РЕСПУБЛИКАНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРОКУРОРЫ

РЕСПУБЛИКАНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРОКУРОРЫ

                                       Приказ          № 1

По прокурорскому Надзору Народного Комиссариата Юстиции КССР

                      2 Августа 1922 года                                                                              г.Оренбург.

                                                  - І-

   На основании п.12 положения о прокурорском надзоре ( собр. Узак и рейстор Раб.-крестьянск. Провительства КССР от 15 июля 1922 года №10 ст 102 ) сего числа я вступил в исполнение обязанности прокурора Республики.

 

                                                  - ІІ-

   На основании п.5 того же постановления назначаю губернскими прокурорами:

        По Оренбургской губернии тов.Башилова  Е.

        По Акмолинской губернии тов. Кониева Ф.И. временно.

        По Семипалатинской губернии тов. Неплюева К.А.

                     Перечисленным т.т. предлогаю немедленно приступить в исполнение возложенных на них обязанностей и вступлений донести мне по телеграфу.          

                                                                                Народный комиссар Юстиций  КССР:         Ш. Бекмухаммедов.

                             ( О.М.М. 1380 қор, 3 тізімдеме, 3 іс, Л. 1 бума )

 

 

15 шілде 1922 жылғы ҚССРның жұмысшы Шаруа үкіметінің 10 санды қаулысының 102 статьясына сай прокурордың міндетін атқаруға кіріскен ҚССР-дің Юстиция Халық комиссары Шафхат Бекмұхамбетов  кім еді.

         Ол ХІХ ғасырда Ішкі Қырғыз Ордасының басқару жүйесінде белсенді қызмет жасаған, игілікті ісімен елдің құрметіне бөленген басшы, ғалым, ағартушы, этнограф, Мақаш әкім атанған Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамедовтің, 1890 жылы 26 ақпанда әйелі Әбдрахманқызы Күлекеден туылған ұлы. Бала кезінен алғырлығымен көзге түскен, жақсы – жаманға ой салып қарайтын зерделігімен танылған, дәріптеуге тұратын алаш азаматы.

Мақаш әкім балаларын еуропалық білім алуға жетектеген әке. Шафхатты  ауылдағы молдалардан тіл сындырып жадитше білім алғаннан кейін Үлкен Ганюшкиндегі екі кластық училищені тамамдатып, 1903 жылы Астрахань қаласындағы классикалық гимназияға оқуға орналастырады.

Бұл, патшалық билікке қарсы топтардың бірігіп, үлкен күшке айналған бірінші Орыс революциясы алдындағы кезең болатын.  Ресейде халықшылдықты қолдаушы демократтар, әлеуметтік теңдікті алға тартқан социалистер, басқару жүйесін өзгертуге ұмтылған төңкерісшілдердің пікірлерін жақтаушы мен қарсылас топтар тартысынан халықтың саяси белсенділігі артқан шақта келген білімге құштар Шафхат сынды жастар, сан идеялар тоғысқан иірімнің ортасына түскен. Жалын шарпыған Революция сөніп, қызуы қайтқан жылдарда империялық ұстанымдағы патшаға қарсы топтардың белсенділерін ұстап, тергеп, әрқайсысына төңкерістік бағыттағы іс - қимылдарына қарай жазалау шарасы алынғанда, 1907 жылы Шафхат мектептен шығарылады. Ауылдан барған өмірлік көзқарастары толық қалыптаспаған жастар, үкіметке қарсы  митингіге қатысқаны болмаса, аса ірі белсенділік танытпағандығы ескеріліп,  келер жылы оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі. 1912 жылы оқуын тамамдап, білімін тереңдету үшін сол жылы Қазанның империялық университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Бастамадан адамдардың  құқықтық даму  қағидаларына құштар жас, кейіннен заң факультетіне ауысады. Жастайынан өзінің ортасындағы қоғамдық – саяси өмірге белсене араласқан Шапхат, Қазан қаласындағы мұсылман студенттерінің «Шығыс клубы» ұйымына қатысады. Оның жетекшілері У.Ямашев, Ғ.Тоқай, Г.Құлахметовтармен танысып, олардың жұмыстарында  белсенділік көрсетеді. Мәдени - әдеби шараларды ұйымдастырудан бастаған әрекеттері саяси тақырыпқа ауысып, революциялық идеяны насихаттауға ұштасты. Қазандағы жылдар ұлтын сүйген ұлтжандылықпен тәуелсіздік идеясын санаға сіңіріп, болашақтағы өмірлік ұстанымын анықтаған кез болды. Оның  жан - жақты жетілуіне 1913 жылы оқудан шығарылып, 3 ай түрмеге  жабылуы оң әсерін тигізді. Ой - өрісі кеңіп, теңсіздік пен тепкіні, қанау мен қаналушыны, барлық пен жоқтықтың аражігін ашып түсінді. Ойлаған мақсатына жеткілікті білімсіз жете алмайтынын терең сезініп, оқуын жалғауға ниеттеніп Астрахань губерния басшылығының көмегімен бір жылдан кейін университетіне кері оралады. «Өз тағдырым ұлтымның тағдырымен ажырамастай бірге» деген қағидаға берік тоқтады. 1916  жылғы қазақтарды майданның қара жұмысына тізбектеліп алынып жатқанда оқиғадан шет қала алмады. Олар көрген қиындыққа араласып бірге боламын деп «Минскі түбінде» жұмыс істеді. Осы сапарда болашақ ұлт көшбасшылары  Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен табысып, бір мүдде үшін қызмет жасайтын  қарулас жолдастар қатарында болды. Ой мен сөзі, сөзі мен ісінің алшақтығы жоқ білімді жас, ұлт зиялыларының арасында ауызға ілігіп, беделге ие болды. Онысын  Бөкей ордасындағы саяси жұмыста студент кезінде басшы ретінде танылғанынан көрініс табады.

