СЫРЫМ САРДАРДЫҢ СЕРІКТЕРІ

СЫРЫМ  САРДАРДЫҢ  СЕРІКТЕРІ

 Қазақ елінің орыс отаршылдығына қарсы тұңғыш азаттық күресінің тарихын шолғанда қаперге алар бір маңызды мәселе бар, ол – Сырым баба серіктерінің – ұлы күрестің басқа да белді ұйымдастырушылары мен қаһармандарының бүгінге дейін назардан тыс қалып келуі. Олардың есімдері тіпті кезінде бірегей ғылыми еңбек болған Қазақ Совет Энциклопедиясының он төрт томында да көрсетілмей қалды, ал, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында там-тұмдап ғана жазылыпты. Біздің 1996 жылдан бері республикалық «Атамекен», «Қазақ батырлары» газеттерінде, облыстық «Атырау» және бірнеше аудандық энциклопедияларда,  кейбір кітаптарда жариялаған мақалаларымыздың  жеткіліксіз болатындығы түсінікті. Бұл ретте     туысқан башқұрт халқының ұлттық батыры Салауат Юлайдың жауынгер жолдастары туралы әлденеше кітаптар жазылғандығы үлгі етсек болар  еді. Сондықтан да, бұл мәселеге  айрықша көңіл бөлу қажет-ақ. Болашақта мұны жүзеге асырсақ  ұлттық  тарихымыз бен ардақтыларымызды ұлықтаудың тағы бір тамаша көрінісі болар еді-ау.

ДАТҰЛЫ

            Қозғалыстың басшылығында Сегізбай, Басығара, Қаратау, Тұрмәмбет, Көккөз,  Қаракөбек, Сыпыра, Құлжабай, Тілеу сияқты билер мен Барақ, Асау, Ақпан, Атағозы, Тіленші, Амандық, Қара, Саржала, Шәпи (Сапы), Мыңбай сынды көптеген батырлар, барлығы іріктеп алғанда 70-80-дей  адам болыпты. 1964 жылғы академиялық “ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары” және көрнекті ғалым апамыз Н. Бекмаханова жазған «Көктемір туралы аңыз»  атты бірегей еңбектерден тапқан деректер  бұлардың көбісінің Сырыммен бірге Ресейдегі Е. Пугачев бастаған 1773-1775 жылдардағы көтеріліске де белсене қатысқандығын дәлелдеп отыр. Осылар ардақтыларымыздың азаттық үшін күрестің бір сатысынан өтіп келгендігін  көрсетеді.

Сонымен, бүгін қолдағы бар мұрағаттық, тарихи-ғылыми әдеби-фольклорлық құжаттар мен деректердің негізінде  аталмыш арыстарымыз туралы баяндап көрелік.

             1. Қаратау би Өмірзақұлы.

      Бұл  кісінің ұлы  қозғалыстағы орнын оның есімінің көп ретте Сырым бабамыздан кейін аталатындығынан-ақ көруге  болады. Ақыл-парасатымен және шешімді іс-әрекетімен бүкіл Кіші жүз жұртына беделді болған Қаратау би көтерілісте  Сырымнан кейінгі екінші  көсем ретінде бағаланды. Бұлай  деуіміздің де себебі бар. Біріншіден, оны баршаға ортақ дана тұтқан игі жақсылар руын атамастан, “Қаратау би”, “Қаратау батыр” деп құрметтеген. Тіптен Орынбор  губернаторы Н.Н. Бахметьев  те 1802 жылы оны Бірінші Александр патшаға «батыр» деп жазыпты ((Материалы по истории Казахской ССР». Том IV. М.-Л., 1940,167-бет, бұдан әрі «Материалдар» деп көрсетеміз,194-бет). Көбінесе өз  жауларын «ұры», «қарақшы» деп атақтайтын орыс отаршыларының бұлайша жазуы  да Қаратаудың қаһармандығын мойындағандықты  білдіреді. Екіншіден, ол ресми құжаттарда сұлтандардан кейін билердің ішінен бірінші болып аталыныпты, мысалы, 1786 жылғы 8 қарашада қазақ зиялылары барон О.А. Игельстромға жазған хатта Қаратау бидің есімі сұлтан Қарабайдан кейін және бүкіл билерден бірінші болып жазылады. Осы хатта қойылған үш-ақ мөрдің бірі – осы Қаратау бидің мөрі (“Материалдар”, 76-шы бет). Үшіншіден, патша  үкіметі органдары Қаратау биді ылғи да Сырым батырға көмекшілікке тағайындап  келіпті. Айталық, мұны Шекаралық істер жөніндегі Орынбор экспедициясының 1787 жылғы 23 қазандағы жарлығынан көреміз (Сонда, 97-бет). Ал, профессор М. Вяткин билер мен ағамандардың  қалауы бойынша  үш рулар бірлестігіне  сәйкес бөлінген Кіші жүздің үш бөлігіне  де кеңесші болып  сайланған Сырымға көмекшілікке Көккөз бен Қаратау билердің берілгендігін жазған екен («Батыр Срым». М.-Л., 1947, 207,210-беттер).

Қаратау би Өмірзақұлы  Кіші жүздегі он екі ата Байұлы бірлестігіндегі Ысық руының азаматы, батыры, ағаманы болатын. Ел бастаған серке, сөз бастаған дуалы ауыз шешен Қаратаудың Сырым қозғалысы тұсында Сырымдайын сыйланғанына, Кіші жүз жұртының оның ақыл сөзін өнеге тұтқанына көңіл тоғайтамыз. Көп жағдайларда ол аталмыш қозғалыстың ең қызу ортасында жүрді: халыққа жеккөрінішті болған Нұралы ханды биліктен кетіруде, қазақтарға Жайық өзенінен өтіп, жайылым алуға рұқсат берілуінде, жаңа мемлекеттік құрылымдарды қалыптастыруда, көтерілісшілердің Сырым төңірегіне топтасуында ерекше көзге түсті.

Отаршыл үкімет Нұралыны хандықтан 1786 жылы түсірген соң 1792 жылға дейін Кіші жүзде үш рулар бірлестігі бойынша үш Бас ордаға  бөлінді, оларды жеті бас ағаман (старшын) басқаратын болды. Әлімұлында – үш, Байұлында – екі, Жетіруда – екі бас ағаман белгіленді. Байұлы Бас ордасына  барон О.А. Игельстром 1787 жылдың 9-шы қарашасында Сырым батыр Датұлы мен Қаратау би Өмірзақұлын бекітті (сонда, 106-шы бет).

