БҮГІНДЕГІ КӨНЕ САРАЙШЫҚ

БҮГІНДЕГІ КӨНЕ САРАЙШЫҚ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

Бүгінде көне Сарайшық қаласы Атырау облысындағы Махамбет ауданының территориясында орналасқан. Жанында осы аттас (бұрындары Тәжірибе стансасы аталатын) шағын ауыл бар. Ол бір кездегі казактар қолымен тұрғызылған. Күндер өте казактар ыдырап, ежелгі қазақтар мекеніне айналды. Ал көне Сарайшық болса, ауыл шетіндегі биіктеу жерде орналасқан қорым ғана. Соңғы 50-60 жылда мұнда туған республикамыздан марқұм академик Ә.Марғұлан бастаған археолог-ғалымдар жұмыс істеді. Олардың бәрі де XVIII ғасырдағы Рычков пен Паллас, ХІХ ғасырда осында болып кеткен Левшин, Алексеев, ХХ ғасырдағы Лоскутов, Азюртов, басқа да ғалымдар жүргізген зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырды, тың деректер тауып, соны пікірлер айтты. Соңғы он бес жылдың беделінде мұнда республиканың Ә.Марғұлан атындағы археология институтының З.Самашев бастаған Батыс Қазақстан экспедициясы көптеген жұмыстар атқарды. Атап айтқанда қала түбегейлі ХІІІ ғасырға дейін дүниеге келген, уақыт өте Алтын Орданың ірі саяси, экономикалық және сауда орталығы болған, үнді, қытай, парсы елдері, Хиуа, Бұхара қалаларымен байланысы үзілмеген деген тоқтам жасалынды. Қазба жұмыстары одан әрі жалғастырылды. Соған сай ауыз толтырып айтар оңды істер де бар. Оны осы дүниенің өн бойында тілге тиек еткеніміз де белгілі. Сайып келгенде, Сарайшық қаласының орнына тарихи-археологиялық қазба жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне Атырау облыстық әкімшілігі ұдайы қамқорлық жасап келді. Соның нәтижесінде мұнда жыл сайын ондаған отандық және шетелдік ғалымдар еңбек етіп, көне қаланың жаңа, тың құпияларын ашты. Олар болашақта өз алдына жеке еңбек, басыбайлы кітаптар болып жарық көреріне де күмән жоқ.

Көне қала орнында «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені тұрғызылды. Құрамында қазақ мемлекетінің алғашқы астанасы, Жошы әулетінің пантеоны және ноғайлардың ілкі астанасы атанған қаланың тарихи орнын белгілейтін келелі ескерткіш, бір кездегі осы өңірдегі алғашқы зәвияның бүгінгі мұрагері – жаңа мешіт және осы жерден табылған жәдігерлер жиынтығын топтастыратын мұражай бар бұл кешен болашақта Сарайшық атын тым әріге, алыс-жақын шет елдерге де жеткізетін болады. Оған бәріміз де ризамыз.

Кейінгі жиырма, жиырма бес, отыз жылда Атырау өңірінің көне тарихи орындарына мәскеулік археолог Л.Л.Галкин көбірек алаңдап, қайта-қайта ат ізін салды. Кейде Республика Ғылым академиясының арнаулы рұқсаты, кейде ол да жоқ, тіпті жергілікті әкімшілік орындарына мәлім болмастан-ақ жалғыз-жарым күйінде жұмыс істеп жүрді. Бұл бағытта, яғни ғылыми, болмаса тарихи төңіректе қол жеткен табыстары да бар шығар. Бірақ біздің бұл арада айтпағымыз – оның өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігі, археологияға адалдығы. Егер осындай нағыз ұлтжанды, туған жерге деген сүйіспеншілігі басым бір жан өз өлкеміз, өңірімізде де болса ғой шіркін. Сонда аталған қаланың біз білмейтін құпиялары кеңінен ашыла түсер еді.