         Ресейдегі  Ақпан төңкерісінен кейін уақытша үкіметтің жергілікті жерде билік басына келгенде Бөкей Ордасының ұлтжанды азаматтары өздерінің ұлттық сипаттағы басқару органдарын сайлады. Сол кездегі үлкен саяси шешуші оқиға болған 21 сәуір 1917 жылғы Ішкі Қырғыз Ордасының болыстары мен бөлімдерінен сайланған уәкілдердің съезі болды.

 

С Ъ Е З Д

 

                              представителей волостей всех частей

                              и округов внутренней Киргизской орды.

 

              1917 года апреля 21 дня. В Ханской  Ставке съезд открыл временный комиссар Орды Батыр-хайр Ниязов, коим предложено съезду  избратъ Президиум. Съезд единогласно избрал председателем присяжнего поверенного  Валихана Таначева, членами – врача Мажида Чумбалова и студента Казанского Университета Шафгата Бекмухамедова, секретарями – учителей Ишангалия Мандыханова, Сейтгалия Мендешева и Габдулгазиза Мусагалиева.

             

              Саяси кеңістікте әрқилы пікір - талас көбейіп, жалпы халық қай бағытқа жүріп, кімге ілесерін жете түсінбеген сәтте «Жақсының пайдасы тиер қысылған да» дегендей,  Жоғарғы оқу орнының қабырғасында жүрген Шафхатты «Жақсының айтқан сөзі  артық» деп бағыт - бағдарларын белгілейтін жиынды басқарушыларының қатарында болуын қалаған. Ол кісінің тұстастары арасындағы беделін және парасатты іскерлік қабілетін көрсетеді.

Бұл Алаш идеясын басшылыққа алған жиын болды. Оған қатысып, шешімін іске асырушыларды «Алашордашылар» деудің еш артықшылығы жоқ.

         Октябрь төңкерісінің жемісіндей  орнаған Кеңестер үкіметінің бастама бағдарламасы Алаш идеясымен сабақтастығын тапты. Бұратана  ұлттардың теңдігін мойындау, ұлттық тәуелсіз автономия құру, жер мәселесі, халықтық басқаруды орнатудағы ұстанымдарын Алаштық азаматтар қолдады. Кеңес үкіметінің нығаюына атсалысып қызмет атқарды. Шапхат Бекмұхамбетов те аянған жоқ, ұлты, халқы үшін жұмыстанды. 1917 жыл аяғында оқу орнын  тамамдаған, жоғарғы білімді күш - жігері қайнаған жасты шешуші салада еңбек етуге жұмсады.