 Көтерілістің алғашқы  кезеңдерінде Қаратау би Сырым көсемді жан-жақты  қолдап  отырды. Олар Нұралы ханды тақтан түсірткенде де, жаңа мемлекеттік құрылымдарды  түзгенде де, отаршылардың  алдына өзекті мәселелерді қойғанда да, оларға қарсы үгіттік және  қарулы күрестерді жүргізгенде де бірге болды. Қазақ ағамандарының патша әйелге және оның  министріне  Әбілқайыр  ханның  ұрпақтарын таққа отырғызбауды, ханның  және  казак-орыстардың қазақ ауылдарына жасап отырған зорлық-зомбылық-тарын  тоқтатуды  талап еткен хаттары осы екі арыстың  бастамасымен   және үгітімен  болғандығы күмән туғызбайды. Ол  хаттар 1785 жылдың шілде және қазан  айларының соңында  және 1802 жылдың 20  желтоқсаны  шамасында қағазға түскен екен.

Қаратау бабаның  көтеріліс  көсемімен дос-жар, мүдделес болғандығын ғалым М. Вяткин де көрсетеді  әлденеше рет. Ол  Шекаралық  соттың құрамына «Сықлар (дұрысы – Ысықтар – А.Ә.) руының  старшинасы Қаратау-дың» кірмегендігін жаза келіп, «ол Сырымға қосылған күшті старшиналардың бірі» дейді (М. Вяткин. «Сырым батыр». Алматы, 1951 ж., 243-бет).

Қаратау би қашан да халық мүддесіне бола қимыл өрістетті, көтерілістің тағдыры шешілердей қиын жағдайларда  табандылық көрсете білді. Сондай бір сәтте, яғни Сырым батырды Нұралы ханның балалары 1786 жылы ұстап алып, бұғаулап қойған кезде көтеріліс көсемін құтқарып алуға ерекше еңбек сіңірді. Оның бастамасымен сол жылы 14-ші тамызда барон О.А. Игельстромға жазылған  хатта батырды босатуға көмектесу сұралады.

            Сырым  мен Қаратау  би 1790 жылға  дейін патша  үкіметімен негізінен дипломатиялық  қатынас жүргізіп келді, зәбір  көрген халықты арыз-шағым-дар беру жолымен  қорғап отырды. Мысалы,  ол  екеуі Дөнен батырмен  қосылып, 1790 жылғы ақпанның 4-ші күні шамасында Кавказ наместник-тігінің  билеушісі С.А. Бренчаниновқа хат  жазып, шекаралық  команданың  қазақтардың  малын  тартып алған жауыздықтарын бетке басты: «...егер  орыстар даламыздан 30  қой мен бір  сиырды ұрлап әкетіп отырса, біздің ортамызда  қандай тыныштықтың  болуы  мүмкін... Ал, сонымен бірге, биылғы  жылы біздің  100  қойымыз  ұрланды, бірақ  кім екені  белгісіз, осыларды, сондай-ақ, өткен  жылғыларды  қайтаруыңызды  сұраймыз...» («Материалдар», 130-бет).

Уақиғалардың  одан  әрі дамуы  ұлттық  намыстың мүддесі  батырларды отаршылармен  қарулы қақтығысқа баруға  жетеледі – патша  үкіметінің қазақ жеріндегі  саяси  тәуелсіздікті тұншықтырғысы келетіні  белгілі  болды: қазаққа  біршама  жақын  болған  барон О.А. Игельстром 1790  жылы  губернаторлық  қызметтен  кеткеннен кейін ескі  отаршылдық  тәртіп қайтадан  орнады,  шапқыншылық  ұлғайды, Жайықтан  көшуге  тыйым  салынды.  Өкімет  орындары қайтадан сұлтандарға бет бұрды, келесі  1791 жылы Ералы  хан  болып  тағайындалды. Сөйтіп, жеті  жылғы күрестің  жеңістері  жоққа  шығарылды.

1790 ж. ақпанның бас шенінде Орал қалашығынан қашқан Асан молда мен Шекті Қаражігіт ағаман Қаратау би көшіп-қонып жүрген Көкүйрек өзеніне келеді, «...сол  жерге  Сырым батыр да келді, - деп хабарлапты Ә. Оразбаев деген молда губернатор С. Бренчаниновқа жолдаған хатында, - онда  барлығы 15 күн бірге болыпты. Аталған молдалар  оларды ресейліктер-мен татулықты тоқтатуға және оларға қарсы шығуға үгіттеумен болды... Мұндай хабарларды  естіген Сырым батыр мен Қаратау батыр ”қашан Ресеймен тыныш жағдайда тұру біздің заңымызға зиянды болатын болса, сол уақытта біз Ресейге қарсы шығуға келісім береміз” деп жариялады және құранды ұстап тұрып, ант берісті...” («Материалдар», 129-бет).

            Аталмыш  молданың  хатында Қаратаудың  тағы бір  намысшыл әрекетін  мағлұмдайтын дерек  бар.  Отаршылардың  Андреевская деген  қа-малынан мал  жоғалады. «...Андреевская қамалында болған оқиға, - делінеді одан  әрі молданың хатында,  - ресейлік  малдың жоғалуына байланысты. Орал жерінен  сол жоғалған малды Қаратау биден өндіру үшін командасымен старшина Дмитрий Мезинов жіберіледі, ол  малды Қаратау би ұстап  отырған болатын, және бізде оның, Қаратау бидің інісі Елдібай да ұстауда  отырған  еді,  сол үшін де Қаратау би өте  ренішті. Сондықтан да, Сырым батыр, Бөдене би, Дөнен  батыр, барлығы  ерекше  ызалы  жүр және жоғары мәртебелі генерал-поручик  мырзаға,...Игельстромға хат  жазып, егер  ол  Қаратау  бидің інісін  босатып жіберсе және жағдай  жасаса, онда  жақсы болатындығын, ал, егер босатпайтын болса, онда олардың разы болмай-тындығын  және жағымсыз  әрекетке  баратындықтарын  жариялады...» (Сонда, 128-129-шы беттер). Мұны профессор М. Вяткинше  тұжырымдасақ, бұл әрекеттер “Сырым мен Қаратау бидің орыстармен соқтығысуының алғашқы қадамдары” («Сырым  батыр», 23-ші бет) еді.

            Қозғалыс тарихының  келесі кезеңінде  де  бұлардың  мүдделестіктері  айқын  көрініп отырды. 1791 жылы жаңа губернатор А.А. Пеутлинг  Сырымды  жақтайтындардың  қатарында  «Байұлы  әулетінен  Қаратауды  да» атайды (М.П. Вяткин, 304-бет).

            Қаратау Өмірзақұлы ержүрек батыр да болыпты. Ол отаршылдарға қарсы қаймықпастан қару көтерген  де  екен. Жетірудың бас ағаманының бірі Табын Тіленші батыр Бөкенбайұлы 1793 жылғы қазанның 10-ы күні Шерғазы (Серғазы) сұлтанға жазған хатында  осы Қаратау батыр бастаған қазақтардың шөп шауып жатқан  бірнеше Орал әскерін  ұстап әкеткенін жазады. Оны іздеуге  әскердің  атаманы, полковник Д. Донсковтың  өзі шығады...» дейді («Материалдар», 150-бет).   Атаман  Дмитрий деген жауыз  сол маңдағы қазақтардың 600 бас жылқысын, 90 бас өгізін тартып әкетеді. Мұны қайтаруды талап еткен билерді қорлап, балағаттайды және жағасын жыртады, он бес адамды өлтіреді. Мұндай қорлыққа төзбеген  Қаратау бастаған ағамандар Орал казак әскерін барымталайды. Жасанған жаудан, күркіреген зеңбіректен  сескенбеген Қаратаудың бұл ісі нағыз ерлік болатын.

            Халық  аузындағы  деректер  Қаратау  бидің  бұдан  кейін  Сырыммен  ірге  ажыратпағандығын  әңгімелейді. Ол өле-өлгенше  азаттық  ісіне адал  болып өтті.

Енді бірер сөз аруақты бидің бүгінгі лайықты ұрпақтары туралы  болсын. Қаратау бидің  жетінші ұрпағы Нұрлан Балғымбаев 1997 жылдан бастап біздің Республиканың Премьер-Министрі болып еді.

          Мұның баршасы Қаратау бидің ұрпақтарының да өз бабалары сияқты Отаны үшін аянбай, адал ниетпен тер төгіп жүргендеріне куә бола алады.

2. Сегізбай би Құлбекұлы. Сырым дәуірі тұсындағы тарихтың күрт бұрылысты бұралаң шақтарында  халықтың сенім артқан  ақсақалдарының бірі – Сегізбай би еді. Көпті көрген ақсақал қалың жұртпен бірге  мейманасы тасып, өз халқын отаршыларға қойша жығып берген Нұралы ханды алтын тақтан аластауды қатты талап етті.  Ол атақты “55-тің” талапхатына Шекті  руының атынан Құдаш, Бәйіш,  Нұрбай, Сартай және Жансары  билермен бірге қол қойған-ды. Бұдан кейін көп ұзамай – 1785 жылдың күзінде өткен ру ағамандарының жиналысының шешіміне орай хандық биліктің орнына құрылған мемлекеттік жаңа құрылым – Кіші жүзді басқаратын Басты ордалардың жұмысына араласты. Бұл үш Басты ордалардың әрбірін жиналыс сайлаған рубасы басқаруға тиіс еді. “Басты ордалардың әрқайсысында, - деп жазды профессор М.П. Вяткин, - старшиналар (ағамандар – А.Ә.) және халық жиналысы “халық ішінде қуатты, жасы үлкен, беделді үш старшинаны сайлайды. Қаракесек руында старшина болып Сегізбай би, Байұлы руында Тармамбет би (дұрысы – Тұрмәмбет – А.Ә.), Жетіруда Тіленші батыр сайланады. Оларға жиылыс “Бұл руларға бас-көз  болыңдар” деп тапсырады. Сырым батыр бұл жиылыста басты орын алады...” (М.П. Вяткин. Сырым батыр. А.,1951, 215-ші бет).

            Ел сеніміне ие болған данагөй қарт Сегізбай би қазақ жұртының тарих көшінен қалмауы үшін бар қадарынша еңбек етті. Елдің бірлігі  үшін бір кездерде бір топ ел жақсыларымен бірге Ералы сұлтанмен де төте қатынас жасап тұрды. Халықтың тыныштығы үшін үлкен уайым жеді. Патша өкіметі орындарынан өздеріне жіберілген Қ. Әбдісәлімов деген молдаға 1792 жыл-дың шілдесінде  Сырым, Мұратбек билермен  бірге “...біздің Ордамызда әртүрлі алауыздық  істер толып жатыр, бұлар ілгеріде тағы көбейе бермек” (М. Вяткин. Сырым батыр, 302-ші бет) деуі сондықтан-ды.

Олардың бұған қоса “біз өзіміз бұл жақтағыларға қарсы зұлымдық әрекет жасай алмаймыз, бірақ  өзімізге бағынатын ұшқары ойлы халықты осындағы сотқарлықтан  тоқтатамыз деп те айта алмаймыз” (Сонда, 303-ші бет) деп жариялауы көтерілісшілерге шын іштартқандық  болатын. Отаршылдыққа қарсы өршіген халықтың ашу-толқынын тоқтату мүмкін бе еді?!   Сырым-Сегізбайлардың  бұл  мәлімдемесінде  қозғалыстың шығу себебі де нақтылы  көрсетіліп беріледі. Олар былай дейді: “...егер де біздің Ордамыздағы сотқарлар мен зұлымдар өз беттерімен қоғамдар арасында зиян келтірсе, бұған патша әкімшілігі кінәлі, өйткені, старшиналардың жаңадан хан сайлау жөніндегі  талабын  тыңдаудан ол мүлде бас тартқан” (Сонда).

1791 ж.Ералы хандық таққа  отырғызылғанда Шекті руына (оның бас ағаманы Сегізбайға) арқа сүйеген Сырым және оның  жолдастары А.А. Пеутлингтің бұл әрекетіне наразылық ретінде 1792 жылы Есенәлі (Есентай) сұлтанды өздеріне хан етіп сайлап алады. Мұнысы көтерілісшілердің ең батыл тобының  патша әкімшілігінің халық еркін мазақ қылған қылығына орайластырылған  нақты жауабы мен тойтарысы еді. Бұл – шын мәнінде  үлкен ерлік болатын.  Есенәлі ұзақ бола алмаса да, көтерілісшілердің бұл әрекеті халық бұқарасын жаңа қозғалысқа түсіріп, азатшыл рухы бар істі жандандырды.Сонымен бірге, бұрын шамамен 1788-1790 жылдары, аз уақыт болса да Сырымнан іргесін ажыратып алған Сегізбай сияқты билерді қайтадан оның төңірегіне топтастырды.  Халықты А.А. Пеутлинг әкімшілігінің Ералының хан  болуына  наразы ақсақалдардың депутациясын Петербургқа, патшаға шағынуға жібермей қалуы да қатты ашындырып жіберген-ді. Осындай халықтық өрлеу жағдайында 1792 жылы қыркүйекте  губернаторға Сырымнан хат келеді. Хатқа онымен бірге қол қойған Сегізбай би, Толыбай батыр, Басығара, Сарыалтай билер, көптеген  ағамандар былайша ашық мәлімдеді: “Сіздің  алдауыңыз және түрлі қулық-сұмдықтарыңыз ашық көрініп тұр. Сіз бізді ноғайлар мен башқұрттардай етіп ауыздықтап, қызметке салып қойғыңыз келеді, ал біздің балаларымызды солдатқа алып, жорыққа аттандырып және басқа түрлі ауыр міндеттерді жүктегіңіз келеді. Біз сіздің осы сияқты барлық пікірлеріңізді түсіндік, өйткені, сіздер осының алдында қаншама елді күміс, тағы басқа зат беріп, өздеріңізге құл етіп қойдыңыздар” (Сонда, 324-ші бет). Көрсетілген  хат көтерілісшілердің Ресеймен бейбіт қатынасын  ашық түрде  үзгендерін көрсетеді. Сөйтіп, Сырым батыр бұқараны ашық  қарулы күреске шақырады. Қобалжыған  көп ағаманның ішінен топ жарып шығып, батырды батыл қолдағанның бірі – Шекті Сегізбай  ақсақал болды. Осы бір қысталаң кезеңде  Сырымды “байбақтылардың, шектілердің, алшындардың, масқарлардың, байұлылардың  қолдауында” (Сонда, 326-шы бет) оның да үлкен үлесі бар болатын.

