Биылғы 22-наурызда Қазақстанда бірінші болып құрылған 5 қой өсіруші совхоздың бірі – №14 Бақсай «Овцевод» совхозына және оның орталығы Таңдай селосында жедел салынып, 1-қазанда білім беруді бастаған мектепке – 90 жыл.
Мәскеудегі СССР Совхоздар халық комиссариатына, оның «Овцевод» тресіне тікелей бағындырылған совхоздың төрт түлік малы ішінде тек қой басының саны 82 мыңнан асып кеткесін, 1932-жылдың 3-мамырында бұл шаруашылықтан №5 «Бақсай» және №8 «Гурьев» қой (кейінірек қаракүл) совхоздары құрылады. 1957-жылға дейін бүкіл Гурьев облысы ауылшаруашылығында тек қана осы екі совхоз болған еді. Әттең, Бүкілодақтық дәрежедегі, есімдері өзге республикалар түгілі, кейбір сырт елдерге танылған асыл тұқымды атанған, 1300-ден астам адамды еңбекпен қамтыған қос мемлекеттік шаруашылық Қазақстанда 1994-жылы ауылшаруашылығы қолдан күйретілген кезде – жойылып тынды.