АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫН СЫРТТАН АЛҒАНДАР

АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫН СЫРТТАН АЛҒАНДАР

АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП,

СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫН СЫРТТАН АЛҒАНДАР

 

«ТАЙПАҚТАН» ТАПҚАН БАҚЫТЫН, МҰҚСЫМНЫҢ ҰЛЫ БАҚТЫГЕРЕЙ

 

   1966-жылдың 20-сәуірі. Бұл - Қазақстан Ленин комсомолының ХІ-съезі басталған күн. Съезд президиумында республика басшылары, комсомол жетекшілері, белгілі белсенділер, еңбек озаттары.

   Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші секретары Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ съезді ашып, оның президиумын сайлағаннан кейін, сахнаға осы органның алтынданған алқызыл Туын салтанатты түрде көтеріп шығу құрметі Орал (1961-1991-жылдары Батыс Қазақстан облысы осылай аталды) облысындағы «Тайпақ» қаракүл совхозының аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері Бақтыгерей МҰҚСЫМОВҚА берілгенін жариялағанда – залдағы делегаттар мен қонақтар орындарынан өре тұрып, ұзағынан дуылдата қол соққан. Жап-жас Бақтыгерейдің омырауында осыдан бір апта бұрын ғана СССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары-Қазақ ССР-і Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Сабыр Біләлұлы НИЯЗБЕКОВ өз қолымен таққан Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» Алтын Жұлдызы самсаған шамдар сәулелерімен шағылысып «бізді көрдіңіздер ме?» дескендей.

   Алматыдағы бұл съезде де, одан кейін мамырда Мәскеуде өткен ВЛКСМ-ның ХV-съезінде де Бақтыгерейдің мерейі бір сәт бір елі төмендеместен, үстем жүрді. Өзі іштей ойлай береді: «Апыр-ай, бақ қонайын десе – бапты, жатты талғамайды» деп қарттардың айтқандары шындыққа келеді екен ғой...»

   Комсомол жасы – 26-сында Социалистік Еңбек Ері атанатынын кім білген? Дегенмен, білмесе де сезгендер, бата-тілектерін бергендер болған еді.

   1939-жылдың шілдесінде «Бақсай» қой совхозы СССР Совхоздар халық комиссариатынан – СССР Сыртқы сауда халық комиссариатына өтуіне байланысты, шаруашылық қаракүл қойын өсірушіге айналып, Өзбек ССР-інің Самарқанд облысындағы «Шымқорған» қаракүл совхозынан асыл тұқымды 30 қошқар мен 3 мың бас аналық қойды айдап келуге адамдарды бөлгенде, Бақтыгерейдің әкесі – көмекші шопан Мұқсым Мырзағалиев та аяғы ауыр әйелі Мағырашқа «мен келгенше шыда, туа қоймассың...» деген қалжыңын айтып, екі жарым мың шақырымдық жолға шығып жүре берген. Әкесі әзілдегенімен, ақиқаты солай болады. Ілбіген жүрістегі мыңдаған қойды алыс сапардан екі ай дегенде әрең жеткізген малшылар үйлеріне оралған күннің ертесіне – естілерді елеңдеткен Екінші Дүниежүзілік соғыстың 9-шы күні - өмірге «шыр» етіп, жанұядағы жалғыз ер бала -–Бақтыгерей келген.

   Бүгінде Таңдай ауылында тұратын, ұзақ жылдар «Бақсай» және «Тайпақ» совхоздарында ферма басқарушысы болған Қойбақ Иманғазиевтың кенже ұлы - Мерқабыл Қойбақов былай дейді:

