Мұстафа табиғаты бөлек адам еді ғой

Мұстафа табиғаты бөлек адам еді ғой

- Мұстафа Өзтүрікпен қалай танысқаныңызды айтып берсеңіз?

- 1990 жылдың жаз айлары болатын. Мен ол кезде республикалық жас ғалымдар қоғамының мүшесі едім. Іздеп жатыр деген соң республикалық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы Иманғали Тасмағамбетовқа бардым. Қазақстанға Мұстафа Өзтүрік келіп жатыр екен. Имекең мені Мұстафамен болатын кездесуге шақырды. Алдын-ала Мұстафа ағылшынша, немісше таза сөйлейді деп ескертіп қойды. Кездесуден соң Мұстафа екеуміз таныс адамдар сияқты сөйлесіп кеттік. Кейінде кездесіп қалған жерде өте жылы сөйлесіп жүрдік. Мұстафа Өзтүрік  жанжақты адам болды. Мамандығы журналист. Көптеген шет тілін еркін меңгерді. Ол кезде таеквондо өнерінде мұсылман халықтарының ішінен ондай жоғарғы дәрежеге жеткен адам болған жоқ. Адамшылығы өте жоғары болған екен. Мен ол туралы кейін Мюнхен қаласына барып жұмыс істеген кезде шетелде тұратын отандастарымыздан көп естідім. Бәріде мақтап отырды оны.

- Мұстафа ұстаз туралы не айтар едіңіз?

- Бұрын спорт саласында осындай жоғарғы атағы бар адамды мен мүлдем басқаша елестетуші едім. Олар біртүрлі қарадүрсін, ауыр мінезді адам сияқты көрінетін. Шет тілін білмек түгел өзінің ана тілінде де дұрыс сөйлей алмайтын олар. Ал Мұстафаның табиғаты бөлек адам екен. Ол спортшыға қарағанда интеллектуалға көбірек ұқсайтын. Сөз саптауы қандай тамаша еді оның, келтіріп отырған мысалдары қандай орынды болатын. Ішімнен қатты таң қалып отырдым. Тәрбие алған жері мен ортасы бөлек болды ғой оның. Сосын айналысқан спорттың әсері болды деп ойлаймын. Шығыс жекпе-жегімен кәсіби айналысқан адам өте мәдениетті болады. Бұл спортта музыка сияқты адамды интелектуал етіп тәрбиелейтін өнер ғой.

Асқар Жұмаділдаев 1

- Өзіңіз шығыс жекпе-жегімен шұғылданып көрдіңіз бе? Таеквондо туралы не ойлайсыз?

- МГУ-да аспирантурада оқып жүрген кезде өзімде каратеге қатысқанмын. Гуманитарлық факультеттің спортзалында Сато деген Жапонияның сауда-саттық істер жөніндегі бір өкілі келіп бізге карате үйретіп жүрді. Жалпы хабарым бар. Менің түсінгенім бойынша таеквондо рухани дамуға бағытталған фәлсафа жиынтығы болып табылады. Мұнда ең басты қағида адам тәрбиесі. Сонымен қатар адамның интеллектуалдық дамуына жол ашады. Жалпы спортшы болған адам жақсы ғалым бола алады. Көптеген ұлы математиктер спортшы болғанын айтып кетер едім. Мысалға Пифагорды алып қарайықшы. Бокстан олимпиада чемпионы болыпты. Аристотельде солай. «Академия» деген сөздің өзі ежелгі гректерде қала тұрғындары серуендейтін алаңнын аты ғана екен. Осы жерге жүгіріп келіп, түрлі жаттығулар жасап жүретін афиналықтар көп болыпты. Ал ғұламалар болса осы жерде бір-бірімен пікір таластырып отырған. Яғни осы жерде ой еңбегімен дене еңбегі ұштасқан екен.

- Қазір спортпен шұғылданасыз ба?

- Мен бұрын көпшілік уақытта жаяу жүретінмін. Қазір уақытымның тапшылығына байланысты көлікті пайдаланатын болдым. Үйімнің алдында турник бар. Кешке қарай шығып сол турникке тартылып жүремін. Бассейнге барып бір сағаттай суға түсемін. Бір-екі шақырымдай жүзіп келемін. Осындай дене еңбегінен кейін барып қолыма кітап алсам оқуым өте қонымды болады. Дене қимылынан соң адамның басы жазылып, миы демалады ғой. Жастарға спорт өте керек. Егер жастар бос уақытында таеквондомен айналысса болашақта өте білімді адам болады. Ең бастысы тәрбиелі әрі жан-жақты адам болар еді. Себебі Мұстафа Өзтүрік осындай адам болған еді.

 

Сұхбаттасқан Қабибек Мұхитов