ЖҮЗІ ӨЗГЕ - ЖҮРЕГІ БІР, ТІЛІ БАСҚА – ТІЛЕГІ БІР

ЖҮЗІ ӨЗГЕ - ЖҮРЕГІ БІР, ТІЛІ БАСҚА – ТІЛЕГІ БІР

   Кешегі Кеңес заманында 130 ұлттың Қазақстанда тату-тәтті тұруымен әлемді қайран қалдырған қазақ халқы - қарапайымдылығымен, қонақжайлығымен, бауырмалдығымен өзгелерден ерекшеленген-ді. Сол дәстүр осы күнге дейін жалғасып келеді. Осы ұлттардың көпшілігімен қыз алысып, қыз беріскен қазақтардың олармен мың жылдық құдалығы мемлекетіміздегі ұлтаралық татулықты ғасырлап берік ұстауына септігін тигізері сөзсіз.

   Ұлы Отан соғысында екі мәрте жараланып қан төккен, «Қызыл Жұлдыз» орденді атытаулық майдангер Хайролла ҚОЖАХМЕТОВТІҢ украин ұлтты келіні Антонина Ивановна АЛЕЙНИКОВА – фашистік Германияның Совет Одағы аймақтарын қалай оккупациялағанын өз көзімен көрген, бүгінде өмірде бар санаулы жандардың бірі.

   Бұдан 73 жыл бұрын сұрапыл соғыс жүріп жатқанда Қазақстанға қандай қиындықтармен біржола келгенін Тоня апайдың өз аузынан естиік.

   -1933-жылдың 18-ақпанында Украинаның Днепропетровск облысындағы Никополь ауданына қарасты Лукиевка селосында дүниеге келіппін.

   Анам - Александра Петровна сол селодағы «Победа» колхозында сауыншы болатын.

   1941-жылдың мамырында селодағы бастауыш мектептің 1-ші класын бітіргеніме дәл 1 ай болғанда - Ұлы Отан соғысы басталды да кетті. Ауданымыз СССР-дің батыс  шекарасынан 950-1000 шақырым қашықтықта болатын, сондықтан шығар, фашист басқыншалардың бізге жете алмайтындарына, оларды екі аптадан асырмай айбынды Қызыл Армия елімізден қуып шығатынына сельсовет, колхоз басшылары тұрғындарды сендіріп баққан. Дегенмен, 18 бен 45 жас аралығындағылар дереу әскерге алынып, олардың колхоздағы жұмыс орындарын қариялар мен 13-ке толған балалар сол бойда басып жатты.

   Қызыл Армияның екі аптада жауды еліміз шекарасының арғы жағына қуып тастайтын уақыты біте келгенде - селомыздың әуесімен күнара ондаған жау ұшақтарының шығысқа топтанып ағылулары дағдыға айналды. Сөйтсе, олар Украинаның шығыстағы облыс орталықтары – ірі қалалар Запорожьені, Донецкіні, Луганскіні бомбалап жүр екен.

   Шілденің ортасында Днепропетровск облысы соғыс жағдайына көшіріліп, 10 жасқа жеткен балаларды үлкендерімен бірдей еңбек етуге міндеттеді. Бұған дейін кішкентай селомыздан қарулы солдаттар түгілі «қызыл жағалы» милиционерді көрмеген едім, халық арасында үрей туғызушылар мен жау диверсанттарын ұстайтын арнайы топ құрылып, тапаншалы 3 милиционер оған жетекшілік жасады. Сол шамада Лукиевка арқылы әрілі-берілі Қызыл Армия бөлімдерінің қозғалулары басталды. Алғаш рет жаралы жауынгерлерді көрдік. Сол шілденің аяғына таман селомыз батыстан қашып келе жатқан жүздеген қарттар, әйелдер, балалар құраған жаяу, қол арбалы, велосипедті босқындарға толып, сапырылысып кетті. Милиционерлер оларды тексеріп, көп кідіртпей жіберіп жатты.

   1-тамызда ауданымыздың орталығы Никополь қаласы алғаш рет бомбаланды. Ол біздің мекенімізден оңтүстік-шығыста 40 шақырым қашықтықта болатын. 5-тамызда батысымыздағы көрші облыс орталығы, селомыздан 220 шақырым жердегі Кировград қаласын жау иеленгені туралы жайсыз хабар араға күн салып бізге жетті. Бір аптадан кейін колхозымыздың бар малы Днепр өзенінің арғы бетіне дереу көшірілетіні туралы бұйрық келді. 14-тамызда түске таман колхоздың 2 мың бас сиырын, соншама қой-ешкісі мен мыңға тарта шошқасын айдаған 100-ден астам адам (балаларды қосып есептегенде) туған селода қалғандармен қоштасып, жолға шықтық. Алдыңғы күні дұшпан бізден 100 шақырым жердегі облысымыздың екінші қаласы Кривой Рогты басып алған екен.

   Анам сауын фермасыныкі болғандықтан сиырларды айдаушылар құрамына енді де, 8 жарым жасар мен - велосипедтің қос доңғалағына орнатылған шағын арбаға «жегіліп», сүйреумен болдым. Днепр өзенінен Никопольдегі пароммен өтуге тиіс екенбіз, қалаға бір тәулікте жету міндеті қойылғандықтан, жолда еш кідірместен, яғни ұйықтамастан жүріп отырдық. Сағатына 2-3 шақырымды ғана аламыз. Никопольге апарар үлкен жолда жылдам жүру тіптен мүмкін болмай шықты. Шұбырған босқындар, ауыр жаралылар, қарсымызда жаумен соғысуға бара жатқан жүк машиналар толы, аттылы, тіпті жаяулы әскерилер, танктер, тіркелген зеңбіректер, арбалар жиі-жиі бір-біріне кедергі жасайды. Кедергіні немістер де жасап бақты. Олардың қап-қара ұшақтары үшеу-төртеу болып жетіп келеді де, жолдағы әскери колонналар мен жай халыққа шүйілумен оқ жаудырады, шыңғыртып бомбаларын тастайды. Жолдың екі жағы қалың тал мен бұталар. Сақтанғандар, жан ұшырып үлгергендер соларға тығылса да, кейбірі ажалдың жезтырнағынан құтыла алмайды. Байқағаным, жау ұшақтарының келе жатқандарын сиырлар алдымен сезіп, өкіргендерінде құлақты тұндырады. Днепрден өткенше де, одан кейін де біздің колхоз адамдары мен малдары көп шығынға ұшырады. 15-тамыздың түсі ауа Никопольге жете бергенімізде, «қалаға кіруге болмайды, жиі-жиі бомбаланып жатыр, оның үстіне сапырылыс, қолайсыздық одан сайын өршиді, 10 шақырымдай жоғарыда паромдар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр, соған барасыңдар» деген бұйрық алдық. Қала жабық болғасын және соғыс жағдайындағы бұйрықты қайталатып айтқызбай бірден орындау керек, амалсыздан солтүстікке бұрылдық. Мұнда да сапырылыс екен, жарты жолды жүргендей болғанымызда ала крестері анық көрінген 4 ұшақ кенеттен келе қалды да, бізді оқ пен бомбаның астына алды. Мен арбашығымды тастай салып, жол езуіндегі ағаштарға жан ұшыра жүгірдім, өзге адамдардан қалыспай.  40-50 метр жердегі ағаштың қалыңын көздеп құйғытып келе жатқанымда бірдеңе мені құлатты да, үстімді зілдей болып басып қалды. Мен «бомбаның жарықшағы, не оқ тиген шығар» ойымнан шошынып, талықсып кеткенімнен есімді жиғанымда тарсыл-гүрсіл тыйылыпты, бірақ адам мен малдардың шуы басылмапты. Тұрайын десем, әлгі зілдей нәрсе мені жіберер емес, әлі басып жатыр. Содан шошып, шыңғыра жылап жібердім. Күбірлеген біреулер мені тұрғызып алды. Көйлегім қып-қызыл қан. Оны көріп, қайтадан талықсып кеттім. Көзімді ашсам жанымда анам отыр. Қол созым жерде бір қызыләскер өліп жатыр. Арқасын екі жерден оқ тескен. Мені бауырына басып құлаумен ажалдан алып қалған жауынгердің қаны үстіме аққан екен.

