ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДТАРЫ КІТАБЫНА ЕНУГЕ ЛАЙЫҚ АДАМ

ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДТАРЫ КІТАБЫНА ЕНУГЕ ЛАЙЫҚ АДАМ

   Атырау топырағында дүниеге келген көптеген адамдар республикаға, тіпті Совет Одағына танымал болғандарын мақтан тұтамыз. Солардың бірі – қарапайым қыр қазағының қызы Қадиша ҒАБДОЛОВА.

   Ол 1914-жылы Гурьев облысының Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылында дүниеге келген. Өз ауылындағы бастауыш мектептің екі класын бітіргеннен кейін, оның жанұясын 1930-жылы Қазақстанда алғашқы бесеудің бірі болып Таңдай селосында құрылған №14 Бақсай «Овцевод» совхозы директорының бірінші орынбасары, рулас туыс (Есентемір) болып келетін Қалаубай Дүйсекенов көшіріп алады. Жанұя басшысы Тасмағамбетов Ғабдол Таңдайдағы тұрмыстық қызмет көрсету цехында етікші болады.

   Қадиша 16 жасында Таңдайда ашылған бастауыш мектептің 3-ші класына барып, оны 1932-жылы бітіреді де, сол селодағы балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасады. Пысық та, елгезек комсомол мүшесі 1933-жылдың мамыры мен қыркүйегі аралығында Гурьев округтік совет-партия мектебінің комсомол бөлімшесінде оқығанынан кейін, 1934-жылдың шілдесіне дейін №5 «Бақсай» қой совхозы комсомол комитетінің секретарын атқарады.

   1934-жылы Гурьев қаласының іргесіндегі Балықшы поселкесінде кейін әлемге әйгіленген балық өңдеу-қалбыр комбинаты ашылып, жастарды жұмысқа шақырғанда – соны қабыл көріп, аға жұмысшылыққа орналасады. Сол жылы жұмысшы-жастар кешкі мектебіне барып, оның 7 класын 1937-жылы бітіреді. Айлық жоспарын ылғи да асыра орындайтын, өзгелерге үлгі озат жұмысшы тек комбинаттың ғана емес, қаланың, округтің қоғамдық өмірлеріне белсене қатысады. Комбинат комсомол комитетінің, кәсіподақ комитетінің, округтік комсомол комитетінің мүшеліктеріне әлденше рет сайланады. 1935-жылы Қазақстан әйелдерінің І-съезіне Батыс Қазақстан облысы бойынша 7 делегаттың бірі болып барады, одан кейінгі республиканың 15 жылдығына арналған Алматыдағы 10 мың адам ашық алаңда қатысқан бүкілхалықтық митингте оған сөз беріледі. Сол жылы республика тамақ өнеркәсібінің озық  қызметкерлері слетіне қатысып, мінбеден сөйлейді. «Қазақ АССР-іне 15 жыл» төсбелгісін тағып оралады. 1936-1937-жылдары КазЦИК-тің ІІ, ІІІ және ІV-съездеріне Гурьев округі атынан қатысады. 1938-жылы ВКП(б) мүшелігіне кандидатқа, келесі жылы мүшелігіне өтеді.

   1937-жылдың сәуірінде ВКП(б)-КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі (1935-1966), СССР Тамақ өнеркәсібі халық комиссары А.И.Микоян (1964-1965-жылдары Совет Одағының екінші басшысы – СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі) ол кезде облыс орталығы дәрежесіне әлі жетпеген Гурьевке келіп, балық комбинаты жұмысшы-қызметкерлерімен үлкен жиналыс өткізеді. Жиналыста Анастас Иванович комбинат ұжымынан жылдық жоспарды 10 миллион құты балық дайындаумен 175 пайыз етіп орындауды өтінгенде, Қадиша Ғабдолова еңбектестерінің үнсіз қалғандарына шыдай алмай, мінбеге жетіп барады да, бұл өтінішті бір ауыздан Ұлы Октябрь социалистік революциясының 20 жылдығы құрметіне көтеріңкі міндеттеме ретінде қабылдау туралы үндеу тастайды. Жұмысшылар оны ду қол шапалақтаумен қабыл алады. Совет өкіметінің бір басшысы саналатын А.И.Микоян орнынан атып тұрып, орыс тілінде жатық сөйлеген, отша жалындап тұрған қазақ қызын бетінен сүйіп, президиум үстеліне, өзінің қасына отырғызады. Ғабдолова сол күннен бастап айлық жоспарын 3 еседен кем қылмастан орындап тұрады.

   1938-жылдың 15-қаңтарында Батыс Қазақстан облысынан бөлініп, Гурьев облысы құрылғанда, жаңа облыстың партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіне бекітілген М.Ф.Королев Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің тұңғыш сайлауын өткізу туралы нұсқау алынғанда - Қ.Ғабдолованы үміткерлер тізіміне енгізеді. Матвей Федорович 1933-1938-жылдары «Бақсай» қаракүл совхозы саяси бөлімінің бастығын атқарғанында - Қадиша қарамағында 10 ай комсомол ұйымына жетекшілік еткен. Сәуірде Қ.Ғабдолова қабылдауында болғанынан кейін, мамырда комбинат ұжымы оны депутаттыққа ұсынады. 24-маусымда өткен Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің І-шақырылымы сайлауында Қадиша Ғабдолқызы 100 пайызға сәл жетпейтін дауыспен үлкен дәрежелі мандатты иеленеді. 15-17-шілдеде Алматыда, оның І-сессиясына қатысады.

   1938-жылдың сәуірінде Қ.Ғабдолова комбинаттың құты-қалбыр цехына мастерлікке қойылып, шетелдерге жіберілетін балықтан дайындалатын тағам түрлерінің сапалы күйде арттырылуын мойнына алады.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.06.13

   Алматыдан, Жоғарғы Совет сессиясынан оралған Қадишаны М.Ф.Королев шақырып, оны облыстық совет атқару комитеті председателінің орынбасарына бекітуді ұсынып қойғағанын, қазір өзімен облыстық партия комитетінің жаңа бірінші секретары Қалдыбай Байманов пен облыстық совет атқару комитетінің председателі Жақсығали Қалиев бұл турасында сөйлескендерінде - бас тартпауын өтінеді. Қадиша ол екеуімен әлденеше рет кездесіп тілдескен, дастархандас болып үлгерген. Енді бірге, иықтасып қызметтес болуға жүрексінсе де келісімін береді. Сөйтіп, 1938-жылдың тамызында Қ.Ғабдолова бар болғаны 24 жасында цех мастерінен - жоғары лауазым саналатын Гурьев облыстық советі атқару комитеті председателінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасарына бірден көтеріледі. Ескеретін жай, Қадиша – еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық советінің 1939-жылы өткен І-ші шақырылымына да Бабанск сайлау округінен депутат болып сайланғаны. Ол осы қызметті 10,5 жыл үздіксіз атқарғанында - халықтың әлеуметтік тұрмысының, әйелдер мәселесінің уақытылы шешілуіне барын салған. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдары мен одан кейінгі қалыпқа келтіруде тәуліктеп жүріп, өзіне жүктелген міндеттерді түгел дерлік жүзеге асырумен, және қарамағындағыларға тапсырмаларын бұлжытпай орындатумен болған. Облыс көлемінде одан «зардап шеккен» кейбір шенеуніктердің: «Қадишадай қаныңды қасықтайтын қатал қыз жоқ шығар...» дегенді таратып жібергендерінен - оның қатаң талапшылдығын түсінуге болады.

   М.Ф.Королев 1939-жылдың көктемінде облыстық партия комитетінің үшінші секретары болып сайланғанынан кейін Қ.Ғабдолованы облыстық партия комитетінің бюро мүшесіне кандидаттыққа өткізу туралы ұсынысын екінші мәртеде жүзеге асыртып тынады. Ол 1941-жылдың 1-тамызында қызметінен босатылып, ҚКП(б) Орталық Комитеті арқылы Мәскеуге кетіп бара жатқанында - бюро мүшелеріне болашақта Ғабдолованы ірі партиялық жұмысқа, не облыстық совет атқару комитетінің председателіне көтеру туралы өзінің кеңес-ұсынысын айтады. Қадиша Ғабдолқызы осы кісінің арқасында 1939-жылы Қазақ ССР-і Халық Комиссарлары Советінің 6 айлық жоғарғы курсында білімі мен тәжірибесін жетілдіріп алған еді.

   Қ.Ғабдолова 1946-жылға дейінгі аралықта облыстың бірінші және екінші басшыларымен түсінісіп, үлкен ұйымшылдықпен тату түрде жұмыс істеді. Олар: облыстық партия комитетінің бірінші секретарьлары Мырзахмет Бекжанов (1940-1943), Сергей Иванович Круглов (1943-1946), облыстық совет атқару комитетінің председательдері Хайрош Тастайбеков (1938-1942), Ідіріс Ерғалиев (1942-1943), Шынқожа Бөрібаев (1943-1945) еді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы еңбегі жоғары бағаланып, 1945-жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

   Бірақ, 1946-жылы С.И.Круглов республиканың 4-ші басшысы - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретарына кетіп (Жұмабай Шаяхметовті алмастырған), оның орнына Сәлімжан Ғалиев келгесін, оған облыстық совет атқару комитетінің жаңа председателі Сабдық Шәріпов қосылып, Қадиша Ғабдолова 1947-жылы Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің депутатынан қалғасын, оның беделін төмендететін астыртын жұмыстар басталады: орындалуы қиын міндеттер  мен тапсырмалар үстемелетіп беріледі, ескертулер жиілейді, наразыларды пайдаланумен «домалақ» арыздар көбейеді. Сол 1947-жылы облыстық партия комитетінің бюросы құрамынан ығыстырады, соғыстан кейін халық шаруашылығын көтерудегі үлестері үшін 1948-жылы Гурьев облысының барлық басшылары ордендермен жаппай марапатталғанда – Ғабдоловаға «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі тиеді...

   Қ.Ғабдолова кезінде өзі еңбек еткен «Бақсай» қаракүл совхозына СССР Министрлер Советінің, СССР Сыртқы сауда министрлігінің, облыстың ауыспалы қызыл тулары мен орден, медальдарды 1948-жылдың 24-желтоқсанында аяқтай барып тапсыруға С.Ғалиев пен С.Шәріповтен нұсқау алады.

   Совхоз орталығындағы салтанатты жиналыс аяқталғасын, жергілікті басшылар совхоз комсомол комитетінің секретары (әрі бас бухгалтердің орынбасары) Қаби Сапаровтың үйінде Қ.Ғабдоловамен бірге облыстан келгендерді, аудандық өкілдерді қонақтайды. Көңілді отырыста арақ-шарап молынан құйылады. Дастархан басында Қадиша  Ғабдолқызы Совет Одағына танымал совхоздың орталығы, соғысқа дейін облыстағы ең көрікті саналған Таңдай селосының қазіргі адам шошитындай келбетіне қатты ренжіп, ауыр сынды сөздер айтады, келеңсіздіктерді дереу түзетуді талап етеді.

   Осы дастарханды дайындаушы Қ.Сапаровтың туған қарындасы, бүгінде 83 жастағы Қабира Сапарова сол кезде 34 жастағы Қ.Ғабдолованың қазақша, орысша сөздерде еш мүдірмейтінін, өте тапқыр шешендігін осы күнге дейін есінде сақтапты.

   Таңдайдағы отырыс жұма күні өтсе, дүйсенбіде, яғни 27-желтоқсанда С.Ғалиевтың қолына Қ.Ғабдолованың облыс басшылығындағыға лайық емес қылық-әрекеттері туралы «құпия жазба» жетеді. Мұны ол тез пайдаланып қалуға тырысады, өйткені бұл қызды ҚКП Орталық Комитетінің осы жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында республикалық партия-совет курсында 8 ай оқытып алуы - жайдан жай емес сияқты көрінген. Республиканың төртінші басшысы – Орталық Комитеттің екінші секретары С.И.Кругловқа Ғабдолованы – Шәріповтің орнынына отырғызу көп қиындықсыз шешілетін тәрізденген. Сонымен солқылдық Сабдықтың «строптивый» орынбасарын обкомның партиялық комиссиясы тездетіп тексерісінен кейін, 1949-жылдың қаңтарында бюро шешімімен лауазымынан босатып, Есбол аудандық советі атқару комитетінің председателіне төмендетумен жібереді.

   Қуғындаушы екеу мұнымен шектелмейді, түрткілеуді тоқтатпастан, бар болғаны 12 айдан кейін, 1950-жылдың қаңтарында Қадиша Ғабдолқызын ол қызметтен масқаралаумен алып тастайды. Өздері де сол жылы Гурьевтегі шарықтау лауазымдарымен қоштасып, олардан төмендеумен кете барады. С.Ғалиевқа – Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, С.Шәріповке – Талдықорған облыстық советі атқару комитеті председателінің орынбасары бұйырады.

   Қадиша Ғабдолова болса, СССР Дайындау министрлігінің Бақсай ауданы бойынша тұрақты өкілін (01.1950-12.1953), колхозшылар одағы Гурьев облыстық басқармасы председателінің бірінші орынбасарын (12.1953-10.1955) атқарып, облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші секретары (1950-1957) С.Полымбетов қажетсініп кері шақырмағасын, Алматыға қоныс аударады. Ол жақта оның сүбелі лауазымға жеткенін, жалпы тағдыры жайлы өз басым естімедім.

   Бұл мақаланы жазудағы мақсатым – кезінде республикаға танылған, Отан игілігі мен облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайларының артуларына еңбегі сіңген, бірақ бүгінде ұмыт қалған, мемлекет және қоғам қайраткері Қадиша ҒАБДОЛОВАНЫҢ дүниеге келгеніне 100 жыл толуына орай ол кісі жайында кейінгі ұрпақты хабардар ету. Ұсыныс ретінде айтарым - Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында бір көшеге оның есімі берілсе -  артық болмас еді.

 

 

 

Жұмабай ДОСПАНОВ,

 

«Алтын ғасыр» №50, 2014-жыл

Теги ҚадишаҚабдоловаТайсойғансайтыСайтТайсойгана