САРАЙШЫҚТЫҢ ЖЕТІ ХАНЫ

САРАЙШЫҚТЫҢ ЖЕТІ ХАНЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

 

Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанда көне қалалар, олардың өзіндік мәдениеті болды дегенге көп мән берілмей, барларының өзі Ресеймен арадағы байланыстан кейін ғана дүниеге келген деген ұғым қалыптасты. Шындығында, тарихи деректер негізінде, басқа аймақты былай қойғанда, орта ғасырға дейін-ақ Еділ мен Жайық арасында ондаған қала өмір сүрді десек, осының өзі неге тұрады. Осы еңбек басында айтқанымыздай ең ірі үш қаланың бірі Сарайшық болса, оны қайда қоямыз. Бірақ XVI ғасыр аяғындағы орыс шабуылынан соң аталмыш қала өзінің бір кезгі атақ-даңқы, сәулетінен айрылады, күйреп, құриды. Сөйтіп Мәскеудің қызыл алаңы мен Кремльдеріне негіз болған ғажайып құрылыстар бір ауыз бұйрықпен опырылып, құлатылды.

20141130141112

Әйтсе де Қазақстан көгінде тәуелсіздік туының желбіреуі осынау көне қала орнына қайтадан назар аудару, оның өмір сүру кезеңі, ерекшеліктеріне мән беруімізге себепкер болды. Археологиялық қазба, ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде нақты байламдар жасалынды. Көне қала атын ұрпақтар есінде қалдыру, ұлығылау бағытында да біраз істер тындырылды. 1999 жылы Сарайшық мемориалдық мұражай кешені бой көтерді. Оның ашылу салтанатына республика Президенті Н.Назарбаевтың өзі қатысып, сөз сөйледі. “Міне, мынау Ақ Жайықтың суы шайып жатқан Сарайшық, - деді онда Н.Назарбаев – Еуразияның апайтөс даласындағы көптеген елді өркениет пен ерлікке, бірлік пен тірлікке, ақыл-парасат пен бауырластыққа баулыған Алтын Орда елінен қалған сары жұрт. Ол Қасымхан билік құрған тұста қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті. Өйткені, иісі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары -  Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Охас, одан бергі Қасымхан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапты. Оны еліміздің алғашқы пантеоны десек те болады”. Ол рас, ауызға көне Сарайшық қаласы алынса, алдымен еске Алтын Орда дәуірі, одан бергі ноғай, қазақ хандықтарының игі жақсылары, ел билеген Бату мен оның балалары, әсіресе Сартақ, Өзбек хан мен әлгі айтқан Жәнібек, Бердібек, Қасым хандар, ел қорғаған Едіге, Ер Тарғын, Қамбар батырлар мен Сыпыра сынды сұңғыла жырау, Асан қайғы мен Жиембеттей ақындар, Жиреншедей шешендер оралады. Неге? Оның да өзіндік себептері бар еді.

Біздің, яғни бәріміздің тарихи әдебиеттер мен көркем шығармалардан оқып, білгеніміздей Сарайшық анау Алтын Орда дәуірінен бастап Жібек жолы бойындағы Азия мен Еуропа құрлықтары тұрғындарын бір-бірімен табыстырған, тоғыстырған портты және қол өнері мықты дамыған шеберлер қаласы болумен бірге, даласы төрт түлік мал, құлан мен киік, қарақұйрық сынды аң, суы балыққа толы, жасыл желекті, шұрайлы мекен. Соған сай Үлкен Сарайда билік құрған хандардың қандайы да көктемгі қар суынан кейінгі жылымықтан күзгі қараша, қаздар қаңқылдап, су бетіне шәуіш тұрған боқыраулы шаққа дейін осы қаланы мекендеп, өздерінің жазғы демалыстарын өткізетін саялы орта, салқын бақ, саят өлкеге айналдырғанын да ілгеріде айтқанбыз. Болмаса осы арадағы көненің көзі, тарихтың өзі болып есептелетін талай қария “Әз Жәнібек қызының Жайықта жүзіп жүретін алтын қайығы болыпты. Ол қандай ма той, ойын-сауық, астарда сол қайығына отырып, тұла бойы түгел сары қыранын топшысынан демеп, серуенге шығады екен” деп неше бір қызық әңгімелерді, талай-талай аңыздарды сабақтайды. Сайып келгенде бұл тек Әбілғазы Баһадүр жазатын “Сарайшықта таққа отырған ғұлама да ибалы, ғажайып ақылды, мұсылман патша Әз Жәнібек” тұсы ғана. Ал хандар шежіресіне үңілсек оның әкесі Өзбек, өз ұлы Бердібек те осында билік құрды, осында жанбастары мәңгілік жерге тиді.

