АҒАЙЫНДЫ БҰРҒЫШЫЛАР

АҒАЙЫНДЫ  БҰРҒЫШЫЛАР

Қашан да еселі еңбекті, нәтижелі жұмысты  мүмкін ететіндер, үлкен табыстың іргетасын қалайтындар қарапайым еңбек адамдары болып келеді. Осындай абзал жандардың қатарында жылойлық ағайынды бұрғышылар Балмұқановтарды да атап айтқан жөн болмақ.

      ЖАҢАБАЙ ФОТО изм ЖӘНІБЕК ФОТО

         Ағайындылардың үлкені Жаңабай құжаттарда туған жылы 1925 жыл деп көрсетілсе де, үлкен баласы Шалабайдың айтуынша, өзі туралы әңгімелегенде «мен тышқан жылы туыппын» дейді екен. Осыны назарға алар болсақ, оған 2014 жылы 90 жыл толды.

         Екеуі де Жылой өңіріндегі Ракөште дүниеге келіпті. Әкелері Балмұқан ұжымшарда жұмыс жасайтын, Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған кезінде, 1942 жылы науқастанып, 42 жасында қайтыс болады. Анасы Салиқа  бастаған екі бала – Жаңабай мен Жәнібек енді тағдыр қыспағында қалады. Алайда, қиындықты жеңбесе өмірдің  алға жылжымасы белгілі. Екі жас та еңбекке ерте араласты, ұжымшарда  жұмыс жасап, ұжымшар мүшесі болған аналарына қолқабыс етті.

         Жаңабай 1943 жылы мұнайшы болуға бел буды, сөйтіп, 14-ші сәуірде Құлсары мұнай кәсіпшілігіндегі бұрғышының көмекшісі болып, мұнайшылық еңбек жолын бастады. Бірақ, мұнысы ұзаққа бармады: жұмыстас бір келіншек мұның бір аспабын оның рұқсатынсыз алып, пайдаланған соң қайтармай қояды. Бұған ашуланған албырт жас әлгі әйелге  қатты-қатты сөздер айтады. Қырсықтың басы осыдан басталыпты: «қолының жүйріктігі бар» жаңағы келіншек «жәбірлендім» деп, милицияда жұмыс жасайтын ағасына шағымданыпты.Бұл әділетсіздік дегенді қойсаңшы, қай заманда да су бетіне тез қалқып шықпай ма?!  Әлгіні кек тұтқан милиционер дереу қылмыстық құжат дайындай қойыпты, енді болмаса соғыстың қатал заңымен жазалануға тиісті. Осы жерде жас жігітке кәсіпшілік басшылары көмекке келеді: Жаңабайдан соғыстан қалдырып тұрған бронды алып, майданға жөнелтуге ұйғарыпты, әйтпесе, мұнайшы жазықсыз сотталғалы тұр ғой! Басқа амал да жоқ болатын.

         Осылайша, 5 ай ғана мұнайшы болған Жаңабай Отан қорғауға аттанады: оқ пен ажал бүріккен қан майданның ортасынан бір-ақ шығады.

         Жаңабай 228-ші атқыштар дивизиясының 799-шы атқыштар полкіндегі 45 мм-лік зеңбіректің оқтаушысы болып, әскери борышын адал атқарды, жан аямай жаумен соғысты, ел аманатын ақтауға тырысты. Сондықтан да, ерлік ісімен, тәртіптілігімен көзге түскен жас сарбаз көп ұзамай «Жауынгерлік ерлігі  үшін» медалімен марапатталды.

         4 жылға созылған сұрапыл соғыс талай жанды түрліше тарықтырды емес пе?!1945 жылдың 29 сәуірінде - соғыстың аяқталуына 10 күн қана  қалғанда    Жаңабай жараланып, госпитальға түседі. Ұлы Жеңісті осында – Чехословакияның Брно қаласындағы әскери ауруханада қарсы алды.19 ай бойы дамылсыз ұрыс жағдайында етігімен қан кешкен жас жауынгер де Ұлы Жеңістің хабарын қуана қарсы алды.  Мынадай алапат соғыстан аман қалудың орны бөлек-ау! Бірақ, ол соғыстан соң қалыптасқан халықаралық жағдайға сәйкес әскер қатарында 1946 жылдың басына дейін қызмет етті.

         Комсомол кентіндегі үйіне сол 1946 жылы оралған соң бірден еңбекке араласты. Ол бұрынғыша мұнайшы болуды қалады. Алғашқыда 1949 жылға дейін Комсомол кәсіпшілігінің электр монтері, ұңғымалардың жер асты жабдықтарын жөндеу бригадасының жұмысшысы, от жағушы, Бекбике бұрғылау орнындағы бұрғышының көмекшісі болып, тындырымды жұмыс жасады. 

         Осы тұста атақты Қаратон мұнайлы кәсіпшілігі құрылып, Отанға «қара алтын» бере бастаған-ды. Жаңабайды да іскер маман ретінде осындай жауапты іске қосты, бұрғышы ретінде еңбек арнады абзал іске.Одан кейін ол Алтыкөлді тұрғылауға қатысты. Уақыт талабы ғой:  оның 1963 жылға дейін біраз уақыт бұрғышылық мамандығын өзгертіп, Құлсары ірілендірілген мұнай кәсіпшілігіндегі мұнай өндіруші оператордың көмекшісі, операторы болғаны да бар. Алайда, ол ұзаққа созылмады.

         1963 жылы жаңа кен орны – Прорваны игеру басталған болатын, сондықтан да Жаңабайды да қайтадан бұрғышылық жұмысқа қосты: ол Прорвадағы бұрғылау кеңсесіндегі бұрғышының көмекшісі болып, жаңа «қара алтын» табуға өзіндік үлесін қосты. Көп ұзамай, 1971 жылы бұл кеңсе «Барлама бұрғылаудың Балықшы  басқармасы» атанып, қайтадан құрылды, ірілендірілді. Жаңабай мұнда 1980 жылға дейін еселі еңбек етті. Соңғы жылдары Құлсары кентінде тұрған оның кең де жайлы үй алуына сол тұста облысқа танымал болған белгілі жорналшы Бақытжан Бозданұлының  қаламы қарымының көмектескені бар.

         Өзінің бұрғышылық ғұмырында Жаңабай Балмұқанов Атыраудың Бекбике, Комсомол, Алтыкөл, Құлсары, Тереңөзек, Прорва, Мартыши сияқты мұнайлы алаңдарын бұрғылауға қатысып, жаңа кен орындарын ашушылардың құрметті қатарында болды.

          1980 жылы  құрметті еңбек демалысына шыққан соң еңбек ардагері 29 жыл бойы бұрынғы бейнетінің зейгетін көрді. Отбасында үш ұл, үш қыз, он бес немере, он төрт жиен, төрт шөбере көрді, олардың бақытын риясыз тамашалады. Бұрғылау саласының ардагері 2009 жылы дүниеден өтті.

         Жемісті еңбегі мен азаматтық істеріне орай Ж. Балмұқанов КСРО-ның 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Г. Жуков, «Еңбек ардагері», Ұлы Жеңістің 30,40,50,60 жылдық мерейтойлық медальдарымен, Қазақстан Республикасының «Астанаға 10 жыл» медалімен, «Қазақстан мұнайына 100 жыл» төс белгісімен  сыйланды.

         Ал, оның өзінен алты жас кіші інісі Жәнібек отбасында басшы болып қалған ағасының ізімен бұрғышылық жолға түсті.  Әуелгісінде 1946-48 жылдары Жаңабаймен бірге Комсомол мұнай өндіру кәсіпшілігінде еңбек етіп, деэмульсатор цехының слесары болды. Тыңғылықты ісімен танылған соң 1956 жылға дейін Бекбике, Қаратон кен орындарында, Тереңөзек мұнай барлау орнында жұмысшылыққа, бұрғышыға көмекшілікке жіберілді. 

         Жәкең қызмет жасаған жылдар Қазақстан мұнайының шұғыл өсіп-өркендеген кезеңіне сәйкес келеді, осы тұста жаңа кен орындарын тауып, «қара алтын» беруші кәсіпшіліктердің қатарына қосу жұмысы кеңінен қанат жайған болатын. Мұндай тарихи уақытта ерен еңбек еткен Жәнібек 1985 жылға дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанға шейін  Құлсары бұрғылау кеңсесіне қарасты Жантай бұрғылау телімінде, Мақат  бұрғылау кеңсесіне қарасты Алтыкөл телімінде, Прорвадағы бұрғылау кеңсесінде бұрғылау қондырғысының моторшысы, дизельші-моторшысы санатында мұнай барлау ісіне өзіндік қомақты үлес қосты. Лайықты еңбегіне орай түрліше салалық Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері»,  Ұлы Жеңістің 60,65 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

         Зайыбы, Ардақты ана, Алтын алқалы Мүгілсіммен бірге дүниеге он үш перзент әкелген Жәкеңнің де бүгінгі күні адал еңбегінің миуасын татып отырған әдемі жағдайы бар. Оны да төрт ұлы мен бес қызы, олардан өрбіген көптеген немерелері мен жиендері өз әулеттерінің бәйтерегі ретінде үлкен құрмет тұтады. «Аталаған» ұрпақтарының болашағына аппақ тілектерін арнап келеді еңбек ардагері де.

         Қазақстан экономикасының күре тамыры болып отырған мұнай өнеркәсібіне толайым еңбектерін арнаған ағайынды екі бұрғышының шағын да болса мазмұнды ғұмырнамалары міне, осындай.

 

Аманғали Әміржанұлы, 

                                                  тарихшы-өлкетанушы,  ҚР Мәдениет қайраткері