БАТАЛЬОН БАСҚАРҒАН БАСАР Атыраудың елеусіз қалған бір сардары

БАТАЛЬОН  БАСҚАРҒАН  БАСАР Атыраудың елеусіз қалған бір сардары

         Атырау облысының Махамбет ауданында киелі мекен атанған Таңдай деген ауыл бар. Ол ауылда осыдан 85 жыл бұрын Қазақстанда тұңғыш құрылған 5 қой совхозының бірі - №14 Бақсай совхозы шаңырақ көтерген. 1932-жылы тек қой басы 80 мыңнан асып кеткендіктен ол екі совхоз: №5 «Бақсай» қой совхозына және №8 «Гурьев» қой совхозына бөлінеді. 1933-жылдың ақпанынан СССР-де совхоздар мен МТС-терде саяси бөлімдер құрылып, олардың жандарында көп тиражды газеттер шығару басталып кеткенде, жасы әлі 16-ға толып үлгермеген Басар ИМАНӘЛИЕВ осыны естіп, 7 кластық біліммен соған әріп теруші, әрі газет басушы болып жұмысқа кіреді. Газет - «Социалистік қой шаруашылығы» деп аталатын. Мақала, өлең жазуға қабілеттілігімен танылған Басарды 1936-жылы әдеби қызметкерге көтереді. 1938-1939-жылдары совхоз директорының жауапты хатшысын атқарады. Онымен Таңдайда қызметтес көп адам кейіннен үлкен лауазымдарда болды. Саяси бөлімдегілерден Г.А.Бойнов – соғыста майор, батальлн командирінің орынбасары, бейбіт өмірде Батыс Қазақстан облысында екі ауданды басқарды, Социалистік Еңбек Ері атанды; Т.Мұқатов – Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісін, Ә.Әдіресов – осы совхоздың директорын, Бақсай аудандық партия комитетінің секретарын, А.Н.Кальметьев - Карело-Фин ССР-і Министрлер Советі Председателінің орынбасарын атқарды. Ал газетінің бір редакторы Оңай Шонаев - Ұлы Отан соғысында Фрунзе атындағы әскери академияны бітірді, майор шенімен 86-атқыштар дивизиясы штабы бастығының орынбасары, 330-атқыштар полкы штабының бастығы болды, Эстонияның Тарту қаласында қаза тапты.

         Бұл азаматтармен жұмыстас болуы – оның әскерге дейін-ақ шыңдалып, өмірдің қыр-сырын білуге ерте үйреткен. Кейін Таңдайда алған тәлімдерінің көп пайдасы тиген.

Басар Иманалиев

Тюменьде

         Жасынан газетке бауыр басып, соған үйреніп қалған Басар әскери офицерлікті арман етпек түгілі, оны ешқашан ойына алмаған. Тағдырдың маңдайына жазғанынан қайда барады?

         Екінші дүниежүзілік соғыс басталған бойда, 1939-жылдың қыркүйегінде Гурьев облысының Бақсай аудандық әскери комиссариатынан Қызыл Армияға алынып, Забайкалье әскери округі құрамындағы 152-атқыштар дивизиясының 544-атқыштар полкында (Чита облысының Оловянная стациясына орналасқан) бастапқы әскери дайындықтан өтеді. Ол 3 ай дайындықта тек «жақсы» бағамен көрінген Басар Иманәлиевті таңдаулы қызыләскер ретінде желтоқсанда Тюменьге кадрлық офицер оқуына жібереді.

         Ұлы Отан соғысы жылдары Тюмень қаласында Сібір әскери округіне бағынышты 3 әскери училище болған еді. Олардың бірінішісі -1939-жылдың 14-қарашасында СССР Қорғаныс Халық Комисссары, Совет Одағының Маршалы  К.Е.Ворошиловтың бұйрығымен Сібір әскери округіне қарасты Тюмень жаяу әскер училищесі Халхин-Гол ұрыс қимылдарына қатысқан 5-мотоатқыштар-пулемет бригадасы негізінде құрылады. Курсанттар әрбірінде 300 адамнан (3 оқу ротасы) 4 батальоннан жасақталады. Олардың – 600-і Халхин-Голдағы соғыс қимылдарына (мамыр-қыркүйек) қатысып, орден-медальдар алып үлгергендер де, қалған 600 өзге әскери бөлімдердің үздік жауынгерлері еді. Училищенің оқу процесі 1-қабылданушыларға 12-желтоқсанда басталады. 1940-жылдың 23-ақпанында салтанатты түрде училище курсантының антын береді.

