КҮМБІР КҮЙШІ - ҮЗДІК СНАЙПЕР

КҮМБІР КҮЙШІ - ҮЗДІК СНАЙПЕР

391-АТҚЫШТАР ДИВИЗИЯСЫНЫҢ СНАЙПЕРІ ҒАЛЫМ ҚОЙШЫБАЕВТЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

 

Жалғасы. Басы осында

 

   Мен - Совет Армиясы қатарына 1940-жылдың 19-мамырында шақырыпдым. Әскери қызметті Орта Азия әскери округінде, Чарджоу қаласында, 100-ші Қызылтулы полктың аға лейтенант  Қаби Мұғинов басқаратын 4-ші ротасында, оның құрамындағы Ермозовтың бөлімшесінде (отделение) өткердім. 1940-жылдың қыркүйегіндегі бір түні, сағат 2 шамасында, қару-жарақ қоймасы күзетінде тұрғанымда менің постыма диверсанттар шабуыл жасады. Мен оларды дер кезінде байқап қалдым да, бұйрығыма жауап бермегесін, туралап оқ атқанымда - олар қараларын батырды. Ертесіне әскери бөлім басшылығы олардың біреуі ауыр жараланғанын - қанның көптеп аққанынан анықтаған. Әскери міндетімді атқаруда қырағылық танытқаным үшін 100-ші полк алдында оның командирі майор Корсин алғыс жариялады. Әскери өмірім осылай басталған-ды.

   Соғыс басталғанша, яғни 1941-жылдың 22-маусымына дейін біздің бөлімдеріміз Ауғанстанмен шекарада, Термез қаласы маңында әскери  оқу-жаттығуда еді. Сол жылдың қазанында біздің бөлімдерден екпінді бөлімшелер құрып, Қазақ ССР-і Әскери комиссариаты қарамағына жіберді. Алматыда бәрімізге сержанттың үш түрін беріп (маған кіші сержант), Ақтөбе қаласында жасақталып жатырған бригадаға асырды.  

   Құрастырылған бөлімдерді майданға, Москва түбіндегі Клин қаласында орын тепкен Қызылтулы 2-гвардиялық дербес атқыштар бригадасын толықтыруға жіберген. Бұл бригада құрамында алғаш рет Большая және Малая Горбовка ауданындағы Старая Русь түбіндегі ұрыстарға қатыстым.

   1942-жылдың 29-қаңтарында біздің бригаданы 1-екпінді армияның қорғаныс батальонына көмекке жіберген. Ол батальонның ақырғы жауынгері қалғанынша қаһармандықпен шайқасқанының куәсі болдық. Неміс полкы оны түгелімен жойып жіберген екен. 30-қаңтардың ертесінен кешіне дейін өте жақсы қаруланған сол полкпен айқасып, ақыры аз шығынмен жауды талқандап, қорғаныс батальонының орнын бастық. Мен бригаданың 2-батальонында бөлімше командирінің көмекшісін атқарғам. Бұл шайқаста дұшпан тек жаяу әскерінен ғана емес, бірнеше танкісінен, бронетранспортерлерінен айрылған еді. Біздің ерекшеліктерімен көзге түскен 50 автоматшымыздың – мемлекеттік марапатқа ұсынылғандарын білдік.

   3-ақпанда біздің бригада ол орынды тастап, жаудың дөңгелетілген қорғанысын айналып өтіп, 6-ақпанда фашистердің тылындағы Старая Русь қаласының батыс бөлігіне жайғасты.