Екінші әңгіме – осынау көне қала орнын сақтау, тарихи мұраның болашағы жайлы. Қазақ ССР Министрлер Советі кезінде аталған қаланы сақтау және оны қамқарлыққа алу жөнінде қаулы (17.02.1949 ж. № 133, 3-қосымша) алды. Осы кезден бастап Сарайшық құнды тарихи ескерткіш ретінде ғана еске алынып келді. Бірақ ол күні кешеге дейін нақты қамқорлықтың жоқтығынан жыл сайынғы жел-құз, жауын мен қардың үстінен мүжіп, адамдар мен мал, көлік табанының тапталынуы және, ең бастысы, Жайық өзенінің әр көктемгі өр суы кезінде қала қабырғаларына ұрып, құлатуы салдарынан өзінің бар байлығынан айырыла бастады. Ғалымдардың айтуынша соңғы елу жыл ішінде 6500 шаршы метр жағалау, қалыңдығы 3,0 метрлік мәдени қабат су астында қалған. Ойлап көріңізші, мұның өзі қанша тарих, қанша сыр. Бірақ әлі де 7-8 ғасырлық шежіренің біраз пұшпағы сақталуда. “Жұтаған шүкірге тоймайды” демекші, қазір де біз соның өзі біраз сыр, мол мұраны ашып беруге көмектеседі деп отырмыз. Ол үшін бұған дейінгі жүргізілген тарихи-археологиялық қазба жұмыстары барынша нәтижелі, ғылыми дәлелді жұмыс жасады. Оған қаражат та, бақылау да бар. Мемлекет тарапынан соңғы он бес (1997-2012) жылда аталған қала орнына қазба жұмыстарын жүргізу үшін біршама қаражат бөлінді. Соған сай нақты нәтижелер де жетерлік. Бірақ оның алға қарай да жүйелі және жедел қарқынмен жүргені жақсы. Әйтпеген жағдайда біз қазіргі қолда бар тарихи мұрамыздан да айырылып қалуымыз мүмкін.

Қорыта келгенде, өлкеміздегі орта ғасырлық орны бар көне қала – Сарайшықтың кешегісі мен бүгінгісі туралы аз әңгіме осындай.

*             *             *

ed4906c9c1b2e1774f21c5aed9f7dd2a_resize_w_520_h_

... Қазір біз әлгі айтқан орта ғасырлық көне қала – Сарайшықтың әбден мүжіліп, су жегеннен қалған аз-мұз пұшпағында тұрмыз. Аспаннан алтын күн күйдіріп, астынан тандыры кепкен тақыр жер қуырады. Қасымыздағы көне көз қария арғы-бергіден әңгімелер ағытып, өз білгенінше сыр шертеді. Кейбірі шамаға жуысса, кейбірі тіпті маңайламайды. Бірақ тарихтың аты тарих. Мейлі ол аңыз болсын, немесе шындық. Бәрі де сол нысанды сүю, ұнатудан шыққан түйін.

Әлгі ағайын анда-санда алдымыздан шыққан шағын ғана құдық аумағындай көне ізді көрсетіп “Бұл бейіттер орны ғой” деп те қояды, болмаса жерден бағзы керамикалық ыдыстар сынығын көтеріп, оның өз түсін жоймаған шығыс үлгісіндегі өрнекті бояуларын тамашалайды, ой толғайды. Тегінде Сарайшық қаласы орнынан табылған қандай заттан да өзге емес, өзіміздің қыпшаққа тән өрнек, қала берді шығыстық қолтаңба айқын аңғарылып тұрады. Осының өзі-ақ бізді қашаннан бергі ата-бабалар қаны сіңіп, ізі қалған туған топырақта тұрғанымызды сезіндіреді, кеудеміздегі мақтаныш, өткен күндерге деген сағыныш сезімдерімізді оятады.

Айтпақшы, ол жайлы республика тарихында “Батыс Қазақстан қалалары мен қыстақтарының ыдыс-аяқтарына басқаша керамикалық стиль тән, бұл стиль Алтын Орданың материалды мәдениетінің ықпалы арнасында қалыптасты. Сарайшықтың керамикасынан Орта Азияның және әсіресе Хорезмнің көркемдеу дәстүрлерінің ықпалы да аңғарылады” демеуші ме еді...

- Анау ауыл шетінен ойпаңданып көрінетін – Секер көл...

Қосшы ағамыз түстік шығысқа қарап қолын шошайтты. Шындығында көл орны десе дегендей әудем жер кәдімгідей ойылып қалған екен.

Біз жалт қарадық. Ана бір жылы, марқұм Қуекең (Жұмалиев, ол ұлы атасынан бері осы арада туып-өскен) “Сен сол арада Жәнібек ханның аққулар өсіретін Секер көлі бар екенін білесің бе?” дегені бар еді. Менің әдеби туындылар мен көне көз қариялар аузынан жалпы Шыңғыс хан тұқымының пірі аққу болғандығы, соған сай оларды ұдайы сарай жанындағы көлде ұстағандығы, ерке құстан қол үзбеу үшін көлге секер төктіретінін де естігенмін, тіпті бір жерден “Бір көлге қырық атан секер төгіп, дулатып ертеңді-кеш құсын алған” дегенді оқығаным да бар-ды. Бірақ оны дәл осы Сарайшық тұсындағы көл деп еш ойламайтынмын-ды. Сөйтсе ол Жайық өзенінің бір бүйірінен әдейі бөліп, сала шығарған жасанды көлшік екен. Көлшікті жағалай күні кешеге дейін неше түрлі жемістер беретін миуа бақ, ғажайып бау болыпты. Сол бауда талай ханың мен ханшаң, керек десең күні кешегі қараша, қара қалтайың да сырлар ақтарып, жырлар тыңдаған болар-ау.

Жалғасы бар, осында