Мұның бәрі Сегізбай би Құлбекұлының да аталмыш қозғалыс тарихында елеулі орын алатындығына дәлел бола алады.

3. Тіленші батыр Бөкенбайұлы.

Ұлы халық қозғалысының  көрнекті көсемдерінің қатарында  Тіленші тарханның да есімі құрметпен аталады. Атақты Табын Бөкенбай  батырдың  ұрпағы еді ол. Тіленші қозғалыстың алғашқы кезеңінде Сырымды толық қолдап, жаңаша шараларға  білегін сыбана кірісті. 1785 жылғы көктемде 1500 жігіттен тұратын  жасағымен барып, Сырымға қосылды, казак-орыстардың екі хуторын талқандауға атсалысты.  Мұны көтерілісшілердің қас жауы бол-ған Нұралы хан князь Г. Потемкинге осы жылғы 15-ші қарашада жолдаған хабарламасында баяндайды. “Сол Сырым, - дейді хан, - сыбайластарымен бірге өткен күзде Оралдан жоғары жерге жиналып алып, хуторды тонады, еркектер мен әйелдерді тұтқынға алып кетті... Одан кейін іле-шала наурыз айында ол жауыздар – Сырым мен Тіленші, Барақ жүзге жуық сыбайластарын жиып алып, Антонов форпосына  шабуыл жасады. Адамдарды тұтқындай алмаған соң малдарын айдап әкетті...(“ХҮІІІ-ХІХ  ғ.ғ. қазақ-орыс қатынастары...”,110-111-ші беттер).

Бұл Нұралы ханның атақты “55-тің талапхатынан” соң өз басын сауғалап, патша сарайындағы беделді әкімге жазған хаты болатын. “...Жақын күндері мен мынаған көзімді анық жеткіздім, - деп жазды хан,  - ол зұлымдар – Сырым мен Тіленші, өздері қырда қала отырып, әлгі айтылған тұтқындағы майор мен атаманды бірнеше  ағамандармен бірге Орынборға аттандырыпты, ал олармен бірге ұсталған басқа адамдарды қиырға, сонау Хиуа мен Бұхараға асырып жібереді және генерал-губернаторды былай деп сендіреді: бұлардан басқа  бізде енді ресейліктер жоқ, ал бұрын болғандарды жіберіп отырмыз; неліктен генерал-губернатордың олардың жіберген  ағамандарын қоше-меттеп қарсы алғандарын, оларға сый-сияпат бергендерін және өздерінде тұт-қында отырғандарын босатқандығын, сондай-ақ, сол ағамандардың  әрбіріне ашық хат  беріп, олардың өз игіліктерін ханнан тәуелсіз басқара алатындығын жариялағанын... түсіне алмадым...” (Сонда, 113-ші бет).

Азаттық үшін күресте осылайша  көзге түскен Тіленші батырды жұртшылық  құрметке бөлеп, 1787 жылы Жетіру әулеті бойынша болған  екі бас ағаманның бірі (екіншісі – Тама Жанболат батыр Қараманұлы еді) етіп сайлады (Сонда, 100-ші бет). М. Вяткиннің куәлік етуіне қарағанда, Тіленші батырға “жәрдемші ретінде сол Табын руынан Жәнібек батыр мен Құдайберген” белгіленеді. Ал шекаралық сотқа  басқалармен бірге Тіленші батырдың туысқаны  Шекбаев Арғын би сайланады (Сонда, 243-ші бет).

Халықтың осындай сеніміне ие болған соң Тіленші жаңа құрылымдар-дың  талабына сәйкес әуелгіде патшаға адал қызметтің үлгісін көрсетті. Мысалы, ол 1789 жылы, барон О.А. Игельстромның  өзі куәлік еткендей, отаршылар құрған шепке жиі-жиі шабуылдар жасап тұрған Жиеншора батырды тәртіпке шақыруға тырысып, оған бұл әрекетін тоқтатпаса жаза қолданатындығын ескертті (Сонда, 118-ші бет).

Мұндай “жақсылық” жасаған Тіленшіні орыс өкіметі көзге де ілмеді. Сол 1793 жылы Сахарная қамалының  есаулы Тіленшінің жоғалған жылқыларын іздеп жүрген Едіге деген баласын  еш негізсіз тұтқындап әкетеді. Оқудан қайтып келе жатқан  екінші бір баласын  жолда атаман Донсков ұстап алып, үш ай бойы босатпайды. Қатты науқастанып келген баласы, ақыры, қансырап өледі, оны жұрт отаршылар улаған деп жорамалдайды.

Бұл жауыздық әрекеттер Тіленшіні күрт бұрылысты қадам жасауға еріксіз итермелейді. Оны біз батырдың Шерғазы сұлтанға 1793 жылы жазған хатынан көреміз. Онда былай делінген: “...өзімнің антымды (орыс әкімшілігіне берген – А.Ә.) бұзайын деген “арам ой” жоқ менде, бірақ “өз басым мен өзіме қараған халқым жазықсыз  жәбір-жапа  көріп, ешқандай әділеттік таба алмаған  соң енді Жайық өзенінің бойын қоныстап жүре беруіме мүмкіншілік қалмады”.  

“Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” дегендей, халықтың  адал арманы көкейін тескен Тіленші батыр Бөкенбайұлы  қайтадан Сырым тобына қосылады. Кейіннен, 1821-1823 жылдары оның ісін ұлы Жоламан жалғап, ұлттың азаттығы жолындағы тағы бір күрестің туын көтереді. Мұны олардың  бойындағы еркіндікке ұмтылған азатшыл жан  дүниесі мен рухы мүмкін еткен болатын.

4. Жанболат батыр

            Тама Жанболат батыр да қазақтың ұлттық-азаттық күресі тұсында ерекше  тұлғаланып көрінді. Оны Нұралы хан өзінің патша әкімдеріне шағынып жазған хаттарында «Сырым-Тіленшілермен сыбайлас» деп көрсетіп, оны жазалауды сұрайды («XVIIІ-XIX ғ.ғ. қазақ-орыс қатынастары», 113-бет).

            Жанболат сенімді серігі Жиеншора батырмен, Тасболатпен бірге 1785 жылы 800 адамдық  жауынгерлік жасақ құрады да, Сырымға барып қосылады, отаршыларға қарсы қарулы күрес жүргізеді. Ол да 1787 жылы Тіленші батырмен бірге Жетіру әулетінің бас ағаманының бірі болып сайланады.    

5. Тұрмамбет би Пұсырманұлы.  

     Тұрмамбет би он екі ата Байұлы бірлестігіндегі Шеркеш руының  ақсақалы болатын. Ол да бірден Сырымды қолдады. “Тар жол, тайғақ кешу” заманы кімді құбылтпаған?! Профессор М. Вяткиннің куәлік етуіне қарағанда, “советник Нұрмұхаммед қожа Сырымға дұшпан басқа старшиналардың арасынан мына билерді де атайды: ...Байұлы  әулетінен Сопыра би мен Тұрмамбет биді...” (М. Вяткин. Сырым батыр, 299-шы бет). Бұл 1791 жылы болған-ды.

Алайда, Сырым батыр бұған шыдады, ол өз уақытын күтті. Ақыры, М. Вяткиннің тұжырымдағанындай, 1792 жылы  “Сырымның тактикасы өзінің күткен жемісін береді. Мысалы, Ералыға қарсы күресу платформасында ол рудың атақты адамдарының  кең тобын бірлестіре алады және ханды әжептәуір жалғыз тастауға жетіседі” (Сонда, 321-ші бет).

Халықтық қозғалыстың бұл тұсында  Сырым бабамыздың ықпалымен  рубасылар мен билер елдегі басқару ісіне тағы да парасатпен көз жібере бастайды.  Ел жақсыларының 1792 жылғы мамыр айында  Қобда жне Елек өзендерінің арасында өткен жиылысында  Ералы мен Есім сұлтандардың  хан болуларына қарсылық білдіріліп, “Орын ханша (Нұралы ханның әйелі – А.Ә.) балаларының  бірі, әсіресе, атап айтқанда, Янтр (Жалтыр – А.Ә.) сұлтан хан болса екен” деген хат  генерал-губернаторға жіберіледі. Оған қол қойғандар-дың ішінде “Серкеш руынан Тұрмамбет би” де бар-тұғын. “Сөйтіп, -  деп жазыпты М. Вяткин, - бұл жиылысқа кейінгі жылдарда Сырымға ашық жау болып шыққан старшиналар қатынасқан. Мұндай старшиналар : Бөдене би, Тормамбет би, Сегізбай би және басқалары” (Сонда).

Осылайша, Тұрмәмбет би Сырым сардармен қайта табысқан болатын.

Енді аталмыш бидің ата-тегі мен ұрпақтары туралы бірер сөз болсын. Бір тамашасы сол – Тұрмәмбеттің  кейінгі ұрпақтары  да қазақ тарихында елеулі іздерін, өзіндік қолтаңбаларын қалдырыпты. Оның ұлы Бекмәмбет (Бекмембет, Бекмұхаммед) те Шеркеш руының ағаманы болыпты. Ал оның атақты немересінің аты-жөнін барлық  әдебиетте  Бекмұхамбетов Мақаш (Мұхамбетжан) Шолтырұлы (1830-1906) деп жазып келеді. Оның - қазақтың біртуар ұлы, белгілі ел билеушісі, атақты биі әрі ағартушысы Мақаша правитель ретінде танылғаны қазірде баршаға мәлім. Мақаштың кенже ұлы Шафхат Бекмұхамбетов Қазақ АКСР-ының тұңғыш прокуроры болған екен.

Мұның барлығы бізге “асылдан асыл туады” деп тұжырым жасауға толық негіз береді.

6. Құлжабай би Бекқұлыұлы. Сырым бабаның сенімді серіктерінің бірі болған Құлжабай би Бекқұлұлы Кіші жүздегі он екі ата Байұлының Таз деген  руының Келдібай атасының ұрпағы болатын. Ардақты азаматтың есімі бүгінде тұтас бір арысқа – Құлжабай арысына негіз болып отыр.Ол да тегін емес-ті. Парасатты басшы, ақылман аға, көреген көсем ретінде өз елін талай рет тағдыр соққысынан аман алып шықты, үнемі ел қамын жеп, оларды ұлттық азаттық көтеріліске көтерді. Бүкіл Таз руының бетке ұстар  азаматы, сол кездегі білікті биі ретінде мемлекеттік маңызды істерге үлкен жігермен араласты.

            Тарихи құжаттарды бағамдасақ, Құлжабай би өзінің тұрғыластары Тұрмамбет, Көккөз, Сегізбай билер сияқты пәтуалы сөзімен, берік билігімен қозғалыстың бүкіл барысына өзіндік ықпал еткен ардақты ақсақалдардың бірі болғандығына көңіл тоғайтамыз. Әзірге қолдағы деректеріміз шағын ғана. Дейтұрғанмен, солардан-ақ елдің азаттығы үшін  көппен бірге ұлы істерге араласқан абзал азаматтың тұлғасы ерекше көрінеді.

            “Материалдар” кітабындағы бір дерек көтеріліске шыққан қазақ халқының Нұралы ханға деген ашу-ызасының кемерден асып төгілгендігін дәлелдейді. Алдында 10 жыл бұрын Ресейде болып өткен Е. Пугачев бастаған көтерілісте де азатшыл рухтағы қазақтарды алдап соққан хан Кіші жүз шаруаларының Сырым Датұлының бастауымен орыс отаршылдарына қарсы жүргізген көтерілісінде де халық мүддесін сатып кетті, патша әкімдерінен әскер сұрап, көтерілісшілерді жазалауын тіледі.

