибектің ақ жүрек, аңқылдақ мінезі, Жексеннің қуақылығы, Аманжолдың қыза сөйлеп, тура айтатын өткірлігі мен өжеттігі осы аралықта байқалды. Солардың арасында Мейрам Қалиоллаұлы біртоға мінезі мен ортаға жағымдылығының арқасында, көзін қысып-қысып қойып, тауып айтатын әзілімен көпшілігіміздің құрметімізге бөленді.

   Отбасы туралы айтқанда әкем орыс тілінен сабақ берген мұғалім болса да, орыс тілін меңгеру жағынан мақтана алмаймын дейтін. Кейін білдік әкесі Қалиолла Өмірғалиев Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі атағын иеленген. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған облыстағы санаулы ұстаздардың бірі екен. Әке жолын жалғау мақсатында педагогикалық институтқа түсіп, тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған Мейрамның бұл мамандықты таңдауы заңды құбылыс болса да, әкесінің еңбегін айтып мақтана бермейтіні жолдасымыздың қарапайымдылығы деп пайымдаймын. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін студенттік жылдарда біздер Бөкенбай, Мейрам үшеуміз жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Осы кезде оның досқа адал, мінезге бай, қолындағы барын жолдастарынан аямайтын нағыз мәрт азамат екенін танып білдік...

   Екі сөзден кейін көзін қысатын әдетінен айнымайтын Мейрам таңертең үнемі ерте тұрып, гир тасын көтеріп, жаттығу жасап, дене бітіміне жіті назар аударып, сергек жүретін, әсіресе киіміне қыл түсірмес тазалығы, шалбарының қыры сынбайтын кірпияздығы оны ерекшелендіріп тұратын. Ол кезде елде жоқ дезодорантпен бас жуатын шампунь сонда ғана болатын. Біз Бөкенбай екеуміздің кезекші болған күні ішкен тамақтың орынын дұрыс тазаламайтынымызға риза болмай, талай одан ескерту алғанымызды еске алсақ, әлі күнге дейін езуімізге күлкі оралады

    Институт қабырғасындағы жылдарда артта қалып, Мейрам өз алдына қойған мақсатына жетіп,1982 жылы тарих-қоғамтану пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Ол заманда жоғары білімді жігіттерді комсомолға, ішкі істер органдарына, мемлекеттік қызметке жиі шақыратын. Бірақта оқыған мамандығына, алған кәсібіне адалдық танытып, еңбек жолын өзі оқыған Өрлік (кейін бұл мектепке К.Абаханұлы есімі берілді) орта мектебіне тарих пәнінен мұғалім болып бастады. Азғана уақытта іскерлігімен көзге түскен Мейрам Қалиоллаұлына басшылар тарапынан сенім көрсетіліп осы мектеп жанындағы интернат меңгерушілігі жұмысына тағайындалды. Ол кезде Кеңес үкіметі, кеңшаралар әлі тарамаған, малшылардың балалары интернатта жатып оқиды. Жылдың 9 айында ата-аналарынан жырақта, бір-бір үйдің еркесіне әкенің орнына әке болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты міндет, жүзге жуық баланың киімінің бүтін, тамағының тоқ, жатар орының жайлы болуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Оның үстіне азық-түлік пен киім-кешектің қат заманы. Осындай жұмыста қарауындағы тәрбиешілермен бірге, қоян-қолтық еңбек етіп, ел сенімінен шыға білгендіктен 14 жылдан кейін,яғни 1996 жылы Өрлік орта мектебі директорының орынбасары, 2005-2007 жылдары осы білім ордасының басшысы болып тағайындалып, абыройлы еңбек етті. Ол басшылық еткен жылдары мектептің оқу-тәрбие жұмыстары өрге басып, мұғалімдердің әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын жақсартуға басты назар аударылды. Атап айтқанда Өрлік орта мектебінде Мейрам Қалиоллаұлының тікелей қолдауымен басқа жерлерде кездесе бермейтін мұғалімдерге сабақ арасында тынығу, келесі сабаққа дайындалу үшін демалыс бөлмесі, түскі асқа бара алмайтын ұстаздарға асхана ұйымдастырылды. Оның сыртында мектепте балаларға ыссы тамақ берілгені өзінен-өзі түсінікті шығар.

   Міне осындай бастамаларына орай, 25 жыл білім беру саласында абыройлы  еңбек етіп, оқу-тәрбие жұмысындағы белсенді қызметі үшін Атырау облыстық білім басқармасының, Индер ауданы әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталып, 2006 жылдың қорытындысымен Индер ауданының «Жыл директоры» болып танылды. Білім беру саласында айшықты із қалдырған Мейрам Қалиоллаұлы 2007 жылы отбасы жағдайымен Атырау қаласына көшіп келіп, облыстық балалар құқығын қорғау департаментінде бас маман, кейіннен Атырау «Жер. Ғылыми Өндірісі» еншіліс мемлекеттік кәсіпорынында әкімшілік-шаруашылық істер жөніндегі сектор меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Қазіргі уақытта туған жері Өрлік ауылында ағасы Хайролла екеуі шаруа қожалығын құрып, Атырау облысын етпен қамтып отырған табысты кәсіпкер.

   Ұстаздың ұлы болып өмірге келіп, ұлтына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Мейрам өзімен бір тұста қатар оқыған Әлима Жұмашқызымен отау құрып, өмірге ұлықты ұл, қылықты қыз әкеліп, өнегелі шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отыр.

МЕЙРАМ ӨМІРОВ

   Әлима да барлық саналы өмірін ұстаздыққа арнаған аяулы жан. Еңбек жолын 1982 жылы Өрлік орта мектебінде тарих-қоғамтану пәндерінің мұғалімі болып бастап, қазіргі уақытта Атырау қаласындағы С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжінде өз мамандығы бойынша шәкірттерге дәріс беруде.

   Қай жұмысты қолға алса да, үлкен жауапкершілікпен қарайтын Мейрам мен Әлима достарымыз биылғы жылы асқарлы 60 жасқа толғалы отыр. Біздер үшін қарапайым ғұмыр кешсе де, адалдықты ту етіп, еліне қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан, парасатты шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болған, ортамызда ойып тұрып орын алар ақжарма көңіл Мейрам Қалиоллаұлы мен Әлима Жұмашқызындай азаматтар қоғам үшін қашанда қажет. Сондықтан да дендері сау, ғұмырлары ұзақ болғай.

 

Мүтиғолла Насиханов, Исатай аудандық мәслихатының аппарат басшысы