СОҒЫСТАН СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАНЫП ОРАЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ

СОҒЫСТАН СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАНЫП ОРАЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ

ОЛ – «ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДТАРЫ» КІТАБЫНА ЕНУГЕ ЛАЙЫҚ АДАМ

 

   Аяқталғанына 68 жыл толған Ұлы Отан соғысының халық таныс емес сырлары әлі миллиондап саналады. Кеңес Одағының тарауына байланысты, ол соғыстың беймәлім ақиқаттары соңғы 20 жыл ішінде көптеп ашылып, айтылуда, жазылуда.

   Қазақстаннан да Кеңес Одағын фашитстік Германия шапқыншылығынан қорғап, жау қолындағы аумақтарды азат ету үшін соғысқа 1 миллион 196 мың адам аттанса, солардың әрбір бесіншісі - 410 мыңы кері оралмаған. Ұлы Отан соғысындағы асқан ерліктері үшін 499 қазақстандық – Кеңес Одағының Батыры, және 110 жерлесіміз – «Даңқ» орденінің толық иегері атанған.

 

   «Алтын Жұлдыз» алғандардың 500-шісі де барын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ол – қазақ ұлтты Жаппархан АСАЙЫНОВ.

   Жаппархан - 1919-жылы Омбы губерниясының Ақмола уезі (бүгінде Ақмола облысы) Астрахан болысының Қоскөл селосында, байдың жалшылығындағы малшының жанұясында өмірге келеді. Бастауыш мектептің 2 класын бітірген. 1937-1939-жылдары «Красный пахарь» колхозында егінші болып еңбек етеді. Одан кейін 1939-1940-жылдары Ақмола-Карталы теміржолын салуға қатысады. 1940-жылдың қарашасында Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясына алынып, 10-әскери теміржол бригадасының 81-дербес жол батальонына жіберіледі.

   Ұлы Отан соғысы басталғаннан ай жарым өткенде Ж.Асайынов атқыштар полкының 15 күндік пулеметшілер курсынан өтеді де, алғаш рет Смоленск маңында дұшпанмен бетпе-бет шайқасқа түседі. Үздіксіз ауыр ұрыстардан әбден қажып, зор шығынға ұшыраған (2,5 мың адамдық штаттық құрамының 80 пайызынан айрылған) полктің шегініп, 10 шақырым кейіннен қолайлы жерден жаңа қорғаныс шептерін құруына мүкіндік беру үшін 19 жасар кіші лейтенант басқарған толық емес взводты екі пулеметпен (оның бірі Жаппархандыкі) жаудың төте жолына қалдырады. Бастарын өлімге тіккен 21 қызыл әскер араларына 20-25 метр жіберіп, жарты шақырымға созылып, асығыс қазылған, белден ғана келетін окопторында жауды күтіп келіп қалады. Көп кешікпей, 19 сағат шамасында фашистер де көрінеді. Олар алға - пулемет орнатқан 4-5 мотоцикльді, екі жеңіл танкі мен бір бронетранспортерді салып, әрбір үшіншісі зеңбірек сүйреткен 30 шақты жүк машинасымен шаңы шыққан қара жолда шерулетіп келе жатады. Бұл кімге де қорқынышты еді. Өйткені, фашистердің адам санынан 25 есе артықтығымен қатар, танкілері мен он шақты зеңбіректері бар болатын. Взвод командирі мотоцикльдер мен танкілерді 50-60 метрге дейін жақындатып, гранаталар лақтыруға, содан кейін олардың арттарындағы машиналарға дәлдеп оқ жаудыруға бұйырады. Бұйрық бұлжымастан әрі сәтті орындалады. 15-20 минуттың ішінде фашистер екі танкісінен, бронетранспортерден, пулемет орнатылған барлық мотоцикльдерінен айрылады. 150-200 метр шамасында машиналарынан түсе қалысқан фрицтер орманның ашық алаңқайына жатып алып, автоматтарынан, пулеметтерінен оқтарын қарша боратады. Ара-тұра зеңбіректері де қосылып қояды.

   Шегінген полк командирінің бұйрығында жауды қайткенде де сағат 21-ге дейін бөгей тұру баса айтылған. Кеңестік жарты взвод екі сағаттың ішінде жаудың төрт мәрте шабуылына тойтарыс береді. Взвод командирі бір жауынгерді ертумен өртенген екі танктің тасасына жетіп, сол жерде дұшпан мотоцикльдерінен алған пулеметтерден фашистерге үлкен ойран салады. Ақырында немістер оларды әлденеше дүркін зеңбірекпен атып, ақыры мерт етеді. Жаудың үшінші шабуылын тойтарғанда - оның пулеметі үнсіз қалады, өйткені оғы таусылған-ды. Осыдан кейін қаза болған жауынгердің винтовкасын алады...

   Сағат 21-де күн қараңғылана бастайды. Осы кезде взвод командирінің көмекшісі тірі қалған, бірақ бәрі жаралы 6 жауынгермен бұйрық орындалғандықтан, арттағы өз әскерлеріне бағыт алады. Бұл – Жаппарханның 1941-жылдың қыркүйегінде бірінші жаралануы еді, мына шайқастан тірі шығатынына сене қоймаған...

   1941-жылдың қазан-желтоқсан айларында Мәскеуден 160 шақырым жердегі, соғыс қарсаңында 200 мыңнан астам тұрғыны болған Калинин қаласын жау екі рет басып алса, Қызыл Армия оны екі рет азат етті. Қаланы ең ұзақ оккупациялау 14-қазан мен 16-желтоқсан аралығында орын алды. Жалпы Калинин (қазір Тверь) облысынан соғыс басталған жылдың тек шілде-қыркүйегінде Қызыл Армияға 225 мың адам алынған. Ұлы Отан соғысында осы облыстан әскер не партизан қатарында 278 мың адам қаза болған. Жаудың Еділ өзенінің сол жақ бетіне ең сұғына (116 шақырымға) өткен аумағы да осы облыста. Фашистерді Мәскеу бағытына бойлай енгізбеу жолында тек Калинин облысы жерінде (оның құрамында атақты Ржев бар) 1 миллионнан астам Кеңес әскерінің қаза болуы – көп нәрсені аңғартады. Дұшпан әуе күштері Логовежь өзеніндегі қиратқан көпірді қалпына келтіруде, 1942-жылдың қаңтарында, тым төмен келіп атқылаған «Мессершмиттің» (Bf-109) ірі калибрлы оғынан Жаппархан Асайынов екінші рет жараланады.

Асаинов_Жабаркан

   Үш ай госпитальде емделгенінен кейін қайтадан майданға сұранып, 1942-жылдың мамырында Оңтүстік-Батыс майданның 6-армиясы құрамында Харьков қаласын жаудан қайтаруға қатысқанында, бұл армия – 57-армиямен бірге жаудың қоршауында қалады. Ол қоршаудан тек маусымның басында аз ғана жауынгер болып құтылып шығады. Қоршауды бұзып өтуде оғы таусылғасын бірнеше фашисті олардың окоптарында қолымен ұрып өлтіріп, автоматтарын иеленеді, сондай қоян-қолтық ұрыстардың бірінде тағы жараланады... Бұл шабуыл мен қоршауда қалуда Қызыл Армияның 171 мың адамы қаза болса, 106 мыңы жараланады, ал 140 мыңға жуығы тұтқынға түседі. Жау қолында біздің 143 мың винтовкамыз, 9 мың автоматымыз, 3600 пулеметіміз, 552 танкіміз, 1564 түрлі зеңбірегіміз, 3278 минометіміз, 1051 автомашинамыз, 57600 атымыз кете барады... Сол қоршауда Оңтүстік-батыс майдан қолбасшычсының орынбасары генерал-лейтенант Ф.Я.Костенко, 6-шы, 57-ші армиялардың қолбасшылары генерал-лейтенанттар А.М.Городнянский мен К.П.Подлас, армиялық топ қолбасшысы Л.В.Бобкин, майдан, армиялар штабатарынан бригадалық комиссарлар И.А.Власов, А.И.Попенко, генерал-майорлар А.Ф.Анисов, Ф.Г.Маляров, 15, 47, 270, 337-атқыштар дивизияларының командирлері генерал-майорлар Д.Г.Егоров, Ф.Н.Матыкин, З.Ю.Кутлин, И.В.Васильев ұрыс алаңдарында қаза табады. Қаза болған, тұтқында кеткен тек полковниктер 100-ден асып кеткен! Айтпақшы, Қызыл Армияны Харьков түбінде талқандауда Вермахт 6-армиясының қолбасшысы генерал Фридрих Паулюс айтарлықтай рөл атқарады, арада 8 ай өткенде фельдмаршал шеніндегі ол – сол армиясымен Сталинградта қоршалып, тұтқындалады...

   Міне осындай қырғын мен қолға түсуден аман қалған Жаппархан АСАЙЫНОВ 3-ші жараланумен госпитальда емделіп, одан қыркүйекте шыққасын Воронеж майданына жіберіледі.

   Ол соғысқа дейін ауылында мергендігімен, палуандығымен атын бүкіл Ақмола өңіріне таратып үлгерген еді, енді сол өнерлерін майданда да жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Қаза тапқан снайпердің орнына өзгесі келгенше, оның винтовкасымен 3 күнде 6 дұшпанды мәңгілікке жер жастандырғаны үшін 1942-жылдың қарашасында «За отвагу» медалімен марапатталады.

   Жаппархан бұдан кейін барлаушылар взводына қабылданып, 1943-жылдың ақпанында 7 адам болып жау тылына өткендерінде – тосқауылға тап болып, бірден бесеуі о дүниеге аттанады. Қазақ жігіт 3 тәулік сол маңайда бой тасалаумен барлауын жүргізеді, қайтарында тосқауыл-бекініске сыртынан келіп тап бергенінде – 4 фашист ол сілтеген қанжардан тіл тартпастан кетеді де, алапат күш-қайратының арқасында пулеметшіні – пулеметімен қоса майдан шебінен кері алып өтеді. Осы ерлігі үшін оған кешігіп барып, 1943-жылдың 14-қыркүйегіндегі жарлықпен «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі. Кешігуге себеп болған жай -  Жаппарханның сол жылдың наурызында 4-ші рет жараланып, госпитальге кеткені тәрізді.

   Госпитальден маусымда шыққанында – мемлекеттік комиссия оны елге біржола қайтару туралы шешім дайындағанда, ол үзілді-кесілді қарсылық танытып, отырып алады. Өзін ең болмағанда әскери теміржол батальонына жіберуді сұраған арызын тапсырады. Ақыры мақсатына жетіп, 1943-жылдың шілдесінде өзі сонау 1939-жылы әскери антын берген 10-теміржол бригадасының 81-дербес жол-құрылысы батальонынан бір шығады. Онда ефрейтор Ж.Асайынов бөлімше (отделение) командиріне тағайындалады.

   Соғыс жағдайында күндіз-түні жүріп бүлінген болат жолдарды қалпына келтіреді, өзінің жеке нормасын ылғи да 300-400 пайызға, ал бөлімшесі 200 пайызға орындаумен болып, өзгелерге үлгі көрсетеді. Ол туралы мақала майдандық газетте басылады.

   Тамып тұрған тамыздың орта шеніндегі мына оқиға - оның жаумен бетпе-бет айқасқанынан әлдеқайда маңыздырақ болатын. Тораптық үлкен станцияда батальонның бір взводы қосымша жол жасап жатады. Күн өте ыссы болғасын теміржолшы-жауынгерлер жалаңаштанып алған. Бір кезде фашистердің екі «Юнкерсі» (U-88) – төрт «Мессершмитт» қолдауымен кенеттен жетіп келіп, станцияны бомбалай бастайды. Біздің зенитшілердің оқтары оларға дари қоймайды. Станцияда толған паровоз, вагондардың арасында түрлі қару мен оқ, снаряд, мина тиеген әрқайсысы 15-20 вагоннан тұратын 3 эшалон майдан шебіне аттанар уақыттарын күтіп тұрған. Абырой болғанда, «Юнкестер» тастаған бомбалар ол вагондарға дөп түсе қоймаған. Бірақ, жақын маңдағы бірнеше ағаш вагондар лаулап жанып жатқан. Теміржолшылар взводы дереу өз жұмыстарын тастай салып, жалпыға айналып бара жатқан өртпен күреске ұмтылады. Жаппархан өз бөлімшесімен қатар тұрған әлгі үш эшалонға жүгіреді. Келсе, олардың барлығы да сол сәтте станция сыртына қашып шығу мүмкіншілігінен айрылыпты. Дәл түскен бомба салдарынан шпалдар быт-шыт шашылып, рельс қайырылып қалған, паровоздар машинистерінің кейбірі балаша жылап отыр. Яғни, эшалондар не алға, не артқа жылжи алмайды. Алдары ашық ұсталынғанмен, арттары өзге вагондармен бітеліп қалған. Бір эшалонның соңына тіркелген екі вагон сатырлап жана бастайды! Жаппархан бөлімшесі дереу ол екі вагонды составтан ағытып, кері итергенмен, 20 метрдей жердегі өзге вагондарға тіреледі. Енді жандарын ұшыра жаздап, ана вагондарды орындарынан қозғап бағады. Осылайша қара терге түсумен аса қауіпті екі вагонды 100 метрдейге аулақтайды, әрі бір мезгілде өртін өшіреді.. Бірақ ас қатерлі жағдай әлі сейілмеген-ді, тағы бір эшалонға өрт жалыны біртіндеп таяп келе жатады. Бөлімше түгелімен соған жүгіріп, тағы да жан ұшырумен алапат жарылыстың алдын алады. Аспанда біздің истребительдер көрінгенде – фашист ұшақтары өз шаруаларын бітіріп, жөндеріне кете барады...

