"АЛАШ " ПАРТИЯСЫ

"АЛАШ " ПАРТИЯСЫ

Назарларыңызға Қазақстанның орта мектептеріндегі «Дүниежүзі тарихы» пəнінің алғашқы отандық бағдарламасын жəне оқулығын дайындаған,  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  дүниежүзі тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы. Көкебаева Гүлжаухар Кәкенқызының сұхбатын ұсынамыз.

Кокебаева

 

«АЛАШ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ‒ ҰЛТ- АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖАҢА САТЫҒА КӨТЕРІЛУІ

 

‒ Ұзақ жылдар Еуропа елдерінің тарихымен айналысып жүрген ма­ман­­сыз. Сол тұрғыдан  алғанда «Алаштың» еліміздің тарихындағы орны мен маңызын анықтауға қатысты пікіріңізді білдірсеңіз.

Отар елдердің жаңа және қазіргі заман тарихы – бұл ұлт-азаттық қозғалысының тарихы. Жеке елдердегі ұлт-азаттық қозғалысының тарихына ортақ элементтер баршылық. Соның бірі – ұлт-азаттық қозғалысын сипатына орай кезеңдерге бөлу. Жаңа дәуірде ұлт-азаттық қозғалысы стихиялық сипатта болды, ол қарулы көтерілістер, бүліктер, партизандық күрес түрінде жүрді. Ал ХХ ғ. басы мен бірінші ширегінде   ұлт-азаттық қозғалысы жаңа мазмұнға – саяси сипатқа ие болды. Сондықтан ұлттық саяси партиялардың құрылуын отар елдердегі азаттық қозғалысының жаңа кезеңі деп қарау қажет. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстандағы «Алаш» партиясының құрылуын және оның қызметін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысындағы саяси күрес кезеңінің басталуы деп бағалаған жөн болар. Демек, 1916 жылғы көтеріліс – ұлт-азаттық қозғалысының стихиялық кезеңінің соңғы әрекеті, одан кейін ұлт-азаттық қозғалысына саяси күрес элементі енеді. Сондықтан «Алаштың» және басқа саяси партиялар мен ұйымдардың құрылу уақыты (шамамен 1918 жыл) Қазақстанның қазіргі заман тарихының басталу нүктесі бола алады.

 «Алаштың» Қазақстан тарихындағы орны олардың кеңес үкіметі мен большевиктерге немесе «ақтарға» көзқарасы тұрғысынан емес, керісінше, «Алаш» қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының саяси дәрежеге көтерілуіне қаншалықты үлес қосқанын анықтаумен бағалануы қажет. Ұлт-азаттық күресіне жетекші болуға ұмтылған саяси ұйымдардың қызметін бағалаудың критериі ретінде интернационализм қағидаларына адалдық түсінігі алынатын болса, онда жалпы «ұлт-азаттық қозғалысы» деген тарихи құбылыстың мән-мағынасы жоғалып кетеді. Зерттеушілер Үнді Ұлттық  Конгресінің қызметін талдағанда бірінші орынға үнді халқының тәуелсіздігі мәселесін қояды және ағылшын отарлық үкіметі мен Үнді Ұлттық Конгресі үнемі өзара күресуші субъектілер ретінде алынады. Ал біз отан тарихындағы кезкелген ұйымды, қайраткерді олардың кеңес үкіметіне қарсылығы немесе жақтауы тұрғысынан бағалаймыз. Кеңес үкіметіне немесе Уақытша үкіметке көзқарас тактикаға жатады, тактика үнемі нақты жағдайға орай өзгеріп отырады. Демек, алаштықтарды бағалау күрестің тактикасы тұрғысынан емес, стратегиялық мақсат тұрғысынан қарастырылуға тиісті. Стратегиялық мақсат – Қазақстанның  прогрестік жолмен дамуы (немесе қазақ қоғамында саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени модерниза­циялау үрдісін іске асыру, немесе дәстүрлі қоғамнан индустриалды қоғамға өту, т.с.с.), бұл мақсатқа жету үшін бірінші кезекте ұлттық мемлекет құру қажет. Ұлттық мемлекет Ресей демократиялық мемлекетінің құрамындағы автономия болуы мүмкін немесе егеменді мемлекет болуы мүмкін. Алаштықтардың Уақытша үкіметке, кеңес үкіметіне, «қызылдарға», «ақтарға» қатысты ұстанымы немесе күрес тактикасы осы мақсаттың орындалу мүмкіндіктеріне орай өзгеріп отырды. Алаштықтардың басты мақсаты ұлттық мемлекет құру екенін еске алсақ, оларды бағалау да осы мақсатқа  сіңірген еңбегіне орай анықталады.

