БАТАЛЬОН КОМАНДИРІ-ҒАЛЫМ-МИНИСТР-РЕКТОР ҚАРЫНБАЕВ СИБАҒАТОЛЛА РЫСҚАЛИҰЛЫ

БАТАЛЬОН КОМАНДИРІ-ҒАЛЫМ-МИНИСТР-РЕКТОР ҚАРЫНБАЕВ СИБАҒАТОЛЛА РЫСҚАЛИҰЛЫ

БАТАЛЬОН КОМАНДИРІ-ҒАЛЫМ-МИНИСТР-РЕКТОР

ҚАРЫНБАЕВ СИБАҒАТОЛЛА РЫСҚАЛИҰЛЫ

 

   Ол 1910-жылдың 1-наурызында бұрын Гурьев аталған қазіргі Атырау қаласында дүниеге келеді.

   Әкесі Рысқали Қарынбаев Гурьев қаласында ұстахана және Жаманқала (кейіннен Бақсай, Махамбет аталды) ауданының Бақсай селолық советіне қарасты Көздіқара ауылында 5 бұзаулы сиыр, 2 бие және 50 шақты қой-ешкі ұстағаны үшін 1928-жылы конфискацияның бірінші толқынына ілініп, Башқұрт АССР-іне жанұясымен жер аударылғалы жатырғанында жүрек талмасынан дүние салады.

   Сибағатолла 1929-жылы Гурьевтегі орыс тіліндегі орта мектепті бітіргенінде Қазақ АССР-і Халық ағарту комиссариаты берген куәлікте: «Осы куәліктің иесі Орал губерниясының Гурьев уезі азаматы, 1910-жылдың 1-наурызы күні дүниеге келген, қолөнерші  жесірінің ұлы Қарынбаев Сибуғатулла 5 жыл бойы оқып, 2 деңгейдегі Гурьев мектебінің  курсын бітіріп, жалпы жоғары даму мен жеткілікті білім деңгейін көрсетті» деп жазылған.

   Ол мектептен түлеп ұшқан бойында Астрахан қаласында 1918-жылы РСФСР Халық Комиссарлары Советі қаулысымен ашылған мемлекеттік медицина институтының хирургия факультетіне оқуға түседі. Әкесі Рысқалимен жақсы қарым-қатынаста болған Атыраудың әйгілі шипагері, Ленин орденді Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген дәрігері Ахмет Жұмашұлы Сүндетов – өзінен 13 жас кіші Сибағатолланы Астрахан медицина институтына оқуға түсуге үгіттейді. Сүндетов болса, ол кезде сол инстиутттың 4-курс студентіне өтіп, 1931-жылы қолына дәрігер дипломын алған еді.

   1934-жылы Астрахан медицина институтын дәрігер-хирург мамандығы бойынша үздік бітіргесін,  1934-1937-жылдары Қазақ мемлекеттік медицина институтының аспирантурасында тұңғыш аспиранттардың бірі болып оқиды. 1937-1939-жылдары осы оқу орнында профессордың ассисенті болады.

   1939-жылдың қарашасы басында Алматы қаласының Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан аға лейтенант шенімен Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясына (РККА) алынады. Өйткені ол - Астрахан мединститутында әскери кафедрадан өткендіктен әскерге бармай тұрып 1937-жылы осы шен беріледі. Сол жылдың 30-қарашасында Совет Үкіметі Финляндияға соғыс жариялап, ұрыс қимылдары басталғанда - Ленинград түбіндегі әскери бөлімге тап болған С.Қарынбаев атқыштар батальонының дәрігері оетінде бірден соғысқа кіргенінен 1940-жылдың наурызында екі жақ – қанды қырғынды тоқтатқандарынша алдыңғы шепте жаралы жауынгерлерге медициналық жәрдемді көрсетумен болады. Бар болғаны 4 ай соғыста Қызыл Армияның 760 мың жауынгерінің 264908-і жараланғанынан-ақ, медициналық қызметкерлердің қан сасыған майдан даласында күндіз-түні тынбастан қандай қимылдар жасағандарын сезінуге болады. Қарынбаевтың қажырлы еңбегі ескеріліп, 1940-жылдың тамызында медицина қызметінің капитаны шенін алған бойда оны Ленинград қаласында орналасқан атағы Одаққа әйгілі С.М.Киров атындағы әскери-медицина академиясының анатомия кафедрасына оқытушылыққа бекітеді. Сол 1940-жылдың сәуірі-тамызы аралығында Петрозаводск қаласына орналасқан Фин армиясының әскери тұтқындарын емдеу пунтінде хирург болады.

   1941-жылдың 22-маусымында Совет Одағына жарияламастан соғыс ашқан Германия әскерлері арада ай жарым өткенде  (8-тамызда) Ленинград облысының шетіне кірсе, үнемі алға жылжумен 8-қыркүйекте тораптық үлкен теміржол станциясы саналатын Петрокрепость қаласын иемденеді. Ол Ленинградтан 47 шақырым жерде ғана болатын. Сол күннің ертесіне Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті И.В.Сталиннің қолымен Ленинградтан 500 дей кәсіпорындар мен мекемелерді Еділ өзенінің сол жағына - СССР-дің Азия бөлігіне жедел көшіру туралы қаулы қабылдайды. Ол тізімінің ішінде әскери-медицина академиясы да бар еді. Академия екі айдан кейін әрең дегенде қарашаның басында Өзбек ССР-інің Самарқанд қаласына көшірілгенде - С.Қарынбаев өзін майданға жіберуді сұраған рапортын қалалық әскери комиссариатқа тапсырады. Сибағатолла ҚАРЫНБАЕВ – осы академияда дәріс берген бірден-бір қазақ екенін ескергеніміз жөн.

   3-рангалы медврач (медицина қызметінің капитаны) С.Қарынбаев сол 1941-жылдың қарашасында  майор атқаратын лауазым - 3-гвардиялық армия медициналық-санитарлық бөлімінің госпитальдер бөлімшесіне инспектор-дәрігер болып тағайындалады. Ол штабта отырмастан үнемі алғы шептегі әскери бөлімдерді аралаумен жүретін. Далалық госпитальдердің орналасуын, дәрі-дәрмекпен жабдықталуын, мамандармен қамтамасыз етілуін, ауыр жаралыларға жедел көмек сапасын, олардың ұзақ емделуді қажет ететіндерін - алыс тылдағы эвакуациялық госпитальдерге жіберуді, сол жіберудің өзін уақытылы ұйымдастыруды және өзге де толып жатқан мәселелердің күрделенбей тез шешілуін, қателіктер мен кемшіліктерге жол бермеуді қадағалайтын.

   Дегенмен, Қарынбаев қайткенде де алғы шепте жаралыларға тікелей жәрдем жасауға ұмтылумен болады, ақыры бөлімінің бастығы С.А.Семекаға жазған арызы қанағаттандырылып, 1942-жылдың мамырында 253-атқыштар дивизиясы құрамындағы санитарлық ротаның командирін алады. Бұл да майорға лайық лауазым еді. Сол жылдың аяғында генерал-майор шенін алумен қатар Воронеж майданы медициналық-санитарлық басқармасының бастығына ауысқан С.А.Семека 1943-жылдың қаңтарында өзіне таныс, сенетін Қарынбаевты майдандық госпитальдің аға дәрігеріне тағайындайды. Сибағатолла мұнда да өз міндетін тыңғылықты жүргізгенімен, тура соғыс алаңында жүруді аңсаумен болады. Тағы да Сергей Александровичке аяқтай барып, санитарлық ротаға жіберуді қолқалайды. 1939-жылдан медицина ғылымдарының кандидаты, соғысқа дейін Ленинград фармацевт институты мен Харьков медициналық институтында кафедра меңгерушісі болған ол – өзі сияқты кешегі ұстаз бұл өтінішін жерге тастай алмайды. Атақты «Курск доғасы» шайқасы басталған кезде, сол 1943-жылдың шілдесі басында бұрында өзі бір барып кеткен 253-атқыштар дивизиясы құрамындағы 979-атқыштар полкының аға дәрігері-медицина қызметінің бастығына тағайындау алады.

   Соғыстағы үкіметтік бірінші марапаты – «Қызыл Жұлдыз» орденін 1943-жылдың 19-қазанында осы лауазымды  абыроймен атқарып жүргенінде алады. Бұл орденді дивизия командирі, Совет Одағының Батыры (26.09.1943), генерал-майор Ефим Васильевич Бедин өз қолымен қазақ офицердің оң жақ кеудесіне қадайды.

   1944-жылдың 23-шілдесінде дивизияның сол кездегі грузин ұлтты командирі полковник Иван Георгиевич Кантария 330-дербес медициналық-санитарлық батальонының командирі капитан С.Қарынбаевты 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынғанымен, дивизия бағынған 21-атқыштар корпусының командирі генерал-майор А.А.Яманов пен 3-гвардиялық армия тылының бастығы генерал-майор Д.Т.Гаврилов өз ұсыныстарында 2-дәрежеге төмендетеді. Ақыры, соңғылардың дегендері жүзеге асып, 1-қыркүйекте 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Бірақ, ол орден белгісіз себептермен майдангердің қолына 10 жылдан кейін ғана тиеді.

   1943-жылдың қаңтарында С.А.Семека 1941-жылдан  майор, 193-жылдың шілдесінен бері подполковник атқаратын лауазымдарда жүрген С.Қарынбаевқа майор шенді беру туралы Воронеж майданының әскери советіне ұсыныс түсіргенімен қараусыз қалады. Семека болса сол жылдың аяғында Москваға ауысып кетеді... Тек 1944-жылдың қазанында 14 ай бұрын подполковникке лайық қызметке тағайындалған, екі орденнің иегері - 1-Украин майданының қолбасшысы, Совет Одағының Маршалы И.С.Коневтің бұйрығымен майорды алады.

   1945-жылдың 3-наурызында «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне ұсынылады, бірақ тағы да төмендетіліп, 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі. Осы орденмен 1985-жылдың 23-желтоқсанында екінші рет марапатталады.

   С.Р.Қарынбаев әскерден 1946-жылдың ақпанында босап, Алматыға оралғанында - Қазақ ССР-і Денсаулық сақтау министрлігінің соғыс мүгедектері госпитальдары басқармасының бастығына тағайындалады. Ол кезде майданнан ауыр жарақат алған мыңдаған жауынгерлерге госпитальдардан орын жетпей, кезектерін ұзағынан күтіп қалатын. С.Қарынбаев осы мәселе бойынша сол жылдың қалған 9 айы ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші, екінші секретарьлары Г.А.Борковқа, Ж.Шаяхметовке, республика Министрлер Советінің Председателі Н.Оңдасыновқа 6 рет кіріп, бар госпитальдерді түгелімен кеңейту мен жаңадан жедел түрде соғыс мүгедектерін емдейтін 4-5 арнайы орындарды ашуды мәселе етіп қояды. Маңызды бұл өтініші 1946-жылдың қыркүйегіне дейін толық орындалып, елдегі ІІ, ІІІ-топтағылар түгелімен мемлекет есебінен жатып емделуге қол жеткізеді.

   Қазақ ССР-і Министрлер Советінің Председателі Н.Оңдасынов оның ұйымдастырушылығына разы болып, 1947-жылы Денсаулық сақтау министрінің орынбасарына бекітеді. Бұл лауазымды абыроймен атқарған С.Қарынбаевты республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Жұмабай ШАЯХМЕТОВ пен Министрлер Советінің Председателі Нұртас ОҢДАСЫНОВ шақырып алып, бірге кеңескеннен кейін оны респблика Денсаулық сақтау министріне тағайындау туралы жарлықты Қазақ ССР-і Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Даниял КЕРІМБАЕВҚА шығартады.

   Бірақ, 1950-жылы Сибағатолла Рысқалиұлы – мінезі ауыр Одақтық министр Е.И.Смирновпен (1939-1945-жылдары медициналық-санитарлық бас басқармасының бастығы, генерал-полковник) әлденше рет керісуден кейін қызметінен босату туралы арызын Қазақстан Үкіметінің канцеляриясына тапсырады. Ол өтініші екі ай дегенде қанағаттандырылып, Қазақ мемлекеттік медицина институтының кафедра меңгерушісіне өз еркімен барады. 1952-жылы осы институтты 9 жыл үзбестен басқарған В.И.Зюзиннің орнына – ректорлыққа қойылады.

   1954-жылдың жазында – одан 3 ай бұрын ғана СССР Денсаулық сақтау министріне тағайындалған М.Д.КОВРИГИНА Қазақ ССР-і Министрлер Советінің Председателі Елубай Базымұлы ТАЙБЕКОВ пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Леонид Ильич БРЕЖНЕВКЕ өзі бұрыннан жақсы білетін, бір жылы дүниеге келген құрдасы, 4 жыл СССР Жоғарғы Советінің депутаты, ректор  С.Р.Қарынбаевты министрге қайта оралтуды мәселе етіп қойғанына – республиканың бірінші басшысы Пантелеймон Кондартьевич ПОНОМАРЕНКО қарсылық көрсетпейді. Мария Дмитриевна 1942-1950-жылдары СССР Денсаулық министрінің орынбасарын, ал 1953-жылдан бірінші орынбасарын атқарған-ды, Қарынбаевты 1947-жылдан білетін. Ректорлықты Қарынбаевтан – И.С.Корякин қабылдап алады.

карынбаев

Екі мәрте Қазақ мемлекеттік медицина институтының ректоры болған

министр С.Р.Қарынбаев. 1969-жыл

   Министрлік қызметті 9 жыл атқарған С.Қарынбаевты Қазақ ССР-і Министрлер Советінің Председателі Дінмұхамед Ахметұлы ҚОНАЕВ 1963-жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтына ректор етіп екінші рет тағайындайды. Бұған дейін бұл қызметте Р.И.Самарин болған еді. 1959-1965-жылдары СССР Денсаулық министрі, оған дейін 1955-1959-жылдары РСФСР Денсаулық министрін атқарғанында әріптесі болған, әрі 1910-жылы туған құрдасы Сергей Владимирович КУРАШОВ Сибағатолла Рысқалиұлының қызметін ауыстыруына келісімін әрең беріп, онымен жеке сөйлескенінде М.Д.Ковригинаның «Қарынбаевтан айрылма» дегенін айтып, 4 жыл иықтасып жемісті жұмыс істегеніне ризашылығын білдіреді. С.В.Курашов осы лауазымда жүріп, 1965-жылдың 27-тамызында жүрек талмасынан кабинетінде дүние салады. Міне, С.Р.Қарынбаевтың тек Қазақстанда ғана емес, Мәскеуде де, бүкіл Одақта да үлкен беделді иеленгенін осыдан білуге болады.

   Сибағатолла Рысқалиұлы ҚАРЫНБАЕВ бұл жолы ректорлықты 12 жыл атқарып, 1975-жылы қазақ жігіті Қуаныш Мүбаракұлы Мәскеевке тапсырады. Ол да осы қызметте 12 жыл болады.

   Айтпақшы, майданда өзіне қамқоршы болған генерал Сергей Александрович СЕМЕКА соғыстан кейін ұзақ жылдар Москва фармацевт институты мен 1-Москва медицина институтында әскери-медицина кафдрасын басқарып, 1966-жылы 60 жасқа толған сәтінде қайтыс болады. Москваға барған сайын дерлік онымен кездесетін Сибағатолла Рысқалиұлы оның жерлеуіне арнайы  қатысады...

   Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанның денсаулық сақтау қызметкерлерінің және ғылыми кадрларының алдында ауыл тұрғындарына медициналық көмек беру деңгейін көтеру мақсаты қойылды. Осыған байланысты министр С.Р.Қарынбаевтың тікелей өзі араласуымен республикада арнайы ірі емдеу орындары, санитарлық-эпидемиялық станциялар, жаңа медициналық жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары ашыла бастады. Жаңадан ұйымдастырылған медициналық мекемелерге көп мөлшерде мамандар қажет болды. Республикамыздың дәрігерлермен қамтамасыз етілуі 1950-жылдың аяғында-ақ соғысқа дейінгі жылдармен салыстырғанда 2,2 есеге өсті. Ауруханалардағы орындар саны 1,3 есеге артты, санитарлық-эпидемиологиялық станциялар 1941-жылдың басында 44 болса, 1950-жылы 235-ке жеткізілді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының санитарлық-гигиеналық сауатсыздығын жою, маляриямен күресу, аурулардың алдын алу жұмыстары да ерекше қарқынмен жүргізілді.

   Ол министр лауазымында болғанында өзінің тікелей араласып-қатысуымен 1949-жылы Орта Азиялық обаға қарсы күрес институты құрылды, 1954-жылы - Семей, 1957-жылы Ақтөбе медициналық институттары, 1963-жылы - Алматыда дәрігерлердің білімін жетілдіру институты ашылды.

   Соғыстан кейінгі қиын жылдарда С.Р.Қарынбаевтың елге аса пайдалы ең маңызды ғылыми жұмыстары: «Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету», «Қазақстандағы туберкулезбен күресу жағдайы және оны жақсарту шаралары», «Республикадағы онкологиялық қызметтің жағдайы және міндеттері», «Қазақстандағы балаларға медициналық қызмет көрсету жағдайы және балалар аурушаңдығын төмендетуге арналған шаралар» және өзге де көптеген ғылыми-практикалық еңбектері, мақалалары терең талдаумен нақты орындау жолдарын айшықтап берген еді. Бұлардан басқа Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру аймақтары тұрғындарын медициналық қызметпен жедел қамтамасыз етуді ұйымдастыру шаралары мен жұмыстары оның басынан асып жатқан.

   Сибағатолла Рысқалиұлы ҚАРЫНБАЕВ - оқымысты. «Қан тамырларын қалпына келтіру және ондағы жаңа құрылымдар» атты монографияның, 35 ғылыми жұмыстардың авторы, бірнеше рет республикалық, ССРО съездерінде, халықаралық морфологтар конгресінде, сондай-ақ  Югославияда, Швецияда, АҚШ-та, Францияда және Қытайда баяндамалар жасады. Мысалы, АҚШ-та әр елден келген медицина мамандары алдында «Кеңес Одағындағы малярияны жою тәжірибесі туралы» атты баяндамасын оқыды.

   С.Р.Қарынбаевтың ғылыми үлкен жұмысы жарқын педагогтық талантымен үйлесімін тапқан. Ол 17 жыл бойы ірі ғылыми орталық саналатын Қазақ мемлекеттік медициналық институтының ректоры болды. Осы оқу орнының қабырғасынан шыққан 100-ге тарта ғылым докторы, 400-ден аса ғылым кандидаты, ондаған мың дәрігерлер мен провизорлар республикамыздың өркендей түсуіне, оның салауатты мемлекет болуына өз үлестерін қосты.

   С.Р.Қарынбаев өзінің үлкен мемлекеттік және ғылыми-педагогикалық қызметтерін белсенді қоғамдық жұмыстармен де үйлестіре білді. Республикамыздың еңбегі сіңген дәрігері ретінде бірнеше рет мемлекеттік басқару органдарына – 3-ші шақырылған СССР Жоғарғы Советінің (1950-1954), 4 дүркін Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің (1955-1959, 1959-1963, 1963-1967, 1967-1971), Алматы қалалық советінің депутаттығына, Қазақстан Компартиясының VІІІ, ІХ, Х, ХІ-съездері делегаттығына, осы съездерде оның Орталық Комитеті мүшелігіне сайланды. Сондай-ақ, Қазақ ССР-і Қызыл Крест қоғамы орталық советінің председателіне, Бүкілодақтық анатомдар, гистологтар және эмбриологтар ғылыми қоғамдарының құрметті мүшелігіне де сайланды.

   Сибағатолла Рысқалиұлы Қарынбаевтың бейбіт өмірдегі Отанына сіңірген ерен еңбегі жоғары бағаланып Ленин (1971), екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» (1961, 1966), «Халықтар достығы» (1980), екі рет «Құрмет белгісі» (1954, 1957) ордендерімен марапатталды. Оған 1950-жылы Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген дәрігері атағы мен «СССР денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісі берілген. Жалпы мемлекеттік марапаттары - 10 орден, соншама медаль, 10-нан астам СССР және Қазақ ССР-і Жоғарғы Советтерінің Құрмет грамоталары құраған білікті дәрігер, ірі ғалым және республика денсаулық сақтау ісінің шебер ұйымдастырушысы Сибағатолла Рысқалиұлы ҚАРЫНБАЕВ - жоғары дәрежедегі адамгершіліктің, әділдік пен адалдықтың, ауқымы кең ғылыми және қоғамдық жұмыстарды атқарудың, жалпы Отан, халық игілігіне қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болған асыл азамат деп айта аламыз. Оның жаны таза бойында қарапайымдылық, адамға деген жүрек жарды жанашырлық, өзі мен қызметтестеріне деген үлкен талап қоюшылық, жан жомарттығы мен әкелік мейірім, ата даналығы үйлесімдерін тапқан.

   Өкініштісі - ұлтжанды азаматтың халқымыз сан ғасырлар арман еткен Қазақстанының тәуелсіздігін алуын көре алмай, одан бір жыл ғана бұрын дүниеден өтіп кеткені.

 

 

         Жұмабай ДОСПАНОВ,

«Алтын ғасыр» №43, 2015-жыл