Алыс та жақын Атырау немесе кешегі Үйшік

Алыс та жақын Атырау  немесе кешегі Үйшік

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

 

Дүние  жаралғалы жер бетінде қанша қала дүниеге  келді, өсті, гүлденді. Кейбірі өз  ғұмырын  жалғастырып,  жайнап, мыңдаған жылдар бойы өмір сүрді, әлі  де ғұмыр кешуде. Қайсыбіреулері  тағдыр талайына сай кәсібі нәсіп болмай, не жойқын соғыс, тағы  да басқа себептерге орай бұл дүниеден сүртіліп, жойылып  та кетті. Бірақ біз  әңгімелегелі отырған Атырау қаласы өзінің төрт ғасырға жуық өмірінде ұдайы өсіп, жетіліп келеді.  Соңғы жылдары тіптен жасарып, жайнап, қанатын кеңге жайды.

Қош дейік, әйтсе де бұл арада мына жайды да ескеру керек. Ешқашан жаңа тақыр жерден қала салынбайды. Оның әрдайым түрлі негіздері болады. Ең болмағанда ол жерде бастапқыда елді мекен, тұрғындарының шаруашылығы, кәсібі дамиды. Ендеше Атыраудың алғашқы тасын қалаған Гурий Назаровқа дейін де қалмақтар, қазақтардың өмір сүргені, балық аулап, мал өсіргені, одан соң іргесінде Қараөткел деп аталатын базар-жәрмеңкесінің қызып жатқаны белгілі. Одан бұрынғы Қайнардан Сарайшыққа бағыт алған көне күре жолдың («Жібек жолы») бойында Ақтөбе қаласы болды деп те жүрміз.

Олар жайлы үлкен әңгімені келесі буын тарихшылар үлесіне қалдырайық.

Адам қолы бәрін де өзгертеді екен. Бұрын Атырау қаласының орны Каспий теңізінің  толқындарын  жарға атып, жағасын көк құрақ  көмкеріп, нар қамыстарының басын жел шайқаған айдын шалқар еді. Жылдар өткен сайын теңіз табаны тартылып, әлгі сулар етегін жинап, оңтүстікті бетке алып, жылжи бастады. Бірақ сонау Орал тауларынан  бастау  алып, бұрқырай аққан Ұлысу – Ақ  Жайық сол теңізге әуелі Платовой және Быковой арналары, сосын төрт тарам, төрт саламен, яғни бұрынғы  атауын  қайдам, соңғы жүз жылдағы аталымы – Перетаска, Қарт Жайық, екі бөлінген – Кіші Золотинск және Үлкен Золотинск деген арналармен  екпіндеп құйды. Бір кездері бұл  жерлерде  көшпенді тұрғындар өмір сүрген. Оларды  сақтар деп атады. Ұдайы ат  үстінде құйындатып  желіп, құстай ұшып, жолындағысын жапырып, қарсы келгенін жусатқан  оларды массагеттер деп атады. Киммершілер, скифтер, сарматтар, ғұндар, печенегтер мен половец-қыпшақтар деген атауларға да  ие болды. Сары даланы төске алып, салқар көлден шөл басып, жұлдызды аспанды шатыр, жусанды даланы төсек еткен сол бір жандар Ақ  Жайық  бойын жайлады, неше түрлі қалалар салды. Оларға Каспий теңізі арқылы кеме жүгіртіп, жүк әкелді, кіре тасыды. Сауда қызды. Ұлы Жібек  жолы  құрлықтар  арқылы  Азиядан Еуропаға  сан түйені мұрындығынан тізіп, Парсының кілемі, Қытайдың жібегі,  үндінің  қош иісті шайларын  тасыса, тап осындай  тауарлар айдын бетімен де кемелерге тиеліп, ирек қақты.  Еділ бойындағы елді мекен, шаһарларға Хорезм мен Бұқардың маталары,  шығыстың кәйкі  бас кебістері мен көксауыр  етіктері келіп, сауда  қызды. Олардың біразы орта ғасырларда Алтын Орданың үшінші астанасы атанған Сарайшық қаласына да жетті.

Ол сол бір ХІІІ-ХІV  ғасырларда елдің саяси-мәдени орталығына  айналып, керемет өсті. Орта Азия елдерінен Еуропаға бағыт ұстаған сауда   керуендерінің мұнда соқпай кеткені жоқ. Өйткені әуелден ағысы қатты, арналы Ақ Жайықтың адамдар өткізу мүмкіндігі  тек осы Сарайшық қаласы, ондағы «Бағдаттағыдай жүзбелі көпірі» арқылы  ғана жүзеге асатын. Сол себепті аталған қаланың халқы күні-түні шығыстан батысқа, батыстан шығысқа бет ұстаған  сан-сапат керуендерді қабылдау, түйе шөгеріп, бел суытқысы келген саудагерлерге жағдай жасаудан нан тапты,  тамақ айырды. Бірақ  сол сауда қашан да адамдарды  байытты, байқаусызда бастарын да жұтты.  Өйткені  адамдар  байыған сайын өзгелердің қызғанышын арттырып, қылышын  көтерткізді,  жорық  жолдарын  ұзартты.  Сөйтіп ол алғашында Ақсақ Темірдің қайталап шапқан  шабуылы, кейін орыс патшасы Иван Грозныйдың  казактарды  көтеріп, моласына дейін қопарған жойқын соққысына ұшырап, ең соңғы  тұрғынынан айырылды. Қалаға  түрі өзге, кәсібі  басқа жаңа  тұрғындар келді. Бұл 1580 жылдың  басы болатын.

Бір қарағанда бұл еріктілер жүзден, екі жүзден кемелерге тиелген күйі  Жайық  жағалауына  Еділ бойымен төмен құлдилап  Астрахан  арқылы Каспий  теңізіне  шығып, оның шығыс  алабындағы қалың қамыстарды тұраққа айналдырады.  Су бетіндегі  сауда кемелерін тонады,  жағалаудағы  тұрғындардың  тынышын кетірді.  Олар өздерін орыс шекарасынан жырақтағы орыс еріктілеріміз  деп жергілікті хандық, батыстағы патшалық биліктің ешбірін мойындамайтын қашқын крепостной шаруалар немесе ылғи елден  етек түріп көтерілген ұры-қары, саяси сенімсіз Еділ  казактары болатын. Ноқтасы түріліп, түн қатып, түсі қашқан «қонақтар» әуелі Жем сағасына бағыт ұстап, одан Жайық бойына кеулеп, байырғы тұрғындарды орындарынан қозғады. Ақыры өзен бойын өрлеп, Мәскеу мемлекетінің шекарасын кеңейтті.  Ал өздері болса «Біз Жайық бойы, теңіздің  терістік  беті шекарасын күзетеміз, орыс үкіметіне адал қызмет  етеміз» деп қоныстарын кеңейтіп,  тұрақты мекен-жайларын  нықтады. Маңғыстау түбегіне  бекініс жасауға бекінді. Мұның өзі Еділ бойындағы еуропалық  мұжықтардың   үдере көшіп, теңіздің терістік бетіндегі балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған иен мекенді иемденуге мүмкіндік туғызды. Ол үшін тал-терегі болмаса да, қамысқа бай  жағалықта сол қамыстан үй тұрғызды, отын етті. Сондай көшпендінің бірі  ярославтық  купестер еді. Олар негізінен Сібір мамығын Еділ бойындағы  елді  мекендерге жеткізіп,  пайда көзін тапқан жандар-ды. Сол кәсіпті дамыту мақсатында Каспий теңізіне жетіп, Жайықтың  жағасынан жайлы орын тапты. Бір қарағанда бұл қоныстанушылардың  әулет басы  Гурий  Назарьев әуелгіде поляк-швед интервенциясына  қарсы күрестегі  патриоттық   әрекеттері үшін  мәскеуліктерден  көтеріңкі  ілтипатқа  иеленіп, оң  жанбасқа келетін  кәсіп-сауданы өсіріп, ұлықтармен ауыз жаласты.  Гурийдің  тұңғышы  Михайло  Гурьевич  К.Минин мен  Д.Пожарскийдің  қолдауымен  бас көтерген халықтық  полк құруға  қаржылық қол ұшын берді.

  Гурийдің  екінші  ұлы – Дружина  да поляк феодалдарына қарсы күресте көзге түсті. Бұлардан басқа Иван  және Андрей атты тағы да екі ұл бар еді. Сөйтіп  қалтасында қаржысы, аузында сөзі, іс-қимылында ірілік танылған  Гурьевтер  XVII  ғасырдың  басында  арғы  төрі Архангельск, одан бері Мәскеу, мынау Астраханда  саудасы  жүрген, ақшасымен алысқа  танылған  алпауыттардың  бірі еді. Енді олар  Жайықтың теңізге  құяр сағасынан  әсем үйлер салды –  болашақ мұнайлы астананың  алғашқы  қадасын қақты. Бұл 1640 жылдың  ерте көктемі  болатын.

Бірақ Жайық бойына орыстардың қызығушылығы оған дейін, керек десеңіз казактардан да бұрын басталған. Патша әскерилері шағын әскери қалашық тұрғызбақ та болды. Әйтсе де тарихи құжаттарда келтіретіндей жергілікті тұрғындар (Ноғай жұрты) оған жол бермей, алғашқы құрылыстарды өртеп жіберіп отырды.

Қала құрылысы 1642 жылы ғана дендеп қолға алына бастады.

Патша өкіметінің М.Гурьевке  берген рұхсат қағазында: «Да дед же его Гурии с детьми  своими... радея нам и  ища нашей  государственной  казне во всем прибыли, в прошлом 148 (1640)  году  завели  вновь  и устроили  за морем  на реке  Яике  своими  деньгами  город  каменный» делінген.  Бірақ кейіннен, көп жылдар өткен соң, бұл құжатта  қателік жіберілгені, М.Гурьевтің  патшаға  жазған хатында «... он сделал  на Яике сперва  деревянный  город на  свои деньги» деп жазылғанына қарағанында, басқа да  тарихи  құжаттарда  атап көрсетілгеніндей  теңізге бар-жоғы   15-16 шақырым  қалғанда  айналасын әуелі  қамыс тоқымалармен, кейін ағаш тақтай, уақыт өте мұнаралы  тас дуалдармен қоршалған  Жайық  және Жем өзені  балықтарын  өндірістік   және сауда-саттық мақсатта  пайдаланатын  шағын  қалашық-қамал  пайда болды.

1642-1643  жылдары Орта  Азияда болып қайтқан Ресей елшілігінің басшысы А.Грибов, Бұхар  ханы  Надир Магомет  және оның сыбайластарының айтуынша  қала құрылысы  Орта  Азия  хандықтарына қарсы  бағытта  тұрғызылған  нысан деп пайымдалады. Қаланы арнайы әскери атқыштар  күзеті қорғады.

Осы кезде  қамалдың  сәл  жоғары  жағынан  негізгі өндіріс – қызыл балықты аулап, өңдейтін  ірі орын  тұрғызылып,  оны кейін  қазақтар «үйшік» атап кетті. Оның өзі арнайы қызыл балық аулауға арналған қондырғы атауына сай дүниеге келген еді. Асылы сол құралды бірінші пайдаланған да қазақтар болса керек. Әйтпесе ол орысша аталар еді ғой. Кейін  бұл атау тұтас  қалашыққа ортақ  есім  болды. Бірақ қала аты  1708  жылдан  бастап ресми түрде Төменгі Жайық, одан Гурьев аталды. Бір сөзбен айтқанда Гурьев қаласының негізін қалап, алғашқы қадасын қаққан Гурий Назарьевич  және оның ұлдары Михайло, Дружина, Иван, Андрей  Гурьевичтер болатын.

Жаңа қала алғашқы күннен сән-салтанаты жарасып, оқтай түзу көшелері  көз тартып, жасарып, жайнап  кеткен жоқ. Өйткені осыған  дейін де бұл араны мекендеген, балығын аулап, аң-құсын қағып, малын бағып  жүрген казактар  мен қалмақтар да бар еді. Олар жаңа көршілердің  баса-көктеп кіріп, жай тұрғызып, балығына  қол салғанын ұнатпады. Соған сай  оларға  шабуыл жасап, үйін өртеп, үйшіктерін  қиратып, адамдарын соққыға  жыққан, малдарын  айдап кеткен кездері де болды. Бұл  жайлы  Астрахан  әскерлері  басшылығына  хабар жетіп, олар Жайық бойындағы  бұған дейінгі әскери  күшке қосымша  400 атқыш, 6 зеңбіректі көмекке жіберіп, қорғаушылар  тобының бастығы  Глебовке   бақылауды күшейту, қажет болса  қосымша күш сұрауы  керектігі тапсырылды.

