Мұрат шығармаларындағы этнографиялық деректер

Мұрат шығармаларындағы этнографиялық деректер

TjhS8NFzFuU

Кеңес үкіметі жылдары 7 кластың СССР тарихы оқулығында «Абай өлеңдері XIX ғасырдың II-ші жартысындағы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деген жолдар болатын. Осындай тұжырымды Мұрат жырларына да байланыстырып айтуға әбден болады. Ұлы ақынның атышулы «Үш қиян», «Сарыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай!», «Топқа түскенде толғауы» және т.б. шығармаларынан қазақ тарихына байланысты деректермен қатар, қаймағы бұзылмаған қазақ салттары мен дәстүрлері,тұрмыс-тіршілігі, туысқандық, ағайындық қатынастары, сол кездегі қазақ қоғамының өкілдері туралы қат-қабат мәліметтерді кездестіреміз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін «Сарыарқа» толғауына назар аударалық:

Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,

Көлденең Сағыз бенен Жемді басып,

Ат мініп, киім киіп, тұқым алдық,

Сүйектес жақын жұртқа араласып,-

деген жолдардан XIX ғасырдың II-ші жартысында Батыс өлке қазақтарының тұрмыс-тіршілігін көзге елестетеміз. Ал мына жолдардан қазіргі зерттеушілер сол кездегі елдің өмірінен толығырақ мәліметтер алар еді.

Біздің ел қайтушы еді Сағыз жайлап,

Тепсеңге суы шыққан бие байлап,

Қызыл шәй, жез самаурын, саздың суы,

Сәскеде пісуші еді әзер қайнап.

Шақырып бір-біріне бие сойып,

Ақсақал тарқаушы еді кеңес ойлап.

Ат мініп, алма мойын, жібек жауып,

Мырзалар жүруші еді одағайлап.

Осы жыр жолдарынан қазақ елінің қоғамдық құрылымын, материалдық мәдениетінің құндылықтарын көреміз. Жайлауға көшкен ел, аңшаңқай қаздай тігілген киіз үйлер, ол үйлердің ішінде кеңес құрған елдің игі жақсылары одағайлаған мырзалар, ақсақалдар, оларға шәй құйып, қызылды-жасылды киім киіп, қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер, яғни сол кездегі қазақ қоғамының барлық мүшелерін Мұрат ақын дәлме-дәл суреттейді.

«Сарыарқа» толғауында сол кездегі қазақ елінің ата кәсібі мал шаруашылығына байланысты көптеген құнды деректер бар. Төрт түлік малды бағып-қағу, оларды табиғаттың дүлей күштерінен көздің қарашығындай етіп сақтау, суын, шөбін жеткізіп беру және т.б. шаруашылықтың қат-қабат мәселелері ақын назарынан тыс қалмайды. Тіпті қазіргі заманға қажетті деректер де жетерлік. Мұрат шығармаларында Қызылқоға, Тайсойған өңірінде сол кезде мыңғырған төрт түлік малды өсіруге қажетті жайлаулар мен қыстаулар, көктеулер мен күздеулер атаулары, көптеген су көздері құдықтардың аттары берілген. Өз халқын, туған жерін жанындай сүйген патриот ақын өз жырларында Сағыз, Наршөккен, Топырақшашты, Қаракөл, Малайсары, Маңғыт, Саралжың, Қабанбай, Тайсойған, Қурайлы атты жерлерде сол кезде өздерінің кәусәр суларымен халықтың жанын, малын сақтаған Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген, Жақсыбайдың шыңырауы, Балталы, Сегізбай, Қаратал, Есболайдың Нарғозысы, Тұзбұлақ, Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас атты құдықтарды асқан сүйіспеншілікпен жырға қосады. Солар қазір қайда? Болашақта таза ауыз су тапшылығын келешек ұрпақтың көрмесіне қазір кім кепілдік бере алады? Арнайы экспедициялар ұйымдастырып, сол су көздерінің картасын неге жасамасқа?  Өзі өмір сүрген кезеңінің барлық қызықтарын көрген, оларды өз жырларында асқан шеберлікпен бейнелеген ақын өзінің жастық шағын, жігіттік дәуренін былай деп әсерлі суреттейді:

Тайсойған, Орал бойы жүрген жерім,

Қызығын дәулетінің білген жерім.