Барақ ханнан Жәнібек, Жәнібектен Дәруіш, одан Ахмет (хижра 915 ж.), Жәнібектен Қансұр, одан Сок, Соктан Жадук, Жадуктің Иранчи ханы, Соктың тағы бір әйелінен тарайтын Қажы, Махмут хандар мен ноғайлық Жүсіп мырзаның өздері де осы Сарайшықта хандық билік жүргізіпті.

Тарихта таңба басқандай ғып айтылатын әйгілі Сартақ, белгілі Берке, тамаша Тоқтаға, орыстар ойрандағанша билік құрған Ысмайыл мен Ораз да Сарайшыққа жерленді. Мүмкін осыдан да шығар жоғарыда Елбасының өзі баяндағанындай тарихшылар да аталған қаланы Жошы әулетінің, болмаса, қазақ хандарының алғашқы пантеоны деп атайды.

Тарихи деректердің біразын батырлар жырлары да дәлелдейді. Мысалы, “Ер Едіге” жыры бойынша Едіге Тоқтамыс ханның басын кесіп, осы Сарайшықта жерлейді (денесі Түмен жерінде қалады. Ө.Ә.). Өзі де осында он бес жыл билік құрады. Кейбір аңызға құлақ түрсек, кейде Едігенің өзін осы Сарайшықта дүние салыпты деседі. Бұл шындыққа жақын келеді.

Қара қасқа атты Қамбар мен Ер Тарғынның сүйегі де Сарайшықта. Әлкей Марғұлан атындағы республикалық археология институты Батыс Қазақстан экспедициясының соңғы жылдардағы Сарайшық қаласы орнынан тапқан темір ақшалары олардың Тоқтаға, Өзбек, Жәнібек, Күлпә, ызыр Әзиз шеих, Мұрад, Абдолла, Мұхамед Бұлақ, Тоқтамыс, Қайырболат, Келдібек хандар тұсында Сарайшық қаласында соғылғандығын дәлелдесе, бұл да аталған хандар есімдерінің Сарайшыққа әйтеуір бір қатысты екендігін байқатады. Яғни мұның өзі жоғарыдағы Шынияз ақын жырындағы “Сарайшықта бар дейді, жеті ханның моласы” немесе заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтатын “... қасқа жолды Қасымды қосқанда жеті бірдей хан жерленген Сарайшық” деген аса құнды деректеріне де қырағылықпен қарауды, керек десе түзету енгізетін де сәттер болатын сияқты.

Бұған қоса қазақ мемлекетінің алғашқы ханы Қасым да Сарайшықты ел астанасы деп жариялап, 1523 жылдың қысында осында көз жұмады.

Оны Қазақ ССР тарихының 1957 жылы жарық көрген басылымындағы “Жазбаша деректер айқындайтынындай XV-XVI ғасырлардағы ең үздік архитектуралық туындылар деп Сарайшықтағы Жәнібек пен Қасым хан мавзолейлерін атауға болады” деген жолдармен де бекіте түсуге болатын шығар.

Бір сөзбен айтқанда қазірде қаласы түгіл, қалқайып тұрған көне қорғанның жарым-жарты қабырғасы жоқ Сарайшық қашаннан бері хандар мекеніне айналған құтты орын, мәңгілік мекен. Мұнда қазақтың соңғы хандарының бірі 1801-1802 жылдары Бөкей де Еділ бойына өкше көтергенде, яғни қыстап кетіпті. Сондай-ақ аталған қала жоғарыда айтқанымыздай хандар пантеоны. Өкініштісі – ортада өткен бес ғасыр олардың мүрделері түгіл музейге айналар мавзолейлерінің (кесенелерінің) орнын да құмға айналдырып, құрдымға жіберді. Бірақ сол бір ел басқарған хандар мен жау жасқаған жандар есімін жүрекке жазған кешегі аталар деректерін мына біз, бізден бұрынғы зиялылар қағазға түсіріп, тасқа бастық, басты да. Кітап қып жүйелеп, құжат қып түгендеді. Бұл біздің елдікке, өрлікке бастаған ұлы тұлғалар алдындағы өтелер қарызымыз, дәстүрге берік, келешекке көрік болар парызымыз екені даусыз.Сөйтіп бір сөзбен айтар болсақ Сарайшықта көз жұмып, жаны жай тапқан хандар мен бектер, мырзалар мен батырлар, әулие-әмбиелер жетерлік. Солардың ішінде халық қадірлеп, айрықша ауызға алатын жеті ханы кім?

8d7095e4adf90fba8549dadab7e0e971

Ол рас, ел ішіндегі дуалы ауызды дарабоз қариялар “Сарайшықта он үш әулие, жеті хан жерленіпті” деп, бөле-жара әңгіме қылады. Жоғарыда айтқан Сарайшық мемориалдық мұражай кешенінде осы жеті ханның әрбіріне арналып, жеке-жеке ескерткіш қойылды. Олар мыналар еді.

1. Мөңке Темір

(1266-1282)

Сарайшықтағы хандар зиратханасында алғаш жерленген деп есептелетін ол Алтын Орданың Бату мен Сартақ, Ұлақшы мен Мөңкеден кейінгі билеушісі, Бату хан немересі, Тоқайдың ұлы. Оның есімі Алтын Орда тарихында тәуелсіз мемлекеттің бірінші әміршісі ретінде сақталады. Себебі ол кезде Алтын Орда Монғол империясының құрамынан толық бөлініп шыққан болатын. Соған сай  Темір тұсында Алтын Орда монғолдың бас тағын иеленген Құбылайға бағынбайтын тәуелсіз, дербестікке жетті. Жошы ұлысының саяси тәуелсіздігі қамтамасыз етіліп, Темір есімі жазылған алғашқы теңгелер шығарыла бастады. Мөңке Темір тұсында орыс кінәздіктеріне, православие дін басыларына, Генуя, Венеция көпестеріне өз қолынан жарлық беріп, батыс аймақта тыныштық орнатылды. Үгедейдің немересі Хаидумен одақ құрылып, 1269 жылы Талас өзені бойындағы құрылтайда Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстары арасындағы алауыздықты тоқтатуға негіз болды. Оның Константинопольға жасаған жорығы Алтын Орданың Кавказ бен Еділ бойындағы беделін арттырды. Бірақ билік басында болған Мөңке Темірден кейінгі таққа отырған Туда Мөңке бұл мәртебені ұзаққа апармай билікті Ноғай алып кетті, сөйтіп Алтын Орданы алауыздық биледі.

Тарихта Мөңке Темір есімімен Алтын Орда тарихында үш оқиға аталады. Оның бірі – Кафада генуялық сауда жүйесінің пайда болуы болса, оның өзі Қырым тағдырында ерекше орын алды.

Екіншісі – Н.М.Карамзиннің айтуынша, Мөңке Темірдің орыз кінәздеріне ымырашылдықпен қарауы нәтижесінде олар хазарлық салық жинаушылар езгісінен құтқарылды.

Үшіншісі – Мөңке Темір тұсында түменбасы Ноғай күшейді, кейін ол Алтын Орданың батысында ешкімге тәуелсіз, жеке-дара билік құрды.

