АТАУЛАР СЫРЫ

АТАУЛАР СЫРЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер басы, жалғасы осында 

Жер-су аты – тарихтың хаты деп жүрміз. Ол рас, туған жердегі қандай да бір атаулар кемінде жүз, тіпті бес жүз, мың жылдық тарихы бар. Оларды тарамдап, тарқатсақ сан түрлі сыр ақтарады. Сондай атаулар Мақат ауданында да жетерлік. Мұнда өзге аймақта кездесе бермейтін аңдар мен шөптердің де түрлері баршылық. Солардың кейбірін бүгінгі қариялар аузынан естіп, қағазға түсірдік. Әрине, олардың кейбірі жайлы бұрыннан айтылып жүргені белгілі. Бірақ, жаңғыртсақ, жас ұрпақ жадында қала берері сөзсіз.

 

Қараөткел

 

Қазіргі Атырау қаласының терістік-шығысында немесе Талғайраң ауылынан шығысқа қарай шамамен 8 шақырым жерде (бұрынғы Мақат ауданы) қариялардың айтуынша Қараөткел қалашығының орны бар. Іргесінде басын бүгінгі Аспа ауылы тұсы Жайық өзенінен алып, аяғы теңізге барып құятын ұзындығы 35-40 км-ге созылатын Қызылтас сайы – кейін Соколок өзені болды. Ол көктемде суға толып, қара күзде құрғайды. Аталған сайды бұрындары Бегістің Малмақ, Наурыз, Бөлек деген ауылдары жағалап, жайлайтын.

Қараөткелде бір кездері Әбдірахман есімді имамы бар, көк мұнаралы мешіт болған, бала оқытқан, кейін 1896 жылдары жанында қызыл кірпіштен тұрғызылған мектеп жұмыс істепті. Ол елдімекен тұрғындары Талғайраң, Гурьев қаласына көшіп кеткен 1950 жылдарға шейін өмір сүрді.

Қараөткел қалашығының ерекшелігі – бір кездері онда жылына екі рет көктем, күз айларында сауда жәрмеңкелері өткізілген. Әр маусымда сауда-саттыққа шамамен 15-20 мың тұтынушы өз өнімдерін шығарған, қажеттерін сатып алған. Оған Астрахан, Қазан қалаларының ноғайлары мен татарлары, башқұрлар, Сартаудың немістері, Гурьевтің казактары тауарлар әкеліп, күнделікті қолданыстағы тұрмыстық бұйымдар, киім-кешек, азық-түліктер сатқан. Ескене, Рәкөш, Бекбике, Ботақан бойының, тіпті Қызылқоға өңірінің қазақтары малдары мен мал өнімдерін сатқан. Қалашықта талай-талай дүңгіршектер жұмыс істеп, бақалшылар саудасы күрлеген.

Он сегізінші ауыл тұсындағы Жайықтан бастау алатын Сібірті сайын жағалап, жайлаған Баймөңке, Көлқұдық, Сарыжайлау елді мекен, жайлаулықтарының қыр қазақтары да өз малдарын осы жәрмеңкеге шығарып, қажетті тауарларын саудалаған.

Бір кездері есімдері елге танылған Сапар Қарымсақов, Қ.Өтегенов сияқты өндіріс басшылары мен мемлекеттік қызметкерлер осы Қараөткел мектебінде оқып, ел басқару деңгейіне дейін өсті. Қазір қалашық орнында еш белгі жоқ.

Біз бұл әңгімені аталған қалашық – елді мекенде балалығы өткен, бұл күнде сексеннің сеңгіріне көтерілген қария Қалам Жанғабыловтың аузынан естідік.

 

 

Ескене

 

Облыс орталығынан Доссорға бағыт алғанда жолаушыларды бірінші болып қарсы алатын көнеден келе жатқан еңселі мекен – Ескене. Оның өзі станса (темір жол бекеті) және мұнай кәсіпшілігі болып екіге бөлінеді. Біздің айтпағымыз осыларды жекелеп жіктеу емес, жалпы Ескене атауының түп төркіні қайдан шыққандығы жайлы ой өрбіту.

Көне көз қариялардың айтуынша бұл турасында бір-ақ нұсқа бар. Ол ХVIII  ғасырда өмір сүрген Ысық руының Ақсары бөлігінен шыққан ел таныған батагөй қария, батыр, кейін өз руының тармағымен аты атанған Ескененің атына байланысты.

Ескене қазір осы атаумен аталатын жерде XVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Сол кезде бұл өңірде қазақтармен қанаттас қалмақтар да қоныстанған. Ескене солармен іргелес ғұмыр кешкен. Өзіне жеткілікті малы болған, негізінен жылқы өсірсе керек. 1771 жылы жоңғар қалмақтары еліне бет түзегенде Ескене орта жастан асыңқырап кеткен қария сияқты. Шамамен 17_ жылдары қайтыс болады. Сүйекті ауыл сыртындағы жотаға қоймақ болып, қабір қазғанда астынан жермай (мұнай) шығып, оны ағайын-туыстары, ұрпақтарына  бұйыртып ырыс-береке, байлыққа бағалапты. Кейін бұл арадан темір жол табаны тартылып, мұнай көзі ашылды. Ұлы Отан соғысы жылдары Ескене кәсіпшілігінің өнімі танкілерге еш өңдеусіз құйылып, жеңіс сағаттарын жақындатты. Одан кейін де ел еңсесін көтеруге үлес қосты. Сан ұлттың өкілдері белсене еңбек еткен өндіріс орталығына айналды. Елге қызмет еткен ерен ерлер, еңселі тұлғалар өсіп шықты.

Бұл күнде Ескененің ұрпақтары өткен ғасырдың 30 жылдарында Орал жаққа қоныс аударып, Шыңғырлау бойында жүріп жатыр. Қазір де сол жақтарда тұруда.

 

 

Бекбике

 

Доссордан Құлсарыға бағыт ұстағанда Бекбике деген жер бар-ау. Ол туралы талай әңгіме естідік. Анау тоқсаныншы жылдардың басында ел тарихынан біршама хабары бар Қуанғали Жұмалиев ағамыз «солардың біразын мен білемін, реті келгенде айтармын» деп емексіткені болмаса, ашып ештеңе айтпаған.

Кейін кейбір құймақұлақтардан кәдімгідей естігендеріміз бар еді. Оны бұдан бұрынғы кітаптарымда жазған да едім.

Жақында Мақатта болғанда Бекбикенің (жер аты) тумасы Дәржан Сәтмағамбетова сол өңірдің жер-су, аң-құс, шөбіне дейін тізбеледі. Әңгіме Бебикеге ауысқанда «Ол XVIII ғасырларда өмір сүрген. Адайдың Тәңірберген есімді батыры қалмақтармен соғыста жеңіске жетіп, сонда қолға түскен 16 жастағы сұлу екен. Ол аса ақылды, көрікті, әулеттің тірегі болған келін, кейін бәйбіше атаныпты» деп еді, әңгімеге Исләм Әбілғазиев ағамыз араласып, «Менің дәуірдің ділмары, Ә.Марғұланша айтсақ, «қара сөзде дес бермейтін суырма таңдай, қаусырма жақ, төс би Алшын Меңдәлиевтен» естуім бойынша Сарайшықты қалмақтар иеленіп, соны беріштер мен адайлар босатпақ боп екі ай ұрыс салады. Ақыры қамал қақпасын бұзып кіргенде 17 жасар Ағатай батырдың аты жарты мойын алда, екінші болып Адайдың Тәңірберген батыры ішке еніпті.

Ол кездің дәстүрінде жаулаған қол жауланушылардың жас қызы, алтын, күміс, асыл тас байлығын иеленеді. Малын айдап кетеді. Сауғаға бірінші түсетін ару қыз – Бекбике болыпты. Реті бойынша оның иесі Ағатай көрінеді. Ол қыздан бас тартып, есесіне өз есімін руға ұран етіп қалдыруды өтінеді. Сөйтіп қыз кезегі Тәңірбергенге келеді де жас сұлуға сол иелік етеді. Кейін Тәңірберген жас сұлумен Бекбике мекенінде (кейін осылай аталады) өмір сүріп жатады. Ел сыйлап, халық таныған бәйбіше, тек әулет емес, руға белгілі ақыл иесі атанады. Осы жерде қайтыс болады. Тәңірберген де кейін бір рудың бір тармағы атанып, нәсілдестерінің нар тұлғалы азаматы дәрежесіне жетеді. Бұл күнде ұрпақтары бар. Жыл сайын әжелерінің басында бас қосып, айтулы тұлғаны еске алады. Осыдан 4-5 жыл бұрын кесене тұрғызып, ас берді. Биыл да сондай құрма өтеді деп отыр.

 

Гүлжансары

 

Бұл күнде аты әнге айналған «Доссордан шай құйған Гүлжансарының» есімі туралы ел ішінде екі ұдай пікір бар. Бірі «Гүлжансары» деген бір адамның аты десе, екіншілері «Жоқ, «Гүлжан», «Сара» деген апалы-сіңлілі екі қыздың есімі, бұл арада аталған әннің екінші жолы «Гүлжандай бола бермес жұрттың бәрі» дегенге де мән беру керек қой» дейді.

Жақында біз облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Жер-су аттары» экспедициясы құрамында Мақат ауданында болып, өңірдің көне көз қарияларының біразымен кездестік. Сонда мемлекеттік қызметтің ардагері, белгілі мұнайшы, қайраткер Исләм Әбілғазиев бізге мынаны айтты. Біз соны мәнді, жанды сөз деп қабылдадық.

Кейінгі жылдары дүниеден өткен Доссор кентінің байырғы тұрғыны кешегі 2000 жылдары дүниеден өткен Мырзағали Тұрақбаев (1902 ж.т.) тоғыз жасынан бастап, 9 жыл Гүлжанның әкесі Көшікбас, анасы Бәтимамен Доссордың алтыншы ауылында көрші болыпты. Ол үйде төрт қыз тәрбиеленген. Үлкені – Гүлжан, одан кейінгісі – Сара, үшінші қыз – Күміс және Күнім. Олардың алдыңғы екеуі есейе келе ауылда тұрғындарға қызмет көрсететін дәмхана ашқан. Ол үш бөлмеден тұрады. Біріншісі – еуропалық үлгідегі, екіншісі – қазақы жер стол, үшіншісі – жерге алаша, киіз төсеп, көпшігін шынтақтап, жай, қымыз ішетін орын.

Қонақтарды қабылдайтын Гүлжан, қызмет көрсететін Сара. Гүлжан ақсарының келбеттісі, өте әдемі қыз болса керек. Әрдайым меймандарды жылы қарсылап, барымен базар. Көбі түстіктен Басқала бойы, Маңғыстаудың ойы, Жылойдан Көкжар, Мұқыр, Сағыз асқан жолаушылар, керісінше Теке, Көкжардың түстікке бет алған бақалшы саудагерлер, тіпті жергілікті ағылшын, орыс геолог-мұнайшылары да күндіз-түні осыннан табылып, ауқаттанады, көңіл де көтеретін көрінеді.

Гүлжан тұрмысқа шықпаған сыңайлы. Бірақ, сөз салған жігіті болған. Оны ел ішінде былайша айтады екен. Доссордың арқа бетіндегі қазіргі Байбақты ата жерленген ұзын жал бір кездері Сапының жалы деп аталған. Сапы өмірде болған, ер көңілді, орта бойлы, келісті сұлу, керемет әнші, сал-сері жігіт көрінеді. Руы – ысық, Гүлжанның жүрек қалаған жігіті болыпты. Бірақ, елге төңкерістің ылаңы жетіп, әуелі ақтар, одан қызылдар Доссордың астын үстіне шығарып, дәмхананы тонап, ылағай да былағай өмір болған. Гүлжан Гурьевке қашқан, қалғандары тағы сол, тоз-тоз дүние, тәрік болған тірлік жалғасып жатқан. Сапы Гүлжанға қосылмаған.

Осы арада ойға тағы бір әңгіме оралады. Атырауда күні кешеге дейін өмір сүрген Ұлы Отан соғысының ардагері, еті тірі, арғы-бергіден хабары бар Раушан Досқалиев деген қария болды. Өзі қаланың байырғы тұрғыны еді. Сол айтатын: «Менің 5-6 жас кезімде, қаланың Хиуа  базарының терістік бетінде біздермен көршілес сол Гүлжан апай тұрды. Орта бойлы, келісті кісі болатын. Есейіп қалған, бірақ киген киімі татарға ұқсайтын, аяғында тақасы биіктеу көксауыр кебіс, күн ауыстырып базарға барады. Қазір есімде жоқ, шамасы оны-мұны сататын сияқты. Сол кісіні жұрт сырттай «Мынау Доссордың Гүлжансарысы» дейтін еді» дегені бар. Шамасы бұл отызыншы жылдарға дейінгі жай болса керек.

Міне, Гүлжан өмірінің біз естіген осындай жағдаяттары бар.

        

Мақат өңірінде не көп, сорлар мен құдықтар, ескі қорымдар мен молалар жетерлік. Ауданның өндірістік аймаққа айналып, адамдардың елді мекендерге көп шоғырлана бастағанына бар-жоғы бір ғасыр ғана уақыт өтсе де, олардың бақилық ғұмырдағы мәңгілік орындары жетерлік. Ол кешегі ашаршылық, болмаса Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Еуропадан жер ауып немесе күн көрісі үшін қоныс өзгерткен жүдеу жандардың көптігінен шығар.

Ал құдық пен сорлардың кез келген жерде кездесуі өзен-көлдері жоқ шөлді аймақтың жағырапиялық жағдайына байланысты болса керек. Әйтсе де бұл аймақта, яғни Доссор бойында қысқы қар суы, көктемгі жаңбырдан жиналып, күзде құрғап қалатын Алты көл, Шөгір көл, Қос көл сияқты көлемі шағын көлшіктер бар.

Сондай-ақ көп жерлерде кездеспейтін аңдар мен шөптер туралы айтқанда Бекбике төңірегінде тамыры сәбізге ұқсайтын дәрілік шөп (қураған тамырын пайдаланады) – илан, малға жем ретінде қолданатын, қоректік тиімділігі мол бозанақ, сұр сағыз, балық көз, таспа, торғай оты дегендер бар. Мұнда көктемдегі бір айлық ғұмыры бар түйежапырақты, жантақты адамдар шай ретінде қайнатып ішетіні сияқты көкөніс есебінде де пайдалана береді екен.

Аңдар туралы айтқанда жергілікті тұрғындар сілеусін тектес мәліннің осы уақытта да аудан аймағында кездесетіндігін қаперімізге берді.