   6-ақпанның түн ортасы ауа, сағат 2-де біздер: аға лейтенант Лапашинский (Хасан көлі түбіндегі шайқаста «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін алған) өзінің пулемет ротасымен және мен өзімнің бөлімшеммен дұшпанның қорғаныс шебін бұзып өттік. Менің бөлімшем көшедегі ұрыста жаудан артықшылығын көрсетіп, оның полк штабын басып алды. Штабта неміс полковнигі мен фельдфебелі совет жауынгерін айуандықпен қорлап жатыр екен, екеуінің де қаруларын тартып алдық. Өкініштісі, ол жауынгердің аты-жөнін ұмытып қалдым. Есімде қалғаны - оның қазақ, партия мүшесі екені.

koishibaev6

   Таңертең бізге көмекке берілген танк взводымен одан әрі Иванова деревнясына жүйткіп, жаудың айнала қорғанысына сұғына ендік. Жолда біздің жауынгерлер немістердің өзара байланысын қиып тастады, гарнизон есебіндегі шағын бөлімшелерін жойып жіберді.

   Бірақ, сорымыз да алдымызда күтіп тұрған болып шықты. Деревняның тұрғындары негізінен иеговист деген сенушілер сектанттың мүшелері екен, біздің көп еместігімізді фашистерге хабарлай қойыпты.

   Аналардың опасыздығымен, біздің оң қанатымыздың күзеті 12-ақпанда барлауға кеткен сәтте, неміс жаулаушылары түн ортасы ауа тұтқиылдан шабуыл жасап, 12 жауынгерімізді айуандықпен жусатып салды. Бірақ, деревняны басып алуға мүмкіндік бермедік. Жауды кері шегіндіргесін, шеткі үйлерден 100 метрдей қашықтықтан жаңа окоптар қазып, шеңберлі қорғаныс шебін жасадық тездетумен. 15-ақпанда, таңғы сағат 4 шамасында фашистер бізден бірнеше есе артық күшпен үлкен шабуылға кірісті. Күн көрінгеннен кейін неміс авиациясы бомбаларын тастап, деревняны тас-талқан етті. Жан алысып, жан беріскен ұрыстардың қым-қиғаш өткенін мынадан сезесіз. Деревня бір күн ішінде 12 рет қолдан – қолға өтті. Мен өз бөлімшеммен қарсы шабуылда ана жақтың елді мекенге сол жақ шетінен таяу жатқан жау траншеясына жетіп, қолмен шайқасуда артықшылығымыз арқасында басып алдық. Тек осы ұрыста бір өзім жеті фашисті жойып жібердім. Үздіксіз ұрыс сағат бестен кете барып басылды. Иваново деревнясы күшіміз тым аз болса да, ақыры біздің иелігімізде қалды. Бөлімшемдегі жауынгерлердің жартысы о дүниелік болыпты. Қаһармандықпен қаза тапқандар арасында Орал қаласындағы ет комбинатының бұрынғы жұмысшысылары  Сатыбалдин, Ысмағұлов және өзгелер бар еді. Бөлімшем негізінен қазақтардан, удмурттардан, татарлардан тұратын, олардың дені әскери өнерге бұрыннан жаттыққандар болатын.

   Лейтенант Лапашинский өзінің пулемет ротасымен деревняның ортасында шайқасқан. Жаралыларға медициналық көмек көрсеткеннен кейін, Лапашинский орналасқсан жерге барсам, рота - командирімен бірге түгел қырылыпты! Болған жайды бүкіл ротадан жалғыз өзі тірі қалған 19 жасар оқ тасушы жауынгерден естіп-білдім. Айналып келгенде, бір күндік бетпе-бет ұрыстан кейін тұтас рота мен менің бөлімшемнен тірі қалғанымыз – онға жетпейтін адам ғана.

   Біз әлгі жауынгермен бірге станокты жалғыз пулеметті сақадай етіп келесі ұрысқа дайындап, окопымызды тереңдетіп, ирелеңдетіп қазып қойдық. Ертесіне Күн көріне, бар болғаны тоғызымызға кем дегенде 10 есе артық автоматшылармен дұшпан шабуылдауды қайта бастады. Артымыздан келетін көмектен күдер үздік те, соңғы патронымыз қалғанша қарсылық көрсетуге бел байладық.  Фашистер үлкен шығынмен үш рет кері серпілуге мәжбүр болды. Дұшпан енді бізді оқ жетпейтін жерден зеңбіректен, минометтен атқылауға көшті. Оларға снайперлері де қосылған тәрізді.

