ЖАНТӨРИНМЕН ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

ЖАНТӨРИНМЕН ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

Жалғасы. Басы осында

БЕСІНШІ ЖҮЗДЕСУ

 

   1988-жылдың маусымы, Фрунзе қаласының әуежайы. Атыраудан Алматыға бағыт алған ұшақты біздің астанада ауа райы қолайсыз - қатты жел, бұршақты толассыз жаңбыр болғандықтан Қырғыз ССР-інің астанасы Фрунзеге қондырған. Атыраудан бірге ұшып шыққандардан танитындарым арасында Серік ӘБДІРАХМАНОВ, Роберт БЕРДІҒОЖИН бар, өтпелі (транзиттік) жолаушылар әуежай залында уақыт өткізіп, әрі-бері әңгімелесіп жүргенбіз.

Cерік Әбдірахманов

Серік Әбдрахманов

   Серік Әбдірахманов әйгілі «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты 1987-жылдың басында Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретарынан кетіп, Алматы үй құрылысы комбинатының (АДК) бас құрылысшысы (главный строитель) қызметінде - жаңадан иегеріле бастаған «Теңіз» мұнай кенішінің орталығы Құлсарыда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырған құрылымдарын байқап-қарауға, ал Гурьев облыстық партия комитеті өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасарына ауысқан Роберт Бердіғожин де сол кенішке байланысты келген екен.

   Артқы жағымыздан самбырлаған ер адам дауысына үшеуіміз еріксіз қайырыла қарастық. Бір топ жанның ортасынан Нұрмұхан Жантөрин ерекші көрінді. Ол өзінің мұртына - жағын жапқан сақалды және қойыпты. Бір-бірімізге құшақ жая ұмтылыстық. Нұрекең алдымен Бердіғожинді, Әбдірахмановты, сосын - мені бауырына алды. Мені аналардан көбірек ұстап қалғандай сезілді. Мүмкін олай емес шығар...

   Бәріміз де жолаушымыз. Жөн сұрасып жатырмыз.

   -Самарқандтан келе жатырмын. Бейбарыс сұлтан жайында тарихи көркем фильм түсірудеміз, Алматыға бір аптаға бара жатырмын,-деді Жантөрин. Біз елең ете қалыстық.

   -Естіген жоқ едік, қашан бастадыңыздар?

   -Бейбарысты - Сіз ойнап жатырған шығарсыз?

   -Биыл, ерте көктемде бастағанбыз. Біздің «Қазақфильм» мен Египеттің «Эль Аламия» киностудиясы түсіруде. Сценарийін жазғандар Булат Мансуров пен Морис Симашко.

   -Нұреке, осы кісілер жөнінде қысқаша мағлұмат берсеңіз?

   -Берейін. Біліп жүріңіздер, екеуі де өте дарынды адамдар. Жантөрин жай адамдармен жолдас болмайды!

   Булат Богаутдинович Мансуров – 1937-жылы Түркімен ССР-інің Чарджоу қаласында туған. Ұлты татар. Чарджоу пионерлер үйінде музыка жетекшісі болып жүріп, Ташкент консерваториясында сырттай оқыған. Москваның киноинститутына екі рет түсе алмай, тек үшіншісінде қабылданған. Жолы болып режиссер Герасимовтың курсына тап болған. 1976-жылдан бері «Мосфильмде» режиссер. ВГИК-те сабақ береді. Қазақстан мен Орта Азия республикаларында көптеген фильм түсірді. Өте дарынды режиссер әрі сценарийші.

Булат Богаутдинович Мансуров

Булат Мансуров

   Морис Давидович Симашко жайында айтар болсам – ол 1924-жылы Одессада туған. Ұлты еврей. Шын фамилиясы Шамис. Симашко - оның псевдонимі. Шамисті кері оқыса – Симаш. Соған украинша «ко»-ны жалғай салған. Атын Морис деп қойғаны – Париж коммунасы күні – 18-мартта дүниеге келген. Мористің әкесі биология ғылымының докторы, Қазақ ССР-і Ғылым академиясының член-корреспонденті болған. Морис Давидович Ұлы Отан соғысы кезінде Түркіменстанның Мары қаласында Иранмен шекарада әскерде болған. Соғыстан кейін іле-шала Одесса пединститутын, одан кейін сырттай біздің КазГУ-ді бітірген. Түркіменстанның сол Мары қаласында мектеп мұғалімі, республикалық газеттің тілшісі болған. Қазақстанға келгесін «Простор» журналында, «Жазушы» баспасында жұмыс істеген. Қазақша ағып тұр. Есенберлиннің бірнеше кітабын орысшаға аударған осы кісі. Өзі де бірнеше роман, повестің авторы.