Ат мініп, мырзалардан нар жетектеп,

Қызығын әуестікке келген жерім.

Қиғаш қас, оймақ ауыз, бал тамақты,

Күнінде асаулықтың сүйген жерім,

Қой сойып үй басына, ойын қылып,

Жиылып жүруші еді қыз бен келін.

Мұрат шығармаларын зер салып оқыған кісіге тақырыптарының жан-жақтылығы, жырларының тереңдігі қайран қалдырады. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» -деп Абай айтқандай Мұраттың да өз шығармаларын халықтың , болашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін тудырғаны ешқандай күмән келтірмейді. Өйткені, оның өлең жолдарының әрқайсысы белгілі бір міндетті атқарып тұрғандай әсер қалдырады. Бірде-бір артық сөз жоқ, бірде-бір сөзін қайталамайды. Мұрат шығармаларын зер салып оқыған кісіге оның жырлары тақырыптарының кең ауқымдығы, өзектілігі, ойларының тереңдігі зор әсер қалдырады. Ол тек отаршылдардың елге жасаған қиянатын айтып қана қоймай, халықтың мұң-зарын, өткен ұрпақтың ерлік дәстүрін дәріптей отырып, тұрмыстың сан алуан саласына ой жүгіртіп, қазақ ауылының сән-салтанатын , қызықты тіршілігін құнарлы, өткір тілімен, жоғары эстетикалық деңгейде баяндай келе, философиялық тұжырым жасай білген зерделі ақын. Адам мінезінің қыр-сырлары дос пен дұшпан, жақсы мен жаман, жомарттық пен сараңдық, өмір мен өлім, өткен күн мен болашақ ақын шығармаларының арқауы. Оның жырларындағы адамдар, тарих тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, жұрт, құдық аттары - игерусіз жатқан мұра. Ақын жырларының бірсыпырасы жұртшылыққа үлгі-өнеге қандай болуы керек деген мәселеге арналған. Мысалы, ақынның « Жалғаншы фәни жалған-ды» атты жырдың басында ол: «осы дүниенің адамына не деп айтсам жарасар»-деген сұрақ қояды да, оған былай деп « Досымның көңілі тынсын деп, дұшпанның көңілі сынсын деп, Боқыраудың күнінде Тау арасын жайласа, Көк орайлы шалғынға жапыра бие байланса, Бай кісіге жарасар!»-деп жауап береді. Яғни, ақын төңірегін жарылқайтын, байлығын адал еңбекпен жинаған байды үлгі етіп көрсетеді. Одан әрі –

«Алтыннан тоқпақ соқтырса,

Күмістен қазық қақтырса,

Үйіне келген мейманды,

Қайырымен тойдырса,

Бәйбішеге жарасар»-

деп қазақтың бәйбішелері сондай болсынға меңзейді. Мұрат – қазақ қоғамындағы дін иелерінің мәртебесіне ерекше мән берген ақын. Оны мына жолдар айтып тұр.

Ертеңнен тұрып ақырса,

Аллалап азан шақырса,

Аузына харам салмаса,

Аққаламды оқыса,

Алланың берген санасын,

Кеудесіне тоқса,

Өсиет етсе жұртына –

деп дін иелерінің қоғамдағы рөлін ашып көрсетеді. Қай заманда да толарсақтан саз кешіп, шыбын жанын елі, жері үшін пида еткен ер жігіттің қоғамдағы орны бөлек болған ғой. Өз заманының перзенті Мұратта ер жігіттерге үлкен үміт арта отырып, мына жалынды өлең жолдарын арнаған:

Садағын сала байланса,

Астана жұртын айналса,

Бес қаруын белге ұрса,

Омырауын желге ұрса,

Ат үстінен күн көрсе,

Арып – ашып шөл көрсе,

Тебінгіні теріс тағып,

Темір қазық жастанып,

Қарындас үшін қан жұтса,

Ол ер жігітке жарасар!

Ал мынау тамаша өлең жолдарында қазақтың аяулы қыздары қандай болуы керектігін баяндай отырып, өзінің поэзиясының теңдесі жоқ сұлулығын паш етеді.

