КҮМБІР КҮЙШІ - ҮЗДІК СНАЙПЕР

КҮМБІР КҮЙШІ - ҮЗДІК СНАЙПЕР

   Кейінгілерді айтпағанда, қазақтың ақ басты алдыңғы буынына өткендердің көпшілігі  Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген артисі, белгілі домбырашы Ғалым ҚОЙШЫБАЕВТЫҢ Ұлы Отан соғысына қатысқаны мен ондағы ерліктерінен бейхабар екендері анық.

   Ол 1919-жылы Қызылқоға ауданының Тайсойған өңірінде руы Ысық  жай шаруаның жанұясында дүниеге келген. 7 жасында – анасынан, 12 жасында – әкесінен айрылады.

   Әкесі Қойшыбай Божанов – 1927-жылға дейін байлардың жалшылығында болып, содан Доссор мұнай кәсіпшілігінде қара жұмысшылықты атқарады. Бүкіл Қазақстан бойынша алғаш құрылған 5 қой өсіруші совхоздың бірі - №14 Бақсай «Овцевод» совхозы директорының бірінші орынбасары - оған дейін Новобогат (1928-1929), Теңіз (1929-1930) аудандық советтері атқару комитеттерінің председателін атқарған Қалаубай Дүйсекенов – марқұм әйеліне алыс тан туыстығы бар екен, 1930-жылдың жазында Қойшыбайды көмекші шопан етіп жұмысқа алады. Бірінші әйелі 1926-жылдың 10-мамырында екінші ұлы Мәкәлімді өмірге әкелгенінде – ауыр босанудан қайтыс болады. Өкінішке қарай, 1931-жылдың мамырында, аға шопан дәрежесіне жеткен ол - отар қоймен екі тәулік бойы толассыз жаңбыр астында қалып, содан өкпесін суық шалып, Гурьев қаласындағы ауруханада емделгенімен, сол жылдың қарашасында көз жұмады.

   Қойшыбай - 4 жасар кенже ұлы Мәкәлімді Қызылқоғадағы туыстарының бағымына қалдырып, сәби болса да зеректілігімен, 6 жасынан күйлерді бұлжытпай орындауымен жұрт назарын өзіне аудара бастаған Ғалымын - Доссордағы орыс мектебінен өзімен бірге совхозға әкетіп, Таңдайда жаңадан ашылған бастауыш мектептің 3-ші қазақ класына оқуға беріп, оның жанындағы интернатқа жатқызады.

ҚОЙШЫБАЕВ Ғалым, 1952-жыл

         11 жасынан Ғалым мектептегі домбыра тартушы балалар мен мұғалімдердің алды болып, 1931-жылдың қазанында, Ұлы Октябрь революциясының 14 жылдығына Гурьев аудандық оқу бөлімі ұйымдастырған оқушы домбырашылар бәсекесінде өзінен 5-6 жас үлкендерді артқа тастап, 1-орынды иеленеді. Қалаға жол тусуін пайдаланып, ауруханадағы әкесіне барып шығады, өмірінде тұңғыш рет қолына тиген жеңімпаз дипломын алдымен соған көрсетіп, ақ батасын алады. Арада ай өтпей жатып, әкесі дүние салады...

koishibaev3

   1932-жылдың 10-наурызында жаңадан құрылған Батыс Қазақстан облысына бағындырылған Гурьев аудандық совет атқару комитеті Қалаубай Дүйсекеновтің мұрындық болуымен тамыз айында тұл жетімдер Ғалым мен оның інісі Мәкәлімді облыс орталығы Орал қаласындағы жетім балалар үйі саналатын арнайы мектеп-интернатқа жолдамамен тапсырады. Бұл мәселені Оралға обком мен совхоздар тресіне жұмыс бабымен әлсін-әлі барып жүргенінде Қ.Дүйсекенов шешіп тастаған еді. Тағдырдың тәлкегіне тосқауыл бар ма, екі жетімнің нағашылары жағынан қамқорлап, оларға республикаға танылар үлкен жолды ашып берген Қалаубай ағалары 3 совхоз директорын атқарғаннан кейін, сталиндік саяси қуғынға ұшырап, «совет өкіметіне қарсы ұйымдар құрған халық жауларымен бірлесті» деген жалған айыппен бірнеше рет абақтыға жатып-шығып, ақыры 5 жылға Жезқазған даласындағы лагерьге жер аударылып, сол жақта дүние салады.

koishibaev6

   Тағы да олардың бағына - Орал қаласындағы жетім балалардың 7 жылдық мектеп-интернатында көркемөнерпаздар үйірмесі сәтті жұмыс істеп, оның домбыра секциясында Ғалым мен одан 7 жас кіші Мәкәлім табиғи дарындылықтарын шыңдай түседі. Көп кешікпей ағалы-інілі Қойшыбаевтар Орал қаласы бойынша, артынша бүкіл облыста мектеп жасындағы домбырашылардың бас бәйгелері мен жүлделі орындарын екеуара бөлісумен жеңіп алады.