алаш партиясы

«Алашқа»  саяси партия ретінде қандай баға бересіз?

Партиялар – әрбір елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының туындысы. Олардың қызметіне тарихи дәстүрлер, демографиялық және мәдени үдерістер, діни факторлар, т.б. ықпал жасайды. Алайда партиялар қызметінің жетістігін олардың бағдарламалық мақсаттарының сол елдің дамуының нақты жағдайларына қаншалықты сәйкестігі  анықтайды. «Алаштың» бағдарламалық жобасының мазмұнын осы тұрғыдан қарастырған тиімді болар еді. Жан-жақты талдау жасау міндетін қоймай-ақ, жеке мәселелеріне тоқталайық.

 Бағдарлама жобасының мемлекеттік құрылыс, азаматтардың құқық­тары мен еркіндіктері мәселелерін қарастырған бөлімдерінің мазмұны жоба авторларының шетелдердің мемлекет және құқық саласындағы тәжірибесі­мен жақсы таныс болғанын және Қазақстанның нақты саяси жағдайын да білетінін көрсетеді. Алаштықтардың ойынша, Ресей территориялық-әкімші­лік құрылымы жағынан – федеративтік мемлекет, ал мемлекеттік басқару жағынан – парламенттік республика болуға тиісті: президентті парламент мүшелері сайлайды, үкімет парламент алдында жауапты, т.с.с. (қазіргі кезде біздің көз алдымызда ГФР, Швейцария, Италия, т.б. парламенттік республи­ка­лар­дың классикалық үлгісі тұрған кезде, біз сонау 1918 жылы бұрынғы жартылай абсолюттік монархияны, отарлық империяны парламенттік республикаға айналдыру идеясының қаншалықты прогресс екенін байқамайтын сияқтымыз). Қазақстан осы федеративтік мемлекет құрамына автономия құқығымен кіруге тиісті. Осы жерде алаштықтар Ресей империясының Батыс Түркістандағы отарларының нақты жағдайын, яғни, қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. халықтар мекендеген аймақтардың ұлттық шекарасы белгіленбегендігін де ескергенін көреміз. Жобада Қазақ автономиясы мүдделері тоғысқан халықтармен бір мемлекеттік бірлестік құруы мүмкін, ал ондай мүдде ортақтығы болмаса, онда жеке мемлекеттік бірлестік құруға болады деп көрсетілген. Қандай жағдайда болса да (басқа ортаазиялық халықтармен бірлесіп немесе жеке), федерация құрамында автономия болу талабы қойылады. Дін мемлекеттен бөлінеді, демек, Қазақ автономиясы зайырлы мемлекет болады. Жоба биліктің жеке тармақтарының – атқару, заң шығару және сот билігінің бөлінуін және соттардың тәуелсіз­дігін қарастырады (бұл қазіргі ғылыми терминмен айтқанда, құқықтық мемлекет құру талабы).

Жобаның әлеуметтік-экономикалық саладағы талаптары алаштықтар­дың қазақ қоғамының дамуының өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескергенін көрсетеді. Аграрлық Қазақстанда жұмысшы мәселесіне қатысты дербес саясат іздемей, меньшевиктердің бағдарламалық талаптарын қолдайтынын айтады. Алаштықтар меньшевиктерді «социал-демократтар» деп атайды, мұның өзі олардың большевиктер мен меньшевиктердің  бағдарламасындағы басты айырмашылықты айқын түсінетіндерін көрсетеді. Аграрлық мәселеде алаштықтар қазақ қоғамының нақты жағдайын ескеріп, қауымдық жер иелігіне негізделген шаруашылық құру туралы өзіндік шешім ұсынған. Біз бұл жерде назарымызды осы шешімнің дұрыс-бұрыстығына емес, басқа мәселеге  аударғымыз келеді. Жалпы әлемде ауыл шаруашылығын модернизациялап, индустриалдық негізге көшірудің екі жолы бар екені белгілі. Біріншісі ‒ жеке меншік фермерлік шаруашылықтар құру , бұл сол кездегі Қазақстан ғана емес, жалпы Ресей империясындағы ауыл шаруашылығының даму деңгейіне сәйкес келмейтін еді. Екінші жолы ‒ кооперативтер құру (Швеция сияқты дамыған елде ауыл шаруашылығындағы негізгі кәсіпорындар кооперативтер екенін еске сала кетейік). Большевиктер осы екеуіне алтернатива ретінде ірі ұжымдық шаруашылықтар құру мақсатын қойды. Алайды бұл «үшінші жол» аса тиімсіз де зиянды болып шықты. Ауыл шаруашылығындағы жаппай ұжымдандыру әрекеті Қазақстанда аштыққа әкелді. Осы тұрғыдан алғанда мүмкін алаштықтар жоспарлаған қауымдық жер иелігіне негізделген шаруашылықтарды біртіндеп кооперативтерге көшуге болар ма еді? Әрине, бұл сұраққа бүгінгі күні жауап беру қиын, бірақ алаштық­тардың сол кездегі қазақ қоғамы дамуының деңгейіне сәйкес өзіндік жол іздегенін мойындауымыз керек.

Жобада бүгінгі күні әлемдік тәжірибенің өміршең элементтеріне айналған тегін оқыту, білім саласының автономиялық құқығы, профессорлар­ды жарыс (конкурс) негізінде сайлау, т.с.с. идеялар да бар.  Алаштықтардың идеялық платформасынан либерализмді социал-демократиялық идеялардың кейбір элементтерімен ұштастыруға тырысушылықты көреміз. Бұл әрекет екі түрлі идеялық бағытты эклективті түрде қосу емес, қазақ қоғамын модернизациялаудың өзіндік жолын іздеу әрекеті болса керек.

‒ «Алаштың» қызметін шетелдердегі қандай саяси партиялар әрекетімен салыстыруға болады?

Қазақстанда «Алаш», Индияда Үнді Ұлттық Конгресі мен Мұсылман­дық Лига, Ирландияда Шинн фейн партиясы, тағы басқа отар елдердегі ұлттық партиялар тәуелсіздікке жетудің саяси бағдарламасын жасады. Әрине, әр елдегі саяси күрестің әдістері жергілікті жағдайларға және метрополияның саяси даму деңгейіне сәйкес болды, атап айтқанда: Индияда – зорлықсыз қарсылық әдісімен жүргізілген азаматтық бағынбау науқан­дары; Ирландияда – шинфейнерлердің парламент аясында жүргізген саяси әрекеті; Қазақстанда – «Алаш» партиясының негізін салушылардың ертеректе патша өкіметіне оппозициялық бағытта болған орыс саяси партияларының қатарында болуы, ақпан революциясынан кейін Ресей демократиялық республикасының аясында парламенттік күрес жүргізу үшін саяси партия құруы, өкімет билігін большевиктер алғаннан кейін де жаңа өкіметке бірден қарсы болмай ұлттық мемлекет құру мақсатын іске асыруға тырысуы, т.б. әрекеттері. Алаштықтардың 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі ұстанымын да осы тұрғыдан қарастырып, олардың  ұлт-азаттық күресінің жаңа міндеттерін дұрыс түсіну нәтижесінде саяси күреске ұмтылуымен байланыстыру қажет. 

Үш тарихи оқиғаны салыстыруға әрекет жасайық. Біріншісі – Шинн фейн партиясының Британ парламентіне депутаттыққа сайланған өкілдерінің 1918 жылы тәуелсіз Ирландия республикасының құрылғандығын жариялауы, ағылшын үкіметінің Ирландияның бөлінуіне жол бермеуге тырысуы, ақыры саяси ымыраға (компромисс) келу, сөйтіп Ирландияның негізгі бөлігінің әуелі доминионға, содан кейін жеке мемлекетке айналуы. Демек, ирланд халқы ұзақ уақыт қарулы күрес жүргізіп, ақыры саяси партияның жетекшілігімен парламенттік әдіс нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткізді.  Екіншісі – үнді халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ күресі, қарулы көтерілістер, ағылшын өкіметінің жазалау шараларын қолданып Индияны қайта бағындыруы, Үнді Ұлттық Конгресінің құрылуы және оның М.Ганди негіздеген зорлықсыз қарсылық әдісін басшылыққа алып, саяси күресті өрістетуі нәтижесінде әуелі доминиондық құқыққа қол жеткізуі, одан кейін мемлекеттік тәуелсіздік алуы (мұсылмандар басым болған  жерлерде Мұсылмандық Лига жетекші рөл атқарды). Үшінші – «Алаштың» саяси әдістерді қолданып, әуелі автономиялық құқықта ұлттық мемлекет құру (бұл – ағылшын доминиондары сияқты), одан кейін метрополияның большевиктік өкіметімен ымыралық келісімге келу мүмкіндігі болмаған соң тәуелсіз Алашорда мемлекетін құрып, оны барлық мүмкін әдістермен, соның ішінде қарулы күшпен де қорғау әрекеті. Алаштықтардың бұл әрекеті кеңес өкіметінің Алашорданы жоюымен аяқталды. Большевиктер жалғыз Алашорда ғана емес, Орта Азия, Қазақстан  және Еділ бойындағы барлық ұлттық мемлекеттерді жойды. Әрине, аталған үш оқиғаның өзіндік ерекшеліктері баршылық. Бірақ ұқсастығы да бар, бұлардың үшеуі де – отар елдердің тәуелсіздік жолындағы күресінің көрінісі. Айырмашылық  метрополия өкіметтерінің қандай саясат ұстауында. Ағылшын өкіметі мәселені Британияның XVII ғасырда-ақ прогрестің эволюциялық даму жолын таңдауына орай қалыптасқан ымыралық (компромистік) саяси мәдениеті аясында шешті. Саяси даму деңгейі Батыс Еуропа елдерінен анағұрлым артта болған және саяси мәдениеті қақтығыстық сипат алған   Ресей өкіметі отарлық мәселені күш қолдану жолымен шешті. Ымырашылдық пен қақтығыстық ағылшын және орыс саяси мәдениеттерінң сипаты мен мазмұнының басты айырмашылығын негіздейді. Сонымен қатар революциялық психология жалпы алғанда радикалдық партияларға, соның ішінде большевиктер партиясына да тән сипат, олар стратегиялық маңызы бар мәселелерде күш қолдану тактикасын ұстайды. Сондықтан большевиктер билеген Ресей отарлар мәселесін ымыраға келу жолымен шешуге дайын емес болып шықты.