Қырық сомға алған шарқатты,

Орай салса басына,

Өзі он сегіз жасында,

Нұр сәулесі көрінсе,

Қиылған қара қасында,

Хиуаның ақ зерін,

Сандығына сақтатса,

Талдап өрген бұрымын,

Қырмызымен қаптатса,

Камзол, бешпент, делбегей,

Шеки басқан аяғын,

Қызыл сафиян, ақ балтыр,

Қыз балаға жарасар!

Ата-анасының оң жағында отырған сүйікті қыздың көркін келтіріп тұрған көздің жауын алатындай небір керемет сәнді киімдердің түрін ақын атағанда сол кездегі қазақтардың тұрмысы кейбір советтік ғалымдар қақсағандай нашар болмаған-ау деген ойға еріксіз ораласыз. Бұл пікіріміздің дұрыстығын жақында ғана  біздің өлкетанушыларымыздың жариялаған  батыс қазақтарының 30-шы жылдарындағы тұрмысын бейнелеген фотосуреттері де дәлелдей түседі. Ақиық ақын біліктілікті, достықты, жолдастықты, ағайын-туманы қатты қадірлеген. Бұл тұрғыда Мұраттың «Оқудан қайтқан жігітке», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» атты арнауларын ерекше атағанымыз жөн. «Оқудан қайтқан жігітке» атты өлеңі Халел Досмұхамедовтың немере ағасы Дәулетімбетке арнап жазылған. Ол кісі батыс өлкенің ағарту ісіне зор үлес қосқан, орысша білім алып, Гурьев қаласында ұстаздық еткен. Дәулетімбет Машақов туралы деректерді біз академик Т.Тәжібаевтың « Просвещение Западного Казахстана во второй половине XIX века» атты монографиясынан кездестіреміз. Сонымен қатар,  Дәулетімбет Гурьевтегі орыс-қығыз училещесінің директоры болып, «двухклассниктерді» дайындады. Мұрат Дәлетімбетке:

Шырағым, қайттың ба аман Орынбордан,

Әуелгі талап етіп кеткен жолдан?

Құдайым талабыңды серлі еткей,

Деп едім, бәрімізге болар қорған.

Құдықтың жаңа шыққан көзі емессің,

Бұлақтай ата-бабаңда билік болған.

Законын екі жұрттың тегіс білсең,

Дәмем бар адаспас деп қысаң жолдан.

Ерназар – Беріш құтпаны, атаң – Алдар,

Белгісі хақ жақанның халқын қамдар.

Асылдың азбай жүрген тұқымысың,

Шырағым, адаспас деп үмітім бар!

Дос болған атаңменен Әбілхайыр,

Әуелде беріштен озған бір белгің бар,-

дейді. Осы жолдардан біз Мұраттың екі жұрттың законын (қазақ, орыс білімін айтып тұр) білген Дәулетімбетке үлкен үміт арта отырып, оның ата-бабаларының аса білікті, би тұлғалар болғандығын, «құдықтың жаңа шыққан көзі емессің», дей отырып, сен солардың жалғасысың, соларға лайық бол деп ескертеді. Мұрат өзінің айналасындағы барлық құбылыстарға сын көзбен қараған ақын.  Оқудан қайтқан Дәулетімбетке: сенің білімің тек өзіңе ғана керек емес, халқыңды сол біліміңмен сусындат дейді. Оны мына жолдар айтып тұр:

Адасар көзсіз адам жүрген жолдан,

Адассам, жетелерсің алып қолдан,

Халқымның адасқанын байқамасаң,

Біліктен не пайда бар кеудең толған?!

Шамамен XIX ғасырдың 70-ші жылдары Мұрат тұрмыс тауқыметінің кесірінен өзінің туған жерін тастап отбасымен Маңқыстау еліне аттанып, сол жердегі нағашыларын паналайды. Ол жақта 2-3 жылдай жүріп қалады. Маңқыстауда болған кезінде елін сағынып, бірнеше өлең шығарады. Солардың ішінде достықты, жолдастықты, ағайындықты мейлінше терең бейнелеген өлеңі «Еліне жазғаны» атты хатының орны бөлек. Бұл хат-өлеңде 40-қа жуық адамдардың аты аталады. Ақынның сл адамдарымен кезінде араласқаны, достық қарым-қатынаста болғаны өлеңнің мазмұнынан анық байқалады. Мұрат сарай ақыны емес, халықтың ақыны болғаны осы өлеңнен көрініп-ақ тұр. Ол шен-шекпен үшін өлең жазбаған, дүние-мүлік жинамаған, бай-болыстарға жағынып, арзан беделге ие болуға тырыспаған. Оған кезінде бірге жүріп, ойнап-күлген замандастары қымбат.

Дұға де Жаухар менен Амандарға,

Кез болдың мындай қысаң замандарға,

Беріштен жеті баулы тәңірі айырды,

Алланың салғанына амал бар ша?

Сәлем де Айжарыққа, Алдаберген,

Дүние өтті бізден дөңгеленген.

Бұл өлеңде Барпы, Бопан, Дәрібай, Ғали, Мәмбет, Мұстапа, Дошыман, Ізбасар сынды өз тұстарымен қатар Наурызәлі, Елеш, Мүсірәлі ақсақалдарға ыстық сағынышын жеткізді. Ағайындықты қатты қадірлеген ақын Беріш руының игі жақсыларымен кездесуді армандап:

Иманқұл тату еді-ау Есенғазы,

Бар еді ақсүйектей асыл сазы.

Егерде халық көрмей өліп кетсек,

Беріштің естен кетпес тәтті назы,-дейді.

1924 жылы Х.Досмұхамедовтың қаламынан шыққан «Мұрат ақынның сөздері» атты зерттеуінде «Қазақстан тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды» - деген жолдар бар. Бұл аса маңызды ескертпе. Бұдан 130-140 жыл бұрын өмір сүрген Атырау өлкесінің игі жақсылары туралы мәліметтерді біз Мұрат шығармалары болмаса қайдан тапқан болар едік?. Жалпы Мұрат шығармаларында 300-дей адам аттары кездеседі.Солардың ұрпақтары қазір арамызда өмір сүріп жатыр,   Олардың өмірі және қызметі туралы ешқандай архивтік материалдар жоқ қой. Олай болса  «Абайға бар» деп Шәкәрім айтқандай біз Мұрат шығармаларына үңілейік. Мысалы: «Еліне жазғаны» хат өлеңінде ерекше сыйлы болған Мүсірәлі әулеті аталады,

Сәлем де Мүсірәлі ақсақалға,

Аманат жалғыз жаным бір құдайға

дейді де кейін:

Сәлем де Досжан деген ақсұңқарға,

Көңілім ынтызарлы жолығарға.

Нашардың қысылғанда панасы еді,

Қадірі кімнің болады қолда барда? – деп

жалғастырады. Досжан Мүсірәлінің тұңғышы, 1841 жылы Бөкей ордасында туған. Жәңгір хан мектебін бітіргеннен кейін Неплюев кадет корпусында 7 жылдық терең білім алған. Одан соң Гурьев оязында (уездное управление) аудармашы болып көп жыл қызмет атқарып, жәбір көрген, жоқтық, таршылық азабын тартқан адамдарға қолының ұшын беріп, көмектесіп отырған, сонысымен халықтың құрметіне бөленіп, ел есінде қалған. Сондықтан Мұрат Досжанды  «Нашардың қысылғанда панасы еді» - деп жырға қосты. Мұрат 1863 жылы Гурьевте Таз руының белгілі ақыны Оразбен айтысқан. Сол тарихи оқиғаға Таз руының билері Қосымбай, Дүйсәлі, Есбол болысының бастығы Себек беріш Қоныс Әлжанов, 6-ауылдың старшинасы Есен беріш Шәкілік Әлмәмбетов, уезд бастығының хатшысы Мүсірәліұлы Досжан би куә болған. Жасы үлкен Ораз Мұратқа қарап:

Тайсойған мен Бүйректе,

Тайөгізге жүк артып.