Патша өкіметі жаңа қала, оның қамал ретінде қоғаныс әлеуетін күшейту ниетінде 1645 жылдың 18 ақпанында М.Гурьевке  қала-қамалды  Астрахан қаласының  үлгісіндегі тас қамал  етіп тұрғызуды сұрады. Тіпті «Каменный город с общей длиной крепостной стен в 400 сажен (сажен равна 2,1 м.), украшенных восемью башнями, а стень были меж башен поровну, по пятьдесят сажен, да в двух  башнях быть двум воротам... стена  городовая  меж борот и башен делать в ширину  в полтора сажен,  а в вышину  и с  зубцами четырех сажен, а в вышину полтора сажени» деп нақты тапсырма да берді.

Қорған құрылысы 1647 жылдың 6 маусымында басталып, оған Астрахан  қорғаныс қамалын қалауға қатысушы тасқалаушы шебер Иван Остриков  басшылық   жасады. Бірақ  жергілікті  казактар мен қалмақтардың  қала құрылысына  қарсылығы  азайған жоқ. Әйтсе де қамал құрылысы  араға 15 жыл салып, 1662  жылы аяқталады. Бұл Гурьевтерді аса мол шығынға ұшыратты.  Дегенмен  XVII ғасырдың  аяғында жаңа қала ірі шекаралық  қамалға айналып, оның  8 мұнарасында  17 зеңбірек тұрумен бірге жер асты қоймаларында мол мөлшерде жарылғыш, қопарғыш оқ-дәрілер сақталынды.

1668 жылы  патша жарлығымен қазақтар Үйшік атаған қала оның негізін қалаушы Гурий  әулеті игілігіне басыбайлы беріліп, алғашында Төменгі Жайық  аталса, 1734 жылдан Гурьев деп өзгертілді.

Жоғары билік тарапынан  қала құрылысын жақсарту, оның  Ресейдің   шығыс қақпаларының  бірі ретіндегі әлуеті мен қорғаныс шебін күшейту, балық  өндірісін арттыруға деген көңілді  бөліңкіресе де  нақты іс баяу-ды. Өйткені  жоғарыда  айтқанымыздай   Жайық бойының байырғы казактары мен тұрғылықты (шындығында олардың өзі де келімсек қой. Автор)  қалмақтар бұл алғашқы күннен  билеп-төстеп, ен ризықты иемдене бастаған шақырусыз  қонақтарға өкпелері қара қазандай еді. Соған сай  біресе қалашықтың өзіне, енді бірде балық өндіру орындарына шабуылдап,  қирату, өртеулерін доғармады. Осыған  Ресей патшалығы тарапынан Жайықтың төменгі сағасына  балық аулау өндірісін мемлекет қарауына  аудару деген желеу, сол арқылы өздеріне деген жергілікті халықтың бағынысын  арттыру, Жайықты  қорғау  үшін  деп жаңа әскери бекеттер  тұрғызуды  Жайық әскери  басшылығына міндеттеді. Яғни бұл арадан казактардың  әскери  билеу және қорғау-күзет мүмкіндігі артты. Осы негізде  патша әкімшілігі  1773 жылы  аталған өзен бойынан екі бекініс тұрғызуды  жоспарлап, аталған іс  Жайық  әскери басшылығына жүктелді.  Ал олар болса  осы жұмыстары үшін  патша өкіметінен  Гурьев қаласында өздерінің  балық кәсіпшілігін  ашуға  мүмкіншілік жасауды сұрайды. Басшылық амалсыздан  келісімге  барып, 1743 жылдың  18 наурызында  рұхсат  берген.

 1745  жылға дейін Жайық  әскери  басқармасы  өзен бойына өз күштерімен 7 қамал, 11 бекініс тұрғызып, араға бір жыл салғанда  казактарды «қаланы күзету үшін» деген ниетпен  көшіре бастайды. Бұл шындыққа  айналып 1752 жылы патша өкімімен Гурьев Жайық казактары әскери  басшылығының қарауына беріліп, қала қорғанысы  түпкілікті  бір иеліктің қолына көшті.

1753  жылдан Гурьев  қаласы бұрынғы Астрахан әскери  басшылық  құзырынан Орынбор губерниялық басшылықтың  иелігіне берілді. Қала құрылысына кейбір  өзгерістер енгізілді.

Гурьев қаласы аталғанда  еске патша өкіметіне қарсы Е.Пугачев  бастаған азаттық  аңсаушы  шаруалар көтерілісі түседі. Олар бұл қалада үлкен қолдауға ие болып,  қала халқы көтерілісшілерге оқ-дәрі, қару-жарақ, азық-түлік  жеткізіп  берген. Қала көтерілісшілер қолына көшіп,  бірақ  патша өкіметі өз күштері, жергілікті  қазақтардың  хан-сұлтандарының қосымша  күшпен көмектесуі, ақыры күш басымдылығы арқасында  бүлікшілерді басып-жаншып, қаладан қуып шығуға  мүмкіндік  алды. Бірақ  жергілікті  тұрғындар ішінде әйтеуір  бір қыжыл  барды. Бұны қапысыз сезген Ресей  патшасы ІІ Екатерина  халық назарын басқа бағытқа  аудару, Жайық деген сөзді естен шығару ниетінде  өзеннің бұрынғы Жайық атын енді  Орал (Урал) деп өзгертті. Бұл 1775 жыл болатын.

1798  жылы  (11 желтоқсан) патша жарлығымен Гурьев қаласы Орал әскери  басшылығының қол астына өтіп, өзен бойы қатаң  бақылауға алынды, шекара қызметінің рөлі артты. Бұрынғы жыл маусымдарында қос өзен аралығына малдарын өткізіп, бағып-қағып  жүрген қазақтарға енді үзілді-кесілді қатаң  тиым салынды.

Бірақ уақыт адамдарды бірде былай, бірде олай арпалысқа салып, алаңдатса да, бәрі де өмір ғой, тіршілік  жалғаса берді.

Ғасырдан  ғасыр өткен Гурьев қаласының  балық  батағалары  қашаннан бергі  негізгі  өндірісін одан әрі  өрістетіп, қысы-жазғы  қызу еңбектерін дамытты.

Балық  өңдеу кешендерінде  өнімді аршып, тазалап, тұздап, қақтау, ыстау орындары  болды. Олар жыл  бойы жұмыс істеп, дайын өнімдерді Еділ бойы, Қырым  бағытындағы  қалалардың  сауда  орындарына  жөнелтті.

Гурьевте  балық аулау қалпы жыл бойы  жүрді. Көктемгі маусымда  қызыл балық тұқымдастардың уылдырық  шашу кезеңі  тиімді пайдаланылды.  Бұл кезде қай балық та теңізден  шығып,  Жайық бойының  тұнық, тұщы  суымен  жоғары өрлеп, жайылымдыққа  уылдырық шашады. Осы  кезде үйшіктері мен ау, ахан, жүзбелі және қондырмалы ауларын  іске қосқан аушылар  ұдайы қарбалас іс үстінде жүретін. Ол үшін арнаулы аушылар, өнім өңдейтін жұмысшылар ұсталды. 

Қызыл балықтарды  аулау  үшін  арнаулы қармақтар – ілгекті  бақандар пайдаланылды. Оларды  бақаншылар (баграгей) мен  шотаяқшылар  (подбаревалщики, көмекшілер) деп атады. Бір сөзбен  айтқанда  Гурьевте  балық аулау  өндірісі  алғашқы  күннен қарқынды жүрді. Әсіресе қызыл балық аулау кәсібі  жас қаланы бірден  даңққа  бөлеп, атын алысқа танытты. Оны жергілікті казактар  әнге  қосып, «Күміс  қақпақты  алтын шыңырау  Ақ Жайық» деп шырқады. Бұл күнде  көзі азайып, барының өзі  жасарып бара жатқан  қызыл балықтар  тым ертеректе  ерте көктемде Жайық өзеніне  аса мол көп шығады екен. Академик  П.С.Палластың   жазуы  бойынша олар ерте  көктемде әлгі үйшіктерге симай, кейбірінде қысыммен оларды  жарып та  жіберетін көрінеді. Соған сай олардың  аулануы да  аса мол және  қарқынды  жүрген. Мәселен, 1770  жылдарда Гурьевте көктемгі  балық аулау  кезінде  ұзын саны 800 мың данаға  дейін балық  ауланып, олардан 150 мың  пұт  уылдырық  өндірілген. Немесе  тек шоқыр аулаудың  өзінен батаға  иелері 24 мың  сом күміс  ақша пайда  тауып, күздегі ау (бекіре мен қорытпа), қыстағы ілгек бақанмен (бекіре)  балық  аулау   мөлшері де  осыншалықты  пайда әкелген.

Уақыт өте Жайықтың қызыл балығы патшалы Ресейдің аса пайдалы және құнды байлық көзі – азық түріне айналды. Ол Ресейдің ішкі сауда рыногы былай тұрсын, шетел асып, Италия мен Францияның   дәулетті жандарының  дастарқандарында  салтанатты тағам  түріне айналды. Соған сай оған деген сұраныс артып, қадағалау күшейді. Бұдан былай Сенат жарлығына сай Жайық казактарына  Гурьев қалашығы және оның төңірегі қазыналық  балық өндірісі деп танылып, өзгелерге балық аулауға тыйым салынды. Былайша айтқанда қызыл балық тек Гурьевтер иелігіндегі тауар түріне айналды да, өзге тұрғындардың аулауына рұқсат етілмеді. Сондай-ақ осы кезде өзен бойының байырғы тұрғындарына айналып бара жатқан Жайық казактарының  бекіре тұқымдастар мен оның өнімдерін  Астраханға асырып, сатып, өткізуіне рұқсат етілмеді. Ал Гурьевтердің өздері болса, аталған балық, оның өнімдерін Астраханда, болмаса Еділ бойындағы  басқа да қалаларға апарып, сатуына толық құқылы еді.

Қала ірге көтерген алғашқы 27 жылда жаңа иеліктер қазынаға тек су маржандарынан 500 мың сом күміс ақша баж салығын түсірген. Бұл сол кездің бағамымен өлшегенде өте жоғары көрсеткіш болатын. Оны ұлы  ағзамның  1679 жылғы 4 желтоқсандағы Михайло Гурьевке тапсырған ілтипат Грамотасындағы «... ал біздің  государь қазынасына  олардың (Гурьевтердің) Жайық учугіндегі  жаңа зауытының  ақша қазынасына алымнан да (откуп), уылдырық өндірісінен де, баж салығынан да барлық қалаларда пайда көп» деген жолдарынан  да анық байқауға болар еді.

Ол рас. Солтүстік  Каспийдің Жайық өзені құятын қолтығында бұрын-соңды болмаған қазына қақпағын  ашты. Сол арқылы Ресей қалтасын өсіріп, даңқын жайды. Сөйтіп бұл өңірде  мемлекеттік сауданың негізін салушы шикізат қатарынан балық пен тұз берік орын алды. Жылдар өткен сайын мұнда ауланатын балық көлемі де өсе түсті. 1718  жылы  наурыз-қыркүйек айларындағы науқандық аулау кездерінде  8144  дана қызыл балық ауланса, осы кезгі  жазғы кеме қатынасы қозғалысының  кіріс-шығыс кітапшасының тіркеуінде патша сарайы мен орталық губерния  базарларына  4870  қорытпа балығы, 3441 бекіре, 16900 шоқыр, 115 күбі жаншылған қара уылдырық, басқа да балық түрлері жөнелтілгені жөнінде мәлімет бар.

1751 жылдың наурызында  Жайық балық кәсіпшілігі саудаға түсіп, оны Жайық әскерлері басшылығы жылдық төлемі  5406 сом көлемде жалға алды. Олар бұдан әрі жылдың үш мезгілінде науқандық балық аулауды ұйымдастырып, тек шоқырдың аулау көлемін 800 басқа жеткізіп, олардан алынатын уылдырық көлемін  50 мың пұт немесе ақшалай табыс мөлшерін  24 мың сом күміске теңеген. Күз айларында бекіре, корытпа балықтарын аулап, табыс тайқазанын  асыра түсіріпті.

Ағайынды Гурьевтер, кейін балық шаруашылығымен айналысқан жергілікті тұрғындар жаңа қоныста, яғни Жайық өзенінен балық аулаудың, соның ішінде бекіре тұқымдас су маржандарын терудің  жаңа  тың  өзіндік тәсілдерін өмірге енгізу, бұрынғы, байырғы тәжірибесін  үйрену мүмкіндігіне ие болды. Ауланған өнімді қоймаларға  ұзақ уақыт сақтау және оны сұранысқа ие болатын сапада өңдеп, кептіру, тұздау ерекшеліктерін де үйренді.  Өйткені Гурьев  Каспий теңізінің бір бүйірінде жатқандықтан  тұрғыны мол, сұранысқа ие қалалардан жырақ. Сондықтан осыншалықты шалғайдағы мекеннен орталық қалаларға  ауланған өнімді жас,  сапалы күйінде жеткізу қиын. Ендеше  жоғарыдағыдай күйде тұздап, қақтау, ыстау, ұзақ уақыт  салқын да  қараңғы жерде ұстау, содан соң ғана сауда орындарына жеткізу әдетке айналды. Ол үшін ең негізгісі  лайықты қоймалар салу үрдісі керек еді. Осыған орай  гурьевтік балық өндірушілер  қыс мезгілдерінде  көп мөлшерде мұзбен толтырылған  жерасты  ұраларын салуды (кейде қазақтар оны бұйқыт деп те атады) әдетке айналдырды. Ол жерде сақталынған қандай өнім  де  тоңазытылған күйінде өз сапасын жоймайды.