   Көмекшім пулемет лентасын маған беріп жатқанында – снайпердің оғы екі жағын бірден қиратып өтті. Ол: «Қош бол, жолдас... кіші сержант... Мен дайынмын!..» дегенді аузы толы қанға тұншығумен әрең айтып үлгерді. Осы сәтте снарядтың дәл тигенінен, мен пулеметіммен бірге 6-7 метрге ұшып кеттім, оң қолыма жарықшақ кіріпті. Есімді жисам – қасымда аға сержант Нұрғалиев жатыр. Ол – Оралдан болатын, үйінің адресін де білетінмін: Саратов көшесі, 29. Айнала қараңғылана түскен. Жау бомбаларын үстімізге тастауын әлі тоқтатпапты. Мен деревняның сол жақ шетіне, жаздан шабылмай қалған қалың да биік бидайыққа бүкшеңдеумен жүгіріп өттім. Сол жерде Лапашинский ротасының бір взвод командирімен кездесіп қалдым. Ол 3-батальоннан көмек күтіп жатыр екен. Өзі жаралы. Осы кезде бізді байқап қалған жау автоматшылары біртіндеп тізбек құрып жайылумен қоршауға ала бастады. Жаралы болсақ та, олармен айқасып өлгенді жөн санап, атыса кеттік.

    Атыста екінші рет ауыр жараландым. Минометтен жіберілген минаның жарықшағы оң жақ саныма қадалды. Қанымды сорғалатумен, сол қалың бидайық арасындағы шаруаның моншасына жорғалап жеттім. Ондағы орыс пешінің үстіне әрең шықтым да, сабанға құлай кеттім. Қанымның көп кеткендігінен шығар, қатты әлсіреп қалыппын. Қанымның төменге тамшылап ағып жатқанын сеземін.

   Жанымнан біреудің ыңырсығаны естілді. Ол да жаралы жауынгер, өзі қазақ болып шықты. Оң қолынан ауыр жараланғандықтан маған көмек көрсете алмады. Бір кезде моншаның бір жағын қопара бомба түсті де, біздің панамыз отқа оранды.Оны өшіруге жағдайымыз жоқ, жан-жағымыздан немістердің сөздері естіледі. Деревня дымы қалмастан өртеніп жатыр. Екеуіміздің түсінгеніміз, біз не тірілей күйіп өлеміз, не аналар атып тастайды. Екі рет өлім жоқтығы белгілі! Ойлануға, тапқыр шешімге келуге уақыт қайда, не болса да тағдырымызға мойнымызды ұсынып, күтіп келіп қалдық. Егер есіктен жүгіріп шықсақ... Міндетті түрде бірден атып тастайды. Ал егер өтірік «өліп» жатсақ, тірі қаламыз ба?..

   Мен өз ойымды жауынгерге түсіндіріп, аяғы сау болғандықтан сыртқа бірінші болып жүгіріп шығуын ұсындым. Бірақ оған оның жүрегі тұрмады. Содан мен винтовкама сүйенумен ашық тұрған есіктен сыртқа бетімді қарға батыра секіре құладым. Ана қызыләскер де солай істеді. Бізді байқап қалғандар автоматтан оқ жаудырды. Жолдасым менен 5-6 метр жерде бебеулеуде, оған өртегіш оқ тиген екен, шинелі және жанып жатыр. Сәлден кейін ол өліп тынды.

   Бұл кезде немістер бидайықты алаңға жетіп, біздің тірі қалып, қашып бара жатқан жауынгерлерімізді қуып берді. Маңымдағы олар 3-батальонның бөлініп қалған жауынгерлері тәрізді. Фашистер ауыр жаралыларды автоматтан тақап тұрып атса, винтовка ұстағандары оның найзасымен түйреп келеді. Басымда қалың қарға терең батырып, оның астында өте сақтықпен әрең дем аламын. Олар мені әрі-бері ауыр етіктерімен басып өткенде – дем алмаймын, тістенумен жағым қарысып қалған... Санамасам да біліп жатырмын, немістер менің «өлі денеме» жеті мәрте келгендерін, яғни соншама рет дәл жанымда ажалдың тап өзі тұрды...

