ДӘСТҮРЛІ АҚСАҚАЛДАР ИНСТИТУТЫ

ДӘСТҮРЛІ АҚСАҚАЛДАР ИНСТИТУТЫ

 

                             Неменеге жетістің бала батыр?

                             Қариялар азайып бара жатыр.

                             Бірі мініп келместің кемесіне,

                             Бірі күтіп әнекей жағада тұр.

                             Ақиқатты айқындап жариялар,

                             Бара жатыр азайып қариялар.

                             Дауыл тұрса бүлк етіп толқымайтын,

                              Бара жатыр сарқылып қариялар.

                                                                           Мұқағали Мақатаев.

 

ӨТЕГЕН АҒА

 Дәстүрлі қазақ қоғамының қоғамдық-саяси құрылымдары жүйесіндегі әлеуметтік институттарының бірі – ақсақалдар институты болып табылады. Ұлттық рухани-парасаттылық құндылықтарын сақтап-сабақтастырып отыратын ақсақалдардың қоғамдағы беделі мен рөліне негізделген патриархалды жанұя ұлттық сананы орнықтыруда ерекше маңызды болған.

  Бұрын ақсақалдар билігі әлеуметтік қауымды ұйымдастыру институты болып табылды. Ең бастысы қауымның демографиялық даму динамикасына сай ұрпақтар мен көзі тірі адамдар арасындағы өзара рухани байланыстың әдет-ғұрып пен салт-дәстүр жоралардың дәнекері қызметін атқарды. Ақсақал термині «ру басы», «ел ағасы», сөздерімен қатар қолданыла берген.

  Алғашында қаған лауазымын ру-тайпа көсемдері иеленгендері туралы пікірлер жеткілікті. Мәселен, А.Н.Бернштам: «qaan, qavan» термині әртүрлі контексте кездеседі, бірақ ол белгілі бір румен немесе тайпамен байланысты, – дей келе, – көсем, ру ақсақалын білдіретін термин келе-келе хан лауазымын білдіретін терминге айналды, – деп пікір қорытады. Олай болса, қағандар да дәл қазіргі хан мағынасында қолданып отырғанымыздай ақсақал көсем болған. Дәстүрлі қазақ қоғамында қсақалдар жайлаулар мен жайылымдардың қожасы болды.

   Ата балаларынан этникалық құрылымдарды жасы үлкен жоғары мәртебеге ие шаруашылық тетігін білетін ақсақалдар басқарған. Рухани қасиеттерді берік ұстанып, қастерлеп сақтаудың үлгісін көрсетуші ең бірінші адам қауымның жасы үлкен ақсақалы болды. Себебі, ол көпті көрген көреген өмірлік тәжірибесі мол данышпан ұстаз саналатын. Қазақта: «Көп жасағаннан сұрама. Көп көргеннен сұра» дейтін нақыл сөз осындайдан айтылса керек.

АҚСАҚАЛДАР

   Ақсақалдарды сыйлаудың үш түрлі әлеуметтік мәні болған: Біріншіден, ақсақал – асқан ақыл иесі, екіншіден, ақсақал – қазақ дәстүрі мен салтын сақтаушы және оның орындалуын қадағалап реттеуші, үшіншіден, ақсақал – рухтар мен ата-бабалар әлеміне жақындай түскен адам, сондықтан, ол ерекше құрметке ие.

    Хандық дәуірде «ру ақсақалдарының кеңесі», «тайпа ақсақалдарының кеңесі», «ақсақалдар соты» сияқты дәстүрлі билік институттарының жүйесінің болғандығы белгілі. Бұл билік жүйесінің ауыл арасындағы қарым-қатынастың, жер дауының шешімін табуда маңызы әрине жоғары болды. Ақсақалдардың шешімі билер сотында, әдеттік құқықта ерекше орын алды. Билердің өзі маңызды шешімді ру ақсақалдарының қатысуынсыз шешпеді. Ақсақалдар кеңесі елдің ішкі мәселесінен туындаған жағдайда өткізіліп отырған.