 

2. Ғийас-ад-дин-Тоқта

(Тоқтай)

(1290-1312)

Алтын Орданың 22 жыл бойы ханы болған Тоқта Батудың шөбересі еді. Ол туралы түркі тұқымдас халықтардың кейбір тармақтарының шежіресін алғаш хатқа түсірген Хиуа ханы Әбілғазы Баһадүр өз жазбаларында қыпшақ ханы Тоқтаның билік құрған кезеңі, оның мәні мен ерекшелігі жайлы кеңінен әңгімелеген болатын. Әйгілі Марко Поло оны “Батыстың патшасы” деп атаған еді.

1288 жылы Тоқтаның Ордада билік құрған бауырлары оның ұйымдастыру, іскерлік қабілетінен күдік алады да қалайда көзін құрту ниетімен оны Алтын Ордадан аластап, қуып шығады. Бірақ ақыл, айласы ағайындарынан да асып түсетін Тоқта осы кезде еш алаңсыз Ноғай батырдың жылы қойнына кіріп-ақ кетеді. Ал Ноғай болса, Тоқта бауырының сілтеуімен оның Ордадағы бар қарсыластарын өзіне қаратып, ақыры әлгілерді бір-бірлеп көзін құртады да хан тағына қамқорлық тілеп келген Тоқтаны отырғызады. Бұл 1290 жыл еді.

Бірақ тақ үшін талас талай Шыңғыс ұрпағының ағасының інісіне, інісінің әкесіне әңгір таяқ ойнатып, қол көтеруіне негіз болды. Олар үшін ең қымбаты туған емес, тақ. Мүмкін осыдан шығар қалмақтар “таста тамыр, төреде бауыр жоқ” деп мақалдайды. Міне, осындай себеппен арада аз уақыт өткенде Тоқта мен Ноғай арасындағы дүрдіараздық басталады. Тоқайдың інісі Дүден Ноғай иелігіндегі орыс кінәздарын басып алады да артынша 1300 жылы Тоқта Ноғайды түпкілікті жеңіп, Еділ мен Дунай арасындағы кең жазыққа еркін билік жүргізе бастайды. Бірақ Орда ішінде осындай ұйымдастыру, бірігу жұмыстары жүре тұрса да сыртқы саясатта анау айтқан жеңістер жоқ еді. Парсы ильханы Газанға қарайтын Арран мен Әзірбайжанды жаулап алу ниеті жүзеге аспады. Орыс жерін басып алу ойы да орындалмай, осы жорыққа аттанам деп отырғанда кенеттен қаза тапты. Денесі Жошы хан ұрпағының пантионаты Сарайшыққа қойылды.

        

3. Жәнібек

(1343-1357)

Тарихта Жәнібек атты ұлы тұлғалар әр кезеңде де өмір сүрген. Ал біз әңгіме жасағалы отырған Жәнібек кәдімгі Алтын Ордаға жиырма жыл әкімдік етіп, 1342 жылы қайтыс болатын шешімді де ақылды хан Өзбектің баласы. Ол туралы Әбілғазы Баһадүр “Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды. Өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді. Сарайшық шаһарында таққа отырды” деп жазған еді өзінің “Түрік шежіресі”кітабында.

Күллі Шыңғыс ұрпағы сияқты Жәнібек те жастай хан тағын армандап, ақыры ағалары Тыныбек пен Қыдырбектің көзін құрту арқылы билік басына келді. Өзі хандық құрған тұста Жәнібек Алтын Орданың ішкі және сыртқы саяси жағдайын нығайтуға барынша күш салып, оның болашақ шекарасын өсіруге де ден қойды. Жәнібек хан тұсында көршілес елдермен сауда-саттық өсіп, халықаралық қарым-қатынас дами түсті. Мемлекеттің батыс бөлігінде, Еділ-Жайық бойында, Кырым түбегінде қала мәдениеті өркендеді. Алтын Ордаға бағынышты орыс кінәздіктерінен алым-салық жинау ісі бір ізге түсті. Мемлекет шекарасын кеңейту мақсатында ол 1357 жылы Хулағу әулеті басқарған тұста өз іштеріндегі алты бақан алауыздығы өршіп, қырқысудан қолы босамаған Иранға мыңсан әскер аттандырды. Әзірбайжан жерін баса көктеп, Иран даласын қанға бөктірген қалың әскер Тевризді басып алады. Мұнда баласы Бердібек билік құрады. Бірақ халқымыздағы қашаннан бері келе жатқан “Атаңа не істесең – алдыңа сол келеді” деген мақалы осы жерде де расқа айналып, Бердібек ту сонау иттің өлген жеріндегі титімдей Тебризден гөрі етек-жеңі далиып, дархан даланы алып жатқан Алтын Ордаға қызығып, елге қайтып бара жатқан әкесіне жүрек жұтқан жауыздық ұйымдастырады. Басқа емес, баласынан келген қастықтан Жәнібек орта жолда опат болады. Сүйегі Сарайшыққа жеткізіліп, үш күн аза тұтудан соң жерленеді. Орнына Бердібек хан боп, таққа отырады. Ол мемлекеттің іргесі берік және өзіне қарсы келер, хандық билікке таласар мұрагердің жоқ болуын қалайды да, күдікті деген жақын-жұрағат, 12 аға-інінің бәрін қынадай қырып, жоқ қылады Бірақ осыншама тас бауыр, безбүйрек жанның билік кезеңі ұзаққа бармай, келесі жылы өзі де інісі Құлпаның қастандығынан қан жұтып, қаза табады.

Жоғарыда айтқанымыздай Жәнібек Алтын Ордада діннің дамуы, орыс кінәздіктерімен арадағы байланыстың жақсаруы, әр қала, кінәздіктер егемендігіне көңіл бөлді. Олардан жиналатын алым-салықтардың жүйеге келтірілуі, тәртіптің нығаюына ден қойды.

 

4. Әмір Охас

(1428-1447)

Ноғай Ордасының ханы.

Алтын Орда аймағында өз шабуылын 1396 жылы аяқтаған атақты Ақсақ Темір, ең алдымен, осы Орданың соңғы тасының күйреп, жаһанда жалғыз ғана атының қалуына негіз болды. Бұдан әрі бұрынғы күрлеп тұрған Жошы ұлысы енді жеке-жеке хандықтарға бөлініп, Сарайшық – Едіге Әмір билеген Ноғай Ордасының болашақ астанасына айналды. Сайып келгенде Едіге, Нұреден, Кейқуат, Мансұрлар Еділ бойындағы ескі Сарайда ел қатарлы билік жүргізіп, біраз уақыт әмірлік етті.

Ноғай Ордасының басқару тағына Едігенің немересі, яғни Нұреденұлы Охас отырғаннан бастап, астана Сарайшыққа бұратала ауысты. Бір айта кетер жай – Охас Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдың (1428-1488) тұстасы. “Ол билеген тұста,- дейді заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің Әмір Охас жайлы бір жазбасында – Ноғай Ордасы, шамасы Әбілхайыр билеген өзбек-қазақ көшпелі тайпалар бірлестігіне қараған болса керек. Соған сай Охас соңыра Әбілхайырдың Дешті Қыпшақтың бас тағын иемденуіне көмектеседі де бас ақылшысы болады”.

Әмір Охас Әбілхайырдың Сырдарияны алуына жан-тәнімен араласып, 1446 жылы Өзгент қаласын жаулауға қатысты. Бірақ біраздан бері ауыз жаласып, ым-жымы бір болған бұл екі дос әп сәтте нілдей бұзылды, тіпті кейіннен қағынан безген құландай бір-бірін көрмей кетіп, соңында ойда жоқта Охас 49 мүшелді жасында опат болады. “Отыз ұлды Охастың балалары” 1447 жылдары Әбілхайырдан бөлініп, Жайық бойындағы өз ордаларын нығайтуға бет бұрды. Ал бұл осы кезге дейін Охасқа арқа сүйеген Әбілхайыр хандығы үшін оңай соққы емес еді. Бұдан арғы таққа иеленген Мұса Мақмұт Шайбани ханға көмек береді де, қазақ ханы Бұрындыққа қарсы шығады. Тіпті сол Мұсаның ұлдары Алшағыр, Шихым, Сейдақ тұстарында Ноғай Ордасы Қырым, Еділ байларына, шығыстан қазақ хандығына қылия қарау керек емес деп есептеп, бұлардан әбден қол үзеді.