         Училище бірінші лейтенанттарын Ұлы Отан соғысы басталуына бір апта қалғанда, 1941-жылдың 15-маусымында шығарып, түгелімен дерлік майданға аттандырады. Бұл оқу орнын тұңғыш бітіруші Басар Иманәлиев – тылдағы Приволжск әскери округінде, майданға Молдаван ССР-і аумағында 24-маусымда-ақ кірген 15-атқыштар дивизиясының 47-атқыштар полкына қосымша әскер мен қару жинақтап жатқан округ штабы орналасқан Саратов облысындағы Балашов қаласындағы пунктте бірден пулемет ротасының командирі болып, Отан қорғауға жедел алынғандарды оқыту-жаттықтыруға кірісіп кетеді.    

         Басардың бір ұстазы – училище саяси бөлімі бастығының орынбасары майор Абраам Матвеевич Темник – бұларға куәлік берілісімен, соғыс басталған бойда, маусымның аяғында майданға кетеді. 1-гвардиялық танк бригадасының командирі, гвардиялық полковник А.М.Темник соғыс аяқталып жатқан сәтте, 1945-жылдың 30-сәуірінде Берлиннің қақ ортасында, Рейхстагтан қол созым жерде қаза табады. Ол – 1-Тюмень жаяуәскер училищесінде оқығандар мен қызмет жасағандар арасындағы 16-шы Совет Одағының Батыры.

         СССР Халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евгений Семенович Матвеев 1942-жылы осы училищені үздік бітіріп, оқытушылыққа қалдырылғаннан - 1946-жылға дейін жұмыс істейді.

                   

Аягөзде

         Б.Иманәлиевті Балашов қаласында 6 ай болғаннан кейін, Орта Азия әскери округінің Тәжік ССР-і аумағындағы Ленинабад қаласында 1941-жылдың желтоқсанында жасақталуы басталған 99-Тәжік дербес атқыштар бригадасына атқыштар ротасының командирі етіп жібереді. Бірақ, бригаданың жасақталуы аяқталмай, 1942-жылдың наурызы аяғында уақытша тоқтатылып, тарқатылумен запас әскери бөлімдерге айналдырылады. Ташкентте резервте ай жарым бұйрық күтіп қалған Басар Иманәліұлы осыдан енді Семей облысының Аягөз қаласында шекарашылардан, НКВД қызметкерлерінен құрылып жатқан Орта Азия әскери округінің 1-Қазақ запас полкына атқыштар ротасының командирі болып барады. Маусымда ол полк 209-Зайсан запас атқыштар полкы деп аталады. Полк – Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарынан, РСФСР-дің Алтай өлкесінен Қызыл Армияға жаңадан алынғандарды соғысқа дайындаумен айналысады. Осы жерде айта кетейін, 1942-жылдың желтоқсанында 209-Зайсан, 194-Ташкент, 224-Памир атқыштар және 369-Ашхабад артиллерия полктарынан Сталинград шайқасында құрып кеткен 162-атқыштар дивизиясы 3-ші рет жасақталады да, 1943-жылдың ақпанында майданға аттанады. Иманәлиев осылармен бірге соғысқа кетуге тағы сұранғанымен, екі ротаның офицер, сержанттарымен бірге сол Аягөзде қала береді. Тағы бір жылдың үстінде әскери училище бітірген кадрлық офицер ретінде мыңдаған жауынгерлерді ұрыс өнерінінің қыры мен сырына үйретіп, тер төгуіне тура келеді.

         Осы Аягөзде Орта жүздің көруге көз керек сұлу қызы Үрияны өмірлік жары етеді.

 

Ташкентте

         1944-жылдың маусымында Басар Иманәлиевті Ташкенттегі Орта Азия әскери округі штабы жанындағы батальон командирлерін, орынбасарларын, штаб бастықтарын дайындайтын «Выстрел» филиалының 6 айлық курсына жібереді. Оны 20-желтоқсанда бітіріп, ақыры 3,5 жыл ұмтылған майданға кетеді. Курсты үздік бағамен бітіруіне байланысты – батальон командиріне лайық деген жолдамамен бірге аға лейтенант шенін алады. Аттестатқа қол қойғандар - филиал бастығы генерал-майор И.И.Маршалков пен  саяси бөлім бастығы Совет Одағының Батыры, полковник П.А.Скопин.

         Осы жерде айта кететін жай – Басармен сол «Выстрелді» бірге бітіріп, майданға бір поезбен кеткен 6 айда әбден бауыр басып қалған Қызылорда облысының тумасы Сардар ШӘКІРОВ - 1-Украин майданына бөлініп, 121-гвардиялық атқыштар дивизиясының 340-атқыштар полкы құрамындағы атқыштар батальоны командирінің сап бойынша орынбасары болып, Германия жеріндегі шайқастарда ерен ерлік көрсетеді. Ленин, Александр Невский ордендерімен марапатталады, капитан шенін алады. 1945-жылдың 30-қаңтарында полк командирі гв.подполковник Бурлаков оны Совет Одағының Батыры атағына ұсынған, бірақ берілмей – Ленин орденімен  атап өткен. Соғыстан кейін Басар мен Сардар (Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика-мәдениет институтының ректоры болған) кездесіп жүрген.

 

         Басар ИМАНӘЛИЕВТІҢ өмірлік жары - Үрия Әбдіғалымқызы ҚҰРМАНҚҰЛОВА биылғы жылдың қаңтарында 90 жасқа толды. Атырау қаласында тұрып жатыр. Ері екеуі өмірге 6 бала әкелген. Олар: Мейрам (1944), Орынай (1948), Тұрлан (1952), Бағытжан (1954), Асқар (1959) және Мұхтар (1962). Ақтөбеде тұратын кенжесінен өзгелері Атырауды мекен етуде.

         Әжейдің әңгімелері өте қызықты, тек тыңдай бергің келеді. Оқырмандарға үзіп-үзіп беруге тура келеді. Кейінірек Иманәлиевтер туралы кітап жазбақ ойым бар, айтқандарына сонда шек қоймаспын.

         Енді бір сәт осы кісіні тыңдайық.

         -Мен 1925-жылдың басында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келдім. Орта жүздің Арғын руынанмын. Анам – Тобықтының қызы. Әкем сауатты, жағдайы бар орта шаруа болғаны үшін жергілікті өкіметтің түрткілеуіне ұшырағасын, алты жасымда Семейдің Аягөзі маңына қоныс аударып, теміржолда станциялық жол мастері болып, жарты жүздей жұмысшыны темірдей тәртіппен, әрі әділдікпен басқарды, броньмен соғысқа жіберілмеді.

         Әкемнің ағасы Ұлы Отан соғысы басталған бойда майданға кетті де, балаларын бағысу үшін, Аягөзде тұратын жеңгемнің үйінде тұрып қалдым. Қаладағы №8 орта мектептің 7-класына бардым, бірақ тұрмыстың төмендігінен оның жартысын оқып, қысқы каникулда тастап кетуіме тура келді. Мемлекеттік банктың бөлімшесіне курьер болып жұмысқа кіріп, айлық пен тамақ карточкасы қолыма тигендегі қуанышымда шек болмаған еді. Жұмысыма ыждағаттылығымды ескеріп, артынша, жасым 18-ге толмаса да кассирге ауыстырды. Одан 1942-жылдың тамызында облыс орталығы Семейге 3 айлық бухгалтерлер курсына жіберді. Сол қалада болашақ жарым Басармен таныстым.

