ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫ ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ

Адамзаттың дамуында мұнайдың атқарар рөлі зор. Қазіргі заманда өнеркәсіпті көмірсутегісіз елестете алмаймыз. Мұнайды «Қара алтын» немесе «Заманауи индустрияның басты қозғалтқышы» – деп бекер айтпаған болатын.

   Қазақстан көмірсутегі шикізатының мол қоры бар әлемдегі 15 мемлекеттің қатарына кіреді. Қазіргі уақытта республикамызда 2,2 млрд. т мұнай мен 0,7 млрд. газ конденсаты және 2,7 трлн. м (3) газ көздері барланған екен. Бұл барланған қорлардың тек бір бөлігі ғана. 1998 жылы Қазақстандағы 207 көмірсутегі кен орны есепке алынған болатын. Олардың 15-і Батыс Қазақстан облысында, 22-і Ақтөбе облысында, 80-і Атырау облысында, 54-і Маңғыстау облысында, 16-ы Оңтүстік Қазақстан облысында, 11-і Қызыл-Орда облысында, 6-ы Жабыл облысында және 4-і Қарағанды облысында орналасқан екен. Қазақстанның кен орындарында өндірілген мұнай өзінің сипаты жағынан әртүрлі болып келеді. Қаражанбас кен орнынан өндірілетін мұнай өте жабысқақ мұнай болып келсе, Құмкөл кен орнынан өндірілген мұнай жеңіл мұнай болып табылады. Мұндай екерекшеліктерін оны тасымалдау барысында ескеру керек болды. Біздің елімізде мұнай өндіру ісі табысты салалардың бірі болып табылады.

   Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағалауына патшалық Ресей XVII ғасырдың соңында ғана көңіл бөле бастады. Атырау облысында мұнайдың бар екендігі туралы алғашқы мәлімет Александр Бекович-Черкасскийдің жазбаларында айтылған. I Петр патшаның Жарлығы бойынша 1714-1717 жылдары Хиуаға әскери-топографиялық экспедиция ұйымдастырылады. Бұл экспедиция Каспий теңізінің картасы жасады. Кейін, 1717 жылы 17 маусым күні, бұл картаны I Петр патша Францияның Ғылым академиясына сыйға тартқан екен. Александр Бекович-Черкасскийдің экспедициясы 1712 жылы Атырау облысының үстімен өтеді. Осы жерде біраз аялдап, олар, географиялық және геологиялық сипаттағы мәліметтер жинады. Кейінгі жылдары И. Лепехин (1771 ж.), П. Рычков (1772 ж.), П. Паллас (1775 ж.), С. Гмелин (1783 ж.), Гельмерсен (1836 ж.) өз еңбектерінде Каспийдің солтүстік жағалауы туралы жазып кетті.

   Орыстың атақты ғалымы А.И.Левшин «Қырғыз-қазақ далалары мен ордаларына шолу» атты еңбегіне Қырғыз-қазақтарға және Түркістанға жататын бірқатар жерлердің картасын жасағанған болатын. 1831 жылы сызылған бұл картада қазіргі Мақат ауданына қарасты «Жәнібек», «Білеулі» деген жердегі құдықтар мен кейбір сорлар ғана көрсетілген екен. Бүгінгі елді мекендердің бірде-бірі белгіленбепті. Демек, ол тұста осы аймақ елсіз болған»-дейді, тарихшы Лесқали Бердіғожин.

   Бұл ауданда мұнай бар екенін алғаш айтқан Н.Н. Северцов болатын. Ол, 1860 жылы «Горный журнал» дейтін баспада «Н.Северцев пен И.Борщовтың 1857 жылы Қырғыз даласының батыс бөлігіне жасаған геологиялық бақылауы» деп аталатын есебін жариялайды. Онда «Мұнайлы» (қазіргі Доссорда) деген жерде, төбешіктің басынан аққан су бетінде мұнайдың қалқып жүргенін жазады.

   1874 жылы Жайық-Жем алабын зерттеген Кирпичников бұл арада жер бетіне шығып жатқан мұнай бар екенін айта келіп, мұнда «ауыз су да, елді-мекендермен байланыстыратын жолдар да жоқ» деп көрсепті. Одан 12 жыл өткен соң Новоковский бұл жердің «тұщы суы жоқ, мүлдем елсіз жер» екенін жазған.

Ал мұнай фирмалары Петербордан басталатын маршрутты былай көрсеткен: Петербор-Орал-Гурьев, Жәнібек, Әулие-Топырақсор-Әулие - Топырақ-Әулие-Құм, Ракөш. Демек, Гурьевтен бергі сапар елсізде өтеді екен.

   Бұл өлкедегі мұнай байлықтарына деген шынайы қызығушылық геолог Н.Никитиннің экспедициясынан кейін басталды. Никитин басқарған бұл экспедиция 1892 жылы арнайы келіп, Доссор мен Ескенеде және Қарашүңгүлде алғаш болып қолмен бұрғұлау-барлау жұмыстарын жүргізеді. Осы жылы Ембі ауданын барлау үшін Тұзтөбенің адвокаты Юрий Лебедев те патша үкіметінен өтінім алған болатын. Бірқатар қазу жұмысын жүргізген соң Лебедевтің қаржысы таусылып осы жерде бұрғылау жұмысын жүргізу үшін үкіметтен алған рұқсатын оставкаға шыққан штаб-капитаны Леманға 26 мың сомға сатып кетеді. 1994 жылы Н.Н. Леман В.Е.Грум-Гржимайломен және Деппельмайермен бірігіп «Ембі-Каспий серіктестігін» ұйымдастырады. Кейін оларға басқада өнеркәсіп иелері қосылады.

   Көп кешікпей «Леман и Ко» деген тағы да бір мұнай кәсіпшілік кеңсесі ашылады. Бұл фирма Ембі ауданында 1898-1909 жылдар арасында жұмыс істеді.

«Ембі-Каспий серіктестігі» 1899 жылы 13-18 қараша аралығында қазіргі Жылой ауданына қарасты Қарашұңғыл деп аталатын алаңда 21 ұңғымаға барлау жұмыстарын жүргізеді. Олар, бұл ұңғымаларды 38 метр тереңдіктен 275 метр тереңдікке дейін қазған екен. Осы кезде, 7-ші санды ұңғымадан небәрі 40 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы атқылайды. Тәулігіне 22-25 т мұнай атқылаған бұл ұңғыма 5 мың т мұнай шығарып Ембі өңірінде мұнайдың үлкен қоры бар екенін барша әлемге дәлелдейді. Бұл күн Қазақстанның мұнай өнеркәсібі тарихының басталған күні болып саналады.

   Бірақ, Леман барлау-бұрғылау жұмыстары кезінде өзінің жұмсаған шығығын ақтай алмайды. Жол қатынасының болмауы, ауыз судың тапшылығы, мұнай көздерінің шашыраңқы орналасуы қыруар қаржыны талап етеді. Осының бәрін баяндай келе, «...тіпті 300 жылдан соң да қырғыз даласы екінші Баку болмайды» деп жазған екен өзінің бір жазбаларында.

   Компания концессияны шетелдіктерге сатуды көздейді. Немесе шетел қаржы иелерімен бірігіп аралас қоғам (біріккен кәсіпорын) құруды ойлайды. Олардың бұл ойын сол кездегі қаржы министрі С.Ю. Витте де қолдайды. Сергей Юльевич Витте шетел қаржы иелерін тартуды үнемі насихаттап жүретін. Леманның ұсынысына ағылшын кәсіпкерлері құлақ асып өз көздерімен көру үшін Ембі ауданына инженерлер мен геологтарын жібереді. Сөйтіп, бұл ауданың болашағына көзі жеткен ағылшындар Леманның мұнай концессиясын сатып алады. 1911 жылы ағылшын кәсіпкерлері «Жайық-Каспий» қоғамын құрады. Көп кешікпей көпес Стахеев пен мұнай магнаты Нобель бірігіп «Ембі» қоғамын құрған болатын. Бұл екі қоғам Доссор, Ескене және Қаратон кен орындарына қазба жұмыстарын жүргізеді. 1911 жылы 29 сәуірде Доссор кен орнындағы N 3 ұңғымадан өте қуатты мұнай бұрқағы атқылады. 225-226 м тереңдіктен атқылаған бұл мұнай бұрқағы Доссор кен орнында мұнайдың мол қоры бар екенін паш етті. Бір ғана 1911 жылы бұл кәсіпшіліктен 15700 тонна мұнай өндірген екен. Доссордың мұнайы жоғары сапалы еді. Одан 70 % киросин алынатын. Ал, ол кезде киросин бүкіл Еуропада ең өтімді тауар болатын. Бұл оқиға Доссор кен орнын кең көлемде игеруге септігін тигізді. Сөйтіп, Қазақстан мұнай өндірісінің тарихы басталды.

 

Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты