АТАСУ-АЛАШАНКӨЛ МҰНАЙ ҚҰБЫРЫ

АТАСУ-АЛАШАНКӨЛ МҰНАЙ ҚҰБЫРЫ

  

   Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын анықтайтын факторлардың бірі энергетика салаласы екені белгілі. Сол үшін де елімізде өндірілген шикізатты шығыс елдеріне экспорттау мәселесі Қытаймен қарым-қатынасты нығайтуға себепші болды.

   Бұрын, Қытай экономикасының 70 % көмірмен жұмыс жасап келген болатын. Көмір қорының сарқылуына байланысты енді олар мұнайды пайдалануға көше бастады.

   Экономикасының өрлеуі энергетикаға деген сұранысты күннен-күнге арта түсті. Халықаралық мамандардың болжамы бойынша, Қытайда мұнайға деген сұраныс 2010 жылы 200 млн т құрайтын болған екен.

   Сөйтіп, мұнайға деген сұранысы жағынан АҚШ-нан кейінгі екінші орынға ие болыпты. Сол жылдары Қытай энергетикалық ресурстар қорын сатып алу үшін 3 трлн. қаржы бөлетінін жария етті. Бұған дейін Қытай өзіне қажетті мұнайды Тынық мұхит арқылы Сауд Арабиясы мен Ирактан және Анголадан тасып алып жүретін. Ал, Тынық мұхиты болса АҚШ-ның әскери-теңіз базасының бақылауында еді. Сол үшін оған жаңадан альтернатива керек болды. Сөйтіп, Қазақстан арқылы мұнай тасуды қарастырды.

   Оның үстіне, өткен ғасырдың соңында Қытай үкіметі елінің батыс аудандарын «игеруге» кіріскен болатын. Осыған орай, Синьцзян – Ұйғыр автономды ауданына көптеген жаңа өндіріс орындарын сала бастады. Бұл өндірістерге қажетті шикізатты көршілес жатқан Қазақстан мен Орта Азиядан тасып алуды көздейді.

   Қазақстан үшін де Қытаймен сауда қарым-қатынасын дамыту тиімді болатын. Сол себепті, 1997 жылы екі ел арасында мұнай саласында өзара ынтымақтастық басталды. Осы жылы Н.Назарбаев Пекинге бейресми сапармен барып қайтты. Барған сапарында мұнай мен газ саласын өркендету мен транспорттық жүйені дамытуды талқылайды.

   1997 жылы 24 қыркүйекте ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Пэн ресми сапармен Алматыға келді. Келіссөз барысында «Мұнай және газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге» және «Мұнай құбырларының құрылысы және кен орындарды өңдеу жобалары жөніндегі бас келісімге» қол қойылады. Келісім-шарттың негізінде Қазақстан мұнайы Қытайға теміржол транспорты арқылы цистерналармен тасыла бастайды. Тек қана 1997 жылдың соңы мен 1998 жылдың басында Қытайға 100 мың т жуық мұнай тасымалдаған екен.

АТАСУ-АЛАШАНЬКОУ МҰНАЙ ҚҰБЫРЫ 3

   2002 жылы желтоқсанда Пекинмен жаңа келісім-шарт жасалып 443,15 млн долларға тең болатын инвестициялық жобаларға қол қойылды. Осылайша, Қытай Қазақстан экономикасына инвистиция салу жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орынға ие болды.

   1997 жылы 24 қыркүйекте жасалған «Мұнай құбырларының құрылысы және кен орындарды өңдеу жобалары жөніндегі бас келісімнің» аясында 2004 жылы 17 мамырда Пекин қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметі және Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы мұнай мен газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісім-шарт жасалады. Бұл келісімге ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао қатысты. Келісім-шарттың негізінде 2004 жылы 30 маусымда «КазТрансОйл» АҚ мен Қытай Ұлттық мұнай мен газды барлау және өңдеу жөніндегі корпорациясы (CNODC) Атасу-Алашанкөл мұнай құбырын жобалау, құрлысын жүзеге асыру және пайдалану мақсатында (тең үлес шартымен) «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС Бірлескен жобалау компаниясын құрды. Бұл Серіктестік магистральды мұнай құбыры арқылы шикізатты үздіксіз жеткізіп тұруды қамтамасыз ететін болды.

   «Батыс Қазақстан-Батыс Қытай» мұнай құбырын салу жобасының іске асуы екі кезеңде қарастырылды:

   1-кезең (2006-2010) –қуаттылығы жылына 10 млн. тонна, кейін жылына 20 млн тоннаға дейін жететін «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының құрылысы;

   2-кезең (2011-2035 ж.) –қуаттылығы жағынан жылына 20 млн тонна, кейін 50 млн тонна дейін жететін «Кеңқияқ-Құмкөл-Атасу» мұнай құбырының құрылысы.

   Мұнай құбырын салуда басты мердігерлер «КазСтройСервис» ЖАҚ және «China Petroleum pipeline Engineering Corp (CPPE) компаниялары еді.

   Ұзындығы 965,1 шақырым болатын «Атасу-Ағадыр-Ақшатау-Ақтоғай-Үшарал-Алашанкөл» мұнай құбырын салу үшін $ 850 млн қаражат бөлу көзделді. Жоба бойынша Атасу-Алашанькоу магистральдық мұнай құбыры Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Құмкөл кен орындарының мұнайын, сонымен қоса ресейдің транзиттік мұнайын Қытайға тасымалдайтын болды. Мұнай құбырының бастапқы нүктесі Қарағанды облысында орналасқан «Атасу» қабылдау-тапсыру нүктесі болып табылды. Ал мұнай құбырының соңғы нүктесі Қытай Халық Республикасындағы Алашанкөл қабылдау нүктесі еді. Құбыр жүргізумен қатар «Атасу» БМАС-ты қайта құру мен №9 МАС құрылысын салу жоспарланды.

Желілік құбырларды шығару мен қабылдау үшін және материалдардың сапасын тиісінше бақылауды қамтамасыз ету үшін Ұлыбританияның «Moody Inetrnational LLP» мамандандырылған компаниясы мен құбыр желісін халықаралық стандартқа сәйкестігін қамтамасыз етуші Германияның «ILF Engineering» компаниясы тартылды. Мердігер ретінде отандық және шетелдік компаниялар тартылды. «Қазақстан мұнай және газ институты» АҚ жобалау жұмыстарын жүргізді. Болат құбырды дәнекерлеу ісін Қазақстандық бас мердігер «Қазқұрылыссервис» МГҚК» АҚ атқарды. Бұл мердігер компания кейінгі уақытта жұмыс барысында CRC автоматтандырылған кешенін қолдана отырып, бір күннің ішінде 261 жікті дәнекерлеп үлгерген екен. Мұндай жетістік әлемдік құбыр төсеу тарихында бұрын-соңды болмаған көрнеді.

   2004 жылы 28 қыркүйекте «Атасу - Алашанкөл мұнай құбырының» құрылысы жобасының тұсауы кесілді. Бұл күні мұнай магистралының алғашқы екі құбыры салтанатты жағдайда дәнекерленіп жалғанды. Жобаны жүзеге асыру үшін мердігер компаниялар 2 900 мамандар мен 1 300 ауыр техника мен жабдықтар жұмылдырған болатын. Диаметрі 813 мм, қалыңдығы 11,9 мм болатын құбырдың сырты 120 нанометр қалыңдықтағы эпоксидтік ұнтақпен қапталды. Оны 170 нанометр қалыңдықта адгезивпен орады. Сосын, 3,2 мм қалыңдықта полиэтилен жабындысымен тағы да қаптады. Осындай технологиямен 1 000 шақырымға жуық магистральдық құбыр қапталып төселді. Мұнай құрылысының тарассасы көбіне өте күрделі жерлермен жүргізілді. 100 шақырымның үстінде құмды жерлермен, 62 шақырымға жуық батпақ даламен, 263 шақырым жартасты топырақпен өтті. Құбыр 2,5 метр тереңдікте төселді. Магистральды мұнай құбыры 3 темір жол өткелімен, 17 автожол өткелімен 14 өзендер арқылы жүргізілетін өткелмен тартылды.

АТАСУ-АЛАШАНЬКОУ МҰНАЙ ҚҰБЫРЫ 1

   2005 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекара аймағында екі достастық мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын біріктіруді айқындайтын мұнай құбыры түйістіріліп «алтынмен» дәнекерленді.

   «Атасу-Алашанкөл» халықаралық магистральдық мұнай құбыры Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында, 2005 жылы 15 желтоқсанда іске қосылды. «Атасу-Алашанкөл» халықаралық магистральдық мұнай құбыры егемен Қазақстанның тұңғыш экспорттық мұнай құбыры болып табылады.

   2007 жылғы 11 желтоқсанда Ақтөбе облысының Кеңқияқ станциясында «Қазақстан - Қытай мұнай құбыры» екінші кезеңінің бірінші кезегі «Кеңқияқ – Құмкөл» телімінің құрылысы жобасының тұсауы кесілді. 2011 жылы желтоқсан айында №11 МАС іске қосылып магистраль жылына 12 млн тонна мұнай айдай алатын болды.

   Сөйтіп, 2016 жылы Атасу-Алашанкөл мұнай құбырымен 11,8 млн тонна мұнай тасымалданса, 2017 жылы 12 млн т мұнай тасымалданған екен.

China National Petroleum Corporation (CNPC) директордың орынбасары Цинь Вэйчжун: «...алғашқы он жыл ішінде «Атасу-Алашанкөл» мұнай құбыры арқылы Қытайға 110 млн тонна мұнай экспортталды» деп атап өтті.

 

 

 Қабибек Мұхитов,

тарих ғылымдарының кандидаты