МАҢҒЫСТАУ МҰНАЙ ӨНДІРІСІНІҢ ТАРИХЫ

МАҢҒЫСТАУ МҰНАЙ ӨНДІРІСІНІҢ ТАРИХЫ

Маңғышлықта мұнайдың бар екенін алғаш айтқан Г.Карелиннің (1801-1872) еді. XIX ғасырдың басында Каспий теңізінің жағалауы зеріттеле бастады. Сол кезде саяси жағдайға байланысты Ресей империясы Қазақстан мен Орта Азияға назар аудара бастаған болатын. Бұл, 1832 жылы Г.С.Карелиннің экспедиция ұйымдастыруына басты себеп болады. Карелин экспедициясы Каспий теңізінің шығыс жағалауына келгенде «Қайдақ» деген жерден мұнай белгілерін байқайды. 1833 жылы мамыр айында оның ұсынысы бойынша патша үкіметі Ново-Александровск бекінісін салады.

   1830 жылдары Маңғышлақта алғаш рет геофизикалық зерттеулер жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде Каспий теңізінің шығыс жағалауы мен Бозащы түбегінің геологиялық картасы жасалды.

   XIX ғасырда киросинге деген сұраныс артады. Осы кезде мұнай кен орындарын ашу ісі кең етек алады. 1846 жылы полковник М.И. Иваниннің басшылығымен Маңғышлақта қайтадан зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Келесі, 1847 жылы экспедиция қорытындысы жәрияланып, онда осы өңірде жер бетіне шығып жатқан мұнай белгілері туралы ақпарат беріледі.

  Бұл ақпараттан соң, Маңғышлақта зерттеу жұмыстары одан әрі өріс алады. Маңғышлақ байлықтарын одан әрі зерттеу үшін 1851 жылы Л.И.Антипов пен И.Рычковтың, 1852 жылы А.Е.Алексеевтің экспедициялары ұйымдастырылады. Одан соң Үстірт пен Каспийдың шығыс жағалауының маршрутын түсіру үшін Н. И. Андрусов пен М.В.Баярунас деген геологтардың экспедициясы ұйымдастырылады.

Ал, бірінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында Маңғышлақтың геологиясын зерттеумен В. Баярунас басқарған экспедиция айналысады.

   Жиырмасыншы жылдардың соңында Ленинградтың Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институтының (ВНИГРИ) экспедициясы келеді. 1934 жылы осы институттың ғылыми қызметкері С.Н.Алексейчик бұл өңірде жерасты жынысы күмбездер тәрізді орналасқанын анықтайды. Бұл мұнай кен орынының бар екенін білдіретін еді.

   Сөйтіп, 1936-1941 жж Маңғышлақтың мұнай кен орындарының үлгісі жасалады.

   Бұл өңірді кешенді зерттеу Б.Дьяков, Н.Черепанов, Н.Трифонов, А.А.Савельев сияқты Ленинградтың Бүкілодақтық мұнай ғылыми-зерттеу және геологиялық барлау институтының (ВНИГРИ) ғалымдары басшылығымен жүзеге асты.

   Қазақстандағы мұнай-газ геологиясын оның болашағына қарай аудандастыру жұмысын Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институты (КазНИГРИ) атқарды.

   1961 жылы 5 шілдеде Жетібай мен Өзен кен орындарында мұнай фонтандары атқылды. Жерастында шоғырланған жатынды контурлау барысында бұл кен орындарына жанжақты сипаттама берді. Осы жылы Оңтүстік Маңғышлақтың мұнай-газ ауданын ашып оны игеруге дайындағаны үшін Д. А. Досмухамбетов, Б. Ф. Дьяков, Ш. Е. Есенов, Е. И. Иванов, Н. А. Калинин, X. Махамбетов, В. Т. Матвеев, В. П. Токарев, Н. И. Черепанов, X. Ж. Өзбекғалиев сияқты мамандарға Ленин сыйлығы берілді.

   Маңғышлақ кен орындарының мұнайы парафины мол мұнай болып табылатын. Ондағы парафиннің құрамы — 20-дан 30% - ға дейін жететін, ал тұну температурасы плюс 30 °С болатын. Ендігі жерде бұл мұнайды өндіріп, мұнай өңдеу зауытына тасу керек болды.