Кеңестік тарих ғылымына тән кейбір таптаурын түсініктерден, атап айтқанда, революцияның барлығы прогрессивті, ал эволюциялық әдістің барлығы керітартпа деген ұстанымнан бас тартатын уақыт жеткен сияқты. Революция және реформа, контрреволюция және ымырашылдық,  т.с.с. түсініктер идеология тұрғысынан емес, ғылыми негізде талдануы қажет.  «Алаштың» Уақытша үкіметке және Кеңес үкіметіне қатысты ұстанымы да осы тұрғыдан зерттелсе, біз қазақ қайраткерлерінің іс-әрекетінен жеке бас  алауыздықтарын емес, тереңірек мазмұн іздеген болар едік.

‒ «Алаш» партиясының құрылу тарихы мен қызметі отандық ғылымда кең түрде зерттелген. Алдағы уақытта тағы қандай қырларын зерттеу қажет деп ойлайсыз?

  Большевиктер өкімет басына келгенге дейін Ресейде көппартиялық жүйенің негіздері жасала бастаған еді. Егер Ресей демократиялық мемлекетке айналып, көппартиялы жүйе сақталғанда, «Алаш» осы жүйеде өзіндік орнын табуы да мүмкін еді. Егер «Алаш» тарихына соңғы жылдарда посткеңестік тарих ғылымында қолданысқа енген альтернативтік даму мүмкіндіктері тұрғысынан қарасақ, онда алаш қайраткерлерінің өзара қатынастары қандай болды деген мәселеге тым жиі үңілуді қойып, олардың басты мақсаты қандай еді, олар бағдарламалық міндеттерін неге орындай алмады, оған қандай объективтік және субъективтік факторлар бөгет жасады деген сұрақтарға жауап іздер едік.

«Алаш қозғалысы», «Алаш» партиясы және «Алаш» ұраны деген түсініктердің аражігін айырып, нақты мазмұнын анықтау қажет сияқты. «Алаш қозғалысы» деген түсініктің ғылыми мазмұны қандай, ол әлемдік тарих ғылымындағы «ұлт-азаттық қозғалыс» деп аталған түсініктің синонимі ме әлде ұлт-азаттық қозғалысының жеке бір кезеңі ме? Егер «алаш қозғалы­сы» мен «ұлт-азаттық қозғалыс» – бір түсінік болса (синоним болса), онда біз жалпы тарих ғылымында қабылданған тарихи терминнің орнына басқа терминді не үшін енгіземіз? Осындай жергілікті мәні бар түсініктерді қолдану салдарынан отанымыздың тарихын жалпы адамзат тарихынан бөліп, оқшаулап тастау қаупін ескерген артық болмас еді.  Мүмкін алаштықтар осы атауды қолдана отырып, жалпы Батыс Түркістанның азаттық қозғалысы аясындағы нақты қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын көрсетуге тырысқан болар. «Алаш» ұраны, әрине, жеке жүздер мен руларға бөлінген қазақ халқының ортақ ұлттық идеясының символы екені даусыз. Егер «алаш қозғалысы» мен «ұлт-азаттық қозғалыс» деген түсініктер әртүрлі мазмұнға ие болса, онда «алаш қозғалысы» деген түсініктің мазмұнын нақты түрде анықтап, оның ұлт-азаттық қозғалысының белгілі бір кезеңі екендігін дәлелді түрде көрсету қажет болар.