   Ақпанның солғын Күні батып бара жатты. Мен болсам, әбден қараңғылық түскенше сол жерде қала бердім, арасында есімнен танып кетемін. Әлі есімде, бір сәттеп көз алдыма кезектесіп жетімдік көрген балалық шағым, балалар үйіндегі ұстаздар, қатарларым, Қазақ филармониясындағы соғысқа дейінгі жұмыстастарым елес береді, ақыр соңында өмірден тым ерте кеткен аса қымбат әкем мен анам бейнелері жылт етті де жоғалды.

   Қатты ұйықтап кеткеннен селт етіп оянғандаймын. Алдымен байқағаным – оң қолым мен аяғым көтертпейді. Деревнядан қалғаны – жанып бола келген үйлер мен қора-қопсылар. Немістердің сөздері, келіп жеткен ас дайындау көлігінің сықыры, котелоктардың салдыры, қараусыз қалған сиырлардың мөңіреулері, қаздардың қаңқылдары анық естіледі.

   Бойымдағы қалған күшімді жиып, винтовкамның дүмін кеудеме сүйеу етіп, орнымнан тұрдым. Жаралы денемді ауырсынудан гөрі, есем кетіп бара жатқан жауға деген өшпенділік ішкі дүниемді күйдіріп бара жатты. Мейлі, немістер көре берсін, жаным шыққанша шайқасуға дайын едім. Кенеттен біреу менің атымды атап қалды. Ол - Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданынан әскерге алынған, мен тәрізді ауыр жарақаттан оң аяғы мен қолы иіліуден қалған, әзірге тірі екеніне мәз Әбішев екен. Ол да винтовкасының дүміне сүйеніп орнынан көтеріліп: «Жолдас кіші сержант, мына жағдайдан қалай шығамыз?» деп сұрады. Жағдайдың бір жолы ғана бар екенін, ол – бар күшті жиып, жасымай, ер-азамат екенімізді өзімізге дәлелдеу екенін жауап ретінде айттым. Мен оған әрең деп сүйретілумен жеткенімде, «Братцы! Ағайындар!» деген сөздер естілді. Дыбыстаушылар кіл ауыр жаралы жауынгерлер екен.

    Бізден 10 метр ғана жерде атқа жегілген екі шана тұр! Әбішев екеуіміз қара басымызды әрең алып жүрумен жаралыларды сол шаналарға тиедік. Олар әлгі бізге көмекке жіберілген 3-батальонның қалып қойған 30 шақты жауынгері болып шықты. Сол жерден табылған автомат, винтовка, гранаталармен қаруландырдық. Майдан шебін бағыттап жолда келе жатып, көпірге жақындай бергенімізде пулемет пен автоматтардан оқ борап қоя берді. Біз дұшпанның тосқауылына тап болған екенбіз. Амалсыздан ат-шанамызды кері бұрып, немістердің тылына тағы да адам бойымен бірдей, өткен жылдан қалып қойған бидайықтар арасымен жүріп кеттік.

   Алдымыздан, 500-600 метр қашықтықтан болар-болмас жылтыраған от көрінгесін, аттарды тоқтатып, Әбішев екеуіміз соған бет алдық. Жақындағанда байқағанымыз, жеркепенің терезесінен көрінген жарық екен. Содан екеуіміз жер бауырлап, жеркепеге тақап барып, асықпай айналаға құлақ түрдік, содан кейін ғана ішке кірдік. Немістер жоқ, пеште екі әйел мен оларға қарсы орындықта шал отыр. Мен оларға жағдайымызды түсіндірдім. Қазақстаннан екенімізді, бауырлас көп ұлттармен бірге бәрімізге ортақ Отанымызды қорғап жүргенімізді, ал қазір ондаған совет жауынгерлерін құтқару мен сақтау қажеттігін айттым.