            1785 жылы шілдеде жиналып, бас қосқан қазақтың игі жақсылары Нұралы ханның екіжүзділігін  айтып, сол  кездегі Ресейдің патша әйелі ІІ Екатеринаға хат жазды. “Біз, қырғыз-қазақ жұртының Кіші жүздегі қарапайым халқы, - деп баяндалды онда, - ресейлік жұртқа шапқын-шылық жасап отырған хан мен басшылардан басқа, оның ресейлік жұртқа деген қара ниетіне орай Нұралы ханға қатты ашуланған  және шапқыншылық жасамайтын күллі адамдар – барлығы бірдей жағдайда және бірауыздылық ынтымаққа тең жағдайда бірауыздан мынаны уәде етеміз: егер хандықтан Әбілқайыр ханның балалары тайдырылатын және Нұралы ханның барлық хаттары қаперге алынбайтын болса, онда ұлы мәртебелі падишахтың әмірі мен жарлықтарына қарсы болмаймыз және оларды тәрк етпейміз. Осындай жағдайда ғана біз, Кіші жүздің барлық ақсақалдары мен бүкіл халқы, бағынуға уәде береміз және солай болса ғана ұлы мәртебелі патшайым жұртының ұлылығын танимыз және оның еркін орындайтын боламыз, ал падишахты, оның мәртебесін қамқоршылық пен мейірбандық деп танимыз. Осы уақытқа дейін бізде сіздермен арада болып өткен алма-кезек атыстардың және шапқыншы-лықтардың Нұралы ханның бүлдіргіштік әрекетінің кесірінен, оның атаққұмарлығы мен ашкөздігінен туғандығын  мойындаймыз. Ол қырғыз-қазақ жұртына қылғаны сияқты Ресей жұртына да шексіз және сансыз оңбағандықты жасады. Ұлы мәртебелі падишах оның осындай сатқындықтары туралы біле ме екен? Осындай опасызды хандыққа және билеушілікке көтеру қайдан үйлесімді болмақшы...” (“Материалдар”, 53-бет).

            Хатқа Кіші жүздегі 25 рудың 21-інің өкілдері қол қойды, олардың жалпы саны 55 болатын. Осы 55-тің бірі болып, Таздар руының атынан қол қойған Құлжабай би жеке-дара тұрды. Батырлар мен билердіңқойған қолдарын растап, хат соңына Сырым батыр өзінің мөрін соғады.

            Халықтың өршіл талабы патша өкіметін хатты сескендірді де, ол 1786 жылы Нұралыны хандықтан тайдыруға мәжбүр болады, оны Үпіге (Уфаға) жер аударады. Хан сонда жүріп, 1790 жылы қайтыс болады.

            Құлжабай бидің көтерілісшілер арасында беделді болғандығын тағы да мыналардан көреміз: ол 1785 жылдан кейін  де көпшілік болып қабылдаған шешімдерге ризашылығын бүкіл ру атынан беріп отырды: 1792 жылы да, 1794 жылы да осылай болды.

            Би көбінесе Сырым батырды қолдап жүрді. Бұл әсіресе, Ералының хандық таққа отыруына қазақтың игі жақсылары қарсы болған тұсында айқын аңғарылды.

            Ресейдің патша өкіметі демократиялық сипатта болған 1789 жылғы Ұлы француз буржуазиялық революциясының ықпалынан қорқып, Кіші жүзде хан өкіметін қайта орнатуға ұмтылды. Самсаған әскердің және қоқан-лоқының күшімен Ералы Әбілқайырұлы 1791 жылы хан болып “сайланған-ды”. Сырым бастаған азғантай топ оған бірден-ақ қарсы болды. Зеңбіректен қорыққан көпшілік ағаман келісімін алғашқыда берсе де, кейін Сырым бастаған көтерілісшілердің ықпалымен Ералыға қарсы шыға бастады. Олар 1972 жылдың 10-маусымында Орынбор шекаралық істер экспедициясына жолдаған хаттарында халық қалауын былайша жария етті: “...Егер патша ағзам Әбілқайыр әулетінен біреуді хан етіп сайлағысы келсе, біз оған қарсы болмас  едік, бірақ біз, қырғыз-қайсақ (қазақ – А.Ә.) жұрты, Ералының  хан болғанына қарсымыз, себебі, ол жасының едәуірге келгеніне байланысты бұл орынға лайық емес. Сондықтан, Ералы жүз ішіндегі  айтыс-тартысты, тағы да басқа толып жатқан істерді шешуге шамасы келмейді. Осы себептерден оған халық риза емес...” (“Казахско-русские отношения в ХҮІІІ-ХІХ в.в.(1771-1867 г.г.). Сб. документов и материалов. А.-А.,  1964, 135-137-беттер).

            Хатқа қол қойған 14 ағаман өздерінің қалаған басқа бір адамын халықтың сайлап қоюына рұқсат берілуін талап етті. Кейіннен олар сұлтан Есентайды өздеріне хан сайлап алады. Аталмыш хатқа Шекті Сегізбай, Ысық Сұлтанбек, Шеркеш Тұрмамбет, Беріш Бөдене билермен қатар Құлжабай би де өз мөрін соқты. 14 ағаманның бұл ісі Сырым тобының азайып қалғанына қарамастан батыл әрекеттерден бас тартпаған өжеттігін, табандылығын әйгілейді.

            “14-тің” тобының мұндай ісі нәтижесіз кеткен жоқ, көпшілік бірте-бірте олардың жағына шыға берді. Сөйтіп, патшаға тағы да хат жазылып,  Ералыны өзгерту талабы қойылғанда, яғни 4-қаңтар 1794 жылы олардың қатары 200-ге жуықтады. Қартайған Ералы хан көп ұзамай, жазда қайтыс болады.       

Аталмыш деректер бидің ел өміріндегі аса маңызды оқиғаларға белсене араласып, өзіндік үлес қосқандығына, жұртшылықтың лайықты құрметіне бөленіп келгендігіне тура меңзейді.

            Құлжабай бидің ұрпақтары да  оның өзі сияқты отаншыл азаматтар, білікті билер болып өсті. Оның 3-ұрпағы Дәден би елдің ерекше құрметін көрді, 4- ұрпағы Бектұрлиев Байшығанның жерлесі Байжан Атағожиевпен бірге Атырау облысының Жылыой ауданы жерінде 1944 жылы неміс фашистерінің диверсант-десанттарына қарсы күресте жасаған ерлігі Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына арналған мерекелік баяндамасында аталып өтті. 6-ұрпағы Есенгелді Нұршайұлы Нұршаев (1942-2005) кезінде Жылой , Қызылқоға аудандарында  аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудан әкімі,  Атырау облысы әкімінің орынбасары ретінде Отанына адал қызмет жасады. Атыраудың Жылыой ауданы мен Ақтөбе облысының  Ойыл ауданында  Құлжабай ұрпақтары көптеп саналады.