         1918 жылдан 30 сәуіріндегі Бөкей Ордасындағы Қырғыз (қазақ) даласы делегаттарының облыстық съезінде губернияның  Жер ісі шаруашылығы Халық комиссары болып тағайындалады.

         Осы съездің 7 мамыр күнгі мәжілісінде Қызыл Армия құру туралы шешім қабылданады, оны ұйымдастыратын құрамында   Миллютин, М.Көкебаев, Ш.Бекмұхамбетов, С.Меңдешов бар комиссия сайланады. Әскери  кадрлардың тапшылығымен қатар қару - жарақ, түрлі құралдар мен киім тапшылығы қол байлау болса да үлкен күшпен облыста әскери бөлім жасақталып, елді шауып мазалап жүрген бандаларды жоюға кіріседі. Бұл орайда Шафхат Бекмұхамбетовтің жер комиссары әрі заңгер ретінде өзіндік орны болды. Облыстық әскери комиссар С.Жанболатовпен (артеллерия  әскерінің поручигі ) бірге алғашқы қарулы отрядтардың құрамына қазақ жастарын тартуға, оларға қажетті мүліктерді қамтамасыз етуге көптеген жұмыстар атқарады.

         РСФСР ұлт істері халық комиссариаты жанындағы қазақ бөлімінің жетекшісі М. Тунганчиннің басшылығымен құрылған қазақтың бірінші атты әскер полкінің жұмысына белсене араласты. Елін, жерін қорғауға шақырып, азаматтық арларын оятатын жалынды сөздерімен көрінген Шафхат Бекмұхамбетовке жаңа тапсырмалар берілді. Бірінші полк ойдағыдай  құралуына орай Республика жоғарғы әскери Кеңесі қазақ ұлттық атты әскер дивизиясын құру жөнінде каулы алады. Кеңестер  республикасының «Шығыс майданының» штабында  қазақ әскери құрамаларын құру жөнінде бөлім ашылады. Басшысына М.Тунганшин, орынбасарына Шапхат Бекмұхамбетов бекітіледі.

         Шафхат Бекмұхамбетов өте жауапкершілікпен қарады. Тұңғыш ұлттық тұрақты әскери құраманың саяси – тәрбие мәдени жұмыстарына белсене араласып жауынгерлік даярлығына үлесін қосты. Олардың әскери саяси даярлығымен танысқан. Армия революциялық Кеңесінің мүшесі В.В.Куйбышев және Түркістан майданының Оңтүстік тобының командасының тапсырмасымен Ордаға келген комиссия : «Полк толық үйретілген, тәртібі жақсы, дұрыс киіндірілген, қаруланған, сондықтан да өте жақсы әсер қалдырды», - деп  жоғары баға алынуында командирдің орынбасары Ш.М.Бекмұхамбетовтің үлесі бар екенін дәлелдеуді қажет етпейді.

         1919 жылы 25 мамырдағы Бөкей Облысының ІІІ съезі Кеңес Республикасының ұлттар комиссариатының қазақ бөлімі басшыларының қатысымен өтті. Бөкей Ордасының әскери комиссары, БОАК мүшесі Тунғаншин съезд төрағалығына, оның көмекшісі болып Шафхат Бекмұханбетов сайланғаны ол кісінің қандай беделге ие екенін көрсетеді.

 Съезд шешімімен Бөкей облысының әскери комиссарының міндетін атқару жүктеледі.

         Сол жылдың қарашасында Орынбордағы төңкеріс комитетіне шақырылып жер бөлімінің хатшысы, кейіннен жұмысшы – шаруа инспекциясының алқа мүшелігіне тағайындалады. Білікті, іскер маман қай салаға да, соның ішінде облыстық губерниялық аймақтарға да ауадай қажет болатын. Сондықтан  іскер мамандар  мен басшыларды бір орынға ұзақ тұрақтатпай тәжірибесі мен білімін пайдаланып үнемі қозғап отырды.

         Оның анық дәлелі Орынборда  жұмыстағы Шапхатты Бөкей губерниясының 17 май 1920 жылы шақырылған ІV съезіне шешуші дауыспен  делегат етіп 2- Теңіз маңы округінен сайлады. Барлығы шешуші дауыспен 142, кеңесші дауыспен 5 делегат, оның ішінде

І Теңіз маңы  округінен 5, ІІ Теңіз маңы округінен 16 делегат қатысты.

         Съезде аймақтағы халықтың жай – күйі, қалыптасқан саяси ахуал мен шаруашылығы жөнінде мәселе қаралды. ІІ Теңіз маңы округінен Шапхат Бекмұхамбетов баяндама жасады.

         Губернияның әкімшілік аймақтық бөлінімін реттеу жөніндегі мәселеде қазіргі округтер мен қисымдарды қосып ірілендіру, сөйтіп басқаруды оңтайлау талқыланды.

         Бұрынғы 7 округ 1 облысты, 4 немесе 5 округке біріктіру ұсыныстары дауысқа қойылып, басым көпшіліктің қолдауымен 4 округ құрауға шешім қабылданды.

         1 – 2  - Теңіз маңы округі Теңіз округі болып бірікті.

         Съезде  Жалпы Қырғыздық (қазақ) съезіне делегат сайлады.

Белгіленген 25 делегаттың орнына  іріктеуден өткен 52 үміткер дауысқа түсті. Жасырын  - жабық дауыс берудің қорытындысында делегаттардың басым көпшілігінің (101-і) қолдауымен  Шафхат Бекмұхамбетов делегат болып сайланды.

         1920 жылы 4 – 12 октябрь Орынбордағы Қаз АССР-і Кеңестерінің құрылтай жиналысына 273 делегат қатысты. Ш.Бекмұхамбетов съезде Қаз АССР-інің Орталық Атқару комитетінің мүшелігіне сайланады.

Орынбордағы жұмысында жүргенде 25.11.1920 жылы Бөкей Губерниясына шақыртылып, Рев.трибуналдың төрағалығын уақытша атқаруға тағайындайды.

         1921  жылдың 25 (мамырында)  Бөкей  губерниялық   кеңестің 

VІ  съезінде сайланған пленумының мәжілісінде «Жұмысшы, шаруа және қызыл әскерлер депутатының Бөкей губерниялық Советінің атқару комитетінің төрағалығына» (Председатель Губ Исполкома) сайланады.

         Орал Мұрағаты 312 қор, 1 - тізімдеме, 15 – іс.

Губернияның сан салалы жұмысын атқара жүріп, республикалық атқару комитетімен тығыз байланыста болған. Қырғыз Орталық Атқару комитетінің мүшесі ретінде сессияға қатысуға іс сапарға барып тұрған. Губерниялық атқару комитетінің 1 сәуір 1921 жылы 104 хаттамасында «Кир ОАК мүшесі Ш.Бекмұхамбетов жолдастың сессияға қатысуға бару үшін жол шығыны төленсін» деген шешім алынған.

         Губерния атқару комитеті аймақтың өмірінің жағдайына қарап басшылық беріп отырған. Айына 5 – 6 мәжіліс өткізілген, ондағы мәселелерді дайындауға жауапты адамдардың  қарап, атқару комитет мүшелеріне шешім алу үшін күн тәртібіндегі қаралатын сұрақтардың тиісті дәрежеде дайындауды қамтамасыз ету іскерлікті қажет етеді.

Алдағы шешімін  табатын міндеттерді айқындау, орынды мақсат қойып қаулы алу біліктілікті талап етеді.

         Осындай сындардан сүрінбей өткен басшыға азаматтар үлкен сенім артты.

         Оның заңгер маман ретіндегі біліктілікпен атқарған қызметтері 1921 жылдың 17 қарашасында екінші Бүкілқазақстандық кеңестер съезінде ҚазССР-і Әділет Халық комиссары болып тағайындалған кезінде анық көрінді.

Ол Кир.Цик-тің мүшесі болумен қатар ҚазақАҚСР Конституциясын дайындау комиссиясының мүшесі ретінде мәселені шашыратпай жинақтап бір арнаға сала білді.

РСФСР-ге арнап жазылған заңдардың жергілікті Республикада қолданыс аясын реттеу ол үшін түсіндірмелер мен толықтырулар енгізді.