Бұқпақтап жүрген Берішке,

Толама менің шеңгелім.- дегенде,

Есен беріш Шәкілік: -Ну ка, бала, айт, мына Таздың меселін қайтар, - деп Мұратты қайраған. Өз елінің тарихын жақсы білетін Мұрат ақыр соңында бұлтартпас дәлелдер және деректермен жасы үлкен, тәжірбиелі ақынды тізе бүктіреді. Мұрат шығармалары біз үшін несімен қымбат дейтін сұраққа: ақын өлеңдерімен жырлары ұрпақтар сабақтастығымен халқымыздың “Тектіден текті туады ” деген даналығына біздің көзімізді тағы да жеткізіп тұрғандығын айтуға болар еді. Сол айтысқа куә болған игі жақсылардың бірі Есен Беріш Шәкілік Әлмәмбетовтың ұлы Зұлхарнай Шәкілікұлы Есбол ауылында старшина қызметін атқарған кезінде 1881 жылы Гурьев округінде тұнғыш қазақ балалары үшін зайырлы білім беретін бастауыш мектепті ашқан еді. Ол мектептің құрылысын қызыл кірпіштен өзі басқарып тұрғызған. Сондықтан тарихқа мектеп Есбол ‘Қызыл үй’ деген атпен енді. Зұлқарнайдың ұлы Ескендір Шәкіліков болса, ол кісі Республикаға танымал орыс тілінің мұғалімі болатын. Халыққа білім беру ішіндегі ерен еңбегі үшін Ленин орденімен наградталып, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімі атанды, Ескендірдің ұлы Тұрар Шәкіліков Республикаға танымал дәрігер, медицина ғылымдарының кандитаты, ҚР Еңбегі сінген қайраткер. Ол кісі ұзақ жылдар бойы Атырау облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарды.

Мұрат жырлаған тағы бір әулетке тоқталсақ: Бірде ел аралап жүріп Мұрат Себектер ауылына тап болады, Ол атақты Тәйті бидің ауылы екен. Үйге кірген Мұрат :

-Себектің Тәйті биі, Мұқаш қажы

Секілді сапсыз қылыш Қуаншалы.

Айырған ақ күмістен сары алтындай

Қоныстың асыл туған Есенжаны.

Сәметтің сырты-сұлу, іші-тәуір

Қайраңға сыдыра біткен құба талы,-

депті.

         Ақын жырға қосқан Тәйті би мен Мұқаш қажы ұрпақтарының есімдері  Атырау өңірінде өздерінің сіңірген еңбегіне, халыққа жасаған қайрымдылығына орай үлкен ризашылықпен аталады. Мәселен, Мұқаш қажының ұлы Тұржігіт XX ғасырдың 20-30 жылдары өлкеде ‘қара қылды қақ жарған’ білікті заңгер болды. Оның баласы Жайлыбай Тұржігітұлы Атырау облысы мал шаруашылығының дамуына үлкен еңбек сіңірген, өз облысымызда ғана емес, кезінде астанамыз болған Алматы облысының да бірнеше шаруашылықтарында директор болған, «Балқұдық» асыл тұқымды қой совхозын ұзақ жылдар бойы басқарып, озық нәтижелерге қол жеткізген шебер басшы еді.Тұржіттің немересі Ғайнижамал Тұржігітова – обылысқа танымал ұстаз, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

 Мұраттың ағайын-туманы қатты қадірлегендігі жөнінде бір мысалды оқушы назарына ұсынғымыз келеді.  Өмірден өтетін 1906 жылдың жазында ақын өзінің руластары Қаратоқай Шіндікке ауылына Мәмбет деген жерге барған көрінеді. Ол туралы мен марқұм әкемнен естіген едім. Қаратоқай Шіндікке Едресұлы Нағым 1900 жылы туған кісі. Атақты ақын өз ауылына келгенде әкем 6 жаста болған. Сондықтан ақынды көргені шындық. Ол ауылда бірсыпыра уақыт болғаннан кейін Мұрат Мөңкеұлы еліне Қарабауға қайтып келе жатқанда ауырып, Өрлік елді мекенінде қайтыс болған. Денесін өзінің тілегіне орай  Жарсуатқа қойған.

Біз бұл шағын мақаламызда ұлы ақынның қазақ тарихына байланысты аса құнды мәліметтеріне тоқталған жоқпыз. Ол жөнінде бұдан бұрын жергілікті баспасөз бетіне бірнеше мақала жариялаған едік. Бұл мақала Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығындағы этнографиялық деректерге арналды.

 

Ш. Нағымұлы,

ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері.