ЖАНТӨРИНМЕН ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

ЖАНТӨРИНМЕН  ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

Жалғасы. Басы осында

   1981-жылдың мамыр айының басы. Туристік сапармен Мәскеуге барғанмын. Тоқтаған орынымыз - Ломоносов атындағы МГУ-дің 15 қабатты «Университетская» қонақ үйі. Алдыңғы жылы Олимпиадалық ойындар өткен атақты «Лужники» стадионында футболдан СССР кубогының финалына тұспа-тұс келген екенбіз. Екі күн бұрын билет алғанымыз жөн болып шықты, жиналған жанкүйер санын «Советский спорт» газеті ресми түрде 81 300 деп берді. СССР-дің сол кезде 10 дүркін чемпионы атанған Мәскеудің «Спартагы» мен Дондағы Ростовтың СКА-сы. «Советский спорт» матч алдында жанкүйер қауымды бір қыздырып қойған-ды. Бұдан дәл 10 жыл бұрын, 1971-жылдың финалында «Спартак» пен тап осы СКА - бақ сынасып, бірінші кездесу 2:2 есебімен тең аяқталғасын, екінші кездесу (переигровка) өткізіліп, онда 1:0-мен мәскеуліктер ұтып, СССР кубогын 9-шы рет иеленген. Бұрынғы жұмыстасым (Гурьев құрылыс материалдары комбинатының бас инженері, кейін бір банктің Маңғыстау облыстық филиалы директоры болды) Владимир Николаевич Ли екеуіміз стадионға ертелетіп тартып кеттік.

   Стадионның сыртында сыра сатылып жатыр екен, екеуіміз шөлдемес үшін жарты литрлік бір-бір саптаяқты алып, тұрып ішетін жерді қарап келе жатқанымызда құлағыма күмбірлеген таныс үн келгендей болды. Қалт тұра қалып, айналама қарасам, 20 қадамдай жерде бір дөңгелек стол жанында Нұрмұхан Жантөрин тұр, біреулермен әңгімелесіп! Дереу соларға бұрылдық. Тура 10 жылдан кейін кездессек те, ол бірден таныды. Сыраны сораптап, қызу сөйлесіп кеттік. Нұрекең қасындағыларға Моңғолиядағы кездесуімізді, ауылдастығымызды айтып, рахаттанып тұрғанын жасырмады. Әңгіме бүгінгі финалдық кездесуге ойысты. Осы сәтте бәстесу орын алды. Бес адамның үшеуі - «Спартак», екеуі - СКА жеңеді десті. «Ростовтықтар жеңеді» деген Жантөрин. Мен - жерлесі болғасын амалсыздан соған қосылдым. Аналар тұр өзектеп: «Киевтің «Динамосын» 3:0 еткен «Спартак» - СКА-ны да тап осылай тізерлетеді» деп. Нұрмұхан да болар емес: «Жалғыз доппен кубоктың тағдырын Андреев шешіп береді» деп.

   Ойын басталғанша «қақпаға Дасаев тұрмаса – гол соғылуы мүмкін-ау» деген ой мені айналдыра берген. Дасаев өз орынын көрінгенде, менің ол үмітім сағымданып жүре берді. Бірінші таймның 35-минутында СКА-ның қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді! Мен өзімнен араға екі кісі салып, бір қатарда отырған Нұр-ағама көзімнің қиығын ғана салдым, тікелеп қарауға жүрегім дауаламады. Екі жағында отырғандар осы сәтте оны табалап күлгендей көрінді маған. Стадион толы халық гу етісіп, түгелімен орындарынан тік тұрысты. Айып добын соғу мәртебесі «Спартактың» қорғаушысы Мирзоянға берілді. Оның соққысы қатты екені белгілі. О, ғажап! СКА-ның қақпашысы Радаев аңтарылып қалғанымен, доп қақпа жақтауына соғылып, торға түспей кетті! Содан бірінші тайм біткенше, 10 минуттай сталдион гулеумен болды. Жантөринге – «Аға, қалай, әлі үміт бар ма?!» деп айқайладым. Ол ештеңе деместен, тек бармағын шошайтты да қойды.

   Үзілісте өзара айтыс қайта жалғасты. «Спартакшылдар» екінші таймда Гаврилов пен Черенков бір-бірден доп соғады, Родионовты шығарса – ол да мүмкіндігін жібермейді десті.