   Сол күннің кешінде-ақ станцияға жан жақтан лампасты генералдар жетіп келеді. Теміржолшы жауынгерлерді сапқа тұрғызып, алғыс жараиялайды, осы ерен ерлік-еңбектері үшін взводтың барлық жауынгерлері өлілей-тірілей орден медальдарға ұсынылатындары айтылады.

   Сонда белгілі болғаны – Жаппарханның 15 адамнан тұратын бөлімшесі – 45 мың адамдық 3 атқыштар дивизияны толық қамтамасыз ететін қару-жарақты аман алып қалған екен! Бұл тек айтуға жеңіл оқиға. 15 теміржолшы жауынгер аспаннан жауған жау оғы астында, әне-міне алапат күшпен жарылуға шақ тұрған әлгі үш эшалонның арасында өз өмірлерін ажалға байлап, баға жетпес ерлік жасаған еді. Сол оқиғада взводтың 6 жауынгері қаза болса, тең жартысы жараланған, не отқа шарпылған. Жаппарханның өзі осы жолы аман болғанымен, бір жауынгеріне «Юнкерс» пулеметі себелген оқ арқасынан тиіп, оны бақилық етсе, және 8 жауынгері жарақаттанады, жалаңаш денелері түрлі дәрежеде күйеді.      

   1943-жылдың 5-қарашасындағы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Жаппархан АСАЙЫНОВҚА Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Орақ пен Балға» Алтын Жұлдызымен (№113) және Ленин  орденімен (№16224) марапатталады. Бұл аса жоғары марапатты оған 17-желтоқсанда, Мәскеудің Кремлінде СССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары И.Я.ВАРЕС салтанатты түрде табыс етеді. Мына салтанаттан кейін Қазақ ССР-і Үкіметінің өтініші бойынша Ж.Асайыновқа жаралы болуына байланысты бір айлық демалыс беріліп, Алматыға теиміржолмен бара жатқанында - Ақтөбенің, Шалқардың, Аралдың, Қызылордаданың, Арыстың, Түркістанның, Шымкенттің, Жамбылдың перрондарында мыңдаған халық республиканың тұңғыш Еңбек Еріне құрмет көрсетіп, митингілер өткізеді.

   Шындығында Жаппархан АСАЙЫНОВ – Қазақстан тарихында 1938-жылдың желтоқсанында енгізілген Социалистік Еңбек Ері атағын бірінші болып алған адам. Өйткені соғысқа дейін де, тылда да бұл жоғары атаққа ешкім жете алмаған-ды.

   1944-жылдың ақпанында оны Ярославль қаласында уақытша орналасқан М.В.Фрунзе атындағы Ленинградтың Ленин орденді әскери теміржол офицерлерін дайындайтын училищеге жібереді. Оның алдында Кремль ауруханасына жолдамамен қаралуға барғанында – тура 2 жыл емделуге жатқызылып, одан тек 1946-жылдың қаңтарында шығады. Ақыры, аталған әскери училищеден бас тартып, елге оралады.

   Арнайы мамандығы болмағасын, Алматы қаласындағы автокәсіпорындарда қатардағы қарапайым жұмыстарды атқарады. ВКП(б)-ға мүшелікке өтеді, мүгедектігіне байланысты теміржол техникумына қабылдамағасын, өзге техникум жанындағы курсты бітіреді. Бірақ, уақыт озған сайын ол елеусіздене береді. Теміржолға оралу арманы ақыры жүзеге аспайды. 1960-жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 15 жылдығы тойланғанда - төсек тартып қалған оны ешкім іздемейді де. Соғыс салған төрт жарақат - оны ақыры 44-ке қараған жасында, 1963-жылдың 3-наурызында өмірден алып тынады. Өкініштісі, биыл оның дүниеден өткеніне 50 жыл толғаны - ең болмағанда мемлекеттік ақпарат құралдарында бір аталмады.

   Ж.Асайыновпен бір күнде Социалистік Еңбек Ері атағын («Орақ пен Балға» Алтын Жұлдызының нөмірі – 158) алған тағы бір қазақстандық, Қостанайдың тумасы Петр Иванович БАКАРЕВ те әскери теміржолда басшылықта болған, Ұлы Отан соғысын генерал-майор шенімен аяқтаған. Ол туралы кейінірек баяндармын. Жаппарханның одан бұрын тұруы – СССР Жоғарғы Советінің Президиумы Жарлығында ол атақтың алфавиттік рет бойынша берілуіне байланыстылығы.

   Ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс!

 

        

         Жұмабай ДОСПАНОВ,

«Алтын ғасыр», 2013-жыл

Теги сайттайсойган тайсойғансайты ЖЕҢІС75