Бұл 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы кезінде көлік торабы мен жүкті ауыстырып тиейтін орын болды. Гурьев қаласынан 27 км қашықтықта, Үлкен Пешной аралында орналасқан еді. КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің (МҚК-сінің) 1942 жылғы 13 сәуірдегі шешімі бойынша құрылысы басталып, сол жылдың 15 тамызында іске қосылды.
Халқының саны 1939 жылғы есеп бойынша 41 мың болған, көптеген су және темір жолының торабына айналған Гурьев қаласы соғыс басталғаннан-ақ ерекше маңызға ие болды. Баку мен Грозныйдың мұнайын, эвакуацияланған халықтарды, өндіріс орындарын және маңызы жоғары өзге де жүктерді таситын аралық тасымал орны болды. 1941 жылдыңқыркүйек-қараша айларында Гурьев рейдіне теңіз кемелерімен Астраханнан көшірілген адамдар мен жүктер жеткізілді, олар одан бері қарай ұсақ қайықтармен қалаға тасылды. Қалаға қыркүйекте - 26 мың адам, қарашаның 1-ші жартысында - 31 мыңнан астам адам жеткізілді. 1941 жылдыңжелтоқсанынан бастап резервтік Гурьев айлағының құрылысы басталды(«Великая Отечественная война Советского Союза 1941-1945». Энциклопедия. М., 1985, с.227-228).
Майданның шұғыл сұранысына байланысты Баку мен Грозныйдың аса қат мұнайын, мұнай өнімдерін Каспий теңіз арқылы тасымалдаудағы басты бекет Гурьев айлағы болып белгіленді. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті оған қажетті Үлкен Пешной аралындағы мұнай айдау стансасы мен Гурьев теңіз айлағыының, Үлкен Пешной - Ширина - Гурьев - Орск аумағындағы құрылысын салуды Мұнай халық комиссарлығының құрылыс ұйымдарына 1942 жылдың 1 қыркүйегіне дейін бітіруді тапсырды (М. Козыбаев. Казахстан - арсенал фронта, с.301) және оған бастық болып Орталықарнаулықұрылыстың тәжірибелі басшыларының бірі И.В. Горбачев тағайындалды. Ғимараттың құрылысы үшін облыстық атқару комитеті 1400 адамды бөлуге шешім алды, мүнда 200 арба келтірілді, 400 шаршы метрлік өндірістік және тұрғынүйлік орын бөлінді
Мұндағы жұмыс мынадай жүйемен жүргізілді: Баку мен Грозныйдың мұнайы Гурьевке теңізбен жеткізілді, ал одан әрі қарай - темір жолмен және Гурьев-Орск мұнай құбыры арқылы жөнелтілді. Алайда, тағы бір қиындық туындады: теңіздік аялдамалар мен түсіру-тиеу орындары жетіспеді. Бұдан шығудың да амалы табылды, Бакуден келген кемелер теңіз жағалауына келіп тоқтайды да, өз жүктерін жағалаулық баржаларға тапсырады, олар өз кезегінде Үлкен Пешной аралына сүйреп апарылады, мұнда жанармай жағалық және жүзбелік ыдыстарға құйылады, сосын мұнай базасына, одан әрі мұнай құбыры мен темір жол цистерналарына тасымалданады.
Үлкен Пешной аралынан Гурьев қаласына дейін мұнай құбырын салу ісі қиындығына қарамастан қарқынды жүргізілді, 15 күн ішінде Гурьев стансасынан мұнай базасына баратын темір жол бітіп болды. Екі мың адамның мұндағы жұмысына Орск темір жолы құрылысы басқармасының бастығы С.К. Мирошниченко басшылық етті. Құбыр салушыларға Мәскеуден жоғары білікті 30 темір пісіруші көмекке келді. Астрахан - 113 темір пісіру агрегатын, 5 трактор мен 8 автокөлігін, Алматы - 400 дана оттегі баллонын, алты тонна карбидті, 500 тонна шайырды (битумды), Махашқала - 1500 тонна болат құбырды, басқалары - мамандарын жолдады.Мұнда көшіп келген астрахандық 50 тасымал көлігі Жайық-Каспий арнасын тереңдетті, зәкірде «Донбасс» дебаркадері тұрды. Арна тез іске кірісіп, Сталинград майданына мұнай өнімдерін тасымалдай бастады. 1942 жылдың 10 тамызында Гурьев арқылы кавказдық мұнайды майданға өткізу мүмкін болды (К. Доскалиев. Сражающемуся Сталинграду,сс.58,59,60).
Сөйтіп, ең қысқа және тиімді теңіз жолы салынды.
1942 жылдың жазының ортасында айлақтың кіріс жолы ұзартылды, ол 4 метрге дейін тереңдетілді (М. Козыбаев. Казахстан - ..., с.301) тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында Астраханнан «Волготанкер» және Төменгі Еділ пароходшылығының кемелері мен баржалары, оның ішінде, жалпы жүк сыйымдылығы 282 мың тонна болатын 42 мұнай құятын баржа әкелінді, 98 мың тонна мұнай өнімдері тасылды, 35 мың эвакуацияланғандар жеткізілді. 1942 жылы теңіздегі жүзу жолы мұзжарғыштың көмегімен 1943 жылдың қаңтарына дейін ұзартылды («Великая Отечественная война Советского Союза 1941-1945». Энциклопедия. М., 1985, с.228).
1942 жылдың 11 тамызында - мұнай өнімдерін темір жолмен тасу, ал, 30 қыркүйекте - Баку мұнайын Каспий-Орск мұнай құбыры арқылы тасу басталды. Желтоқсанда Пешной аралы - Ширина құбырының құрылысы аяқталды (М. Козыбаев. Казахстан - ..., с.301). 1942 жылдың қарашасында тек қана Гурьев мұнай базасы темір жолмен 4723 цистернаны, яғни 47 943 тонна, ал, Гурьев-Орск мұнай құбыры арқылы - 32 800 тонна жанармайды жөнелтті (К. Доскалиев. Сражающемуся Сталинграду, с.61).
Айлақ Ресейдің орталығынан Орталық Қазақстан мен Орта Азияға апаратын ең төте жол еді. Сталинград шайқасы тұсында мұнай өнімдерін таситын Еділ су жолы істен шыққанда Гурьев теңіз айлағының маңызы одан әрі ерекшеленді. 1943 жылдың сәуірінде Мұнай өңдеу зауытының құрылысы басталды («Великая Отечественная война Советского Союза 1941-1945». Энциклопедия. М., 1985, с.228). Айлақ 1950 жылға дейін жұмыс жасап тұрды(«Қазақ ССР. 4 томдық қысқаша энциклопедия. 1-том,112-бет). .
Айлақтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы атқарған жұмысының мән-маңызы ерекше атап айтарлық еді.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
ҚР Үздік өлкетанушымв
Атырау қаласы,
2015 жылғы 6 мамыр