ЖАНТӨРИНМЕН ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

ЖАНТӨРИНМЕН ЖЕТІ ЖҮЗДЕСУ

 

Жалғасы. Басы осында

 

   Туған ауылым - Таңдайдан поезд жолымен есептегенде 7 мың шақырым қашықтағы Моңғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батор қаласында Отан алдындағы әскери борышымды өтеп жүргенмін. Алдымен батальон, 31-бригада штабтарынан өтіп, 1971-жылдың наурызында 39-жалпыәскерлік армия штабының ерекше бөліміне (особый отдел) қабылданғанмын. Совет Одағы құрып кеткендіктен, мына әскери құпияны айта аламын.

   СССР-мен одақтас, жері кең болғанымен бар халқы 2,5 миллионнан аспайтын мемлекетті - алып көршісі Қытай Халық Республикасының жаулап алуынан қорғау мақсатында 1967-жылы Кремль осы армияны жіберген еді. Армия өзінің жалпыәскерлік атауына сай – қарулы күштердің барлық дерлік түрімен жабдықталған-ды. Оның құрамында 5 мото-атқыштар (екеуі таза бронды-танк), 2 авиациялық (истребительдік және бомбалаушы), бір зениттік-ракеталық (ПВО-ныкі) дивизиялар, сондай-ақ, жердегі қорғаныс шептерін орнататын және оны алып тастайтын (10 батальоннан жасақталған), инженерлік-техникалық (16 батальоны бар), әскери және азаматтық құрылыс (12 батальонымен), байланыс дербес бригадалар, сол кезде СССР Қарулы Күштерінде алғаш пайда болған аса құпия «Стрела-2» қондырғыларымен жабдықталған зениттік-ракеталық техникалардың базасы болды. Зауыттан Совет Армиясы үшін жаңадан шығарылған БТР-60ПА, БТР 60ПБ бронды транспортерлер (1969-жылдан) мен Т-62К танкілері (1970) сол кездегі соғыс қауіпі сақталған Моңғолияға, ондағы 39-армияға бірден жіберіліп жатты. Советтік әскери авиаконструкторлар А.И.Микоян мен М.И.Гуревичтің сынақтардан сүрінбей өткен жаңа истребителі - МиГ-25-тің 1970-жылы бірінші болып сериялап шығарылғандары да бірден біздің армияға жеткізілген-ді.

   39-армия – 1970-жылдары СССР Қарулы Күштеріндегі адам мен қару-жарақ (саны, түрі) бойынша ең ірісі саналды. Оның әскері 100 мыңнан асатын (қазір бүкіл Қазақстан Қарулы Күштерінде 70 мың ғана адам бар). Армия - Моңғолияның Қытаймен шектесетін жерлерінің барлығына (Чойр, Шиве-Гоби, Мандал-Гоби, Сайн-Шанд, Улан-Батор, Боганур, Эрденет, Чойбалсан, Дархан) өз күштерін қойып тастаған.

   Моңғолияда әскерде болғандардың кейбірі бұл материалымды оқып қалар, сондықтан, әскери күштерді атағаным.

   Армияның штабы Улан-Батордың шетінде, тау етегіне орналасқан. Менің казармам одан екі шақырым жерде ғана, кешкі ас пен қонуға келемін, таңертең оразамды ашысымен штабқа кетемін, түстік тағам соның асханасында, сағат 11 мен 16-дағы кофе - кабинетте. Сегіз оқты Макаров тапаншасын қол қоюмен таңертең аламын да, кешке журнал бойынша тапсырамын.

   Бұл армияның беделі жоғары болғанын мыналар дәлеледейді. Әскердегі екі жылым ішінде оның штабы мен құрамаларында Моңғолияның бірінші басшысы - МХРП Орталық Комитетінің бірінші секретары, Министрлер Советінің Председателі Юмжагийн ЦЕДЕНБАЛ – 6, екінші басшысы – Ұлы Халық Хуралы Президиумының Председателі Жамсарангийн САМБУ (мен елге қайтардан бір айдай бұрын, 1972-жылдың 21-мамырында 77 жасында дүние салды) – 3 мәрте болған еді.

