СЕКЕР КӨЛ

СЕКЕР КӨЛ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

 

Бір сәт сап түзеген сандардан безініп, қиялға берілесің, қызыл сөзге көңіл шабады. Сарайшықтың секер көлі туралы ғалымдар екіге жарылады. Біреулері дәл сол көлдің жанында өзі жүргендей «ондай айдын болған» десе, екіншілері «бұл арада Жайық пен Сарайченкодан басқа су атаулы болмаған. Секер көл анау Бату сарайы жағында» деп өжектейді. Ал біз қалай дегенде де осы араның аңызынан алшақтағымыз келмейді. Келмейді де ой орманын кезіп, өткенді еске түсіреміз. Санаңда Секер көлдің суреті, керемет көрініс...

Алтын Орда дәуіріндегі үшінші қала немесе Бату, Берке сарайларынан кейінгі діни зәбиясы мен мешіттерінің көгілдір күмбездеріндегі алтын айшықтары ай сәулесімен көз арбаған ортағасырлық көне қала Сарайшық туралы әңгіме бола қалса, есімізге айдынында қазы қаңқылдап, аққуы сұңқылдаған Секеркөл, онда су бетін сызып, баяу жылжыған алтын қайықтағы хан қызы – сұлу Сүйімбике көз алдыңызға келеді.

Халық айтса, қалт айтпайды, біздің бұл аузымызға алып, тілге тиек етіп отырған сұлулық - сұлу айдың да толған шағын «он бесінде туған ай» десе, сұлу Сүйімбике де сол кезде 14-15-тің бірінде екен. «Қыздың жасын сұрама, қыздың жасы он сегіз» деп бүгіннің  ақыны жырласа, кешегінің қызға деген бағамы дәл он бес еді ғой. Беу, сол қолаң шашты дәл он бес!

Әлгі айтқан аңыздағы Секер көл, ондағы мамырлай жүзген мамық жүнді аққулар, айдындағы алтын қайық, ай қабақ, қызыл ерін сұлу Сүйімбике жайлы талай тәмсіл әңгіме бұл өңірде әріден бері айтылады. Тіпті, орыс, қазағы түгел біледі десе де болады. Ал оны күні бүгінгі «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешеннің директоры Молдаш аға Бердімұратовтың  аузынан тыңдасаңыз өзіңізді құдды сол ертегілер елі, аңыздар арасында жүргендей сезінер едіңіз. Асылы Молдекең аңыз қуған ертекшіл адам.

Халық аузында әйгілі Әжітархан қаласының іргесін қалап, Еділ бойындағы байырғы қонысын әуелі көкмайса көктемнен күзгі күн суытқан боқырауға дейін Сарайшыққа ауыстырып, оның алма, алша, алқоры өскен жүзімдік бағында билер мен шешендер, ақындармен алқа-қотан отырып, қымыз сапырып, шұбат ішіп, сыр ақтаратын Жәнібек хан, біраздан соң күн салқындатқанда жанына уәзір, нөкерлерін жиып, Жайық жағасындағы қалың тоғайдан бұлғын ауласа, кейде Үстірттің үстінен тауешкі, қыл құйрықты құлан қуып, оларды арандарға құлатып көңіл көтереді екен.

Шындығында әз Жәнібекте де хандық қаһар мол. Оның әкесі Өзбектің басынан аттап, алтын таққа отыруының өзі таң атырар толғауы тоқсан талай әңгіме. Сонымен бірге оның кейде жүрегі жылы, жаны жаз, өлеңді сүйіп, сұлулыққа сұқтана қарайтын серілігі де бар. Сонау күншығыс, аспан асты елдері -  Қытай мен Жапония, Қарақорым мен Шираз, Бағдаттан бері талай дүниені көзінен тізіп, Ұлы Жібек жолы бойымен мың сан түйені мұрындығынан сүйреп, кіре тартқан керуен қаласы – Сарайшықтың күннен-күнге көркейіп, сәулеттің артуына жанын салды. Әуелі көшелеріне тас төсетті, әр бөлікке мешіт салдырды. Үйлерге күйдірілген қыштан су құбырларын жүргізіп, кәріз тұрбасын іске қосты. Жылыту жүйелері еден астымен жаңаша жүргізілді. Қалада монша, металл қорыту пештері, қыш ыдыстар жасау шеберханалары, темір ақша соғу орындары болды. Әр тұрғын сол кездің өзінде балық тұздап, қақтады, ыстады. Жүздеген түйелі керуенді адамы, затымен бір сәтте қабылдап, жайғастыратын керуен сарайы ондағы қызмет көрсетушіге жұмыс көзін табу жолы болды. Бұл Жәнібек ханның көңілін тоғайтып, жаңа істерге жігерлендірді.

Жайық жағасыдағы қалың тоғай арасында орын тепкен шағын қаланың орталығынан аққу көлін жасақтағанды жөн көрді. Сөйтіп жүздеген жігіт күндіз-түні күрек жарқылдатып, зембіл-зембіл топырақ шығарды. Жаға жағын еңістеу, ортасын ойыстау қып, айдынына аққу қондырып, қаз-үйректі қаңқылдатты. Бірақ су періштесі атанған аққу атаулы өздері жүзген айдынға өзге қанаттылардың қонғанын қаламай орын өзгертуге ыңғайланды. Осы кезде сұлулыққа сұқтанған хан аққуларды айдыннан ұшырмас үшін қырық атанға жүк болар секер төктірді. Сөйтсе тәттіге құштар тәңір құс судан бас алмай қара суықты күз бен ақшұнақ аязды ақпанда да Аққу көлін мекендеп, жүзіп жүріпті. Сол кезде хан бұйрығымен  ондаған қарулы жас жігіттер Секеркөл қатып қалмас үшін ертеден кешке, кештен таңға дейін көл бетіне шәуіш тұрғызбай, қабыршақ мұзды қаршылдата ойса керек.

250771d831e384156f537487ddd87035

Тегінде Жәнібек ханда ұл барырақ та, қыздың саны тым аз, тіпті, бір ғана Сүйінбике болса өзі білсін. Бірақ біздің айтып отырғанымыз Қазан ханы Жанәлінің әйелі, кейін ақсүйектер Жанәліні тақтан тайдырып, айдауға жібергенде орнына отырған Сафагерей ханға тұрмысқа шыққан, ол қайтыс болғанда 1549-1551 жылдары Қазан хандығын билеген ертедегі Едігенің ұрпағы Сарайшық ноғайы Жүсіптің қызы емес, одан көш ілгері көп бұрын өмір сүрген Сарайшықтың өзінің Сүйімбикесі. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, кейде бұл Сүйімбикені елде басқаша да атайтын аңыздар бар.

Мүмкін жалғыздығынан ба, әлде тумысы бөлек, түрі өзге, тұрпатты қыз болғандықтан ба, Сүйімбикені әкесі елден ерек жақсы көріпті. Жалғандағы жақсы атаулыны соған теліп, Секеркөлді де (кейде оны Аққу көлі деп те атайды - Автор) сол қызы үшін жасатқан екен. Көлдің суы екі аптада бір рет жаңартылып тұрған. Аққудан айдын беті көрінбейтін бұл көлге хан алтыннан аптатып, аққуға ұқсайтын әдемі қайық жасатып, онымен сұлу Сүйімбике су бетін сызып, айлы кеште ұзақ-ұзақ қыдыратын көрінеді. Кейде жалғыз емес, жағаға қызық қуып, тамашалауға келген жігіт-желеңнің де өзі таңдаған бірлі-екісін кезек-кезек алтын қайығына отырғызып алып, серуен құрады, сән түзейді, тамылжыта ән салады.

Осы бір көріністі бүгіннің Сембей Бердімұратов сынды ақыны:

Көлге секер сепкен,

Үйрек-қаз ұялаған.

Жасалса бекер деп пе ең,

Ойымен зиялы адам.

 

Көзді арбап алтын қайық,

Жүзіпті Секеркөлде.