Бір ерекшелігі Каспий теңізі су маржандарының  атасы – бағалы қызыл балық түрлері негізінен осы су қоймасында, көбіне-көп теңіздің терістік бетінде өседі. Уылдырық шашар кезінде Жайық өзенінің тұщы сулы аңғарында ағысқа қарсы жоғары өрлеп барып тұқым шашады. Бұл әкелі-балалы Гурьевтердің  даңқын асырып, байлығын тасытты. Тәтті балық еті мен тіл үйірген  уылдырығы  ауыздарынан суын ағызған ұлы ағзам және оның айналасындағылар осыған сай аталған балық иелеріне  ерекше назар аударып, олар тұрғызған жаңа қонысты әскери күзеттегі айрықша нысанға айналдырды. Дәлдеп айтқанда Гурьев патшаны  балық түрлерімен  жабдықтаушы казак  сарбаздары қаласы атанды. Аталған дәстүр 1917 жылға дейін сақталды.

Соған сай бұл қалаға  бөгде  өз бетімен келушілер аз, тек балық өндірісіне қатысты  казактар ғана  ерекше бақылаумен орналасты.  Екі қабатты үйлері аз, негізінен күйдірілген қызыл кірпіш не өзге орманды жерлердің қалаларынан жеткізілген қарағайдан қиылып салынған ағаш үйлі қала болды. Әрине  әлгіндей бағалы құрылыс материалдарын табу қарапайым жай шаруаның қолынан келмейтіні белгілі.  Ол үшін бағалы байлықтың  бір ұшында үлесі жүрген ауқатты жан болуы керек. Ендеше әрбір еңселі, екі қабатты үйлердің ауласы кең, жертөлесі биік  және ұралары терең болып келді. Кейбірінің жертөлеге айналдырған балық базасына  Жайық өзенінен қайықтардың  тіке келіп кіретін өзек арналары да жасақталды. Былайша айтқанда айдыннан ауланған балық   тікелей жерасты қоймалары немесе барынша кең  балық өңдеу  аулаларына  жиналады да, осы жерде ұқсатылады.

Жылдар өте қалада көшелер қатары өсіп, тек орыстар емес, Қазанның саудагер татарлары, мал өнімдерін базарға шығаратын қазақтар  да  еңселі үй көтеріп, өрнекті қарағай ағаш, тас үйлер қатары өсті. Мүмкіндігі жетпегендер Жайық  жағалап қамыстан, шикі тастан  саман үйлер салып алды. Ертеде қалаға жолаушылар негізінен үш бағытта – Астрахан, Орал қалалары мен Шығыстағы Бұхара, Хиуа  беткейден  келетін.  Осы себепті көне Гурьевте Астрахан, Хиуа көшелері (Хиуа көпірі, Бұхара жолы, Орал, Самара қалалары), Қараөткел бағыты (Сокол жолы) деген негізгі тарамдар болды. Қала орталығы қазіргі «Ренко» қонақ үйінің терістік беті, бұрынғы қалалық бақтан айнала орналасты. Ортадағы алаңқайда тұрғындар жиыны өтетін.

0_17f5c4_17091013_XXXL

Қазақтардың Гурьев қаласына бірте-бірте  жақындап, қоныстана бастағанына  140-150 жылдың ғана шамасы болды. Оған дейін  негізінен  базаршылап немесе керосин, сабын, ине-жіп, киім-кешек, басқа да  тұрмыстық  заттар алу үшін ғана келетін.

Гурьевте ертеде тұрғын  үйлер  сауда нүктелерінен  басқа, орталық зираттық шіркеу, Николай Чудотворец  храмы (ол 1930 жылы бұзылған) ғана болды. Оның өзі аумағы кең, мұнарасы аласа, іші алтындатқан әшекейлі қымбат тастармен  көмкерілген икондарға толы құдай үйі еді. Жайық жағасында  татар мешіті, одан сәл  әрірек  орыстардың  көне ғұрыптағы  жергілікті діндарлардың  часовка  тұрпатындағы шағын ғана  «кулугур» шіркеуі орын тепті. Кеңес дәуірі тұсында оның орнын облыстық  тарихи-өлкетану мұражайына пайдаланды. 1883 жылы  қалада діндарлар үшін  Успен соборы тұрғызылды. Осы жерде адамдарды, аттылы арба, пәуескелерді Жайықтың келесі бетіне өткізетін, бұрындары Хиуа көпірі деп атаған  қалқымалы  паром болды. Онымен көктем, күз кездерінде қазақтар өздерінің  үйір-үйір жылқылары мен отар-отар қой-ешкі, келелеген түйелерін өткізіп, жайлаулыққа шықты немесе қыстау орындарына оралды.

Өткен ғасыр басында  Жайық үстіне алғашқы  ағаш көпір салынып, жүргіншілердің  өзеннен  тәулік бойы  өтуіне мүмкіндік туды.

Қала орналасқан жердің   табиғи жағдайына орай көшелер құрғақта шаңдатып, ылғалды мезгілде  лай-балшықтанып, тым қолайсыз еді. Өйткені қала табанының топырағы әуелден құдауыт емес, сортаңданған тұзды шаңытқан лай топырақты болғандықтан су өткізу қабілеті нашар. Сондықтан сәл ылғал түссе шалшық, балшық, батпақтанып жатады.

Жаздың ми қайнатқан ыстық күндерінде жер бетін тұтас жауып жатқан лай топырақтар шыт-шыт жарылып, лүп еткен желден тұзды сортаң шаңытқа айналып, аспан мен жер арасы тұтасып та кететін сәттері бар. Әйтсе де Гурьев қаласы  қай кезде де лас-қоқыстан таза, жинақы болатын. Өйткені әр үйдің  тұрмыс қалдықтарын төгетін арнаулы орындары  болды. Сондықтан олар еш  нәрсені  көшеге шығарып, төгіп, тәртіп бұзбаған. Керек десеңіз кейінгі жылдары  қала тұрғындарының  дені мал  ұстады.  Бірақ олар  да  ортақ тәртіптен шығып  көрген жоқ.  Мұның  өзі қала  мәдениетінің  артуы,  адамдардың тазалыққа  бет бұруына  негіз қалады.

0_17f5ab_337ed563_XXXL

Суреттер  ғаламтордағы ақпарат көзінен алынды

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қаланың экономикалық-әлеуметтік тынысы кеңіді. 1852 жылы  Гурьев қаласына орыстың атақты саяхатшысы, Атырау өңірін көп зерттеген ғалым-өлкетанушысы Г.С.Карелин  көшіп келіп, өлке жайлы көп жылғы зерттеу жұмыстарын жинақтап, қағазға  түсірді. Бірақ үлкендік меңдеп, құлағы естімей қалған тұста – 1872 жылы кенеттен үйі өртеніп, әлгі мол қолжазбасы мен бай кітапханасы отқа оранды. Бұған қатты қайғырып, қапаланған ғалымның өзі де көп кешікпей (12.ХІІ.) қайтыс болды, қала сыртындағы зираттардың біріне жерленді.

1865 жылы Орал губерниясында  түрлі әкімшілік өзгерістер болып, Гурьев жеке уез атанды. 1867-1868 жылдарғы патшалық реформадан соң 1869 жылы Орал  облысы құрылып, Гурьев уезі оның құрамына енді. Орталығы Гурьев қаласы болып жарияланды. Осы жылы  Гурьев пен Астрахан қалалары арасына алғашқы  жүк тасымалдау кемелері қатынай бастады. Мұның өзі Гурьевте тауар айналымының   жақсарып,  сауда-саттықты дамытты. Орал  қаласына жолаушылар таситын арнаулы пороходтар  тұрақты түрде жүре бастады.

1885-1886 жылдары  қала халқының саны 5910, ал 1897 жылы 9322 адамға жетіп, ғасыр соңында уездің  жер көлемі 58243,1 шақырымды қамтып, онда 5 казак станицасы, 17 қазақ болысы, 3 кент болса, тұрғындар саны 119063 адамға өсті. Өңірдің негізгі кәсібі өндіріске ауып, балық аулаумен қоса май қайнату, мұнай өндірісінің құралдарын жөндеу, ағаш шеберханалары мен кірпіш күйдіру цехтарының саны  артты. Қалада жастарды сауаттандыруға арналып гимназия, бес  жылдық екі басқышты орыс-қазақ мектебі, теңізшілер сыныбы ашылды. Бірақ оларда іріктелген санаулы балалар ғана оқыды. Өйткені негізінен орыс нәсілді тұрғындары көп Гурьевтің атаманы жергілікті казак, одан қалды басқа жақтан келген  әлді көпестер болатын. Қалада дәріхана, екі ғимараттан тұратын емдеу орны, почта-телеграф бөлімшесі, банк, ауа  райын  болжау стансасы, әйелдер гимназиясы жұмыс істеді. Барлық хат-хабар, корреспонденциялар  Орал қаласына жеткізіліп, одан әрі таратылатын. Бәрі де ат, арба арқылы  лауланып  жеткізілсе де белгілі дәрежеде жеделденіп, тез жүзеге асатын.  Мәселен, осы  жерден жөнелтілген хат  Санкт-Петербургке  араға алты  күн салып, иесінің қолына тапсырылатын.

Әрине, әуелден бал татыған бекіресімен аты шыққан қаланың негізгі кәсібі, яғни тіршілік көзі балық болатын. Мұнда атақты кәсіпкерлер Чампановтар мен Морозовтар  және Кутузовтар жылына 3 млн. пұтқа жуық қызыл балық түрлерін аулап, Астрахан, Орал қалаларының тұтынушы сауда орындарына жөнелтіп отырды. Жайық өзені жағасында, теңіз тамағында – сал үстінде самсаған балық базары  қысы-жазы қызып жатты. Оны Плотовин  базары деп те атады. Балықшылар өздері аулаған су маржандарын  осы базарға әкеледі де, көтеріп алушы саудагер көпестерге өткізеді. Олар қабылдап алған өнімдерін арнаулы жаппалар астындағы өңдеу орындарында (лаваздарда)  тазалап, бөлшектеп, тұздайды. Кейбірін тұтас күйінде әдейі жасақталған ыдыстармен Еділ бойындағы қалалардың  базарларына жөнелтеді, тіпті одан да әрі асырады.

Плотовин базары, керек десе оны айлақ десе де болар, ұдайы хан базарындай қайнап, көпестер  мен  мұзбалақ балықшылардың  қызылкеңірдек қызу сауда, «берушіге бесеу аз, алушыға алтау көп» болып тәжікелесер ортасы еді. Бастырма жанында ертелі-кеш түтіні будақтаған наубайхана қоңырая піскен күлшені  қазандықтан суырса, бір жағында сегіз санын көзге елестетін ширатылған тоқаштар мен ып-ыстық самсалар сатылады. Ал қаланың үйлеріне  көз салсаңыз шілтерлі  балкондарында  майлары тамып, көз жауын алған ірі қарагөздер тізіліп, кептіріліп тұрады. Жанында тағы да қызыл балықтар қақталып, сүрленген күйіндегі иісі мұрын жарады. Бұл әсіресе мұз астынан балық ауланған  қыс, ерте көктемдердегі ықыласты көріністер.

Қала үйлерінің өз салтанаты бар. Кең дәлізді ауланың бір  шетінде атқора не сиыр аулалары. Одан әрі  монша орналасса, іргесінде  жерасты  ұралары тағы бар. Оның өзі қазіргі мұздатқышыңнан он есе артық. Өніміңді  сол қалпында сақтап, дәмін жоймайды. Қайта сүрлеп, бабын келтіреді.

Қала тірлігі өзінше әлем. Әсіресе  керімсал көктемнің әсем бір кештерінде казактың үйінде  мақпал түнді бұзып-жарып балалайка ойнап, тағы да орыс сырнайының әсем сазы барлыққан әнмен ұласса, қазақтар қою құла шайына  қоңыр домбыраның  мұңдылау сарынын қосып, әдемі әуелетеді. Бұл кезде қала үстінде тамаша бір  саз қалықтап, аса ықыласты  ымыртты шақтар  мүлгиді. Шаруа жай, Жайық бетінде оқтын-оқтын  балық шоршып, жағасындағы шоқ қамыстардың лайлы батпағында бақа шулайды.