Юмжагийн ЦЕДЕНБАЛ

                                                  Юмжагийн ЦЕДЕНБАЛ 

  1971-жылдың 21-шілдесі, күн – сәрсенбі, түс ауған шақ болатын. Армия ерекше бөлімінің төрт адам отыратын кабинетіне сау етіп штаб бастығы генерал-майор Михаил Андриасович ГРИГОРЯНның бастауымен бір топ әскери, жай киінгендер, іштерінде екі әйел бар, сау етіп кіріп келді.

Нұреке Жантурин

                                      Қазақ КСР Халық әртісі Нұрмұхан Жантурин

Орталарынан Нұрмұхан ЖАНТӨРИН көзіме оттай басылды. Әскери тәртіп бойынша орындарымыздан атып тұрыстық. Нұрмұхан аға қақшиып қатып қалған маған қарай туралап бір адым жасап, амандаспақ ниетпен оң қолын ұсынды. Мен оған қолымды берер-бермесімді білмей бөлімімнің бастығы полковник П.Кротовқа жалтаң еткем, ол басын болар-болмас изеп, амандасуыма рұқсатын берді. Жантөрин жалпақ алақанынан қолымды босатпай тұрып:

   -Казах? – деп қалды.

   -Так точно, казах! – дедім.

    Оның сығырлау жанары кеңейіп, күлім етті. Аналардың көздерінше қазақша сөйлесіп кеттік.

   -Қайдансың, өзің?

   -Қазақстаннан.

   -Қазақстанның қай жеріненсің?

   -Гурьев облысынанмын.

   -Қай аудан?

   -Махамбет...

   -Өй, айтсайшы, адамды діңкелетпей, қай ауылдансың?!

   -Таңдайданмын, Нұрмұхан аға!

   -Сен мені танып тұрсың ба? Менің де Таңдайдан екенімді білесің бе?!

   -Әрине танимын! Таңдайлық екеніңізді де білемін... Мамаңыз қайтыс болғанда келгеніңізде, Боқсақтың жағасында көргенмін, әңгімеңізді естігенмін...

   Мына жауаптарды естіген Нұр-аға мені айқара ашқан құшағына алып, екі бетімнен алма-кезек сүйе берді. Ештеңені түсінбей, аңтарылып тұрғандарға Жантөрин жалма-жан екеуіміздің мән-жайымызды түсіндіріп бергенде, аналар қайтадан қайран қалысып, бір-біріне бірдеңелерді айтып жатты.

   Бұдан кейін барлығы шығып кетті. Нұрмұхан аға артына қайрылып: «Қазір, Жұмабай-жан, әңгімемізді жалғастырамыз» деді, маған сұқ саусағын көрсетіп, әрі жымиып.

   Кабинеттегі өзге үшеу аналар кетісімен мені сұрақтарының астына қалдырды. Әсіресе, төртеудің орыс емес екіншісі, менімен жақсы қарым-қатынастағы түрікмен ұлтты Акмурад Реджепов одан кейінгі күндерде де аузының суы құрып, сұрай берген, сұрай берген. Орыс пен украин ұлттылардан өзгелерді ерекше бөлімге тек біреуден ғана алған, яғни мен – осындағы жалғыз қазақпын. Менен екі жас үлкен А.Реджепов әскерден босағасын Мәскеудегі КГБ-ның жоғары мектебін бітірген. Алдымен Түрікменстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары М.Гапуровтың, ал 1985-жылы Сапармұрад Ниязов оның орнына тұрғанда - соның оққағар офицерін атқарып, 1990-2007-жылдары 2 мың офицері бар Түрікменстан Президенті күзеті қызметінің бастығы болды. 1993-жылы генерал-майор, 2001-жылы генерал-лейтенант шенін алған еді. Тіпті Президент лауазымынан үміті бар еді, бірақ 2006-жылдың желтоқсанында С.Ниязов жұмбақ жағдайда өліп кеткесін, алдымен қызметінен кетіріліп, одан соң 20 жылға түрмеге отырғызылған...

   Арада бір сағаттай өткенде, саяси бөлімнің офицері келіп, мені армия штабы «қызыл бұрышына» ертіп апарып, есігін қақты. Кең бөлмеге «П» етіп, үстелдер қойылған. Оларға адамдар әлі толық жайғаса қоймапты. Нұрмахан аға мені оңашалап алып, өзім, әке-шешем, тіпті туысқандарым жайында сұрап алды.

   Осы кезде дастарханға отырғызу жарияланып, оған 20-дан астам адам жайғасты. Төрдің қақ ортасында «Сильные духом», «Адъютант его превосходительства» фильмдерінен әйгіленіп қалған Юрий Соломин (РСФСР Халық әртісі – 1974, СССР Халық әртісі – 1988, екі мәрте Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – 1971, 2002), «Тихий Дон», «Балтийское небо» фильмдерінен таныс актер Петр Глебов (РСФСР Халық әртісі – 1974, СССР Халық әртісі – 1981, РСФСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – 1983), Лениндік сыйлықтың лауреаты (1966), СССР Халық әртісі (1969), кейіннен СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1983), Социалистік Еңбек Ері (1986), актер Михаил Ульянов, онымен иықтас - 1966-жылдан Қазақ ССР-інің Халық әртісі Нұрмұхан ағам. Ол сол жағындағы жалғыз бос орындыққа мені шақырды. Мұндай ыңғайсызданбаспын, тұла бойым, тура бақайшағыма дейін тершіп, ысып жүре берді. Жоғарыдан бас тартып, төменгі бір орынға рұқсат сұрап едім, штаб бастығы-қолбасшының бірінші орынбасары генерал-майор М.А.Григорян әлгі бос орындыққа отыруымды көрсеткесін, Жантөриннің жанына амалсыз бардым. Отырдым. 10 емес, 15 минуттай өткен шығар, қол-аяғымның дірілі біржола басылып, өзіме ие болуыма. Жантөринмен бірге бірнеше актер мен режиссер, оператор келіпті. «Мосфильм» мен Свердловск киностудиялары Моңғолия жерінде түсіріп жатырған киноларын бітірген бойылары екен. Солар туралы сөз болды. Менің көңілімді көкке жеткізген жай – тек әріптестері ғана емес, генералдардың да Нұрмұханға үлкен қошеметпен сөз сөйлегендері, оның есімін ылғи атаумен болғандары.

Генерал_армии_Кривда_Федот_Филиппович

Федот Филиппович КРИВДА

   Армия қолбасшысы генерал-лейтенант Федот Филиппович КРИВДА өзінің құттықтау сөзінен кейін, М.Ульяновқа, П.Глебовке, Ю.Соломинге және Н.Жантөринге «Генерал» қол сағатын сыйға тартты. Осы жерде анықтама ретінде айта кетейін, Ф.Ф.Кривда Моңғолиядан кейін Орта Азия әскери округі қолбасшысының бірінші орынбасары болып, Алматыда екі жыл тұрды. Одан соң 1975-1979-жылдары Венгрияда орналасқан Оңтүстік әскер тобының қолбасшысы, 1979-1981-жылдары бірнеше әскери округ мен флоттарды өзіне бағындырған Қиыр Шығыс әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасарын атқарды. 1982-1985-жылдары Вьетнам Социалистік Республикасы қорғаныс министрлігі жанындағы советтік әскери кеңесті басқарды. Бұл кеңеске Лаос пен Кампучиядағы әскери кеңесшілер де енген еді. Сол Вьетнамда ақтөбелік жерлесіміз генерал-лейтенант Жансен КИРЕЕВ осы Ф.Ф.Кривданың 1982-жылдан бірінші орынбасары болып тұрып, әдейі уланғанынан келесі жылы, 53 жасында өмірден өтіп кеткен. Егер тірі болғанында, оған мына 3 лауазымның бірі берілетіні туралы айтылған: СССР Қарулы Күштері Құрғақтағы әскерлері бас штабы бастығының бірінші орынбасары, «Б» категориялы әскери округ қолбасшысы немесе «А» категориялы әскери округ штабының бастығы. Ескертетінім, ол бұған дейін-ақ «Б» категориялы Приволжск әскери округі штабының бастығы-қолбасшының бірінші орынбасарын атқарып кеткен.

   Ф.Ф.Кривда – қазақ халқының даңқты ұлы, Совет Одағының Батыры, СССР Қарулы Күштерінің генерал-лейтенанты (1972) Сағадат Нұрмғамбетовпен де қызметтес болған. Ол – қолбасшының бірінші, ал С.Нұрмағамбетов - әскери дайындық жөніндегі орынбасары.

   Бұл құрметті қабылдауға біздің армия штабының бастығы генерал-майор М.А.Григорянмен бірге түсіріліп біткен екі фильмнің әскери кеңесшісін атқарушы, МХР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы – Қорғаныс Министрінің бірінші орынбасары генерал-полковник Буточийн ЦОГ та келген, оған да сөз берілді. Мәскеуде оқыған, орысша тап-таза сайрап тұр. Сәл кейінірек, оның 30 жасар дивизия командирі, полковник ұлы Геннадий Цогты көрдім. Ол да СССР-де әскери академияны бітірген.

   Қабылдау отырысы аяқталар шақта Нұрмұхан аға сөзді екінші рет сұрап алып, өзіне сыйланған сағатты менің қолыма ұстатты. Мұнысына армия штабынан бірден екі генерал наразылық танытқандай болып еді, Нұрекең оларды дереу басып тастады. «Мұны сіздер құрметтеп маған сыйладыңыздар, рахмет. Қасымда отырған жауынгер – менің туған аулымнан. Ол ауылдағы совхоз – бүкіл Қазақстанда бірінші құрылған совхоз. Бұл баланың әкесі Ұлы Отан соғысының мүгедегі, ағасы - Ленин орденді шопан. Өзі болса, осыдан төрт жыл бұрын мектеп оқушыларының Бүкілодақтық сурет көрмесінде лауреат болған. Менің әскери генерал болмайтыным – бәріңе белгілі. «Генерал болуды армандамаған солдаттан - жақсы солдат шықпайды» деген мақалды өздеріңіз білесіздер. Мүмкін, осы сағат бұл солдатты сол генералға жеткізіп қалар...» дегенінде - біреулер алақандарын шапалақтап жіберді.

   Апыр-ай, елден туған әкем келгендей тебіреніп кеттім. Қауіптенгенім – көзімнен жас шығып кетуі еді. Не деген мәрттік?!

   Ол қоштасарында мені оңашалап, тағы сөйлесті.

   -Нұрмұхан аға, 1971-жылдың июль айы менің есімде мәңгі қалады. Бүгін сізбен кездессем, 8-июльде, Моңғолияның 50 жылдығында осы штабқа келген СССР Министрлер Советінің Председателі Алексей Николаевич Косыгин мен МНРП Орталық Комитетінің бірінші секретары, МНР Министрлер Советінің Председателі Юмжагийн Цеденбал, Забайкалье округінің қолбасшысы, Совет Одағының Батыры, армия генералы Белик қолдарын беріп, амандасты. Косыгин: «Кімсің? Қайдансың?» деп сұрады менен.

   -Жарайсың, қазақтың баласы! Мұныңды естігенде, тек таңдайлық ауылдастарымыз ғана емес, есті қазақтарымыз бір көтеріліп қалады!

   -Аға, айтуға ұялып тұрмын, бірақ айтқым келеді...

   -Ұялма, айта бер, не сұрайсың?

   -Ештеңе сұрамаймын. Аналар амандасып қолдарын бергенде, солармен бірге болған біздің – Қазақ ССР-і Министрлер Советінің Председателі Бәйкен Әшімов ағамыз менің сол жердегі жалғыз қазақ екенімді көріп, біле тұра теріс айналды! Неліктен солай істеді, білмеймін... Кейін, басқа ұлттардың өкілдері мені келеке етті...

   -Иә... мұнысын мен де кешірмеймін! Шынында да өзге ұлттардан ұят болған екен, өзі!..

   -Нұрмұхан аға, мен бұл турасында қызулықпен өлең жазып тастадым...

   -Дұрыс болған. Сен өзің суретшілікпен бірге өлең де жазасың ба?

   -Өлең жаза бастағаныма сегіз ай ғана болды, көбі шикілеу, мықты емес...

   -Ал, саған айтарым, Жұмабай! Генералдың сағатын берді деп, әскерде қалып қойма! Елге қайт! Болашақта елге керек азамат секілдісің, байқауымша...

Слушайте, на той стороне

«Слушайте, на той стороне» фильмі («Мосфильм», «Монголфильм», 1971 ж)

   Н.Жантөрин Моңғолияға жасаған бұл сапарында Чойбаслан қаласы маңында екі киноға түскен еді. Олар мыналар болатын: «Слушайте, на той стороне» («Мосфильм», «Монголфильм», 1971, режиссерлері Борис Ермолов, Бадрахын Сумху, премьерасы 1972-жылдың 27-қарашасы). «Кочующий фронт» (Свердловск киностудиясы, 1971, режиссер Барас Халзанов, премьерасы 1972-жылдың 13-наурызы). Нұр-аға алдыңғысында Жапон армиясының генералы Камацубара, екіншісінде Лопсан Чамза рөлдерінде түскен. Бұл екі фильм 1972-жылдың маусымына дейін – әскерден босағанымша Улан-Баторға келіп үлгермеді, тек жетпісінші жылдардың аяғында ғана әрең дегенде көрдім.

Кочующий фронт

 «Кочующий фронт» фильмі (Свердловск киностудиясы, 1971 ж.)

  Осы, Нұрмұхан ағамен қияндағы Моңғолия елінде естен кетпес кездесуден кейін іле-шала, 39-армия штабында, 19 жасымда мына өлеңім өмірге келген-ді. 

 

Жантуринмен жүздесу

 

Кездесуді ойлап па ем,

Шалғай Моңғол елінде,

Одағымды тәнті еткен,

Атақты актер – керімге.

 

Нұрмұхан аға жүздесіп,

Құшағына кең – алғанда,

Менен артық бақытты,

Жоқ еді, мына жалғанда.

 

Маңдай бөлек, кең жазық,

Қолдары тіптен қайратты.

Сардары болып қазақтың,

Көтерер, тіктеп, байрақты.

 

Зор мақтаным Жантурин,

Бір ауылдан – Таңдайдан.

Сезіндім оны әкемдей,

Сүйгенде өбіп маңдайдан.

 

Екі жыл бұрын осыдан,

Анасы қайтқан Таңдайда.

Көрген едім сонда алғаш,

Баланы – әртіс аңдай ма?

 

Бесеуі лампас* төмен қап,

Шығарды төрге – біздерді.

Көріп мұны шаттандым,

Командарм неткен ізгі еді.

 

Бесеуі түгел тост айтып,

Сыйлады сағат «генерал».

Жантурин маған ұсынды:

«Ескерткішке – менен ал».

 

...Бүркеді кірке көзімді,

Айтқанда сөзін – қоштасып.

Жүрегім атша тулады,

Кеткендей кенет, Тол* тасып.

 

Кездестім солай ағаммен,

Танымал көптен – Одаққа.

Оралғам соң Отанға,

Шақырам, үйге – қонаққа.

 

*генерал шалбары

*өзен

Улан-Батор, шілде, 1971

Жалғасы бар

 

 

Жалғасы бар

 

         Жұмабай ДОСПАНОВ,

 

         «Алтын ғасыр» №49, 2013-жыл

Теги ЖантуринСайтТайсойганТайсойғансайты