КИЕЛІ МЕКЕН БАҚСАЙ-ТАҢДАЙҒА ҚАТЫСЫ БАР ТҰЛҒАЛАР ТУРАЛЫ

КИЕЛІ МЕКЕН БАҚСАЙ-ТАҢДАЙҒА ҚАТЫСЫ БАР ТҰЛҒАЛАР ТУРАЛЫ

   Биылғы 22-наурызда Қазақстанда бірінші болып құрылған 5 қой өсіруші совхоздың бірі – №14 Бақсай «Овцевод» совхозына және оның орталығы Таңдай селосында жедел салынып, 1-қазанда білім беруді бастаған мектепке – 90 жыл.

   Мәскеудегі СССР Совхоздар халық комиссариатына, оның «Овцевод» тресіне тікелей бағындырылған совхоздың төрт түлік малы ішінде тек қой басының саны 82 мыңнан асып кеткесін, 1932-жылдың 3-мамырында бұл шаруашылықтан №5 «Бақсай» және №8 «Гурьев» қой (кейінірек қаракүл) совхоздары құрылады. 1957-жылға дейін бүкіл Гурьев облысы ауылшаруашылығында тек қана осы екі совхоз болған еді. Әттең, Бүкілодақтық дәрежедегі, есімдері өзге республикалар түгілі, кейбір сырт елдерге танылған асыл тұқымды атанған, 1300-ден астам адамды еңбекпен қамтыған қос мемлекеттік шаруашылық Қазақстанда 1994-жылы ауылшаруашылығы қолдан күйретілген кезде – жойылып тынды.

КИЕЛІ МЕКЕН КІТАБЫ

   2014-жылы жарық көрген А-4 форматымен 640 беттік «Киелі мекен. Бақсай-Таңдай шежіресі» кітабымда осы шаруашылықтар, оларда еңбек еткендер, селолық совет аумағындағы мектептерде оқығандар мен ұстаз болғандар, майдангерлер туралы мәліметтер жеткілікті. Олардың ішінде 11 Социалистік Еңбек Ері, 1 Совет Одағының Батыры, 6 СССР және 7 одақтас республикалар Жоғарғы Советтерінің депутаттары, 2 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2 Халық әртісі, 24 одақтық, республикалық, облыстық басшы, 1 генерал-майор мен 6 полковник, 34 майдангер офицер, 29 Ленин орденінің иегері, 17 ғалым, 3 жазушылар одағының мүшесі бар.

   Бақсай-Таңдайдың киелі жерін ХІХ-ғасырдың екінші бөлігінде Кіші жүз бас ақындарының бірі Бала Ораз ӨТЕБАЙҰЛЫ (1837-1882) мекендеп, дүние салған.

   1911-жылдың жазы-күзінде Таңдай ауылы маңында Астраханнан келген обамен күрес экспедициясы өз жұмысын жүргізеді. Жетекшісі - физилогоия мен медицина бойынша Нобель сыйлығының 1908-жылғы лауреаты, зоология ғылымдарының докторы (1868) Илья Ильич МЕЧНИКОВ (1845-1916), оның көмекшісі дәрігер Нариман Кербалайоглы НАРИМАНОВ (1870-1925) – бұл кезде Астрахан губерниясына саяси іс-әрекеттері үшін Әзірбайжаннан жер аударылып, академик Мечниковпен бірге қызмет істеп жүрген. Н.К.Нариманов – 1922-1925 жж. құрамына Армения, Әзірбайжан, Грузия енген ЗСФСР және бір мезгілде СССР Орталық Атқару Комитетінің Председателі (бұл лауазым 1937-жылы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателіне өзгертілді), яғни, М.И.Калининмен тең дәрежелі Совет Одағының бір басшысы болды.

   1919-жылдың желтоқсанында 25-Чапаев кавалерия дивизиясы осы өңірді ақгвардияшыдардан азат етіп, Бақсай селолық советін құрып бергенде – рота командирі Иван Васильевич ПАНФИЛОВ (1893-1941), кейін генерал-майор (1940), Қырғыз ССР-інің Әскери комиссары (1938-1941), Ұлы Отан соғысында 316-атқыштар дивизиясының командирі (07-11.1941), Совет Одағының Батыры (12.04.1942), Гурьев қаласын толстовшылардан тазартқаннан кейін 6 ай мерзімге қалдырылған. Ал, Чапаев дивизиясы құрамында пулемет взводының командирі Сидор Артемьевич КОВПАК (1887-1967) Бақсай селосында  аяғынан ауыр жараланады. Ұлы Отан соғысында партизан құрамасының командирі (1942-1943), генерал-майор (1943), екі мәрте Совет Одағының Батыры (18.05.1942, 4.01.1944).  Украин ССР-і Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары (1947-1967). СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып 6 рет (1946-1967) сайланған.

   1936-жылдың мамырында Батыс Қазақстан облысының Гурьев округіндегі №5 «Бақсай» (Бақсай селосы), №6 «Есбол» (Кулагино селосы), №8 «Гурьев» (Таңдай селосы) қой совхоздарында СССР Совхоздар халық комиссариаты саяси бас басқармасының сектор меңгерушісі Арвид Янович ПЕЛЬШЕ (1899-1983) аптаға жуық болып, инспекциялағанында - Жайықта қыдыртылады, қызылбалық пен оның қарауылдырығын жейді... Киелі мекенге табаны тиген А.Я.Пельшенің одан кейінгі карьерасына көз жүгіртейік: Латвия Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші (1941-1959), бірінші (1959-1966), КПСС Орталық Комитеті жанындағы партиялық бақылау крмитетінің председателі (1966-1983). КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі (1966-1983), екі мәрте Социалистік Еңбек Ері (1969, 1979). Айтпақшы, Арвид Янович – Ақтөбе облысындағы «Мағажан» (1933-1934), Павлодар облысындағы «Черноиртышский» (1934-1935) совхоздары саяси бөлімдерін басқарған. Бақсай селосында, Жайық жағасындағы қалың тоғайда өзін қонақтағанда, ол №5 «Бақсай» совхозы саяси бөлімінің бастығы Матвей Федорович Королевке: «Матвей, сенің жолың керемет екен, маған саяси бөлімдер құрылып жатырған сол 1932-жылы Наркомат саяси бас басқармасының бастығы, «латыш атқыштарынан» досым Карл Петрович Сомс мені өзіне шақырып, «Қазақстанның батысындағы «Мағажан» ет және «Бақсай» қой совхоздары саяси бөлімдерінің қайсысын басқаруға барасың?» дегенінде, картаға бір қарамастан, бірінші аталғанына кете барыппын кіл тас-шатқалдың арасындағы табиғаты нашар «Мағажанға», ал мында - кәдімгі курорт!» деген екен...

   Осы жылдың маусым айынан бері Тайсойған.кз сайтын жүргізуші атыраулық тарихшы Қабибек МҰХИТОВ бұрында «Алтын ғасыр» газетінде жарық көрген танымдық материалдарымды жариялауда.   

   Олардың ішінде менің ауылымда дүниеге келген, не жұмыс жасаған Социалистік Еңбек Ерлері Нәби БАБАЕВ, Бақтыгерей МҰҚСЫМОВ және Ысмағұл МЫРЗАБЕКОВ туралы жазылғандар қайтадан берілді оқырмандары үшін, өзге тұлғалар жалғасатын болады.

 

         Жұмабай ДОСПАНОВ

 

         6-шілде 2020-жыл

Теги Ұлы Жеңіске-75 жыл сайттайсойган тайсойғансайты