ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЕРЕСЕК ӘЖЕ

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЕРЕСЕК ӘЖЕ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

Сейіт баба қорымындағы Бөкейхан мазары осы төңіректегі ең биік жер, дырдай дөң. Сол биікте тұрып, айналаңа көз салсаң, арқадағы Азау, Тайман отырған Бабашағыл, Найза құмы, арқа-батыстағы Тебенұр көлі, құбыла беттегі Кішкене арал, Қиғаштың арғы бетіндегі Бәйбек, одан ары анау қазақтың қалың бейіттеріне іргелес, Астраханға барар күре жолдың келесі бетінде ылғи қазақтар қоныстанған (бірақ әлгі айтқан Кішкене арал мен Бәйбек ауылдарында да қазақ пен ноғайдан басқа ұлт өкілі жоқ) Алша ауылы көзге ұрады. Ауылдан айнала қаптай жайылған төрт түліктің өзі онда біздің қандастарымыз тұратындығын анық дәлелдейтіндей. Солардың арасында өзінің ең ұзақ жасағандығымен Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең ересек әже – Тәнзила Бисенбаева тұрады. (Соңғы 20 жылда ол әлемде ең ұзақ жасаған екінші адам. Алғашқысы франциялық Жанна Луиз Кальман. Кальман 1997 жылы 122 жасында қайтыс болған.) Ал Тәнзила апай бұл күнде 120 жаста.

zhitelnitsa-astrahani-priznana-samyim-st

Жастық шағы іргелес Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Қошалақ елді мекенінде өткен. Қошалақ Қазақ мемлекетінің соңғы әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденов пен дарынды күйші, көзі тірісінде екінші Дина атанған Бақыт Қарабалинаның кіндік кескен қасиетті атакүлдігі.

Айтпақшы, кезінде Тәнзила апайдың өзі де сол Дина күйшімен көрші отырып, жақсы аралас-құралас, бірі жеңге, екіншісі қайынсіңлі ретінде сырлас, сыйлас жандар болған. Керек десеңіз, «Жеңгемізді Алматыға өз қолымыздан аттандырып, шығарып салғанбыз» дейді Тәнзила әжей.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының екінші жартысындағы өкіметтегі өзгеріс, қоғамдағы басқару, шаруашылық құрылымдағы жаңалықтар Тәнзила әженің ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Ресей жеріне өтіп кетуіне себеп болады. Ақыры ауыл шаруашылықты ұжымшарда бірде егінші, реті келсе сауыншы, қыста бақташы қызметтерін атқаруға тура келеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқы күйеуі майданға аттанып, артынша қара қағаз келеді. Бірақ қыздай қосылған жарын қимаған ол майдан даласындағы жеңіс жалауы желбірегеннен кейін де тағы екі-үш жыл жүріп, жалғыздық тек құдайға ғана жарасқан, бас екеу болмай, мал екеу болмайды деп төсек жаңартты. Тілеуі ақ екен, ол 53, 54 және 57 жасында маңдайы торсықтай үш ұлды дүниеге әкелді. Күллі ауыл таң қалды. Өйткені бұл жаста көп әйел бала көтермейді. Бірақ шындығы сол, бұл болса көтерді. Қазірде солардың бәрі де бар. Олардан 10 немере мен 24 шөбере, 2 шөпшек көріп отыр. Өзі кенже ұлының қолында тұрады.

Бір ғажабы Тәнзила әжеміз жүз жастан асқанша бірде бір рет басым аурып, балтырым сыздады деп дәрігер алдына барып көрмепті. Жүзден асқанда көзін шел қаптап, ота жасатуға тура келіпті. Содан бері ақ желеңді адам жанының арашашыларының алдына жүгінетін көрінеді. Ал ауылдық дәрігерлер ғасырдан жиырма жыл асқан кейуананың қан қысымының әрдайым 120/80 көрсетіп тұратындығын айтады.

Біз болсақ әлемдегі ең ересек ананың мұншалықты көп жасауының сыры неде десек, басындағы ақ кіреуке жаулығы мен кимешегін аспай-саспай түзеп қойған ол «Мен ауылдастарымнан жасырып, бөлек ас ішкен, ауа жұтқан ештеңем жоқ. Құдайға шүкір туған жер түлігінің еті мен ағарғаны, майы мен шайы алдымнан қайтқан жоқ. Асылы маған дейінгі «Келін енесінің топырағынан жаралады» деген сөз бар ғой, енем марқұм 106-ға, ал өз анам 103-ке келген жандар еді. Мен солардың аузына ақ-адал дәмімді ұсынып, сарқыттарын іштім. Алдарынан кесе өтпей, апта сайын жуындырып, көйлектерін ауыстырдым. Көңілдеріне көлеңке, қабақтарына мұң түсірмедім. Үлкендердің ақ батасы мені осы күнге жеткізді. Тәуба деп айтайын, құдайыма да, апа-енеме де дән ризамын» дейді.

Ауылдастары Тәнзила әженің аса қайырымды, есте ұстау қабілеті жоғары адам екенін айтады. Бұл күнде ол көшеге көп шықпаса да, аула ішінде еркін қозғалады, дастарқан басына өзі барады. Көрші-көлем, ағайын-туыспен араласы жақсы. Ауылдағы әлдебір бейтаныспен кездесе қалса, әңгімені бір ғасыр бұрынғыдан бастап, оның кім екенін айдан анық біліп отырады. Реті келсе, үйге шақырып, ең болмаса бір кесе көже, шай ішіп кетуін өтінеді. Осы үшін де оны осы өңірдің орыс, қазағы «өзіміздің атымтай жомарт әжеміз» деп құрмет тұтады. Оның есімі бұл күнде Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Жалғасы бар...