Бір айта кетер жай Әмір Охас жайлы дерек қазақ ғалымдары еңбектерінде де, ноғайлықтарда да тым аз, жұтаң.

 

5. Ших-Мамай

(1542-1549)

 

Ноғай хандарының бірі, Едігенің туажаты, Нұреденге (Нұрәддин) шөбере, Охасқа немере, жоғарыдағы Әмір бидің үшінші ұлы. Ол Ноғай Ордасының күнгей шығысына билік жүргізді. Қырым ханы Мұхамедгерейдің 1523 жылғы Астраханды жаулауына аса бір ынтызарлықпен көмегін берді. Әйтсе де кейіннен Қырым хандығының күшейіп, өсіп кетуінен қорқады да, оған шабуыл жасап, патшазада Батыр хан мен Палуан Сұлтанның көзін құртуға бел буа кіріседі.

1524 жылы таққа отырған Қазан ханы Сафа-Герей Мәскеу ықпалына қарсы күрес жүргізеді. Ол осы күресте Ноғай Ордасына иек арту үшін Ших-Мамайдың қызына үйленеді. Ал Ших-Мамай болса сол кездегі Әмір Сейдахметтің (Сейдақтың) Мәскеумен ауыз жаласуына әбден қарсы еді. Қасым хан (1511-1523) тұсында қазақтар Жайық бойының суы мол, қамыс-құрағы ырғалған шұрайлы жеріне қызықса, оның мұрагері Тағдыр хан 1530 жылы ноғайлықтардан естен кетпес соққы алып, жеңілген болатын. Ших-Мамай аталған шайқасқа белсене қатысып, ерекше көзге түседі де, 1542 жылдары Сарайшық тағына отырады, 1549 жылы көз жұмады.

Ших-Мамай тұсында Мәскеу мемлекетімен сауда-саттық, көбіне-көп өндірістік тауарлар айырбасы орасан зор өсті. Өйткені Сарайшық тұрғындары көшпенділік тұрмыстан әлі арылып бітпеген, өзінің өндіргіш күштері әлсіз қала еді.

 

6. Қасым хан

(1511-1523)

Әуелден ел бірлігі үшін туған Қасым хан тұсында қазақ үлкеннің айтқаны, ағаның аңғарымпаздығы, інінің көрегендігін танып, ел туын тік тұрғызды. Жүректі жүрек түсініп, білектің күші бірліктің негізі атанды. Ол әкесі Жәнібек, ағасы Керейдің де қашанғы арманы, ел көксеген тілегі еді. Сондықтан да оны тарихта Жошы жолын қуып, қазақтың есендікте мал беріп, батыр жиған біртуар ханы деп бағалайды. Дегенмен сол кезде де қазақтың жауы аз емес және алыста емес, өз іші, ортасында болатын. Қазақ ұлымен тұңғыш жау болып алысқан Ақсақ Темір әулеті емес, Жошыдан тараған Шибан ұрпақтары еді. Қазақ хандығының көк туын көкке көтерген Жәнібек пен Керейге олардың немере ағайыны Мұхаммед Шибан қарсы шықты. Неге?

Өйткені бұл әуелден Жошының он үшінші ұлы Тоқай Темір ұрпақтары алдында “Үлкенбіз, жоралғының жолы да, сыбағаның молы да біздікі, керек десең Еділ менікі, Жайық та менікі, Еділдің түбіндегі балық та, Жайықтың бетіндегі қайық та менікі” деген Алтын Орда дәуірінің мақалы да бар-ды. Сол негізге ұсталынды. Осындай үздіксіз бақталас, соғыстан соң Алтын Орда мен Ақ Орда ыдырады да дағдарыс басталды. Қараша көнбеді, хан билей алмады, тұрмыс төмен, ел босты. Мемлекет тізгінін ұстаған Шибан ұрпақтары Тоқай Темір әулетіне деген қысымын азайтпады. Ақыры ұлыс бөлінді. Ағайынды екі сұлтан Жәнібек пен Керей Моғолстанға өздеріне қараған 120 мың түтінді бастап, көшті. Өзбек пен қазақты екіге бөлген бұл дүрдіараздық соңы Мұхаммед Шибанның өзбектердің қазақтарды дінсіз деп жариялап, екі ел арасында сауда-саттық жүргізуге де тыйым салғызды, бейбіт жатқан қазақтарды тонап, тіпті оларды тұқымсыз қалдыруға дейін барды. Мұндай қақтығыс жарты ғасырға ұласып, мал бағылмай, егін салынбай, ер көмілмей, тер төгілмей алауыздық өсті. Осы кезде жанымен қайғы болған қазақты орыс пен қалмақ екі бүйірден қысып, Астана біресе Тәшкен, біресе Түркістанға көшті.