Ру ақсақалдары шешімін таппаған жайлады өзара кеңес жасап талқылаған. Ақсақалдар ел арасындағы күрделі мәселелерді реттеп отырды, қауым мүшелерінің ақсақалдар кесіп айтқан сөзіне тоқтауы қазақи қалыптасқан сана, ғұрыптың бірі саналды. А.И.Левшин: «... егер ру басшысы сыйлы немесе құрметті болса, барлығы оған ақыл-кеңес алуға келеді. Барымта немесе басқа бір жорыққа аттанар алдында одан жол, бағыт сұрай келеді. Соңғы жағдайда жылқы немесе басқа түсі ақ малды құрбандыққа шалып алып келіп, оның кеңесіне келісетіндігін айтады....», – деп жазған.

 Бұдан қауым мүшелерінің қандай да бір істі рубасының келісімінсіз жасамайтындығын көреміз. Сонымен қатар игі бір ісерді бастауға шешім қабылдағанда ақсақалдың батасын алатын болған.

 ХVIIІ ғасырда ақсақалдар институты әлеуметтік қауымды яғни ата балаларынан тұратын көшпелі қауымның тіршілігін ұйымдастыратын бірден-бір дәстүрлі әлеуметтік институт. Ақсақалдар кеңесінің шешімінің заңды күші болған. Ал Ибн Фальк: «Ру ішінде патриархалдық-рулық тұрмыстың болуы ру старшыны (рубасы, – Ө.И.) – ақсақалдардың беделінің сақталуынан көрінді. Бұрын жасы ұлғайған адамдарды ақсақал деп атайтын, өмірден мол тәжірибесі бар адам деп олардан ақыл-кеңес сұрайтын. Сонымен қатар ақсақал билігі – ата баласының ішінде жүреді. Неке мен отбасы, жақын туыс ағайын арасы, мұрагерлік пен әмеңгерлік, енші т.б. басқа мәселелерді шешуге хақылы», – болды деген.

   Патриархалдық-рулық тұрмыс қазақтардың қоғамдық өмірінің ұйымдастырылуында да сақталды. Ру ақсақалдары құрметтелді. Олжаны бөліскенде, көшкенде, ақырында, тіпті киіз үйге топ болып кіріп, жайғасқанда да ру ақсақалдарын құрмет тұту тәртібіне ерекше көңіл бөлінетін.

   Ең құрметті орын – төр ең үлкен рудың өкілдері ақсақалдарға берілді.

   Ресей патша үкіметінің тұсында саяси билік Орынбор әкімшілігінің қолына шоғырландырылды. Сонымен бірге жүздерде құрылған шекаралық сотқа, расправа дейтіндерге зор өкілеттіктер берілді, бұл орайда расправалардың құрылуын 1786 жылғы маусымда II Екатерина былай деген болатын: «Біз расправаларды казақ халқына пайдалы деп есептейміз».

Патша үкіметі ақсақалдар институтын өздерінің отаршылдық саяси мүделерін жүзеге асыруға пайдалануды көздеген. Мәселен расправаларға Кіші жүз руларын басқару жүктелді. Оларға төраға ретінде ру ақсақалдары және олардың жанына 2 мүше енді. Сонымен қатар расправаға орыстардан «депутат түрінде» сенімді адам жіберу көзделді.

 Сонымен бірге реформада далада немесе қазақтардың көшіп жүретін жерлеріне жақын маңайда керуен сарайлар құру және екі немесе үш қала салу ойластырылды. Патша шенеуігі О.Игельстром Кіші жүздегі қалыптасқан дәстүрлі қоғамдық-саяси жағдайды қирата отырып, Қазақ даласын отарлық бағындыруды неғұрлым бейбіт жолдармен жүзеге асыруды тереңдете беруге тырысқан.

Бұл дала өңірінде наразылық туғызды. Қазақ ақсақалдары саяси жағдайлармен қоса, әлеуметтік және экономикалық жағдайлармен де шырматылып тасталды. Мәселен, Орынбор және Орал казак әскерилерінің жерін мал жайылымына пайдаланған үшін аманат алды. Ал ең ауыры – әскери із кесулер күшейді, О.Игельстром әскери командалардың бастықтарын жазалау жөнінде үнемі қорқытып отыруы реформаның ажырағысыз бөлігіне айналды.

«Реформаның» мәні Кіші жүздегі дәстүрлі билік хандық институтты жоюға бағытталған әрекет болатын. Генерал-губернатордың жанынан жүздерді басқарудың жаңа органы – феодал шонжарлармен патша әкімшілігінің өкілдерінен Орынборда Шекаралык сот құрылды. Әкімшілік органдар   ру ақсақалдары кіруге тиіс болған «расправалар» сотқа бағынды.

   Сөйтіп, патша әкімшілігі дәстүрлі билік иелері дала шонжарларына сүйенуге үміттенді. Ең ықпалды ақсақалдарға «бас ақсақал» атағы беріліп, оларға барлық руларды қадағалап отыру міндеті жүктелді. Басқару жүйесіндегі төменгі буын ру ақсақалдары болды, оларға жалақы тағайындалды.

   Алайда беделді ақсақалдар мен билердің көпшілігі «реформаға» қарсы шықты. Олар ақсақалдардың пайдасына ханның құқықтарын шектей отырып, хан билігін сақтап калғысы келді.

   «Реформаны» жүргізу кезінде О.Игельстром Орал казак әскерінің қазақ ауылдарын шабуына тыйым салды. Қазақ малшыларына қыс айларында Жайық және Еділ өзені арасындағы жерге көшіп бару мүмкіндігі берілді. Жайық арқылы өтуге 17 ақсақал кұқық алды, олардың басқаруында 45 мыңнан астам қожалық болды.

   Қазақ даласында XIX ғасырдың бірінші жартысында «ақсақал» деген сөздің бастапқы мән-мағынасы жоғала бастады. Енді қолында билігі бар кез келген адамды жасына қарамастан ақсақал деп атайтын болды. Мәселен, билеуші сұлтандар мен аға сұлтандар да ақсақал атанған.

   Дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымының жүйесі дағдарысқа түскен XIX ғасырда ақсақалдар билігі бастапқы мәнін жоғалтса да рулық қауым ортасындағы беделін сақтап қалды. Бұл жөнінде орыс зерттеушілері: «Билер сотынан басқа бір ақсақалдың билігіне берілетіні де бар. Мұндай жағдайда ақсақалдың шешімін билер қайта қарамайды», – деді. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, жол-жоба ережелерінің күші жойыла қоймаған болатын.

   Абай өмір сүрген XIX ғасырдың екінші жартысында ұлы ақынның ақсақалдық билікті сақтағандығы туралы дерек бүгінде бізге жетті. Ол туралы деректе: «Абайдың өзінің інісі Оспанға тарттырған айыбы. Кенжесі ретінде Құнанбайдың қара шаңырағына ие болған Оспан содыр мінезді, сотқарлау болыпты.

  Жазда Оспан жайлауға көшіп кеткенде, қыстаулар, қора-қопсы бағып қалған 12 үй жатақтар соқаға сауын сиырларын жегіп, бірлесе 20-25 десятина жерді жыртып, азды-көпті тапқан бидайларын, арпаларын егетін-ді. Оны тұяқтыға таптатпай, қорып өсіреді. Маңдай терлері заяда кетпей, егіндері көбінесе бітік өседі. Қажетті көлігінің, құрал-сайманның жетімсіздігінен кеш себілген егіс кеш пісетінді.

   Сол жылы Оспан жайлаудан жылқысын айдатып көшіп келе жатқан кезінде жатақтардың жайқалып өскен егісін көріп жылқышыларына: «Ой-ойдағы жатақтардың егініне жайыңдар!» – деп әмір береді.

   Оспанның жылқысы жатақтардың егіндерін тұяғымен таптап күйе жегендей етеді. Сорлы жатақтар зар жылап, күркелерінің түбінде жер шұқып, іштері күйіп өкінеді де қалады. Бұл кез Қояндыда билердің төтенше съезіне дайындық жасалып жатқан.

Абай осы съезге шақырылады. Ол Қояндыға бара жатып, жатақтардың үстімен жүреді. Жол-жөнекей әрбір ойпаңда құрым жапқан олардың күркелерін көреді. «Сусын ішелік», – деп аттың басын бұрып, бір күркеге түседі. Алдынан бүкірейген шал шығады, сәлем бергеннен кейін, Абайды танып: – «Қуыс үйден құр шықпа», – деп, Абайды шал ішке кіргізіп, сусын ұсынады. Сол жерде Абайға Оспанның егінді таптатқанын, соның салдарынан шиеттей бала-шағаның қатықсыз көжеге зәру болып қалғанын айтады.

   Абай шалдың сөзін үндемей отырып тындайды да: «Ал ақсақал, қасыңа серік ерт те, қос атпен маған еріп жүр, мен ертең жолдағы Оспанның үйіне барамын, сонда осы әңгімені жалғастырайық, – дейді. Келесі күні түске таман әлгі шал қасындағы бір жатақпен Оспанның ауылына барып, Абайдың шақыруымен інісімен бас қосқан үйге кіреді.

Болған оқиғаның растығына көзі жеткеннен кейін Абай Оспанға: «Қазір өзің бар да, жылқыдан құнан-тайы, аты бар, маған 24 жылқы айдап әкел», – дейді. Оспан аң-таң, қапелімде орнынан тұра қоймайды. Абай Оспанға қадала қарағанда ғана ол үйден шығып, жылқыға кетеді. Оспан 12 ірі жылқы, 12 құнан – саяқтарды айдап әкеледі.

   Екі жатақтың қасына өзінің қасына еріп келе жатқан шабарманның қосшысына: «Мына 24 жылқыны айдасып, жатақтарға барып, 12 үйге, біріне де қиянат етпей, бір ірі, бір құнаннан бөліп бер. Бұл менің Оспаннан әперген әрі төлеуім, әрі айыбым», – деген екен Абай Құнанбайұлы. Мұнан біз дәстүрлі ақсақалдар институтының өміршеңдігі ақсақалдық биліктің қоғам талабына сай әділдігін тентек пен теліні тоқтата білген үкімнің әділетті шешімінде болғандығын дәлелдейді.

  Абайдың Оспанға салған айыбынан көріп отырғанымыздай, ақсақалдық биліктің кеңес шақырмай-ақ бір ақсақалдың өзі шешім шығарып екі жақты бітістіре білген мысалын көреміз.

  Сонымен қатар дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік мәселелерін реттеуде ел жиындары мен халық кеңестерінің алатын орны ерекше. Мәселен, патронимиялық құрылымдардың қыс қыстауы мен жазғы жайылымдарын анықтау, көшетін мерзім, қоныстанып жайлайтын жерлер, көштің жүретін жолдарының бағытымен су көздерін белгілеу сияқты әлеуметтік мәселелер ақсақалдар кеңестерінде шешіліп отырған.

    Мәселен, алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан патша өкіметі тарапынан жүргізілген ғылыми экспедицияларға қатысқан жазбаларында: Қызылтау болысының қазақтары қысқы қонысы мен жазғы жайылымы сияқты жаңа орынға көшер уақытта көпті көрген ақсақалдарымен ақылдасып шешетінін айтады.

  Қазіргі замандағы ақсақалдар туралы айтсақ, қазақта: «ақсақал», «қария», «шал», «шал-шауқан» деген атаулар бар. Бұл атаулардың мән мағынасы да тереңде жатыр. Бұған мысал: Бір күні біреу Бауыржан Момышұлына келіп «шал» депті. Сонда Баукең: «Сен тыңдап ал. Адам қартаяды, жақындарына, әйеліне, баласына сөзі өтпей, тек үйінде отырып, шал атанады. Енді біреулер ортасына сөзі өтеді, оларды қария дейді. Енді бір адамдар қартайса да, сөзі жақындарына ғана емес, елге өтеді. Ондай адамдарды ақсақал деп атайды. Сен мені кім деп отырсың?», деген екен.

Ал белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов «Шал» фильмінде бүгінгі ауылдағы шалдың дүние танымымен кісілік кескін келбетін сомдап, кино сүйер көпшілік қауымға Қасым қойшы қарт арқылы шал бейнесін танытты.

«Абыз», «ақсақал» атау сөздеріне қатысты көрнекті жазушы қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза: «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл-аймаққа әмірі жүретінді ақсақал атайды. Ал елдік сананы қалыптастыра алмай, ауыл-аймақ күйбеңінің шырғалаңынан шыға алмай жүргенді «шал» деген болатын.