   Ойынның екінші бөлігі алаң иелерінің жойқын шабуылымен басталғаннан, тура 15-20 минут сол қарқындарын бәсеңсітпеді. Мен болсам, армияшыларға, әсіресе Нұрмұхан ағама жанымды күйдіріп отырмын. Финалдық ысқырық уақыты да жақындап қалды. Осы сәтте, дәлірек айтсам 84-минутта СССР құрама командасының мүшесі Сергей Андреев «Спартактың» айып алаңына доппен бірге құйындай ұшумен тақала беріп, қақпаны дәлдей ұрғанында - Ринат Дасаев дәнеңе істей алмай қалды. Есеп – 1:0! Міне, ғажап! Нұрмұхан Жантөрин – тек танымал актер ғана емес, көріпкелдің дәл өзі!!! Бұл – оның бір қыры екені сөзсіз. 40-шы рет өткізілген СССР кубогын Мәскеуде иеленіп, бүкіл Совет Одағын қайран қалдырған СКА – келесі жылы жоғары топтан – бірінші топқа түсіп қалды... Яғни, Жантөрин СКА-ға «ставка» жасағанында ол команданың елдегі маңдай алды еместігін біле тұра сондай сәуегейлігін жасаған-ды.

   Нұрмұхан аға Мәскеуде бұл жүргенінде «Мосфильм» киностудиясының «Белый шаман» кинофильміне түсіп жүр екен. 1982-жылы экранға шыққан бұл фильмнің басты рөлдерінде Нұрағамен бірге қазақтың атақтары шығып қалған Жамбыл Құдайбергенов, Меруерт Өтекешова, қырғыздың танымал актері Болот Бейшеналиев, ресейлік Николай Олялин ойнаған.

   Бұған дейін, Цой Гук Иннің сценарийі бойынша режиссер Н.С.Жантөрин 1972-жылы экрандаған «Орман аңызы» балалар фильмі - 1974-жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Әскери-патриоттық тақырыпты үздік игерген үшін» арнайы жүлдесін алғанын айтуым керек.

solenaja_reka_detstva_avi_image2_lj6w

 

ТӨРТІНШІ ЖҮЗДЕСУ

 

   1985-жылдың шілдесі Кисловодск теміржол вокзалы. Мен Ессентукидегі санаторийлердің бірінде демалып жатқанмын. Демалыс күні болғасын қол созым жердегі Кисловодскіге келгенмін, «электричкамен». Перронға түскенімде атыраулық таныс жігітпен кездесіп қалып, 2-3 минутқа бөгелдім де, жүре бергенім сол еді, «Жұмабайсың ба?!» деген дауыс гүр ете қалды, оң жағымнан. Таныс үнге жалт қарасам – Нұрмұхан аға тұр! Бұл жолы ол жалғыз екен, қуанып кеттім. Емін-еркін сөйлесуімізге мүмкіндік бар. Уақыт өткізку керек, перрон түбіндегі кафеде шай іше отырып, екеуіміз әңгімені бұрқыттық, бізді бөлетін таныс жоқ.

   Нұрекең осы жерде маған беймәлім өзінің балалық, жастық шағынан хабардар етті.

   -Менің өмірім трагедиямен басталған. Трагедиялық рөлдерді құлшынып ойнайтыным да содан шығар... Анам Ғазиза 15 жасында Жайықтың Самарқан – Азия бетіндегі №16-шы ауыл тұсын мекен еткен  байдың ұлы - Сейітахмет Ұлмұрзинмен тұрмыс құрады. 1927-жылдың күзінде Сейітахмет Орынборға оқуға кетіп бара жатып, анамды Таңдайдағы әке-шешесіне қалдырады. «Сен тым жассың, ауыр тиер, Орынборда семья болып тұру қиын, каникулға шығып, қайтып бара жатқанымда үйге алып кетемін» деп, қолына аз ғана ақша ұстатады. Анам мені өзінің туған ауылы Таңдайда, әке-шешесі үйінде 16 жасында өмірге әкеледі. Әкем сол кеткенінен, еш көрінбестен, молынан кетеді. Нағашы атам Дәулет - мен бір жасқа толғасын, 1929-жылдың жазында қасына біреулерді ертіп, Ұлмырза байдың аулына барса – ол конфискацияға ұшырап жатыр екен, баласы Сейітахмет осыны естігесін қорыққанынан шығар, Орынбордан, әлде Гурьевтен  үйіне оралмапты. Яғни, атам іздеп барған күйеу баласын кездестірмей, құдасынан да дұрыс сөз ести алмай, ренішпен оралады. Нағашы шешем Қазима: «сол 16-ауылдың өзіне болмаса да, маңына көшейік, мүмкін сол жерде Ғазиза мен Сейітахмет бір-бірімен қосылар, Нұрмұхамедті қалай тірі-жетім етеміз?» дегеніне, шалы көнбепті. Содан үйдегілер мен бес жасқа келгенімше әкемді күтіпті, өзі келіп семьясын әкетер деген үмітпен. Бес жасқа толғанымда нағашы атам бір қойын сойып, үлкендерді шақырып, менің Нұрмұхамед деген атымды Нұрмұханға, фамилиямды Жантөрин етіп, өзіне ауыстырған. «Құдай маған ұл бермеп еді, ұлым осы болсын» депті, аналардан бата сұрағанында. Сол сәттен бастап менің руым Адайдан - Есентемірге өзгеріп кете барған.