   1934-жылдың 14-20-маусымы аралығында Алматыда халық өнерпаздарының республикалық слеті өтіп, оған елдегі бар 6 облыстан 90-ға тарта домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші, суретші, ақын қатысып, өнерлерін көрсетеді. Делегаттардың ең қарты - 88-дегі Жамбыл Жабаев, ал ең жасы – 15-тегі домбырашы Ғалым Қойшыбаев болады. Слет аяқталысымен,оған басынан аяғына дейін қатысқан  Қазақ АССР-і Ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов (Ақтөбе жерінде дүниеге келген, 1929-1933-жылдары одақтас республика болып үлгерген Тәжік және Өзбек ССР-лері халық комиссарын атқарған ол да «халық жауы» ретінде 1938-жылы қамауға алынып, 1939-жылы атылады) дарынды баланы Алматыдағы музыка-драма техникумына дереу студент етіп қабылдатады. Сол слеттен кейін араға бір апта салып, Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен бастапқыда КазЦИК атындағы (1944-жылдан Құрманғазы атындағы) Қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрі құрылып, оған шеберліктерімен көрінген, ішінде Ғалым бар, слет делегаттары алынады. Бұл оркестрде 15 жасар Ғалым - «тісқаққан» тарландар Қали Жантілеуовпен, Лұқпан Мұхитовпен, Жаппас Қаламбаевпен бірге өнер көрсетуді бастап кетеді. Айтпақшы, Мәкәлім ағасының рекордын жаңартып, 1939-жылы 13 жасында (!) республиканың бас оркестріне қабылданады.

   Оркестр 1936-жылдың мамырында тұңғыш рет Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігінде жоғары бағаға ие болады. Оркестр құрамында сахнадан 17 жасар бозбала Ғалым Қойшыбаев – Совет өкіметінің бірінші басшысы И.В.Сталиннің өздеріне қалай қол соққанын өзгенің айтуымен естімей, көзімен көріп, төбесі көкке жеткендей күй кешеді.

   Тағдырдың пәрменіне кім қарсы тұра алған. Саусағынан күй сорғалап, тыңдаушысын таңдай қақтырған Ғалымды алда алапат соғыс күтіп тұр екен. 1940-жылдың мамырында Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясына алынып, Түрікменстанда әскери борышын өтеп жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді.       Бұдан арғысын Рақым Қойшыбаевтың 2009-жылы «Жібек жолы» баспасынан 500 данамен шығарған «Галым Койшыбаев – снайпер из Казахстана» кітабындағы «Воспоминания снайпера 391-стрелковой дивизии Галима Койшыбаева» тарауын қазақшалағанымнан оқыңыздар.

koishibaev1

   ҚОЙШЫБАЕВ Ғалым (1919, Тайсойған ауылы, Қызылқоға ауданы, Гурьев облысы – 1985, Алматы қаласы), қазақтың танымал күйші-композиторы.

   Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген әртісі (7.08.1944).

   Алматы музыка-драма техникумын бітірген (1934-1936). Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптары оркестрінде домбырашы (1934-1940, 1944-1954). Ақтөбе облыстық филармониясы ұлт-аспаптары оркестрінің бас дирижері (1954-1958). Алматы облыстық филармониясы ұлт-аспаптары оркестрінің дирижері (1962-1969).

   Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясы қатарында (1940-1943).

   Ұлы Отан соғысында 2-дербес гвардиялық атқыштар бригадасында бөлімше командирі (1942). 391-атқыштар дивизиясында бөлімше командирі, снайпер (1942-1943). Майданда 200-ге тарта дұшпанды (олардың 126-сын снайперлікпен), 4 танкіні жойған. Совет Одағының Батыры атағына 1943-жылдың 22-ақпанында 391-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор М.Е.Козырь ұсынғанында берілмегесін – 1967-жылдың 19-шілдесінде Қазақ ССР-інің Әскери комиссары Н.Б.Байкенов пен саяси бөлім бастығы полковник А.Н.Гульбас қайтадан ұсынады, бірақ СССР Қорғаныс министрі Саовет Одағының Маршалы А.А.Гречко елеусіз қалдырады.

   «Жауынгерлік Қызыл Ту» (16.12.1942), 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» (23.12.1985) ордендерімен марапатталған.

Рахия Рысбайқызы ҚОЙШЫБАЕВА, балет әртісі, Ғ.Қойшыбаевтың зайыбы, Алматы қаласы, 1952-жыл

   ҚОЙШЫБАЕВА Рахия Рысбайқызы (15.10.1916, Қарқаралы ауданы, Қарағанды облысы – 26.02.1963, Алматы қаласы), актриса, әнші.

   Қазақ ССР-інің Халық әртісі (1947).

   Қарағанды облыстық драма театрының актрисасы (1932-1938). Қазақ мемлекеттік драма театрының актрисасы (1938-1963). «Қазақфильм» киностудиясында 1940-1962-жылдар аралығында 10 фильмде бас рөлдерді сомдаған.

   Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952). «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған (1956).

   Қойшыбаев Ғалымның зайыбы.

ҚОЙШЫБАЕВ Мәкәлім

   ҚОЙШЫБАЕВ Мәкәлім (10.05.1926, Тайсойған ауылы, Қызылқоға ауданы, Гурьев облысы – 12.12.1986, Алматы қаласы), қазақ-совет композиторы.

   Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген қайраткері (1971).

   Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген (1959). Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптары оркестрінде домбырашы (1939-1944). Қостанай (1944-1945), Ақтөбе (1945-1949) облыстық филармонияларында көркемдік жетекшісі. «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік бірлестігінің көркемдік жетекшісі (1960-1961). Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының музыкалық редакторы (1961-1962). Алматы мемлекеттік консерваториясында ғылыми қызметкер (1962-1965), оқу бөлімінің меңгерушісі (1965-1967), профессор (1976-1986). Алматы музыка училищесінің директоры (1968-1975). Қойшыбаев Ғалымның інісі.

Жалғасы осында

 

 

         Жұмабай ДОСПАНОВ,

«Алтын ғасыр», №39, 2013-жыл

Теги Жеңіс75 СайтТайсойган Тайсойғансайты