Ал «Шал», «қария», «ақсақал» атау сөздеріне қатысты жазушы Келімбет Немат «Қария» атты эссе еңбегінде: өзінің тек өз бала-шағасының ғана қамын күйттеп күйбеңдеп жүрген қарт кісіні «шал» дер едім. Туған ауылының, туған жерінің жоғын жоқтап, қамын ойлап, жән-тәнімен қарбаласып жүрген егде жастағы ер азаматты «қария» дегеніміз жөн сияқты. Қазақ дейтін тұтас қауымды бұзып жармай, бүкіл елдің қамын ойлау дәрежесіне дейін көтерілген құрметті қартты «ақсақал» дегісі келіп тұратынын айтқан.

 Профессор Немат Келімбетке кейбір адамдарға ақсақал десек «мен қарт» емеспін деп ашуланып қалады. Бұған сіз қалай қарайсыз, деген сауалға. Ол былай деп жауап беріпті:

      – Ақсақал атану адамға көрсетілген зор құрмет деп түсінемін. Демек ақсақалдыққа жету – Ахмет Йассауидің сөзімен айтсақ, адамның кемелдену дәрежесіне («камоли инсон») шарықтап шығу болып табылады. Бұл кезде адамның өмірлік  тәжірибесі артып, ақыл-парасаты молайып, адамгершілік қасиеттері кең өріс алады. Тегінде ақсақалдыққа дайындық адамның жастық шағынан бастап ғұмыр бойы үздіксіз жүргізіліп отыратын процесс болса керек. Менің ойымша, ақсақал атану – ер азамат бақытының бір көрінісі шығар деп білем. Құдай сол ақсақалдыққа аман-есен жеткізсін.

      Жазушының бұл пікіріне толық қосыламыз. Ақсақал болу. Өмір бойы жүретін процесс екендігі шындық. Ақсақал болу үшін де рухани қазыналы болып қартаю керек. Демек ақсақал болуға да әзірлік керек. Ол дайындық өмір бойы қалыптасып отыратын адам бойындағы жақсы қасиеттер мен жақсы мінез бен үлгілі қылық, өнегелі іс.

   Жалпы қартаюдың екі түрі бар. Ол – қазыналы болып қартаю мен қазымыр болып қартаю. Бүгінде қартқа лайық аталы сөзін айтып, туыстықты, бірлікті, елдікті сақтау жөнінде сөз саптап, ойын айта алмайтын, пайғамбар жасынан асса да ішімдік ішетін, не келісті бата бере алмайтын шал-шауқанда  жеткілікті.  

   Пікірімізді қорыта айтсақ бұрын ақсақалдар билігі қауым ішіндегі абыройы мен беделіне негізделгендіктен халыққа таза моральдық-психологиялық тұрғыда ықпал етіп, олардың жауапкершілігін арттырып отырған. Бұл орайда дәстүрлі әдет-ғұрып қалыптары жеке адамның іс-әрекетіне ықпал ететін өнегелі тәжірбие үнемі басшылыққа алынып отыруға тиіс.

    Ақсақалдар кеңесі – біздің ұлтымызға тән институт. Себебі ата-бабаларымыздың дәуірінде де осындай кеңестер құрылып, сол арқылы қазақ қоғамындағы кейбір өзекті мәселелерді реттеп отырған. Қазақ хандығы кезеңінде хандар мен батырлар ақсақалдармен ақылдасып, кеңесетін болған. Елдің ішкі саясатын жүргізуде ақсақалдар институтының рөлі күшті болды.  Ақсақалдарымыз баршаны ауызбірлікке ынтымаққа шақырып отырған. Халқымыз: «Қарты бар елдің қазынасы бар», деп бекер айтпаған. Бүгінгідей рухани жаңғыру аясында ақсақалдар институты, ымыраластыру жолы сияқты жақсы ұлттық дәстүр-салттар мен рухани құндылықтарды жаңғыртып жандандырушы абыздарымыз бен ақсақалдарымыз аман болсын!

 

 

                                                                               

Өтеген ИСЕНОВ,

                                                                  тарих ғылымдарының кандидаты.

             Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық

университетінің профессоры