Міне, осы шақта «қазақ жерін қорушы» атанып, ала тайын әлдекімге алдырмаймын, алға басқан аяқты басқаларға шалдырмаймын” деп күллі рудың басын қосқан Қасым ел шекарасын қазіргіден әлде қайда кеңге жайып, Астрахан, Түмен, Қорған, Орынбор, Омбы, Барнауыл, Құлынды, Сартау өлкелері, Жоңғар даласы, Түркменстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның біраз бөлігіне билік жүргізді. Қасым ханның Қазақ Ордасын құрудағы саяси іс-әрекетін тарихшылар Жошымен тең қояды. Исі Дешті Қыпшаққа үш ғасыр бойы, яғни Абылайға дейін Қасым салған “Қасқа жол” ұзақ уақыт жүректерде сақталды. Қазақ үшін қадірлі осынау хан Алтын Орда заманынан қасиетті орын боп саналған Сарайшықта, әкесі Жәнібектің қасына жерленді. Бұл 1523 жылдың қысы еді, жасы 75-76-лар шамасында болатын.

 

7. Жүсіп

(1549-1554)

 

Арасы бір-ақ жас Жүсіп пен Ысмайыл Едігенің шөбересі Мұсаның Ханзададан (Сібір ханы Ибақтың қызы) туған. Жүсіп көзі ашық, діни сауатты ізгі ниетті тақуа адам. Н.М. Карамзин оны «кемел ойдың иесі» десе, түрік сұлтаны «билердің биі» деп бағалайды. ОлИван Грозныйдың Қазанды жаулау ниетінде екенін жақсы білді, тіпті екеуін татуластырмақ ниетте болды. Бірақ еш нәтиже шықпады. Оған себептің бірі інісі Ысмайылдың өзі болды.

Жүсіп Мәскеу мемлекетінің Еділ бойына орнығу саясаты әбден күшейген кезде билік құрды. Бұл кезде Ноғай Ордасында өзара кикілжің өсіп, Жүсіп мұсылман елдерімен ынтымақтастықты қолдаса, інісі Ысмайыл Мәскеу мемлекетімен қарым-қатынасты арттырғанды қалады. Аталған алауыздық әсіресе орыстардың Қазан қаласын жаулап алу кезінде тіптен күшейе түсті.

 1533 жылы Қазан хандығы тағына отырған Жаналы хан Жүсіптің сұлу қызы Сүйімбике аруға үйленді. Ал Сүйімбике туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Әсіресе соңғы 10-15 жылда көп жазылды. Тіпті жекелеген кітаптар да шықты (“Егемен Қазақстан”, 29.10.2001 ж.). Қазан тағына таласқан “Қырым тобы” мен “Мәскеу тобы” арасындағы тайталаста қақпақылға түскен қызының тағдыры Жүсіптің алыс-жақындағы саяси белсенділігін күрт азайтты. Қазан хандығының құлауы (1552 ж. 02.10) Жүсіптің шын мәніндегі саяси күйреуіне әкелді. Осы кезде, яғни 1554 жылы Ысмайыл ағасы Жүсіптің Ордасын талқандап, көптен армандаған мақсатына қол жеткізді – таққа отырды. Бұдан әрі Жүсіп әулеті қуғынға ұшырап, бір баласын мәскеуліктер аманатқа алды. Одан күндер өте атақты кінәз Юсуповтар әулеті өсіп шықты. Сайып келгенде Жүсіптің күйреуі – Ноғай Ордасының күйреуі десе де болар еді. Орнына отырған Ысмайылдың тұсында (1554-1563) Орда аласапыран күн кешіп, бақастықтан бас көтермеді. Әңгімеге орай ноғай мырзалары арасындағы қайын жұртын сағалаған қазақ сұлтаны Ақназар Қасымұлы 1569 жылы Мәскеу одақтасы Тінахмет мырзаны Сарайшық тағынан ығыстырады. Осы шақтан бастап Ноғай Ордасы мемлекеттік бірліктен айырылып, біраз жұрты Қап тауына бет бұрып, қалған бөлігі Қазақ хандығына барып қосылды.

