1942 ЖЫЛЫ САЛЫНҒАН ГУРЬЕВ-АСТРАХАН ТЕМІР ЖОЛ ТАРИХЫ

 «Гурьев-Астрахан» теміржолының құрылысы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетіңің 1942 жылғы 7 қыркүйектегі № 2257 шешімі мен Жол байланысы Халық Комиссариатының 14 қыркүйектегі № С-943Ц бұйрығы негізінде басталған болатын. 1941 жылы тамызда Кеңес үкіметі Кавказ мұнайын орталық аудандарға тасу үшін Кизляр-Астрахан темір жолын салу үшін Қаулы қабылдаған еді. 1942 жылы тамызда бұл темір жол торабы пайдалануға берілді. Салынғалы жатырған Гурьев-Астрахан темір жол желісі сол тораптың соңғы телімі (участок) болатын.

   Темір жолды тез салу мақсатында ағаш көпірлер мен құбырларды пайдаланып, шпал бекітуге төселетін ұсақ тастарсыз үйілген топырақтың үстіне бірден салу сияқты бірқатар жеңілдетілген техникалық шарттар бойынша салуға рұқсат береді. Бұл құрлысты салу Кизляр-Астрахан темір жол құрлысының №8 құрлыс басқармасына жүктелген болатын. Сондықтан оны, Гурьев-Астрахань (Досанг) құрлыс темір жол құрлысы немесе №108 құрлыс деп атайтын болды.   Құрлыс жұмысына 130 млн сом қаржы бөлді. Сонымен қоса, Қазақстан КП (б) ОК мен Қазақ КСР ХКК-не 30 мың жұмысшы, 10 мың арбалы көлік бөлуді, Оржоникидзе өлкесі мен өлкелік атқару комитетіне, Қалмақ облыстық партия комитеті мен Қалмақ АССР ХКК-не және Сталинград облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетіне бұл құрлыс жұмысына босаған жұмысшыларды жіберуді тапсырады.

   Еліміздің Басты жабдықтаушысы Лопуховқа үш ай ішінде құрлыс жұмысына 12 мың текше метр дөңгелек томарлар мен 16 мың текше метр кесілген ағаштар, 10 мың дана телеграф бағаналар мен 600 мың шпал, 150 бөренелер мен 500 текше метр көпірлі бөренелерді жеткізуді, Қара метал Халық комиссары Тевосянға 450 т темір, 55 420 т арқалықтар, 260 т телеграф сымдарын, 100 тонна шеге, 800 тонна су айдайтын құбырлар мен 15 т трос бөлуді тапсырды. Сонымен қоса, Жол қатынастар ХК-ы Т.Соснинға 3 000 т цемент пен 10 мың текше метр терезе шынысын бөлу жүктелді.

   Құрлыс жұмысы осы жылы аяқталып, 1943 жылдың 1 қаңтарда уақытша қозғалыс басталуға тиіс болды. Темір жолды ағаш көпірлер мен құбырларды пайдаланып жеңілдетілген техникалық шарттар бойынша салуға рұқсат береді.

   Үлкен жұмыс атқару қажет болды. 3 600 000 текше метр топырақ үйю, 73 жасанды өткел салу (соның ішінде Гурьев қаласында Жайық өзенінің үстіне жасанды көпір тұрғызу) жұмыстары жоспарланды. Жолдың ұзындығы - 335 км деп белгіленді. Жерді тегістеп топырақ үйю жұмыстарының мөлшері 35 млн текше метр деп есептелді. Жолдың бойына 25 аялдама тұрағы, 8 станса, 17 разьезд салынады деп жоспарланды. Осымен қоса Ганюшкино, Новобогат пен Забурын елді мекенінде сумен қамтамасыз етіп отыратын үші тұрақ салу көзделді. 53 кішігірім көпір, 12 орта көпір, 7 үлкен көпір-барлығы 72 көпір салу жоспарланды. Бұл көпірдің біреуі Жайық өзені арқылы өту керек болды. Оны аяқтау 1942 жылдың 10 қазанына белгіленді.

   Осы маңызды міндетті орындау үшін 18-50 жас аралығындағы еңбекке жарамды адамдарды құрлыс жұмысына жұмылдыру керек деген шешім қабылдады. Ер адамдар майданға кеткендіктен құрлыс жұмысына негізінен әйел адамдар ғана алынды.

ТЕМІР ЖОЛ САЛЫП ЖАТҚАН ӘЙЕЛДЕР

   Мемлекеттік маңызы бар бұл құрлысқа Гурьев,Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарынан мыңдаған жұмысшылар жұмылдырылған болатын. 1942 жылы 16 қарашада осы жұмысқа Теңіз ауданынан 2234 жұмысшы, 82 жылқы, 57 түйе; Новобогат ауданынан 2046 жұмысшы, 258 түйе, Бақсай ауданынан 1060 жұмысшы, 10 жылқы, 39 түйе; Есбол ауданынан 659 жұмысшы, 48 жылқы, 168 түйе; Жылыой ауданынан 481 жұмысшы, 13 түйе алынған екен.
   Жол төсеушілердің жағдайы өте ауыр болды. Еш демалыссыз жұмыс істеді олар. Әрбір жұмысшының күндік мөлшері 3,25 текше метр топырақты үйю болатын. Техника жетіспегендіктен барлық қазу, тасу жұмыстары күрек пен зембіл сияқты қарапайым құрал-жабдықтармен жүзеге асты.Кейбір жерлерде жолдың биіктігі екі-үш метрге жоғарлап кеткен кезде топырақты жоғарға шығару өте ауыр болды. Қыс түсе жер қазу жұмысы мүлдем ауырлап кетті. Үш адамнан тұратын әрбір бригадаға күніне алты текше метр жердің тоңын бұзып, топырақ тасу міндеті тұрды. Тоңды сүймемен бұзып қайламен (кирка) уатып күрекпен үш метр жерге лақтырған екен. Құрлысшылар 60 адам жататын барак үйлерде тұрды. Оларға берілетін тамақта мардымсыз еді. Жуынып-шайынатын жерлер болмады. Осындай қиындықтарға қарамастан құрлысшылар өздеріне берілген міндеттемені аброймен орындап отырды.

   Дегенмен, құрлыс жұмысына жұмылдырылған адамдар мен техниканың және қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан құрлыс жұмысы өте баяу жүргізілді. 1943 жылдың 1 қаңтарында жоспарланған 3 600 000 текше метрдің орнына 988,8 текше метр топырақ үйіліп, 330 км темір жолдың орнына Гурьев жақтан 52 км, Досанг стансасы жағынан 45 км темір жол салынған екен.

   1943 жылы ақпан айында кеңес әскерлері Сталинградта жеңіске жетіп майдан шебі батысқа қарай ығысты. Солтүстік Кавказ азат етіліп бұрын пайдаланылып жүрген темір жол қатынасы қайтадан қалпына келді. Осыған орай, Гурьев-Астрахан темір жол құрлысы өзінің әскери маңызын жойды. Көп кешікпей бұл құрлысты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

   Арада ширек ғасыр өткен соң,Астрахан бағытына қарай темір жол салу мәселесі қайтадан көтеріледі. Сөйтіп, 1967 жылы,құрлысшылардың соғыс жылдарында үйген үйінділерінің үстіне рельстер төселіп жаңадан Гурьев-Астрахан темір жолы салынды.

 

 

Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты