БЕСШОҚЫ

БЕСШОҚЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында.

Бөкей хан (Сейіт баба) мазарының түстігінде кішкене арал тұрса, одан әрі – Бәйбек, Алша ауылдары, оның арғы төрі – Астрахан қаласы. Ал, мынау сәскеліктегі алыстан қол бұлғап тұрған көне шіркеу 1831 жылы Ф.Гебельдің аузын аштырып, көзін жұмдырған белгілі жәрмеңке – Кордуан селосының орны. Мұнда қазір сол жалғыз көне шіркеуден басқа ештеңе жоқ. Тіпті, кеше онда тиын санаған бақалшыдан жүздеп жылқы мыңдап, қой саудалаған жанды жәрмеңке, пұлды базар болды дегенге ешкім де нанбайтын сияқты.

...Сол бір заманда деймін-ау, Кішкене аралдың қалқыма көпірінен бастау алып, Кордуаннан арқаға беттеген көлік жолында әлгі екеуі қозы көште қосылатын да, бетті Азаудың үстімен Қошалаққа, одан әрі Азғыр, Жасқұстағы Хан Ордасына бағыттайтын. Сонда Қошалақтан Жиделіні жиектеп, Азғырға бағыттаған күре жолдың батысында «Бесшоқы» деп аталатын биік дөң қалады. Оны жергілікті тұрғындар бағзы заманнан бері «тау» атайды. Әрине, тау емес, бар-жоғы биік дөңестер ғана. Бірақ дөңестің өзін тауға балаған қазағымның ырымы қандай жақсы еді. Өз басым, ақ тілеулі ата-бабамның алтынға пара-пар әр сөзіне қайран қаламын. Қауып айтқаны аз, тауып айтқаны көп, қайран тарландарым-ай...  

Сол Бесшоқының бір басында ауызға алар айшықтар көп. Оның құбыла бетіндегі мың сиыр суарсаң да, мыңқ етпей, баяғы қалпын сақтап тұра берер мөлдір сулы құдығы, күні кешеге дейін төсінде ирелеңдеп, алдыңды кесер құлаш-құлаш білектей қара жыланы туралы аңыздарды айтсаңызшы. Кененбай үңгірі жайлы әңгімелер ше? Бұның бәрі – өзіміздің қандастарымыз – қазақтардың әңгімесі. Ал әлім-берім заманда із тастап, ешкімге көрінбей ғылыми зерттеу жүргізген орыстардың жазғаны қаншама? Солардың ең басында императорлық Ресей географилық қоғамының тапсырмасымен ғалым И.Б.Ауэрбахтың 1854 жылы Боғда тауына зерттеу жүргізгенде осы Бесшоқыны зерттеген еңбегі тұрса, кейін Ю.М.Раль (1935), О.К.Леонтьев (1958-61), А.Г.Чекишев (1973), Н.А.Гроздецкий (1981), сондай-ақ, В.Н.Дублянский бастаған тағы бір топ ғалымдар таудың жыныстық құрамы, ондағы үңгірлер мен әлгі құдық, олардың ерекшеліктері туралы жазды. Ал Астрахан мемлекеттік университетінің ғалымы И.В.Головачев соңғы отыз жылға жуық уақытта Ресей географиялық қоғамы, Астрахан бөлімшесі ұйымдастырған көлемді ғылыми-зерттеу экспедициясы құрамында аталған жерге бес рет барып, кешенді жұмыстар жүргізді.

Егер жағырапия тілімен айтсақ, ол Каспий маңы ойпатындағы Нарын құмының батыс бөлігі, Шунгай адырлары аймағында жоғары валын жазығындағы Құдайберген, Чапшашы тұз қабаты дөңдеріне іргелес жатыр. Бесшоқы төменгі Еділ-Жайық карстық аймағындағы Басқыншақ маңы тұзды алқапқа жатады. Оның тұзды қабатының көлемі 35 шаршы шақырым. Құрамы гипс қоспасымен араласқан.

Бесшоқының географиялық құрылымы ғылымда соңғы 160 жылдан бері белгілі болса да, нақтыланып зерделенуі 1987 жылдан басталады. Бесшоқының табанында қалыңдығы 14,6 метрлік карсты гипстік қабат бар. Ол кей жерлерде 30 метрге дейін барады. Жылдар өте сол қабаттарда терең үңгірлер пайда болған. Аталған үңгірлерге астрахандық ғалымдар 1987 жылы алғаш барлау жасап, арада он жыл өткенде қатарынан төрт рет кешенді ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды.

Егер оған дейінгі ғалымдар еңбектеріне зер салсақ, Бесшоқыға бірінші болып із тастаған ғалым И.Б.Ауэрбах аталған дөңдегі карстық шұңқырлар мен екі үңгірге назар аударған. Ал, Ю.М.Раль болса, ойылған карстық құдық пен аты белгісіз үңгір (шамасы Кененбай үңгірі болса керек) әңгіме жасайды.  