Сұлулық даңқын жайып,

Аңыз боп шетелдерге.

 

Жері бай тусыраған,

Келтірген сан көрікті.

Жігітке су сұраған,

Қыздары бал беріпті.

 

Көлдері сарқылмаған,

Қаздары қаңқылдаған.

Болыпты сәнді қала,

Күмбезін алтындаған, - деп жырласа, кешегінің Сүйімбикесі

Сарайшықтың саздары,

Қаңқылдаған қаздары.

Су сұрасаң бал берер

Біздің жақтың қыздары, - деп сызылып шырқайды екен. Сол сұлу әнді көл жағалай көлеңдеп алтыбақан тепкен қырық нөкер қыз бен қиық мұрт бозбала тыңдайды. Бірақ мұндай қызық, серуен күнде емес, аптасына екі-үш, онда да аспаннан ай сәулесін төгіп, айналаның бәрі құлаққа ұрған танадай тымық кеште ғана жүзеге асатын көрінеді. Осынау көріністі көрген де арманда, көрмеген де арманда. Соған сай қаланың қолжетімді жерінде орналасқан біраз жұрт кеш болса, Аққу көлге ағылып, айдын даңқы бірте-бірте алыс-жақынға мәлімденеді. Көремін деп келушілер, көшке ерушілер де аз болмайды.

Әйтсе де әрдайым сұлулық атаулы мәңгілік емес, көз арбап көп тұрмайды, бір қарағанда ол сонысымен де қадірлі. Мезетттік әдемілік арқылы өткенді аңсау, сарғайған сағыныш пайда болады. Адамдар сәнді, салтанатты іздейді, күтеді. Бар-жоғы 15-ке енді ғана  аяқ басқан әдемі қыз аяқ астынан көз тиіп, қаза табады.

Қан құсқан хан халқына қаралы күн жариялап «Қадірі артқан қызымды бір ай үйімде оң жағыма ұстап, жүрек суып, арулап жуып, дүниеде ол болғанын ұмытып, содан соң ғана қара жер қойнына беремін» деп хабар салады. Бірақ ол шын мәнінде өйтпеді, ата салты, Шыңғыстың әдетіне басты. Яғни сол аспан түнеріп, айы жоқ бұлтты түнде өзіне шын берілген жеті жігітті шақырып, жүрегінің бөлшегі, ұрпағының өлшемі болған Сүйімбикесін алтын қайығына ұзыннан салып, көп адамның аяғы тие бермейтін, бөтен жұрт біле алмайтын жалпақ жазыққа қайығымен бірге  аса құпия түрде жерлеуді тапсырады. Содан соң «Түн ортасы ауғанша үстінен үйір-үйір жылқы айдап, әбден шұбырынды етіңдер де, істің орындалғандығы жөнінде маған хабар беріңдер. Бірақ бұл іс ешқайсысыңның тістеріңнен шығып, тысқа белгілі болмасын. Барыңдар, бар тапсырма-бүгінгі жұмыс осы!» деп пәрмен береді.

Айтқанындай тас түнек түнде қос өгіз жеккен ызыл-қызыл үні жоқ ырдуан арба алтын қайықтағы мәйітті арқалап, белгісіз бағытқа бет түзейді. Арт жақта ит ұлиды, аулақта байғыз шақырады, үйде мысық бағананы тырнайды. Түнімен қала сыртында алалы жылқы шұрқырап, алыс-алыс қырларға азынаған үйір айғырының үні кетеді. Таң алдында Шолпан жұлдыз жымыңдап, от шашқанда қабірші жеті жігіт хан ауласына енеді. Бірақ қайтып шыққан ешкім жоқ. Мүмкін жер жұтты, әлде отқа оранып, күл болды, әйтеуір әлгілерді көрдім деген бір адам болсашы. Жар басында отырған жапалақ та, жер шұқып, ебелек дәнін кемірген саршұнақ та еш адамға сыр ашқан жоқ. Әйтсе де ару Сүйімбикені іздеген әлеумет аз болған жоқ. Ауыздарының суы құрып алтын қайықты еске алды. Уақыт өте сұлу қыздың аты сиректеу ғана айтылып, есесіне қайықтың қайда кеткені әңгімеге арқау болды. Алыпқашпа аңыздар көбейді.

...Кейін 1580 жылы Сарайшықты бет-аузын түк басқан шошақ бөрік Дон казактары жаулады. Көне аңыз ақселеу басын секіріп, оларға да жетті. Қолынан күрегі түспеген кәуірдің талайы Жайық жағалап, жер шұқып, көзі көгергенше алтын қайықты іздеді. ХХ ғасырдың басында қала өз иесін тапты. Соған сай қазақтың қаншасы алақанына түкіріп, топырақ атты. Бірақ көзге түсіп, көңіл көншіткен алтын қайық тағы  жоқ. Сөйтіп Сарайшықтың алтын қайығын әлі іздеп келеміз. Ол біз үшін баяғы сол әдемі аңыз күйінде қиялда ғана қалуда.

Секеркөлге сүттей аппақ алтын ай сәулесін төгеді. Баяу жылжыған алтын қайық үстінде сұлу Сүйімбике кетіп барады. Құлаққа  сұлу ән сазы құйылады.

Сарайшықтың саздары,

Қаңқылдайды қаздары.

Су сұраса бал берер,

Біздің жақтың қыздары...

            Сүйімбикенің бал татыған баяғы аңызы санаңда кермек дәмденіп сурет салады.

Есіңе тағы да бір Жүсіп мырзаның хаса сұлу Сүйімбикесі түседі. Оның билікпен қоса, адами қасиеті, асқан сұлулығы 1555 жылдан күні бүгінге дейін жыр болып төгіліп, аңыз боп айтылып келеді. Оқырман көңілінде “Ол кім еді?” деген оқшау ой туындауы мүмкін, ендеше бірер сөзбен оны да ойға оралтайық.

Мүмкін Жүсіп әулеті оның да атын әз Жәнібек ханның жалғыз қызындай ел аузында жүрсін деп Сүйімбике атаған шығар, әйтеуір Сүйімбике (1515–1557) сұлу атты есімі бар. Аты алысқа кеткен, айтып жүрер ісі бар біртуар тұлға.  

Қазан хандығының, сондай-ақ Ресей тарихында Сүйімбике күллі татар халқының мақтанышы. Ол бір кездері Сарайшықта өмір сүріп, Ноғай Ордасын құрып, 16 жыл билегенЕдіге бидің бесінші ұрпағы, мырзалардың мырзасы, сұлтандардың сұлтаны  Жүсіптің қызы. Кейін Жүсіптен Ресей тарихында із қалдырған кінәз Юсуповтар әулеті тарайды. Олардан талай даңқты тұлғалар шықты, бәрін де орыс жұрты мақтаныш тұтады. Жүсіптен тараған ұрпақ күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Сүйімбике он сегіз жасында Қазан ханы Жанәліге ұзатылады. Бірақ тағдыр оларға отбасылық ғұмырды ұзаққа апармай, бар-жоғы екі жылда - 1535 жылы хан сарайындағы төңкеріс кезінде күйеуі қазаға ұшырайды да, Сүйімбике артынан өзінен біраз жас үлкен Сафагереймен бас қосады. Содан соң алғашқы күннен қалада қамалмай шаһар сыртында жұмыртқадай ақ шаңқан киіз үйлер қалашығында тұрып жатады. Екеуі он төрт жыл тату-тәтті өмір сүреді. Сафагерей 1549 жылы қайтыс болған соң, оның хандық тағына мұрагер ретінде жасы әлі кәмелетке толып үлгермеген ұлы – Өтеміскерей (Утямишгерей) отырады. Бірақ, ол тым жас еді. Осыған орай ел басқару ісін Сүйімбике өз қолына алып, билік жүргізе бастады. Бұл тұс ел тарихындағы аса бір қиын кезең еді. Өйткені, хандық таққа таласушылар көп, осыған орай қараша халықта ауызбірлік жоқ, оның үстіне аталған хандықты өз қол астына алғысы келген көз алартушылар да жоқ емес-ті. Әлгілер ел ішіндегі алауыздықты өрістетіп, жік туғызуды күшейтті. Осы себепті Сүйімбикені қолдаушылар Қазан хандығының тәуелсіздігі үшін жан аямай күресу, тіпті бұл жолда соғысуға да әзір тұрса, екінші топ басқыншылық ниеттегі Мәскеу мемлекетінің сойылын соғып, Қазан қаласын отқа оранту, қолға түскен олжа байлыққа ортақтасқысы келген ішмерез-сатқындар болатын. Бас-аяғы  5-10 жылда, яғни ХV ғасырдың орта тұсында орыс әскерлері Қазан қаласын басып алу үшін қайта-қайта шабуыл жасады. Бірақ, халықтың ұлы бірлігі туған қаласын оп-оңай жау қолына бере салған жоқ. Тіпті Иван Грозный патша 1549 жылы аталған қалаға жүз мың әскермен тарпа бас салғанда, шаһар тұрғындарының қолға қару алатындары тастай түйіліп, басқыншылар аяғын ілгері жылжытпады.