   Тез тұнып қалатын жабысқақ мұнайды тасу қиын шаруа еді. Осыған орай, Қазақстан мұнай министрлігі бұл мұнайды осы жерде өңдеуді ұсынады. Сөйтіп, Шевченко қаласында мұнай өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс жасайды. Өзеннің парафині мол мұнайын айыру үшін бұл жерге тек қана мұнай айыру заводын емес сонымен қоса парафинді өңдеу заводын да тұрғызу керек болды.

   Бұл көптеген шығынды талап ететін. Есесіне парафинді өңдейтін заводтар КСРО-ның орталық аудандарында бар еді. Куйбышев қаласында мұнайдан бөлініп алынған парафинді басқа қалалардағы оны өңдейтін заводтарға тасымалдауға мүмкіншілік көп болды. Осы себепті Мәскеу Маңғышылақ мұнайын өндірген жерде өңдеу керек деген ұсынысты қабылдамай тастады.

   1965 жылы 16 маусымда Маңғышлақ мұнайын тасымалдау үшін «Маңғышлақмұнай» бірлестігі жанынан Маңғышлақ Мұнай-газ өнімдерінің басқармасы (МГМӨП, Управление мангышлакскими нефтегазопродуктопроводами-УМНГПП) құрылды.

МАНГЫШЛАКНЕФТЬ 4

   1965 жылы 10 шілдеде алғаш рет Маңғышлақ мұнайы Шевченко-Мақат темір жолы арқылы Гурьев мұнай өңдеу зауытына тасылды.

   Мұнай тасымалдаудың ең тиімді әдісі-мұнайды құбыры арқылы айдау еді. Себебі құбырды барлық жерге төсеуге болады. Және ол арқылы мұнайды үздіксіз айдап отыруға мүмкіншілік бар. Басқа тасымалдау әдісіне қарағанда кездейсоқ шығыны аз, яғни тасымалдау кезінде аз төгіледі. Жұмсалған қаржыны да тез арада ақтайды.

   Оның үстіне 1912 жылдан бері құбыр салу тәжірибесі бар. Мұнай құбырын төсеу жұмысын атқаратын да мамандар да жеткілікті. Осы себепті Маңғышлақ мұнайын Куйбышев қаласындағы мұнай айыру зауытына тасымалдау үшін мұнай құбырын салу керек деп шешті. 

   Алдымен, 1966 жылы ұзындығы 141,5 км болатын Өзен-Жетібай-Шевченко (Ақтау) мұнай құбыры іске қосылды.

   Маңғышылактың жабысқақ әрі тез тұнып қалатын мұнайын құбырмен айдау бұрын-соңды қолданыста болмаған жаңашылдықты талап етті.

   1879-1880 жылдары атақты инженер В.Г.Шухов мұнай қалдықтарын айдау үшін алғаш рет «ыстық мұнай құбырын» ойлап шығарған болатын. Ол, мұндай жаңалықты құбырдың бойындағы мұнайдың температурасын есептеу барысында ашқан еді. Жаңа технология бойынша мұнайды 50-65 °С-қа дейін қызыдырып алып құбыр бойымен айдау керек болды. Және құбыр бойындағы мұнай қалдықтарын суытпау үшін оны әрбір 30-50 км сайын қайтадан қызыдырып отыруды қажет болды.

ШУХОВ Владимир Григорьевич

   Сол сбепті, Өзен-Шевченко мұнай құбырын салған кезде 22, 45, 68, 91, 112 км жерлерде «F – 112» деп аталатын радикалды пештер орнатылды. Ол пештер құбыр бойындағы мұнайды әлсін-әлсін қыздырып, Шевченко қаласындағы мұнай қабылдайтын орынға дейін суытпай жеткізуге мүмкіншілік туғызды. Сөйтіп, 1966 жылы алғаш рет Өзен-Жетібай-Шевченко «ыстық мұнай құбыры» арқылы мұнай айдалды. Шевченко қаласына жеткізілген мұнай Каспий теңізінде орнатылған порт арқылы Баку мен Волгоград қалаларына тасылатын болды. 1966 ж. 10 қазанда Каспий пароходствосына қарасты «Джебраил» деп аталатын танкер алғаш рет Маңғышлақ мұнайын Волгоград МӨЗ тиеп кетті.

   Маңғышлақ мұнайын теңіз арқылы тасу Ақтау портының дамуына зор ықпалын тигізді. Осымен қоса, Өзен мұнайы Маңғышлақ-Мақат темір жол желісі арқылы Гурьев мұнай өңдеу зауытына тасымалданып отырды. 1965 жылы осы желіс арқылы алғаш рет мұнай тасымалданды.