Бесшоқының карстық үңгірлері В.И.Дублянскийдің морфогенетикалық топтастыруы бойынша каррозиялық-эрозия және каррозиялық-жайылу тобына жатады. Мұнда жалпы саны 10 карстық үңгір бар. Олардың бәрі де жең үлгісіндегі қапшық тәріздес. Ғалымдар олардың бірін жергілікті атауына сай «Кененбай үңгірі» атаса, оның тереңдігі 19, жалпы алаңы 160 шаршы метр. Одан басқа ғалымдар шартты түрде атаған «Бесшоқы 1, 2, 3, 4,» «Құрманғазы», «Логово», «Мечта» «Одуванчик», «Стенка» үңгірлері бар. Осылардың соңғы бесеуі және «Кененбай» көлемі жағынан ең ірілері болып саналады. Ғалымдар бұларды географиялық тұрғыда жан-жақты зерттеді. Әңгіме орайында осылардың ішінде жергілікті тұрғындарға көптен белгілі, жіті танысы – «Кененбай үңгірі». Үңгір жайлы ел ішінде аңыз көп, жанындағы құдық туралы да түрлі әңгімелер бар. Оны сол арада туып-өскендіктен біз де біліңкірейміз. Біразы түрлі басылымдарда жазылды да. Бірақ бір әңгіме шындық, ол – кезінде Кененбай есімді діндар жанның аталған үңгірді ел балаларын діни сауаттандыру үшін медресе ретінде пайдалағандығы. Ал, бұл ел ішіндегі осыған дейінгі тәжірибеде бар үрдіс. Мысалы, ХVІІІ ғасырдың аяғында Пір Бекет Бейнеу маңы мен Оғыландыдағы үңгірлерде мешіт есебінде бала оқытқан.

Кененбай үңгірі Бесшоқы тауының арқа шығысында орналасқан. Ол жайлы алғашқы ғылыми деректі И.Б.Ауэрбах еңбегінен тым қысқа түрде кездестіреміз. Ал, нақтырақ негіздерді И.В.Головачевтердің 1998 жылғы зерттеулері негізінде оқуға болады.

Үңгір жер астында арқа-батысқа 15 градустық көлбеуде 19 метрге дейін созылады. Үш метрлік биіктіктегі кіреберіс жақсы жарықтанған. Бұдан әрі үңгірдің биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Іштегі температура жаздың шағыршақты шағының өзінде 10 градустан аспайды, ал ылғалдың мөлшері 79 пайыз. Бірақ үңгірге кіре берістегі дәліздің тым кеңдігі және оның күнгей бетке қарап тұрғандығы іштегі орташа жылылықтың тыстағы ауа райына байланысты өзгеруіне септігін тигізеді.  

И.Б.Ауэрбахтың суреттеуіне қарағанда, үңгірдің ішкі құрылымы бұдан 160 жыл бұрын кең, ыңғайлы және әдемірек болғанға ұқсайды. Кейін шыға беріс төбедегі гипс блоктың опырылып төмен түсуі адамдардың үңгірге кіріп-шығуына аса қолайсыздық туғызған. Бірақ адамдардың жерасты құпиясын білу, табиғаттың өзі жасаған сұлулыққа құштарлығы ешуақытта азайған емес. Аталған үңгірде осыдан он жыл бұрын қазақ әдебиетінің шебер суреткері Әбіш Кекілбаев та Махамбет туралы ктіапқа деректер жинау кезінде келіп, жападан жалғыз жарты сағат отырып, қиял қанатында қалықтаған, ой тұңғиығына шомылған. Мұндай деректерді жоғарыдағы И.Б.Ауэрбах та келтіріп, таңдайын қаққан, көзін жұмған. Керек десеңіз ол сол еңбегінде «үңгірге қанаттас жатқан қазақтар бұл жерді құлшылық орнына айналдырып, мезгіл-мезгіл дұға жасайтын көірнеді» деп жазыпты. Бұл да сол бір Кененбай діндардан басталған сұпылық ұстанымның ақ жолы болса керек.    

Бесшоқы... Әрине, бір кезде бұл арада биік шоқылар болды ма, жоқпа, әй, қайдам?! Бірақ ылғи қиыршық тастармен биіктеп, бір-бірімен жалғасып, иықтасқан, менің балалығым өткен, әкемнің ізі қалған Бесшоқы тауы осы. Оның ақыраған бораны аз, азынаған желі де сирек. Әйтсе, әр тұсынан он үңгір қыста тоңып, жазда ми қайнатқан ыстықта пана іздеген әлдебіреулерге жылы орын, салқын самал саялы қолтық.

Шіркін-ай, анау құбыла бетіндегі қабырғасы шақпар-шақпар жалпақ тастармен көмкерілген құдығын айтсаңызшы? Ана бір кеңес өкіметі тұсында оның басына астау қойып, үш мың сиырды бір кезекте суарғанда, суы бір елі төмен түспеді-ау! Қазір оның маңында мал да,оны бағатын ел де жоқ, бәлду-бәлду бәрі өтірік. Бірақ Бесшоқы бар, үңгірі де, құдығы да орнында. Ғасырлар бойы құпиясын ішке бүгіп, ешкімге сыр ашпайды. 

Бесшоқы...

Жалғасы бар, осында