12m-79

   Аман қалғандар жиналып жатқанда мамам екеуіміз қалт тұра қалыстық. Лукиевкадағы арамызда үй жоқ көршіміз Глафира апай - менімен құрдас қызы Катеринаның жансыз денесін алдына салып қойып, ұзын да қалың шашын жайып жіберіп, жаман дауыспен аңырап отыр. Сорлы қыздың жауырынын жау оғы опырып жіберіпті! Енді мамам екеуіміз қосыла жыладық...

   Сиырлардың өкірулері тыйылмағасын көргеніміз - екі баспаққа бомба түсіп, оларды паршалап аспанға лақтырған, ішек-қарындары ағаш бұтақтарына ілініп, қан-жындары сорғалап тұр. Малдар да балаларының оқыс өлімдеріне дауыс шығара қайғырып, шарасыз адамдардың онсыз да осалданып, «ойнамалы» күйге ұшыраған жүректерін ауырта түскен.

   Осы кезде «Малдарды тез қуып айдаңдар, неміс әскерлері Никопольге жақындап қалды! Бізден бұрын өткелді басып алуы мүмкін!» деген айқай әлденеше рет қайталанғанда – одан сайын жанталаса түстік. Арада жарты сағат өтпей жатып, үлкен кресі бар броньды машина және 3-4 мотоцикльге мінген немістер артымыздан қуып жетіп, басымыздан асыра аспанға оқ жаудырғасын, ағаштарға қаша алмай, жол үстіне жата қалыстық. Біздің арамызда 5-6 арбаға тиелген ауыр жаралы жауынгердерді 3 санитар қыз қарусыз алып келе жатқан. Темір каскалы, сұр шинельді, ұсқындарынан адам шошитын фашистер оларды көріп қалды да, барлығын арбалардан жұлқи-сүйрелей түсіріп, әрқайсысын тінтіп шыққасын, біреуін ғана қалдырып, қалғандарын автоматтарымен қырып тастады. Тізерлетіп отырғызып қойған қыздар білектеріне байлаған қызыл кресті ақ шүберектерді көрсетіп, бірдеңелер айтып еді, немістер тыңдамады, оларды да тапаншаларынан тақап атып, жайратып салды. Жерге жабысып жатқан жай халыққа тиместен алға - өткел бағытына жүріп кетті. Одан әрі жүрер-жүрмесімізді білмей аңтарылып қалғанымызда, колхоз басқармасы председателінің орынбасары: «Қорықпаңдар, бұлар немістердің барлаушылары, қазір оларды жоқ етеді, Днепрге 4 шақырым қалды, бір сағатта жетіп болуымыз керек!» дегесін, үрейімізден арылғандай болып, алға қарай жүгіре бастық.

   Ана кісінің айтқаны дәл келді, мотоцикльдері төңкерілген, броньды машиналары өртенген фашистердің жартысы жол шетінде өліп жатыр, тірілерін тұтқын етіп, отырғызып қойыпты, бізді көргенде беттерін бұрып, теріс айналысты. Басқарманың орынбасары көк фуражкалы, көк галифелі «қызылдардың» басшысына мыналардың жаралы жауынгерлер мен санитар қыздарға жасаған жауыздықтарын баяндап берді.

   Днепр – ағысы бар жалпақ өзен екен, бірінші рет көруім. «Өткел оңаша жерде шығар» деген үлкендердің сөзі қате болып шықты. Жай халық пен мал – қарақұрым, жүз мың шығар. Әскерилер де жетерлік, көбі жаралылар. Төрт кішкентай кеме сүйреген паромдарына адамдар мен малдарды 500-ден   тиеп арғы жағаға алып кетеді, қайтарда ол жақтан әскерилер мен зеңбіректер әкеледі. Мұнда да тыныштық жоқ, сағат сайын немістердің ұшақтары шабуылдайды. Көз алдымызда тақалып түскен бомбалардан паромдар әлсін-әлі аударылып, мыңдаған адамдар, малдар суға кетіп жатты. Таң қалғанымыз – суға құлаған сиырлардың бәрі де кері оралмай, арғы бетке туралап малтитындары. Яғни олар да жаудың арттан қуып келе жатқанын білетін тәрізді.

   Біз Днепрдің сол жағына 16-тамыздың кешінде, Күннің батуымен қатар өтіп болдық. Екі сағаттан кейін неміс танкілері оң жағалауға жетіп, қозғала берген екі паромды талқан еткен, кезек күтіп тұрғандарды шынжыр табандарымен жаншыған, бас сауғалап қашқандардың жартысы амалсыз өзенге қойып кеткен, олардың оннан бірі ғана бергі жағаға жете алған шығар...

   Келесі күні, 17-тамызда фашистік Германия әскерлері аудан орталығы Никополь қаласын басып алғанын естідік.

   Днепрден біздің колхоздың 1800 сиыры, 1500 қой-ешкісі  мен 800-дей шошқасы аман өткен-ді. Колхоз - Сталино (қазіргі Донецк) қаласының іргесіне орналасатын болғандықтан, кідірместен сол бағытқа жүрумен бір аптада жетіп алдық. Көміршілер қаласынан 20 шақырым шығысқа, иелері жоқ 5-6 үйі бар хуторға 2 ай ғана тұрақтадық. Өйткені, өкшелеп келе жатқан неміс әскерлері Қызыл Армияны тықсырумен 20-қазанда үлкен қала Сталиноны басып алды. Содан тағы жолға шықтық. Ендігі барар жеріміз – РСФСР-дің Ростов облысы. Облыс орталығынан 18-20 шақырым шығыстағы Ақсай деген шағын қаланың шетінен адам мен малға орын берілді. Біз 7-қарашада, Ұлы Октябрь социалистік революциясының 24 жылдығы аталып жатқан күні жеттік. Тура екі аптадан кейін, 21-қарашада немістер бұл қалаға да басып кірді. Келесі күні колхозымыз 1100 шақырым қашықтағы Қазақ ССР-інің Гурьев қаласына бағыт алды. Бұл қалаға 4 айда, қар еріген көктемде, аяқ алдырмайтын қара балшықта әрең жеттік. Жолда, Қалмақ АССР-інде қыстың суықтығына байланысты 40 күндей кідіргенімізде мықтап тоналдық, орыны толмас зор шығынға баттық. Жергілікті қалмақтардың ұрылары мен мылтықпен, автомат-пулеметпен қаруланған қарақшы- барымташылары 800 шошқамызды түгелімен, 1100 қой-ешкімізді, 1200 сиырымызды жоқ қылумен бірге және бірнеше колхозшымызды ұрлап кетті. Басқарма председателінің орынбасары мен бухгалтер қамауға алынып, Элистаға жөнелтілді.

   Гурьевке 360 қой-ешкі мен 600-дей украинның асыл тұқымды қызылқоңыр сиырын жеткіздік. Бізді облыс орталығы іргесіндегі Қиыр Шығыстан соғыстың алдында көшірілген кәрістердің «Память Ильча» колхозына қосты. Бұл Память Ильича ауылында қазақтар көп тұрады екен, кәрістермен бірге, азып-тозып жеткен бізді де құшақ жая қарсы алды, соғыс аяқталғанша да, одан кейін де қамқорлаумен болды.

WhatsApp Image 2020-08-11 at 17.16.43

   Тоня апайдың анасы Александра Петровна ә дегеннен облыстың таңдаулы сауыншысы атанады. 1945-жылдың күзінде облыстың «Құрмет тақтасына» шығып қана қоймай, Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. Ал, 1951-жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алады, әлденеше рет Бақсай, Балықшы аудандық советтерінің депутатына сайланады.

   Соғыс кезеңінде анасына көмекші болып, кейін оның жолын қуған Тоня да 1949-жылы 16 жасында сауыншылыққа қабылданады. Екі жылдан кейін облыстық комсомол комитетінің Құрмет грамотасын иеленеді. 20 жасқа дейінгі сауыншылардың республикалық слетына қатысады.

   1958-жылдың көктемінде ауылдас қазақ жігіт Төлеуіш Қожахметовпен тұрмыс құрып, екеуі өмірге 8 бала әкеледі. Төлеуіш ағамыз сегіз қырлы өнерімен Память Ильича ауылының «бірінші жігіті» атанған екен.

   Бұл турасында Антонина Ивановнаның өзі не айтады?

   -Төлеуіш менен бір жас кіші болатын. Мен 7-класты бітіргесін әрі қарай оқымай, анама көмекшілік жасап, ауылда қалып қойдым. Кластасым Төлеуіш - үш колхоз председателінің баласы, техникумға түсіп кетті. Өзі ашық, салқам жігіт. Домбырада, гитарада, баянда, мондолина мен балалайкада керемет ойнайды. 18-ге толған күні маған ғашық екенін паш етті. Мен іштей ұнатсам да: «сен әлі баласың» деп, жақындата қоймадым. Бір жылдан кейін әскерге кетіп, онда 3 жыл болып келді де оқуын жалғастырды. Біз бір-бірімізді шын сүйіп, жанұя құрдық. Қала сыртындағы БРНУ-да электриктер бригадасының бригадирін, мастерлік қызметті атқарды. Еңбек ұжымында да, достарының арасында беделі жоғары, абыройлы болды. Есен Беріш руының бір азаматымен таныса қалса – міндетті түрде оны үйге алып келетін.

   1973-жылдың 7-наурызында Жайық өзеніндегі еріп жатқан мұз үстімен Память Ильича ауылынан Геолог поселкесіне жолдас жігітімен (облысқа танымал Әлия Бекқожиеваның ағасы, Қ.С.) тікелей өтіп бара жатқандарында жылымға түсіп кетіп, содан бақилық болды.

   Осы жерде марқұм Төлеуіш Хайроллаұлының бауырларын тыңдайық.

   Аманкелді Хайроллин, зейнеткер:

   -Төлеуіш ағам қаза болғанда - Тоня жеңгем 7 баламен қалған-ды. Балаларының үлкені Қанымзия (ері Жұмабай Доспанов – ұзақ жылдардан бергі өте жақын жолдасым, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыс-республика түгілі сырт елдерге танымал азамат, Қ.С.)14-те болса, кенжесі Орынбасардың өмірге келгеніне 2 ай толмаған еді. Тоня жеңгемнің туыстары Украинаның Днепропетровск облысында тұратын. Бір жылы олар, бір жылы біздер бір-бірімізге қыдырып баратынбыз. Ағам дүниеден өткесін жеңгемнің туыстары оны балаларымен екі мәрте көшіріп әкетпекші болғанда – Тоня үзілді-кесілді көнбей қойды. «Менің сүйегім қазақтыкі, балаларым да осы жердікі, Украина екінші Отаным болып қала береді, ал мәңгілік Отаным – Қазақстан!» деп отырып алды. Біздің әкеміз Хайролла - ұзақ жылдар еңбек ұжымдарын басқарып, адамдарға тәлім-тәрбие берген психолог қой, келінін байқап-сынап көргісі келгені, әлде оған қатты сенгені шығар: «Айналайын, Тоня, өзің шеш, сенің айтқаның болады, біз саған разымыз» деп, делбені келініне ұсына салған.

   Қалшеке Сұлтанов, жоғары санатты хирург:

   -Өз басым украин қызы Антонина жеңгемнің қазақтың салт-дәстүрін толық меңгергеніне қайран қаламын. Ол Төлеуіш ағам барында-ақ табақтағы етті өзі турайтын, қазанға сүйек салу мен оны кімге беруді, өзге де ұлттық жоралғыларымызды жақсы білетін. Ағайындарды жақындастыру – оның сүйікті ісі болатын. Менің әкем Қажығали да, оның інісі Нұржан көкем де: «Шіркін, қазақтың бар келіні біздің Тоня келініміздей болса» деп жиі айтатын.

   Әкесінен екі айлығында жетім қалған кенже ұл – Орынбасар өте еңбекқор, ол да кейінгілерге қамқоршыл. 17 жасында кәсіптік-техникалық училищені бітірген бойында БРНУ басшыларының: «Алтын қолды Толик Қожахметовтің кенже баласын бірден жұмысқа аламыз, дереу бізге келсін» деулері жайдан-жай емес еді. Орынбасар әке абыройын жоғары ұстаған күйде сол кәсіпорында 25 жыл еңбек етіп келеді, жыл сайын марапатқа ие. Роза келініміз екеуі сексеннен асқан Антонина жеңгемізді мәпелеп бағып отыр. Осыдан екі жыл бұрын өзбек-қарақалпақтарды жалдамастан екі қабатты үйді туған ауылы Берекеде өз қолымен салып, қаладағыша тұрып жатыр.

   Қалзира Хайроллина, дәрігер-терапевт:

   -Менің анам Алма - 90 жасында есін жоймаған күйінде өмірден өтті. Ол үлкен келіні Тоняны өте жақсы көрді. Тоня да оны кереметтей құрмет тұтты. Мен де қазір Береке аталатын Память Ильича ауылында өмірге келгенмін. Тоня жеңгем қаладан сол ауылға балаларыммен оралуымды, жанында болуымды өтіне бергесін, үй салып, қазір сонда тұрып жатырмын. Егер ол сондай ақ-жарқын, қамқоршыл, қазақы қонақжай жан болмаса –Төлеуіш ағам екі күннің бірінде үйіне танитын, танымайтын адамдарды әкеле алмайтын еді...

   Әкеміз Хайролла – Ұлы Отан соғысының майдангері, жасаған ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Жыл сайын 9-мамыр, Жеңіс күні қала шетіндегі зираттағы қабіріне бізбен бірге Тоня жеңгем де өз ауласындағы гүлін жұлып әкеліп тағзым ететін, төсек тартып қалуына байланысты қайынтасына бұл жолы бара алмағанына қатты налыпты... Біз де қадірлі жеңгеміздің бұл рәсімге қатыса алмаған өкінішіне ортақтастық.         

   Аманқос Қожахметов, кәсіпқой музыкант:

   -Менің әкем Мәдениет – Төлеуіш көкеміздің тетелес інісі. Ол көкеміз тек өзінің туған бауырларына ғана қамқоршыл болмаған, руластарының барлығын жақын тартып жүрген. Төлеуіш көкем мен Аманкелді ағам табиғи музыканттар. Олармен бірге туған менің әкем оған жоқ болғасын, ағасы үлкен ұлы мені - соның арнайы оқуына беруді ұсынып, Қожахметовтерден бір кәсіби музыкант шығуын армандайтынын айтқан екен, әкем соны орындап мені Ақтөбенің музыка училищесіне түсірді. Бүгінде ұл-қыздарымның бәрі музыкант, әнші.

   Әкем мен анам Атыраудан 150 шақырым жердегі Кулагинода - қазіргі Есбол қайтыс болғасын, Тоня жеңгем келіншегім – Алматының қызы Гүлмира екеуімізді Память Ильичаға,өзінің қасына көшіп келуге үгіттеумен болды. Болашағымызды ойлайтын ағайыншыл жеңгеміздің сөзін жерге тастамадық.

        

Түйін

 

   Антонина Ивановна АЛЕЙНИКОВА, 1957-жылы «Теңдік» совхозы құрылғанда «Память Ильича» колхозы соған берілгенде, одан кейін Махамбет ауданының «Гурьев» овощ-сүт совхозында 1996-жылға дейін әуелі сауыншы, одан кейін егінші болып еңбек етті. Осыдан 30 жыл бұрын елге кеңінен танымал бұл апаймен арнайы кездесіп, аудандық газетке очерк жариялағанмын. Сонда оның қазақшаны тап-таза сөйлейтініне, көп адам біле бермейтін мақал-мәтелдерді келістіріп қолданатынына, домбырамен қазақтың қоңыр әндерін әдемі орындайтынына тәнті болғанмын, қайран қалып, қызыққанмын. Көпке дейін үлгі етіп көпшілікке айтып жүргенмін.

   А.И.Алейникова - 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің, «Үздік еңбегі үшін», «Тыңды игергені үшін», «Еңбек ардагері», сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40, 50, 60, 65, 70 жылдықтарына арналған мерекелік медальдардың, «Күміс алқаның» иегері.

   Махамбет аудандық советінің 2 мәрте депутаты, 9 жыл облыстық халықтық бақылау комитетінің бюро мүшесі, бірнеше жыл Қазақстан Халық Ассамблеясы аудандық кеңесінің мүшесі болды.

 

         Құттыгерей СМАДИЯР, Қазақстан

Журналистер одағы сыйлығының иегері

         «Мұнайлы астана», «Алтын ғасыр», 2015-жыл

Теги УкраинұлттықазақкелініТайсойғансайтыСайтТайсойгана