Морис Давидович Симашко

Морис Симашко

   -Нұреке, Сізбен бірге қазақтардан кімдер түсіп жатыр бұл фильмге?

   -Қазекеңдер көп емес... 1974-жылы ВГИК-ті Борис Андреевич Бабочкиннің шеберханасында бітірген талантты актер Жамбыл Құдайбергенов – Турфанның жастық шағын ойнауда. Бабочкин – кезінде, Ұлы Отан соғысынан бұрын Чапаевтың рөлін ойнаған актер ғой. СССР халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, СССР-дің Мемлекеттік сыйлығын екі рет алған. Кейін дарынды режессерлігімен танылды. Жамбыл оқуды бітіріп кеткесін, келесі жылы жетпіс бір жасында дүние салды.

Жамбыл Құдайбергенов

Жамбыл Құдайбергенов

Менімен бір жылда туған құрдасым Кененбай Қожабеков – сұлтан Салехтың рөлінде. Бұл оның 30-шы киноға түсуі! Айтпақшы, естеріңізде жүрсін, Кененбай екеуіміз киноға бірінші рет 1949-жылы Тихон Симушкиннің сценарийі бойынша режиссер Марк Донской экрандаған «Алитет уходит в горы» фильмінде бірге түскенбіз... Киноны бірге аяқтайтын шығармыз... Шыныммен айтып тұрмын, бірге аяқтайтын шығармыз.

Кененбай Кожабеков

Кененбай Қожабеков

   Осы «Шыныммен айтып тұрмын, бірге аяқтайтын шығармыз» деген сөзі дәлме-дәл келген еді. Осы «Бейбарыс сұлтан» фильмінің түсірілуі аяқталмай жатып, сол 1988-жылдың 5-қарашасында Қазақ ССР-інің халық әртісі (1972), Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының иегері Кененбай Қожабеков дүние салды. Араға жыл жарым салып, оның құрдасы Нұрмұхан да өмірден озған-ды. Ал, Жамбыл Құдайбергенов – Нұрмұхан ағасынан кейін 5 ай ғана өмір сүріп, сол 1990-жылдың 6-қазанында, 41 жасында қайтыс болып кетті...

   «Бейбарыс сұлтан» фильмінде басты рөлдерде ойнаған қазақтың дарынды үш әртісі екі-ақ жылдың ішінде түгелімен бұл өмірмен хош айтысуларына не себеп болды?.. Бұның астарында бір жұмбақ жай бар тәрізденеді де тұрады, маған...

 

АЛТЫНШЫ ЖҮЗДЕСУ

 

   1989-жылдың тамыз айының бас жағы. Алдыңғы жылы Маңғыстау облысы таратылып, Гурьев облысына қосылған да, облыстық кәсіподақтар советінің жауапты қызметкерлері әлсін-әлі, екі ай сайын түбектегі аймаққа баруға міндеттелдік. Сол көп іссапарымыздың бірі болатын. Ауасының ыстықтығы 45-50 градус шамасындағы аптапты қала Жаңаөзеннен келе салып, кешкі асқа дейін Каспийге шомылып алмақ оймен қол созым жердегі көк теңізге тура тартып кеттім. Қасымдағы Мұрат Ауданов қатты шаршағанын айтып, қонақ үйде қалып қойған.

   Суда жүргендері бар, жағада жатқандары мен отырғандары, әрі-бері сенделіп жүргендері бар, халық өте көп. Ығы-жығы. Жаздың ыстығында ақтаулықтар осы теңізге топырлай түсіп, «жан сақтайды». Өзге облыстардан, тіпті республикалардан да келушілерді көресің. Бұрында қаптап жүретін тек «қара жүнтөстер» - кавказдық ұлттар бұл жолы көлбеңдемейді. Себебі белгілі. Осыдан ай жарым бұрын бүкіл Совет Одағына әйгіленген қанды қырғын - «Өзен оқиғасы» болып өткен де, осыған басты кінәлілер - әбден дандайсып жергілікті қазақтарды басынып, табан асты ете бастаған кавказдықтар Маңғыстау түбегінен қуылған-ды.