   Бірақ шал, бізге жәрдемдесуден бас тартып, Совет өкіметін қарғай жөнелді, «бәріне сол айыпты, патша тұсында бәрі жақсы еді» дегенді алға тартып, шатақ шығарды. Ол неміс басқыншылары жағындағы адам болып шықты, егер дереу қарамызды батырмасақ, немістерге ұстап беретінін ашық айтып, үйінен дөрекі түрде шығарып жіберді. Мен оны атып тастай алмадым, өйткені оқ дауысын фашистер естіп, өзіміз арандап қалатынбыз. Ызамды ішіме бүгіп, жаралы жолдастарымның өмірі үшін амалсыздан сабама түстім. Сонымен Әбішев екеуіміз шанадағыларға құр қол қайттық, дегенмен үмітімізді жоғалтпай, бидайық ішімен алға жылжып кеттік.

   300 метр жүргенімізде сол қалың бидайық арасында шөппен бүркеп қойған бір моншаға тірелдік. Әбішев екеуіміз бүркеме шөп пен тастарды алып, есігін ашсақ, іші жып-жылы. Жергілікті тұрғындар бір кездері осында бой тасалаған тәрізді. Кейбір жауынгерлер оған өздері жер бауырлап жеткендерімен, көпшілігін Әбішев екеуіміз ішке әрең кіргіздік. Біраз демімізді алғаннан кейін, жауынгерлерге: «Жолдастар! Біздің бөлімдерге менімен бірге кім барғысы келеді? Кімнің мүмкіндігі бар?» дедім. Бірақ жаралылардың жүруге жағдайлары жоқ еді, олардың кейбірі талықсып, сандырақтап жатты. Сондықтан жалғыз Әбішев: «Жолдас кіші сержант! Сізбен бірге мен барамын! Егер өлуге тура келсе, бірге өлеміз!» деп үн қосты. Жауынгерлер жапатармағай бізге алғыстарын білдіріп, өздерінің нағыз бауырлары болғанымызды айтып, жолымызға сәттілік тіледі.

   Содан Әбішев екеуіміз моншаны қайтадан бүркеп, аттар мен шаналарды бұрынғы орындарына апарып тастадық та, онша алыс болмауы тиіс біздің бөлімдердің бағытына иықтасумен жүріп кеттік. Аязды түнде аяғымыз астындағы қар сықырлап, адам барын сездіріп алдық. Немістер аспанға жарық беруші ракеталарын атқылап, біздің жаққа оқ жаудырды. Айналамызға салқын қарды «быжылдатып» ыссы оқтар ысқырумен келіп түсіп жатыр. Біз әр 10 минут сайын демімізді алып, жорғалай бердік. Көп кешікпей ракеталар жарығы мен оқтан құтылдық. Немістердің бақылауындағы тас жолдың қатарымен біресе тұрып, біресе еңбектеп, жылжи бердік, жылжи бердік. Төбемізде немістердің қорғаныс нысандарын анықтаушы, әрі бомбалаушы біздің «кукурузниктер» айналып ұшып жүр. Фашистердің оларға бағыт беруші жарқыл оқ жаудыруларынан, олардың қорғаныс шептері қай шамада екендерін біліп алдық. Мен біздің бөлімдеріміздің шабуылдайтын жерін шамаладым, осыны пайдаланып. Сонымен қатар, біздің әскерлер шабуылдайтын маңда немістердің бар екенін сезіп келемін. Таң білініп, біртіндеп жарық түсе бастады. Біз болсақ, белуардан келетін қарды сол қол, сол аяғымызбен жарып, өз денемізді өзіміз сүйреп келеміз, жүрісіміздің өнімділігі жартымсыз.

   Таңертеңгілік тағы да айналамыз ысқырған оққа толды. Алдымызда ақ халат киген адамдар барын байқап қалдық. Бірақ олар кімдер, біздікі ме, әлде немістер ме?.. Олардан 100-150 метрдей жердегі қалың бұтаға жер бауырлаумен маңдай теріміз көзімізге құйылумен жорғалап келеміз. Егер бұлар немістер болса, онда ұрыс салуға дайындалдық. Әбішевке: «Екі оқ қалдырамын, егер жағдайымыз тым мүшкіл болса, бір оқ саған, екіншісі өзіме, ал егер мен бұрын өліп кетсем – тап осыны сен орындайсың!» дедім.

   Бұталарға бес-алты метр қалғанымызда, Әбішев қолымды ұстай алып, құлағыма «Біздікілер! Біздікілер! Естисіз бе, қазақша сөйлейді!» деп айқайлап жіберді. Менің пулеметпен бірге снаряд ұшырып жібергенінен жартылай бітіп қалған құлағым, әлі ашыла қоймаған, аналардың сөздерін естімеппін.

   Күзетте тұрғандар бізді байқап, ескерту белгісімен тұтқынға берілуімізді талап етті. Шоқ бұталарға жеткесін мен оларға жауап белгімді бердім. Шынында да, бұлар - біздікі екен! Совет жауынгерлері екенімізді білген олар, жүгіріп келді. Бізді Сағитов (Алматы облысының Калинин атындағы колхозынан), Өмірешов (Ақтөбе қаласынан), Қонақбай Назаров (Ақтөбе облысынан, бұрынғы мұғалім) және өзге жауынгерлер туысқандарынша кезекпен құшақтарына алумен қарсы алды.

   Әбішев екеуімізді полк штабына алдыртты. Мен 6-15-ақпан аралығында жау тылында басымыздан өткізген жайларды түгел баяндап, жаралы отыз жауынгер мен немістердің орналасқан жерлерін айтып бердім. Біздерді дереу штабтан - медсанбатқа жіберді. Тап сол күні, 1942-жылдың 16-ақпанында 7-ші, 8-ші гвардиялық және 210-Латыш дивизияларының жекелеген батальондары Старые Руси артындағы Иваново деревнясын жаудан тазартқан, біз қалдырып кеткен 30 жаралы жауынгерді тауып, ол жерден алып шыққан.

   Кезекті бір бомбалаудың астында қалып, жаралнған Әбішев екеуіміз бөлек госпитальдерге кеткенімізден - бір-бірімізді жоғалттық. Осы уақытқа дейін білмеймін, қайда, тірі екенін, біз құтқарған жауынгерлер тірі ме екен?.. Олар туралы білгім келеді. Соларға қатысты жайларды Сағитов пен Өмірешов растап бере алады. Егер мүмкіндіктері болса, жау мен өлім уыстарынан шыбын жанымызды шүберекке түйіп, өзіміз жаралы, әрең жүрсек те құтқарып алған ана 30 жауынгердің өмірде барлары бірдеңе айтар ма екен?..

   Мен Кострома қаласындағы госпитальде 1942-жылдың сәуірі ортасына дейін емделіп, Бологое ауданындағы сауықтандыру батальонына түстім. Мамырда өзімнің өтінішім бойынша 391-атқыштар дивизиясына аға сержант Ұрықбай Өмірзақовпен бірге жіберілдім. Біздерді 1280-атқыштар полкының 4-ротасына алғанымен, кейінірек мені - жарақатым сыр бергесін комендаттық взводқа, ал Өмірзақовты 3-ротаның саяси жетекшісіне ауыстырды.

   Біздің 391-атқыштар дивизиясы Козлово және Боровичи деревнялары маңында тұрды. Оның 1280, 1278, 1024-полктыры Робь өзені бойында шеп құрды. Бұл жерде 16-неміс армиясы бөлімдерімен қиян-кескі шайқастар тура төрт ай бойына, мамырдан – қыркүйекке дейін созылды.

   Барлық шабуылды ұрыстардағы мақсатымыз – Ленинград жағында соғысып жатқан біздің 11-армиямен қосылу еді. Сол арқылы немістердің 16-армиясы топтарын қоршауға алып, біртіндеп жою болатын.

   391-дивизияның үш полкы қиян-кескі ұрыстармен Робь өзенінің екнші жағына өтіп, жаудың бұрынғы бекінісін басып алды. Бұл жер тіптен батпақты екен, артиллерия келе алмағасын, бар қиындық жаяу әскерге түсті. Әр метр, бір табан жер үшін мыңдаған адамымыздың қаны төгілсе, қаза тапқандар жүздеп саналды.

   1942-жылдың 10-маусымында шабуылымыз басталды. Оның алдында шабуылшы арнайы топтар жасақталды. Олардың бірін мен бағынған ротаның командирі Китаев басқарды. Мақсат – «Долина смерти» (қазақшасы «Өлім жазығы») деген атаулы жердегі бір биіктікті жаудан тартып алу.

   10-маусымда, күндізгі сағат 3-те шабуылшы топ алдымыздан қарша бораған оққа қарамастан алға ұмтылдық. Жай оқты былай қойғанда, бұршақша жауған снаряд астында көптеген жауынгерімізден айрылсақ та, жан ұшырып жүгірумен тапсырманы орындап бердік. Сол биіктікте 11, 12 және 13-маусымда дұшпанның оннан астам қатты шабуылдарына тойтарыс бердік, оларды ылғи да кері шегінуге мәжбүрледік. 11-маусымда жауынгерлік тапсырманы бұлжытпай орындағанымыздан кейін, бастапқы 160 адамдық құрамының төрттен бірі қалған шабуылшы тобымыз 1280-полктың екі батальоны құрамдарынан толықтырылып, 400-ге тарта жауынгері бар іріленген 4-ші рота деген атау алдық. Бірақ жағдайымыз өте ауыр, дәлірек айтсам – тіптен мүшкіл еді. Біз басып алған биіктік қорғану үшін тым қолайсыз болып шықты. Жау ұшақтары күніне әлденеше реттен бомбалайды, алысқа ататын ауыр зеңбіректері және төмпештейді, дамыл берместен. Арттағы негізгі күштеріміз бізге жете алмай-ақ қойды. 13-маусымның түс мезгілінде 400 жауынгерден тірі қалғандар 81 ғана болып шықты. Немістердің түскі ас кезінде соғыспайтыны белгілі, осы мұршаны пайдаланып, кіші командирлер құрамы (мен – сержант Қойшыбаев, кіші сержант Афанасьев, сержант Жуков) жиын өткізіп (рота командирі Китаевты сол күні таңда полк штабына шақырып алған, взвод командирлері түгелдерімен түске дейін қаза тапқан), жағдайымызды сараладық. Менің: «Бұл жерде қырылғанша, таңғы 4-те кенеттен шабуылдап, немістер қорғанысының бір шетін басып алып, соған бекінейік» деген ұсынысыма ана екеуі қарсылық білдірмей, қолдау таптым. Одан кейін жоспарымызды жауынгерлерге түсіндіріп едік, олар да бір ауыздан «дұрыс шешім» десті.

   Сол белгіленген уақытта шабуылымызды бастап кеттік. Біз 27 адамнан үш топқа бөлінгенбіз. Оң қанатты - Афанасьев, ортадағыны – мен, сол қанатты – Жуков басқарды. Қалың ұйқыдағы немістерге ойламаған жерден, тым азымызға қарамастан есеңгірете соққы беріп, бұрынғы орнымыздан 700 метр жердегі мықтап жасалған бекінісінің сол жағын басып алдық. Аңырып қалған фашистерді ес жиғызбастан, еш аяусыз атып, винтовкамыздың найзасымен, қонышымыздағы пышағымызбен, гранатамен жайпай бердік, жайпай бердік. Дұшпан тым аз екенімізді білетін, сондықтан олар бізді өздерінен бұрын шабуылдайды деп әсте ойламаған. Тым аз күшпен жойқын қимылдағанымызды мынадан байқауға болады. Сол түні жаудың бетон-темірден және бөренелерден жасалған ДОТ-тары мен ДЗОТ-тарын да басып алып, олардағы станокты пулеметтерді, минометтерді, толып жатқан өзге де қару-жарақтарды олжаладық.

   14-ші және 15-ші маусымда дұшпанның 3 батальоннан астам күші (2000-ға тарта адам) бізді жойып, позициясын қайтарып алу үшін 20-дан астам шабуыл ұйымдастарғанының бәрі сәтсіздікпен аяқталды. Біз олардың 1500 дей (2,5 батальон) адам күшін өлгені бар, жаралысы бар қатардан шығардық. 15-маусымның кешінде, яғни осыдан күн жарым бұрынғы 81 жауынгерден – алты-ақ адам қалдық. Олар 3 жауынгер: қырғыз Дүкеев, қазақ Біртаев (Шымкент облысының Сарыағаш ауданынан), орыс Бурлин (Алматы облысының Талғар ауданынан) және 3 кіші командир: Афанасьев, Жуков, Қойшыбаев. Әрбіріміз – 5 виновкаға, бір-бір қол пулеметі мен автоматқа «қызмет жасадық», ол қаруларды траншея шетіне қойып, бірінен біріне бұқпалап жүгірумен болдық. Сондағы мақсатымыз осыншама адаммен қалғанымызды сездірмеу еді. 15-маусымда, ертеден кешке дейін жаудың 12 шабуылын тоқтаттық. Тіпті бірнеше неміс траншеямызға кіріп те кетті, бірақ оларды сол бойда қол айқасында о дүниелік еттік.

   Сол «Өлім жазығында» біздің тек бәрімізге ортақ Отанды қорғаушылар ғана емес, бір-бірімізге бірге туған бауырдан да жақын болғанымызды мына мысалмен дәлелдеп берейін.

   Біздің траншеяға бірнеше фашист басып кіргенде, олардың бірі жақын жерден маған граната лақтырып қалғанында, жалтарып үлгере аламдым, ол басыма келіп сарт ете қалды. Жарылыс мені бірнеше секундқа есімнен тандырып жіберді. Ғажабы, темір каскамның жартысын жұлып әкетіпті, сол жерде жан тапсырмай қалай тірі қалғанымды осы күнге дейін түсінбеймін. Осы сәтте әлгі фашист жетіп келіп, винтовкасының найзасын маған қадағалы ыңғайлана бергенінде – бізді көріп қалған Афанасьев мені винтовкасының дүміміен оң иығымнан ұрып жіберіп, фашисті түйреген күйі траншеяның сыртына, басынан асыра  лақтырып жіберді! Афанасьев - өте ірі денелі, қайраты алапат жігіт болатын. Біз оны орысша-қазақша «батыр» дейтінбіз, осы оқиғаға дейін-ақ.

   16-маусымға қараған түнгі 2-ге дейін қорғаныс шебімізді, әр минут сайын дерлік қосымша күшке зәрулікпен 5-ақ адам болып қорғап тұрдық. 15-маусымның кешінде біз ержүрек командир, комсомолец Жуковтан айрылдық. Ол фашистер лақтырған бір бума гранатадан мәңгілікке көз жұмды.

   Түнгі 2-де сарылта күттірген қосымша күш келіп жетті, артымыздан. Ротаның қартаңдау старшинасы тамақты 81 адамға әкелген екен. Біздің бар болғаны бес түйір екенімізді көргенінде: «Где же остальные мои братья? Я ведь всем им привез продовольствие. Пейте, кушайте! Мы не могли помочь раньше, днем все долина была под обстрелом» деп кемсеңдеп, шынымен көзіне жас алды.

 

         Жалғасы осында

         Қазақшалаған Жұмабай ДОСПАНОВ,

«Алтын ғасыр», № 40, 2013-жыл

Теги Жеңіс75 СайтТайсойган Тайсойғансайты