1921-1922 жылғы ашаршылыққа 100 жыл
1921 ЖЫЛҒЫ АШАРШЫЛЫҚ : ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды.
Тарихи таным мен тағылым хақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс» деген болатын. Сонымен қатар 1921-1922 жылдардағы нәубеттің тарихына қатысты басты үш өзекті мәселге тоқталып өтті.
Біріншіден, миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді;
Екіншіден, тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек;
Үшіншіден, білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізу қажеттігін баса атап өтті.
Тарихшы ретінде айтпағымыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласындағы Кеңестік қызыл империяның биілгі тұсындағы қазақ халқын қырғанға ұшыратқан 1921 жылғы ашаршылық тарихына биыл 100 жыл, яғни бір ғасыр толып отыр.
Азамат соғысы аяқталғаннан кейін, Кеңестер еліне тағы бір ауыр сынақ келді. Азамат соғысында күйреген ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін Большевиктік билікке қиын соқты. Ол аздай 1921-1922 жылдардағы қарсыз қыстың соңы жауынсыз жазға ұласып, ауыр жұт жылы болды.
Акдемик Манаш Қозыбаев 1921-22 жылдардағы аштық жайында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек тек қала тұрғындарына жетті, сол уақытта онда қазақтардың екі-ақ проценті орныққан еді, дені ауылдарда болатын», осы жағдайды большевиктік биліктің дер кезінде, оған мән бере білмегендігін атап жазған болатын.
Қазақсандағы аштық тарихын зерттеген ғалымдардың бірі - профессор Талас Омарбеков Қазақстандағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың шығуына ауа-райының қолайсыздығы емес, азамат соғысының тұтануынан шаруашылықтың күйзелуі, яғни большевиктердің біржақты саясат жүргізуінен болғандығын айтады.
Большевиктік билік «Аса мәртебелі жұмысшы табы» қоғамының жасампаздық рөлі мен мәртебесі, оның «әлеуметтік артықшылығы» жайлы ұрандатумен болды, содан кейін оны өзінің билік етуші мүддесі мен мақсаттарына пайдаланды.
Большевиктік насихат қоғамды әр түрлі әлеуметтік жікке бөліп, олардың арасындағы алауыздықты әбден өршітті. «Кедей-бай», кеңес өкіметіне шын берілген немесе қарсы», «белсенді немесе енжар» принцптері бойынша әлеуметтік топтар ішіне бөлінуі мен ажырасу рухы себілді, мұның өзі аз да болса сақталып келе жатқан әлеуметтік топаралық тұрақтылық пен тепе-теңдікті тас талқан етті, дәстүрлі ынтымақты топтасқан қатынастардың арасына сына қақты.
«Революциялық батылдықпен» экономикалық заңдылықтарды белден басып, мейлінше тиімсіз нарықтық емес даму жолын қолдан жасап, тауар-ақша қатнастары мен сауда-саттық факторларын көзге ілмей, сөйтіп елдің экономикалық өмірін ортағасырлық томаға-тұйық натуралды шаруашылыққа оралтып, большевиктер тауарсыз утопияны іс жүзіндегі мемлекеттік саяси деңгейіне көтерді. Большевик көсемдерінің осы тәжірибесі үшін қоғам қатты зардап шекті. Одан кейінгі ұжымдастыру саясаты елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын 60 жылға тежеді.
Орталықтағы өндірістік аймақтарда азық-түлік тапшылығы асқына түсті. Қазақ еліндегі ашығып отырған жұртшылықтан астық өнімдерінің барлық түрлерімен қатар азық-түлік өнімдерін де күштеп жинады. Мұндай келеңсіздік туралы ғалым Манаш Қозыбаев: Орталықтан келген азық-түлік жинаушы Ф.Э. Дзержинскийдің жасақтары Түркістан өлкесі, Ақмола, Семей губернияларындағы еңбекшілердің қолындағы астықты «артық» деген желеумен күшпен алып кеткендігі туралы деректер қалдырды. Азық-түлік жинайтын биліктің арнайы құрылған жасағы артық өнімді ғана емес, қарудың күшімен халықтан астықты түгелге жуық сыпырып алды. Мұның өзі халықтың наразылығын тудырып, қарулы көтеріліске шығуға мәжбүрледі. Жоғарғы билік 1921 жылы азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастырды. Бұл Кеңес өкіметінің жаңа экономикалық саясаты (ЖЭС) еді. Бірақ большевиктер үкіметінің бұл шарасы да қазақ халқын аштықтан құтқара алмады. 1921 жылдың жазында елдің көптеген өңірлерін ашаршылық жайлай бастады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн астам адам аштыққа ұшырады.
Қазақстанның көпшілік аудандары елді жайлаған ашаршылықтың қармағына ілікті. Қостанай, Ақтөбе, Орынбор, Орал, Бөкей губернияларында себілген астық жауынсыз болған қуаңшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықтан күйіп кетті. Мал жайылымдары мен шабындықтардың шөпетері қурап қалды. Мал өсіруші шаруалар қауымына бұл жағдай өте ауыр тиді. Мәселен, 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде мал басының жапай қырылуына әкеп соқты. Шұбалаң, Майқара, Сарықопа және басқа болыстарда зардап шекті. Торғайдағы аштық жайы 1921 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланды. Онда: «Торғай уезінде ауру көбейіп барады. Иесіз, иен қалған үйлер бар. (Үйлерін тастап азық іздеп босқандар мен аштықтан қаза болғандардың иесіз қалған үйлері. – Ө.И.) Қыс ерте түсті. Жер мұз. Мал өліп жатыр. Елде пішен аз. Ет салығын ел беріп жатыр. Мал мен жанға ауыртпашылық бірдей түсіп, шаруа күйзеліп тұр» Ашаршылық құрбандарының, аштан өлгендерінің саны күн сайын көбейе берді.
Ашыққан адамдар жан сақтаудың қамымен, талғажау етер азық іздеп туған жерлерін тастап босып, көшіп кетуге мәжүбір балды. 1920-1921 жылғы нәубеттің қасыретін халқымен бірге көрген Кейкі батыр, большевиктік биліктің әлеуметтік және экономикалық саясатты дұрыс жүргізе алмай отырғандығына өзінің наразылығын білдірген болатын. Кейкі батыр (Нұрмағамбет) Көкембайұлы 1922 жылы Жыланшық бойында кеңес үкіметінің жазалаушы отрядының қолынан отбасымен түгел қаза табады.
1921 жылғы тамыздан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді. 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда және Адай уезінің тұрғындары да аштыққа ұрынды.
«Жұт жеті ағайынды» демекші, аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келіп елді жайлады. Жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың саны республиканың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктерінен едәуір асып түсті. Аштық пен қайыршылық күй, эпидемия, ауруханалардың жетіспеуі, осының бәрі аурулар арасындағы өлімнің санын көбейтіп жіберді. Мысалы, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75%-ға жуығы көз жұмды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылықтан қаза болған. Ашаршылық Қазақстанның басқа аймақтарын да айналып өткен жоқ. Сол кезде Тарғын-Бөкей губерниялы кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Х.Д.Чурин өз естелігінде: «1921-1922 жылдардың қысында уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда ондаған адам өліктерін жинайтынбыз» деп жазды. Ата-анасы көз жұмып, қараусыз қалған балалардың күн сайын 50-60-ын жергілікті өкімет органдары балалар үйлеріне бөлді.
Егер 1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жаланаш балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 000 болса, жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жеткен. 1922 жылғы наурыз-сәуір айларында Қазақстанды қысқан ашаршылық мүлде асқынған.
Алаштанушы профессор Кеңес Нұрпейісов өзінің зерттеу еңбегінде, ашаршылық жылдарында Бөкей Ордасында ұйымдасқан қарақшылық топтар шығып, Тарғын, Нарын, Таловка, Жанғала уездерінде ойран салған. Бандалық топқа қарсылық қылғандарды өлтіруге дейін барғандығы туралы деректер келтіргенді. Сойқан салған бандалық топты құрықтауға ерекше жағдайға пайдаланылатын ЧОН аталатын (ЧОН – часть особого назначения) әскери бөлімдер жіберіліп қарақшы топтар талқандалған. Қарақшылар топтарымен күрес 1922 жылдың жаз айларына дейін жүргізілген.
1922 жылдың соңына қарай елден кеткен босқындар туған өлкелеріне кері орала бастаған. Қайта оралғандарды қарсы алу мен орналастыру жергілікті кеңестерге жүктелген. Босқындарды қарсы алатын, арнулы комиссиялар құрылған. Арнаулы комиссиялар оралған босқындарды ауылдарға, кентерге, қалаларға және басқа елді мекендерге орналастыру жұмыстарын атқарған.
Қазақстан Республикасында 1920 және 1923 жылдары жүргізілген халық санақтарының және Қазақстанда жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С. П. Щвецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылғы ашаршылықтан Қазақ халқының саны 30 пайызға дейін азайған.
Тарих тағылымынан сабақ алмаған Кеңестік коммунистік пария көсемдері ХХ ғасырдың 30-жылдары ашаршалақтың екенші кезеңіне ұрындырып, халқымыздың 48 пайызын аштықтан қырып алғаны баршаға мәлім. Тарихтың ашшы сабағынан тағылым алмаған Кеңестік билік 74 жыл бойы билік тарапынан азық-түлік мәселесін түпкілікті шеше алмай кетті.
Қорыта келе айтпағымыз, халқымыз да: «Ашта жеген құйқаны тоқта ұмытпа», деген дана сөз бар. Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Тарихтың ашшы сабақтары ұмытылмауы тиіс. Бұл-бір. Екіншіден, Тәуелсіздік тұғырының баяндылығы мен мәңгілік ел болу мұратын жүзеге асыруға ел экономикасын еселеуге еңбек етіп, халыққа қызмет ету баршамыздың парызымыз.
Тәуелсіздіктің бағасын болашақ жас ұрпақ бағлай білсе екен.
Өтеген ИСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті.
Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранты бойынша «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» атты ғылыми жоба аясында дайындалды.