         Жексенбі күні курстағы қыздармен киноға барған едім. Қазақтың бойлы, сымбатты екі офицері бізбен бірге билет алғанда сөйлесіп қалдық. Кинода қатар отырдық. Шынымды айтайын, мен Басарды бірден ұнаттым, ол да сондай сыңай танытты. Қасындағы жігіттің аты Нұртаза, Қызылордадан. Олар Ташкенттен Аягөзге әскерге жаңа алынғандарды соғысқа даярлау үшін жіберілген екен. Мен жарты жыл оқыған №8-мектепті солардың полкына босатып беріпті. Семейдегі курсты бітірген бойымда Аягөзге құстай ұштым. 7-қарашада Басардың 25-ке толған туған күніне үлгеріп бардым... Ол күні Октябрь социалистік революциясының 25 жылдығы жер-жерде жиналыстармен өткізіліп жатқан-ды. 1943-жылдың қаңтарында менің төрт құрбы-қыздарымның, оның он шақты офицер-қызметтестерінің қатысумен, шағын той жасап, үйлендік. 1944-жылдың 7-қарашасында тұңғышымыз Мейрам дүниеге келді. Бірақ ол туғанда әкесі Ташкентте «Выстрел» жоғары курсында оқуда болатын, оған маусым айында кеткен-ді. 1945-жылдың қаңтары басында қолыма тиген хатын екі апта бұрын Ташкенттен майданға аттанған сәтінде жіберген екен. Маған Мейрамды алып, Жаманқаладағы (қазіргі Махамбет селосы) әке-шешесінің үйіне бара тұруымды, батальон командиріне тағайындалған жағдайда, соғыс бітісімен өзіне алдыру мүмкіндігі барын жазыпты.

         Содан наурыздың басында, ауа райы сәл жылынғасын 4 айлық Мейрамды қойныма қысып, «өмірде көрмеген Гурьев, оның Жаманқаласы қайдасыңдар?» деп жолға шықтым. Аягөзден Гурьевке поезбен, әлденеше рет мініп-түсумен, вокзалдарда түнеумен, 14 тәулікте әрең жеткендегі басымнан өткерген қиыншылықтарымды әлі ұмытқаным жоқ. Поездарда орын жоқ, сапырылысқан жай халықтан әскерилер көп. Мыңдаған жаралыларды көргенімде  – соғыстың соншама алапат екенін одан сайын түсінген едім. Сол сәтте түсінбегенім – есепсіз дерлік ағылған жауынгарлердің тек соғыс жүріп жатқан батысқа ғана емес, зеңбірек, танктерімен шығысқа да кетіп бара жатқандары. Оның үстіне алып шыққан азығым жарты жолға жетпей-ақ түгесіліп қалды, алып-сатарлардың бағалары тым жоғары. Станцияларда есектің, иттің, мысықтың, қарғаның еттерін пісіріп, палау етумен сатып жүргендердің ұсталып жатқандарын естігенім бар... Абырой болғанда, офицердің әйелі екенімді білген офицерлер вагондарына мінгізіп алатын, өз тағамдарынан беріп отырды. Қандағаштан бері белгілі мұнайшы-геологтар әулеті - Шақабаевтардың біріне тап болып, аш құрсақтанбадық.

         Жаманқаладағы қайынатам мен енем жақсы адамдар болып шықты. Сол жылдың күзінде Басар Мейрам екеуімізді Польшаға алдырғанша қамқорлаумен болды.

         Польшада Басар батальон командиріне қоса Ситница деген шағын қаланың комендантын атқарды.

 

 

Майданда

         1944-жылдың аяғында Совет Армиясы СССР-дің сыртында Еуропаны фашизмнен азат ету ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан. Аға лейтенант Б.Иманәлиев – 1944-1945-жылдары 1, 2, 3-Белорусь майдандары құрылымдарына енген 3-армияның 35-атқыштар корпусы құрамында Польша жерінде соғыс қимылдарын жүргізуші 250-атқыштар дивизиясының штабына бөлінеді. Дивизия командирі (24.07.1944-9.05.1945) полковник (1945-жылдың 20-сәуірінен генерал-майор) Абилов Махмуд Абдулрзаоглы (ұлты лезгин) мен дивизия штабының бастығы полковник Смирнов Николай Васильевич (бұған дейін 922-полктың командирі) Басарды жылы қарсы алып, мол уақыттарын бөлумен бір сағаттай сөйлескеннен кейін оны 918-атқыштар полкына атқыштар батальонының командиріне, сонымен қатар дивизия барлауының бастығы (жыл жарым ішінде «Жауынгерлік Қызыл Ту», 1-ші және 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерін алған) майор (4 айдан кейін подполковник) Василий Павлович Житниктің орынбасарын қосып атқаруға тағайындайды.

         Дивизия Польшаға  1944-жылдың 17-шілдесінде ұрыспен кіргенінен – 1945-жылдың 23-қаңтарында команования бұйрықтарын толық орындаумен шығып, Германияға енеді. Фашистік ол елдегі соғыс қимылдарын 8-мамырда толық жеңіспен доғарады.

         Батальон командирі Б.Иманалиев «соғыстан кеш қалдым» деп әлденеше рет өкінгенімен, тура 4,5 ай тәуліктеп дерлік жан берісіп, жан алысқан шайқастардың ортасында қарсы жақтың автоматтары мен пулеметтерінен қарша боратқан оқтарынан, зіркілдеген зеңбіректері мен шыңғырған минометтері снарядтарынан, аспаннан сорғалатқан бомбаларынан қаймықпастан, тобықтан қан кешкен күйде жауынгерлері мен офицерлерін басқарып, алған тапсырма-бұйрықтарын бұлжытпай орындап шыққан. Бір күнгі атыс-шабысты ауыр соғыс - адам ғұмырының бір айлық энергиясын сарп ететінін, жүйкесінің бір талшығын зақымдайтынын ескерсек, майдангерлерге тек Отан қорғаушы ретінде ғана қарамай, олардың жүйке мен күш-қуаттарының қаншама зардап шеккенін, ортайғанын жан-дүниемізбен түсінуіміз керек.

         Марапат бетшесіне назар аударайық.

         «Старший лейтенант ИМАНАЛИЕВ Басар, по занимаемой должности командир стрелкового батальона, в период ликвидации Восточно-Прусской группировки немецких войск, находился в резерве штаба дивизии, по приказанию командира дивизии был назначен старшим на передовом наблюдательном пункте. Тов.ИМАНАЛИЕВ выполняя обязанности старшего на передовом наблюдатенльном пункте все время находился в передовой цепи пехоты и всегда доносил истинное положение своих частей и действиях противника.

         26 марта 1945 года, когда противник огнем и контратакой стремился не допустить прорыва своей обороны, т.ИМАНАЛИЕВ находился  в самой передовой цепи и докладывал о действиях противника и личным примером воодушивил личный состав на выполнение боевой задачи командования.

         За проявленные мужество и отвагу в бою по разгрому Восточно-Прусской группировки немецких войск – старший лейтенант ИМАНАЛИЕВ Б. достоин правительственной награды – ордена «Красной Звезды».

         Начальник разведки 250-стр.дивизии майор ЖИТНИК

         30 марта 1945 года

         Начальник штаба 250-стр.дивизии полковник СМИРНОВ

         2 апреля 1945 года

         Достоин правительственной награды ордену «Красная Звезда»

         Командир 250-стр.дивизии полковник АБИЛОВ

         4 апреля 1945 года

         Достоин награждения орденом «Красная Звезда»

         Командир 35-стр.корпуса генерал-майор НИКИТИН

         5 апреля 1945 года»

         СССР Жоғарғы Советі Президиумы атынан 3-армияның әскери кеңесі 1945-жылдың 14-сәуірінде аға лейтенант Б.Иманәлиевті «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттайды.

         7-мамырда 918-полк дивизияда бірінші болып, Эльба өзені жағасында АҚШ Армиясы жауынгерлерімен қосылғаны – тарихи бір оқиға. Басардың американдық офицерлермен түскен фотосуреті Ақтөбедегі ұлының үйінде болғандықтан бұл материалға ілікпей қалған еді.

         Басардың бір рухани олжасы - осы дивизияның 922-атқыштар полкында рота (1943-1945), батальон (1945) командирі, көрші Батыс Қазақстан облысында дүнеге келген, сол облыста соғысқа дейін мектеп директорын, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісін атқарған өзінен 10 үлкен жерлес ағасы Темір МАСИНМЕН бірден танысып, араласып кеткені. 1945-жылдың 24-наурызында оған Совет Одағының Батыры атағы берілгенін бірге отырып «жуысқан»-ды. Ол соғыс аяқталысымен майор шенін алған бойында, кадрлық офицер еместігін пайдаланып, өз өтінішімен әскерден кетіп қалған.

         Басар әскерден босап елге келгесін Тайпақ ауданын басқарып жүрген Темір ағасына сәлем берген. Үлкен өкініш – төрт жыл соғысқа қатысып, Батыр атағымен елге аман оралған Т.Масиннің 1947-жылдың тамызында шабындықтағы өрт ортасында қалып, күйіп өлгені. Күңіренген елмен бірге, Гурьевтен Басар да барып, марқұмға тағзым еткен...

         Соғыс аяқталғасын, офицерлерді қайта аттестациядан өткізгенде, 1945-жылдың 19-мамырында 918-атқыштар полкының командирі, ұлты грузин гвардиялық майор Ваграт Мурзаевич Кобалия: «Командир 1-го стрелкового батальона старший лейтенант Иманалиев Басар – занимаемой должности соответствует» деп мінездеме берген. Осыдан кейін оны капитан шенін алуға ұсынады.

        

Белоруссияда

         1946-жылдың қаңтары басында Белорусь әскери округі құрамындағы 250-дивизияның 922-атқыштар полкына атқыштар ротасының командирі болып тағайындалады. Полктың Басар қызмет еткен батальоны Минск облысындағы Борисов ауданының орталығы Борисов қаласына орналасқан еді. Республика астанасы Минскіден 60 шақырым жердегі бұл қалада сол кезде 50 мыңнан астам халық тұратын.

         Батальон әскери міндетін орындаумен қатар - соғыс кезіндегі жергілікті опасыз-сатқындарды, Отан қорғаудан жалтарғандарды, партизандарға қолдау көрсетпегендерді, солармен қатар совет өкіметіне, коммунистік-большевиктік партияға қарсыларды, жасырын бүлдірушілерді, құпия ұйымдарды, қарулы бандылар мен ұйымдасқан ұрылар топтарын анықтаумен, ұстаумен айналысқан, берілмеген аса қауіптілерді  жойып та жүрген.

         Осы жерде Үрия Әбдіғалымқызын тыңдайық.

         «Борисов қаласы неміс басқыншыларының қол астында дәл 3 жыл болған, 1941-жылдың шілдесінен 1944-жылдың шілдесіне дейін. Соның салдары шығар, қалада совет өкіметіне, Қызыл Армияға қарсылар көптеп тұратын. Әскерилерді өлтіру, не ұрлау, қаруларын иемдену – жиі болып жатты.

         Басар тек ротасын басқарып қана қоймай, қала әскери комендантының көмекшісін атқаратын. Бірде оны сол комендатурамен байланыста жұмыс жасайтын жергілікті атқарушы орган басшысының орынбасары үйіне қонаққа шақырды. «Мен де барамын» дедім күйеуіме. Ол бастапқыда ерткісі келмегенімен, көңілімді қалдырмады. Бізді сымбатты үй иесі мен әйелі жылы шыраймен қарсы алып, төр бөлмедегі үстелге дастархан мәзірін жасады. Қонақ - тек екеуіміз екенбіз, басқа адамдар көрінбеді. 2-3 рюмка алынғаннан кейін үй иелері сыртқа шығып кеткендерінен кідіріп қалғасын, мен бұрышта тұрған сандықтың үстіне барып отырдым. Астымнан тышқаннан бөлек қытырлаған, сыбдырлаған дыбастардың еміс-еміс естілуіне - адамдардың жай күбірлескендері қосылды. Мен шошып орнымнан атып тұрмастан, Басарға мән-жайды қазақша жеткіздім. Ол дереу тапаншасын қолына алып, басқа бөлмелерді, сосын шатыр астын қарап шықты да:

         -Тездеп кетейік! - деді.

         Мен:

         -Бұлар бізді жібере салмас, ту сыртымыздан жазым етеді. Сен тездеп әскеріңді шақыр, мен мына сандықта отыра тұрайын,- дедім.

         Содан өзіммен өтірік сөйлесіп, тіпті ән салып отыра бердім, қол-аяғымның селкілдегендеріне қарамастан. Сандықтың астындағы дыбыс күшейе түсті, уақыт деген жылжымай қойды, Басар бастаған әскерилер әлі жоқ. Үрей деген жаман, одан әрі отыра беруге шыдамым жетпеді. Үйден аулаға шықтым, қожайындар көрінбейді. Кірген қақпамыз сыртынан жабылған, аша алмадым. Жаным қысылып, терлеп қоя бердім. Ауланың бұрышында үюлі ағаш, бөшкелер тұр екен, жалма-жан соларға жеттім де, биіктігі үш метрлік дуалдың сыртына секірдім. 21 жастағы келіншекпін ғой, абырой болғанда – мертікпедім. Дуалдың үстіне көтеріле бергенімде - қашып шыққан үйдің терезесінен салбыр мұртты екі жігіттің қарап тұрғандарын көзім шалып қалғанда – жүрегім тас төбеме келді. Аналар қуып келе жатырған тәрізденгесін, артыма қайта-қараумен жүгіріп, аман-есен үйіме жеттім. Екі сағаттан кейін шығар, Басар да келді. Одан естігенім, сыртынан жабық қақпаны аша алмағасын, ол да мен шыққан жерден секіріп, казармаға жүгірген. Бір взвод қаруластарымен әлгі үйге оралғандарында – мен болмай шығамын. Дереу екі жақтағы көршілерімен үш үй қоршауға алынады. Бөлмедегі мен отырған сандықты ығыстырса... Астындағы еден - иықты адам сыятындай етіліп ойылған, сандықтың түбі тіптен жоқ! Кілттіктің тұсы тесілген. Әскерилер «ұраға» 2-3 оқты жібергеннен кейін, ондағы адамдардың қаруларын тастап, еден бетіне көтерілулерін талап атады. Олардан жауап болмағасын тасталған граната жарылысынан кейін адамдардың бақырған, шыңғырған жантүршігершілік дауыстары естіледі. Қанға боялған жаралы екеу жер бетіне шығады. Сол сәтте, ауладағы құдықтан да екі бандит қолдарын көтереді. «Құдық» пен бөлме астындағы «ұя» жалғастырылған екен. Сол «ұяда» гараната жарылысынан антисоветтік топтың екі мүшесі өлім құшыпты. Үй иелері сәтсіз операцияны сырттай бақылап, қаладан қашып шыққан, таптырмай қойыпты.

         Осылай, шырағым, Басар екеуіміз ажал аузына ілінбей шығып кеттік. Мына оқиғадан кейін Басекеңе «аман тұрғанда елге қайтайық» деген қыңқылымды одан сайын үдеттім. Өйткені, өзі аман болғанымен қарамағындағылар қаруынан айрылса, жазым болса, не жоғалып кетсе - командир ретінде жауап береді. Офицерлердің де тәртіптері нашарлаған еді, соғыстан шыққан, жүйкелері тозғандар ғой, арақ ішкендерінде бір-бірінің сөздерін көтере алмайды, төбелеседі, тіпті атысуға дейін баратын».

        

Гурьевте

         1946-жылдың маусымы басында әскерден запасқа шығарылған Басар ИМАНӘЛИЕВ сол айдың аяғында ОСОАВИАХИМ Гурьев облыстық советінің председателіне сайланады. 1948-жылы ол СССР Министрлер Советінің қаулысымен үшке бөлінгенде – соның мықтысы ДОСААФ облыстық комитетін басқаруға қойылады. Бұл қызметтен 1949-жылдың тамызында СССР «Главкондитер» бас басқармасы Гурьев облыстық базасының басқарушысына ауысады. Одан кейін облыстық партия комитетінің бірінші секретары С.Полымбетовтің алдына сын-ескертпелі мәселені әлденеше рет қойғаны үшін 1951-жылдан оның қуғынына ұшырап, кәсіпорындарға жұмысқа кетуге мәжбүр болады. Москвадан КПСС Орталық Комитетінің жоғарғы партия мектебін 5 жыл оқып, сырттай бітірген оны - облыстың Полымбетовтен кейінгі басшылары да іздей қоймады. Әскерден 1948-жылы оралған офицер Оңайбай Көшековті өзіне орынбасар еткен Б.Иманәлиев болатын... Оңекең - Таңдай мектебінде Басардың туған інісі, Муса Иманәлиевпен кластас болған. Мектеп қабырғасында жүргенінен әдебиетке құмар, өлең жазуға ебі бар Оңайбай совхоздың «Социалистік қой шаруашылығы» газетіне берген шығармаларын Басар ағасы бірін қалдырмай дерлік басып жүрген болатын.

         Үрия әжейге тағы бір сөз берейік.

         «Басар – жанұясына да, жұмыстастарына да қатаң тәртіп орнатқан, талапшыл да өте әділ адам еді. Ешкімге жалынған, не сөз салған емес. Ашық-жабық қуғындарға шыдап бақты, жоғарыға шағымданбады. Бірақ, соның бәрі оны іштей «жеп» жатыр екен. Төсек тартып ауырмастан, тіке жүрген күйінде, 1975-жылдың 25-ақпанында 58-ге қараған жасында жүрек ұстамасынан бақилық болды.

         Басардың руы – Алаша. Әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевпен аталас болып келеді. Алматыға барғанымзда сол кісінің үйіне түспесек – іреніш еститінбіз.

         1967-жылдың 7-қарашасында, Басар - Атырау қаласының Типография көшесіндегі 21 «А» үйдегі пәтерімізде аз адаммен өзінің 50 жасын жасағанында - Ғарифолла ағасы арнайы келген. Сол күні ауа райы жылы болды, бірінші қабаттағы пәтердің терезесін ашық қойдық. Өйткені Ғарекең таңға дейін дерлік 30-40 шақты әндерін шырқата орындағанда, сирек кездестін дауысы шақырым жерге жеткен шығар. Тереземіздің алдына мыңға тарта халық жиналып, түнімен тік тұрумен, дүркірете қол соғумен тыңдап шықты. Арасында олардың да сұраулары орындалып жатты».

 

Қорытынды

         Менің бір принципім – еленбей қалыс қалған тұлғаларды қайта «тірілтіп» - халыққа, кейінгі ұрпаққа білдіру, таныстыру. Ескіше айтқанда - көмілген құдықты аршып, пайдалы көзді ашумен тірілерді сусындату. Бүгін, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанының  70 жылдығында әскери училищені бітіріп, қан майданда батальон басқарған «Қызыл Жұлдыз» орденді офицер Басар ИМАНӘЛИЕВ туралы қысқаша жазбамды жариялап отырғаным – соның шеңберіндегі бір жұмысым. Жалпы, Оралов Иманәлі қария мен оның зайыбы Қатшадан өмірге келген балалар кезінде айналаларына танымал болған. Басардың үлкен інісі Муса – ұлы Отан соғысында 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Өжеттігі үшін» медалімен марапатталған, кіші лейтенанттар курсын бітірген ержүрек офицер, кіші інісі Иса – республикаға еңбегі сіңген мұнайшы, өткен жылы 80 жасқа толған.

        

Жұмабай ДОСПАНОВ

 

        

Басар мен Үрия, Польша, 1945-жыл

         «Выстрел» курсында бірге оқыған ұзақ жылдар бойғы досы Сардар Шәкіров

 

         «Алтын ғасыр» газеті, 2015-жыл

Теги сайттайсойган тайсойғансайты ЖЕҢІС75