   Маңғышлак мұнай өндірісінің жедел дамуына байланысты 1967 жылы 18 тамызда КСРО Мұнай министірлігі мен Мемлекеттік жоспарлау комитетінің (Госплан) ұсынысы бойынша КСРО министрлер кеңесі ұзындығы 1232 км болатын өзінің «Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев  магистарлды мұнай құбырын салу жөнінде»  № 1595 Жарлығын шығарды. Сөйтіп, бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде болмаған «ыстық мұнай құбырын» осыншама алыс қашықтыққа айдау керек болды.

Сол үшін, бүкіл трасса бойына әрбір 30-50 км қашықтықта «ыстық мұнай құбырын» қыздырып отыратын пештер салынды. Ол пештерге «Г9ПО2В» және «ПТБ-10» қондырғыларын алып келіп орнатты. Сөйтіп, 1969 жылы тамыз айында «Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев» мұнай құбыры іске қосылды. Осының арқасында Қазақстан мұнай тасымалдау ісі бес есеге артты.

1971 жылы 2 маусымда КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сай Мұнай өнімін тасымалдау жөнінде Оңтүстік Басқарма Гурьев қаласынан Шевченко қаласына көшірілді.

   Республикамыздың мұнай өнеркәсібі тұзасты шөгінділердегі мұнайды игеруге кірісті. Маңғышылақта 30-дың үстінде мұнай кен орындары ашылған болатын. 1974 жылы қаңтарда Қаражанбас, 1975 жылы Солтүстік Бозащы, 1976 жылы Қаламқас кен орындары ашылды. Терең ұңғыларды бұрғылау нәтижесінде 1978 жылы Жаңажол, 1979 жылы Теңіз кен орндары ашылды. Олардың бірқатарынан өндірілген мұнайдың өзіндік ерекшеліктері бар еді. Мысалы, Қаражанбас мұнайы Батыс Қазақстандағы ең жабысқақ мұнай болатын.

МАНГЫШЛАКНЕФТЬ 2

Жетпісінші жылдардың басында Гурьев-Мартыши мұнай құбырының салынуына байланысты Мартышида өндірілген мұнай Гурьевке айдалып, Өзен мұнайымен араластырылып Куйбышев қаласына айдалатын болды. Нарын құмынан өндірілген мұнай өзінің құрамы жағынан жеңіл мұнай болатын. Бұл мұнай Өзеннің парафинді мұнайымен араласқанда оның құрамы сұйылып қыздыру қажеттілігін азайтты.

1978 жылдан бастап «Өзен-Құлсары-Гурьев-Куйбышев» магистарлды мұнай құбыры арқылы әртүрлі мұнай қоспалары да айдала бастады. Сөйтіп, «ыстық мұнай құбыры» арқылы магистралға жақын жатқан Прорва, Теңіз, Қаражанбас, Қаламқас кен орындарының мұнайы да айдалып отырды.

   Бозащы түбегінен өндірілген мұнайды Шевченко қаласына жеткізіп, одан әрі Каспий теңізімен орталық аудандарға тасымалдау үшін 1979 жылы Қаламқас-Қаражамбас-Шевченко мұнай құбыры салынды. Ұзындығы 202,5 км болатын бұл құбыр жоспарланған уақытынан  екі ай бұрын салынды.

1986 жылы Қаламқас-Қаражамбас аралығындағы екінші учаскені салынады. Ұзындығы 62 км болатын бұл мұнай құбыры жылына 8 млн мұнай айдай алатын еді.

   1960 жылдан 1970 жылға дейін он жыл ішінде Қазақстанда мұнай құбырының ұзындығы екі есеге өсіп, мұнай айдау көлемі он есеге артқан екен. Сөйтіп, барлық мұнай-газ кешенінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасалды.

   Қазақстанның құбырын дамытуға атсалысқан көптеген мамандар мен ұйымдастырушылардың және ғалымдардардың аттарын атап кетуге болады. Олар: С.А.Вазиев, Д.А.Черняев, В.В.Шаронов, И.Д.Каспер, А.А.Дергачев, Т.М.Қасымов, Мамонов, Қ.Е.Елеуов, Ф.А.Мамонов, Е.Елеуов, В.В.Хуторной, Б.У.Оразғалиев, Н.К.Надиров, П.И.Туғанов, В.Ф.Новоселов, В.Е.Губин және т.б. еді.

 

 

Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты