Жалпы алғанда халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс туралы соңғы 100 жылға жуық уақыт ішінде біраз кітаптар жарық көрді көптеген мақалалар жарияланды.Сонымен бірге оқылған баяндамалар мен сөйленген сөздер қанша ма? Ал,сол көтерілістің 3 жыл бойы үлкен аумақты қамтып,табысты жүруіне зор үлес қосқан Исатай мен Махамбеттің ержүрек сарбаздары туралы не білеміз? Осы жерде аздап мүдіруге тура келеді.Өйткені,сол ержүрек сарбаздар туралы жазылған зерттеу еңбектер онша көп емес.Сол батырларды ұлығылау,халық арасында насихаттау жағы тіпті сын көтермейді деуге болады.Сөзіміз дәлелді болу үшін Бөкей ордасындағы 1836-1837 жылдардағы көтерілістегі басшы тұлғалардың бірі-Қабыланбай Қалдыбаевқа тоқталайық.
1837 жылдың 15 қарашасындағы Тастөбе шайқасындағы жеңілістен кейін,көтерілісшілердің қалың тобының жан-жаққа ыдырай бастағаны белгілі.Исатай мен Махамбет батырлардың қасында шағын топ қана қалған болатын.Олардың өздері де бірнеше рет жазалаушы әскерлердің қолына түсіп қала жаздаған еді. Міне осындай жағдайда олардың алдында Геке әскерлерінен құтылудың бір-ақ жолы тұрды. Ол–Жайықтың шығыс бетіне өту еді. Алайда, ол үшін Жайық мұзының қатуын күту керек болды. 1837 жылдың қараша айының соңына таман Исатай мен Махамбет бастаған 29 адам Қаныш моласы деген жерде өзара кеңесіп, жау қолына түспеу үшін не істеу керек екендігін ақылға салады. Бұдан әрі Бөкей хандығында қалудың өте қауіпті екендігі ескеріліп, көтеріліс басшылары Төменгі Жайық шебі тұсынан Кіші жүзге өту керек деген тоқтамға келеді. Көтерілістің рухани көсемі Махамбет Өтемісұлының:
Уа, Исеке, Исеке!
Ал, кетелік, кетелік,
Кетіп бір Жайық өтелік,-деген өлең жолдары осы жерде шығарылған болса керек.
Көтеріліс басшыларын үзбестен іздеп жүрген жазалаушыларды шатыстыру үшін бұл топ Жайық өзенінің жоғарғы жағына қарай ауысты, олар сол жақтан Жайықтан өту мүмкін деген лақап тарату қажет деген шешімге келеді.
Кеңесте көтерілісшілер Жайық өзенінің жоғарғы жағына қарай ойысты деген лақапты тарату Исатай мен Махамбеттің жақын серіктерінің бірі Қабыланбай батырға жүктеледі. Ол қазақ халқының әлеуметтік теңдігі, елдің тәуелсіздігі жолындағы күресте құрбан болған Қалдыбай Қосаяқұлының баласы еді. 1836 жылдың көктемінде көтеріліс басталған кезде Қалдыбай Қосаяқұлы және оның ұлдары бірден Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісшілерге қосылған болатын. Көтеріліс барысында Қалдыбай Қосаяқұлының ұлдары, соның ішінде Қабыланбай көтеріліс басшыларының ең жақын серіктеріне айналды, өздерінің қаһармандығымен олардың есімдері бүкіл Бөкей ордасына тарады.
Қабыланбай 1837 жылдың қараша айында көтеріліс басшыларын жазалаушылар тұзағынан құтқару үшін өз өмірін құрбандыққа шалып, ерліктің ерекше үлгісін көрсетті. Ол қасына бір жігітті ертіп, тапсырманы орындау мақсатында кейін-Тастөбеге қарай аттанады. Олар сол жақта 75 адамнан тұратын есаул Трофимов жасағының шолғыншы әскерлерімен кездесіп қалады. Айналаны бақылап жүрген хорунжий Еремеев аттылы екі адамды қуып, қараңғы түсе олардың біреуін ұстайды. Ұсталған адам қашып бара жатқан екінші адамның Исатай мен Махамбеттің ең жақын серіктерінің бірі Қабыланбай Қалдыбаев екендігін айтады.
Қуғыншы казактар Қабыланбайдың атын атып барып, оның өзін ұстайды. Қолға түскен батырды жазалаушылар Қаратоқай қорығындағы подполковник Гекеге алып келеді. Қабыланбайдың айтуынша, «Қаныш моласы» маңындағы болған кеңесте көтерілісшілер Орталық дистанцияға аттанып, Сахарная бекінісінің жоғарғы жағынан Жайықтан өтуді ұйғарады. Ол үшін Исатай мен Махамбет бастаған отряд Александров-Гай мен Өзен линиясы аралығы арқылы жүруге шешім қабылдады. «Мен осы кеңестен кейін ауылдағы әйеліме барып қайту үшін жолға шықтым»-дейді. Қабыланбайдың осы жауабынан кейін Геке И. Таймановтың өзенге қарай өтетін жолын аңду туралы бұйрық береді. Шындығында, Қабыланбайдың бұл барлық жердегі әрекеті және оның берген жауаптары жазалаушы әскерлерді басқа бағытқа сілтеу мақсатында ойластырылған іс болатын.
Қабыланбай «Исатай тобы онша қашықта емес, олар осы маңда жүр. Егер қажет десеңіздер алып барайын»-дейді. Ертеңіне елең-алаңда есаул Трофимов Исатайды тауып келу үшін Қабыланбайды жол бастаушы етіп арнайы отряд жібереді. Қабыланбай жазалаушылармен күні бойы жер-жерді шарлап, аттары әбден болдырып, кейін қайтып келеді. Таңда жауған қардан олар Исатай отрядының ізін де таба алмайды. Шындығында, Қабыланбайдың осы әрекеті Исатайлардың бұл жерден алысырақ кетуіне қолайлы жағдай жасау болатын. Осы бір тарихи маңызы бар шараны іске асыруда Қабыланбай Қалдыбаевтың жеке басының ерлігін, халық қамын ойлап, көтеріліс басшыларын сақтап қалу үшін өзін құрбан еткендігін ерекше айтқан жөн болады.
Подполковник Геке Қабыланбай туралы генерал Перовскийге былай деп жазады: «Ол–нағыз азамат, ержүрек жан. Көтерілістің басынан бастап Иса- тайдың жанынан бір елі қалмаған, бұл жігіт барлық жерде батырмен бірдей әрекет жасады. Нақ, қазірдің өзінде де рухының мықтылығын дәлелдейтіндей серіктері туралы жұмған аузын ашқан жоқ...». Қабыланбайдың жойқын күші мен батырлығын мойындаған Геке одан әрі былай деп жазды: «Бұл жерде темір жоқ, ал арқан Қабыланбайға түк емес екендігін ескеріп, өздеріңнен қатынас қағаз жеткізген он адамға хорунжий Ереминнің 28 адамын қосып беріп, 8 желтоқсанда оны Орал қаласына жөнелтеміз». Кейін Оралдағы әскери сот Қабыланбайға 1500 шыбық дүре соғылып, жазасын Сібір каторгаларының бірінде өтеуге үкім етеді. Халық үшін қам жеген қайран батыр сол Сібірден елге қайтып оралмайды.
Қабыланбай батырдың ерлігінің, әскери айласының арқасында Исатайлар Жайықтың қатуына да жетеді. Ендігі алда тұрған міндет-жоғарыда айтылған Жайықтың шығыс бетіне-Кіші жүзге өту еді. Оларға өздерін жаңа қатқан өзеннен өткізетін, Жайық бойын жақсы білетін жолбасшы керек болды. Мұндай аса қиын міндетті атқара алатын бірден-бір сенімді адам-Исатайдың бала кезіндегі досы, құрдасы Құлкеш-Беріш Маябасұлы Құрақ болатын. Олар Жайықтан 65-70 шақырымда Майтөбе деген жерде отырған Құрақ ауылына барып, одан көмек сұрайды. «Бала күннен бірге ойнаған құрдас едің, сыйласып өткен сырлас едің, арнайы саған ат басын тіредім. Жолды білесің, ебін тауып Жайықтан өткізіп жібер»,-деп қолқа салады Исатай. Құрақтың бұл жерде бас тартуына да болатын еді. Себебі, 40-қа жуық адамды Жайықтың екі жағын бірдей күзетіп тұрған әскердің арасынан жол тауып өткізу-өзі үшін де, отбасы үшін де, өзеннен өтетін адамдар үшін де өте қауіпті. Бірақ, Құрақ Исатай мен Махамбет сынды батырлардың халық қамы үшін қолына қару алып, азаттық жолындағы ерлік күресіне өз тарапынан қолдау білдіргенді жөн көріп, оларды Жайықтан өткізуге бел байлайды.
Бұл кезде Жайық өзені жағалауындағы жағдай өте күрделі болатын. Алдымен Төменгі Жайық шебінің күзеті күшті еді. Себебі, Исатайлардың Жайық өзенінің шығыс бетіне өтуге талпынатындығын Орынбордағылар да, Оралдағылар да жақсы білді. Сондықтан да өзен жағалауының әрбір 5-6 шақырымына әскери күзет және қамалдар мен бекіністердің арасына қосымша бекеттер қойылды. Кіші жүздің батыс бөлігінің билеушісі Баймағамбет сұлтан Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовскийдің Исатайлар тобын Жайықтан өткізбеу туралы бұйрығын орындауға бар күшін салды. Ол бір топ казакпен Бақсай бекінісінің маңына барып орналасты. Подполковник К. Геке қазақтар арасында тарату үшін татар тілінде басылған 125 дана үндеу дайындады. Онда: «...бүлікке қатысқан қазақтар Исатай Таймановпен қатынасын үзіп, Жәңгір ханға келетін болса, оларға кешірім жарияланады», - делінді.
Осындай жағдайда Исатайлардың Жайықтан өтем деуі-орындалмас қиялмен тең еді. Оған қоса, осы кезде ауа райы мүлде өзгеріп, қатты боран соғып, жерді қалың қар басқан болатын. Тез қимылдамаған жағдайда батыр бастаған топ аштан қатып, үсіп өлуі де ғажап емес еді.
Осылардың бәрін ескере келе, Құрақ Маябасов 1837 жылдың желтоқсан айының 12-нен 13-не қараған түні таңғы сағат төрт шамасында көз көрмес қарлы боранды пайдаланып, Жаманқала қамалының жоғарғы жағындағы 5-6 шақырым жердегі «Сарытоғай» тұсындағы Құраққа бұрыннан да жақсы белгілі жыраға көтерілісшілерді бастап келеді. Осы жерде олар алып келген киіздерін көк тайғақ мұзға төсеп, адамдарымен және көліктерімен Жайықтың Азия бетіне өтеді. Тек Нұрмағамбет Сүйінұлы дегеннің аты мұзға тайып, шыға алмай қалады. Кісінеген ат дауысын естіген күзет оқ атады. Мылтық дауысын естіп, Жаманқаладағы хорунжий Жигин бастаған отряд «Сарытоғайға» қарай тұра шабады. Олар Н. Сүйінұлын және азық-түлік артқан 1 түйе мен 6 атты қолға түсіреді.
Бұл кезде Исатай мен Махамбет бастаған 36 адам Жайықтан өтіп, тездеп қуғыншылардан жасырынып үлгереді. Қарлы боран олардың ізін жабады. Сарайшық бекінісі маңындағы Баймағамбет сұлтан казак отрядымен қосылып, олардың соңына түседі. Жазалаушылар 50-60 шақырым жерге дейін қуса да, Исатайларды таба алмай, кейін қайтады.
Осылайша қазақ халқының азаттығы жолындағы күрескерлер Кіші жүздің кең даласына аяқ басады. Олар Қабыланбай, Құрақ сияқты батырлардың жанқиярлық ерліктері арқасында ғана Бөкей ордасындағы жазалаушы жендеттердің қанды тырнағына ілікпей қалды. Алайда, патша үкіметі Құрақ Маябасовты ұстап, көтерілісшілерді Жайықтан өткізіп жібергені үшін қатаң жазалайды. Қабыланбай Қалдыбаев сияқты Құрақ Маябасов та әскери сотпен сотталып, Сібірге каторгаға айдалды. Өкінішке орай, олар сол кеткеннен туған елге қайтып оралмады. Біз тек олардан қалған ұрпақтардан өрбігендерді көріп, шүкіршілік етеміз.
Қабыланбай Қалдыбайұлының ерлігі-парсы басқыншыларын шөл далаға бастап апарып, олардың қырылуына, сөйтіп, еш нәтижесіз еліне қайтуға мәжбүр еткен сақ батыры Ширактың, Белоруссия орманында жау әскерін қалың батпаққа апарып түсіріп, орыс әскерлерін құтқарып қалған Сусаниннің ерліктерімен қатар тұрады. Қазақ халқы Қабыланбай батырды «Қазақ Сусанині» деп құрметтейді.
Аманкелді Шамғонұлы
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,тарихшы,исатайтанушы