            Сырым бабаның ұлы күрестегі бір серігі Құлжабай би Бекқұлыұлы, міне, осындай азамат, билікті би, білікті ел басшысы болған адам еді.

            7.. Мыңбай  батыр. Көтерілістің аса белсенді күрескерлерінің бірі- Сырымның сенімді досы Есентемір Мыңбай батыр. Ол туралы халық ақындарының мадақ жырлары көптеп табылуда. Таздың атақты шайыры Бала Ораз Өтебайұлы (1837-1882) өзінің Жетірудың Жүйрік ақыны Жібек қызбен айтысында былай дегенді:

    «...Есентемірдің ішінде,

        Атақты батыр Мыңбайы,

                                                            Сырыммен қосылып,

 Орынбордың аузында,

       Ханға тыныш бермеген.»

(Айтыс» 2-том  А., 1998.162-163 беттер).

             Тарихи құжаттардан көріп, зерделегеніміз - Мыңбай батыр көтерілістің соңғы жылдарында, дәлірек айтсақ, 90-шы жылдары ғана көрінеді және аса белсенділігімен, таймас табандылығымен ерекшеленеді. Жауға сескенбей шапқан жалаңтөс  батыр қашанда шулы, айтулы оқиғалардың ортасынан тұлғаланып көрінеді.

             1791 жылдың маусым айының бас шенінде белгілі би, Байұлы расправасының заседателі Алаша Сыпыра Қарабатырұлы патша әкімшілігіне төмендегіні хабарлапты: «Кете руынан Наурызғали, Табын руынан Елекбай, Бармақ, Беріш руынан Момынбай, Сары, Есентемір руынан Мыңбай дегендер, барлығы 500, немесе 600 адам болып алып, Сырым батырмен келісіп, зұлымдық әрекет жасау үшін Шыңғырлау дейтін өзеннің құйылысына, атап айтқанда, Орла форпостарына, немесе Елек защитасына бармақшы» (М. Вяткин. Сырым батыр. А., 1951, 305-306 беттер.)

         Көтерілісшілердің мұндай пиғылы туралы Шекара істері экспедициясына Таймас Сейітов деген молда да жазған екен: көтеріліс көсемі Сырымның ұйғарымына орай Беріш Амандық батырдың басшылығымен Адай, Есентемір, Беріш руларының жігіттері шепке шабуылға жиналады. Осы баяндалған әрекеттердің бәрінде де Сырымның үлкен беделін  айна-қатесіз түсінген Байұлы расправасы бастықтарына былай деп жеткізуге асықты: «...осылардың ордасына жаманат хабар жайылып кетті, Эмба (Жем-А.Ә.) бойында халық жиналып жатыр деген хабар естіледі...»(Сонда.) Міне, осында көрсетілген ержүректерге ерлігімен үлгі берушінің бірі Мыңбай батыр болатын.

         Қазақ батырларының ұйымдастыруымен болған бұл шепке шабуыл отаршылдарды қатты ызаландырып, зұлымдық істерге түрткіледі. 1972 жылдың күзі мен жазына қарай олардың  шауып-талаған ауылдардың ішінде Мыңбайдың да ауылы бар еді. Осындағы шабуыл кезінде патша есерлері Мыңбайды тұтқынға алады. Отаршыларға жалбаңдаған жағымпаз сұлтандар да көтерілісшілерді жазалауға белсене қатынасады. Деректер Есім сұлтанның ағаман «Мыңбайдың 50 адамын ұстап алып, 50 жылқысын айдап кеткендігін» де көрсетеді. (Сонда, 327-328 беттер.)   

     Бұл оқиға қазақ қауымын бей-жәй қалдырған жоқ. Казак-орыстар мен сұлтандар әулетінің осы шапқыншылығы туралы жаза келіп, қазақтың игі жақсылары 1793 жылы күзде өткен өз жиналысында тұтқындағы Мыңбай батырды босатуға өтініш қылады. Мұнда Сырым батырдың үлкен ықпалы болғанығын көреміз, себебі ғалым М. Вяткиннің тұжырымдауынша: «Мыңбай Сырымның жеке досы» (Сонда, 332-бет) екен.

            Халық батырын тұтқыннан босату талабы мұнан кейінгі басқосуларда да күн тәртібінен түспейді. 1794 жылы қаңтардың 4 жұлдызында бір топ қазақ сұлтандары мен  ағамандары Ресейдің  сол кездегі патшайымы II Екатеринаға хат жазғаны белгілі. Хатта 1791жылы Кіші жүзге хан болып «сайланған» Ералының жасының кәрілігі, оның өзекті нәрселерді шешуге әлсіздігі, сондықтан елге жаңа хан тағайындап беру және отаршылдар мен Ералының жақтас сұлтандарының қазаққа жасап отырған айуандық зорлық-зомбылықтарынан құтқару сұралды. Аталмыш құжатқа 180-нен астам адам қол қояды. Онда көтерілістің  бір қаһарманы туралы да бір өтініш бар болатын: «...Сіздің кәріңізге Мыңбай деп аталатын қазақтардың бірі ұшырап тоыр, ол қазіргі күні өзінің екі  жолдасымен  бірге Орынбор қаласындағы түрмеде отоыр. Егер Сіз осы күнәлі болған сіздің құлдарыңызды кешіретін болсаңыз, онда біз бүкіл қазақ жұрты болып оларды жазалаудан босатуды өтінеміз. Егер Сіз рұқсат етер болсаңыз, онда біз сізге өзіміздің таңдаулы және ақылды адамдарыңыздың ішінен біреуін депутат етіп жіберер едік...» ( «Материалдар» )

 «Патшаның алдында жақсы атта көріну үшін,- делініпті аталмыш хатта,- Есім сұлтан Мыңбайды ұстап берді...» (Сонда, 168-бет)  

            Өкінішке орай, бұған патша әйелдің «аналық» жүрегі жіби қоймапты да, ержүрек батыр Мыңбай Орынбор түрмесінен қашып шығады.

            Азаттық жолындағы күрестің осылайша күшейіп тұрған кезінде, яғни 1794 жылдың күзінде Мыңбай батыр Сырым бидің ақылымен аталмыш әрекетіне кек сақтамай, Есім сұлтанмен түсінусуге тырысыпты. Оларды бұған ұлт мүддесі итермелеген-ді. Мұны М. Вяткин былайша баяндайды: «...Сырым батыр Төртқара руының Қаракөбек деген старшинасымен және осының алдындда ғана тұтқыннан қашып келген Мыңбаймен бірігіп, Есім сұлтанға елші жіберуге  және сұлтанмен жолығысып, сөйлесуге шартталады» («Сырым батыр», 334-бет). Алайда, бұл кездесудің болғандығын айғақтайтындай құжаттар табылмапты. Бірақ, Есімнің батырларға деген қастас позицияда қала бергендігі мәлім болыпты (Сонда).

            Мұны Есімнің тағы бір әрекеті дәлелдейді: «...Есім,- деп жазады М.Вяткин, - 30 сентябрь күні шекара істері экспедициясына мынадай хабар береді: «Мыңбай есентемірлермен және адайлармен қосылып алып, алашалардың және байбақтылардың 500-ге жуық жылқысын айдап алып кетті, ол мұнымен тынып қоймай, маған (яғни Есімге –М. В.) ниеттері дұрыс алашалардың және байбақтылардыңмалын тағы да айдап алмақшы болып, осылардың ауылдарына жаңадан шабуыл жасауға даярланды»  (Сонда, 335-бет).

            Біздің ойымызша, Есімнің осы көрсетілегн хабарының негізінде Мыңбай батыр тағы да қамауға алынған сияқты. Бұл тұжырымға біз М. Вяткиннің төменде берілген дерегіне арқа сүйеп келіп отырмыз: «Ел ішінің қобалжуы көбейе береді. 1794 жылдың өзінде Шекара істерінің экспедициясы Адай және Есентемір руларының қазақтарды өздерінің старшинасы Мыңбайды құтқарып алу үшін линияға шабуыл жасамақшы болып жиналыпты деген старшинасының линияға шабуыл жасау үшін даярланып жатқандары туралы хабар келіп түседі...» (Сондаі 336-бет).

            Көтерілісшілердің заңды талабымен санасуға мәжбүр болған отаршылар атақты батырды тұтқыннан босатып жібергенге ұқсайды. Олай дейтініміз, көп ұзамай әлгі экспедицияға «Табын руының Бармақ, Татан, Бекшора деген старшиналарының, Есентемір руының Мыңбай деген старшинасының линияға шабуыл жасау үшін даярланып жатқандары туралы хабар келіп түседі...» (Сонда).

Тек 1796 жылдың күзінде ғана Есім сұлтан хан болып тағайындалады. Оның  сұлтан кезіндегі бір озбырлығын ел жақсылары патшаға 1794 жылы 4 қаңтарда жазған хатында баяндаған болатын: «Қазақ ауылдарында жасаған бір ғана шапқыншылықта Есім құны 5121 бас биенің құнына тең құндылықты халықтан тонап алған екен» («Материалдар», 168-бет). Ол хан болған соң елдегі жағдай бұрынғыданда өрескел асқынып кетті.

         Осындай сәтте көтерілісшілердің Сырым Датұлы бастаған қалың тобы зұлым ханды бұл ханды бұл дүниеден аластамайынша халыққа ешбір жақсылық болмайтынын түсінеді.   Сөйтіп, есірген Есімге де зауал келген-ді.

         Генерал Д. Донсковқа Сарайшық қамалының бастығы Кириллин 1797 жылғы 18 наурызда: «...құрамы 1000-ға жететін адам: Есентемір, Байбақты, Шеркеш, Алаша және Таз руларының есентемірлік  Мыңбай мен Арғынбай және байбақтылық Ерсары мен Қойсары бастаған қырғыздардың (қазақтардың – А.Ә.) қырға ресейлік шекараларға зұлымдық жасау үшін жиналғандығын» («Материалдар», 190-бет) хабарлайды. Одан қалыспаған Топайлы қамалының бастығы есаул Иванов та Имамбет сұлтаннан естіген  «Шаронка өзеніне әртүрлі рулардан жиналған 1000-ға жуық адам Сырым Датовқа  барғалы жатқан көрінеді және жалпы онымен бірге  шекараларға шапқыншылық жасауға ниетті екендігі» туралы мағұлматын жібереді. Аталмыш хабардан ереуілдеген елдің  тағы да бір қобалжуға түскенін білген әлгі генерал елді өзі араламақ болып, 26 наурызда  жолға шығады. Бірақ ол қарсы шаралар алуға үлгермей қалады. Көтерілісшілер наурыздың 27-не қараған түні Қызылжар (Красноярск) форпостына қарсы жердегі ұлысында Есім ханды халық үкімімен жазалап өлтіреді. Ол  Д. Донсковтың кейінен бастықтарына берген баянатында жазғанындай: «Таң алдында құрамында 100-ге дейін адамы болған Шекті және басқа рулардың қырғыздарының қолынан шапқыланып өлтірілген...ханды өлтіруге жиналып келген қырғыздар (қазақтар-А. Ә.) көптен жауласып жүрген белгілі Сырым Датовтың басшылығымен болған»... екен.

        Дейтұрғанмен, кейіннен бұл өлімді тексерген үкімет комиссиясы Есім өлтірілген күні Сырымның басқа ауылда болғанын анықтайды. Алайда, бұл істің көтеріліс көсемінің ұйғарымымен болғандығына күмән жоқ. Халық кегі қайтқан бұл оқиғада Мыңбай батырдың да зор үлесі болды.

       Ханды жазалаған бұл оқиға Кіші жүзді дүр сілкіндірді: біреулерді шошынтты, біреулерді сүйсінтті.

          Ал, өз руына ғана емес, бүкіл Кіші жүзге ардақталған Мыңбай батыр көтерілістен кейін де ел билігінде болды. Тарихи құжаттар оны 1805 жылы 3000 отбасын құрайтын төрт бөлімшесі бар Есентемір руының ағаманы болып тұрғанын көрсетеді («Материалдар», 515-бет).

            Атақты жыр сүлейі Ығылман Шөрекұлы:

- «Есентемір ер Мыңбай,

        Сұлтанкелді, Көктаубай,

Қаратоқай Құлбарақ

  Қара жиып дұшпанға,

         Қайрат айтып жоқтаған»,-

- деп жырлайды. («Исатай мен Махамбет» дастан мен жарлар.А. 1976 жыл, 142-бет).

«Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеген» (Махамбет) шақта Сырым батыр өзіне, міне, осындай Мыңбай сияқты нағыз арыстандарды серік етіп алған-ды. Тәуелсіздіктің тәтті ауасын жұтып, тұнығына жүзген бүгінгі жұрт Мыңбайды да азаткер-күрескер ретінде жоғары бағалайды.

 

Осы  деректердің  өзі де Сырым төңірегіндегі қазақ зиялылары мен батырларының азаттық үшін  күресте жан аямай күресе білгендігін, азаттық үшін күрестің тарихына, дамуына өшпес із салғандықтарын дәлелдей  алады.

 

Аманғали   ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері,

ҚР Үздік  өлкетанушысы,

Атырау  мұнай  және  газ 

университетінің 

құрметті  профессоры

Атырау  қаласы,