   -Бақтыгерей менен 3 жастай кіші, бала күнімізде Таңдай орталау мектебінің бастауыш кластарына бірге бардық.  Ұлы Отан соғысының екінші жылы басында майданға әкесі мен оның совхоздағы соғыстан оралмаған Рысқали Баймұханов басқарған  №1-ферма мал санитарын атқарып жүрген туған ағасы Рақымғали Мырзағалиев бірге аттанды. 1943-жылы Рақымғали оққа ұшып, Жәміш жеңгесі жесір атанса, әкесі Мұқсым - сол жолдың жазында жаралану салдарынан одан әрі әскерге жарамсыз саналып, үйіне оралғанымен көп кешікпей дүиеден өткен еді. 1944-жылдың басында, қыс мезгілінде Мұқаңның №1-ферма орталығы Томан ауылына өзек мұзы астынан аулаған балықтарын әкеліп, халыққа үлестіріп жүргенін көргенмін. Сол Томанның түбіндегі Жәукен деген қыстақ маңында қайтыс болып, ертеде теңіз соққан биіктеу кемерге жерленгенін естігем. 1949-жылы әкем бастаған тұтас бір ферма: қойымен, адамдарымен Жайық өзенінің арғы бетіндегі «Тайпақ» совхозына қоныс аудардық. Бақтыгерей көмекші шопандар: анасы Мағырашпен, жеңгесі Жәмішпен бірге көшті. Біз 1958-жылы «Бақсай» совхозына, оның орталығы Таңдай селосына кері көшкенімізде - олар сонда қалып қойды. Бақтыгерей Социалистік Еңбек Ері атанғанынан кейін, 1970-жылдардың ортасында Таңдайға арнайы келіп, әкесінің жерленген орынын іздеген. Оны өз қолымен жерлеген сол кезде Томандағы бастауыш мектептің меңгерушісі-мұғалімі Нияз деген кісі екен, бірақ онымен жолығыса алмаған тәрізді. Өзімен әріптес, 1971-жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған «Бақсай» совхозының аға шопаны, сол Томанда дүниеге келіп, өмірден өткенінше мекен еткен Мұқтау Ідірісіов – әкесінің қабірін біледі екен, сол апарған болуы керек.

       Мұқсымов Бақтыгерей    

   Енді Бақтыгерейдің әкесі туралы өз зерттеу-анықтауыма назар аударыңыздар.

   Мұқсым Мырзағалиев 1907-жылы бұрынғы Есбол – қазіргі Индер ауданының №1-ауылында дүниеге келген. №5 «Бақсай» қаракүл совхозында көмекші шопан (1935-1942). Қызыл Армияға Бақсай аудандық әскери комиссариатынан алынған. Ұлы Отан соғысында менің әкем – Орынғалимен бірге – Орынбор облысында екінші рет жасақталған 196-атқыштар дивизиясының 884-атқыштар полкында қызыләскер, атқыш болып, Сталинград үшін алапат шайқасқа қатысқан. Ауыр жараланумен 1943-жылдың күзінде госпиталь арқылы елге қайтарылған. Соғыстағы ерлігі үшін 1945-жылдың 31-қаңтарында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұйрыққа қол қойғандар: 1-Белорус майданының қолбасшысы Совет Одағының Маршалы Г.К.Жуков пен майдан әскери советінің мүшесі генерал-лейтенант К.Ф.Телегин.

   Бақсай-Таңдай туралы энциклопедиялық кітапты дайындау үстінде Батыс Қазақстан облыстық мұрағатынан алған өмірбаяндық анықтамада «Бақтыгерей Мұқсымов – 1939-жылы Тайпақ ауданының Базаршолан селосында өмірге келген» деп жазылыпты... Осы тектес (туған, оқыған, қызмет жасаған жерлері жайында) жаңсақтықтарды ондап кездестірдім.

   «Тайпақ» совхозында Б.Мұқсымов 1955-жылдан көмекші шопан болды. Жас жігіттің мал өсірудің мәнісін жақсы меңгергенін байқап жүрген совхоз директоры Жақия Исатаев оны, 1959-жылы аға шопандыққа тағайындайды. Бақтыгерейдің көрсеткіштері жыл сайын көтеріле береді: әр 100 аналықтан 1960-жылы – 109 қозы, 1961-жылы – 118 қозы, 1962-жылы – 129 қозы, 1963-жылы – 140 қозы, 1964-жылы – 143 қозы, 1965-жылы – 153 қозы. Соңғы 3 жылда орта есеппен 145,3 қозы, әр қойдан – 3,9 келі жүн алып, қаракүл елтірісінің 83,3 пайызын 1-сортпен мемлекетке өткізгені үшін оған 1966-жылдың 22-наурызында СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сол жылы Қазақстан комсомолы съезінде оның Орталық Комитетіне мүшелікке сайланды, алғаш рет республиканың бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы ҚОНАЕВТЫ көзімен көріп қана қоймай, онымен қол алысқан, қысқа ғана тіл қатысқан. Омырауына Алтын Жұлдызды қадаған С.Б.Ниязбековпен 1960-жылы Оралда, ол кісі облыстық партия комитетінің бірінші секретарын атқарғанында - комсомол конференциясында жүздескен. 17-21-мамыр аралығында Мәскеуде өткен съезге шат көңілмен аттанған. Қой төлдету науқанын аяқтап, әр 100 аналықтан 165-тен қозы алып, Социалистік Еңбек Ері атағына кездейсоқ қол жеткізбегенін дәлелдеп берген. ВЛКСМ съезі делегаттары арасында өзі секілді «Алтын Жұлдызды» жарқырата таққан жастарды тым аз көрген, олардың дені космонавтар мен әскерилер еді. Сол съезде Совет Одағының бірінші басшысы Леонид Ильич Брежнневті, аңызға айналған космонавтар Юрий Гагаринді, Герман Титовты, Андриан Николаевты, Павел Поповичті, Валерий Быковскийді, Валентина Терешкованы сырттарынан тірілей тамашалаған.

   Бақтыгерейге «Еңбек Ері атанасың» деп көп адам айта қоймаған. Бұл сөзді бірінші рет 1963-жылдың ақпанында республика жас малшыларының слетіне қатысушы бір топ оралдықтарды  Алматыға аттанар алдында қабылдаған облыстық партия комитетінің бірінші секретары Шапет Қоспанов: «Осы жетіжылдықты бәріңіздің үлкен табыспен аяқтауларыңызға қазірден бастап тілектестігімді білдіремін. Ал, Бақтыгерейді жетіжылдық қорытындысымен Еңбек Ері ретінде көргім келеді» деген еді. Сол сапарында жас аға шопан Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасын алып оралған. Ол – оның мемлекеттік тұңғыш марапаты болатын.

   Тап сол жылдың жазында, Тайпақ ауданындағы Сайқұдық ауылында  дүниеге келген СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиев «Тайпақ» совхозы аумағындағы «Дүйімбай» жайлауының «Алтыат» жерінде өткен шопандар тойына Алматыдан арнайы келіп қатысады. Сонда ол қозы алудан аудан чемпионы атанған 24 жасар аға шопан Бақтыгерей Мұқсымовты құшағына алып, қолын қысып:

   -Енді бес жылдан қалмай Социалистік Еңбек Ері атанатын Тайпақ ауданындағы шопан сен боласың! Қозы алуды 150-ге жеткіз! Мен сенен осыны сұраймын, батамды бердім,– дейді, бүкіл дүйім халықтың, аудандық партия комитетінің бірінші секретары Сабай Ниязовтың көз алдарында. Дуалы ауызды облыс басшысы мен ақынның айтқандары дәл келеді.

   «Бақсай»-Таңдайда дүниеге келген, сонда мектепке барған Бақтыгерей - қалай басқа облысқа тап болды?

   СССР Сыртқы сауда министрлігі қой совхоздары бас басқармасының 1949-жылдың 30-тамызындағы №320/229 бұйрығына сай, Батыс Қазақстан облысындағы «Гурьевкаракульсовхоз» тресіне қарасты «Тайпақ» қаракүл совхозына осы бас басқарма бойынша алдыңғы қатарлы «Бақсай» қаракүл совхозынан 5368 ірі қой, 942 ісек (валух), 1948-жылы туған 668 тоқты, 1949-жылы туған 4660 қозы (бағылан), барлығы 11 638 бас қой – шопан, мамандармен 9-қыркүйектен 25-қазанға дейінгі ай жарым мерзімде толықтай беріліп болды.

   Бұл – «Бақсай» совхозы үшін Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі алғашқы ауыр соққы еді. Мына малдардың дені №1-ферманыкі болатын. Сондықтан, 9-қыркүйекте «Тайпақ» совхозына бет алған үлкен көшті осы ферманың басқарушысы Қойбақ Иманғазиев, зоотехнигі Александр Иванович Доскалов, веттехнигі Светлана Грачева, бухгалтері Ізімғали Үмбетәлиев, ветсанитары Үмбетияр Көшәлиев, шаруашылық меңгерушісі Ғинаят Құлтаев (ұлы - Адайбай Ғинаятов Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» орденді мұнайшы) бастайды. Бұлармен бірге аға шопандар Айдаралиев Қален, Бисенов Нұх, Досалиев Биман (халық арасында «Биманның әні» деп есімі әйгіленген күйші,  дала композиторы), Есенов Амандос, Қабесов Биғали арттарына қимастықпен қарайлай, амалсыздан жолға шығады. Қ.Иманғазиевтың өтініші бойынша, №3-фермадағы аға шопан бауыры Бейіс Иманғазиев (ұлы Жоламан Бейісов «Передовик» совхозының бас зоотехнигі, облыстық советтің депутаты, Өрлік селолық округінің әкімі болды) – өз бригадасының мүшелері Малық Иманғазиевпен, Есқабыл Иманғазиевпен (ұлы Бауыржан Иманғазиев Индер ауданы әкімінің орынбасары) , Дүйіш Иманғазиевпен (ортаншы ұлы Ерғанат Дүйішев министрліктерде бас маман, Парламент Мәжілісінде сектор меңгерушісі болған) , Жәмила Иманғазиевамен жоғарыдағыларға қосылады. Аталған 16 мамандар мен шопандарға мына 25 адам үстемеленеді: Қыдыралиев Нұрсұлтан, Қыдыралиева Жұма, Есмағамбетова Талшын, Досалиева Қазына, Биманов Қизат, Айдаралиева Б., Қаленов С., Қабесова Б., Ералиева Н., Бисенова Ж., Шынтасова С., Бисенова Қанапия, Төлешов Қабдел, Төлешова Қамия, Дүсіпов Ибраим, Биманова С., Иманғазиев Н., Есенова Қаман, Ержігітов Тоғай, Құдабаева Жібек, Мұхтаров Құрманғали, Қойбақов Нұрқабыл, Қойбақов Ерқабыл, Қалмағамбетов Есіркеп, Оразбаев Жұмабай.

   13-қыркүйекте «Тайпақ» совхозына енді №2-фермадан қосымша ретінде тағы 1948-жылы туған 2336 тоқты мен 1949-жылғы 681 еркек қозы беріледі.

   Директор М.Шариповтың 18-қазандағы бұйрығымен және 18 адам «Тайпақ» совхозына жіберілді. Олар: Қазбекова Ағила, Тапашев Сүндет, Сәрсенғалиев Балтабай, Сатыбалдиева Сұлупан, Қарабасова Үміт, Жұлқашев Мұқтасар, Мырзағалиева Жәміш пен Мырзағалиева Мағыраш (бұл екеудің біріншісі – Бақтыгерейдің  анасы, екіншісі - соғыста қаза болған әкесінің інісі Рақымғалидың әйелі) Елемесова Зібира, Табынбаев Рысжан, Есмұқашев Қабижан, Төлешов Есқали, Төребаев Ораққали, Әбдірахманов Сабыр, Жұбайқұлова Мамық, Молдасихова Сағира, Өсеров Жексен, Өсерова Кәкен.

   1966-жылдың жазында «Бақсай» қаракүл совхозының директоры Оңайбай КӨШЕКОВ Орал облысының жері – «Бура»құмындағы шұрайлы жайылысты ұзағынан пайдалану мақсатында сол жайлауда Орал облыстық партия комитетінің бірінші секретары Шәпет ҚОСПАНОВПЕН өз ұсынысы бойынша мәртебелі кездесу өткізеді. Осы кездесуге Ш.Қоспанов – Социалистік Еңбек Ері атағын сол жылдың көктемінде алған Тайпақ ауданындағы «Тайпақ» қаракүл совхозының аға шопаны, қозы алудан облыстың 1966-жылғы чемпионы Бақтыгерей МҰҚСЫМОВТЫ, чемпион совхоз «Тайпақтың» директоры Ленин орденді Жақия Исатаевты ертіп келеді. Көшеков те бұл кездесуге алдын-ала жақсы дайындалып, совхозының облыс, республикаға танымал атақтыларын мемлекеттік марапаттарын жарқыратуларымен қатыстырады. Олар Социалистік Еңбек Ерлері Махамбет ЕСЕНБАЕВ пен Паңгерей БЕРДЕШОВ, Ленин орденді Қуан Әубекеров, Молдаш Доспанов, Қабдырахман Есенғазиев, Айса Мәменов, Қажен Төлемісов, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері: ферма басқарушылары Мұхит Иманбаев,  Көшкінбай Көзболов, Қонай Нығметов; аға сиыршы Алаш Бәйімбетов, аға шопандар Аманғали Есенов, Досқали Есқалиев, Қамал Қисметов, Сиғуат Мұхамбетов, Қуандық Нығметов, Төлеуғали Сатаев, Халық Сатқанов, Елемес Спанов, Мұқтау Ідірісов еді.

   Кездесу барысында Ш.Қоспанов 1949-жылы «Бақсай» совхозының «Тайпақ» совхозына зор қолдау, көмек көрсеткенін білмейтіні ашылып қалады. Мұны Оңайбай Көшеков пен сөзге араласқан өзге «бақсайлықтар» тілге тиек етіп ала жөнеледі. «Бақсай»-Таңдайда еңбек еткен, не дүниеге келген төртеу: Григорий Андреевич Бойновтың, Қайша Мұқанованың, Любовь Ивановна Гульдің, Бақтыгерей Мұқсымовтың Орал (облысында Социалистік Еңбек Ері атағын алғандарын, сондай-ақ, «Бақсайдан» - «Тайпаққа» барған аға шопандардың жергілікті малшыларға қарағанда жоғарыдан көрініп, Нұқ Бисеновтің, Малық Иманғазиевтың, Нұрсұлтан Қыдыралиевтың Ленин, Бейіс және Есқабыл Иманғазиевтардың «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталғандарын алға тартқанда – обкомның бірінші секретары сөзден тосылып, «Бура» құмын жазғы жайлау ретінде ұзағынан пайдалануға шешім шығаратынына уәде береді, және онысын Оралға барған бойында орындайды.Оралдан кейін  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретарына көтерілген Ш.Қоспановты ұтқан қатардағы совхоз директоры жарты жыл өткенде лауазымдық шарықтауды бастап кетеді.

   1937-жылдың күзінде, Қазақ ССР-і - РСФСР құрамынан өз алдына одақтас республикаға айналғанына жыл толмай жатып, И.В.Сталин мен М.И.Калинин Оңтүстік Қазақстан облысындағы Киров ауданының жартысын Өзбекстанның Самарқанд облысындағы (кейін жаңадан құрылған Жизақ облысына берілген) Фариш ауданына қосып жібереді. Киров ауданының құрамында 1930-жылы Қазақстанда №14 Бақсай «Овцевод» (Гурьев округінде) совхозымен бір күнде құрылған «Шымқорған» қаракүл совхозы да Өзбекстанға кете барады.

   Бақтыгерей Мұқсымовтың совхоздағы қамқоршы да, ақылшы ағасы Жақия Исатаев – Орал өңіріне әбден сіңіп кеткенімен өзімен қатар 1922-жылдың 20-наурызында Шымқорған ауылында өмірге келген Тоғанбай Қауымбаевпен мектепте, бір класта оқығанын ылғи да мақтан тұтқан. Екеуі 1942-жылдың қаңтарында Фариш аудандық әскери комиссариатынан Қызыл Армияға алынып, 3 ай ғана жаттығу-дайындықтан өтіп, майданға асырылған. 1943-жылдың жазына дейін ауылдастар бір полкте болып, содан кейін бөлініп кетеді. Сол жылдың 30-қазанында Днепр өзеніндегі қиян-кескі шайқаста бөлімше командирі болып, өздерінен 100 есе адам күші көп жауға плацдармды бір тәулік бойы бермей ұстап, кейінгі күштердің келіп жетулеріне мүмкіндік туғызғаны үшін Т.Қауымбаевқа Совет Одағының Батыры атағы беріледі. Аға лейтенант шеніндегі рота командирі болып, 1946-жылы әскерден оралып, 1948-жылы Алматы заң мектебін бітіріп, ұзақ уақыт Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шардара» совхозында әртүрлі қызметтерді атқарады. Сөйтіп, Ж.Исатаев та, Т.Қауымбаев та Өзбекстанға өтіп кеткен туған Шымқорғаннан шығынады. 1939-жылы «Бақсай» совхозы осы «Шымқорған» совхозынан асыл тұқымды қаракүл қойының 30 қошқары мен 3000 аналығын айдап келіп, таза қаракүл өсіруші шаруашылыққа айналған-ды.

         ИСАТАЕВ Жақия 1922-жылдың 12-сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысының Киров ауданындағы Шымқорған ауылында  дүниеге келген. 15 жасында совхозда көмекші шопандықпен еңбек жолын бастап, 1941-жылы аға шопандыққа тағайындалады.

         1942-жылыдың басындасоғысқа алынып, одан 1944-жылдың аяғында екі аяғынан бірдей жараланумен Орал қаласындағы госпитальде 11 ай жатады.

         Одан кейін Оралдағы бухгалтерлік бір жылдық курста оқып, Батыс Қазақстан облысында ферма бухгалтерін атқарады.  1949-жылы педучилищені сырттай бітіріп, сол жылы басқарушысы болып үлгереді. 1952-жылы Мәскеудегі совхоз директорларының 2 жылдық мектебін бітірісімен «Тайпақ» қаракүл совхозына директорлыққа тағайындалып, бұл қызметті жасы 60-қа толып, зейнеткерлікке шыққанынша – 1982-жылға дейін абыроймен атқарады.

         Ленин (1966), «Еңбек Қызыл Ту» (1958) ордендерімен марапатталады.

         2012-жылы Қазақстанның еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, соғыс және еңбек ардагері  Жақия Исатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Орал қаласында оған мемориалдық тақта орнатылды.

         Өз басым бір совхозды тапжылмастан тура 30 жыл басқарған адамды көрмек түгілі естіген емеспін. Жақия қария «Тайпақ» совхозына директорлыққа тағайындалғанда 30 жаста болатын. «Тайпаққа» әйелі Қызылгүл екеуі үш баласымен келсе, бұл жерде оларға және 7 бала (барлығы 4 ұл, 6 қыз) қосылған.

   МҰҚСЫМОВ Бақтыгерей (1939, Таңдай селосы – 2009, Базаршолан ауылы, Батыс Қазақстан облысы) Социалистік Еңбек Ері (22.03.1966). Таңдай орталау мектебінде оқыған (1946-1949). Анасына еріп, 1949-жылы совхоздың бір ферма малымен Батыс Қазақстан облысына қоныс аударған.

   Батыс Қазақстан облысындағы «Тайпақ» совхозында көмекші шопан (1956-1959), аға шопан (1959-1996).

   Ленин орденімен (1966), Социалистік Еңбек Ерінің «Алтын Жұлдыз» (1966), «Ерен еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» (1970) медальдарымен марапатталған. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің мүшесі (1966-1971). Қазақстан Ленин комсомолының ХІ-съезінде республика комсомолының туын ұстап шыққан (20-21.04.1966). ВЛКСМ ХV-съезінің делегаты (мамыр, 1966).

   Бақтыгерей Мұқсымов 2007-жылдың тамыз айы соңғы күндерінде бір көтеріліп қалған. Батыс Қазақстан облысының әкіміне бұған дейін республика министрін атқарып жүрген атыраулық жерлесі, әрі рулас (Адай) інісі Бақтықожа Салахатдинұлы ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ тағайындалғанғанына жүрегі алқына қуанып, үйінде отырып, ақ батасын берген. Ақ батасы қабыл болып, мемлекеттік қайраткер інісі 2012-жылдың қаңтарында Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасарына сайланды, сол жылдың 15-тамызынан бері өзінің туған аймағы – Атырау облысының әкімін атқаруда.

   Атырау облысында дүниеге келіп, Социалистік Еңбек Ері атағын сырттан алғандардың бірі – даңқты шопан Бақтыгерей МҰҚСЫМОВ 2009-жылы, 70 жасында сол Базаршолан ауылында даладағы өрттің ортасында қалып, өмірден озды.

 

Жұмабай ДОСПАНОВ

 

«Алтын ғасыр» газеті, 2014-жыл

 

Теги сайттайсойган тайсойғансайты ЖЕҢІС75