Келесі 1550 жылы орыс патшасы ақпанның он екісіндегі ақ шұнақ аязда тағы да Қазан қаласын бетке алып, жойқын жорыққа шықты. Бұл жолы олар ұрысқа ауыр зеңбіректерді пайдаланып, шаһар іргесін шайқалтты. Көптеген адам оққа ұшты. Арасында Сафагерейдің үлкен ұлы да бар еді. Бірақ орыстар бұл жолы да «туған қалам – тағдырлас мекенім, қасық қаным қалғанша күресемін» деген асау жүректі жандарды жеңе алмады.

Бір қарағанда мұндай ұлы күш, отаншылдық қасиет хан тағында отырған Сүйімбикенің елге, жерге деген үлкен жүрегі,астана халқын ілестіре алатын ел біріктіргіш шеберлігіне байланысты болатын. Аталған екі шабуылға қарсы тойтарысты да қаланың бас сардары Қожақ (Кошак) Сүйімбикенің данагөй ақыл-кеңесі арқылы жүзеге асырған болатын. Жау жағы Сүйімбикедей ақылды билеушісі, Қожақтай қайсар, қаһарман қолбасшы батыры бар Қазанды бұдан былай күшпен емес, іштен іріткен зымияндық қулықпен алу жолын ойластырды. Өйткені Сүйімбикенің жасы бұл кезде қырықтарға енді келіп жатса да аса ақылды, ел бірлігі, халқының тыныштығын ойлаған, қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту, рухани байлығын өсіруге ерекше мән берген, сондай-ақ саяси аренада Ресей, Ноғай Ордасы, Қырым хандықтарының іс-қимылдарына араласып, Қазан хандығының даңқты әміршісі деңгейіне көтерілген  жаңа тұрпатты билік иесі болатын. Тарихшылар оның сауатты, үйінде бай кітапханасы болды деседі. Қабан суының жиегіне хан сарайының бағын өсіріп, онда қала халқы еркін қыдырып, салтанат құрады екен.

Әйтсе де жау мұраты – жеңіс, ойлағанын орындап, қылышын қандау мақсаты. Орыс патшасы төртінші жолы кінәз Василий Серебряныйды төрт мың әскермен тағы да Қазанға аттандырып, Сүйімбикені қалайда өз тағында қолға түсіріп, тұтқын ретінде Мәскеуге тірілей жеткізуге пәрмен береді. Әлсіздер ұлық алдында құлдық ұрып, жағыну мен табыну арқылы талай айла-шарғыға барады. Василийдің жандайшаптары да осылайша Сүйімбикені қолға түсіреді. Бұл хабар шаһар халқын әбден абыржытты. Ақыры олар Қазан ханшайымын қалайда құтқарып алуымыз керек деп түйді, қандай да әрекетке әзір екендіктерін білдірді. Бірақ, патша тапсырмасы бойынша қолға түсірген Сүйімбикені мұздай қаруланып, құрсанған қалың әскер оңайлықпен бере ме? Жақындағанның бәрін оқ астына алып, жолатпайды. Осы кезде епке сеп деген оймен күйеуі Сафагарейдің зиратына соғып, басында ақырғы қоштасу дұғасын оқуға мұрсат сұрайды. Бірақ, бұл ісінен де оңды нәтиже шықпады. Одан әрі ол – орыс патшасының пәрменімен Мәскеуге жол тартуы керек болды.