   Сол нөпір халықтың арасымен жағасатын орынды іздеп келе жатырғам. Жағаның қала жақ жоғарысынан таныс үн жетті, құлағыма. Тұра қалып, дауыс шыққан жаққа көз жүгірттім. Кіл жартылай жалаңаш адамдар бір тектес көрінеді, ә дегеннен танитыныңды аңғара қою қиын. Дегенмен құлағыма жағымды, жүрегіме жылы тиетін габаритті баритон үндінің қай жерде отырғанын таптым. Міне кездесу! Нұрмұхан Жантөрин – Ақтауда, Адайлардың елінде. Жанындағылардың бірі - Мейірман Нұрекеев. Бұл әртіспен халық «Тамаша» әзіл-сауық отауынан таныс. Дамир Манабаев деп таныстрған режиссерді танымаймын, бірінші рет көруім. Тарихи көркем фильм түсіріп жатыр екен. Олардың да Ақтау мен Жаңаөзен аралығындағы Совет Одағындағы ең терең ойпат саналатын «Қарақиядан» келген бойлары екен. Түсінгенім, фильм - 1930-жылдардың басындағы Маңғыстаудағы коллективизация мен ашаршылық, Иранға қашумен көшіп бара жатқан қазақтар жайында.

   9 қабатты «Ақтау» қонақ үйіне бірге оралып, оның фоэсінде мені оңашалған Нұр-аға:

   -Жұмабай, кешкі астан кейін асықпай сөйлесейік. Коньягің бар ма?- деді, менің иығымды уыстай ұстап.

   -Шынымды айтсам... жоқ еді... Табуға тырысармын... – дедім, сасқалақтап.

   Содан ас ішуге бармастан, қонақ үйден 200 метр шамасындағы тамақ дүкеніне тарттым. Барсам - халық көбі оның сыртында. Кезекте тұр. Горбачевтың арақпен күресіне сай, оны сату тым шектелген. Айқай-шу, балағат сөздер. Екі жас жігіт кірер есікке адамдардың төбелерімен, иықтары үстімен жорғалап барады! Бейне жаудың ДЗОТын жарғалы бара жатқандай... Сағат жарым дегенде қос дүкеншінің біріне әрең жеттім.

   -Апай, бір коньяк пен екі ақ арақ беріңізші.

   -Айналайын, қайдағы коньяк? Ақтауда жоқ, оны қайдан табамын?

   -Жарайды, жоқ болса. Онда – үш ақ бере қойыңыз.

   -Қайнымсың ба, інімсің бе, өзің қызық жігіт екенсің?! Саған ақтың үшеуін ұстатып жіберсем, өзге жұртқа немді беремін? Бір адамға бір ақ пен бір қызыл арақ қана положено екені сыртта жазулы тұр. Сенбесең – бар да оқып кел!

   -Апай, сізге сенемін. Қонақтарым келіп қалған... Кіл ер адам, оларға қызылды қалай құям? Қасымдағы жолдасымның жүрегі ауырып, кіре алмай, сыртта қалып қойды. Онда, екеуін беріңізші, ақтың?..

   -Берме, екеуін! Норма сақталсын!- деп айқайлады артымда тұрғандардың бірі. Оны қостаушылар табыла кетті:

   -Мына сұраншақты очередьтен шығарып жіберіңдерші!

   -Өзі норманы білмейтін қайдан келген адам?!

solenaja_reka_detstva_avi_image2_lj6w

   -Сатушыға өкпелеме! Керім болсаң – Горбачевке жаз, халықтың жағдайын түсінсін!

   Оларсыз-ақ сызданып тұрған сатушы ақыры екі «ақты» бермеді. Жүгіре басып келемін, ойлап келемін. Төрт-бес адамға бір «жартылық» не болады. Нұрекең ғой коньяк ішеді, оны қайдан табамын?..

   Содан не істеймін, қонақ үйдің этаж бойынша кезекшісіне бардым.

   -Коньяк керек еді, тауып бере аласыз ба?..

   -Айта көрмеңіз, арақпен айналыспаймын! «Жұмыстан шығып қалсын» дейсіз бе? Төмендегі ресторанмен сөйлесіңіз.

   Мейрамхана буфетшісіне барып едім, ол:

   -Алып кетуге сатылмайды. Отырып, заказ беріңіз,- деді. Мейрамханада отырып коньяк пен арақты қатар ішу – тым қымбатқа шығады. Оны менің жағдайым көтермейді. Мейрамхананың өндіріс меңгерушісіне жолықтым. Соңғы үмітім. Сондықтан ұятты ысырып тастап, ол кісіге кәсіпдақтың республикалық комитеті председателі В.П.Кавалеров берген қызыл куәлігімді көрсетіп, нөміріме атақты әртістер келетінін айтып, бір көмек жасап жіберуін өтіндім. Ол мейрамхана бағасымен бір коньяк пен бір ақты ұстатқанында – тегін алғандай қуанғанымды осы күнге дейін ұмытқаным жоқ. Жантөрин жерлесім мен қасындағылардан ұялмайтын болдым...

   Нұрмұхан аға менімен оңаша отырып әңгімелеспек екен. Содан менің бесінші қабаттағы бір орындық нөмірімде екі сағаттай армансыз дерлік сырластық. Кейін білдім ғой, Адайлар жерінде түсіріліп жатырған мына фильмнің Нұр-аға өміріндегі ең соңғы – 47-ші екенін... Бұл кино «Сұржекей – өлім періштесі» деген атпен экранға 1992-жылы шығып, ол кезде СССР тарап кетсе де, бірінші рет Мәскеуде көрсетіліпті. Өз басым осы күнге дейін көре алмай жүрмін. Біз көп тақырыпты қозғадық. Солардың кейбірін ғана паш етейін.

   -Нұреке, Моңғолиядан, ондағы әскерден келгеніме он жеті жыл болса да, түсіме ене береді. Цеденбалдың өзімен екі рет қол алысу, әйелі Анастасия Ивановнамен бір рет кофе ішу бақытына жеткем, өзіңізбен алғаш рет сол елде тілдескем...

   -Цеденбал да, жұбайы да өте қарапайым, жақсы адамдар. Мен сол өзіңмен кездескенімнің артынша Цеденбалдың қабылдауында болғам. Анастасия Ивановнаны шақырып алып, бірге тамақтандық. 1985-жылы ол екеуі Кисловодскіде демалғандарында кездесіп қалып, шай іштік.

   -Нұрмұхан аға, мынаған назар қойыңызшы. Мен 1952-жылы – Ұлу жылы туғанмын. Сол Ұлу жылы дүниеге келгендердің әлемге әйгілі кейбір ұлыларымен кездесіп, қол алысқанымды – зор бақытқа санаймын.

   -Олар кімдер, Жұмабай, атап жіберші, мен де біліп жүрейін?

   -Жасы үлкенінен бастайын. 1904-жылғы - Алексей Николаевич Косыгин мен авиация маршалы Судец. 1916-жылы туған - Юмжагийн Цеденбал. 1928-жылғы – Нұрмұхан Жантөрин мен Эдуард Амвросиевич Шеварднадзе. 1952-жылғылардан - Владислав Третьяк пен Вячеслав Лемешев.

   -Аттап кеттің бе, 1940-жылы туған Ұлу мықтыларынан ешкім жоқ па?

   -Болмай тұр, Нұреке. Әйтпесе, қалдырмай атаймын ғой...

   Осы жерде ойыма бір сұрақ келе қалды.

   -Нұреке, былтыры Фрунзе қаласының аэропортында кездескенімізде Сіз Роберт Бердіғожинді бірінші етіп құшағыңызға алдыңыз, және онымен көбірек сөйлестіңіз, соған қарап бұрыннан жақсы таныстар екеніңізді сездім. Солай ма, Нұрмұхан аға?

   -Дұ-ұрыс, көзіңмен көргеніңді айтып отырсың. Роберттің әкесі Орынбай Бердіғожин - маған алыстау нағашы болады. Қалай айтсам екен... Бұл өзі шытырмандау жай. Менің нағашы атам Дәулет Жантөриннің бірнеше атадан барып қосылатын інісі Қалаубай Дүйсекенов деген болған. Орынбордан рабфакты бітірген. Алғаш рет Новобогат ауданы құрылғанды соның, одан кейін Теңіз ауданының райисполком председателін атқарған. Олардан кейін 1930-жылы біздің Таңдайда бүкіл Қазақстанда бірінші совхоз құрылғанда директорының бірінші орынбасары, одан соң директоры болған. Жалпы, Қалаубай - Есентемір руынан шыққандарға барынша көмектескен. Менің нағашы атамның үй-ішіне, анам Ғазизиға да қол ұшын беріп, демеген. Бірақ, ол кісі 1938-де, не 1939-жылы сталиндік саяси қуғынға ұшырап, айдалып кеткенінен оралмаған.

   Дүйсекенов – Қызылқоға жағынан сияқты. Өйткені ол сол жақта туған Есентемірлерге, не соларға жақын болып келетіндерге көңілін бөлген. Олардың арасында руы Есентемір Қадиша Ғабдолова бар. Бұл апай туралы естіп пе едің?

   -Жоқ, естімедім. Қандай жұмыстарды атқарып еді, ол?