Кеңес өкіметі орнағанға дейін Гурьев қаласы тұрғындары тек балық өндірісімен айналысып келді. Кейінде  кешегі  тоқсаныншы жылдардың басына дейін  балық ең арзан байлық түрі болып есептеліп, өкіметтің негізгі өндірісінің біріне айналды.  Қазан төңкерісіне дейін балық жеке қожалықтардың  иелігі саналып, қайда сұраныс, ақшаның мол қоры болса, сонда жеткізілді. Ал кеңес дәуірінде бәрі де  бір орталықтан басқарылып,  аулау да, өткізу де  жоспарлы түрде, бірақ одақтық сұранысқа сай жүргізілді. Ол, ең алдымен,  жергілікті  өңірдің өсуінің  ықпалды күші  деп есептелді. Ол үшін  сол саланы, яғни балық өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударылды. Аталған сала  адамдарын ынталандыру, көтермелеуге  көңіл бөлінді. Бұл жоғарыдан қозғалған ұсыныс еді. Деректі орындардан берілген нұсқау төменгі буындар үшін міндет. Осындай талапты құп алған Жайық-Каспий  бассейнінің  балықшылары 1921 жылдың  көктемгі балық аулау маусымында Отан қоймасына  431079 пұт су маржанын өткізіп, тапсырманы  негізгі нысанаға қосымша төрттен бір көлемде  асыра орындады.

Елімізде осы кезде балық шаруашылығымен айналысатын  арнаулы трест ашылып, онда ірі 30 кәсіпорын жұмыс істеді. 17 балық зауыты болды. Одақта балық аулау ісі бір ізге түсті, орталықтан басқарылды. Бірақ  жаңа құрылған  ел, оның  жас  өндірісінің материалдық-техникалық базасы әлі төрт аяғынан тең басып, толық жабдықталған ештеңесі жоқ еді. Себебі балық аулау мен  өңдеуге қажетті құрал-саймандарды  жасап шығаратын үлкен зауыттар әлі іске қосылмаған-ды. Барларының өзі әлсіз, шағын ғана цехтар, кәсіпорындар ғана еді. Соған сай балық өңдеу зауыттары дегеніміздің өзі  бұрыннан бар сүзгі, қол арба, зембіл сынды қарабайыр құралдармен жарақтандырылған, қызмет түрі қол күшімен атқарылатын-ды. Бірақ жаңа қоғам енді ғана аяғына тұрып, басқару, ұйымдастыру  ісі  жаңаша жүргізілген елде қалай дегенде де ілгерілеу байқалатын. Осыған сай балық өндірісі де бірте-бірте дамыды. Алғашқы бесжылдық тұсында өңірде жылына 150 мың центнер  балықты мұздата алатын орын салынып, ондағы жұмыстардың  барлығы да мүмкіндігіне сай электрлендіріліп, механикаландырылды.

1931 жылдың  4 қазанында Гурьев  қаласының теңіз бетіндегі  Жайық өзенінің  Каспийге құяр сағасындағы  қалың қамыстың  қақ ортасынан  өңірдегі алғашқы кәсіпорын – Балықшы балық құты комбинатының  қадасы қағылды. Оған сол кезгі КСРО  Тамақ өнеркәсібі  Халық Комиссары А.М.Микоянның өзі қатынасып, құрылысшыларға тың міндет артып, табыс тіледі.  Құрылыс алғашқы күннен қарқынды жүрді. Дегенмен жаңа зауытқа қажетті бөлшектерді жеткізудің қиындығы туды. Ол кезде Гурьевке  темір жол келмеген. Автокөлік деген жоқтың қасы. Жалғыз ғана су қатынасы, оның өзі тек Астраханға ғана бара алады. Ақыры  осы  мүмкіндікті пайдаланып, қажетті құрылыс материалдарын  Астраханнан тасып, сол баяғы сүймен, зембіл, жеңіл қоларба, күректің күшімен болашақ зауыт бой көтерді.

Сайып келгенде  жаңа зауытты салу бар да, онда жұмыс істейтін бесаспап адамдарды  табу  тағы бар ғой. Міне, екінші  бір қиындық осы арада туындады. Тәжірибесі мол мамандар өзге қалалардан шақырылды. Олар күндіз жұмыс істеп, кешкілік  жергілікті жас жұмысшыларды оқытты, мамандыққа тәрбиеледі. Ал жас жұмысшылардың көбі  қаладан, аудандардан жинақталды. Сөйтіп  аз уақытта  негізінен қарапайым, шала сауатты адамдардан  қажетті мамандар әзірленді. Олардың ішінде түрлі ұлт өкілдері бар еді. Халықтар достығының  бірлігі мен ынтымағы осы арада байқалды. Былайша айтқанда бұл қаладағы алғашқы  ірі өндірістік  кәсіпорын болып табылады. Зауыт іргесінен болашақ  жұмысшылар тұрағы – Балықшы кентінің  іргетасы қаланды. Үйлер тұрғызылып, алғашқы әлеуметтік нысандар іске қосылды.

Екі жылдан соң, 1933 жылдың  6 қарашасында аталған зауыт іске қосылды. Ол алғашқы күннен қарқынды жұмыс істеді. Құрамында 2391 жұмысшы мамандары бар бұл ұжым  жыл аяғына дейінгі 55 күнде 201300 дана құтыланған балық  өнімдерін  тұтынушылар  дастарқанына  жеткізді. Сөйтіп бұл кезде атыраулық балық өндірушілер бұрынғыдай  тек қақталған қызыл балықтар  мен  жаншылған уылдырықтар ғана емес, құтыланып, мұздатылған, кептіріліп, ысталған балықтарды  еліміздің 300-ден астам  қалалары мен  ауыл-селоларына жөнелте алатын жағдайға жетті.

Комбинат қала шеңберінде ірге тепті, өсті, өркендеді. Оған қажетті шикізаттар облыстың  Жылыой, Теңіз, Новобогат, Есбол, Бақсай аудандарының су қоймаларынан жеткізілді. Оларда болашақ  республика Балық өнеркәсібі Халық Комиссары Шайхы Әбішев, республика парламентінің алғашқы депутаты Сапура  Елеусінова, Құмар Жұмаханов, Петр Феодорович Филиппов, Социалистік Еңбек Ері Айнаш Байжігітова, Ленин орденді Хадиша  Шәріпова, Алла Григорьевна Юдинцева, Балажан Тәжікеновалар жұмыс істеді. Ел құрметіне бөленді, халық қалаулылары атанды. Саланы басқару ісінде Ф.Котельников, С.Намазғалиев, Б.Сүлейменов, Қ.Әлиев сынды жас мамандар жұмыс істеп, биікке көтерді.

Өткен ғасырдың аяғына дейін  бекіре тұқымдас балықтар негізінен табиғи су қоймаларында өндірілді  және олар Каспий теңізі бассейндерінде ауланды. Аймақта ең жоғары көлемде бекіре балығының ауланған кезі – 1977 жыл. Сол жылы мемлекетке 11 мың тонна қызыл балық ауланып, өткізілді. Қазірде қаламызда бұрынғыдай алып зауыт, өндіру мүмкіндігі жоғары кәсіпорындар жоқ. Өйткені әр қоғамның өзіндік сұранысы, өндіру тәсілі, қажеттілігі бар. Оның үстіне сонау бір тоқсаныншы жылдарғы  аласапыран шақта табиғат байлығына  Каспий теңізі айналасындағы  балық тұтынушы елдердің  ашкөздене  берекесіздікпен қол сұғуы оның қорын күрт төмендетіп жіберді. Бұл теңіздің балық байлығына айтарлықтай нұқсан келтірді. Соған сай  2010 жылдан бастап мұнда  қызыл балық аулауға  үзілді-кесілді тыйым салынған, тек ғылыми аулауға ғана  мүмкіндік бар. Есесіне оның қорын молайтуға күш біріктірілуде. Қазірдің өзінде Атырауда 2  шабақ өсіру зауыты бар. Олар жылына 7,5 млн.-ға жуық  қызыл балық шабақтарын үлкен суға жөнелтеді. Егер талдай түссек, 2012 жылы Атырау және Жайық-Атырау  бекіре зауыттары  7,3 млн. шабақты суға жіберсе, оның 268,2 мың басы бекіре, 6,7 млн. басы шоқыр, 345 мың басы қорытпа тұқымдас.

Қазірде Томарлы селосында  тағы да «Caspian  Royal  Fish» ЖШС-нің  жылдық қуаты  100 тонна  тауарлы балық, 1 тонна  уылдырық, 100  мың  дана қызыл балық  шабақтарын  өсіруге мүмкіндігі  бар кешен  іске қосылып,  жұмыс істеуде.

Ал жергілікті тұрғындардың күнделікті сұраныстарын өтеу үшін жекелген  кәсіпкерлер тиісті орындардың  заңдастыруымен қара балық түрлерін сатады немесе жартылай әзірленген, болмаса тұтастай өңделген өнімдерді сауда сөрелеріне қояды. Қалада 12  кәсіпорын балық аулау, зерттеу  және  балық өнімдерін өңдеумен айналысады.

Қала өнеркәсібінің бастауында бірінші болып балық өндірісі 2 жарым ғасырлық  тарихына сай  тағы да көш бастаса, екінші кезекте  мұнай өндірісі алдыңғы орынға шықты. Бұл арада сөз тарихи кезегі бойынша ауызға алынуда. Ал егер қала бюджетіне  қосатын үлесіне сай есептесек, ол бүгінгі таңда  бірінші  лекке шығар еді.

Өңірде мұнайдың алғашқы белгілері ХІХ ғасырдың  соңғы он жылдығында байқала бастаса, 1909 жылы Гурьев қаласына мұнай мәселесіне орай шетелдік өкілдер келді. «Ағайынды Лемандар» қоғамынан мұнай  ұңғымаларын сатып алған ағылшынның «Шелл» компаниясы қалада өзінің алғашқы шеберханасын ашты. Арада екі жыл өткенде Атыраудағы  мұнай іздеуші шетелдік қоғамдардың саны онға жетті. Доссорда мұнай өндіріле бастады.

Төңкерістен кейінгі жаңа қоғамның қажеттіліктеріне орай 1920 жылдың қазан айынан бастап  бұрынғы тұрып қалған Ракөш  мұнай айдау зауыты өз жұмысын жалғастырып, 1921 жылы қалада керосин шығаратын  шағын зауыт іске қосылды. 1929 жылдың тамыз айында «Ембімұнай» тресі Доссордан қалаға қоныс аударып, 1930 жылдың 2 мамырында мұнай кәсіпшіліктеріне  төрт мамандық бойынша орта буын мамандар дайындайтын үш жылдық Гурьев мұнай-кен техникумы ашылып, оған директор болып А.Н.Бушнев, оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына Ө.Есмұрзин тағайындалды.

1935 жылы «Ембімұнай» тресі құрамынан жаңа мұнай  айдау мекемесі құрылып, өз алдына енші алды. Осы кезде желтоқсан  айында  Гурьев-Орск  бағытындағы құбырмен мұнайдың алғашқы тасқыны жөнелтілді. Келесі жылы «Ембімұнай» тресінің орталық ғылыми-зерттеу зертханасы  өз алдына мекеме болып бөлініп шықты.

            1940 жылдың  орта тұсында жаңадан мұнай өнеркәсібі құрылысын дамытуға арналып, «Ембімұнайқұрылыс» тресі құрылып, осыған дейінгі өмір сүрген «Ембімұнай» тресі енді «Қазақстанмұнайкомбинаты»  деген жаңа атауға ие болды.

Соғыс  жылдарында  мұнайдың қорғаныс саласындағы қажеттілігі аса жоғары болды. Осыған орай  Гурьев  қаласында алғашында №441 атанып, кейін мұнай өңдеу зауыты делінген өңдеу кәсіпорны құрылысы қолға алынды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты – Қазақстан  мұнай өңдеу саласының алғашқы қарлығашы. Зауытты жобалау КСРО Мұнай өнеркәсібі Халық Комиссариатының жоспарлы тапсырмасы негізінде 1943 жылы басталды. Техникалық жобаны американдық "Баджер и сыновья" фирмасы жасаcа, түзету жұмыстары  КСРО Мұнай өнеркәсібі Халық  Комиссариаты № 1 мемлекеттік тресінің жобалаушы ұйымы тарапынан жүргізілген. Жергілікті жағдайға ыңғайлау жұмыстарының авторы - "Эмбанефтьпроект" жобалаушылары. Құрылыс соғыс  жағдайында жүргізіліп, оған  10 мыңнан астам адам қатысқан. Зауыт 1945 жылдың 8 қыркүйегінде пайдалануға берілді. Алғашқы өнім – автокөлік бензині.

Зауыттың  жылдық өңдеу қуаты 800 мың тонна болды. Жұмысы Ембі кен орындарының мұнайына, Бакуден тасылып әкелінетін дистиллятқа негізделді. Зауыт алғашқы күннен бастап отындық нұсқа бойынша дамып, авиациялық және автомобильдік бензиндер, әртүрлі моторлық және қазандық отындарын шығарумен айналысты. Батыс   аймақтың дамуына, мұнай өндіру көлемінің артуына сәйкес зауыт 1965 жылдан бастап тасып әкелінетін қымбат дистиллятты қайта жаңғырту жолымен өздері шығаратын дистиллятқа ауыстыру жөніндегі мәселені қарай бастады.

0_180bc1_710b1c73_XXXL

Өткен  ғасырдың  60-жылдары жаңа технологиялық қондырғылар салу арқылы мұнай өңдеу көлемін арттыру бағыты ұсталды. 1969 жылдан бастап 2006 жылды қоса зауытта мұнайды бастапқы өңдейтін ЭЛОУ-АВТ-3, 1971 жылы ЛГ-35-11/300 каталитикалық риформинг қондырғысы іске қосылды. Ал 1980 жылы Қазақстанда алғаш рет баяу кокстеу қондырғысы салынды. Оның шикізат бойынша жобалық қуаттылығы 600 мың тоннаны құрайды. Тоғыз жылдан соң, 1989 жылы қондырғылар қатары мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысымен толықты. Шикі кокс бойынша қондырғының өнімділігі - жылына 140 мың тонна. 2000 жылы жылдық қуаттылығы 600 текше/сағат техникалық азот шығару қондырғысы пайдалануға берілді. 2006 жылы қуаттылығы 1200 мың текше/сағат екінші техникалық азот шығаратын қондырғы іске қосылды. Мұнай өңдейтін технологиялық қондырғылар қайта жарақталып, соның арқасында жылдық қуаттылық 5 миллион тоннаға жетті.

2003-2006 жылдар арасында зауытта қайта жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі жүргізіліп, АМӨЗ жапондық «Джей Джи Си» және «Марубени Корпорейшн» компанияларымен серіктестікте жұмыс жасады. Қайта жаңғырту барысында жаңадан бензинді сутекпен тазарту және изомерлеу, дизель отынын сутекпен тазарту және парафинсіздендіру, сутек тазарту және шығару, түйіршіктеу блогы бар күкірт шығару қондырғылары салынып, пайдалануға берілді. Қолданыстағы қондырғылар да қайта жарақталды. Қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі бөлінген күкірттен тауарлық өнім алу үшін қайта өңдейтін гидрокүкіртсіздендіру технологиясын енгізуге бағытталды. Бұған қоса зауыттың тазарту  ғимараттары қайта жаңғыртылып, қою түсті мұнай өнімдері эстакадасы жаңартылды, жаңа алау қондырғысы салынды. Сарқынды суларды биологиялық тазарту қондырғысы іске қосылып, нәтижесінде булану алаңына жіберілетін сарқынды су сапасы әжептеуір жақсарды. Қазандардың үлкен және кіші «тыныстаулары» кезінде түзілетін жеңіл фракцияларды аулауға арналған газтеңестіргіш сызбамен жарақталған мұнай, қарамай, дизель отыны, автокөлік бензинін сақтауға арналған жаңа қазан парктері пайдалануға берілді. Өндіріс орнының экологиялық сипаттамасын бағалау кезінде өрт және жарылыс қаупі ескерілді. Осы мақсатта зауыт автоматты бақылау, хабарлау және өрт сөндіру жабдықтарымен жарақталған.

Бүгінде АМӨЗ-да  автокөлік бензинінің  К-2 экологиялық класына сәйкес келетін АИ-92-К-2, АИ-95-К-2, АИ-98-К-2 маркалары шығарылады. Шығарылатын жалпы бензин көлеміндегі жоғарыоктанды бензин өндірісі қайта жаңғыртуға дейінгі 7 пайыздан 45 пайызға дейін өсті. Шығарылатын дизель отындары да К-2 класына сәйкес келеді және кей бөлігін  К-3,4 деңгейіне сәйкестендіру мүмкіндігі бар. Олар қазіргі заманғы дизельді қозғалтқышты жеңіл және жүк көліктерінде қолдануға арналған. 2014 жылы өндірілген экологиялық таза дизель отынының өндірісі 100 пайызды құрады. Ал 2007 жылы бұл көрсеткіш өндірілген дизельдің  0,7 пайызын ғана құраған болатын.

2003-2006 жылдардағы қайта жаңғырту мұнай өнімдерінің сапасын арттыру және қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған негізгі міндеттерді шеше алды.

Өндірісті қайта жаңарту қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтардың азаюына, су айналым коэффициентінің артуына, энергия ресурстарын пайдалану деңгейінің төмендеуіне сеп болды. Бастысы – мотор отындарының сапасы артып, өндірілетін өнім түрлері көбейді.

АВТ-3 қондырғысының вакуумды блогын қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде вакуумды газойл өндірісі артты.

2008 жылы отын сапасын Еуро стандарттары бойынша тексеруге мүмкіндік беретін жаңа заманғы жабдықтармен жарақталған «Орталық зауыт зертханасы» сынама орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

«Ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы» жобасында қарастырылған 4 стационарлық және 1 мобильді атмосфералық ауаны қадағалау қосындары 2009 жылдың желтоқсанында Мемлекеттік комиссия акты негізінде зауыттың санитарлық-қорғаныш аумағында іске қосылды. Барлық қосындардан ауа туралы мәлімет орталық серверге түсіп, онлайн түзімінде «Атырау гидрометеорология» ЕМК-на жіберіледі.

Қайта жаңғыртудың екінші кезеңі - 2010 жылдың қазанында бастау алған ароматикалық көмірсутектер кешенінің құрылысы. 2014 жылдың желтоқсанында өткен «Жаңа индустрияландыру және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» атты жалпыхалықтық телекөпір  барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатымен кешенді іске қосу – баптау жұмыстары бастауын алса, 2015 жылдың шілдесінде  жаңа өнім – бензолдың алғашқы партиясы алынды.

Қайта жаңғыртудың үшінші кезеңі – мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені. Жобаны жүзеге асыруға зауыт 2012 жылдың желтоқсанында кірісті.

1999 жылдың ортасынан бастап зауыт акциясы бақылау пакетінің (86,7%) ұстаушысы "ҚазақОйл" Ұлттық мұнай компаниясы жабық акционерлік қоғамы, кейін "ҚазМұнайГаз" ҰК" акционерлік қоғамы болды. "ҚазМұнайГаз" Қайта өңдеу және маркетинг" АҚ 2005 жылдан бастап 99,17% үлесті иеленуші болып есептеледі.

Қаланың кеңестік одақ кезіндегі өндірістік дамуда айтарлықтай орны бар кәсіпорынның бірі – Гурьев химия зауыты еді. Қазірде ол жоқ.  Десе де сол бір жылдарда аталған ұжым  қала өндірісінің ту ұстаушыларының бірі болды. Оны салуға, өндірістік қуатын игеруге Гурьев халқы айтарлықтай үлес қосты. Мұнай өңдеу, машина жасау зауыттары мен автокөлік кәсіпорындарының жұмысшылары, құрылысшылары  жаңа  зауыттың  құрылыс алаңында қызу еңбектің  үлгісін танытты, цехтар салынды, жабдықталынды. Бірақ негізгі жұмыстарды «Гурьевнефтехимстрой» тресінің құрылысшылары жүргізіп, кейін сол іске араласқан  құрылыс-монтаж бригадасы  ірілендіріліп, «Химстрой» деген жаңа атауға ие болды.

«Химстрой» кейіннен  аталған  ұжымның Атырау мұнай өңдеу зауыты  сияқты  тұтас өндірістік-әлеуметтік  кешенге айналуына  айтарлықтай тер төкті. Зауыт қызметкерлеріне арнап әлденеше тұрғын үй, балабақша, басқа да нысандарды іске қосты.

Ал зауыт болса, кейіннен өз өнімдерімен елге танылды. Онда алғашқы күннен  химиялық өнім өндірісінде бас инженер болып А.А.Смирнов, жөндеу-монтаж цехының бастығы О.Б.Томаян, ауысым бастығы И.Темірғалиев, аппаратшы И.Д.Макаровтар  жемісті еңбек етті. Бірақ одақ ыдырап, өндіріс орнының  тығыз байланыста жұмыс істеп отырған кәсіпорындары  шетелдіктерге айналған тұста  химия зауытының шикізат көзі тіптен тұйықталып, өнім шығару мүмкіндігінен айырылды. Бұл бір кездегі  қуатты кәсіпорынның  келешегінен үміт үздірді. Ақыры тоқтап тынды. Әйтсе де бұл күнде мұнайлы Атырауда  аталған зауыттың  қайтадан дүниеге келуіне  жағдайлар жасалуда. Бұл қажеттілік. Ендеше өңірде жаңа кен орындарының игерілуіне орай зауытты тездетіп  іске қосу  кезегі туындауда.

Сол сияқты  1934 жылы механикалық шеберханалар базасында  «Ембімұнай» тресі құрамында  механикалық зауыт қала өнеркәсібінің  қарлығашы ретінде  алғашқы өнімдерін шығарды. Ұлы Отан  соғысы  жылдарында Донбастың   машина жасау зауыты да  осы зауыт негізінде толығып, түрлі жабдық, станок, материалдық қор, мамандармен  жарақтанды. Мұнай өнеркәсібі қажетті түрлі машиналар шығарумен бірге  қорғаныс  қызметіне орай маманданды. Бұл кезде ұжым  қызметкерлері  кәдімгі майдандағыдай станок жанында тік тұрып, күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді. Елімізде жеңіс жалауы желбіреген кезде  аталған кәсіпорын қайта жарақтанып, мұнай өндірісінің техникалық прогресі  мен  автоматтандырылуын  жетілдіруге бағытталған жаңа заманауи  машиналар шығаруға жетілді. Атап айтқанда блоктық-кусталық насос стансалары, ұңғы бұрғылау кезінде сазды ерітінді дайындайтын  араластырғыштарды атауға болар еді. Жаңадан механикалық, қазан-балқыту, құрастыру цехтары салынып, көлік цехы жаңартылды. Зауыт өнімдерін тек Атырау мұнайшылары ғана емес, Поволжье, Ауғанстан, Сирия, маңғыстаулықтар да  үлкен сұраныспен қажетсінді.

Аталған істе Бейсенқұл Үмбетәлиев, Георгий Сумятин, Борис Андреев, ағайынды Ғалиевтер, Иван Горяшкиндер өз озат еңбектерімен  көрінді.  Атырау жерінде мұнай өндірудегі ең негізгі құрал – станок качалкаларды алғашқы болып, шығарған да осылар. Бұл тарихи оқиға болатын, яғни аймақ мұнайшылары аталған станокты бұған дейін  Әзірбайжан, Румыния елдерінен  бірнеше ай бұрын тапсырыс беріп, содан кейін ғана  азар деп қолға түсіретін. Енді оның шешімі табылды.

Бірақ қоғамдағы өзгерістер  оған  да өз салқынын тигізді. Бұрынғы Петровский атындағы зауыт «Заманнефтемаш»  деген жаңа атауға ие болып, өнім шығару, оның түрлерін көбейту мүмкіндігі артты. Жаңа  СКД-6, СКД-8 маркалы станок качалкалар, басқа да түрлі бөлшек, сорғылар шығарыла бастады. Күнделікті тұрмысқа қажетті темір шарбақтар мен қоршаулар, гараждар мен  дербес жылу қазандары, басқа да сұраныстағы бөлшектерге  тапсырыстар берілді.

Қазақстан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолға алып, экономикалық өрлеудің жаңа тетіктерін қолдануда. Республикада бұрын-соңды болмаған тың жобалар жүзеге асырылуда. Ірі өндіріс ошақтары салынуда. Әлемдік нарықта бәсекелестікке сай өнімдер шығарыла бастады. Еліміздің экспорттық әлеуеті артты. Мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Міне, соның бәрі – индустрияландыру саясатының жемісі.

Бүгінде елімізде  Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ойдағыдай аяқталып, күткендегідей нәтиже алынуына Елбасы «Мұнайлы астана» атаған Атырау  қаласы  да сүбелі үлес қосты.

Осы орайда, алдымен, аймақтың көмірсутегі шикізатына өте бай екендігін айтқан абзал. Қашаған кенішін қоса есептегенде, бүгінде жер қойнауымызда 2,5 млрд. тонна мұнай мен екі триллион текше метр табиғи газ бар. Әйтсе де, тек шикізат өндірумен және оны сыртқа тасымалдаумен ел экономикасы қалыпты дамымайды. Турасын айтқанда, экспортқа шығарылған шикізат өзімізге дайын өнім ретінде қымбат бағасымен оралады. Сондықтан болашақта  өңірде  өңдеу саласына баса назар аударылмақшы. Сөйтіп, алдағы уақытта Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іргелі жобалар жүзеге асырылуда. Демек, экономиканы әртараптандыруға баса назар аударылады.

Мәселен, 2014  жылы облыста жалпы құны 10,8 млрд. теңгелік 13 инвестициялық жоба мәреге жеткізілді. Соның ішінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 9 млрд. теңгенің сегіз  жобасы жүзеге асырылды. Олардың бәрі де өзіндік сонылығымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына  жаңа  серпін берді. Бірқатар өнімдер бұрын-соңды, тіпті республикада  шығарылмаған.

Әр жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қала бойынша даму үстінде келе жатқандығын дәлелдейді. Оның негізгі бөлігін «АНПЗ» ЖШС-гі ұстаса, қалған бөлігі «КазТурбоРемонт», «Атыраунефтемаш», «Кеме жөндеуші», «Рауан Налко», «Контракшн KZ», «НовусСилингКаспиан», «Приморский элеватор»ЖШС-тері мен Атырау полиэтилин құбырлары зауыты сияқты барлығы 12 өнеркәсіптік кәсіпорын ұстайды. 2014 жылы барлық меншік түріндегі өнеркәсіптік кәсіпорындардан  138,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, ол көрсеткіш 2015 жылдың 6 айында 76,9 млрд. теңгеге жетті.

Өткен жылы кен өндіру өнеркәсібі мен кеніштерді қазуда 13,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлемінің индексі 115,4 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 88,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Немесе нақты көлемнің индексі 114,7 пайыз.

Қала бойынша аталған кезеңде электр қуатын өндіру 2,23 млрд. киловатт-сағатты құрады.

Атырау қаласы үшін Қазақстан мен Ресейдің 2014 жылы өткен ынтымақтастық форумының орны тіптен ерекше. Форумда мемлекеттер  басшылары Н.Назарбаев пен В.Путин кездесіп, екі елдің келешегі жолындағы айтарлықтай келісімдерге келді.

2013 жылы Елбасы Ұлыбританияның Премьер-Министрі Д.Кэмеронды Атырауда қабылдаған болатын. Бұл екі кездесу де қала келбетінің барған сайын жақсаруы, әлем алдындағы статусын өсірді.

2014 жылы қалада индустрияландыру картасы бойынша 450 жұмысшы орындық 7 жоба пайдалануға берілсе, соның ең ауқымдысы деп «ЖігерМұнайСервис» мекемесі бұрын-соңды Қазақстанда шығарылмаған мұнай-газ саласын аса қажет, шетелдерден әкелінетін бұрғылау қашаулары мен 7 шақырым тереңдікке дейін қазатын бұрғылау қондырғылары өндірісін игергендігін атауға болар еді.

Сондай-ақ «АтырауНефтеМаш» мекемесі аса ірі әрі ауыр мұнай-газ құрал-жабдықтары өндірісін іске қосты. Оның ең алғашқы көлемді өнімі 2016 жылдың екінші жартысында Жапонияның «Марубени Корперейшн» компаниясының тапсырысы бойынша жасап шығарған ұзындығы 27, диаметрі 6 метр, салмағы 220 тонналық алып қондырғы. Ол өңірлік индустрияландыру картасы бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытының қайта жаңғырту жобасына сәйкес мұнайды тереңдетіп өңдеу саласына арналған. Ал әлгіндей алып қондырғыны тым алыстағы күн шығыс елінен Атыраудағы зауыт ауласына жеткізу оңай емес, көп күш, орасан зор машақат керек етер еді. Бірақ ол жапондық тапсырыс берушілердің сұранысы бойынша Атыраудағы мұнай машиналарын жасау зауытының аса ауыр және көлемді технологиялық қондырғыларын дайындайтын цехында жарты жылдық мерзімде әзірледі.

Аталған цехтың ұзындығы 144 метр, ені 60, биіктігі 31 метрді құрайды. Ондағы алып крандар бір сәтте 150 тонналық салмақтағы қондырғыны көтере алады. Ал әлгіндей салмақтағы алып қондырғыларды бұған дейін тек АҚШ пен Еуропа елдері ғана дайындай алатын. Енді атыраулықтар да дайындау мүмкіндіктері барлығын дәлелдеді.

Қазір мұнда Еуропаның алдыңғы қатарлы озық елдерінен білім алған, негізінен автоматтандырылған аргонды дәнекерлеу құралдарымен жұмыс істей алатын 360 маман-жұмысшы еңбек етеді, 90 пайызы жергілікті адамдар. Мамандардың  алаңсыз еңбек етуіне зауытта барлық жағдай жасалынған. Қазір олар «ҚазМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз», ТШО және АМӨЗ-ын жаңғырту жобаларын жүзеге асырушы «Марубени», «Синопек» сияқты отандық және шетелдік компаниялардың тапсырыстарын орындайды. 2016 жылы зауыт 8 млрд. теңгенің жұмысын атқарды. Ал қазірде аталған ұжым салмағы 515 тонна тартатын, биіктігі 87, ұзындығы 53 метр болатын жаңа қондырғыны құрастыру ниетінде.

«БатысАльянсСтрой» және «ДиСиЭс» мекемелері екі тұрғын үй құрылысы комбинатын іске қосып, жаңа үлгідегі заманауи  құрылыс материалдарын шығара бастады.

Қалалық әкімдік кейінгі жылдары сыртқы саясатта елеулі маңызға ие болатын және аймақ экономикасы үшін инвестициялық қолайлы ахуал қалыптастыруға, әріптестердің практикалық қызығушылығын туғызуға септесетін байланыстарға ерекше маңыз беріп келеді. Әкімдік бұған дейін Ресейдің Железноводск, Магнитогорск, Әзірбайжанның Ширван, Шотландия елінің Абердин қалаларымен өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып үлгерген-ді. Алыс-жақын шетелдермен мұндай байланыстардың алыс-беріс және барыс-келіске даңғыл жол ашары сөзсіз. 

Бұдан бұрын шаһар басшысы бастаған ресми делегация экономиканы әртараптандыру тәжірибесін зерделеу үшін АҚШ-тың «мұнайлы астанасы» -  Хьюстон қаласында болды. Хьюстон мэрі мен Атырау қаласының әкімі қол қойған қалалар арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум сапардың басты қорытындысына айналды. Бизнес пен халықаралық сауда саласы бойынша көшбасшы ретінде танылған Атырау мен Хьюстон қалалары  жаңа идеяларды дамыту мен ілгерілету үшін жағдай жасауға елеулі ықпал етеді. Себебі, Дүниежүзілік энергетикалық  қалалар серіктестігі ұйымына 2010 жылы мүшелікке қабылданған Атыраудың инвестициялық қуаты да, екі қаланың энергетика, білім беру, технология, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын қамтитын әлеуеті де жоғары, мүмкіндігі де жеткілікті.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі облыс басшысына Хьюстон қаласының экономиканы диверсификациялау тәжірибесін үйрену қажеттілігі туралы ұсынысын жолдаған еді. Осы ұсынысты қабыл алған аймақ басшысы мұхиттың ар жағына арнайы сапармен делегацияның барып келуіне ұйытқы болды.

Бұл сапарда атыраулық делегация жыл сайынғы Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігі конференциясы жұмысына қатысты. Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігі – осыдан жиырма жыл бұрын құрылған ұйым. Бүгінде аталған ұйымға АҚШ, Канада, Сауд Аравиясы, Шотландия, Норвегия, Дания, Бразилия сынды әлемнің 15 елінен 18 қала мүшелікке қабылданған. ТМД елдерінен Ресейдің Томск және Қазақстаннан тек Атырау қаласына мүше болу бақыты бұйырыпты.

  • Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігіне мүше қалалардың басты

проблемалары – халықтың денсаулығын жақсарту,  - дейді Хьюстонға барған делегация құрамындағы қала әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев – коммуникацияны жетілдіру үшін бірыңғай ақпараттық сайт құру, сол арқылы осы саланың жетістіктерімен қатар, өзекті мәселелері, өндірістік кадрлар дайындау, оларды өзара тағылымдамаларға жіберіп, кәсіби біліктіліктерін көтеру жайы Хьюстонда өткен конференцияның басты тақырыптарына айналды. Салиқалы басқосуда Атырау қаласының әкімі өңірді дамытудағы негізгі бағыттарға тоқталды. Ол Теңіз бен Қашаған кен алаңдарын игеру, мұнай химиясы, мұнай-газ саласындағы машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс индустриясын дамыту және баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Қол жеткен табыстар мемлекетіміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар нәтижесі екендігіне тоқталған қала басшысы жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік қолдау тетіктері мен қаржыландыру, инвесторлар құқықтарын қорғауға мемлекеттің толық кепіл бола алатындығы жөніндегі пікірлеріне Хьюстон конференциясы делегаттары қызығушылықтарын білдірді.

 

*               *              *

Қандай ортада, мейлі ол ауыл немесе қала болсын, ондағы  өндіріс, жалпы экономиканың дамуы адамдардың рухани өсуі, жеке бастың  дүниетанымына  байланысты. Былайша айтқанда адамдардың рухани деңгейі өспей, өндіріс, шаруашылық, яғни тұтас экономиканың дамуы мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда Гурьевте де  тұрғындардың әл-ауқатының өсуімен бірге адамдардың  оқу-білім,  рухани жетілуі де артты. Саяси жетілді, зиялылар қауымы қалыптасты. 1920 жылдың  25 ақпанынан бастап  аптасына екі рет – бейсенбі және  жексенбі күндері «Трудовая правда» газеті шыға бастады. Кейін ол «Рабочая правда», одан «Прикаспийская коммуна» деген жаңа атауларға ие болды.

1923 жылдың 3 сәуірінен бастап, қазақша «Ерік»  (қазіргі «Атырау») газетінің алғашқы саны жарық көріп, кейін ол «Жұмысшы тілі», «Социалды құрылыс», «Коммунистік еңбек» деп те аталды.

1938 жылдың 15 қаңтарында  ССРО Жоғарғы Кеңесі алқасының қаулысымен бұрынғы Батыс Қазақстаннан бөлініп, жаңадан Гурьев облысы құрылды. Құрамында Теңіз, Бақсай, Мақат, Жилокоса (Жылыой), Есбол және Маңғыстау аудандары бар жаңа облыстың орталығы Гурьев қаласы болды. Бұған дейінгі Гурьев округі таратылды. Ол кезде қалада 61 мың адам өмір сүрсе, қазірде бұл көрсеткіш 326816 адамға жеткен, немесе соңғы екі жылда қала халқы 33 мыңдай өскен, оның  негізгі бөлегі қазақтар.

Жаңа облыстың құрылуы, Гурьевтің облыс орталығына айналуы көптеген мекеме, мәдени, әлеуметтік нысандардың ашылуына негіз қалады. Соның бірі облыстық драма театры еді. Ол өз шымылдығын 9 мамырда М.Әуезовтың  «Түнгі сарын» пьесасының қойылымымен ашты. Уақытша  мұнайшылар мәдениет үйіне орналасқан бұл театр әуелі Солтүстік Қазақстан, кейін Орал  драма театрларымен  қосылып, 1969 жылы  оған күрескер ақын Махамбет аты берілді. 1974 жылы  жаңа ғимаратты   иеленіп, түрлі шет  елдерде өнер көрсетті. Қазірде театр жылына  8,3 мың  көрерменге  51 спектакль көрсетеді.

Атырау  жері  қашаннан  домбырамен аты шығып, шаңырағынан күй әуені қалықтаған өнерлі  өлке. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап, қалада домбыра оркестрлері жиі бой көрсетіп, 1957 жылдың 10 маусымында  қалалық орталық стадионда  500 адамдық құраммен сахнаға шықты. Ұжым Алматыда, Мәскеуде өнер көрсетті, лауреат атанды. Д.Нұрпейісова есімін алған бұл оркестр кейін Қазақстанның халық әртісі Рыспай Ғабдиевтің  жетекшілігімен  кәсіби ұжымға айналды. Аталған ұжымның қалыптасуына талантты дирижер, марқұм Жұмагелді Нәжімеденов көп еңбек сіңірді.  Соңғы 20 жылда  оркестр  Катар, Түркия, Австрия, Германия, Франция, Сербияда  өнер көрсетті. Ұжымға халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, республикалық «Дарын» жастар сыйлығының иегері Арман Жүдебаев жетекшілік етеді.

Қалада бұлардан  басқа Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония (1966 жылы құрылған)  жұмыс істейді. Ондағы  «Нарын» фольклорлық ұлт аспаптар оркестрі Ресей, Монғолия, Корея сияқты  шетел сахналарында өнер көрсеткен  танымал ұжым. Соңғы жылдары «Мұрагер» ансамблінің қадамы қуантады, олар үнді елінде де өнер көрсетті. «Дарын»  балалар хоры да Еуропа елдеріне жақсы таныс. Ал жекелеген  әртістер арасында  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, марқұм Мекес Төрешев, республиканың еңбек сіңірген қайраткері  Ұлмекен  Қарағұлова, Асқар Харесов, Қайрат Кәкімов, Құттыгерей Дүйсеевтердің еңбектері зор.

Облыс орталығында Құрманғазы, Дина аттарындағы  байырғы мәдениет үйлері, 4 кинотеатр, 6 киноқондырғы бар. Қала іргесіндегі ауылдарда уақыт талабына  сай  жарақтанған кітапхана, бәрінде  болмаса да мәдениет үйлері жұмыс істейді. Қаланың өзінде 75 жылдық тарихы бар  тарихи-өлкетану және қолданбалы сәндік өнер  музейлері бар. Бір сөзбен айтқанда қаланың мәдениет-тынығу мекемелері желісінде 42 мекеме жұмыс істейді. Тек 2017 жылдың өзінде оларда 1133 мәдени-көпшілік іс-шаралар өтті.

Бұрынғы Гурьев қаласы бұл күнде Атырау деп аталады. Ол Жайық өзенінің екі бетіне орналасқан, тәуелсіздік жылдарында  облыс орталығы адам  танымастай өзгерді. Атырау облыстық мәслихаты және Атырау облысы әкімінің  1997 жылғы  7 шілдедегі шешімімен бұрынғы Балықшы ауданы таратылып, оған кірген  Балықшы, Жұмыскер кенттері мен Геолог, Атырау, Еркінқала, Қайыршақты, Дамбы, Кеңөзек округтеріне кіретін елді мекендер, Атырау қаласы құрамына енгізілді. Қазір де қала халқының саны күрт өсті.  Олар нәсілдік  құрамы жағынан  33 ұлтты  біріктіріп отыр.

Өңірде   ұлттар мен ұлыстардың еркін, тату-тәтті, бірлікте  жұмыс істеп, өмір сүруіне  толық негіз бар.  2014 жылы  қалада  облыстағы 19  этно-мәдени  бірлестіктердің  басын біріктіріп,  бір шаңырақтың астында өмір сүруіне негізделген қолайлы  Достық үйі ашылды.  Онда әр этномәдени  бірлестіктер  өздерінің  тілін, ділін, мәдени салт-дәстүрі, өнерін  өлтірмей  дамыту, тәуелсіз  Қазақстанның  және туған өңірлерінің келешегіне арналған игі шаралары мен үйірмелерін жүргізеді, сайыстар ұйымдастырады. Тарихи отандарынан келген қандастарымен кездеседі. Мұндай шаралар бүгінгідей республикадағы рухани жаңғыру кезеңінде тіптен көбейе түсуде.

Бұл  бұрыннан ғасырлар бойы  өлкемізде  тұрып жатқан  түрлі ұлт өкілдерімен  қалыптасқан  ұлы достығымыз  бен   бірлігімізді  нығайтып,  біріктіре түсетіні сөзсіз.

Қалада  студенттерге 46  мамандық  бойынша білім  беретін  Х.Досмұхамедов атындағы  мемлекеттік  университет, негізінен  мұнайшы-геологтар  дайындайтын  мұнай  және  газ, сондай-ақ  халық  шаруашылығының  түрлі салалары бойынша  жоғары білімді   мамандар  тәрбиелейтін инженерлік-гуманитарлық  институттар  бар.

Өткен ғасырдың  қырқыншы  жылдарының  басынан бері  жалпы  орта білім беретін  мектептерге  физика-математика, химия-биология, филология, тарих пәндері бойынша  мұғалімдер  дайындайтын  педагогикалық  институт  тоқсаныншы жылдардан бастап  университет  статусын алды. Онда 500-ден астам  оқытушы-профессор  студенттерге  дәріс оқиды.  Оқу орны  заманауи   оқу құралдары, техникалармен  жарақтанған.  Оқу корпустары, жатақхана, зертханалар  жеткілікті.

Ал Атырау мұнай  және газ  университеті  болса, студенттерге  берілетін  білім  мен тәжірибенің  сапасын арттыру, яғни білім мен ғылым  және өндірістің  интеграциялық   қамтамасыз етілуін  жақсартудың  бас жоспарын  жасап, оны 2015  жылдың  1 қыркүйегінен  бастап жүзеге асыра бастады.  Осы мақсатпен  институт  басшылығы АҚШ-тың  Хьюстон  қаласында  болып,  сондағы мұнай инженерия  институтымен  ынтымақтастық  байланыс  орнатты. Ол жайлы әңгімені  Атырау  мұнай және газ институтының  ректоры, экономика ғылымдарының  докторы, профессор Әли Әбішев  былайша  сабақтайды.

– Хьюстон  университетінің   президенті  Рену Катормен  кездесуіміз  әсерлі  әрі нәтижелі  болды. Ол қалалардың  жоғары білім беру  жүйесі  бойынша  ынтымақтастығын қолдады.  Еліміздің  индустрияландыру  бағдарламасы шеңберінде  ғылымның  экономика  саласы, кадрлар  дайындаумен  байланысын  қамтамасыз етуі тиіс. Хьюстон университетінің  мұнай инженерия  институтымен ынтымақтастық  туралы келісім-шартқа  қол қойдық. Алдын-ала үш мәселені  талқыладық. Біріншіден,  бұл университеттің  профессорлары мен  оқытушылары  Атырауға келіп, біздің  болашақ мұнай-газ саласы  кадрларына  дәріс береді. Екіншіден, университеттің алғашқы екі курсын  бітірген  оқу үздіктері  мен озаттарының  Хьюстон  университетіне  барып, оқуын  аяқтауларына  мүмкіндік  беріледі. Оқу бітірген соң оларға отандық және американдық қос диплом   беріледі. Оларды біздің оқу орны қаржыландырады. Жеке өз  ақшасымен оқитындарға  да шектеу  қойылмайды.  Үшіншіден, студенттердің  біріккен мобильділік  бағдарламасы  жасалады, яғни, үш айлық, жарты жылдық,  жылдық  алмасулар  жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда  біздің  студенттеріміз  Мәскеудің, Уфаның, Пекиннің, Глазгоның  университеттерінде  оқуларын  жалғастыруда. Шетелдердің  ЖОО-нда  талап өте жоғары. Мен АҚШ-ғы  жоғары  оқу орындарымен  1993 жылдан  бері тығыз  байланыстағы  адаммын. Ал, мұхиттың  ар жағында  білім алу кез-келгеннің  маңдайына жазылмайтын бақ.  Біздің студенттеріміздің, Тәуелсіз Қазақстанның болашақ  маман-кадрларының,  білім  деңгейлері  бәсекеге қабілетті, халықаралық  талапқа сай  болуы керек.

Сондай-ақ келешекте атыраулық  студенттер  қаладан  шықпай-ақ Швейцария  дипломын  алуларына болады. Мұндай мүмкіндік Атырау  мұнай және газ  университетінің (Аталған институт 2016 жылдың 22 шілдесінен бері университет статусын алды. Автор.) бастамасымен  «Халықаралық менеджмент», «Халықаралық  қаржы  және банкілер»  мамандықтары  бойынша  МВА (Master  of  Business  Administration) элиталы  және DBA – Швейцария  Бизнес  мектебінің  бағдарламалары  аясында  жүзеге аспақ.

Міне, уақыт  өзгерісі  деген осы.

Бұдан басқа қалада  арнаулы орта білім беретін  25 колледж бар.

Атырауда алғашқы мектептер  ХІХ  ғасырдың аяғында  ашыла бастағанын ескерсек, 1915 жылы мұнда  5 мыңға  жуық шәкірт  білім нәрімен  сусындапты. Оларға қаладағы  екі  жылдық орыс-қазақ мектептері мен  төрт жылдық  болыстық бір сыныптық  училище  қызмет еткен. Өңірде  кеңес өкіметінің  орнауына  байланысты  жалпыға ортақ  бастауыш,  кейін  жеті жылдық,  ақыр аяғында  орта білім беру талабы   қойылды. Тұрғындар  санының  өсуіне  орай  мектептер  қатары да артты, білім мен тәрбие  беретін ұстаздардың сапасы да  жақсарды.

2018 жылдың 1 қаңтарында Атырау қаласындағы 56 мектепте  58803 оқушы оқыса, оларға 4425  педагог сабақ берді.  Осы ұстаздардың  610-ы  жоғары, 1319-ы  бірінші санатты, сапалық құрамы  47  пайызды  құрады. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту мекемелері бойынша 76 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 42 бюджеттік, 34 жекеменшік. Балабақшадағы бала саны – 17082, мектепалды даярлық тобы – 6457. Бұлардан басқа 6 саз мектебі және 2 мектептен тыс орталығы бар, 2 спорт орталығы, 1 медико-психологиялық-медициналық орталық бар.  

Мектептің жаны – ұстаз. Білім саласының  артуы, шәкірттер  білімінің  тереңдігі  солардың қолында. Қала мектептерінде ондай  ұстаздар аз емес. Тек соңғы  жылдың өзінде  Қалыбек Әбитов, Сұңғат  Фазылов, Мәншүк Ибатова, Гүлайым Хамидуллина,  Болатбек  Ермеков, Дина Стамғалилар өз пәндерінен  үздік ұстаз, менеджер, инновациялық идеялар  жеңімпаздары атанды.

Атырау қаласында  тұңғыш аурухана  1879  жылы  әскери  бөлім  жанынан ашылған-ды. Оның өзінде  бар-жоғы  бір дәрігер, екі фельдшер  жұмыс  істеді. Арада  22 жыл  өткенде  қалада тағы да  екі аурухана  салынып,  оның бірінде  ота жасауға  мүмкіндік  болды. 1922  жылы  Гурьев  уезінде  барлығы 7 дәрігер, 14 фельдшер,  1 акушер, 10 медбике болыпты. 1924 жылы Гурьевте  балалар консультациясы  ашылса, 1930  жылы әйелдер  консультациясы, сүт  кухниясы  және  жедел жәрдем  қызметі жұмыс істей  бастады.

Қазірде қалада  43 денсаулық  сақтау мекемесі бар. Оның ішінде облыстық аурухана, балалар ауруханасы, жұқпалы аурулар, жүйке-наркологиялық аурулар, перзентхана, көз аурулары, қатерлі ісік аурулары ауруханалары мен тері-венерологиялық, өкпе аурулары диспансері, кардиологиялық, СПИД  орталықтары , барлығы 12 аурухана-диспансер, 8 қалалық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік пункт, 1 медициналық пункт, басқа да нысандар бар.

Оларда  402  дәрігер, 951  медбике, 320 кіші қызметкер  адам денсаулығы үшін күреседі.

Емдеу орындарының бәрі  де  бүгінгі  заманғы  жаңа технология, медициналық  құрал, емдеу  жабдықтарымен  жарақтанған.

Атырау қаласында  193 спорттық  ғимарат, 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен 1 Олимпиадалық  дайындық орталығы бар. 8600 орындық  «Мұнайшы» стадионы  және  денешынықтыру-сауықтыру  кешені  жұмыс істейді.  Оларда  4737  адам  бокс, үлкен және  кіші үстел теннисі,  волейбол, баскетбол, гандбол, футбол,  секциялары  мен атлетика залдарында жаттығады.

Қалада соңғы жылдары  «Атырау»  футбол  клубының    оқу-жаттығу  базасы (Балықшы стадионы), «Мұнайшы» стадионының  жабық бассейні, «КазТрансОйл» АҚ-ның  770  орындық, сондай-ақ  Вокзалмаңы  ықшам ауданында   денешынықтыру-сауықтыру  кешендері  пайдалануға  берілді.

«Нұрсая»  шағын ауданында  800  орындық  мұз сарайы, сондай-ақ  Авангард пен Жилгородок  балалар  мен жасөспірімдер  спорт кешендері  салынды.  Балықшы, Геолог елді мекендерінде  400 орындық  спорттық кешен  және  ескекшілер   базасы  құрылысы іске қосылды. 736  шаршы  метрлік   жасанды  көгалы  бар  спорттық ойын алаңы  пайдалануға   берілсе,  118 жерде  балалар ойын алаңы  жасақталды.   

Соңғы 15-16 жылда Атырау қаласы айтарлықтай өзгерді. Бұрынғы бауырын балшыққа малып, уездік қалашық атанған ол республика экономикасының ту ұстаушы облыстарының бірі, өңірдің бас қаласы, Қазақстан мұнайының астанасы.

1972 жылы пайдалануға берілген темір жол вокзалы 2014 жылы күрделі жөндеуден өтсе, заманауи ұшақтарды қабылдайтын әуежайдың мүмкіндігі жоғары. Мұнда күніне әлемнің әр шалғайынан және республика қалаларынан  ондаған  ұшақ келіп қонады немесе ұшып шығады.

