АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІМ

АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІМ

   1997 жылдың наурыз айы болатын. Атыраудың бір топ спортшыларымен бірге Алматыға жарысқа келе жатырмыз. Ұшақта бізге орын әр жерден берілді. Түскен соң бәріміз аэропортқа тарттық. Бірге келе жатырған спортшылардың бапкері Сүндеткерей: «Мына кісі кикбокстан республикалық федерацияның тұңғыш президенті болған екен. Мында оның фамилиясы бар»-деп екі бүктелген бір қағазды қолыма ұстата салды. Қағазды ашып, оқып көріп едім, өз көзіме өзім сенбедім. «Сәтімжан Санбаев» деп жазылып тұр. Сәтімжан ағаймен көптен бері танысқым келіп жүретін. Жұртқа «ағайыным болады» деп айтып та жүруші едім. Олай дейтін себебім бар. Бұл әулетпен біз алыстан қосылатын ағайын боламыз. Менің анамның нағашылары қаракемпір (дұрысы Дербіс) Шеркеш еді. Жаңылмасам, Санбай деген атасы менің кәрі нағашым Нұрпейіспен немере ағайын болып келеді. Алпыс бірінші жылы Қарабауда тұрғанда біздің үйге қонаққа келген көрнеді. Сәтімжан аға сол жылдары Қарабауда қызмет етіпті.

САНБАЕВ

   «Бұл кісі қайда?»-дедім, Сүндеткерейден. «Әне, ана адам» деп, бір адамды көрсетті. Жедел басып қасына бардым да, «Ассалаумағалейкум, Сәтімжан аға!»-дедім. «Әлейкумәссәләм!»-деді. Бірден «Аға, мен Қарабаудағы Сәдір Мұхитовтың баласымын. Мен де осы жігіттермен бірге Алматыға келе жатыр едім»,-дедім. Сәтімжан аға сәл ойланып тұрды да, «есімде жоқ» дей салды. Мен біраз абдырап қалдым. Тіпті аузыма сөз де түспей қалды. Бізді жақсы танитын сияқты еді ғой, неге «есімде жоқ» деп жауап берді екен. Тарс-тұрс етіп жетіп барғанымды ұнатпай қалды ма? Сол жерде әңгімеміз бітті. Жолаушылар легіне еріп Сәтімжан аға алға қарай жүре берді. Мен жүрісімді баяулатып артта қала бердім.

БЕЛАЯ АРУАНА (2)

  ... Мектепте оқып жүргенде Жұмазия апамнан «Ақ аруана» әңгімесін естіп едім. Әліби Жангелдин болып ойнаған киносын да көрдім. Бес аспапты адам болған екен. Кейін Алматыда тұрған кезде ол кісінің абыройының қаншалықты жоғары екенін естіп білдім. Небір мықты жазушылардың өздері де Сәтімжан ағаны «Талғампаз жазушы, өте білімді адам» деп жоғары бағалайтын. Әрине, әлем классиктерінің деңгейіне көтерілген жазушыны неге бағаламасқа? ...

Сатимжан и Хамит Санбаевы

Бірақ ол кісімен енді кездесуге беттемедім. Тоқсаныншы жылдардың соңында «Рахат» телеарнасында саяси-әлеуметтік тақырыпта бір бағдарлама жүргізген болатынмын. Сол кезде «Қазақ-Түрік мұнайының» бесжылдығы тойланып жатты. Оператор екеуміз камерамызды алып «Рахат-Палас» қонақүйіне тарттық. Мақсатымыз- сол шараны түсіріп, екі-үш адамнан сұхбат алып қайту. Телевидениеден келгенімізді білгесін бәрі де жылы қабылдап жатыр. Өзіміз бірақ ешкімді танымаймыз. Сол жерде сұрастырып жүріп, Қамит ағамен таныстым. Қамит Қамзаұлы Сәтімжан ағаның кіші інісі болатын. Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблін құрғандардың бірі-Қамит Санбаевтің өзі. Қамит аға жылы кісі екен. Қасына ертіп жүріп, бірнеше адамдармен таныстырды. Сол жерде сұхбатқа екі адам таңдап алдым. Біреуі экология мен табиғи ортаны қорғау министрі Серікбек Дәукеев болатын. Ол кісі кейін Атырау облысының әкімі болды. Сөйтіп, қажетті сюжетімізді түсіріп алған соң телевидениеге қайттық.

   Бірде «Алтын Орда» газетіне сұқбат алайын деп Асанәлі Әшімовпен кездескенмін. «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуіне 40 жыл толған екен. Асекең сол киноның түсірілуі тарихын айтып беретін болды. Келісілген уақытта «Шәкен жұлдыздары» атты продюсерлік орталыққа келдім. Асанәлі ағаға өзімді таныстырдым. Әңгіме арасында шеркештің жиені екенімді де айтып қойдым. Жақсы сұхбат болды. Біраз нәрсені жазып алдым. Кейін ол сұхбат қараша айының бір санында «Алтын Орда» газетінде «Қыз Жібек-40 жаста» деген айдармен жарық көрді. Шамамен екі сағаттай отырдық білемін, бір кезде Асекең Сәтімжан ағаға телефон соқты. Халін сұрап болған соң, «... қалаға шығып тұрсайшы. Серігесің, ауруыңа ем болар еді. Қазір қасымда Атыраудың бір жігіті отыр. Өзі шеркештің жиені көрнеді. Сол жақтағы бір газетке менен сұхбат алып жатыр. Сен де қатысаң жақсы болар еді» деді. Әңгімелерінен аңғарғаным- Асанәлі ағаның үлкендігі бар сияқты. Сөздерінен қамқорлық лебі сезіліп тұр. Келер ме екен деп біраз елеңдеп едім, бірақ Сәтімжан аға келмеді. Сірә, ауырып жүрген болуы керек.

    2010 жылы болуы керек, Атырауға Сәтімжан аға келіпті дегенді естідім. «Атырау» шипажәйына тоқтаған екен. Үйге келген бойда бірден анама айттым. Анам ол кісімен телефонмен сөйлескісі келді. Сөйтіп, Сәтімжан аға тоқтаған бөлмеге телефон шалдым. Өзі көтерді. Мен де телефонның тұтқасын анама бердім. Екеуі бірімен-бірі ұзақ сөйлесті. Біраз нәрселерді естеріне алып жатыр. Бірін-бірі жақсы танитын адамдар екеніне көзім жетті. Анам тіпті жылап та алды. Сол арада отырып мен Сәтімжан ағамен бірінші рет кездескен кезімді есіме алдым. Келген шешімім- бірден анамның атын айтқанда дұрыс болатын еді. Шығармашылықтың адамы ғой, көптеген адаммен кездесіп жүреді. Әкемді айтқанда есіне түспегені де болар. Жалпы табиғатынан томаға-тұйық адам болған сияқты. Ортаға көп жұғысып кетпейтін кінәмшіл, кісікиік мінезі болған болуы керек. Ондай адамдар қасына көп ешкімді жақындатпайды. Ал дос болған адамдарына мәңгі адал болады. Тарс-тұрс етіп жетіп барғанымды ерсі көріп қалған да шығар. Менен өзін бірден алшақ ұстағаны да содан болды ғой, сірә деп ойладым ішімнен. Ондай текті мінезі болмаса мұндай терең туындылар жазар ма еді?

САНБАЕВ 2

   Арада көп уақыт өтпей Сәтімжан ағаның дүниеден озғанын естідім. Соңғы демі біткенше шығармашылықпен айналысқан кісі болған екен. Тіпті, сол жолы да Атырауға Мақаш әкім туралы жазып жүрген кітабын бітіру үшін келген көрінеді. Өкінішке орай сол кітабын аяқтай алмай кеткен сияқты. Тірі болып, дені аман-сау болғанда әлі қанша құнды шығармасын ұсынар еді оқырмандарына.

   Уақыт өткен сайын арамыздан өткен ірі тұлғалар биіктей беретіні бар емес пе? Сондай тұлғалардың бірі Сәтімжан Санбаев болды десем артық айтпаған болар едім.

САНБАЕВ 3

   Жуырда, Нұрберген Өтепұлынан (Нұрберген аға Балғымбаев) хабарлама келді. Нұрекең, Сәтімжан ағаймен дос болып, көзінің тірісінде араласқан адам екен. Биыл күзде, Сәтімжан Санбаевтың 80 жылдығын атап өткелі жатырғанын сол Нұрекеңнен естідім. Жұбайы Светлана Санбаева өзінің әлеметтік желідегі парақшасында  көптеген естелігін жариялап жүр екен. Сол естеліктерді жинақтап сайтқа шығарғанымды жөн көріпті. Осы өңірден түлеп ұшқан азамат қой, елі ұмытпасын деген шығар. Өте дұрыс ұсыныс болды. Сәтімжан ағаның жазған шығармалары мен өзінің берген сұқбаттарын, ол туралы шыққан басқа да естеліктердің бірқатарын оқып шықтым. Светлана жеңгейдің жазған естеліктерімен де таныстым. Екі-үш киносын қайта қарап шықтым. Ұққаным, мен бұл кісі туралы көп білмейді екенмін. Атырау топырағынан шыққан классик ағамыздың еңбектерін енді оқитын боламын, шығармашылығымен әбден таныс болған соң ол кісі туралы ой-толғамымды жазамын әлі деген шешімге келдім.

Бір-ақ рет кездесуді бұйыртса да жазушы ағаммен көрісіп-сөйлескенімді мақтан тұтатын боламын енді...

Қабибек Мұхитов

Теги мұнайшыжазбалары тайсойғансайты запискинефтяника