   -Қадиша - Қызылқоғадан екі класс қана бітіріп келіп, Таңдайда оны төртке жеткізеді. Сол Таңдайда, аудан бойынша бірінші ашылған детсадта тәрбиеші болады. Содан Қалаубай ағасы оны Гурьевтегі совпартшколға оқуға түсіреді. Оны бітіргесін «Бақсай» совхозында комсомол комитетінің секретары болады. Одан Гурьевке кетіп, балық комбинатында жұмыс істеп, 1938-жылы Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің депутатына, бірнеше айдан кейін облисполком председателінің орынбасарына сайланады.

   -Нұреке, Қадиша Ғабдолова қазір бар ма?

   -Білмеймін. 1940-жылдардың соңында ғана көргенмін... Әңгімемді әрі жалғастырайын. Дүйсекеновтің тағы бір көмектескен адамы – Орынбай Бердіғожин деген Есентемір. Орынбай – Роберттің әкесі, Қызылқоға жерінде дүниеге келген. Оны Доссор мұнай кәсіпшілігіне жұмысшылыққа алғызған, одан кейін 1930-жылы Гурьевте мұнай техникумы ашылғанда - соған біріншілер қатарында түсірген. Орекең оны 1933-жылы бітіріп шыққан. Соғысқа кеткенінше «Қазақстанмұнай» комбинатында басшылық қызметте болған. Мен 1942-жылы 14 жасымда осы комбинаттың мұнай іздеу мекемесіне жұмысқа кіруіме, майданда жүрген Орынбай нағашымның қызметтестері көмектескен. Соғыстан оралғасын Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінің бас инженері болғанында қарамағында жұмыс жасап, жақсы ақша тапқасын Алматыға кеттім, сол кісінің ақыл-кеңесімен.

   -Нұрмұхан аға, Гурьев, Маңғыстау облыстарын басқарған, Қазақ ССР-і Жоғарғы Советі Президиумының Председателі болған Саламат Мұқашев та Есентемір руынан. Онымен де қарым-қатынасыңыз бар шығар?

   -Есентемірлердің қайсысын теріп жүремін. Мұқашевпен тек амандасуым болмаса, араласқан, жақындасқан емеспін. Алматыда қырғынға жол бергендердің бірі сол кісі. Сондықтан онымен сыйластықта болмағаныма өкінбеймін.

   -Нұреке, Сіз Таңдай-Бақсайға қатысы бар мықтыларды жасқы біледі екенсіз. Тағы кімдерді айта аласыз?

   -Жазушы Берқайыр Аманшинді білесің ғой?

   -Иә, білемін.

   -Білсең – оның да қатысы бар. 1940-жылы 16-ға толар-толмасында Оралдың Қаратөбе ауданынан жетіжылдықты бітіріп, Таңдайға келіп, жұмысқа кірген.

   -Берқайыр Аманшин де Таңдайда жұмыс істеген?!!

   -Иә, солай. Дүниеден өтіп кеткеніне төрт жыл... Әйтпесе, кездестіріп, өз аузынан естіртер едім.

   -Біздер, таңдайлық-бақсайлықтар – тек Сізбен, облысты басқарған Оңайбай Көшековпен, Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты домбырашы Қаршыға Ахмедияровпен, Социалистік Еңбек Ерлері Махамбет Есенбаевпен, Паңгерей Бердешовпен, Мұқтау Ідірісовпен мақтанып жүрсек, бар екен ғой, олардан басқа мақтан тұтатындар!

   -Таңдайдағы екі совхозда көптеген орыс ұлттылар жұмыс істеген, солардың кейбірі артынан үлкен қызметтерді атқарған. Арада ұзақ жылдар өтті, ұмытып қалдым. Королев дегені ертеректе облыстық партия комитетінің секретары болыпты. Бақсай селосында туған бір орыс келіншек Орал облисполкомы председателінің орынбасарына жеткен. Жастардан кімдер бар? Совхозымызда ферма басқарған Бисенғали Әбілтаевтың домбырашы, композитор баласы Шәміл Әбілтаев бар, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанған. Оның Өрікгүл есімді актриса келіншегімен Әуезов театрында қызметтес болдым.

   Жұмабай, сен бар ғой, Бақсай селосында тұратын Орынбасар деген кісіні тауып ал. Сол Бақсайдағы мектепте менен бір класс жоғары оқыған, ескі тарихты да, жаңа тарихты да жақсы біледі деп естігем. Өзің тарихшысың, неге осындай кісілер тірі тұрғанда олардан жазып алмайсың? Таңдай-Бақсай тарихын сонау Алматыдан келіп ешкім зерттемейді, жазбайды!

 

Жалғасы бар

 

Жұмабай ДОСПАНОВ,

«Алтын ғасыр» №50, 2013-жыл

Теги ЖантуринТайсойғансайтыСайтТайсойгана