Міне, Сарайшық зиратханасында жерленген жеті хан деп осыларды айтып жүрміз. Бұл деректер жоғарыда тілге тиек еткен Әбілғазы Баһадүр хан, одан әріректе өмір сүрген Мұхаммед-Хайдар Дулати және көбіне-көп жазушы Әбіш Кекілбаевтың еңбектері, басқа да көне жазбалар негізінде жинақталған. Соған сай Сарайшықтағы мемориалдық мұражай кешенінде аттары қашалып, жеке-жеке ескерткіш қойылды.

Өткенді білу - өркениет белгісі, ұлт тарихы, ел болмысы, ұрпақ тәрбиесі. Кіндік кесіп, кір жуған өлкемізге саптаяқ сабынан қарауыл қарап, шекарамызға шегір көзін алартқан кейбір керауыздарға қарсы керек дәлел. Сайып келгенде Сарайшық әлі сыры ашылмай, сыбағасы берілмей жатқан қала. Ендеше қала мәдениеті, оның сәулет өнері мен салтанаты, алыс-жақын елдермен әлеуметтік, экономикалық байланысы туралы түбегейлі зерттеу керек-ақ, ол келешектің ісі.

251207-37

... Алдымызда көсіліп көне Сарайшық қаласының орны жатыр. Жанымызда кәрі ағаштың солып қалған жұлым-жұлым бұталары қалтырайды. Алыста Жайық жағалай жайқалған жас талдар иін тіреседі, бейне тоғай десе болар. Есімізге ақын Ғайсағали Сейтақтың “Сарайшық” өлеңі оралады.

Мұнда қанша құпия бар, азап бар,

Тас ғасырда емес,

Одан бері де

Сарайшықты талқандаған казактар,

Мынау жерге шөп шықпасын деді ме?!

 

Өткен күнге үкім айту қиын-ақ,

Ешкім де енді бере алмайды арызды.

Ең соңғы рет көздің жасын құйып ап,

Құмыралар кеуіп қалған тәрізді.

 

Сезер адам болған-ау деп астана,

Көрген сәтте ескі жұрттан құбырды.

Болар-болмас тіл қатқандай жас қала,

Бүлкілдеп бір қан тамырда жүгірді...

 

Бір бақытын көрер, бәлкім, әлі де ел,

Жер бетінде жазылғандай тас кітап.

... Күл болдым деп күңіренбе,

Кәрі емен,

Жайқала бер,

Желкілдеген жас бұтақ!

Сарайшық...

 

Біз күні кешеге дейін бұл қалаға дендеп назар аудармадық. Ол туралы жазылған аз-мұз дүниелер болса, оның өзі де жергілікті өлкетанушылардың желге қарап айқайлаған, бірақ ешкім ескеріп, құлақ аспаған үні деп ұққан дұрыс. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды, ұрпақтар да ауысады, тарихтың сипатын өзгертіп, жаңа түр беретін де кез болады. Сарайшыққа да сондай шақ туған сияқты...

Археолог ғалымдардың соңғы жылдарғы қала орнына жүргізіп жатқан жұмыстары әр күн, ай сайын тың жаңалықтар әкелуде. Оларды туған халқымызға жарқыратып, жайнатып көрсетер күн де қашық емес сияқты. Ләйлімде солай болғай.

 

Жалғасы бар, осында