Неге? Сүйімбике Мәскеуге не үшін қажет болды? Аңызда нағашы жағынан түркі тұқымдас Иван Грозный Сүйімбикенің асқан сұлулығына қатты қызыққан. Соған сай ол жесір ханшайымды әйелдікке алғысы кеп, неше түрлі айла-шарғыға барады. Бірақ, хаса сұлу оның біріне де көнбеді. Ақыры ол: «Ендеше, патша ағзам Сафагерей мүрдесінің үстіне маған арнап бір аптаның ішінде айшығы аспанмен таласқан, сәулеті жарасқан  мұнара тұрғызып берсе ғана, оған әйел бола аламын» деп шарт қояды. Мәскеу патшасы аяқ жетер жердегі барлық шеберді жиып, мұнара құрылысын қолға алады, жеті күн ішінде жеті сатылы күмбез тұрғызылып, алғашқы қонағын қабылдайды.

Бірақ... тағы да бірақ...  Кеудесі шер мен мұңға, көзі көл-көсір жасқа толы жесір келіншек жүрегін асқақтаған әсем мұнара да, қандай да бір ғажап құрмет те қызықтырмайды. Мұнара салынып біткенде, ол тұтқындаушы билік иелеріне «Құдай қосқан күйеуім, кейін өзім тасын қалап, тамашасын арттырған тағдырлас қаламмен қоштасайын» деп мұнараның ұшар басына дейін көтеріліп, ақыры сол мұнарадан құлап өлген деседі.

Бұл аңыздың бір нұсқасы. Ал Сүйімбикенің өз атынан баяндалатын бүкіл түркі халқына кең тараған белгілі шығарма – “Сүйімбике зарында” (Оны 1914 жылы Гумер Баширов белгісіз біреудің қолжазбасынан көшіріп алған) оның өмір жолы сәл басқашалау баяндалады. Онда Сүйімбике жетім баладай жылап, қан жұтқан Қазанымен қоштасып, келешекте бұл қалада мені мен мұнарамның аты қалар деп аттанып, әлдебір Зуя деген қалаға жеткені, онда күймеде үш күн түнеп, Мәскеуге барғаны, он адам қарауылдаған “Қыздар майданы” деген орында апта, айлар бойы отырғызып, ақыры өзін күйеуге, баласын попқа “аманатқа” беріп, тілін, дінін өзгерткені айтылады. Сол Өтеміс алты жасында өлім құшады. Кей деректерде оны 20 жасында өлді деп көрсетіледі. 

Татарлар тарихы, оның ажырамас бір бөлігі – ауыз әдебиетінде Сарайшықтың сұлу Сүйімбикесі – атақты Жүсіп мырзаның дәуірлеген дәулетімен еш қайғы-мұңсыз балалығын өткізіп, әке пәрменімен тым жас шағында тұрмысқа шыққандығы сөз болады. Сүйімбике туралы аңыз да мол, жыр да көп. Оны «Татар халық ижаты» (Қазан 1983, 30-34 б.б) кітабындағы «Сүйімбике бәйітінде»:

       «Мың да беш йөз унбиште бұ дөньяға келгенмин,

    Ата-ана дәулетін китмәс диеп бәлгәнмен...

 

Ата-ана кулында бир кайгу да күрмәдем,

       Кайгуларны курмен деп исәпләп тә иормадем», -

(«Егемен Қазақстан», 29.10.2011)

деген жолдардан да аңғаруға болар еді. Бірақ сол Сүйімбике он сегіз жасында адал жардың ыстық құшағына еніп, махаббат алауына  азды-көпті күйіп-піскені болмаса, аз жылда Жанәлісі өліп, одан бұрыннан үш, кей деректе бес әйелі бар қырма сақал Қырым ханына төртінші әйелдікке барған. Арада он төрт жыл өткенде өртеніп тұрған жүрегі, албырап тұрған алаулы бет-жүзі бар Сүйімбикенің құсалы кейпі, өкінішті өзегі молынан жырланды, айтудай-ақ айтылып, толғанды.  Оларда Сүйімбикенің өлімі туралы да түрлі нұсқалар кездеседі. Бірақ, біз соның бірін ғана тілге тиек еттік.

Бір қарағанда бұрынғы бұлғарлар, кейінгі  Қазан тарихында ханшайымдығына қоса халықшылдығы, сұлулығына қоса сұңғыла ақылдылығы, билігі мен бедені, ой-арманының тереңдігі еш адамға тең келмеген Сүйімбике ханшайымдай ең көп және ұзақ жырланған ару жоқ. Өйткені ол жоғарыда айтқанымыздай өте қиын кезеңде өмір сүрді. Билік басына келген кезде бір жағынан «Қырым тобы», екінші жағынан «Мәскеу тобының» таласына түскен Қазан хандығы ұстараныңқылпылдаған өткір жүзінде тұрғандай қиын кез еді. Оның үстіне биліктің ішкі қайшылығынан жігері мұқалған халық қайта-қайта шабуылдаған соғыстан мүжіліп, тек Сүйімбикенің рухты ісі, намыс қайрар қайратты сөзі арқылы еңсе көтеріп, еңкейген кеудені қайта тіктеді. Халық оянды, ар оты тұтанды. Сол үшін де оны  ел сыйлады, парасаттылық парқы, ар биіктігінің өлшемі деп таныды.

 

 

 

*              *               *

 

1834 жылдың көктемінде Дерпт университетінің профессоры К.Ф.Гебель Ресей ғылым академиясының тапсыруымен Еділ-Жайық өзендері аралығын зерттеу кезінде Сарайшықта болады. Осы сапары жайлы ол өз күнделігіне былай деп жазған екен: “Жергілікті өсімдіктер жинау және қаланың орнымен танысу мақсатында біз мұнда түске дейін аялдадық. Көне қаладан тас сынықтары мен молалардан басқа ештеңе қалмаған,оның тастарын казактар өздерінің бекіністерін салу үшін алып кеткен. Сарайшық маңайынан итальян теректерін, екі кішілеу павильон көріп, қайран қалдық. Бұл жергілікті казак Орловтың бағы екен. Онда алма, шие, алмұрт, жиде, жүзім, алхоры ағаштары егілген” дейді.

Жақында қала орнына қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар одан ХІІІ ғасырда пайдаланылған шарап ашыту қазанын, сүйектен жасалынған және алғашқы қалпын жоймаған музыкалық саз сырнай аспабын тапты. Сайып келгенде мұнда миюалы бақ, төгілген жемістер желісінің болғаны анық. Олардан шарап өндіріліп, ол шараптан дәм татқан Сайф Сараи сынды аты алысқа жеткен сөз сүлейлері мен шайырлар, әнші-күйшілер бақ төрінде сауық-сайран құрды, өлеңдер оқыды.

... Есімізге жоғары оқу орнында жүргенде ғұлама ұстаз, марқұм Шайқы Кәрібаевтың көне Сарайшық, Астрахан қалалары, Әз Жәнібек, Сыпыра жырау мен Асан қайғы, Жиренше шешен мен Қарашаш жайлы айтқан неше бір ғажайып әңгімелері оралды. Шіркін, сол бір Шайқы ағамыз тамағын кенеп қойып сөз бастағанда тоқсан минутқа симай, суырылып көктемгі Ақ Жайықша тасқындап толғар еді-ау. Пай-пай! Сол өлеңдерді қазір тыңдаса ше!

 

Жалғасы бар,осында