   -Нұрмұхан аға, сөзіңізді бөлейін, бір сұрақпен. Таңдайдағы жастар жағы, ішінде мен бармын, Ғазиза анаңызды «Жантөриннің апасы, ал нағашы шешеңізді сіздің туған анаңыз» санап келген. Осыған түсінік берсеңіз?

   -Айттым емес пе, Ғазиза анамның мені бар болғаны 16 жасында босанғанын. Мені нағашы шешем өз қойнына салып алған екен, бірден. Сірә, қызын алда күтіп тұрған жайды сезген тәрізді. Нағашы шешем - әжемді - «мама», туған шешемді - «апа» деумен болдым, екеуі өмірден өткенше. Сондықтан, 1968-жылы сол Таңдайда 80 жасында өмірден өткен нағашы шешемнің зиратына «баласы Нұрмұхан», ал артынша, келесі жылы бар болғаны 57 жасында дүние салған туған анама «жалғызынан» деп қана белгі қойдым. «Ұлың Нұрмұхан» деп жазуға өмір бойы мамалып келген Қазима шешемнің әруағынан қаймықтым. Анам байғұс мені оңашада «жалғызым» дейтін. Еміренген бұл сөзді тек қана екеуіміз ғана білетін едік...

   Қазақстанда, оның Таңдай селосында бірінші құрылған «Бақсай» совхозының бастапқы директоралары орыстар болыпты. Солардың орынбасарын, кейін сол Таңдайда қалған «Гурьев» совхозының директорын атқарған Қалаубай Дүйсекенов деген кісі руы Есентемір болғандықтан, нағашы атамның інісі саналады екен. Сол кісі Ғазиза анамды қарындасы көріп, совхозға жұмысқа алған.

   Бірінші класқа 7 жасымда 1935-жылы Таңдайдағы бастауыштан 7 жылдыққа айналған мектепке бардым. Сол мектепте Оңайбай Көшековпен 4 класты бірге оқыдым, бастапқыда бір партада отырдым. Ол шопнның баласы болып, қырда жүргендіктен мектепке 10 жасында келген. Кейін менің шешем совхоздың орыс ұлтты директоры және оның орынбасарымен келісе алмай, Бақсай селосына көшкен, директоры Беріштің Бегісі Зейнеш Сауықовтың рұқсатымен, «Бақсай» совхозына ауысып, №2-фермада еңбек етті. Ол ферманың басқарушысы Бисенғали Әбілтаев деген өте өнерлі, сондай жақсы, қамқоршыл адам болды. 1942-жылы 14 жасымда Бақсай мектебінің 7-класын бітіргесін Гурьевке қара жұмысқа, мұнай іздейтін экспедицияға кеттім. Анам мен кеткесін көп тұрақтамай  қалаға жақын Кандаурово селосына қоныс аударды. Таңдайға нағашы шешеммен 1961-жылы кері оралды...

   -Нұреке, анаңыз Таңдайда туған болса, неге сонда жерлемей, Сарайшыққа әкеттіңіз?

   -Нағашы шешем - Сарайшықтың қызы. Алдымен соны жерледік Сарайшыққа. Ғазиза өмір бойы анасымен бірге жүргендіктен шығар, өзін соның қасына жерелеуді өтінген.

   Мен Нұр-ағамды сол жерде «Кисловодск-Свердловск» жолаушылар поезына отырғызып жібердім. Свердловск киностудиясында «Золотая баба» көркем фильмінде рөл ойнауға бара жатыр екен.

   Айтпақшы, Юмжагийн ЦЕДЕНБАЛ 1984-жылы 68 жасында денсаулығына байланысты Моңғолия мемлекетін басқарудан кеткенін білетін едім, ал оның зайыбы Анастасия Ивановна ФИЛАТОВАМЕН Мәскеуде тұрып жатқанын, ол екеуінің осы Кисловодскіде демалып, екі күн бұрын ғана кеткендерін осы Нұрекеңнен естідім.

 

         (Жалғасы келесі нөмірде)

 

         Жұмабай ДОСПАНОВ,

 

         «Алтын ғасыр» №49, 2013-жыл

Теги ЖАНТУРИНТАЙСОЙҒАНСАЙТЫСАЙТТАЙСОЙГАНА