         Қылмысты анықтау шарттарын оңтайлау, қазақи әдет- ғұрып пен заңдылық арасындағы қайшылықты жою үлкен қызмет болатын. Қазақтың барымтасы мен ұрлығын, қалың мал мен қадені, еншілеу мен қымқыру тағы сол сияқты күнделікті әдет-ғұрыпты заңдылыққа келтірді. Іс жүзінде қылмысқа жататын өрескел қайшы тұстарын  түсінікті жайға келтіру шараларын алды.

         Заңды басшылыққа алып, қылмысты анықтау үшін тергеу, оның жігін айыратын сот жүйесін орнықтыру, аймақтарда реформалар жүргізу де назарда ұсталатын маңызды мәселелер болатын. Осы шараларды жүзеге асыруда тәртіптілік алдыңғы орынға қойды. Заңның бұрмаланбай орындалу үшін етектен тартқан парақорлықпен күресті басты назарда ұстады.

         Қоғамның дамуы, заман талабы прокурорлық қадағалау органының қажеттілігін туындатты. Соған орай БОАҚ 1922 жылы мамыр айында. «Прокуратура құру туралы» шешімін Одаққа кіретін республикалар түгел басшылыққа алды.

          Қырғыз орталық атқару комитетінің (Кирцик ) 2-шақырылымының 3 сессиясының қаулысымен « Прокурорлық қадағалау жөнінде ереже » қабылданған.

  Оның 3 ші тарауында « Әділет Халық комиссары Республика прокуроры ретінде прокуратураны басқарады » делінген.

      ( Қ.Р.ОММ: 5 қор; 3 тізімдеме; 51 іс; 44 парақ ).

ҚССР Республикасының Орталық атқару коммитеті (Кирцик ) 15 шілде 1922 жылы 2 шақырылымының  ІІІ сессиясында сайлаған Әділет Халық Комиссариатының мүшелері:

 

  1. Бекмұхамбетов Шафхат Мұхамбетжанович Халық комиссары.
  2. Пилявскии Станислав Станиславич Халық комиссарының орынбасары.
  3. Стеклов Петр Михайлович мүшелері
  4.  Бірімжанов Ахмет Курманбекович мүшелері
  5.  Барлыбаев Ахметолла Актаевич мүшелері
  6.  Арганчиев Сахипгерей Джантшалович мүшелері.
  7. Темубцов Алексей Андреевич мүшелері.

       ( Қ.Р.О.М.М №3 қор, №1 тізімдеме, № 113 іс, 182,183 парақ ).

 

ҚССР Әділет Халық комиссариатын  ұйымдастыру жөнінде қабылданған ереженің 5 бөлімінде Әділет Халық комиссарының болмаған кезінде міндетті КЦИК тағайындаған оның орынбасары атқарды делінген.

    (Қ.Р.ОММ. №30 қор; №1 тізімдеме; № 53 іс, 14 парақ ).

 

Төңкеріс, одан кейінгі қырғын соғыстан ауқаттары нашарлап,  халық саны кеміген, әсіресе білікті мамандардың тірі қалғандары жан сақтап әр тарапқа кеткен тұста, заңгерлердің тапшылығы анық білінеді. Облыстарға прокурор тағайындауға лайықты кісілер табылмай Ақмола, Орынбор, Бөкей губернияларынан басқалары ашық тұрды.

         Күш - жігерін аямай құштарлықпен өзіне жүктелген міндетті атқарып, кезекті демалысқа шыққан тұста лауазымды жұмысынан босатылды. Біздегі деректерге сүйенсек, өзіне ескертілместен сырттай Қостанай облысының прокурорлығына тағайындаған. Бұл шешімге келіспеушілік білдіріп, барудан бас тартқан. «Партияның жұмсаған жеріне бармадың, ол партиялық тәртіпке кереғар» деп  қатарларынан шығарған.

         Осы орайда қудалау басталғанын байқаймыз. 1924 жылы партия қатарына  кері қабылданса да, билік басынан ығыстырылды.

Сол кездегі партия және Кеңес орындарындағы білімі төмен, «ұр да жық» басшыларға Жоғарғы дәрежелі білімді азаматтармен жұмыстас болу ыңғайсыздық туғызғандай.

Партия қатарын тазалауды желеу етіп, ерекше көзге түсетін қайраткерлерді қатарларынан шығарып кейінгі жұмыстарға  ауыстырғанын, көпшілігін жойып жібергенін тарих бетшелерінен білеміз.

         Шафхат Бекмұхамбетов те партия қатарын тазарту науқанына ілігіп, жыл толмай кері шығарылады.

Ондай  адамға жауапты жұмыс берілмейтіні түсінікті. Өзі басшылық жасаған Әділет комиссариатында жауапты, кейіннен қатардағы қызметкер болады. 1929 жылдан  Жұмысшы Шаруа және Қызыл Әскерлер Кеңесінің КазОАК-інде қатардағы кеңесші заңгер, Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік институты мен Қазақ мемлекеттік уңиверситетінде Заң кеңесшісі қызметтерінде 1939 жылға дейін болған. 1939 жылдан Республикалық Ғылым Академиясының әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкерлікті атқарды.  1948 жылдан зейнетке шыққанша Қазақ мемлекеттік Мұрағат мекемесінде қатардағы қызметкер болды. Қырқыншы жылдарға дейін созылған зобалаңнан аман қалуына таңданушылық білдіруді орынсыз дей алмаймыз.

Елдегі  қуғын - сүргіннің басталуы, «халық жауы» деп бір түнде жойып жіберудің себебі, алымды - алғыр адамдардың ескертпе ала тұрса да халық арасындағы орнын жоғалтпай бедел сақтап өнікті еңбегін тоқтатпағандықтан, озбырлық  қылықты қабылдай алмай күрестерін жалғауынан деп есептейміз.

Біздің  топшылауымызша ол кісінің асқан көрегенділігі «Өспейтін ер, өнбейтін дауды қуады» дегендей, қайтаруға көнбейтін қараңғылық пен топас күштердің бой бермейтінін түсінді.

Адамдар қатынасында сыйластық, адамшылдық қасиеті жоғары  санайтын ізгіліктің жеңіліс тапқанын сезді.

         Етек алып өрістеген қызғаншақтық, жағымпаздық, күншілдік, арызқойлық, жала жабушылық  қылықтарға кең жол ашқан  басқару жүйесінің күш бермесін байқады.

         Халықты қорқыныш пен үрейде ұстап дегеніне көндіру әдісін білді.

         Туған ауылына келсе көзге түсемін деп көптің бірі болып елеусіз өмір кешті. Білемін деп көрінбеді.

         Ол кісі әкесі Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамедовтың ұрпаққа жалғасатын дворяндық тегіне жазылмаған. Өзі ниет білдіріп арыз жазбағандығы анық.

         Шафхат өз тұстастары арасындағы сауаттылардың бірі болған. Ол жөнінде Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамит Ергалиев  «Шафхат орысша өте сауатты, аса зерек, білімді жан болатын.

Менің «Құрманғазы» өлең – романымды   жолма - жол орысшаға аударған сол ағамыз»», - деген болатын.

Білімін жарыққа шығарып, еленіп еңбек ете алмай «Атасы жақсы қандайды» деп  армандап, 66 жасында 1958 жылы дүниеден озды.

         Ел басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік алған жылдардан бастап тікелей араласуымен өткенімізді зерделеп, ұлыларымызды жарыққа шығару мүмкіндігі туды.

         Сүйген халқына білімі мен күш - жігерін толық жұмсай алмай, атадан кем тумағанын көрсетпей кеткен  ұлтжанды боздақтарымызға арналған ескерткішім болсын деп аяқтадым.

 

Пайдаланған әдебиеттер :

 

Астрахань Мұрағаты 1- қор, 2 - тізімдеме, 495, 2307 істер, 375 қор, 1 - тізімдеме, 2307 іс.

Орал Мұрағаты 312 қор, 1 - тізімдеме, 1; 2; 15 істер

"Бөкей Орда тарихы" Орал қаласы 2011 жыл.

Өтепберген Әлімгереев: "Мақаш әкім" Арыс баспасы. Алматы  2010 жыл.

 

                                                                 

Өмірзақ Кажимгалиев, Құрманғазы ауданының

                                                       "Құрметті азаматы".

                                         Атырау  облысы Құрманғазы ауданы Мақаш ауылы