Қазіргі кезде қалада Жайық өзенінен өтетін теміржолдан бөлек автокөлік қозғалысына арналған 6, жаяу жүргіншілерге негізделген (қара жердегіні қоса) 3 көпір бар. Қаланың өзі заманауи, жаңарған, тарихы бай және болашағы одан да бай. Жаңа тұрғын үй кварталдары, әсем магистралдар пайда болды, саудамен жабдықтау қарқын ала түсті. Жаңадан «Ренко», «Қазақстан», «Реносанс» т.б. қонақүйлері, «Арсенал», «Атырау», «Тамаша» сауда-ойын кешені, «Дина», «Насиха», «Көктем», «Сарайшық» сынды ірі сауда үйлері, «Байзар», «Идеал», «Лидер» супермаркеттер желісі қосылып, тұтынушылар тілегін қанағаттандырды.

Қалада «Алмагүл», «Көктем», «Нұрсая», «Самал», «Жеті қазына» «Сарықамыс», «Атырау», «Балауса», «Өркен» басқа да тұрғын аудандар бой көтерді. Олардағы үйлердің дені жеке сектордағылар. Сондай-ақ көпқабатты үйлерді қатарға қосу да жоспарлы түрде жүзеге асуда.

Облыс орталығында ғимараттар мен құрылыстарды тұрғызу, күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта құру, қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстары жоспарлы жүреді. Өңір бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының мөлшері соңғы он жылдың беделінде 6 есеге өсіп, тек 2012 жылдың өзінде 1 033 млрд. теңгені құрады. Осы кезеңде 7 746 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Онда жұмыс істеген құрылысшылар саны екі есе өсіп, 26,6 мың адамды құрады. Жалақы 3,6 есе өсіп, 177 мың теңгені құрады.

Қаланың 375 жылдығы тойланған 2015 жылы облыс бойынша 1734 пәтерлі 27 тұрғын үй пайдалануға тапсырылса, соның 1194 пәтерлі 18 тұрғын үйі қала үлесіне тиеді.

Өңірде  құрылыс  индустриясына шикізаттарды өндіріп (сазқұм, құмды-қиыршық тасты қоспа, гипс, әктас, т.б.) құрылыс материалдарын өңдеу артты. Атап айтқанда жеңілдетілген үй құрылысына арналған 3D панель өндіретін Қазақстандағы жалғыз мекеме «Констракшн KZ» ЖШС.

Қаланың инфрақұрылымы тұрғындардың әлемдік стандартта өмір сүруіне біртабан жақындап келеді. Бұл ретте алдымен ауыз сумен қамту міндеті тұрса, орталық көшелер бұл мәселеде толық шешілген. Жаңадан бой көтерген Жұлдыз-2, Тасқала-3, Сарқамыс-2 елді мекендерде құбырлар тартылды. 2017 жылы Қайыршақты, Көктем, Водников-3, Нұрсая – 3, Тұлпар – 2, тағы да бірнеше көшеде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы объектілері аяқталды.

Көшелерді түнгі жарықтандыру, абаттандыру ісі жүйелі жүргізіліп отыр.

Қазір қалада электр қуаты мен орталық жылу жүйесін пайдаланатын тұрғындардың сұранысы толық қанағаттандырылған. 

Орталық көшелердің бәрі де гүл дестелерімен көмкеріліп, ұдайы күтімге алынған. Аллеялар көбейді. Ротондар өсті, гүл сағаты жасақталды. Әсіресе, Сәтбаев, Абай, Владимирский, Байтұрсынов, Құрманғазы көшелері мен Азаттық даңғылының келбеті айтарлықтай  абаттанған.

Қалаішілік автокөлік жолдары анағұрлым жақсарған. Ескілері жаңғыртылып, жаңаларына даңғыл жол төселді. «Өркен», «Гауһартас» тұрғын аудандары мен Геолог, «Самал» ықшам аудандарындағы  жолдар жаңғыртылды.

Қалада жылына 2,9 млн. жолаушы қоғамдық автобустарды пайдаланады. Қала халқының байланыс қызметін пайдалану көрсеткіші де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Шамамен әр жылда қалалық жұмыспен қамту орталығына 6 492 адам өтініш білдірсе, оның 1734-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. 1350 адам «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасымен қамтылды. 823 кісі кәсіби оқытуға, ал  851 адам уақытша жұмыстарға  тартылды.          

 Атырау қаласының әуе-табиғат жағдайы жайлы бірінші ғылыми негіз жасаған В.Е.Фосса болатын. Ол өзінің 1866 жылы жарық көрген «Гурьев-городок» деп аталатын кітабында «Гурьев қаласы мен оның төңірегі топырағы ащы, климаты континентальды, жазы ыссы, қысында ылғалдылық аз, көбіне-көп желі көктемде шығыс беттен есіп тұратын өңірде орналасқан. Бірақ жыл маусымдарында желдің соғу қаупі бар. Мәселен, жазғытұрғы шақта әлгіндей болса, жазда кейде оңтүстік, негізінен батыстан, күзде арқалықтан, қыста ұдайы шығыстан  тұрады. Жаңбыр өте аз және сирек жауады. Бұнда жыл маусымдары көктемде наурыз айында басталса, жазы – мамырдан, күзі – қыркүйектің ортасы, қысы  - қарашаның екінші онкүндігінде күшіне енеді.

Жазда ыссылығы өте жоғары, әсіресе шілдеде Реомюро термометрімен 34-35 градусқа дейін көтерілсе, бұл кезде жел көп болмайды, аспан айналып жерге түскен ақтымық.

Ал салқындықтың күш алуы қаңтар айының басында 33 градусқа дейін жетеді. Былайша айтқанда қалада жылдың орташа температурасы реомюро бойынша +6,5 градус мөлшеріне тең келеді»,  - деп жазыпты.

Әрине, одан бері де ғасыр жарымдай уақыт өтті. Ғаламшарда айтарлықтай өзгерістер болды, табиғат та, ондағы экология, ауа райында да түрлі ауытқулар бар. Қазіргі ғылыми болжам бойынша Атырау қаласындағы қаңтардағы ауа райының орташа деңгейі  - 11 градус салқындықты меңзесе, ең жоғары көрсеткіші кейде 38 градусқа дейін жетеді. Шілдедегі шағырмақ ыстықтың орташа деңгейі 32 градустан 46-ға дейін өзгереді.

Жылдық  жауын-шашын (ылғалдылық) мөлшері ұдайы өзгерісте. Бірақ көктемгі сәуір, күзгі қарашада 190-200 мм-ден аспайды. Өңірде жел көбіне осыдан 150 жыл бұрынғыдай шығыстан, кейде шығыс арқадан шаңды дауыл  1,5-5,4  сағат күйінде тынбастан соғады. Топырағы  көбіне-көп  сұр түсті, тұзданған гидроморфты, қара жусанды, сораңды, су бойы қоғалы, қамысты болып келеді.

Фаунасы жағынан  қала  Каспий  теңізінің  терістік  қолтығын  алып жатқандықтан  түрлі аң-құсқа  бай. Мұнда сүтқоректі  жануарлардың  56 түрі бар.  Олардың екеуі (ҚР қызыл кітабына енген Бобрин жарқанаты мен шұбар күзен) сирек және жойылу  алдында тұр. Он бесі ең көп тарағандар есебінде. Қала маңында қасқыр, жанат тәрізді ит, ор қоян, қабан, қарсақ, түлкі, құндыз, кейде сирек те болса итбалық сынды сүт қоректілер бар. Жайықтың теңізге құяр тамағында сыбырлақ аққу, көк құтан, сұр үйрек, шүрегей, қарабай сынды құс түрлері өседі.

Қала Каспий теңізінің  терістік ойпатында  орналасқандықтан  мұнда кейінгі  жылдары  ірі көмірсутек  ресурстарының  ашылуы  аймақты  әлемдік  масштабтағы  ірі шикізат  базасына айналдырды.  Теңіздің қазақстандық  секторында  мұнай барлау мен өндіру  бойынша  кең масштабты жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, теңіз көлігінің дамуына  да жаңа қарқын  берілуде. Бұл  Каспий теңізінің табиғи  экологиялық  тепе-теңдігін   бұзуда. Осыған орай  қазірде  өңірдің  экологиялық  қауіпсіздік мәселесі  туындауда.

Әдетте қала тарихы тасқа басылған құжат, ғалымның «хаты», көнеден қалған затымен ерекшеленеді. Қазіргі Атырау  - бұрынғы Гурьев жайлы өткен жылдарда біраз ғалым ой сабақтап, жазушылар қалам тербеді. Соның ең басында 1717 жылдың 4 сәуірінде І Петрдің тапсырмасымен Атырауға аяқ басқан географ-ғалым Александр Бекович Черкасский болса, ол Каспийдің терістік шығысынан Хиуаға дейінгі жер бедерін бағдарлайтын экспедицияны басқарды. Ал 1769 жылдың жазында Гурьев қаласында болған орыс академигі Петр Семенович Паллас «қалада коменданттар үйінен басқа жақсы құрылыс жоқ. Тек тастан жасалған оқ-дәрі дүкені... Гурьевтің батыс жағында екі шақырымдай жерде шағын гипс таулар бар. Бұрындары Пешной аралында Гогольск мүйісі арқылы өтіп, итбалық аулайтын болған», - деп жазған-ды. 1850 жылы 14 қазанда Украин ақыны Тарас Шевченко да Маңғыстауға айдалып бара жатып, екі күн тоқтаған. Жағада отырып, Ақ Жайыққа аяқ батырған. Өзінің сүйікті Днепр өзенін еске түсірген.

Арада екі жыл өткенде осы қалаға өлкетанушы-ғалым Г.С.Карелин Хан Ордасынан (Жасқұс) көшіп келіп, он алты жыл бойы ғылыми жұмыспен айналысты, зоологиялық коллекциялар жинады. Ақыры осы қалада 1872 жылдың 12 желтоқсанында қайтыс болды. Орал казактары туралы талай тамаша дүниелер жазған белгілі журналист-жазушы Н.Ф.Савичев те сол жылы 1 мамырда қалада болып үш түнеді. 1860 жылы зоогеограф-ботаник, этнограф, саяхатшы Н.А.Северцев Гурьевке келіп, балықшылар тұрағының табиғи, тарихи болмысын бажайлады. Кейін «Жайық өзеніндегі қызылбалықтар өмірі», «Жайық бойындағы аңдар» деген ғылыми зерттеулері үшін зор беделге ие болды. Ал Р.Л.Золотницкая өзінің «Н.А.Северцев» деген кітабында «Ол Ғылым Академиясы үшін 3500 дана аң мен құстан тұратын Г.С. Карелиннің өте бай коллекциясын әкелді» деп зор мақтанышпен жазды.

1866 жылы В.Е Фосса  «Гурьев-городок» атты көлемді очеркін жеке кітап етіп шығарды. Сондай-ақ Гурьевтің тумасы И.И.Железнов өзінің «Очерки о Гурьев-городке»  деген еңбегін жазды. 1888 жылы Гурьевке құрамында екі гвардиялық ағайынды офицер Лемандар мен Барон Дональмайер және профессор Лебедев бар полковник Г.Е. Грумм-Гржимайло экспедициясы ат басын тіреп, Каспий ойпатынан мұнай өндірудің ғылыми негізін қалады, бастамашылары болды. Осы негізде 1893-1898 жылдар аралығында Доссор, Мақат, Ескене, Қаратон, Қарашүңгіл аумағында алғашқы барлау-бұрғылау жұмыстары жүргізілді.

Кеңес дәуірінде белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовский өзінің атақты «Қара Бұғаз» атты очеркін жазып, онда Доссормен бірге Гурьевтің де атын атады.

ati_www.bdmagaz.com_

Жерінің тұзды, ауа райының өте құрғақ, желді және ыстық болуына орай қаладағы  қандай да бір құрылыс нысандары ұзақ өмір сүре алмайды. Соған сай қалада көне құрылыстар, архитектуралық үлгідегі ескерткіштер саны аз. Бірақ жоқ та емес. Алдымен 1888  жылы көпес Ф.И.Тудаков негізін қалап, қаржыландыруымен салынған Успен шіркеуін атауға болар еді. Соғыстан кейінгі жылдары  бой көтерген қаланың Бұхар бетіндегі тұрғын үй қалашығы кешенін де көне жәдігерлер қатарына жатқызуға болар еді.

Тәуелсіздік жылдары бой көтеріп, қала көркіне сән қосқан Сұлтан  Бейбарыс, Әйтеке би, Исатай мен Махамбет, Құрманғазы мен Дина, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсыновалардың ескерткіштері мен Қаныш Сәтпаев, Хиуаз Доспанова, Қайырғали Смағұловтардың кеуде мүсіндері, Ұлы Отан және ауған соғыстарында қаза тапқан жерлестерімізге арналған кешендік ескерткіштерді де  жас ұрпақ тәрбиесіндегі оқшау жәдігерлер деп атауға болар еді.

 

Жалғасы бар, осында